АМАЛДЫҢ ӨТУ СИПАТЫНЫҢ БЕРІЛУ ТӘСІЛДЕРІНІҢ
МАҒЫНАСЫ МЕН ҚОЛДАНЫС ЖИІЛІГІ
Баратова М.Н.
ф.ғ.к., профессор, С. Торайғыров атындағы ПМУ, Павлодар қ. Сафиоллаева Г.Т.
магистрант, С. Торайғыров атындағы ПМУ, Павлодар қ.
Сөз таптарының қатарында лексика-семантикалық және грамматикалық сипатымен, категориялар жүйесімен, сондай-ақ контекстегі қызметі және қолданысымен дараланатын сөз таптарының бірі – етістік.
Оның әрбір грамматикалық категорияларына тән көрсеткішітері де, орны да, мағынасы да, атқаратын функциясы да күрделі. Сондай–ақ синтетикалық, аналитикалық тәсілмен жасалатын қимыл үдерістері де әр алуан.
Етістік істің, қимылдың, әрекеттің, қозғалыстың динамикалық істелу,
болу процесін білдіреді де, есім сөздерге мағынасы жағынан қарама–қарсы болады.
Қазақ тілінің грамматикасының теориясында етістік сөз табы түрінде дербес зерттеліп, ғылыми тұрғыдан жан-жақты тұжырымдалған.
Ғалым А.Байтұрсынұлы «Етістік дегеніміз – заттардың еткен– етпеген істерін көрсететін сөздер»[1,193] деп оның болымды, болымсыз, есімше, көсемше түрлерін атап көрсетеді. Ал ғалым Ы.Маманов:
«Етістіктер дегеніміз – заттың іс, қимыл процесін, күйін білдіретін, шаққа, жаққа, райға, етіске, болымды, болымсыз болып түрленіп, сөйлемді құрастыруда ерекше қызмет атқаратын сөз табы»[2,84] деп, анықтама берсе, ғалым Н.Сауранбаевтың пікірінше: «Етістік қимылды, немесе қимыл түрінде өтетін түрлі процестердің атын білдіретін сөз табы»[3,28]. Бұл анықтамалардың қай-қайсысында болмасын, етістіктің болмысына тән ортақ сипат — қимылды немесе амалды білдіруі.
Қимыл затқа, құбылысқа байланысты пайда болып, солардың қозғалысы, қимылы өзгерісі түрінде көрінеді. Қимылдың өтуі, ағымы мезгілмен өлшегенде, әр түрлі болады, мысалы, жазу ісі жазатын объектіге байланысты, аз ғана мезгілдің ішінде немесе ұзақ уақытқа созылуы мүмкін. Хат жазу бір–екі сағаттық жұмыс болса, мақала жазу бірнеше күнге созылуы мүмкін. Ал кітап жазу бірнеше айға, тіпті жылға созылуы мүмкін. Басқа да барлық қимыл, іс–әрекеттің ағымы әр түрлі көлемде өтеді. Сол сияқты кейбір қимыл созылып, процесс түрінде өтсе, кейбір қимыл бірден, шұғыл түрде өтеді.
Қимылдың жасалуындағы осындай алуан түрлі ерекшеліктерді дәлме– дәл көрсететін қазақ тілінің грамматикалық құрылысындағы арнайы категория амалдың өту сипаты категориясыдеп аталады.
Ғалым Н.Оралбай қимылдың өту сипаты категорясын мағынасына қарай екі үлкен топқа бөледі. Олар: қимылдың жасалу тәсілі және қимылдың жасалу сатысы. Осыған байланысты 8 тәсілдің түрін атап көрсетеді: тездік тәсілі, созылыңқылық тәсілі, жасандылық тәсілі, жетімсіздік тәсілі, ынта тәсілі, немқұрайды тәсілі және бейімділік тәсілі. Әрбір тәсілді жасайтын жұрнақтар мен аналитикалық форманттарды атап, мысалмен дәлелдейді.
Сонымен қатар ғалым қимылдың даму сатысы (фазасын) үшке бөліп, «Қимылдың даму сатысы (фазасы) деп — оның басталуынан аяқталуына дейінгі қалып саналады. Қимылдың басталуы қандай заңды болса, қимылдың аяқталуы да сондай заңды. Басталған қимыл өзінің аяқталу сатысына жетпесе, онда қимыл жасалу үстінде болады. Қимылдың дамуына байланысты бұл ерекшеліктер қимылдың бірінші, екінші, үшінші сатысы аталады»[8,265] деген анықтама береді де, әр сатыны жасайтын аналитикалық форманттарға мысал келтіреді.
Ғалым Н.Оралбайдың еңбегінде айтылған тәсілдің бірі – тездік тәсілі зерттеуші Қ.Т.Мұхамадидің «Қазіргі қазақ тіліндегі қимылдың тездік тәсілінің мағыналық құрамы мен берілу жолдары» деген еңбегінде ішкі мағыналық топтарға бөлінеді, оларды жасайтын аналитикалық форманттары анықталады. Бұл еңбекте қимылдың тездік тәсілінің ішкі мағыналық құрамы 7 топқа бөлінген. Атап айтқанда,
1. Қимылдың кенеттен жасалуы
2. Қимылдың батыл жасалуы
3. Қимылдың қарқынмен жасалуы
4. Қимылдың жеңіл жасалуы
5. Қимылдың бір рет қана жасалуы
6. Қимылдың қысқа қайталануы
7. Қимылдың тез басталуы
Осының ішіндегі «Қимылдың батыл жасалуының мағынасы қимылды жасаушы субъектінің күшпен, батыл жасаған қимылының өзі үшін де, өзге субъектілер үшін де күшпен батыл жасағандай болып көрінуінен білінеді»[9, 16-17]. Қимылдың батыл жасалуы туралы пікірлер қазақ тіл білімінде ғалымдар Ы.Маманов, Н.Оралбаева, З.Ахметжанованың еңбектерінде кездеседі. Қазіргі қазақ тілінде үш аналитикалық формант қимылдың батыл жасалу мағынасын білдіретіні анықталды. Олар: -п таста, -п жібер, -п саланалитикалық форманттары. Қимылдың батыл жасалуы түркі туыстас тілдерге де ортақ. Бұл мағыналық реңк Н.А.Баскаков, Ф.А.Ганиев, А.А.Юлдашев, М.Текуев тәрізді түркітанушы ғалымдардың еңбектерінде де қарастырылған.
Сонымен қатар «Жеңіл жасалатын қимыл мағынасынқимылды жасаушы субъекті тарапынан ешқандай күш–жігерді талап етпей, тез кейде немқұрайды жасалғандай болып көрінеді»[9,18]. Қимылдың жеңіл, бірден жасалу мағынасын білдіретін бес аналитикалық формант бар: -а кет, -а қой, -а сал, -а кеп, -а ала қойформанттары. Бұл тәсіл ғалым Н.Оралбайдың еңбегінде немқұрайды жасалу тәсілі деп аталады.
Ғалым Ә.Төлеуов 1975 жылы жарық көрген «Қазақ тіліндегі етістіктің грамматикалық категориялары» деген еңбегінде етістіктің категориялары, етістіктің мағыналарын: кісінің іс–қимылын білдіретін, объектісіз қимыл процесін көрсететін, кісінің көңіл күйін білдіретін, дерексіздікті, дүркінділік мағына білдіретін, даму процесінде бір нәрсенің пайда болуын көрсететін, функционалдық мағына беретін, заттың қимыл процесіне қатысты өзгерісін көрсететін мағыналарын айқындайды. Бұлардың ішіндегі даму үдерісінде бір нәрсенің пайда болуын көрсететін мағынасының өзі кейбір еңбектерде амалдың өту сипатын білдіретін топқа жатқызылады.
Ғалым еңбекте туынды етістіктер жайлы сөз қылғанда, етістіктен етістік тудыратын жұрнақтардың 8 түрін бөліп көрсетеді. Олардың құрамындағы –ыңқыра, -қыла, -ымсыра сияқты жұрнақтары ғалым Н.Оралбайдың еңбегіндегі қимылдың өту сипаты категориясының синтетикалық тәсілмен берілуіндегі жұрнақтарымен сәйкес келеді.
Жалпы амалдың өту сипаты категориясының грамматика теориясындағы зерттелуінде баса назар аударатын мәселе – аталған категорияның ғылыми еңбектерде терминдік тұрғыдан түрліше сипатталуы.
Ғалым Маманов амалдың өту сипаты категориясын сыпат категориясы деп атап, оны «Қимылдың ішкі өту шегін, ағымын білдіретін етістіктің формасын сыпат категориясы дейміз»[2,84] деген анықтама береді.
Ғалымның пайымдауынша, сыпат екіге бөлінеді: 1.Созылыңқы сыпат 2. Аяқталған сыпат
«Қимылдың ағымы процесс түрінде өтетіндігін білдіретін етістік формасы созылыңқы сыпатқа жатады. Созылыңқы сыпат көсемше формаларының отыр, тұр, жатыр, жүр көмекші етістіктермен тіркесу арқылы жасалады»[2,85].
«Аяқталған сыпат – қимылдың, іс–әрекеттің ағымы мен өту шегінің аяқталғанын көрсететін етістіктің бір түрі»[2,89]. Аяқталған сыпат көсемше формаларының арнайы көмекші етістіктермен тіркесуі арқылы жасалады. Бұл көмекші етістіктер: қал, қой, таста, шық, сал, жібер, кет, бол, біт, ал, бер.
Ғалым етістікке қатысты барлық категорияларды, ең алдымен, негізгі етістік және функциялық етістік тұлғалары тәрізді екі үлкен топқа бөледі.
2002 жылғы «Қазақ грамматикасында» бұл категория амалдың өту сипаты категориясы деп берілген.
2005 жылы жарық көрген ұжымдық «Қазіргі қазақ тілі» еңбегінде де амалдың өту сипаты категориясы деп беріледі. Сондай-ақ оның бірнеше тәсілдері аталады: жетімсіз қимыл тәсілі (қимылдың жартылай жасалып, аяғына жетпей тоқталуы); қимылдың немқұрайды жасалу тәсілі; қимылдың кенеттен, күтпеген жерден жасалу тәсілі; қимылдың тездік тәсілі; созылыңқы қимыл тәсілі; жайбарақат қимыл тәсілі(қимылдың асығыссыздығы); қимылдың батыл жасалу тәсілі; қимлыдың бір қалыптан екінші бір тұрақты қалыпқа көшуі; қимылдың жасандылығы.
Амалдың өту сипаты категориясы іштей екіге бөлінеді: амалдың тәсілі және амалдың даму сатысы
Амалдың өту сипатының алуан түрлі көрсеткіштері бар. Бұл категория синтетикалық, аналитикалық және аралас тәсілдер арқылы беріледі.
Синтетикалық жолмен амалдың өту сипатының үш тәсілі беріледі. Олар: созылыңқылық, жетімсіздік және амалдың жасандылығын білдіретін тәсілдер. Әр тәсілдің өзіне тән ерекшеліктері мен мағыналары бар. Мысалы, созылыңқылық тәсіл –ла/-ле, -қыла/-кіле, -ғышта/-гіште, -мала/меле жұрнақтары арқылы амалдың қайталануы, қайталана созылуын білдірсе, амалдың жасандылығын білдіретін –сы/-сі, -сын/-сін қосымшалары жасалмаған қимылды жасағандай болып көрсету мағынасында қолданылып, қимылдың жетімсіздігін білдіретін –ымсыра/імсіре қосымшалары амалдың жасалуға жақындап барып, жасалмай қалу мағынасын үстейді.
Амалдың өту сипатының ең жиі қолданылатын көрсеткіші – аналитикалық форманттар. Аналитикалық формантар арқылы амалдың барлық тәсілі беріледі. Тілде әр аналитикалық форманттың өзіне тән ерекшелігі бар.
Аналитикалық формант деп — қосымша мен көмекші сөзден құралып, бір грамматикалық мағына беретін тілдік бірлік аталады.
Мысалы, Қораның іргесінде шоқиып, шуаққа қыздырынып отырған ақ күшік рақаттана қыңсылап жіберді (М.М.). Ересек балалар, әйелдер вагон есігінің тесіктерінен сығалап тұр (Қ.Қ.). Жазда, алғаш үйілген кезінде әлі дымы құрғамаған қоянжон топырақтан жылы леп, мейірбандық есіп тұратын (М.М.). Осы мысалдардағы қыңсылап жіберді, сығалап тұр, есіп тұратын деген етістіктердің құрамында –п жіберді, -п тұраналитикалық форманттар қолданылған. Олардың әрқайсысы әр түрлі грамматикалық мағына білдіретін, әр түрлі грамматикалық категорияның көрсеткіштері: -п жіберді – амалдың тез, бірден болғанын білдіретін формант, ол – қимылдың қалай жасалғанын білдіретін амалдың өту сипаты категориясының форманты; -п тұр форманты – нақ осы шақтың форманты; -а ал – мүмкіндік модальдығының форманты, ол амалды жасау субъектінің қолынан келетін, яғни амалды жасауға субъектінің мүмкіндігі барын білдіреді. Бұл мысалдар әр аналитикалық форманттың өзіндік мағынасы барын, ол мағынаның әр түрлі категорияға қатысты болатынын дәлелдеді. Аналитикалық форманттың құрамы қанша күрделі болса да, ол қолданыста бір ғана мағына береді, яғни аналитикалық формант тұтас бір мағынаны білдіреді.
Аналитикалық форманттар етістіктің барлық дерлік категорияларының құрамында қызмет етеді. Категориялардың мағынасын білдіретін көрсеткіш қызметін атқарып, етістіктерді түрлі грамматикалық категориялардың аналитикалық тұлғасына көшіреді. Мысалы, келсе екен – қалау райдың аналитикалық тұлғасындағы етістік. Барған еді – қатыстық өткен шақтың аналитикалық тұлғасындағы етістік. Айтушы болма – бұйрық райдың аналитикалық тұлғасындағы етістік. Келе қалды – амалдың өту сипаты категориясының аналитикалық тұлғасындағы етістік. Оқып жүр – нақ осы шақтың аналитикалық тұлғасындағы етістік т.б.
Аралас тәсіл арқылы амалдың өту сипатының үш тәсілі беріледі. Олардың қатарына: созылыңқылық амал тәсілі мен амалдың жасандылық тәсілін және жетімсіздік тәсілін жатқызуға болады.Бұл үш тәсілдің синтетикалық та, аналитикалық та көрсекіштері бар.
Сонымен, тілдің лексикалық жүйесі мен грамматикалық құрылысын қамтитын амалдың өту сипаты – категория ретінде ғылыми тұрғыда кейіннен танылғанымен, етістікпен бірге қалыптасқан, сан қырлы, қимылдың түрліше өту сипатын білдіретін күрделі тілдік құбылыс және қазақ тіл білімінде іс–әрекеттің орындалуындағы түрлі реңктері амалдың өту сипаты категориясы арқылы беріледі. Бұл категорияның грамматикалық көрсеткіштерін танып, теориялық негіздемесін жасаушы Н.Оралбаева қимылдың жасалу тәсіліндегі ерекшелігіне байланысты мағынаның өзінше ешбір қимылды атамауы, оның жасалуындағы ерекшеліктерін қимыл атаулыға, кемінде бір топ қимылға ортақтығы, ол мағынаны білдіретін тілде арнайы көрсеткіштердің болуы – қазақ тілінде қимылдың өтуін сипаттайтын дербес арнайы грамматикалық категориянын барын көрсетеді деп сипаттайды.
Пайдаланған әдебиеттер:
1. А.Байтұрсынов. Тіл тағылымы.-Алматы, 1992.
2. Ы.Маманов. Қазіргі қазақ тілі.–Павлодар, 2010.
3. Н.Сауранбаев. Қазақ тіл білімінің проблемалары.Алматы,1982.
4. С.Исаев. Қазіргі қазақ тіліндегі негізгі ұғымдар. -Алматы, 1992.
5. Ә.Төлеуов. Қазақ тіліндегі етістіктің грамматикалық категориялары.–Алматы, 1975.
6. Ғ.Ғ.Шәріпжанова. Қазақ тілі морфологиясы жөніндегі ілімдердің қалыптасуы мен дамуы(Ы.Маманов еңбектерінің негізінде):
филол.ғыл.канд.дисс.-Алматы.
7. А.Ысқақов. Қазіргі қазақ тілі. Морфология.-Алматы, 1974.
8. Н.Оралбай. Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы.-Алматы, 2007.
9. Қ.Т.Мұхамади . Қазіргі қазақ тіліндегі қимылдың тездік тәсілінің мағыналық құрамы мен берілу жолдары:филол.ғыл.канд.дисс.Алматы, 1997.
10. Қазіргі қазақ грамматикасы.-Алматы,1967.
11. Ф.Ш.Оразбаева, Г.Сағидолла, Б.Қасым, Қ.Мұхамади.Қазіргі қазақ тілі. Ұжымдық.-Алматы, 2005.
12. Н.Оралбай. Қазіргі қазақ тіліндегі етстіктің аналитикалық форманттары. –Алматы,1975.
13. Қазақ грамматикасы.-Астана, 2002.