МӘЛІК ҒАБДУЛЛИННІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ТӘЛІМІ
Нәби Л, Мурзина С.А.
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Қоғамымызда болып жатқан экономикалық, саяси — әлеуметтік жағдайлар қазақ халқының тарихи дамуына байланысты жастарымызды ұлттық озық дәстүр, өнеге тағылымы негізінде тәрбиелеуге мүмкіндік туғызып отыр.
Елім деп еңіреп өткен ұлы перзенттеріміздің өмірі арқылы жеке тұлғаны қалыптастыру бүгінгі күннің негізгі мәселелерінің бірі. Себебі, қазақ халқының тарихи даму үрдісіне зер салатын болсақ, әр дәуірдің, әр ғасырдың қоғамдық тарихи дамуына байланысты ірі тұлғалардың болғанын көреміз.
Адамзаттың даму үрдісінде ұрпақтар байланыстарының, тәрбие сабақтастығының маңызы зор. Сондықтан педагогикалық тәрбиенің өзекті мәселелерінің бірі – ұрпақтар арасындағы байланысты сақтау, оны үзбей атадан — балаға, ұрпақтан – ұрпаққа мұра етіп қалдыру.
Кеңес Одағының Батыры, Кеңес Одағы педагогика ғылымы академиясының академигі, филология ғылымының докторы, профессор Мәлік Ғабдуллин ерекше құрмет тұтар, жүректе сақтар ардақты есім. Ол қаһармандық, батырлық іс – қимылдарымен, терең ғылыми ізденістерімен ұстаздық санаткерлік еңбегімен, қаламгерлік қабілет, дарынымен жан дүниесінің кіршіксіз, мөлдір тазалығымен, кісілік мейір қасиеттерімен, әдеп – инабатымен, үздік жаратылысымен, ақыл парасатымен өзгешеленетін тарихи тұлға. Ол жас ұрпақты тәрбиелеуде ерекше үлес қосқан абзал азамат.
Атақты ғалым Н. Сауранбаев: «Мәлік Ғабдуллин — қазақ халқының адал ұлы ретінде өз ұлтының тамаша игі қасиеттері мен дәстүрлерін бойына жинаған ғажайып тұлға» деп, орынды бағалаған [1.49б.].
Жазушы – публицист, педагог – ғалым Мәлік Ғабдуллин өз еңбектерінің бір қатарын осы мәселеге арнап, оны өз шығармаларына арқау еткен.
Халық педагогикасының қайнар көзі — ауыз әдебиеті. М. Ғабдуллин өзінің «Қазақ ауыз әдебиеті», монографиялық еңбектерде халқымыздың даналығы ауыз әдебиетінің жанрлары тұрмыс — салтқа байланысты жырлар, мақал — мәтелдер, батыр жырлары, лиро-эпостық жырлар, айтыс — өлеңдер туралы жан — жақты терең ғылыми талдаулар мен негіздемелер жасап, олардың ғылыми және тәлім — тәрбиелік мәнін ашып көрсетті. Сондықтан бұл еңбек жоғары оқу орнына арналған нағыз ұлттық төл тума оқулық және қазақтың халықтық педагогикасының негізі ретінде бағаланды.
Мәлік Ғабдуллиннің әдеби шығармалары өзінің өнегелі өмірі арқылы елін, жерін, суын, ауасын сүйетін нағыз ұлтжанды, отаншыл ұландар тәрбиелейді.
Мәлік Ғабдуллин ұлттық педагогикамызды зерттеу қажеттігі туралы қазақ ғалымдары арасында алғаш пікір айтқан ғалым, ол өзінің «Ата — аналарға тәрбие туралы кеңес» еңбегінде былай деп ой қозғаған. «Қазақ халқының өмірінен орын алған тәрбиенің тарихын жан жақты түрде қарастыру өз алдына зерттелетін мәселе». Бұл еңбегінде бесік жырынан бастап, батырлар жырын қоса халық поэзиясының тәлім тәрбиелік мәнін ашып, оны бала тәрбиесінде пайдаланудың жолдарымен әдіс — тәсілдерін көрсетіп берген. Аталмыш еңбекті жазудағы мақсаты төңкеріске дейінгі қазақ арасындағы жас ұрпақты еңбек пен ерлікке тәрбиелеуде халқымыздың көксеген арманы және баланы жастайынан болашағын болжай отырып, тәрбиелегенін ұлттық мақтаныш сезімімен дәлелдеу. Сөйтіп оларды осы заманғы тәрбиенің тілек міндеттерімен салыстыра отырып пайдалану еді.
«Бала анадан туады, халыққа қызмет істейді. Анадан туған балада екі ана бар, бірі тапқан ана, екіншісі тәрбиелеген ана, бұл соңғысы – халық. Ана тәрбиесі балаға алғашқы адым жолын көрсетеді, халық тәрбиесі болашақ өмірдің соқпағына салады. Халық анасынан тәрбие алған бала халық тілегін, үмітін ақтауы тиіс» деп өз бағасын айтқан Мәлік Ғабдуллиннің шығармалары тәрбиеге толы [2.40б.].
Мәлік Ғабдуллиннің бұл еңбегі қазақтың халық педагогикасы бойынша жазылған ең тұнғыш ғылыми зерттеу десек қателеспейміз.
Қазіргі кезде қиындықтан қашқақтап, қалайда жан қинамаудың жолдарын ойлайтын, отан алдындағы борышын өтемей, әскер қатарына бармаудың тәсілін қарастыратын жастар аз емес. Осы орайда, қаһарлы жаумен қастаса соғысқан, қазақтан туып, халқына қызмет еткен, олардың батырлық еңбегіне халқы сүйсінген Ғабдуллиннің «майдандас достары» туралы шығармалары рухты жігерлендіріп, қалам мен қаруын қатар ұстап, окопта отырып, соғысып жүргенде жазған естелігі өте құнды. Бір ғана Бауыржан Момышұлы туралы жазғанын алып қарасақ та тәрбиеге тұнып тұр.
Жауынгерлерін қатаң әскери тәртіпке, шыдамдылыққа, төзімділікке үйрету оңай соққан жоқ. Ызыңдаған сөздерге, жүздеген жанарларға шаршап – шалдыққан түрлеріне сыр бермей, төтеп беру үлкен қайратты қажетсінеді.
Мәлік адамды жігерлендіріп, батыл ететін, алға қойған мақсатқа жетуге ұмтылдыратын, нағыз адам ететін күштің бірі саналы тәртіп пен тәртіптілік деп, Бауыржанның бойынан тура осы қасиеттерді көреді.
Бұл жерде қиындыққа төзе білуге қорықпайтын ақылға сай әрекет жасайтын, алған бетінен таймайтын табанды да ержүрек, алдына қойған мақсатына жету жолында тәуекел етіп іске кірісетін етіп тәрбиелеуді мақсат тұтқан. Өзінің әрбір ісіне қорытынды жасап, таразылап отырған.
«Менің майдандас достарым» деген еңбегі жолдасын жоғары қоюға, досын сатпауға, адал болуға, көпшілдікке баулиды. Көпшілік қандай қиын — қыстау болса да ақылмен жол табады, бір – біріне көмектессе қиындықтарды жеңеді.Көпшілікке аштық та, шаршап – шалдығу да, азап шегу де бөгет бола алмайды, көпшілік мұның бәріне төтеп береді де мұратына жетеді.
Ұйымшылдығы, бірлігі күшті көпшілік мұнын бәріне төтеп береді, ешқандай жауға алдырмайды, қайта ерлік жасаушы болады деген пікірмен түйінделеді. Осы жерде Мәліктің өз жауынгерлеріне «Міне, қараңдаршы бір бау шыбық пен бір тал шыбықтың қайсысы мықты?» деген қарапайым да құдіретті сауалы еріксіз еске түседі.
Жазушы өз шығармаларында педагогикалық тәлім-тәрбиені жан-жақты білгірлікпен көрсетумен қатар адамгершілікке, отансүйгіштікке, патриоттық рухта тәрбиелеуді, қазақтар тұрмысын, тіл мен тарихтың орны, қоғамдағы аналардың, ұстаздардың орны, салт – дәстүрлер салаларын қамтиды.
Тәрбие салаларының ішінде Мәлік Ғабдуллиннің аса зор мән берген түрлері: Отансүйгіштік, еңбек, ақыл–ой, дене, эстетикалық, адамгершілік тәрбиелер еді. Мәлік Ғабдуллин өзінің «Ата – аналарға тәрбие туралы кеңес» атты еңбегінде «Қазақ халқының өмірінен орын алған тәрбиенің тарихын жан – жақты түрде қарастыру өз алдына зерттелетін мәселе» екендігін атап айтқан. Қазақ халқының өмірінде тәрбиенің алтын орны ерекше. Тәрбиенің тарихы бұл әлі де зерттелетін мәселе деп ой қозғап кеткен асылдардың бірі еді.
Мәлік Ғабдуллин баланы отбасында ұлттық дәстүр арқылы тәрбиелеуге ерекше көңіл бөлді, ата — аналармен жиі кездесті және көпшілік арасында жиі болып, оларға халық даналығын насихаттады. Жоғары оқу орындарында ауыз әдебиетінен дәріс берді, ғалым ұстаздарды даярлады, бір сөзбен айтқанда халықтың ұлағатты ұстазы болды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
4. Бөлеев Қ. Мәлік Ғабдуллин Халық – педагогы \\Қазақстан мектебі, 1997, №2. Б.49-50.
5. Құрманбаева М. Мәлік Ғабдуллиннің педагогикалық тәлімі \\ Қазақстан мектебі, 2002. №3- Б.39-40.
6. Мәлік Ғабдуллин «Ата — аналарға тәрбие туралы кеңес». Алматы. Мектеп, 1966. -149 б.