ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫ ПАЙДАЛАНУ МҮМКІНДІКТЕРІ

ҚАЗАҚ ТІЛІ САБАҚТАРЫНДА ТЕХНИКАЛЫҚ ҚҰРАЛДАРДЫ ПАЙДАЛАНУ МҮМКІНДІКТЕРІ

Молдағалиева Р.Ш.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті moldagalieva_66@mail.ru

Қазақстан Республикасының Білім туралы Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті — ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау; оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық ғаламдық коммуникациялық желілерге шығу» — деп білім беру жүйесін одан әрі дамыту міндеттерін көздейді. Бұл міндеттерді шешу үшін, әрбір білім беру мекемедегі ұжымның, әрбір мұғалімнің күнделікті ізденісі арқылы, барлық жаңалықтар мен қайта құру, өзгерістерге батыл жол ашарлық жаңа практикаға, жаңа қарым-қатынасқа өту қажеттігі туындайды [1].
Оқу үдерісі барысында көптеген оқыту құралы қолданылады. Байқағанымыздай, олардың кейбіреулері әр түрлі материалдық объектілерде көрініс тауып, өте тамаша деңгейде қолданылса; көрнекі құралдары секілді басқа материалдық құралдар да оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруға едәуір үлес қосады.
Білім беру жүйесін ақпараттандырудың бағыты жаңа ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы дамыта оқыту, дара тұлғаға бағыттап оқыту мақсаттарын жүзеге асыра отырып, оқу-тәрбие үрдісінің барлық деңгейлерінің тиімділігі мен сапасын жоғарлатуды көздейді. Компьютер оқу үрдісінде қолданылатын оқытудың тиімді құралдарының бірі. Ол оқытудың әдістері мен мазмұнын анықтамайды.
Қазіргі уақытта әрбір жаңа заманғы адам копьютерді біледі, оны жұмыста да, үйде де қолданады. Компьютерлік технологиялардың жаңа заманғы әлем бізге өте үлкен көлемді есептерді шешуге мүмкіндік береді, аз уақыт ішінде ақпараттың өте үлкен санын өңдеуге көмектеседі. Компьютер құрамдастардың даму жылдамдығы тек математикалық, графикалық есептерді шешіп қана қоймайды. Бүгінгі күні видео және аудио ақпаратты өңдеу және бейнероликтерді құру аса қиындыққа соқпайды.
Компьютерлік оқыту дегеніміз- оқытудың техникалық
құралдарының бірі компьютер мүмкіндіктерін қолдану болып табылады. Қазіргі кезде компьютерлік технологияның даму деңгейі жаңа дәуірдің мультимедиялық, телекоммуникациялық мүмкіндіктері мен артықшылықтарын көрсететін, толыққанды сапалы, нақты алғышарттар болып табылады.
Осылайша сабақ тақырыбына сәйкес оқулықтан тыс қосымша материал пайдалану студенттердің ой-өрісін өсіреді, шет елдік әріптестерін қиналмай түсінуге көмегін тигізеді.
Дамыған елдердегі білім беру жүйесінде ерекше маңызды болып табылатын мәселелердің бірі – оқытуды ақпараттандыру, яғни оқу үрдісінде ақпараттық технологияларды пайдалану болып табылады. Ақпараттандыру жағдайында оқушылар меңгеруге тиісті білім, білік, дағдының көлемі күннен күнге артып, мазмұны өзгеріп отыр. Білім беру саласында ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы білімнің сапасын арттыру, білім беру үрдісін интенсификациялау мен модернизациялаудың тиімді тәсілдерін іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстардың тиімділігі мен нәтижелілігі бірнеше оқуәдістемелік, психологиялық-педагогикалық мәселелердің шешімін ғылыми түрде негіздеуді талап етеді. Оларды
бірнеше бағыттарға бөлуге болады:
— оқу үрдісінде ақпараттың технологияларды іске асырудың жүйелі ғылыми-әдістемелік жолын анықтау;
— студенттердің тәжірибелік іс-әрекетінде ақпараттық технологияларды пайдаланудың әдістемесін жасау;
— мұғалімдердің ақпараттық технологияларды меңгеру және оқу үрдісінде пайдалану бойынша кәсіби біліктерін жетілдіру;
— студенттерді білім, білік, дағдыны меңгеру үшін ақпараттық технологияларды пайдалануға үйрету.
Қазіргі уақытта сапалы білім беруде компьютердің атқаратын ролі ерекше. Мұғалімнің кәсіптік деңгейі мен оқушылардың қызығушылығын арттыруда бірден-бір құрал — компьютер. Оқу үрдісінде компьютер оқыпүйрену нысаны ретінде, сонымен бірге оқыту, тәрбиелеу, дамыту мен оқытудың мазмұнын меңгеруді диагностикалау құралы ретінде әрекет етеді. Мұның өзі ақпараттық технологияларды пайдаланудың екі бағыты бар екендігін анықтауға мүмкіндік береді. Бірінші бағыт тұрғысынан алып қарасақ, ақпараттық технологиялар білім, білік, дағдыны игеру үшін қажетті ресурс болып табылып, оқушылардың саналы тәрбие, сапалы білім алуына жағдай жасайды, ал екінші бағыт тұрғысында ақпараттық технологиялар оқу-тәрбие үрдісін ұйымдастыру тиімділігін арттырудың қуатты құралы болып табылады.
Сондықтан білім беруді жаңа сатыға көтеру үшін тек білім мазмұны мен оқыту әдістерін ғана емес, ақпараттық технологияларды кеңінен пайдалану арқылы оқытуды ұйымдастыру формаларын да жетілдіру керек. Мұның өзі мынадай оқу-тәрбие міндеттерін шешуге көмектеседі:
— оқу үрдісін дербестендіру. Мәселен, компьютер оқытуды нақты бір авторлық бағдарлама бойынша жүзеге асыруға мүмкіндік береді; — нақты әрекетке негізделген кері байланысты қамтамасыз етеді. Мәселен, компьютер арқылы әрбір оқушы өзінің білімін бақылауға, тексеруге және бағалауға мүмкіндік алады;
— материалды меңгеру жылдамдығын арттыруға болады.
Ақпараттық технологияны қолдану арқылы оқыту:
— жаңа ақпараттық технологияны қолдану арқылы бiлiмнiң сапасын көтеру;
— жаңа ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды енгiзу арқылы бiлiм беру мазмұнын жаңарту;
— жаңа ақпараттық технологияны қолдану саласы бойынша оқушылардың мамандыққа баулу механизмiн құру;
— бiздiң елiмiздегi және шет елдердегi жинақталған ақпараттық ресурстарға жедел ену;
— мультимедиялық электрондық оқулықтарды, виртуальдық лабораторияларды және бақылау программаларын жасақтап, қамтамасыз ету;
— бiлiм берудiң телекоммуникациялық желiлерiн құру.
Қазақ тiлiн мамандық негiзiнде дамыта оқытуда қазiргi кезеңде жетiлдiрiлген техникалық оқу құралдарын (аудио, бейнетаспа, аудио, бейне магнитофон, теледидар, бейнекамера, компьютер т.б.) қолданылады.
Мұндай техникалық құралдармен өтiлген сабақтар орыс бөлiм студенттерiне тiлдi үйретуде жалықтырмайды, олардың қызығушылығын арттырады және өз бетiнше жұмыс iстеуi мен шығармашылық қабiлеттерiн дамытуға мүмкiндiк жасайды. Себебi техникалық оқу құралдарын пайдалану студенттердiң көру және есту анализаторларына тiкелей және нақты әсер етiп, олардың сезiмдерiн, шабыттарын оятады. Мысалы, көрсетiлген үзiндi бойынша ойларын, пiкiрлерiн айту немесе табиғат көрiнiстерiн суреттеу ұтымды болмақ.
Сондай-ақ, қазақ тiлiн оқытуда студенттермен пресс-конференция, интервью, тiкелей эфир, дәстүрлi емес сабақ түрлерiн өткенде диктофон (магнитофон, бейнекамера қолдану) өте тиiмдi. Сабақ соңында әрбiр оқушының таспаға жазылған сөзiн өздерiне тыңдату арқылы олардың сөз қолдану ерекшелiктерiн, кемшiлiктерiн, қателiктерiн (мысалы орыс бөлiмiндегi студенттер, орфоэпиялық қателiктер көп жiбередi, жаңағы, сосын сияқты сөздердi және орысша сөздердi қолдану жиi кездеседi) өздерiне тапқызу және талдап-қорыту жұмыстары жүргiзiлiнедi.
Сонымен бiрге жақсы сөйлеп, өз ойын дұрыс, жинақы бiлдiрген студенттердi мадақтап, үлгi ретiнде ұсынып отыру керек. Әсiресе дыбыс жазу техникасын пайдалану топтық пiкiрталас кезiнде тиiмдi саналады және қажет болған жағдайда оны бiрнеше рет қайталап көру, есту мүмкiндiгi болады. Мұндай жүргiзiлген жұмыстардың дамытушылық маңызы да үлкен болады.
В.П.Бархаев “Применение видеотехнологии в развивающем обучении” деген мақаласында дамыта оқытуда бейнетехнологияны қолданудың ерекшелiктерi мен маңызын қарастырған [2].
Қазақ тiлiн оқытуда техникалық құралдарды пайдалануда С.С.Дүйсенова “Жоғары оқу орындарының орыс бөлiмдерiне қазақ тiлiн оқытуда техникалық оқу құралдарын қолдану” деген тақырыпта диссертациялық жұмыс жазған [3].
Ғалым Р.А.Шаханова техникалық құралдарды қазақ тiлiн оқытуда пайдаланудың маңызын: “Техникалық құралдар студенттерге қазақ тiлiн оқыту iсiн жандандырады, тiл күшейтедi”,- деп ашып көрсетедi. Ғалым еңбегiнде сабақта қолданылатын барлық техникалық құралдармен жұмыс iстеудiң әдіс-тәсiлдерiне тоқтала келе, олардың ерекшелiктерiн, тиiмдiлiгiн сөз етедi [4].
Ғалым Қ.Қадашева жоғары оқу орындарында сөйлеуге үйретудегi қиындықты жеңудiң ең басты тiрегi – аудиосабақтар мен видеосабақтардың көмегi арқылы коммуникативтiк-сөйлеу ептiлiгiн жетiлдiруге мүмкiндiк беретiндiгiн айтады. Ол аудио және видеосабақтардың ерекшелiктерiн төмендегiдей сипаттайды:
— естiп-байқау материалдардың түпнұсқасын түсiнуге бейiмдейдi;
— үйретудегi уәждеменi кеңейтедi;
— сөйлеу iс-әркетiнiң сөйлеу және тыңдаудағы рөлiн күшейтетiн және оны басқа түрiмен ешқандай ауыстыруға келмейтiн тәсiл;
— үйренушiнiң сөйлеу тiлiн тереңдетуге қызмет етедi;
— тiлдi тудыратын және дамытатын қозғаушы күш ретiнде қолданылады;
— видеоны сабақта қолдану үйренушiнiң сөйлеу дағдысы мен шеберлiгiн аса үлкен жылдамдықпен шапшаңдатады;
— үйренушiнiң танымдық әрекетiн күшейтедi;
— үйренушiнiң ой-өрiсiн ұлғайтады;
— видеоны қолдану қабiлет белсендiлiгi пәрмендiлiгiн және тiлдi үйренудегi мүддесiн, қызығушылығын ең жоғары дәрежеге көтередi [5].
Қазақ тiлiн дамыта оқытуда бейнетаспалар арқылы қаламызың, облысымыздың, Қазақстанның қазiргi жағдайын бұрынғы кезбен салыстыра отырып, сараптама жасатуда маңызы айрықша. Сонымен бiрге сабақта бейнетаспаларды қолдану студентке оқиғаны, құбылысты дәл өзiн көргендей әсер қалдырады.




Әдебиеттер тізімі:

1. Н.Ә.Назарбаев. Қазақстан халқына жолдауы. «Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан».
2. Исабаев Ә. Қазақ тiлiн оқытудың дидактикалық негiздерi. А: -Қазақ университетi. 1993. 160 б.
3. Бархаев В.П. Применение видеотехнологии в развивающем обучении. //Педагогика. 1998. №3. Стр. 53-57.
4. С.С.Дүйсенова “Жоғары оқу орындарының орыс бөлiмдерiне қазақ тiлiн оқытуда техникалық оқу құралдарын қолдану” А.1998. 210 б.
5. Қадашева Қ. Жаңаша жаңғыртып оқытудың ғылыми әдiстемелiк негiздерi: өзгетiлдi дәрiсханалардағы қазақ тiлi. п.ғ.д. ғылыми дәрежесiн алу үшiн дайындалған диссертация. А. 2001. 415 б.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *