М. ҒАБДУЛЛИННІҢ БАТЫРЛЫҚ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТШІ ЖОЛЫ

М. ҒАБДУЛЛИННІҢ БАТЫРЛЫҚ ЖӘНЕ ӘДЕБИЕТШІ ЖОЛЫ

Идрисов Р.А., Кенжебаев Е.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
tarikhirashidi71@mail.ru

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы мен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллинің туғанына 100 жыл толуы еліміздің жастарында отансүйгіштік сезімдерді оятатын және ұялататын ұтымды сәттер. Артына өшпес мұра қалдырған азаматтарды құрмет тұту өскелең ұрпақтың парызы болғандықтан қазір ол кісінің еңбектері қайта зерттелу үстінде. Батырдың Алматыда тұрған үйі мен қызмет атқарған Институтында батырға арнап мемориалды тақта орнатылған. Өзі туып-өскен аудандағы мектеп пен көше аттары Мәлік Ғабдуллиннің есімімен аталады. Көкшетауда батырға арналып арнайы мұражай ашылған. Алматы, Астана және Көкшетау қалаларында көше аттары М.Ғабдуллин есімімен аталатын болды
Академик, жазушы, әдебиеттанушы ғалым Мәлік Ғабдуллин ғылымдағы жолын «Қобыланды батыр» жырын зерттеуден бастаған. Аталған жырдың түрлі нұсқасын жинақтай отырып, кандидаттық диссертация қорғады. Батырлық жырлардан нәр алып, рухтанған аспирант Мәліктің өзі де майдан жылдарында батырлық жырдың кейіпкеріне айналды[3,52].
М.Ғабдуллиннің әдеби қызметі 1938 жылдан басталды. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды. Ал, төрт рет жарияланған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» деген кесек, өміршең монографиясында фольклордың жазба әдебитінен айырмашылығы, қазақ фольклорының жиналуы мен зерттелу тарихы, ертедегі түрақты ұқсастық, дәстүр, үлгілер және оныңсебептері, синкретизм табиғаты, фольклордың шығуы туралы толғамдар, ауысып алу теориясы, туған халқымыздың қаһармандық, отаншылдық рухқа толы батырлық жырлары, лиро-эпостық дастандары, тұрмыс-салтқа байланысты шығармалары, арбау, жалбарыну жырлары, мақал-мәтелі, үйлену, салт өлеңдері, импровизация өнерінің туындылары, жырдың құрылысы мен тілі туралы топшылаулар мен қорытындылар жасайды. Қазақ әдебиетінің көптомдық тарихын шығаруға ат салысты. Оның »Қазақтың батырлық эпостары» зерттеу еңбегі 1972 жылы Ш.Уәлиханов атындағы сыйлыққа ие болады. М.Ғабдуллиннің фольклортану мен әдебиеттануға, соғыс өнері мен педагогикаға байланысты тағылымды ой-пікірлері өміршеңдігімен өзгешеленеді. Жазушының көркем шығармалары мен күнделіктерінде сыр мен сымбаты келіскен сәулетті оралымдар, сәулелі тізбектер, философиялық толғаныстар аз кездеспейді. Мәліктің әдеби туындыларының кейбірі И. Щеголихин көмегімен орыс тіліне аударылды. Қаһарман-ғалым Мәлік Ғабдуллиннің шығармашылығы қақында профессор Серік Негимов былай дейді: Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған шығармалары тарихилық және көркемдік мәнімен де өзгешеленеді. Сөз өнерін ардақтап кие тұтқан, қазақ баласына деген өлшеусіз құштарлықтың, ізгілік-адамгершілік қасиеттің, рух-жігері асқақ қайраттың иесі Ер Мәлік лапылдаған оттың, «көкала түтіні бұрқырап» гүрсілдеген оқтың ішінде жүріп, өнімді, өрнекті еңбектеніп телегей шығармалар туындатқанына қайран қалмасқа болмайды. Мәлік Ғабдуллин 1942 жылдың 12 мамырында Ғабит Мүсіреповке жазған хатында былай дейді: «Менің шатаспаған жерім аз деймін. Соғысқа енісімен күнделік жазуға кіріскем. Оның барлығы былтыр бір соғыста оққа ұшып кетті. Соңынан «Қазақ баласы» деген атпен көп нәрсе жаздым. Көлемі 750 беттен артық, дәптер бетімен санағанда. Мұнда Бауыржан Момышұлы, Мұқан Сламқұлов(сіз оны білесіз ғой), Балтабек Жетпісбаев, Жалмұқанбет Бозжанов, Қазтай Садуақасов, Жұмажан
Батталовтардың ісі, ерлігі және көптеген эпизодтар жиналды».
М.Ғабдуллиннің Бауыржанның қолбасшылық өнері, үлгі-өнегесі, шешендік қабілеті, терең дүниетанымы, батырлық болмысы «Бауыржан Момышұлы» дейтін мемуарлық повесі (1941-1942) мен «Қазақ мақалының күші» деген эссесінде (1943) әдемі сипатталады.
М.Ғабдуллин туралы ғылыми анықтамалықта былай делінген: «1959 жылы оған филология ғылымдарының докторы атағы берілді. 1967 жылы КСРО Педагогика ғылымдары Академиясының толық мүшесі, академигі болып сайланды. 1963 жылдан 1973 жылға дейін М.Ғабдуллин ҚазССР Ғылым Академиясы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтында фольклор бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды. М.Ғабдуллиннің әдеби қызметі 1938 жылдан басталды. Оның қазақ фольклоры мен әдебиеті туралы жазған 100-ден астам мақалалары республикамыздың газет, журналдарында жарияланды. Ол ҚазССР Ғылым Академиясының қазақ және орыс тілдерінде жарық көрген көптомдық “Қазақ әдебиетінің тарихы” кітабының негізгі авторларының бірі. Қазақ мектептерінің 8сыныбына арналған «Қазақ әдебиеті», Педагогика институты студенттеріне арналған «Қазақ фольклоры», «Ата-аналарға тәрбие туралы кеңес», «Фольклор және әдебиет», еңбектерінің авторы. Т.Сыдықовпен бірігіп «Қазақ халқының батырлық жыры» монографиясын, көрнекті қазақ жазушыларының шығармашылығы туралы бірнеше сын мақалаларын, мектеп жұмыстары жөнінде ағарту зерттеулерін жазды. М.Ғабдуллин қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Ол үш мәрте (1946-1958жж.) КСРО Жоғары Кеңесіне депутат болып сайланды. М.Ғабдуллиннің еңбегін жоғары бағалап, Еңбек Қызыл Ту орденімен марапаттады. Оған 1961жылы ҚазКСР-не еңбегі сіңген қоғам қайраткері атағы берілді».
Мәлік батыр өмір мен өлімнің шекарасында қар жастанып, мұз төсеніп жүргенде Бауыржанның жауынгерлердің жан дүниесін тебіренткен асыл ойларын, сезімді селт еткізерлік сәулетті сөздерін, «окопты–кабинет, жерді–орындық, тізесін – үстел» етіп, жаны мұрнының ұшында жүрсе де, соғыс сәттерін суымай тұрғанда, қаз-қалпында, ізінше қойын дәптеріне түсіріп отырған[8,42].
Мәлік батыр сұрапыл соғыз жылдарында Қызыл Армияның Саяси Бас басқармасының орыс емес ұлттардың жауынгерлері арасында үгітшісі болып қызмет атқарады. Ол соғыс кезінде қазақтың батыр қызы Мәншүк Мәметоваға қамқоршы аға болады. Тіпті, Мәншүктің (Мәметова) қазасынан кейін оған Батыр атағын бергізу үшін М.Ғабдуллин үлкен еңбек сіңіреді. Бұл жайлы ҰОС ардагері Байуақ ардагер мәлімдейді. Мәншүктің қазасын ести салысымен, ол дереу Невель қаласына келеді. Ол кезде құрамында Мәншүк болған 100-бригада тарап, 1-атқыштар дивизиясы құрылып жатады, ал Байуақ сол уақытта Невель қаласындағы 6гвардиялық армияның резервінде тұрады. Мәлік келе-сала: «Мәншүкке не жасап жатырсыңдар?» – дейді. Олар екінші дәрежелі Отан соғысы орденіне ұсынғандарын айтады. Мәлік жатып кеп ашуланады. Сосын тұрып: «Айтыңдаршы, Алматы мен Мәскеудің арасы қанша шақырым?» – дейді. Біреуі «4800» десе, біреуі «5000 шақырым» деп жатады[3,52]. «Мейлі, 4 мың-ақ болсын. Басқаны қойып, қазақтың жиырмаға жаңа шыққан қызы сонша жерден Отанымды, Мәскеуді қорғаймын деп келіп, қолына орыстың винтовкасын алып, соғысамын деуінің өзі сендерге ерлік емес пе? Осыдан артық немене керек? Дереу құжаттарын қайта дайындаңдар. Комсомолдың Орталық комитетінің бірінші хатшысы Михайловқа, болмаса маған Батыр атағын берген Калининнің өзіне барам. Тіпті Ворошиловқа кірем. Одан түк шықпаса, менің Мәлік атым құрып кетсін, өзімнің жұлдызымды берем» деп, қайтадан дайындалған құжаттарды алып кетеді. Содан алты ай дегенде Мәншүкке 1944 жылы 5 наурызда Батыр атағы беріледі[3,123].
Мәлік Ғабдуллин «Қазақ мақалының күші» эссесінде («Социалистік Қазақстан» газеті, 1943 жыл, 27 ақпан) Бауыржан Момышұлының бірсыпыра төлтума ғибратты сөздеріне назар аударып, дәптеріне сақтап, олардың туу тарихын, нақты себептерін шебер баяндайды. «Жауынгер майданда жеткен табысына қуанады, кейде қолайсыз жағдайға түсіп қалғанына қынжылатын кездері де болады. Осындай қынжылысты сейілту үшін, жауынгерлерді жігерлендіріп, қиыншылықты жеңуге аттандыру үшін берілетін айбынды бұйрықтың әсерімен бірге, халықтың қара тасты қақ жаратын өткір поэзиясының, данышпандық ма-қал-мәтелдерінің әсері, ықпалы өте күшті болды. Мұны қазіргі соғыс жағдайы әбден анықтады» – деп әділ көрсетеді Мәлік батыр. Мәселен: 1. Намысты нанға сатпа. 2. Қырағының көзі де батыр, өзі де батыр. 3.Тәртіп тән үшін, ынтымақ жан үшін керек. 4.Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық. 5. Ана үшін аянба – ант ұрады,бала үшін аянба – бетің күйеді, Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын. 6. Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе. 8. «Батыр – батыр емес, батырларды бастаған батыр». Біз қас жауды қарумен де, халықтың қаһарлы сөзімен де қиратудамыз. Халық сөзі, оның данышпандық мақалдары, бізге зеңбірек, танк, винтовка, автомат қандай қызмет етсе, олар да сондай қызмет етуде деп аяқтайды «Қазақ мақалының күші» эссесін Кеңес одағының Батыры, гвардия майоры Мәлік Ғабдуллин[3,52].
Баукең сөздерін жедел хатқа түсірген М.Ғабдуллиннің ұқыптылығын, кісілігін, екі ірі тарихи тұлғаның арасындағы шығармашылық байланысты атамауға болмайды. «Егер жазушы, не ақын болсам, көк күмбезді қағаз етіп, көкала дарияны сия етіп «Батыр Бауыржан» деген хикая да жазған болар ем» – деген Ер Мәліктің лала лебізінде телегей сыр бар-ау! (1942 жылдың 15 қыркүйек күні жазылған хатынан).
Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің деректілік жағынан болсын, көркемдік сапасы жағынан болсын мейлінше құнды «Сол бір күндерде», «Жас қазақ», «Төлеген Тоқтаров» дейтін әскери повестерінде жас барыстай жалынды Төлеген Тоқтаровтың, тарихта белгілі саяси жетекші В.Клочковтың, полк комиссары Ахметжан Мұхамедияровтың, барлаушы Бахтияр Меңдіғазиннің, полк командирі Н.В. Карповтың, майталман командир, ұлт тілінің қамқоры, терең білімді В.Н. Шуттің, жанартаудай жігерлі, алып тұлғалы Балтабек Жетпісбаевтың, жерлесіміз жауынгер-композитор Рамазан Елебаевтың батырлық-ерлік іс-қимылдары келісті өрнектелді. Сонымен бірге солдат әзілдері, жаратылыс суреттері көркемдік қуатымен, шеберлік қырларымен өзгешеленеді. Әскери мемуарист М.Ғабдуллиннің «Досыма хат», «Ерлікке баулу – тәрбиеден», «Майдан дәптерінен», «Тапқырлық», «Қайтқан кек», «Біздің Сашок» деген новеллаларында, эпистолярлық мұрасы мен күнделіктерінде жақұттай жарқыраған сөз меруерттері, адам жанының түңғиық терең иірім-сырлары, кестелі кемеңгерлік толғамдар, сыр мен сезім сұлулығынан туған нақысты сөйлемдер жеткілікті. Мысалы, «Досыма хат» дейтін жазбаларындағы мына бір ой-толғамын миға жүгіртейікші: «…Ай артынан ай туып, жыл соңынан жыл да келер. Адам тарихынан ғасырлар бойы өшпестік орын алған талай-талай белестерді, мақтаныш етерліктей болып жасалынған мазмұнды істерімізді, халқымыздың абырой-атағы, даңқы, намысы үшін жас өмірін қаза еткен батыр бауырларымызды еске түсірерміз. Олардың ерлік істерін, олардың бізге қосқан аманатын «қасықтай қаның қалғанша халқыңа қызмет ет» деген тапсырмаларын еске алармыз» (1941 жыл, 31 қазан. Майдан)[3,52].
Мәлік Ғабдуллиннің әскери прозасы – сұрапыл жылдардың шежіресі іспетті. Қан кешуде ғажайып ерліктер жасаған, тұйғындай түлеген сайыпқыран көкжал ерлердің рухына орнатылған көркем ескерткіш деу лайық. Сондықтан да заманнан заманға ауысып-озған сайын оның деректі көркем прозасының танымдық, көркемдік, тағылымдық мәні зор бола бермекші.
Жас ұрпақты тәуелсіз Қазақстанның шынайы қорғаушысы, жерсудың қаһарман сақшысы, сүйікті Отанының тірегі, иесі болу қақында тәрбиелеуде, ұлттың рухани игіліктері мен қасиеттерін жарқын болашақтың бақыты мен кәдесіне жартуында, жаңарту мен қоғамды өрлету мақсатында, адам бойындағы ізгілік пен кісілік, парасат пен пайым, жанашырлық пен бауырмалдық секілді жақсылықтарын кейінгі толқынның жүрегіне терең ұялатуға Мәлік Ғабдуллиннің ерлік өмірі мен өнегеге толы істерінің мәні мен мағанасы ерекше елеулі. Бұл тұлғаның ғибадат, тағылымды істері, өз шығармаларында көрініс алды.

Әдебиеттер:

1) Алаш айнасы газеті (Егер Мәлік Ғабдуллин болмағанда, Мәншүкке
Батыр атағы берілмес еді);
2) Орыс тілді Wikipedia; 3) Герои страны интернет сайты.дағы М.Ғабдуллиннің бұрышы.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *