М.ҒАБДУЛЛИННІҢ ПУБЛИЦИСТИКАСЫ
Шагирбаева Б.К.
Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
B_Shagirbaeva73@mail.ru
Бүгінгі таңдағы дамыған публицистика бірден пайда бола қойған жоқ. Публицистиканың тууының өзі көне дәуірлердегі адамдардың бір-бірімен ақпарат алмасуынан бастау алады. Сонау ерте замандарда адамдар арасында ақпараттық қажеттілік пайда болды. Бір адам екінші адамға, бір адамдардың тобы екінші адамдар тобына өз ойларын жеткізгісі келді. Бұл алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі тілдің пайда болуымен тікелей байланысты еді.
Бүгінгі қазақ публицистикасының бір бастау бұлағы сол халық даналығында жатқандығын жадымызда әрдайым ұстауымыз керек. Археологиялық, этнографиялық және жазбаша тарихи деректердің көрсетіп отырғанындай, Еуропа мен Азия кұрлықтарының Ұлы даласын мекендеген біздің бабаларымыз сол кездегі рулар мен тайпалар тек аңшылықпен, мал өсірумен ғана емес егіншілікпен де шұғылданған. Сол бабалардың үлкен мәдениеті де болған. Олар өздерінің тұрмыс-тіршілігін, оқиға-құбылыстарды тасқа таңбалап, ескерткіш белгі етіп қалдырған.
Адамзат дамуында жазудың пайда болуы мен дамуы – қазіргі публицистиканың пайда болуына ықпал еткен үшінші құбылыс болып саналады.
Ежелгі замандардағы жазба мәдениеттің көп таралған ертедегі көріністерінің бірі – шаруашылық, дипломатиялық және жеке жолдаулар мен хаттар болды. Бұл тарихи ескерткіштердің бір тобы – ресми сипаттағы қызметтік құжаттар болса, енді бір парасы – тұрмыстық, отбасылық, достық сипаттағы жеке адамдар арасындағы хаттар болды. Кейбір хаттарда қоғамдағы маңызды мәселелер қозғалып, саяси көзқарас, әлеуметтік идеялар көрініс тапты. Міне дәл осындай жолдаулардан келіп публицистикалық эпистолографияның алғашқы көріністері туды.
Сонымен қоғамдық маңызды мәселелерді қозғайтын публицистика – бірнеше ғасырлардағы адамзат ақыл-ойының жемісі. «Не нәрсенің болса да теориясын пайымдамас бұрын, алдымен, оның өзін анық танып, біліп алған жөн».
Шын мәнінде публицистика деген сөздің шығу төркіні жайлы айтсақ, бұл латынның рublic – қоғам деген сөзінен шыққан. Бұдан аңғаратынымыз публицистика сөзінің этимологиясы «қоғамдық» деген сөзге тікелей қатысты.
Публицистика – өмірдің әлеуметтік-экономикалық өндірісті, ғылыми және басқа рухани құбылыстардың , өмір фактілерін өзіне арқау ететін әдеби жанр. Публицистика осы заманғы көкейкесті тақырыптарды қозғайтын қоғамдық-саяси әдебиет. Публицистика – саяси-көркем проза, қаламгерлердің қоғамдық-әлеуметтік мәселелерді толғауы. Публицистика – ақиқат өмірдің сырлы суреті, оның арқауы – шындық. Публицистиканың нысаны – өмір, зерттеу негізі – адам. Публицистиканың қоғамдағы орны ерекше, себебі ол оқырмандарға өмірдің шындығын жеткізеді. Халықтың өмірлік күрес тәжірбиелерін байытып, оны насихаттайды. Публицистиканың жанрлары да әр алуан: газетжурналдардағы бас мақалалар: саяси, насихаттық, проблемалық, шолу мақалалар, очерктер, репортаждар мен интервьюлер, памфлеттер мен фельетондар, рецензиялар, листовкалар, үндеулер, прокломациялар, арнау, ашық хаттар, мемуарлар, т.б.
Баспасөз жанрларының негізгі, басты міндеті — өмірдегі нақты оқиғалар мен құбылыстардың күнделікті тізбегін жазу арқылы белгілі бір кезеңнің тарихи шежіресін жасау.
Қазақ журналистикасының алтын парағы саналатын майдандағы басылымдар – қанша жылдар өтсе де, әлі де зерттеуді қажет ететін, жұмбағы жүз, сыры сан тарихи құндылық. Сол бір сұрапыл соғыс жылдары бізден алыстаған сайын ақиқаты ашыла түсетіндей. Осы уақытқа дейін майданда қару мен қаламды қатар ұстаған жауынгер-журналистер, олардың қалам тартқан тақырыптары жайлы тарихшы ғалымдар, жазушылардың біршама зерттеулері оқырманға жол тартқан болатын. Десек те, майдандағы журналистиканың құпияға толы сырларынан біз әлі бейхабармыз.
Қазақстаннан Ұлы Отан соғысында 70-ке жуық журналист қызмет жасаған екен. Дәл осы сұрапыл соғыс жылдары тұсында әскери қазақ публицистикасы біршама биікке көтерілді. Соғыс кезіндегі публицистика Баубек Бұлқышевтің шығармашылығынан айқын көрініс тапқан. Баубек Бұлқышевпен қатар, майдандық журналистикаға Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Дмитрий Снегин, Мәлік Ғабдуллин, Қалижан Бекхожин сынды жазушылар өшпестей із қалдырды.
Ұлы Отан соғысы жылдары КСРО халықтары тілінде жалпы саны 110 майдандық газет шыққан екен. Соның ішінде Орта Азия мен Қазақстанда 42 газет және жеті журнал басылып тұрған. Майданда барлығы 4500 майдангер журналист жаумен алыса жүріп, газет шығаруға атсалысты. Оның 200-і – Орта Азия республикаларынан барған жауынгерлер. Олардың міндеті кеңес жауынгерлерінің ерлігін көрсету, соғыс оқиғаларын жедел түрде тарату, хабарлап жеткізу болды.
1941–1945 жылдардығы Ұлы Отан соғысының шындықтары туралы қазақ әдебиетінде аз жазылған жоқ. Көп жазылды деп тоқмейілсуге де болмайды. Әңгіме Отан соғысы шындықтары жайлы қазақ әдебиетінде аз немесе көп жазылғанында емес. Отан соғысы шындығы белгілі кезеңдегі адамзат қоғамының сипатын, мемлекеттік билеу болмысын барынша шынайы көрсеткен, көрсететін айрықша сұрапыл шындықтардың қатарына жатады. Оны көзімен көрген, басынан өткерген, қаны мен терін төккен, от пен оқтың ортасында қан кешкен ұрпақтан артық білетін жанды табу қиын. Сондықтан өзегіне соғыстың сұрапыл шындығын арқау еткен шынайы шығарма жазуға екінің бірінің тәуекелі жете бермейді. Бұл тақырыпта үлкен эпикалық шығарма жазуды айтпағанда, шағын өлең шығарудың өзіне үлкен батылдық керек.
Қаһарман-ғалым Мәлік Ғабдуллиннің Ұлы Отан соғысы жылдарында жазған шығармалары тарихилық және көркемдік мәнімен де өзгешеленеді. Сөз өнерін ардақтап кие тұтқан, қазақ баласына деген өлшеусіз құштарлықтың, ізгілік-адамгершілік қасиеттің, рух-жігері асқақ қайраттың иесі Ер Мәлік лапылдаған оттың , «көкала түтіні бұрқырап» гүрсілдеген оқтың ішінде жүріп, өнімді, өнікті еңбектеніп телегей шығармалар туындатқанына қайран қалмасқа болмайды. Ол 1942 жылдың 12 мамырында Ғабит Мүсіреповке жазған хатында былай дейді: «Менің шатаспаған жерім аз деймін. Соғысқа енісімен күнделік жазуға кіріскем. Оның барлығы былтыр бір соғыста оққа ұшып кетті. Соңынан «Қазақ баласы» деген атпен көп нәрсе жаздым. Көлемі 750 беттен артық, дәптер бетімен санағанда, мұнда Бауыржан Момышұлы, Мұқан Сламқұлов (сіз оны білесіз ғой), Балтабек Жетпісбаев, Қазтай Садуақасов, Жұмажан Батталовтардың ісі, ерлігі және көптеген эпизодтар жиналды».
М.Ғабдуллиннің Бауыржанның қолбасшылық өнері, үлгіөнегесі, шешендік қабілеті, терең дүниетанымы, батырлық болмысы «Бауыржан Момышұлы» дейтін мемуарлық повесі (19411942) мен «Қазақ мақалының күші» деген эссесінде (1943) әдемі сипатталады.
Қолбасшы командир Бауыржанның теңіздей толқыған, көкірегінде күмістей жарқыраған сөздері жатыр.
Бұлардың тек-төркіні – соғыс жағдайын терең бақылағандықтан, оқиғаларды нәзік таразылап, дұрыс қорытындылар шығаратындықтан, ақыл мен ойдың тізгінін тең ұстағандықтан, тәрбие мен тәжірибенің сырларын мінсіз меңгергендіктен.
Мәселен, 1. Намысты нанға сатпа 2. Қырағының көзі де батыр, өзі де батыр. 3. Тәртіп тән үшін, ынтымақ жан үшін керек. 4. Тізе бүгіп, тірі жүргеннен, тіке тұрып, өлген артық. 5. Ана үшін аянба – ант ұрады, Бала үшін аянба – бетің күйеді, Ел үшін аянба – ерлігіңе сын, Жұрт үшін аянба – жігіттігіңе сын. 6. Ел дегенде – езіліп, жұрт дегенде – жұмылып істе. 7. «Батыр батыр емес, батырларды бастаған батыр» [3,57].
«16.01.45. Ысқақ Дүйсенбаевқа хат жазып, газеттің кемшілігін айттым.
1. Қазақ тілін бұзып жүрсіңдер;
2. Қазақ жігіттерінің ерлігін көрсете алмай келесіңдер;
3.қазақтың батырлық салты. Қазақ бұрын шет елде болмады, біз жеңімпаз ретінде оған келдік. Берлинде де боламыз, әлемге қазақты танытамыз дегенді жазу керек» [3,266].
«1.02.45. Ашу айбарлы адамда болатын секілді. Ашулану – күш көрсету деген сөз. Ашу – адамның қайрат, жігері қандай екенін көрсетеді. Тек ынжық адамдар ашуланбай көндігіп, момынсып жүре береді» [3,267] – публицистің осы ойы намысшыл, рухты, қоғамдағы болып жатқан күрделі жағдайға бей-жай қарай алмайтын ұлт перзенттері хақында.
«9.02.45. Майданда болып ондағы ерлік жасаған қазақ жігіттерінің батырлық істерін жазу, көпке таныстыру, айту керек-ақ. Осы істі қолға алып ем, онымды кейбір (тылдағы) адамдар жек көріп, маған «ұлтшыл» атағын тағатын көрінеді. Не десе о десін, мен жазам, айтам. Түбінде тарих өзі аршып алар» [3,268]
М. Ғабдуллиннің фольклортану ғылымындағы алғашқы баспалдағы әрі биік белесі – «Қобыланды батыр» зерттеуі. Бұл Халық шығармашылығын зерттеу үшін, ең алдымен ел аузында жүрген көркем туындыларды толық хатқа түсіру мәселесі күн тәртібінде тұрғанын, істі осыдан бастау керек екенін байқайды жас ғалым. Осыған орай, сол кезеңде шығып тұрған «Төте жазу» (1938 ж. 21 тамыз) деген газетке «Халық әдебиетін жинайық» деген мақала жариялады. Ондағы мақсат – фольклор туындыларының толық нұсқаларын жинау. Ғалымның «Қобыланды батыр» мақаласы 1939 жылы «Әдебиет және искусство» журналының екінші санында жарық көрді. Ал, 1940 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінің алтыншы санында «Халық фольклоры жайында» деген зерттеуін жариялайды.
Осылайша жас ғалым аспирантурада іздене жүріп, фольклор теориясынан жан-жақты білім жинайды. Фольклортану ғылымының сол жылдардағы жетістіктерімен, көне рухани ескерткіштер туралы мәліметтермен мол қаруланады. Орыстың белгілі ғалымдарының халықтық мұраларды зерттеген еңбектерімен танысады. Осының нәтижесінде аспирант Мәлік
Ғабдуллин «Ф.И. Буслаев – фольклоршы» деген тақырыпта көлемді реферат жазыпты [4, 21].
Зерттеу еңбектің екшеленген нұсқасы Тұрлыбек Сыдықовпен бірлесіп жазған. «Қазақ халқының батырлық жыры» кітабына енгізілді [4,25].
Бұл зерттеу еңбегі үшін авторларға Ш.Уәлиханов атындағы сыйлық берілді.
Ғалымның оқулығы жөнінде белгілі фольклортанушы Рахманқұл Бердібаев былай деп жазады: «Қазақ халқының ауыз әдебиетінің ғасырлар бойы жасалған байлығын бір кітап көлемінде әрі ғылыми жағынан дәйекті етіп, әрі қалың оқушыға түсінікті етіп жазып шыға білгені – Мәлік Ғабдуллиннің фольклорист ретіндегі ұзақ жылдық ізденістерінің күрделі қорытындысы. Бұл – энциклопедиялық сипаты бар еңбек. Ғалымның ауыз әдебиетінің жанрлары туралы жазған әр кездегі алуан түрлі мақалалары, зерттеулері өзінің бас қорытындысын осы оқулық кітаптан тапқандай» [2,141].
Фольклортанушы ғалымның талай буын шәкірттерді халықтық мұраларды қастерлеуге, мән-маңызын түсінуге баулыған еңбегі – жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» – деген оқулығы.
Бұл – ұлттық фольклор туындыларын терең ғылыми талдаудан өткізген, өз кезеңіндегі толыққанды оқу құралы десек асылық емес. Оқулықтың алты тарауында ауыз әдебиетінің негізгі жанрлары жан-жақты сараланып, шәкірттерге мол түсінік береді. Кіріспе бөлімінде халықтық мұралардың өзіндік белгілері туралы ауыз әдебиетінің жазба әдебиеттен айырмашылығы мен байланысы жөнінде дәлелді пікірлер келтіреді.
Ғалымның «Мұхтар Әуезовке хат» деп аталған мақаласы да осы заманғы поэзияның көкейкесті проблемаларына арналған.
Мәлік Ғабдуллин өз мақалаларында «Қобыланды батыр», «Алпамыс батыр», «Ер Тарғын», «Қыз Жібек», «Қамбар батыр»,
«Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Айман–Шолпан» эпостық жырларының образдар жүйесін, құрылысын арнайы сараптайды. Бұл халықтық туындылар – жүздеген жылдар бойы ұлттың рухани азығы болып келген асыл мұралар.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Тарихи тұлғалар. Танымдық — көпшілік басылым. – Алматы. “Алматы кітап баспасы”, 2009
2 Ғабдуллин М. Шығармашылық және эпистолярлық еңбектер. Көкшетау, 2005ж.
3 Ғабдуллин М. Алтын жұлдыз. Очерктер, хаттар және күнделік. Алматы:
«Ана тілі», 2005 – 288 б.
4 Ғабдуллин М. Сұрапыл жылдар. Алматы, «Жазушы», 1972;
5 Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. — Алматы: «Аруна Ltd.» 6 Байтұрсынов А. Шығармалары.- Алматы: Жазушы, 1989. — 320 б.
7 Назарбаев Н. Туған елім — тірегім. — Алматы: Рауан, 2001. — 128 б.