ЖОҒАРҒЫ БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ АҚПАРАТТЫҚ
ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫ ҰТЫМДЫ ПАЙДАЛАНУДЫҢ МАҢЫЗЫ
Османова З.Ж.
ф.ғ.к., аға оқытушы, Алматы қ.
Бүгінде барлық деңгейлік білім ошақтарын электронды құралжабдықтармен қамтамасыз ету, оларды ғаламтор желісіне қосу, оқутәрбие үрдісіне электронды-ақпараттық түрлі бағдарла-маларды, электронды құрылғыларға негізделген жаңа әдіс-тәсілдерді енгізу, АҚТ бойынша педагогтардың біліктілігін жетілдіру, білім беру үдерісін басқаруды ақпараттандыру, автоматтандыру – отандық білім беру жүйесін әлемдік деңгейге жаткізуге мүмкіндік беретін алғы шарттардың бірі ретінде нақты айқындалды. Еліміздің оқу орындарының білімгерлері мен мұғалім-оқытушылары АҚТ-ны пайдаланып білім беріп, білім алуға көше бастады. Соның арқасында білім беру де, білім алу да оңтайланып, жаңа сапалық деңгейге көтеріле бастады. Алайда оның күрделі мәселелері толып жатыр. Олар өздерінің оң шешімін әлі де болсын күтуде.
Өскелең ұрпаққа сапалы білім беру оқулық, оқу құралына, мұғалімге және оның әдістемесіне келіп тіреледі. Жаңарған әлем мен қоғам қажеттілігіне байланысты қазіргі уақытта еліміздің білім ошақтарындағы оқу-әдістемелік жұмыста толғантатын мәселе көп. Cан алуан мамандар мен түрлі кәсіп иелерінің білім сапасы, біліктілік деңгейі, кәсіби шеберлігі жөнінде ерекше көңіл бөлуді қажет ететін маңызды мәселелер пайда болды. Ондай мәселелерді туындатып отырған қазіргі заман елдерінің әлемдік жаһандану үдерісіне ұшырай бастауы мен еліміздің бүгінгі саяси-идеялогиялық ұстанымы, нарықтық-демократиялық даму бағыты, ішкі және сыртқы саясаты екені анық.
Алдағы уақытта еліміздің білім жүйесіне толықтай енуі қажет болып отырған жаңашылдыққа негізделген білім беру үдерістерін жетілдірудің оқу-әдістемесіне келетін болсақ, қазіргі уақытта еліміз бойынша оның іс-әрекеттері мен құрылымдары біршама анықталып қалды. Осы бағытта атқарылған жұмыстардың бірқатары істәжірибеден өтіп, өскелең ұрпақты кәсіби қалыптастырудың келешек даму жолдары ретінде айқындалуда.
Әлбетте, бұл – еліміздің жаңа буын ұстаздарының білімбіліктілігіне, рухани-мәдени әлеуетіне, қоғамдық-әлеуметтік жағдайына, қоғамдағы орны мен рөліне, құқықтық-саяси мәдениеті мен мәртебесіне тағыз байланысты. Сондықтан да қазақстандық қоғам мен ел үкіметі педагог-ұстаздар мәртебесіне әрқашан алаң болып келеді. Себебі қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік білім беру стандарттары мен бағдарламаларын жүзеге асыру, жаңа технологиялар мен жаңа буын оқулықтарын дайындап, оларды оқу-тәрбие үдерісіне енгізу, еліміздің білім саясатының ұлттық моделін қалыптастыру тәрізді т.б. маңызды да мәнді, күрделі де келелі мәселелер – мұғалім-оқытушылар қауымына келіп тіреледі. Олар өздерінің кәсіби шеберлігі мен іскерлігін, кәсіби дайындығы мен біліктілігін, кәсіби сапасын өсіріп жетілдіруге ынталы болмаса, оқып ізденбесе, уақыт көшіне ілесе алмай қалатыны анық. Оған бүгінгі жас ұрпақтың компьютерлік, электрондық техниканы игеру қабілетінің аға ұрпақтан гөрі едәуір жоғары болып отырғаны да себеп. Сондықтан қазіргі мұғалім өз шәкірттеріне тиянақты білім, тағылымды тәлім-тәрбие беріп, өзінің ұстаздық міндетін ойдағыдай атқаруы үшін қажымай-талмай ізденіп, еңбек етуі, жаңа технологияларды, әсіресе электронды құрылығылармен, компьютермен жұмыс істеуді жетік меңгеруі керек.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту. Еңбек рыногында бәсекелесуге қабілетті жұмысшылар мен мамандар даярлау, оларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру» [1] делінген. Яғни инновациялық білім беру жүйесі арқылы интеллектуалдық ой-өрісі дамыған жас ұрпақ тәрбиелеуді одан әрі жетілдіру заман ағымына ілесу үшін қажет болып отыр. Сол себептен Елбасы еліміздің білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде білім беру жүйесі қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру – бүгінгі өмір талабы екенін кеңірек сөз ете отырып: «Жаңа формацияға жаңа педагог қажет» [2], – деп атап көрсеткен болатын.
Жаңа қоғамдық қатынастың «жаңа педагогын» қалыптастыру үшін, педагогикалық жаңа технологияларды біліктілікті арттыруда кеңінен пайдалана отырып, білім беру жүйесі қызметкерлерінің ғылыми-әдістемелік бағыттағы жұмыстарын жетілдіру қажет. Бұл келелі мәселені ҚР БжҒМ министрі Б.Жұмағұлов та атап көрсетеді. Ол өзінің республикалық «Ана тілі» газетінің 2012 жылғы 26 сәуірінде жарияланған «Мұғалім мәртебесін көтеру – мемлекеттік іс, ал оған атсалысу бәріміздің міндетіміз» деген маңызды да мазмұнды сұхбатында еліміз тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап, білім беруді дамыту, адам капиталын жетілдіру бұлжымас басым бағыт болғанын, ол үшін нақты шешім қабылдай алатын және оны жүзеге асыруға қабілет-қарымы жететін қазіргі заманғы біліммен қаруланған мамандар қажет екенін айта отырып, өз сөзіне Елбасының Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауынан осы мәселеге қатысты мынадай дәйексөз келтіреді: «… педагогтар құрамының сапасын арттырудың маңызы зор. Арқаулық педагогтік білім берудің үлгі-қалыптарын, мектептер мен жобалар оқытушыларының біліктілігін арттыруға талаптарды күшейту қажет. Әр өңірде педагогтардың біліктілігін арттыратын интеграцияланған орталықтар жұмыс істеуі тиіс» [3]. Демек, біздің елдің де әлемдегі озық елдердің қатарына қосылуы үшін барынша тиімді ықпал ететін жаңа буын ұстаздарын қалыптастырудың аса қажет екені айқын болып отыр.
Ал енді осы мақсат-мүдде еліміздің жоғарыды сөз болған білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасының кіріспесінде: «Халықаралық тәжірибе көрсетіп отырғандай, адам капиталына, әсіресе, бала жасынан бастап ересек жасқа дейінгі білім беруге салынған қаржы қоғам мен экономиканы дамытуға айтарлықтай оңды ықпалын тигізеді» және «Адам капиталына қаржы салу – мына жылдам өзгермелі әлемге бейімделгіш, техникалық жақтан жетілген жасампаз жұмыс күшін қалыптастыру үшін аса қажет. Әрбір сектордағы дәстүрлі басымдықтарға адам капиталын қоса алғандарда ғана болашақтың жетілген экономикасы болады. Сондықтан Қазақстан дамуының маңызды бағыты білім беруге, қоғам қабілеті мен дағдылырын жетілдіруге қаржы салуда жатыр» [4], – делінген. Демек, келтірілген осы дәйексөздер ұстаздар мәртебесінің және олардың заманауи жаңа технологиямен қарулануының қашанда аса өзекті мәселе болып қала беретінін аңғартса керек.
Осыған орай, өскелең ұрпаққа қазіргі қоғам талабына сәйкес сапалы білім беру, оларды әлемдік бәсекеге қабілетті етіп оқытып даярлау, жас ұрпақ бойына отаншылдық сана-сезімді терең қалыптастыра отырып тәрбиелеу мәселесі педагогика ғылымы саласында жаңа әдіснамалық негіздегі іс-әрекеттердің көп болуын талап етеді. Себебі бұрыннан, кеңестік дәуірден келе жатқан дәстүрлі оқытудың мазмұны мен құрылымы және оның әдіс-тәсілдері мұндай нәтижеге жетуге толықтай кепілдік бермейтінін күнделікті істәжірибе аңғарта бастады. Оның бірден-бір оң шешімі – отандық жалпы орта және кәсіби білім беретін білім ордаларының оқу үдерісіне оқу-әдістемелік, педагогика-психологиялық, ақпараттыққатынастық т.б. жаңа технологияларды батыл ендіру болып табылады. Өйткені қазіргі заманғы жаңа технологияларға негізделген әдіснама білім беру жүйесі қызметкерлеріне оқу үдерісінде қойылған негізгі мақсатқа жету үшін кепілдік береді.
«Оқытудың қазіргі заманғы жаңа технологиясы оқу үдерісіне педагогикалық-психологиялық іс-әрекеттердің жүйелі кешені ретінде пайдаланылады. Бұл технологияны оқу-тәрбие жұмысының бірбірімен тығыз байланысқан білімгерлерді (оқушы, курсант, студент т.б.) дамытуға бағытталған әдістері мен түрлерінің кешенді жиынтық жүйесі деп қарайтын болсақ, онда ол білім құрылымы мен мазмұнын жетілдіру ісінің басты бағыты, яғни оқыту мен тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ететін біртұтас үдеріс болып табылады. Сондықтан да оқу-танымдық, оқу-тәрбиелік, оқу-әдістемелік, педагогикапсихологиялық, ақпараттық-коммуника-циялық жаңа технологияға бетбұрыс әлемдік білім кеңістігіне талпынған қазақстандық ғылымиәдіснамалық жүйені мазмұны жағынан ғана байытып қоймай, құрылымын да өзгертіп, бағыты жағынан да жетілдіре түседі» [5,38]. Еліміздің жарқын болашағының жасампаз тұлғалары болып саналатын жас ұрпақты бүгінгі жоғары дамыған ақпараттық жағдайға барынша бейімдеп, жан-жақты шығармашылыққа баулуға бағытталған қазіргі жаңа технологиялар осы педагогикалық жаңа ұстанымға әкеледі.
Білім беру саясаты мен оның жүйесі бойынша дүниежүзінің алдыңғы қатарлы дамыған елдерінің, сондай-ақ қазіргі уақытта біздің елдің де ұстанып отырған білім саясаты және отандық білім беру салаларына ендіріле бастаған жаңа технологиялар, ең алдымен, оқутәрбие үдерісін тиімді ұйымдастыру және өткізу үшін қажет. Бұл – шәкірт пен ұстазға қолайлы жағдай туғызудың біріктірілген педагогикалық қарым-қатынасы кезінде қолдануға болатын барлық жағдайы қарастырылған оқытудың жаңа амал-тәсілі болып саналады. Оның негізгі ұстанымы – оқытуды ізгілендіру, өзін-өзі дамытатын, дұрыс шешім қабылдай алатын, өзін-өзі жетілдіріп өсіруші, тәрбиелеуші тұлға қалыптастыру болып табылады. Себебі еліміздің әрбір жас өркені ертеңгі күні дүниенің төрт түкпірінде өзінің қалаған, ұнатқан мамандығы бойынша өзіне және қоғамға пайдалы мақсатта еркін еңбек ете алатындай болуы қажет.
Өркениетке бет бұрған еліміздің қазіргі жастары – елдігіміздің ертеңгі тірегі, егемен еліміздің кемел келешегінің жасампаздары. Кез келген мемлекеттің ең басты ұстанымы мен қажеттілігі – барша бұқараның ертеңіне деген сенімі мен үмітін берік қалау деген қағидатқа сүйенсек, қазақстандық жас ұрпақтың да ертеңге деген оптимізмі жоғары көңіл-күйде болуы қажет екені кімге де болсын түсінікті. Сол сенім мен үміт нық та берік болуы үшін әлемдік бәсекеге қабілетті мамандар дайындау үдерісі бала бақшалардан бастау алып, орта және арнаулы орта мектептерде, кәсіби орта және кәсіби жоғары оқу орындарында жалғасын таппақ. Сондықтан да бұл мәселелер оның нәтижелі болып орындалуының іргетасы және елдігіміздің келешегі болып саналатын жас ұрпақты оқытыптәрбиелеуге, оларды одан әрі дамытуға сеп болатын педагог кадрларды дайындайтын, олардың білім-біліктілік, кәсіби шеберлік деңгейінің жоғары болуын қадағалайтын және осы мамандарды қайта даярлап жетілдіретін педагогикалық колледждер мен жоғары оқу орындарының негізгі міндеттерінің бірі болып қала бермек.
Қазіргі заманның жоғары білім беретін мектебі – жаңа қоғам мектебі, яғни болашақ мектебі. Ол – әлемдік мәдениетке ықпалдасқан (интеграцияланған), баланың жеке басының дамуына педагогикалық жағдай жасай алатын, рухани жағынан таза, дүниеге тік қарайтын, қоршаған ортамен жүйелі байланыс орната алатын, білімнің заманауи жаңа мазмұнымен қаруланған, әлемдік бәсекеге қабілетті жаңа ұрпақ өсіріп, дамытып жетілдіретін мектеп болуға тиіс.
Сапалы білім беруді қазіргі заманның зор жетістігі болып табылатын электронды құрал-жабдықтарға негізделген ақпараттық жаңа технологиялармен ұштастыра жүргізуді – бүгінгі отандық педагогиканың алтын діңгегіне, мектеп жұмысының тірегіне айналдыру баршамыздың міндетіміз екені рас. Біздің ойымызша, білім беруді ақпараттық-қатынастық жаңа технологияға негіздеудің ең басты екі сипаты бар. Оның біріншісі – білім сапасын арттыру болса, екіншісі – әлемдік өркениет жетістіктерін игеруге мүмкіндік алу деп білеміз. Осы екеуін бір-бірімен ұштастыра отырып, қазақстандық өскелең ұрпақты өз күш-жігері мен білім-біліктілігін өзінің жеке өмірі мен қоғам игілігіне пайдалануға баулу егемен еліміздің кемел келешегі үшін тиімді болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
1 Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. -Алматы, 2000 жыл.
2 Назарбаев Н.Ә. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзі//Егемен Қазақстан, 2004 жыл 13 қазан (№225).
3 Назарбаев Н.Ә. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту —
Қазақстан дамуының басты бағыты//Егемен Қазақстан, 2012 жыл 27 қаңтар.
4 Қазақстан Республикасында білім берудің 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы. -Астана, 2010 жыл.
5 Пірәлиев С.Ж., Даутов С.Б., Симтиков Ж.Қ. Елбасы және отандық білім жүйесі. -Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, «Ұлағат», 2011 жыл.