КӨРКЕМ ШЫҒАРМА– ӘЛЕМІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
МӘСЕЛЕСІНІҢ МАҢЫЗЫ

КӨРКЕМ ШЫҒАРМА– ӘЛЕМІНДЕГІ ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ
МӘСЕЛЕСІНІҢ МАҢЫЗЫ

Б.Р. Оспанова
Абай атындағы ҚазҰПУ Әдебиеттану және тіл білімі
ҒЗИ-дың баc ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты
(Алматы), baian_80@mail.ru

Қазақстан Республикасы гуманитарлық ғылымдарының тарих, философия, мәдениеттану, саясаттану, этнография, психология салаларында әдеби шығармалардағы ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар туралы көркем ой-идеялар үнемі назарда болып, тарихи таным, философиялық категория, қоғамдық-саяси процесс құралы ретінде қарастырылып жүр. Бұл тақырып – филология ғылымдарының да негізгі
нысаны. Сондықтан да, қазақ әдебиеті тектерінің түрлі жанрлары мен көркем сөз шеберлерінің туындыларында бейнеленген ұлттықжалпыадамзаттық құнды-лықтар, олардың мән-мазмұны, бір-бірімен қарым-қатынасы т.б. мәселелері көптен бері филолог ғалымдардың жіті назарында болып келеді. Дегенмен, қазақ қаламгерлерінің аталған бағыттағы ой-пікірлері мен қағида-ұстанымдары филолог ғалымзерттеушілер тарапынан толық зерттеліп-зерделеніп болды деуге әлі ерте. Осы тұрғыдан келгенде қазақ әдебиеті мен мәдениетіне орасан зор үлес қосқан М. Әуезов сияқты әлемге танымал классик-жазушылардың ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар туралы ой-пікірлері мен көзқарастарының олардың көркем туындыларында суреттеліп бейнеленуін арнайы қарастырып зерттеу өзекті мәселелердің қатарына жатса керек.
М. Әуезов – әлемге әйгілі жазушы әрі қазақ әдебиетінің теоретигі, тарихшысы және сыншысы екенін ғылыми жұртшылық мойындап қана қоймай, көптеген жылдар бойы ғұламаның терең мәнді зерттеулерін талай әдебиетшілер, тілшілер, тарихшылар, философтар, әлеуметтанушылар, саясаттанушылар, этнографтар, өнер-мәдениет т.б. ғылым салаларының зерттеушілері басшылыққа алып келе жатыр. Ол тек қазақ әдебиетінің ғана мұратын ойлаған бір бағыттың ғалымы емес. Оның данышпандығының өзі cол – ұлттық тіліміз бен діліміздің, мәдениетіміз бен әдебиетіміздің, тарихымыз бен дүниетанымымыздың көптеген өзекті мәселелеріне дер кезінде көңіл бөлуінде жатыр. Оның ұлтымыздың рухани қазынасын байытудағы еңбегі ұшан-теңіз. Ол – өзінің көркем шығармалары арқылы қазақтың сөз өнерін әлемдік деңгейге көтерумен шектеліп қалмай, ерекше дарынының арқасында ұлттық филология, өнер мен мәдениет, тарих ғылымына өлшеусіз үлес қосқан, қалың көпшілікке танымал ғұлама ғалым. Әдебиетші-ғалым ретінде жазған еңбектерінде болсын, әдебиет сыншысы ретіндегі дүниелерінде болсын елдің көкейтесті мәселелеріне әрдайым көңіл бөліп отырды. М.Әуезовтің және басқа да нағыз ақынжазушылардың барлығының міндеті осындай болу керек деп ойлармыз, бірақ оның ұлттың өмірлік арман-мұраты мен түпкілікті мақсат-мүддесіне деген көзқарасының, бұл бағыттағы алдына қойған мақсаты мен зерттеу ауқымының, сөз саптау даралығы мен келтіретін ғылыми дәлелдеректерінің жөні тіптен бөлек.
Сондай еңбектерінің бірқатары әр жылдарда көркем әдебиет тектерінің түрлі жанрлары бойынша жазылған үлкенді-кішілі туындыларындағы ұлттық құндылықтарға қатысты көркем ойбейнелеулері мен ғылыми-зерттеу еңбектеріндегі ой-тұжырымдары болып табылады. Олардың көпшілігі еліміздің түрлі сала ғалымдарының, сондайақ бірқатар шетелдік ғалым-жазушылардың зерттеулерінде қарастырылып, жалпы жұртшылықтың назарына ұсынылып келгенімен, негізінен, филологиялық зерттеулердің өзекті мәселелерінің қатарына жататыны даусыз. Әлбетте, сан алуан филологиялық зерттеулерде біз қарастырып отырған мәселеге тікелей де, жанама да қатысы бар түрлі ой-пікірлердің айтарлықтай мөлшерде бар екенін жоққа шығаруға болмайды. Қалай дегенмен, барлық ғылым салалары бойынша «әуезовтанушылардың» осы бағыттағы ой-ұсыныстарын, ой-тұжырымдарын осы зерттеуге тірекұстаным ете отырып, ретке келтіру, бір ізге түсіріп, ортақ түйін жасау – қазақ әдебиеті мен мәдениеті үшін керек-ақ дүние. Осы тұрғыдан келгенде М. Әуезовтің ұлтымыздың тілі мен ділін, наным-сенімі мен дінін, салтдәстүрі мен әдет-ғұрпын, тұрмыс-тіршілігі мен таным-түсінігін, ой-санасы мен дүниетанымын, мәдениеті мен әдебиетін, тарихы мен бүгінгісін өзінің көркем әдеби туындыларында бейнелеп қана қоймай, ғылыми еңбектерінде терең зерделеуін ұлттық құндылықтар ретінде зерттеп қарастыру – маңызды мәселелердің қатарына жатса керек.
Әрине, біз ғалым-жазушының бүкіл шығармаларындағы аталған мәселелерге қатысты көркем бейнелеулері мен суреттеулерін, ғылыми еңбектеріндегі барлық ой-толғауларын толықтай қамтуды мақсат етіп отырған жоқпыз. Себебі, М.Әуезов мұрасы аса ауқымды. Оның ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар туралы ойлары бүкіл шығармашылығының өн бойында өлшеусіз мол. Ол дүниелер талай зерттеушілерге сан ғасырлар бойы рухани азық болары сөзсіз.
Біз өз зерттеуіміздің нысанына академик-жазушының белгілі бір көркем туындылары мен ғылыми зерттеулерін алдық. Атап айтсақ, М. Әуезовтің ұлтымыздың мақсат-мүддесі, арман-қиялы, ұлт тәуелсіздігі мен бостандығы, ұлттың елдігі мен еркіндігі, кешегісі мен бүгінгісі туралы ойтолғаныстары көрініс беретін тарихи драмалық шығармалары мен бірқатар классикалық прозалары және оның ұлы Абай шығармаларының тілі, қазақ әдебиеті мен өзімен замандас қазақ ақын-жазушылардың тілі, қазақ терминологиясы, орфографиясы, диалектологиясы мәселелері туралы ғылыми ой-тұжырымдары зерттеудің негізгі нысанына алынды.
Ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтардың әр ұлтқа тән өзіндік сыр-сипатын айқындап, зерттеп-зерделеу Қазақстан Республикасының рухани-мәдени дамуын пайымдауда өзіндік маңызды қызмет атқарады. Зерттеудің теориялық нәтижелері көркем сөз шеберлерінің шығармаларындағы көркем тілмен бейнелеген құндылықтарды таныптүсінуге негіз бола алады.
Рухани құндылықтарды М. Әуезовтің көркем туындылары мен ғылыми зерттеулері контексінде қарастырып зерттеу жүргізгенде, ең алдымен, олардың ұлтымыздың кешегісі мен бүгінгісінен және келешек өмірінен алатын орны мен рөліне назар аударылып, теориялық негіздемесі мен қағидаларын анықтауға талпыныс жасалды. Солардың негізінде құндылықтарға талдау-саралау жұмысы жүргізіліп, олардың заман ыңғайына қарай жаңа пішінге ие болып, өзгеше сипат алуы пайымдалды.
Зерттеу нәтижелері өз құндылықтарымызды жалпыадамзаттық деп танылып жүрген құндылықтармен салыстыра отырып, танып-білуге, бағалауға, құндылықтардың сабақтастығын айқындауға, ұлттық мақсатмүдденің мән-мазмұнын түсінуге, рухани құндылықтардың қоғам өміріндегі орны мен рөлін пайымдауға қызмет етеді. Сондай-ақ, осы еңбек алдағы болашақ зерттеулерге ғылыми-теориялық біраз материал беріп, еліміздің басқа да қаламгерлерінің үздік туындыларында суреттеліп бейнеленген рухани құндылықтарды зерттеуге жол ашады. Сонымен қатар осы зерттеудің нәтижелері еліміздің жас ұрпақтарын ұлттық құндылықтарды бағалауға баулитын, отансүйгіштікке тәрбиелейтін бағдарламаларға да еніп, отандық білім беру жүйесін жаһандану дәуірінің талаптарына сәйкес келетін ұлттық құндылықтар негізінде қалыптастыруда септігі бар деген ойдамыз.
Бүгінгі таңда әлемнің әр ұлтын өз құндылықтарын танып-білуі және соларды бағалай отырып, өзінің ұлттық кескін-келбетін сақтап қалуы толғандыруда. Еліміз тәуелсіздік алып, егемендікке қол жеткізгеннен бері бұрын онша еленбей, ескерілмей келген кейбір рухани құндылықтарымызды танып-білуге деген ынта-ықылас ерекше күшейе түсті. Қазір отандық түрлі ғылымдарда жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтар туралы ұғым-түсінік жаңа қырынан қаралып жатыр. Осыған орай, М.Әуезов шығармашылығын да қайтадан зерделеп танып-түсіну, талдап-саралау тың сипат ала бастады. Оған ұлы жазушы, жан-жақты ғалым М.Әуезовтің тарихи драмаларына және бірқатар прозалық шығармалары мен ғылыми еңбектеріне жасалып отырылған осы зерттеуіміз мысал бола алады.
Халық зердесі мен түсінігінде ұлт тәуелсіздігін аңсаған батыр ретінде сақталған Кенесары есімі кезінде кеңес үкіметі саяси идеологиясының ықпал-әсеріне байланысты өзінің жеке басының қамын ойлап, хан билігін қайтадан орнатқысы келген, «ұлы орыстық» саясатқа қарсы тұлға деп есептеліп келсе, еліміздің егемендігінің арқасында қалыптасқан қазіргі ұстаным-көзқарас бойынша ол – ұлт тәуелсіздігі үшін күрескен тарихи тұлғаға айналды. Жалғыз ол ғана емес, өткен ғасырлардың өн бойында ұлттық мақсат-мүддені ойлап, өз елінің өркендеп дамуына бүкіл саналы ғұмырын арнаған А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай секілді басқа да ұлт қайраткерлерінің ел үшін еткен ерен еңбектері мен рухани мұралары таным таразысына салынып зерделенуде.
Қазақ әдебиеті мен мәдениеті, тарихы мен дүниетанымы өркендеп дамуында М.Әуезовтің орны ерекше. Себебі, ол да сол кездегі қоғам өміріне белсене араласып еңбек еткен басқа оқымысты-ағартушы күрескерлер сияқты ұлт мұратының баянды болуын армандаған тұлға еді. Ол өзі өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан дәуірдің қилы кезеңдеріне қарамастан, қоғамдық-әлеуметтік өмір шындығын көркем әдебиет тектерінің түрлі жанрларында көркем де шынайы суреттеп қана қоймай, ғылыми еңбектерінде де терең зерделеп, ұлттық тарихи сананы оятуға бар күш-жігері мен шығармашылық әлеуетін жұмсады. Тұлға, халық, дәуір арақатынасын шынайы көркем тілмен бейнелеп, қазақ тұрмыс-тіршілігінің өткен ғасырлардағы көркем галереясын жасады. Оның шығармаларындағы тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғалардың көркем кескін-келбеті ұлттық құндылықтар ретінде бағаланып, ұлттық танымдық мән-мазмұнға ие болады. Өйткені, оның «Хан Кене» трагедиясы, «Бекет» пьесасы, «Абай жолы» роман-эпопеясы, «Абай» драмасы, «Абай» әдеби сценарийі сияқты т.б. шығармаларының әлеуметтік-тарихи сюжеті – біздің тарихи таным көкжиегімізді кеңейтіп қана қоймай, тарихи кезең оқиғалары мен Кенесары, Бекет, Абай сияқты тарихи тұлғалар тағдырын терең пайымдауға негіз болатын рухани мұралар. Ұлы суреткер осы шығармаларда ұлттық мақсат-мүдде мәселелерін көтерумен қатар жалпыадамзаттық мәселелерге де назар аударды.
Ол тарихи материалдарды көркем таным елегінен өткізе отырып, ХІХ ғасырдың орта шеніндегі әлеуметтік және саяси жағдаяттардың көркем суретін жасады. Кенесары бейнесін сомдағанда оның мінезін, психологиясын тарихи дәуір сипатына сәйкес шынайы бере отырып, ол басшылық еткен қозғалыстың сыр-сипаты мен саяси-әлеуметтік мәнмазмұнын ашып берді.
Әдебиеттанудың күрделі мәселесі – шығармашылық процесте өмір шындығы мен көркем шындық арақатынасы болып табылады. М.Әуезов өзінің авторлық тұжырымдамасына сүйене отырып, Кенесарының және басқа да тарихи тұлғалардың көркем бейнелерін нанымды жасады. Көркем бейнелердің нанымды шығуына шындық пен көркем қиялдың үйлесім табуы және автордың көп жылдық ғылыми әрі әдеби ізденісі мүмкіндік берді.
М.Әуезов тарихи тұлғаның бейнесін сомдау арқылы егемендікке қол жеткізудің жарқын жолын көрсетіп кетті. Сондықтан да, оның тарихи драмалық шығармалары – халықтың бүгіні мен ертеңіне керекті рухани құндылықтырды қамтыған рухани мұра болып табылады.
Ол өз өмірін көркем шығармашылыққа арнай отырып, ұлттың елдігі мен еркіндігін, тәуелсіздігі мен дербестігін, мақсат-мүддесін өз бойына жинақтаған әрі ұлттың жарқын болашағын армандаған тарихи тұлғалардың жағымды бейнесін қалыптастырды.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *