МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН — АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ ЖАРШЫСЫ

МӘЛІК ҒАБДУЛЛИН — АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ ЖАРШЫСЫ

Зейнулина А.Ф.
Павлодар қ., С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті
akbura66@mail.ru

Кез-келген ұлттың бүгінгі өркениеттегі даму процесі оның өткен тарихынан, рухани болмыс-бітімінен бастау алады. Алдыңғы ұрпақ жасаған рухани мәдениетті оған жалғас келген екінші ұрпақ берік иеленіп, мұраланып отыруы табиғи заңдылық, ал бұл мұралардың зерттелуі, насихатталуы, өз жағдайында жетілдіре, дамыта отырып пайдалануы екінші ұрпақтың келер ұрпақ алдындағы міндетті борышын өтеуі деп білуіміз қажет. Қазақ Елінің атадан балаға мұра етіп қалдырар қазынасы аз емес. Соның бірегейі қасиетті сөз өнерінің шыңы — айтыс өнері. Айтыс өлеңдерінің әдебиет тарихынан алатын орны мен мәні айрықша. Өйткені, бұл жанр аса бай халық әдебиетінің ертеден-ақ өнімді де арналы жеке бір саласын құрап келген. Тіпті, ол бүгінгі тәуелсіздік алған өмірімізді бейнелеуге де елеулі үлес қосып отыр. Сондықтан бұл жанрдың суырыпсалма дәстүріне қарым-қатынасы мен өзіндік табиғи белгісипаттарын , оның сан ғасырлар бойғы даму, мәтіндік ерекшеліктері мен бүгінгі айтысқа жалғасу жолдарын, айтыстағы шындықтың орны мен көркемдік мәселесін арнайы зерттеу қазіргі қазақ әдебиеттану ғылымының басты міндеттерінің бірінен саналады. Бұл тұста ірі ғалым- зерттеушілеріміз сүбелі зерттеулер жүргізгені де баршамызға белгілі. Бұл қатарда зерттеу қарымы терең, ерекше пікірмен соны жаңалықтармен зерделі пайыммен қарастырған қабырғалы ғалымымыздың бірі — Мәлік Ғабдуллиннің есімі ерекше аталу заңдылық.
Айтыс қазақ даласында негізінен XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап айрықша кең өріс алып, мол серпінмен дамыды. Бұған сол тұстағы қазақтың көшпелі өмірі мен әдет-ғұрып, салт-дәстүрі басты себеп болды. Рас, кітап бастыру мен театр өнері қалыптаса қоймаған елде айтыстың қалың жұртшылық бас қосып ден қоя тыңдап, одан эстетикалық ләззат алатын сауықшылдық сипаты да ерекше еді. Мұның үстіне ол қолма-қол суырып салып айтатын тапқырлық, өткірлік қасиеттерімен де дараланады. Осы ретте фольклорист Мәлік Ғабдуллин айтыс өлеңдерінің мазмұнына, тақырыбына қарай екі түрге бөледі, бірінші – халықтың тұрмыс – тіршілігіне, әдет-ғұрып салтына байланысты туған айтыскер. Екіншісі – шын мәніндегі ақындар айтысы. Бұл соңғы қазақ айтыстарының ең күрделісі бролып табылады деп ерекше тоқталады.
Қазақ халқының тұрмыс –тіршілігіне, әдет –ғұрып салтына байланысты туған айтыстарды мазмұнына қарай бірнеше тақырыптарға бөледі. Солардың ішінде бастылары: «Жар-жар», «Бәдік айтысы», «қыз бен жігіт айтысы», «Дін айтысы», «Жұмбақ айтысы». Бұл арада, қайталау түрінде, «Жар-жар», мен «Бәдік» — айтыс өлеңдерінің ең ескі, алғашқы үлгілерінен саналатындығын ескертеді.
Бұл айтыс халықтың әдет-ғұрып салтына байланысты ойын сауықтар кезінде айтылған және ол ойын-сауыққа жиналған жұртты көңілдендіру, күлдіру, ән мен өлең қызығына батыру негізінде туғандығын зерделей келе, мұның алғашқы үлгілерін белгілі ақын қыздар мен жігіттер шығарғанын жазады. Олар осы айтыстағы өлеңдерін кейіннен өлең айтуға икемі бар, бірақ өздерінің ақындық өнері жоқ жастар жаттап алып, ойынсауық кезінде айтып жүретін болған. Бұл айтысты көбінесе қыздар мен жігіттер бастап, солар айтатын болғандықтан, халық оны «Қыз бен жігіт» айтысы деп атаған.
Қыз бен жігіт айтысы, әдетте, екі жастың амандасуынан басталып, әзіл-
соқпақ, әдемі қалжың ретінде айтыла береді. Онда ақындар айтысқандағыдай үлкен әңгімелер қозғалмайды, ойын-сауыққа жеңіл желпі күдіргі жайлар сөз болады. айтыстың өлеңі ертеде шығарылған және жұртқа таныс, үйреншікті, жаттамалы болғандықтан, оны ойын-сауық үстінде өлең айтуға икемі бар жігіт пен қыздың қайсы болса да орындай береді деп айрықша түсініктеме бере отырып, оның көркемдік поэтикасына терең талдау жасайды. Бұл зерттелім арқылы айтыстың теориялық құрылымына жаңаша көзқараспен пікір білдіріліп, айтыстыдамыту шарттары да қарастырылады.
Фольклорист ғалымның пікірінше, ХVІ – ХVІІ ғасырға дейін қазақ халық тұтасынан бір дінде болмаған, тек ХVІІ ғасырдан бері қарай ислам дінін қабылдап алған. Осы кезден бастап ислам – қазақтардың негізгі діне айналған.
Дін иелері, қожа-молдалар қазақ арасына ислам дінін үгіттеп жаю үшін поэзияны, соның ішінде айтыс өлеңдерін пйдаланғанын айта келіп, олар халыққа түсініксіз дін сөздерін, діни шарттарды кейбір жалдамалы ақындар арқылы ұғындырмақ болған, көпшілікке түсінікті ақындық тілмен діни әңгіме үгіттерін айттырған, не туралы және қалай айтылуы алдын ала ескертіп те қойған. Осының негізінде діни тақырыпқа арналған айтыс өлеңдері туғанын көрсетеді.
Дін айтысы екі ақынның бір-біріне берген сұрау-жауабы түрінде айтылады. Айтыстың негізгі тақырыбы дін әңгімелері, дін үгіті болады, соларға қараңғы халықты иландыру, нандырып, сендіру жағы қарастырылады. Бұл ретте дін айтысы жаңалығы жоқ, бір айтқанын қайталай беретін өлеңге айналады. Дін айтысының үлгісін, мәселен, Болақ пен Елтай дейтін ақындардың мына бір айтысынан көруге болады.

Болақ:
Ақын жігіт атанған, Елентайым, Өнерпаздың өнерпаз білер жайын.
Жауап бер, біразырақ сөз сұрайын: Әуелі не жаратты бір құдайым?

Елентай:
Болық, маған белгілі сенің сырың, Біздерден артық емес айтқан жырың. Бұрынғы даналардан еститінмін, Жер мен көк жаралған елден бұрын.
Осыдан әрі қарай дін әңгімелелері жаңағы екі ақын айтысының негізгі тақырыбы болып келеді. Құдайдың алғашқы жаратқан жер мен көк болса, сол жерді көтеріп тұрған кім деген сұрауға: «Көк өгіз»,-деп жауап қайырады Елентай. Көк өгізді көтеріп тұрған балық, оны көтеріп тұрған су, ал суды көтеріп тұрған бу… деп өлеңге қоса, әңгімесін соза береді.
Мәлік Ғабдулиннің дін айтысы туралы пікірін бүгін де зерттеу өзектілігіне айналдырып, тақырып, жанрлық, көркемдік табиғаты жағынан дамуын жан — жақты қарастыруды қажет етіп отырған мәселе деп санаймыз. Өйткені дін сауаттылығы, діни ұғымдардың жаңа сипатын түсіндіруде осы діни айтыстың мазмұндық мәні терең болу қажет.
Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, әдет-салтанатына байланысты туған айтыс өлеңдерінің тағы бір түрі – жұмбақ айтысы. Бұл айтыста ойын-сауық үстінде, көпшіліктің жинаған жерінде айтылатын болған.
«Жұмбақ айтысы» бүкіл айтыс өлеңдерінің ішіндегі ең қиыны және күрделсі екенін баса айта отырып, ол тапқырлық пен біргірлікке құралатынын ескертеді. Сондықтан мұндай айтысқа түсу үшін ақынның өлеңді суырып салып айту жеткіліксіз. Бұған қоса ақын тапқыр, білгір және тез ойлап, шапшаң жауап беретін болуға тиіс. Сонда ғана ол өзімен айтысқа түсіп отырған ақынның сынау мақсатымен оқыстан берген жұмбағын дұқрыс шеше алатын болады дей келе, бұл үшін жұмбақты берушінің де, шешушінің де әр нәрседен хабары, көп мәліметі болуы шарт деп түйіндейді. Ғалым мысалға Рысжан мен Әсеттің айтысын ала отырып, олардың айтыс үрдісінде ой тапқырлығының, көркем суреттеулерінің қыр — сырына тоқталады.
Әсет Рысжанның бірінші жұмбағын шеше отырып, сол замандағы әкімдерді, болыс-билерді мейлінше жамандайды: «Елубасы – құзғын, старшин – қанаға тояттаған қарғаша, онбасылар – күйкентай» деп көрсетеді.
Рысжанның екінші жұмбағы – адамның дене мүшелері. Мұны да Әсет әдемілеп шешіп береді. Ал үшінші жұмбағында:

Арықтап бір түйе өлді жетіп ажал, Алты батпан бұлы бар безбенге сал. Сүйегі жерден, көктен табылмайды,
Білдің бе, мұның өзі қайда өлген мал?-дейді Рысжан. Бұл Жұмбақты Әсет: Домбыра саған берген бұлбұл екен, Рысжан сөйлер сөзге қырғын екен.
Арықтап оттай алмай өлген түйең,- деп шешеді және «Алты батпан бұл бар» дегені бір жылдағы алты ай жаз дейді. Сөйтіп, ол қыздың барлық жұмбағын табан аузында шешіп шығады, тез ойлап, шапшаң жауап қайырады.
Өз кезінде жұмбақ айтыстарының мәні зор болған. ол ақынның көп ізденуіне, білмегенді білуіне талаптандырған. Олай етпесе, айтыста жеңіліп қалатындығын білген. Мұның өзі кейінде жастардың білімге ұмтылуына әсер еткен деуге болады, — деп қорытындылайды.
Мәлік Ғабдуллин ХХ ғасырдың 20-30-жылдарында халық мұрасын ұлт игілігіне жарату мәселесінің қаншалықты дәрежеде екендігіне барлауталдау жасайды. Бұл мақсатта 1933 жылы қазақтың ұлт мәдениетін ғылыми-зерттеу институты ұйымдастырылғандығы, ұлан-байтақ елімізге арнаулы фольклорлық экспедициялар аттандырылғандығы, мұның нәтижесінде «Батырлар жыры», «Халық поэмалары», «Айтыс», «Жұмбақтар», «Мақал-мәтелдер», «Қазақ совет фольклоры», «Қазақ әдебиетінің тарихы» дейтін мәнді жинақ-зерттеулер жарияланғаны жайында жазып, әдебимәдени жаңалықтарды тізбелейді. Сол кездің өзінде Ғылым академиясында тоғыз мың баспа табақ көлемінде мұра жинақталған. Халықтың өмірі, тұрмыс-тіршілігі, шаруа-кәсібі, салт-дәстүрі, тілі, өнері, рухы, тарихы, болмыс-бітімі, мінез-құлқы, жаратылыс аясы, іс-әрекеті ауыз әдебиетінде барынша сәулеленіп таңбаланған. Ендеше, бұл оқулықта түйдек-түйдек ойпікірлер, мәдени-әдеби әрі тарихи-шежірелік деректер, мәліметтер, жаңалықты құбылыстар, жыраулар мен жыршы ақындар өнернамасына қатысты мағлұматтар, сырлы, «дарынды сөздер», мифтік ұғым-түсініктер ғылыми айналымға қосылған.
Ғалым — педагог Мәлік Ғабдуллиннің «Қазақ халқының ауыз әдебиеті» атты оқулығы (1958) ұлттық фольклортану тарихындағы бірегей үлгілі, үздік озық құбылыс. Қазақстанның жоғары дәрежелі оқу орындарының филология, журналистика факультеттерінің студенттеріне арналған атаулы да айтулы оқу құралы «халықтың ауызша шығарған көркем шығармасы, даналық сөзі, ауыз әдебиеті», Қазақ Елінің мыңжылдық, ғасырлық руханимәдени өмірінің көркемдік энциклопедиясы ретінде үздіксіз қолданылып келеді. Ұлтымыздың тарихи дүниетанымы, ой-санасы, сөз сарасы, көркемдік-философиялық тәжірибесі, ғұрып-салт жүйесі, елдік пен ерлік рухы айрықша көрініс тапқанын, барынша терең танытқанын, ұғынықты, тиянақты, мұнтаздай байыпты түсіндіргенін айту, ұрпаққа насихаттау — ұлттық — азаматтық борышымыз. Сөз өнерінің жауһарын терең зерделеген ұстаз — ғалым, арыстан жүректі батыр, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин Ұлы Қазақ Елінің тарих тұңғиығына, замана сырларына бойлап, барлау жасаған, сөз бен ой мұхитында еркін жүзген парасатты перзенті.

Әдебиеттер:

1. Тебегенов Т.С. Халық ақындары шығармаларындағы әдебиет пен фольклор дәстүрі. – Алматы: Білім, 2001. – 332 б.
2. Ғабдуллин М. Проблема народности қазахского героического эпоса, А., 1953.
3. Ғабдуллин М. Қазақ халқының ауыз әдебиеті, А., 1958.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *