КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАНЫҢ ҰЛТТЫҚ
ҚҰНДЫЛЫҚ РЕТІНДЕ ЗЕРДЕЛЕНУІ

КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ ТАРИХИ ТҰЛҒАНЫҢ ҰЛТТЫҚ
ҚҰНДЫЛЫҚ РЕТІНДЕ ЗЕРДЕЛЕНУІ

Даутова С.Б.
Абай атындағы ҚазҰПУ Әдебиеттану және тіл білімі ҒЗИ директоры, филология ғылымдарының докторы, (Алматы) a730chn@mail.ru

Қазақтың жазба көркем әдебиетінің даму тарихын пайымдауда М.Әуезов шығармашылығының орны ерекше. Ол өзінің «Абай жолы» роман-эпопеясы бастаған түрлі жанрдағы классикалық көркем прозасы арқылы қазақ әдебиетін әлемдік деңгейге қалай көтерсе, драмалық шығармаларымен де сондай елеулі табыстарға қол жеткізді. Әсіресе, оның тарихи тақырыпты игерудегі ізденісі мен көркем шеберлігі, авторлық өмір тұжырымдамасы қазақ тарихи драмасын қалыптастырып дамытуда да айрықша көркемдік биіктіктен көрінді. Оның осы саладағы көркем шығармашылық табыстары өзгелерге үлгі болып, әлем әдебиеті мен мәдениеті аясында тарихи тұлғаны көркем пайымдап ұғынуда қайталанбас дербес құбылыс ретінде әдебиет тарихында қалды.
М. Әуезов өзінің көркем шығармаларында тарихи кезең мен тарихи тұлғаларды қанық бояумен көркем суреттеп бейнелеуі, кейбір әдебиеттанушы ғалымдар айтып жүргендей, жаңашылдық емес. Себебі, бұл дәстүр ұлтымыздың батырлық эпостарында ежелден жарқын көрінген еді. Оның жаңашылдығы сол – өзінің шығармашылықпен айналысқан заман тұсындағы саяси-идеоло-гияның қыспағына қарамастан, қазақ ауыз әдебиеті дәстүрін суреткер-мұрагер ретінде жалғастыра отырып, оны шығарма-шылықпен барынша байытып, әрбір тарихи кезеңнің басты сырсипатын өз бойына жинақтаған тарихи тұлғаларды неғұрлым шынайы көркем бейнелеуінде жатыр. Қазақ драматургиясы жас, бірақ бір ғасырға жетпейтін уақыт ішінде ол үздік пьесаларымен тарихи сананы қалыптастыра отырып, халықтың көркем жазбасына айналды. Қазақ драматургиясының көркем әлемінде отандық тарихтың қиын сәттері, тарихи дамудың жарқын бейнелері көрініс тапты.
Сол себептен де, біздің осы мақаламызда М.Әуезовтің классикалық орыс драматургиясы мәселелеріне арналған ғылыми-сыни жұмыстары мен «Хан Кене» пьесасындағы Кенесары Қасымұлы тұлғасының көркем тұжырымдамасын зерттеп-зерделей отырып, М. Әуезов – А.С. Пушкин – Ф. Шиллер әдеби шығармашылық байланысы мен сабақтастығына алғаш рет ғылыми талдау жасалғалы отыр.
Қазақ тарихи драматургиясының қалыптасып дамуындағы негізгі көркем-эстетикалық үрдістерді талдау және анықтау, тарихи тұлға мәселесін көркемдік тұрғысынан іске асырудағы автор ұстанымының өзгешелігін ашу, әдебиеттің драма тегіне тән ерекше құралдар мен бейнелеу тәсілдерін меңгеру үдерісінде драматург-тардың шығармашылық зертханасының жеке ерекшеліктерін зерделеу – негізгі мақсат-міндеттердің бірі болып табылады.
Тарихи тұлға тұжырымдамасы әдеби және қоғамдық дамудың маңызды үрдістерін білдіретін драманың көркем жетістігі болып табылады. Қазақ тарихи драматургиясында тарихи тұлға әрекеті мен халық қозғалысы көркем-эстетикалық тұрғыдан суреттеліп жатыр. Қазақ драматургтарының көркем санасында тарихи тұлға өткен шақ
категориясы түрінде емес, уақытқа бағынбайтын қазіргі өзекті құбылыс ретінде қалыптасты.
Қазіргі қазақ драматургиясы көп қырлы да көп түрлі. Классика өз өзектілігі мен үндестігін әлі күнге дейін жоғалтқан жоқ. М. Әуе-зовтің «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Хан Кене», «Абайы», Ғ. Мү-сіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы» осы күнге дейін өнер шыңынан түскен жоқ. Қазақ драматургиясында драматизмді күшейтетін және пьеса идеясын қазіргі күн талабына неғұрлым жақындататын басқа бір нышандар пайда болды. Бұл үрдіс Ғ. Мү- сіреповтің «Ұлпанының» мотиві бойынша жазылған пьесада да, С.Жүнісовтің «Абылай хан» кинодрамасында да, Б. Жандарбековтің «Томирис» романы бойынша жазылған тарихи пьесада да, М.Байсеркенің «Абылайдың аманаты» драмалық хикаятында да байқалды.
Қазіргі қазақ драматургиясы үш бағытта дамып келеді. Бірінші беталыс – ұлттық нышанды сақтау дәстүрімен, ұлттық тақырыптама мен проблематиканы бекітумен байланысты. Екінші бағыт – қазақ өнерінің парадигмалық өзгешелегіне негізделген (М. Әуезовтің «Абайы», І. Жансүгіровтің «Исатай-Махамбеті» және т.б.). Бұл бағыттағы жаңалық – шығарманың сезімдік жағына көбірек назар аударылып, дәстүр шеңбері кеңейтіледі, жаңа көркем құралдар пайдалынылады. Үшінші бағыттың тақырыптамасы мен проблематикасы рухани күйзеліс күйін кешкен адамның ішкі әлеміне көңіл аударуда жатыр. Мұндай шығармаларда символикалық бастау, көркем тұжырымдаманың үйлесімдігі мен реттілігі, болмысты философиялық тұрғыдан талдауға талпыныс анық байқалады.
Қазіргі отандық әдебиеттануда көптеген мұрағат көздеріне қол жеткізе алу арқасында бұрын саяси-идеологиялық себептерден тыйым салынған материалдар жарияланып жатыр. Рухани жандану процесінде жаңа есімдер аталып, белгілі деректер жаңа көзқарас тұрғысынан қаралуда. М.Әуезовтің шығармашылығы қазір бұрынғыдан гөрі кеңінен танымал бола түсті. Соның арқасында, яғни өткен ғасырдың 80-ші жылдары ғана жарияланған материалдар негізінде ұлы жазушы тағдырының кейбір қайғылы беттері аян болды. «Хан Кене» трагедиясы осы деректің айқын дәлелі. 1928 жылы жазылып, алты жылдан кейін ғана театр сахнасында қойылды. Қызу пікір-талас тудырған осы шығарманы сахнада қоюға тыйым салынды. «Хан Кене» басылым түрінде алғаш рет 1983 жылы жарық көрді.
ХХ ғасырдың 30-50-ші жылдары М.Әуезовтің «Хан Кене» трагедиясы республикалық басылым беттерінде жарияланған әдеби сынның нысанына айналды. Айтылған пікірлердің бірі бойынша, «Хан Кене» трагедиясына революцияға қарсы деген сипат берілсе, енді біреулерінде драматург шығармашылығының алғашқы кезеңі Кеңес үкіметіне нұқсан келтіретін іс-әрекет деп бағаланды. Пьесаға қатысты пікірлер қарама-қайшылығы, ең алдымен, оның нысанымен, тарихи тұлғаның пайымдалуымен түсіндіріледі.
Кенесары Қасымұлының тұлғасы ХІХ ғасырдың 40-шы жылдар оқиғасын қамтиды. Бұл тұлға – қазақ тарих ғылымында ұзақ мерзімге полемика туғызған тақырып болды. Оған әртүрлі баға берілді: бірінде Кенесары өзінің жеке басының қамын ойлап, хан билігін орнықтырғысы келген тұлға деп есептелсе, басқа бір көзқарас бойынша, ол – ұлт тәуелсіздігін аңсаған батыр деп саналды. Міне, осындай өткен ғасырдың өн бойында болған әдеби дау-дамай, ғылыми пікір-талас бізге бүгінгі заман көзімен шығарманы қайтадан қарап, тарихи-функционалды қырынан зерделеуге негіз болып отыр.
Алдыңғы еңбегіміздің бірінде – «М. Әуезовтің драматургия-сындағы тарихи тұлғаны бейнелеу мәселесінде» біз «Хан Кене» трагедиясының шығу тарихын сөз еткенбіз, бірақ осы еңбегіміздің міндеті мүлде басқа: көркем шығарманың бастапқы авторлық ойына, ақиқатына жету [1;159].
М. Б. Храпченко айтқанындай, «әдеби шығармалардың тарихи өміршеңдігі оқырмандардың әр дәуірдегі түрлі деңгейіне ғана қатысты емес, шығарманың ішкі қасиетіне де байланысты. Олардың мазмұны түрлі тарихи кезеңдерге қарай қаншалықты өзгермелі болса да, ол сырттан келетін дүние емес, ол шығарманың өз бойында» [2;175].
Жаңа әдебиетте М.Әуезовтің орны ерекше, себебі ол тағдыр-талайы қарама-қайшылыққа толы тарихи тұлғаның қоғамдағы орнын көркем бейнелеуге батыл кірісіп, тұлға, халық, дәуір арақатынасын және қазақ ұлтының шынайы тарихи болашағын түсінуге бір қадам жақындады. Оның шығармашылығындағы тарихи бейнелердің көркем жаңаруы дербес мінездемелер шегінен шығып, философиялық мәнге ие болады. «Хан Кене» трагедиясының әлеуметтік-тарихи сюжеті әдебиеттануда әлі де бағаланбаған философиялық түрткілерге толы. Кенесары тағдыры жалпыадамзаттық мән-мазмұнға қатысты ой қозғайды: адам өмірі дегеніміз не, тұлға тағдырын не анықтайды, байлық пен берекеден бас тартқан Кенесары неге, қайда талпынады?
Кенесары бейнесін сомдағанда автор ХІХ ғасырдың орта шеніндегі әлеуметтік және саяси жағдаяттарға сүйенген. Ол – қозғалысты халық қолдауының себебін зерттей келе, Кенесары мінезін, психологиясын терең зерделеген. М.Әуезовтің өзінің айтуынша, пьесаны жазбастан бұрын Орынбордан, Омбыдағы Сібір ведомствосынан, қырғыз-қазақ арасынан көп материал жинаған. Оның пікірінше, әрбір тарихи деректі әркім өзінше пайымдауы мүмкін, бірақ өзіндік тарихи тұжырымдамасы жоқ автор тарихи тақырыпқа шығарма жаза алмайды [3].
Трагедияның тарихи тақырыбы өткенді бірізділікпен баяндауда емес, тарихи негізделген мінездерді бейнелеу арқылы ашылады. Дәуірдің негізгі үрдістерін белгілейтін трагедия бейнелері уақыттың әлеуметтік, экономикалық, саяси-идеологиялық жағдайларына тәуелді. Кенесары – аналитикалық ой иесі. Адамның әлсіз жақтарын біле отырып, ол ірі шонжарларды бір-біріне қарсы қойып, осындай жағдаяттарды өз пайдасына қолдана білді. Кене – өзіне сенімді, айтқаннан қайтпайтын өр тұлға.
Кенесары бейнесінің авторлық тұжырымдамасында драма-тургтің туралығы жатыр. Турашылықты талап ету – драманың тектік қасиеті. Міне, осы талап негізінде дерек пен қиял, шынайылық пен ойдан шығару үйлесім тауып, мінез бен іс-қимылдың нанымды шығуына мүмкіндік берген.
Кенесарының жеңілісін оның жеке мүдделері салдарымен, хан билігі мұрагерінің құқын сақтап қалуға қызу талпынысымен түсіндіруге болар еді, бірақ тартысты осылай түсіндіру шығарма мәнін тарылтып жіберері сөзсіз. М.Әуезов Кенесары тағдырынан оның жеке трагедиясын ғана емес, қоғамның тарихи дамуындағы түрлі үрдістердің қақтығысын көрген болатын.
Пьесаға трагедиялық сипат беретін бас кейіпкердің жеңілісі мен өлімі емес, оның іс-қимылдарының ширақтығы мен қоғамдық маңызы. Автор тұжырымдамасында Кенесары белгілі бір қоғамдық үрдісті іске асырушы, ол үрдіс – мемлекеттік дербестікке ұмтылу. Бірінші актіде Кенені жақтаушылардың мақсаты Жоламан батырдың тәуелсіз мемлекет құру жөніндегі кеңес шешімі туралы сөздерінен белгілі болады. Кенесары: «Киіз туырлықты қазақтың баласы! Сол бір қысылған шағыңда ер деп етегінен ұстағаның менің атам Абылай еді… енді халық дәме қылып мені сайласа, кеудемде шыбын жаным тұрғанда, ақ тілеуіңді ақтармын-ақ! Жетпей жығылсам, көзің көрер. Жолыңда міне, басым, міне, жаным…» [4]. Міне, осы еркіндік идеясына шын берілу негізінде Кенесары халыққа жағымды көрінеді.
М.Әуезов ханның серіктерін, халық өкілдерін, қырғыз батырларын, дулат руының әскери басшыларын, Кенесары Қасымұлына қас ру басшыларын суреттейді. Олардың репликалары іс-қимылдың барған сайын бұқаралық сипат алып, үдей түсетін жалпы көрінісін береді. Диалог арқылы берілетін әртүрлі күштердің арақатынасы түрлі реңге ие болған. Мұндай көп дауыстардың үндестігі, бірінші кезекте, трагедияның композициялық-сахналық үндестігінен туындап жатыр. «Хан Кене» деген атауы арқылы проблематикасы ұшталған Кенесары қозғалысына арналған туындыда әлеуметтік-тарихи, мораль мәселелерінің көрініс табуы, алуан мінезді кейіпкерлердің берілуі пьеса мазмұнына қайшы келмейді.
Тартыстың трагедиялық сипаты, жағдаят дағдарысы, мінездер қызбалылығы рухани-этикалық проблемалардың: жақсылық пен зұлымдық, адалдық пен арамдық, шындық пен өтірік, махаббат пен жеккөрушілік мәселелерінің туындауына алғышарт қызметін атқарды. Себебі, Кенесарының өмірі мен өлімі жеке адам тағдырынан жоғары қойылған. Тарихи тұлға ретінде оның көркем бейнесінің маңыздылығы – тағдырында ғасырдың елеулі сыр-сипаттары мен қарама-
қайшылықтарының айқын көрінуінде жатыр. Міне, осы белгіден трагедия тартысының қоғамдық маңызы анықталып, ол өз кезегінде, суреткерге болмыстың «мәңгі» сұрақтарына авторлық жауап табуына мүмкіндік берді.
Оның осы мақаласында ұлы қолбасшының ажалы туралы мынадай ақпарат беріледі: ұсталған К.Қасымұлын манап Орманға тапсырады. Бір аптадан кейін кеңес үкіміне сәйкес тұтқын Ходжамбек Ташмағанбетовтың билігіне беріледі, оның екі бауыры Кенесарымен ұрыста қаза тапқан болатын. Ташмағанбетов бауырларының кегін алып, Кенесарыны азаптап өлтіреді. Кенесары өмірі осылай аяқталды. Әрине, «Хан Кене» авторы өз кейіпкерінің ажалы туралы шындықты білген болатын. Алайда ол, дәстүрлі кейіпкер өлімімен аяқталатын трагедия жанрының заңын бұзып, осы әрекеті арқылы өз ұстанымын білдірді. Пьеса Кенесарыны қырғыздардың тұтқынға алуымен аяқталады. Өз жеңілісін түсінген хан оқырман-көрермен қауымды өр мінезімен, қайтпас қайратымен таң қалдырады. Сұлтанның ақыры тарих тұрғысынан шынайы көрінеді.
Елу жылға жуық Қасымұлы әулетінің өкілдері жаулап алушылық патша саясатына қарсы бұқара халықтың қарулы күресін басқарып, олардың өз жерлеріне деген құқын қорғады.
Қозғалысты Кенесары басқарған кезең – ұзақ та өшпес күрестің маңызды бөлігі. Кенесары қырық бес жыл ғана өмір сүрді. Оның жиырма бесін өз ұлтының бостандығын шын пейілімен, ақ ниетімен қорғауға арнады. Тарихи және өмірлік шынайылықтың осы қисынында Кенесарының өлімі әрі шынайы, әрі заңды көрінеді. Басты кейіпкердің авторлық тұжырымдамасында пьесаның соңғы сахнасының орны ерекше. Кенесары өліміне қатысты бірнеше дерек бар, оларда ханды кім ұстап бергені және қалай өлтірілгені туралы мәлімет әртүрлі. Кенесары сұлтанның соңғы ұрыстары жөніндегі неғұрлым сенімді мәліметтер оның баласы Ахмет Кенесарин мен қара қырғыз Қалиғұлла Әлібековтың әңгімелері бойынша жазылған К. Степняктың «Кенесары өлімі» мақаласында берілген [5]. Егер автор Кенесарыны қажыған, жеңілген түрде көрсетсе, жағдаят шынымен де қайғылы сипатта болар еді. Бірақ кейіпкердің жан күйзелісінің, ізденісінің мәні қандай болмақ? М.Әуезов Кенесары трагедиясын мақсаттың орындалмауымен ғана емес, ханды замандастарының түсінбеуімен, одан алыстауымен түсіндіреді. Оны түсінбеген тек оған әлеуметтік жағынан теңесетін, не теңеспейтін замандастары ғана емес, ол өмірден озғаннан кейін сол замандастарының ұрпақтары да түсінбей қойды.
Тарих ғылымында қазіргі кезеңге дейін осы мәселе өз өзектілігін жоғалтқан жоқ. Көп жағдайда Кенесары хандық билікті белсенді қорғаушы ретінде пайымдалды. Оның арманын аяққа таптағандар – билік пен ақша үшін онымен бәсеке-тартысқа түскен сұлтандар мен ру басшылары және оған жақын адамдар. Трагедияда жалғыздық, түсінік таппау, қастандық жасау мотиві бірнеше рет қайталанып келеді. Бұл тақырыптама Мұса, Бопай, Наурызбай, Бұғыбай және т. б. бейнелермен тығыз байланысты.
«Бірақ мені жыққан сол жауыздар жұртты қоса жыққанын ұғар ма екен?! Ойлар ма екен?!», – деген жан айқайында автордың да үні естілгендей. Кенесары тағдырының қасіреті жарқын тұлғаның қоғамдық маңызды мақсатқа қол жеткізе алмай жеңілуінде, себебі оның уақыты өткен, оның тағдыры жеке тұлға қасиеттеріне тәуелді емес, ол – тарих барысымен анықталады.
Кенесары қасіреті жоғары мақсатқа талпына отырып, әрбір пендеге тән рухани күйзелістен арыла алмауында. Міне, осылай драматург бостандық идеалына талпынған ұлы күрескер мен үмітін үзбей ізденіс жолына түскен пендені бір бейненің бойынан табады.
Жазушы көркем ойды түрлендіргенде драматургия мүмкін-діктерін түбегейлі жаңа құрал-әдістермен байытады. Мысалы, «Хан Кененің» қайғылы соңғы актісі жау кернейлерінің дауысымен үндеседі. Олар бірінші рет 4-ші қимылда Кенесары Наурызбай тағдырын шешерде келтірілген болатын. Жас батыр жазаның орнына жаулармен күрестегі өлімді таңдайды.
Кезінде трагедияның басты кейіпкері және кейіпкер туралы драматург тұжырымдамасы қатты сынға алынды. Өткенмен өшпес идеологиялық күрес жағдайында, рухани тамырларын қажетсінбеген жаңа қоғам кезінде туынды өткенді мадақтау, оны қорғау талпынысы деп қабылданды. Тарихи тұлғаның көркем бейнесі, мінез қарама-қайшылығын сенімді суреттеу, дәуір рухын түсіне білу, жағдаятты кейіпкер көзімен көру – міне, осының бәрі Кенесары туралы драматург пікірін негізгі және жалғыз білдіруші ретінде бағалауға мүмкіндік берді.
Алайда автор ұстанымы туындының басты кейіпкерін көркем бейнелеумен шектелмейді. Автор ойын, пьесаның идеялық семан-тикасын
Кенесары бейнесіне теңеу драматургтің көркем өрісін тарылту болып шығар еді.
Кенесарыға, оның мақсаттарына деген халықтың пікірін М.Әуезов ерекше көрсетеді. Бұқара халық ханына күдікпен қарайды.
Ұлт мемлекеттілігі тарихында Абылайдың қызметі ешбір күдік туғызбаса, саяси дербестікке ұмтылған, Абылай жолын жал-ғастырған Қасымұлы әулетінің маңызы да соншалықты анық болуы тиіс. Көп жылдарға созылған қызу пікір-таласқа қарамастан, тарихшылардың Кенесарыға және ол басқарған қозғалысқа қатысты көзқарасы айқындалды. Кенесары – ұлт тәуелсіздігіне бағыт алған саясатты жалғастырушы, мемлекет құрылымын бекітуге талпынған қайраткер. Ол – үш жүзді біріктіруді, қабілетті әскер құруды, жоға-ры билікті бекітуді мақсат еткен болатын.
Бірақ идеологиялық ұстанымдарға сай хандар халық жауы деп жарияланып, олардың жағымды әрекеттері әрқашан жасырылып, бұрыс шешімдері мен теріс іс-әрекеттері асыра әсерлі беріліп отырды. Мұның өзі өз кезегінде өтпелі дәуірдің қоғамдық санасына күдік пен сенімсіздік туғызды. Бұл жай «Хан Кене» пьесасындағы халық өкілдері үнінен нақты білінеді. Міне, осылай тура (объективті) және субъективті сәттер тоғысында шығарманың тарихи-функционалды басымдылығы анықталып, Кенесары туралы шындықпен қатар «Хан Кененің» өз шындығынан тұратын көп қырлы ақиқат түсінілмей, қабылданбай қалды.
М.Әуезов жаңашылдығы оның көркем-идеялық ізденісінде, ізденіс жолында ол тарихи дәуірдің диалектикасы мен қарқынын білдіретін бейнені сомдады.
Бүгінгі таңда қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи қилы кезең мен тарихи тұлғаның көркем тұжырымдамасы проза мен поэзия материалдары негізінде белгілі бір дәрежеде зерттелгенімен, қазақ драматургиясы мәселелері ретінде әлі күнге дейін аз қарастырылып келеді. Сол олқылықтың орнын толықтыра түсуге қазақ тарихи драмалары материалдары негізінде орындалған осы жұмысымыздың септігі тиер деген ойдамыз.

Пайдаланған әдебиеттер:

1 Даутова С.Б. «Проблемы изображения исторической личности в драматургии М.Ауэзова». – Алматы: 1990.
2 Храпченко М.Б. Жизнь в веках: внутренние свойства и функции литературных произведений // Храпченко М.Б. Художественное творчество, действительность, человек. – Москва: Сов. писатель, 1978. – 366 с.
3 Ауэзов М.О. За пролетарский интернационализм в казахской драматургии // Еще раз о «Хан Кене». – Казахстанская правда, 1934. 10 июля. 4 Әуезов М. Хан Кене // 20 т. шығ. жин., 14-том. – Алматы: Жазушы:
1983. –313-369 б. 5 Степняк К. Смерть Кенесары // Простор, 1993. №10. – 213-217 с.
6 Казахско-русские отношения в XVI-XVIII в. (Сборник документов и материалов). – Алматы: АН Каз ССР, 1961.– 743 с.
7 Середа Н. Бунт киргизского султана Кенисары Касымова // Вестник Европы. Кн. VIII- IX, 1870.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *