КОНЦЕПТ – МЕНТАЛЬДІ ЛЕКСИКОН
Амренова Р.С.
Ш.Уәлиханов атындағы КМУ
Қазіргі лингвистиканың антропоцентристік парадигмасы лингвистикалық зерттеулерді қоршаған ортаның тілдік концептуализациясының этномәдени ерекшелігін, тілдік таным, білім мен ойлау қызметін есте сақтау, жеткізу және интерпретациялау сияқты когнитивтік үдерістерді зерделеуге бағыттайды. Антропоцентристік парадигма мәселелері аясында когнитивтік лингвистика, лингвомәдениеттану, психолингвистика және т.б. лингвистикалық зерттеулердің жаңа бағыттары қалыптасып, дамуда.
В.А.Маслованың пікірінше, антропоцентристік парадигма аясында қалыптасқан қазіргі лингвистиканың негізгі бағыттарының бірі «адамның мәдени факторына бағытталатын» (В.Н.Телия) когнитивтік лингвистика болып табылады [1; 8].
Когнитивтік лингвистика когнитивтік когнитология саласын құрайтын психология мен когнитивтік социологиямен бірлесе отырып адам санасы қалай ұйымдастырылған, адам әлемді қалай таниды, әлем жайлы алған мәліметтің қайсысы білім ретінде қалыптасады, ментальді кеңістік қалай қалыптасады деген сұрақтарға жауап беруге тырысады.
Әлем бейнесі, әлемнің тілдік бейнесі, зерттеу нысаны концепт болып табылатын концептуалдық талдауға байланысты отандық ғалым Э.Д. Сүлейменова былай деп түйіндейді: «Жекелеген сөздер немесе анықталған лексика-семантикалық топтар семантикасының әр алуандығына қарамастан, бұлардың барлығы әлем бейнесінің тек үзінділері, жұғындылары. Әлем бейнесі – бұл танымдық когнитивтік феномен, ол жекелеген сөздердің мағыналарынан я олардың мағыналық жиынтығынан құралмайды. Әлем бейнесі, сондай-ақ бөлініп алынған ірі тілдік бірліктерде де тұтас көріне алмайды. Әлем бейнесі глобалды мәтіндерде, қоғам тарапынан туындайтын және қоғам тарапынан туған барлық мәтіндердің жиынтығында көрініс береді. Әлем бейнесі ұғымы өз мәнісінде тұтастық, бүтіндік сипатты қамтиды, сондықтан ол тілде адамдардың ұзаққа созылған қарым-қатынасы актісі ретінде тек мәтіндер түрінде жүзеге асырылуы мүмкін» [2; 90].
Кез келген жаңа қалыптасып, дамып келе жатқан ғылым бағыттарында кездесетін көптеген қарама-қайшы көзқарастар, пікірлер когнитивтік ғылымда да баршылық.
Осы саланы зерттеуші ғалымдар З.Д. Попова мен И.А. Стерниннің пікірінше, когнитивтік лингвистика – қазіргі әлемдік лингвистикалық ғылымның бетке ұстар саласы ретінде белсенді дамып келе жатқан лингвистикалық бағыт. Сонымен қатар бұл сала жаңа дамып келе жатқандықтан, теориялық тұрғыдан да, практикалық зерттеулер жүргізу тұрғысынан да, зерттеу әдістеріне байланысты да дискуссия тудыратын тұстары баршылық [3; 5].
В.Маслова «когнитивтік лингвистиканың негізгі түсініктері – ақпарат және оның адамның ақыл-ойы арқылы өңделуі жайлы түсінік, білім құрылымдары және олардың адам санасы мен тілдік формада репрезентациялануы жайлы түсініктер» – деп тұжырымдама жасайды [1;
8].
«Когнитивистикада адам когнициясына басты назар аударылады, көзге түскен іс-әрекеттер ғана емес, олардың ментальдік репрезентациялары, ішкі көріністері, модельдері, тілдегі когнитивтік модель ретіндегі символдың түрлері, адамның стратегиялары да зерттеледі, олар білім негізінде іс-әрекеттерді туындатады, яғни адамның когнитивтік дүниесі, оның жүріс-тұрысы мен қызметі бойынша зерттелінеді. Адамның жүрістұрысы, қызметі ойлау негізі тілдің белсенді түрде қатысуымен жүргізіледі, адам қызметінің мотивтері мен қондырғыларын қалыптастырады, нәтижесін болжайды» [4; 7].
Демек, когнитивтік лингвистика тілдік таңба арқылы тілдегі кодталған ақпараттарды ашу әрекетін іске асырады. Концептілер «білімнің кейбір кванттары», тілдік сананың вербалданған бірліктері, этникалық дүниетаным ретінде қызмет атқарғандықтан, әрине, когнитивтік табиғатқа ие.
«Концептілерді когнитивтік аспектіде зерттеу маңызды болып табылады, өйткені тілді, тілдік фактілерді когнитивтік тұрғыдан зерттеу тілдің адаммен, оның интеллектімен және ақыл-ойымен, барлық ойлау және танымдық үдерістерімен, олардың негізін құрайтын механизмдер мен құрылымдардың қарым-қатынасының перспективасын көрсетеді», – дейді Е.С.Кубрякова [5; 3].
Н.Д.Арутюнова әлемнің идеалданған моделіне «бар дүниені де, адамның мақсатын да, оның қабылдайтын дүниесін де, оның қажет ететін дүниесін де, оның жасайтынын да, оның іс-әрекетін де, ең бастысы, адамның өзін толық соған енгізеді [6; 59].
Көпмөлшерлі құрылым компоненттері адаммен байланысты, яғни концептінің құрылымында антропоцентризм идеясын білдіретін басымдығы мол адам факторы орын алған. Кез келген концептінің мазмұнды және мағыналы құрылымында адамның орны нақты немесе кез келген нысанға қатысы арқылы көрініс тапқан, эксплицитті немесе имплицитті қатысады, өйткені тілде адамның «болуы» міндетті.
Демек, әлемнің тілдік бейнесі құрамында және әлемнің идеалданған моделінде заңды түрде антропоцентризм орын алған, өйткені концепт әлемнің тілдік бейнесі құрылымының базалық негізі болып табылады. Лингвоментальді бірліктер болып табылатын концептілерді когнитивтік тұрғыдан интерпретациялау тілдің, сана мен мәдениеттің тереңде жатқан байланысын толық ашып зерделеуге мүмкіндік береді.
Соңғы 50 жыл ішінде концепт және оның туындылары ең кең қолданыстағы және қарама-қайшылыққа толы термин ретінде
қарастырылып жүр. Когнитивтік лингвистика ғылымында концепт негізгі түсінік болып табылады. 20 ғасырдың 90 жылдарынан бастап лингвистикалық мәдениетте концепт түсінігіне әр түрлі атау беріліп келді: «концепт» (Н. Д. Арутюнова, С. А. Аскольдов-Алексеев, Д. С. Лихачев, Ю. С. Степанов, В. П. Нерознак, С. X. Ляпин), «лингвокультурема» (Воробьев
В. В.), «мифологема» (М. Лехтеэнмяки, В. Н. Базылев), «логоэпистема» (Е. М.Верещагин, В. Г. Костомаров, Н. Д. Бурвикова). Алайда, аталған терминдердің ішінде «концепт» термині ең жиі қолданыс тауып, өміршеңдігі практика жүзінде дәлелденіп отыр. Концептінің мазмұнына байланысты түрлі мектептер мен кейбір зерттеушілердің көзқарастарына байланысты түрлі концепциялар пайда болды (Д. С. Лихачев, Е. С. Кубрякова, Степанов, Соломоник, Колесов, Ляпин, В. И. Карасик, А. А. Залевская, В. В. Красных, З.Д. Попова, И.А.Стернин, М. В. Пименова және т.б.). Осыған байланысты концептіге берілген анықтамалар да әр түрлі.
Концептілердің табиғаты өте күрделі, сондықтан концептілерді зерделеу мен айқындау әр түрлі тұрғыдан қарастырылады. Мысалы, В.А.Маслова концептіні бірнеше тұрғыдан қарастыруға болатындығы жайлы айтады: «Қазіргі лингвистикада концептіні ортақ қағидаға негізделген (концепт – түсініктің мазмұнын атайды, түсініктің синонимі) үш негізгі тұрғыдан қарастыруға болады. Зерттеушілердің бір тобы (өкілі – Ю.С.Степанов) концептіні зерделеуде мәдениеттану аспектісіне көп көңіл бөледі, мәдениет концептілер жиынтығы және олардың бір-бірімен қарым-қатынасы ретінде түсініледі. Демек, концепт – адамның ментальді әлеміндегі мәдениеттің негізгі ұяшығы. Олар ұжымдық тілдік санада негізгі орын алады, сондықтан оларды зерттеу өзекті мәселелердің бірі болып табылады. В.Н.Телияның пікірінше де «концепт – нысан жайлы білетін барлық ақпарат». Бұл жерде тілдің қызметі екінші орында болады да ол тек қана көмекші құрал, мәдениет бөлшегінің тілдік формаға айналу формасы болып табылады.
Екінші топ ғалымдары (Н.Д.Арутюнова және оның мектебі, Т.В.Булыгина, А.Д.Шмелева және т.б.) концептіні қарастыруда тілдік белгінің семантикасы концепті мазмұнының қалыптасуында жалғыз тәсіл деп есептейді. Концептіні когнитивтік семантиканың бірлігі деп түсініп, семантикалық тұрғыдан зерттеу көзқарасын Н.Ф.Алефиренко да ұстанады.
Үшінші көзқарас өкілдері Д.С.Лихачев, Е.С.Кубрякова және
т.б.концепт тікелей сөздің мағынасынан туындамайды, сөз мағынасының жеке адам мен халық тәжірибесінің ұштасуының нәтижесі болып табылады, яғни концепт сөз бен нақты өмірдің дәнекері болып табылады деген пікір айтады.
«Концептілерді лингвокогнитивтік және лингвомәдени тұрғыдан зерттеу бір-біріне қарама-қайшы келмейді, керісінше, бір-бірін толықтырып отырады, өйткені бұлар сөз бен оның мағынасының қосылуы, сөздің мәдениетті түсінудің кілті ретінде мәдени контекске енуі сияқты бір психоментальді үдерістің екі фазасынан көрініс беретін бір құбылыстың екі жағы. Бұл екі бағыт жеке адамға қатысты векторлармен ерекшеленеді: концептілерді лингвокогнитивтік тұрғыдан зерделеу жеке санадан мәдениетке қарай бағытталуды қарастырса, лингвомәдени концепт – мәдениеттен жеке санаға бағытталу мәселесін зерделейді» деп түйіндейді Ю.С.Степанов [7; 7].
А.Вежбицкая: «концепт» ұғымы адамзат баласының ғалам туралы жинақталған мәдени ұғымдары бейнеленген және ғаламның тілдік бейнесін көрсете алатын атау ретінде танылады» [8; 85] десе, В.В.Колесов концептіні мағынаның «ішкі формасына» теңестіріп қарайды [9; 52-57]. Н.С.Новикова мен Н.В.Черемисина «концепт» сөзін былай түсіндіреді: «Тіл білімінде «ұғым» сөзі дәстүрлі түрде қолданылса, «концепт» термині салыстырмалы түрде лингвистикалық терминология саласына жуықта ғана еніп, жалпы және идиоэтникалық қарым-қатынасқа қызмет ететін тілдегі сөз – ұғымдарды білдіреді [10; 40-49].
А.Вежбицкая концептіні адамның «Нақты өмір» әлемі жайлы мәдени қалыптасқан бейнесінен көрініс беретін, атауы бар «Идеалды» әлемнің нысаны деп түсінеді.
Р.М.Фрумкина концептіге мәдениет категориясында рефлектенген вербалданған түсінік деген анықтама береді.
В.Н.Телия концепт – адам ойының жемісі және тек қана тілдік емес, жалпы адам санасына тән идеалды құбылыс және бұл – өзінің тілдік мағынасы мен тілден тыс білімі арқылы реконструкцияланатын конструкт деп есептейді. [11;34-35].
И.А.Стерниннің пікірінше, концептілер сана бірліктері болып табылады. Концептілер аясы ұғымы когнитивтік лингвистиканың маңызды түсінігі ретінде түсініледі. Концептілер аясына білім саласының бірліктері ретінде қалыптасқан концептілер жатады Демек, И.А.Стернинің пікірінше, концептілер аясы – халықтың реттелген концептілер жиынтығы, ойлаудың ақпараттық базасы [11; 59].
Академик Д.С.Лихачевтің анықтамасы бойынша концептілер аясы ұлттық концептілердің жиынтығы болып табылады. Халықтың
концептілер аясы тілдің сөз мағынасында берілетін семантикадан кең ұғым. Ұлттың мәдениеті, халық ауыз әдебиеті, яғни фольклор, әдебиеті, ғылымы, бейнелеу өнері, тарихи тәжірибесі, діні бай болса, халықтың концептілер аясы да бай болады дейді академик Д.С.Лихачев [12;5]. Концептілер де, концептілер аясы да – ментальді, көзге түспейтін, жасырын ақпаратқа негізделген құбылыс.
В.В.Красных когнитивтік кеңістік терминін қолданып, жеке когнитивтік кеңістік (кез келген тілдік тұлғаға тән білім мен бейнелердің құрылымдық жиынтығы) және ұжымдық когнитивтік кеңістік (кез келген социумға кіретін барлық тұлғаларға тән білім мен бейнелердің құрылымдық жиынтығы) деп екі топқа бөледі. Осы тұрғыдан жеке және ұлттық концептілер аясын жіктеп алу қажеттілігі дау тудырмайтын мәселе. Сонымен қатар В.В.Красных кез келген ұлттық -мәдени менталитет иелерінің бәріне тән ұлттық-лингвомәдени қауымдастықтың қажетті және міндетті білім мен ұлттық-детерминацияға ұшыраған бейненің құрылымдық жиынтығы деп түсінілетін когнитивтік база түсінігін ұсынады.
И.А. Стерниннің пікірінше, шын мәнінде, білімнің базалық стереотиптік ұяшығы немесе халықтың когнитивтік базасы болады, алайда ол жеке концептілер аясында лингвомәдени қауымдастықтың барлық мүшелеріне белгілі бір бөлшегі ретінде ғана айқындалады.
В.А.Маслова «дүние жайлы ақпараттың үлкен бөлігі адамға лингвистикалық арналар арқылы келеді, сондықтан да ол заттар мен құбылыстар әлемінен гөрі, интеллектуалдық, рухани, әлеуметтік қажеттіліктер үшін жасалған концептілер әлемінде өмір сүреді. Ақпараттың орасан көп мөлшері адамға сөз арқылы жетеді және оның қоғамдағы жетістігі сөзді қаншалықты жақсы меңгергендігіне байланысты» [4; 3] болады деп тұжырымдайды.
Е.С.Кубрякованың ойынша, концепт – ментальді лексикон, есте сақтаудың, мидың концептуалды жүйесінің, адам психикасында көрініс тапқан барлық әлем бейнесінің мазмұнды бірлігі [5].
Ю.Д.Апресян мынадай қағидаларға негізделген концептінің төмендегідей теориясын ұсынады:
1) кез келген табиғи тіл әлемді қабылдаудың нақты бір көрінісін бейнелейді; онда көрініс тапқан мағыналар көзқарастардың бірыңғай жүйесі, тіл арқылы барлық тіл иелеріне ұсынылатын ұжымдық философия ретінде қалыптасады;
2) тілге тән әлемнің концептуалдануы әмбебап та, ұлттық ерекшелікке ие де болуы мүмкін;
3) әлемге деген көзқарас қарапайым, яғни әлемнің ғылыми бейнесінен ерекшеленеді, алайда олар қарапайым көрініс емес [13; 39].
Е.С.Кубрякова концепт ұғымын кең философиялық көлемде қарастырып, бейнелер әлем суретінің үзіктеріне сәйкес келіп, адам үшін олардың елеулі белгілерін қорытып береді деген пікір айтады. Мұндай мәндер, сол бейнелермен бірге, біздің санамыздың бірліктеріне – концептілеріне айналады деп тұжырымдайды [14].
Концепт, В.А.Маслованың пікірінше, жанды білім, яғни динамикалық функционалды бірлік – вербалды және бейвербалды тәжірибенің қайта өңделген өнімі және де кез келген білім ретінде ол өзгеріске ұшырайды, тұрақсыз, көзге түспейді.
Концептілерді талдау барысында мәдени құбылыстың, ұғымның немесе мәдени қабат айқындалады және сөздерді мәдени құбылыс ретінде қарастыру арқылы олардың грамматикасы мен семантикалық құрылымы талданады.
Н.К.Рябцева: «Концепт логикалық ұйымдасқан динамикалық құрылымнан тұрады. Концепт (санадағы ескі және жаңа ақпараттар) уәжделген және өңделіп ұсынылған өнім [15; 74].
М.В.Никитин концептіні «таңба арқылы танылған ұғым» деп сипаттаса [16; 150], С.Г.Воркачев: «Мәдени концепт – тілдік бейнесі және этномәдени ерекшелігі бар ұжымдық білім» [17;48] деп тұжырымдайды.
А.Исламның пікірінше, «Концепт дегеніміз – этномәдени санада сақталған, белгілі бір ұлттың ұрпақтан-ұрпаққа берілетін ықшам, әрі терең мағыналы шындық болмыс, ұлттық мәдени құндылықтары жөніндегі сан ғасырлық түсінігін білдіретін құрылым» [18; 15].
Демек, концептінің басты белгілерінің бірі – оның мәдени реңкінің болуы. Сондықтан ол ұлттық ерекше дүниетанымды түсінуде басты компонент болып саналады. Концепт тілдік термин ретінде әр түрлі аспектіде зерттеледі. А.Б.Әмірбекова концептілерді былай топтастырады: 1) Лингвомәдениет танымдық аспектіде концепт – ақиқат дүниенің санадағы мәдени, рухани, этикалық, әлеуметтік танымын айқындайтын бірлік ретінде танылады [Н.Д.Арутюнова, А.М.Мороховский, Д.С.Лихачев т.б.].
2) Психолингвистикалық аспектіде концепт – ақиқат дүние туралы псхикалық қабілеттер (қабылдау, жадыда сақтау, көру, есту, ұғыну, сезу) арқылы қабылданған алғашқы ментальді түсініктер ретінде танылады [Р.И.Павиленис, Дж.Келли, Дж.Каган].
3) Лингвокогнитивтік аспектіде концепт – ақиқат дүниенің санада жанжақты жинақталып, тұжырымдалған ақпараттары мен когнитивтік семантикасы арқылы танылған көрінісі [19;20]. Ол, сондай-ақ, концептілерді санада танылу деңгейіне, ақиқат дүниенің болмысы мен өзіндік ерекшелігіне қарай метафизикалық, ұлттық -мәдени, эмоционалды деп үш топқа бөліп қарастырады: «Ұлттық-мәдени концептілер тек ұлттық танымда ғана жан-жақты ақпаратпен жүйеленіп, сол ұлттың мәдени құндылығын көрсететін концептілер (дала, көш, домбыра, қамшы, тары)
[19; 22].
Бабушкин А.Л. концептілерді концепт-схемалар, концептгиперонимдер, концепт-фреймдер, концепт-сценарийлер, концептинсайттар, концепт-калейдоскоп деп жіктейді [20; 30].
Зерттеуші Н.Уәлиұлы концептілік құрылымдарды сипаттайтын мынадай терминдерді ұсынады: 1) қарапайым форма (фрейм); 2) күрделі форма (скрипт); 3) оқиғалы форма (сценарий); 4) сызбалы форма (схема); 5) бейнелі форма (ой сурет).
Ш.Елемесова «концепт» термин түсінігін үш топқа бөліп жүйелейді:
1. Концепт ұғымға синоним ретінде қолданылады.
2. Концепт – тіл иесі халықтың жеке тұлғаның (индивидуалдық) және ұжымдық санасындағы ұғымдардың орнын алмастырушы.
3. Концепт салт-дәстүр, ауыз әдебиеті үлгілері, дін мен идеология, адамның өмірлік жеке тәжірибесі мен мәдени маңызды құндылықтар жүйесінің өзара әрекетінің нәтижесінде қалыптасатын «әлем бейнесінің» ментальді құрылымын көрсетеді [21; 94].
Академик Д.С.Лихачев «концептілер аясы» терминін енгізіп, концепт – алғашқы ментальді түсінік және рухани мәдениет сөздері сияқты бөліктерден тұрады деген пікір айтады [12; 7]. Академик Д.С.Лихачевтің анықтамасы бойынша концептілер аясы ұлттық концептілердің жиынтығы болып табылады. Халықтың концептілер аясы тілдің сөз мағынасында берілетін семантикадан кең ұғым. Ұлттың мәдениеті, халық ауыз әдебиеті, яғни фольклор, әдебиеті, ғылымы, бейнелеу өнері, тарихи тәжірибесі, діні бай болса, халықтың концептілер аясы да бай болады дейді академик Д.С.Лихачев [12;5]. Концептілер де, концептілер аясы да – ментальді, көзге түспейтін, жасырын ақпаратқа негізделген құбылыс.
Демек, И.А.Стернинің пікірінше, концептілер аясы – халықтың реттелген концептілер жиынтығы, ойлаудың ақпараттық базасы. Жеке тұлға мен қоғамның когнитивтік бейнесінде концептілер аясының рөлін тиісті деңгейде бағалау өте маңызды.
Сонымен, концептілердің зерттелуіне байланысты жер жүзі ғалымдарының концепт жөніндегі ой-пікірлері бір-бірімен үндес, кейде қарама-қайшылықты, қызғылықты, алуан түрлі екендігі байқалады. Әлемдік ғылымда концептінің зерттелуінің ұзаққа созылған тарихының қалыптасуы, бүгінгі күнге дейін аталған тақырыпта сан алуан көзқарастағы ғылыми еңбектердің өмірге келуі, бұл құбылыстың күрделілігін дәлелдей түседі.
Барлық берілген анықтамаларда бәріне ортақ белгі ретінде концептінің дискретті, мағыналық жағынан маңызды бірлік, халықтың мәдениетінен мәлімет беретін ойлау және есте сақтау бірлігі екендігі аталады. Ғаламның тілдік бейнесіне концептілердің қатысын түсіндіруде жан-жақты білім мен ой қуатының күштілігі қажет. Әлемдік ойлауда концептіні, оның ғылым тілінде термин ретінде қолданылуына қатысты пікірлер әр түрлі екендігі аңғарылады. Ойлау мен тілдің, тіл мен танымның, тіл мен сананың бірлігі тілдің кумулятивтік қызметі үдерісіндегі семантикалық өзгерістердің сипатына жаңа бір қырынан қарауға, концептілік мәнге ие доминантты жасау үдерісінде, тілдік ойлаудың дамуы мен қалыптасуының табиғи механизмі ретінде қарастыруға болатындығы анықталып отыр.
В.фон Гумбольдтің пікірінше, «тіл – сыртқы құбылыстар әлемі мен Адамның ішкі дүниесі аралығындағы әлем». Ғалымның осы тұжырымдамасын басшылыққа ала отырып, ғаламды тек тілдің көмегімен ғана терең түсінуге, яғни концептілеуге болады деп айта аламыз. Өйткені адам санасындағы әлем бейнесі өзінің болмыс бітімі жағынан алуан түрлі. Ғалам бейнесі тілде концептілер арқылы көрініс тауып, сөздің негізінде таңбаланып, өзара тілдік қатынасқа түседі.
Концептілерді мәдени мағына, түрлі көзқарастар, эстетикалық құндылықтарға ие күрделі ментальді бірлік ретінде қарастыруға болады. Концептілерді ұлттық мәдениет феноменінің проекциясы, сонымен қатар ұлттық әлемнің тілдік бейнесінде вербальді репрезентацияланатын ментальді бірліктер ретінде тілдік тұрғыдан қарастыруға болады. Концептіні зерттеу арқылы, біріншіден, нақты бір тілге тән салаға және тіл иесінің дүниені тану мәселесіне баруға болады. Екіншіден, концептілердің бірегейлігі тілдік әлем бейнесі фрагменттерін, әрі қарай әлем бейнесі фрагменттерін сипаттауға әкелетін кілт ретінде танылады. Бұл әзірге концептілердің тілдік формасын жамылған тілдік әлем бейнесінің барлық күрделенген эксплицитті және имплицитті мазмұнын ескере отырып сипаттауға мүмкіндік беретін жалғыз тәсіл ретінде аталады. В.А.Маслова: «….бұл нақты бір этномәдени иелерін сипаттайтын лингвомәдени ерекшелік тән семантикалық бірлік. Концепт этникалық дүниетанымды бейнелей отырып, этникалық тілдік әлем бейнесін таңбалайды және «тіршілік шаңырағын» (М.Хайдеггер бойынша) құру үшін «негіз» болып табылады. Сонымен қатар бұл – адамның барлық
қызметінен көрініс беретін небір білім кванты, концепт сөз мағынасынан туындайды, сөздің сөздіктегі мағынасы мен жеке адамның және халықтың тәжірибесінің (Д.С.Лихачев бойынша) ұштасуының нәтижесі болып табылады. Ол эмоционалдық, экспрессивтік, бағалауыштық белгілермен байланысты [4; 36]. Осы анықтамада көрсетілгендей, концепт күрделі, онда адам білімінің, тұрмыс-тіршілігінің, мәдениетінің түрлі саласы мен парадигмасына жататын түрлі деңгейлер мен параметрлерді анықтауға болады. Мазмұны жағынан концепт өте бай, өйткені концепт түсініктер, бейнелер және құндылықтар ретінде көрініс табатын адам қызметінің нәтижесін бейнелейді. Концептіде қоғам мен жеке тұлғаның материалдық (тұрмыстық, шаруашылық), мәдени (эстетикалық, рухани, көзқарастық) өмірінде түрлі дереккөздер мен салалар көрініс табатын жеке тұлғалық, ұжымдық, ұлттық, жалпыадамзаттық тәжірибе орын алады. Әлем бейнесі, тілдік әлем бейнесінің қарама-қайшы гносеологиялық мәнін қабылдай отырып және осы модельге сай қоршаған ортаны тану үдерісінде тілдік әлем бейнесінің орны мен рөлін анықтай келе, тілдік әлем бейнесі мәселесін зерттеу тәсілі ретінде көптеген зерттеулерде апробациядан өткен концептіні зерделеу маңызды болып табылады.
Әдебиет:
1 Маслова В.А. Лингвокультурология: учеб. пособие для студентов высш.учеб.заведения. – М.: Издательский центр «Академия», 2001. – 208 б. 2 Сулейменова Э.Д. Знание языка: «языковая картина мира» // Казахский и русский языки: основы контрастивной лингвистики. – 2-е изд. – Алматы: «Демеу», 1996.
3 Попова З. Д. Когнитивная лингвистика / З. Д. Попова, И. А. Стернин. − М.: АСТ: Восток − Запад, 2010. − 314 с.
4 Маслова В.А. Когнитивная лингвистика: Учебное пособие. – Минск.: Тетра Системе, 2004. – 255 б.
5 Кубрякова Е.С. Парадигмы научного знания в лингвистике и ее современный статус // Известия РАН СЛЯ. – 1994. –Т.56. – №2.
6 Арутюнова Н.Д. Типы лексических значений: Оценка. Событие. Факт. – М.: Наука, 1988. – 338 с.
7 Степанов Ю.С. Константы. Словарь русской культуры (Опыт исследования). – М., 1977.
8 Вежбицкая А. Язык. Культура. Познание. – Москва. Русские словари., 1996, — 416с.
9 Колесов В.В. О логике логоса в сфере ментальности // Мир русского слова. – 2000 . – №2. –С. 52-59.
10 Новикова Н.С.., Черемисина Н.В. Многомирие в реалии и общая типология языковых картин мира // Филологические науки. – 2000. – №1. 11 Стернин, И. А. Методика исследования концепта // Методологические проблемы когнитивной лингвистики: науч. изд. / под ред. И. А. Стернина. − Воронеж: Воронеж. гос. ун-т, 2001. – С. 58−63.
12 Лихачев Д.С. Концептосфера русского языка // Известия РАН. Серия, лит.и яз. – 1993. – №1, С 3-9.
13 Апресян Ю.Д. Избранные труды. Т.2. Интегральное описание языка и системная лексикография. – М., 1995, Б.39.
14 Кубрякова Е.С. Об одном фрагменте концептуального анализа слова. Память // Логический анализ языка. Культурные концепты. Москва: Наука, 1991.
15 Рябцева Н.К. «Вопрос»: прототическое значение концепта // Логический анализ языка. Культурные концепты. М., 1991.
16 Никитин М.В. Курс лингвистической семантики. Спб., 1996.
17 Воркачев С.Г. Концепт счастья: понятийный и образный компоненты // Известия А.Н. Серия лит. и яз. 2001, том 60. №60, с 47-58.
18 Ислам А. Ұлттық мәдениет контексіндегі дүниенің тілдік суреті. Филол.ғыл.докт.дисс.автореф – Алматы, 2004. – 47 б.
19 Әмірбекова А.Б. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі. Филол.ғыл.канд.дисс. – Алматы, 2006, 107 б. 20 Бабушкин А.П. Типы концептов в лексико-фразеологической семантике языка. – Воронеж, 1996.
21 Елемесова Ш.М. Көркем мәтіндегі ұлттық мәдениеттің тілдік релеванттары (Ғ.Мүсіреповтің “Қазақ солдаты” романы бойынша). Филол.ғыл.канд.дисс. –Алматы, 2003. – 127б.