ҚАҺАРМАН ҒАЛЫМ, ҰЛАҒАТТЫ ҰСТАЗ
Бақтияр Сманов,
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,
педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
Көне тарих беттері туған халқының арман-аңсарына айналған талай-талай даналар мен батырлардың өмірге келіп-кеткенін баяндайды. Перзент парызы – кіндік қаны тамған жері мен туған халқының жарқын болашағы үшін қызмет ету десек, әсіресе, ұлы адамдар сандаған ғасырларға еңбек сіңіреді де халқымен бірге ғасырлар бойы жасайды. Олардың өнегелі өмірлері келер ұрпаққа үлгі болып қала береді.
Сондай ұмытылмас ұлық жандардың бірі – Кеңестер Одағының Батыры, жазушы-ғалым, КСРО Педагогика ғылымдары академиясының академигі, профессор, менің университеттегі ұстазым Мәлік Ғабдуллин болатын. Ол кісі көзі тірісінде-ақ өмірі аңызға, өшпейтін, өлмейтін, ғибратты ғұмырнамаға айналған жан. Міне биыл, 2015 жылы абзал азаматтың туғанына 100 жыл толған мерейлі мерекесін атап отырмыз.
…Жалпы күнделікті тіршілікте жыл өткен сайын осындай тұғырлы тұлғалар бізден бірте-бірте алыстап бара жатқандай әсер етеді. Олардың ғазиз есімдері осындай дөңгелек санды мерейтойлары тұсында ғана аталып қалмаса, жайшылықта еске алына бермейтіні көңілге қаяу түсіреді. Ал сол абзал ағаларымыз бен асыл апаларымыздың еткен еселі еңбегі, жанқиярлық ерлік істері жастарға үлгі етуге, сол арқылы оларды патриоттық рухта, адамгершілік игі қасиеттерге тәрбиелеуде таптырмас мол қазына болып табылатынын көбіне ескере бермейтініміз бар. Оның үстіне ондай жандардың көзін көргендердің, замандас-тұстастары мен жақын араласқан адамдардың қатары жылдан-жылға сиреп бара жатқанын да ойлай бермейтініміз өкінішті.
Менің ойыма әр жылы 9 мамырда Отан соғысындағы жеңіс күні мерекеленетін тұста Қазақ университетіндегі қаһарман ұстазымыз, Мәлік ағай, ол кісінің берген дәрістері, өнегелі істері, ұлағаты еріксіз еске түседі. Бұл орынды да. Өйткені, батыр ағамыз бізге бірінші курста фольклордан сабақ берді. Курстың ауылдан жаңа келген бозбала-жігіттерімен жақсы араласты. Батыр ұстаздың әрбір оқыған дәрісі бейне бір өмір сабақтарындай аса мазмұнды, өте әсерлі өтетін. Ол кісі ұстаз ретінде де ақылгөй, үлкен әдіскер, тамаша тәрбиеші еді. Оған қоса Мәкеңнің жүргізетін пәні кілең дидактикалық шығармалардан, халық ауыз әдебиетінің інжу-маржандарынан, студент-жастарға үлгі-өнеге етуге, ақыл-кеңес беруге лайықты танымдық-тәрбиелік мәні зор туындылардан тұратын.
Ағайдың дәрістері фольклордың тарау-тарау тақырыптарына оңай ауысып жататын. Олар, тіпті, бірінен-бірі өрбіп, бірінен-бірі туындап отыратын. Ұстаз бізге бәрін жатқа білетін адам секілді мүдірмей, жаңылмай баяндайтын.
Бірде:
Баяғы өткен заманда,
Дін мұсылман аманда,
Жиделі Байсын жерінде
Қоңырат деген елінде
Байбөрі деген бай бопты
Төрт түлігі сай бопты, – деп, «Алпамыс батыр» жырындағы Байбөрі мен Аналықтың құдайдан бала тілеп, әулие-әнбиелерді аралағанын, содан тілектері қабыл болып бір ұл, бір қызды болғанын әңгімелесе, енді бірде:
Ақсұңқар ұшар жем үшін,
Туады ерлер ел үшін
Тоқтай алмай барамын,
Ағайын-туған, ел үшін, – деп Алпамыстың елінің намысы мен жерінің бүтіндігі үшін алыс сапарға, жаумен соғысқа аттанып бара жатқанын, «ел намысы – ер намысы» болып табылатынын елжандылық, отаншылдық тәрбиемен ұштастыра түсіндіретін.
Ал «Қобыланды батыр» жырындағы бізге жатқа айтқызатын:
Құбылып Бурыл гуледі,
Табаны жерге тимеді,
Көлденең жатқан көктасты
Тіктеп тиген тұяғы
Саз балшықтай иледі, – деген үзіндідегі Тайбурылдың шабысының көркем суреті ауылдан келген біз секілді саруыздардың делебесін қоздыратын.
Бұл жырларды бала кезімізден естіп-біліп өскенімізбен, жырға дәл мұндай ерекше көркемдік мән бере, тәрбиелік астарларын ажырата талдамаған болатынбыз. Мұны ұстазымыз жетекші сұрақтар қою арқылы өзімізді араластыра орындататын. Бүгінгі күні «жерден жеті қоян тапқандай» болып айғайлай дәріптеп жүрген Кембридждік тәсілдеріңіздің неше атасын – сабақта шәкірттерге салмақ салу, соларды сөйлету, оларды өзара пікір-сайысқа араластыру, еркін ойлауға тәрбиелеу секілді әдістемелік ұстанымдарды Мәлік ағай сол кездің өзінде-ақ түрлендіре жүзеге асыратын. Ол кісі шындығында нағыз педагог болатын.
Олай дейтінім, қаһарман ғалым, ұлағатты ұстазымыздың әрбір дәріссабағы немесе әрбір семинар сабағы жаныңа майдай жағып, үлкен рухани азық беретін. Оның үстіне пәннің бүкіл бітім-болмысының өзі де мұғалімді игі мақсаттарды насихаттауға жетелейтіндей толған дидактика еді. Бұл мәселелер сабақ үстіндегі тәрбие жұмыстарымен жиі астасып жататын.
Бірде мынадай жағдай болды. 1968 жыл. Бірінші курстамыз. Мен ағайдың алғашқы сабақтарының бірінде, түскі 13:15-те басталатын дәріске кешігіп келдім. Сабақ басталып кетіпті. Ұстаздан рұқсат сұрап, аудиторияға кіре беріп-ем:
— Қайда жүрсің? Неге кешігесің? – деп сұрақтың астына алды Мәлік ағай. Басым салбырап үнсіз тұрдым. Аты-жөнімді сұрады. Айттым. — Әкең бар ма? — Бар.
— Қайда тұрады?
— Ауылда.
Туған жерімді, ауылымды айттым.
— Соғыста болған ба?
— Иә…, алдымен Фин соғысында, кейіннен Германиямен соғыста болған. Екі рет аяғынан жараланған, – деп жауап бердім.
Мәлік ағай қайыра:
— Әкең қай жылғы? – деді маған жақындап қарап тұрып.
Омырауында Кеңестер Одағы Батырының «Алтын жұлдыз» медалі жарқырап тұр екен.
— 1907 жылғы, – деп жауап бердім қалпыма келіп.
— Е-е, бәсе… Жасы менен үлкен екен… Шалдың баласы екенсің ғой. Жарайды онда. Шалдың баласына ұрыспай-ақ қояйын. Отыра ғой. Ендігәрі кешікпейтін бол, түсіндің бе?!
Мен ұқтым дегендей басымды изедім де, орныма барып отырдым. Ал жауынгер-ұстаз сонау жылдардағы сұрапыл соғыс, майдандас үлкендікішілі достары, онда қаза тапқан, Отан үшін жанын қиған ардагер азаматтар есіне түскен болуы керек, ауыр күрсініп, ойланып біраз үнсіз тұрды. Осы күні сол көрініс, әйгілі батырдың, Одақтық академикғалымның жылы жүзбен маған еш зілсіз жасаған ескертпесі, сөйтіп қалған студенттерге көрсеткен ұлағаты, одан үндемей ойланып маған ұзақ қарап үнсіз тұрып қалғаны әлі көз алдымда.
Тағы бірде Мәлік ағайдың тоқсан минуттық сабағының үзілісінде дәлізде старостамыз Мәкен, Мұхтар, Тәңірберген, Болатжан секілді курстас студент-термен бірге тұрдық. Мәлік ағай жақындап келіп, менің жасымды сұрады. Мен он алтыда екенімді айттым.
– Осы сен баласың ба, жігітсің бе? – деді.
Мен намысқа тырысып:
– Иә, жігітпін, – дедім сенімді түрде, ойымда ештеңе жоқ.
– Әкел қолды, міне жігіт! – деп қолымды ұстап тұрып, дәлізде қанненқаперсіз көлденең өтіп бара жатқан курстасымыз Ақкенже Ахмедияроваға (әйгілі домбырашы, дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровтың кенже қарын-дасы):
– Ақкенже, мына Бақтиярдың қолын ал, бұл – жігіт! – деді.
Ақкенженің ойында ештеңе жоқ, менің қолымды алды да, лақ секілді секеңдеп аудиторияға кіріп кетті.
Мәлік ағайдың қалжыңының түп-төркінін түсінген жігіттердің бәрі мәз болысты. Ол кісінің астарлы әзілін, нені меңзеп отырғанын мен де түсін-гендей болдым.
Мәлік аға керемет педагог, шебер дәріскер еді. Ол кісінің «Ақ қасқыр», «Үш ауыз сөз», «Жақсы әйел» атты терең мазмұнды ертегілері, жаңылтпаштары, жұмбақтары, шешендік өнер, жыр-дастандар, Асанқайғы, Жиренше шешен, Алдар көсе, Қожанасыр туралы әңгімелері өте қызықты болатын. Шәкірттерін жақын тартып, өзіндей көретін. Әдемі әзілі, қазақи қағытпа қалжыңдары, ұтымды юморлары қатар жүретін. Онда да ол өз орнымен, ретімен шебер айтылатын.
Сабақ үстінде Мәлік ағай шәкірттерін жалықтырып алмайын деген оймен, олардың көңілдерін бір ауық сергітіп алу үшін өз басынан өткен кейбір естен кетпес жайттарды, сұрапыл соғыс кезіндегі әсерлі оқиғаларды, майдан хикаяларын араластырып қоятын. Және ол әңгімелерінің тақырыптары да бірін-бірі еш қайталамай әр алуан нұсқада, тәлім-тәрбиелік мақсатта айтылатын.
Қаһарман-ұстаз ана тілі мен әдебиетіміздің, ұлттық мәдениетіміз бен халықтық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлеріміздің шынайы жанашыры ретінде бұл мәселелерге ерекше мән беретін. Оған күнделікті өмір тәжірибесінде де, сабақ барысында да назар аударып отыратын.
Бір күні, тағы да сол 1968 жылдың күзінде, Қазан төңкерісінің мерекесін пайдаланып, бір қызымыз сол кезгі Гурьевке (қазіргі Атырау) ауылына барып қайтты. Ол өзі қос бұрымы тірсегіне дейін төгілген, кез келген бозбала-жігіттердің көңілін аударғандай әдемі қыз болатын.
Батыр-ұстаздың қазақтың халық ауыз әдебиетінен кезекті сабағы басталды. Әлгі қызымыз ауылға барып қайтқан соң, ұзын бұрымын қиып, қою қара шашын алдына жайып тастап, өзінің екінші қатардағы әдеттегі орнына жайғасқан екен. Бұл бірінші дәріс еді. Ұстаз жайлап аудиторияны шолып өтті де, жаңағы қызды атын атап орнынан тұрғызды.
– Қарағым, халың қалай? Мерекеге ауылыңа барып қайттың ба?
– Ия, ағай, – деді ол басын төмен салып, ойында ештеңе жоқ. Алдына жайылған қою қара шашы оның ақ жүзінің жартысын жауып тұрды.
– Әке-шешең аман ба?
– Аман.
– Бәрі дұрыс па? Ауылда … қалай?
– Жақсы, ағай, бәрі дұрыс, – деді ол Мәлік ағайдың не айтқысы келетініне мән бермей.
Сонда ұстаз бәрімізге қарата былай деп сөз бастады:
– Онда, айналайындар, былай… Біздің халықта «қара жамылған» деген сөз бар. Мұны қаралы үйдің, қазалы отбасының қыздарына, әйелдеріне байланысты айтады. Олар шаштарын осылайша жайып тастап қара жамылатын. Бұл қаралы үй, қайғылы жанұя, азалы отбасы деген мағынаны білдіреді. Егер, қарағым, ауылыңда бәрі дұрыс болса, онда анау әдемі шашыңды алдыңа жайып тастамай, жиып жүргенің мақұл. Жарай ма? Болмаса жұрт басқаша ойлап қалады. Сырт адамға бұл өзіңе жамандық шақырған секілді әсер етеді…, – деді.
Осы ескертуден кейін әлгі қызымыз дұрыс қорытынды шығарып, жинақы жүретін болды. Бұл әңгіме басқа студенттерге де үлкен сабақ болды.
Жалпы, ұстазымыз сабақ үстінде ана тақырыбындағы туындыларға тоқталғанда немесе қыздар тәрбиесі жөнінде сөз қозғағанда аса бір ерекше жылылықпен, алабөтен сыршыл сезіммен, ет-жүрегі елжірей әңгімелейтін. Мұндайда батырдың анасы есіне түсетін шығар деп ойлайтынбыз.
Халқымызда «Алып – анадан туады» деген қасиетті сөз бар. Осы сөздің түп-төркініне бойласаңыз, талай-талай ойлардың жетегіне ерер едіңіз. Әрине, тоғыз ай, тоғыз күн құрсақта көтерген ғазиз жан, абзал ананың ақ сүтімен көптеген жақсы қасиет даритыны баршаға белгілі. Тіпті, Мәлік ағаның ана жайлы жазылған естеліктеріне қарап отырып, оның ұзын бойлы, аққұба өңді, келіскен келбетінен анасына айнымай тартқанын байқағандай боласыз. Жүрегінің түгі бар сонша батыр бола тұра, аса сезімталдығына қарап отырып, оның тәрбиесінде анасының орны ерекше болғандығын да аңғарамыз. Өйткені, бала тәрбиесінде әкенің қатқылдау, нағыз ер-азаматқа тән қолтаңбасы басымдау болса, ал әйел тәрбиелеген баланың бойында көбіне нәзік сезімнің көріністері көптеп сезілетіні белгілі. Оның мінезіндегі аса жұмсақтығы, әсершілдігі әже тәрбиесінің, ана әлдиінің әсері екенін аңғару қиын емес.
«Адамды сүю – ананы сүю» сынды сыршыл сезімнен бастау алатын аяулы анасына деген сүйіспеншілік болашақ батыр Мәлікті отаншылдыққа баулығаны сөзсіз. Ол барлық бақыты мен қуанышына шын ортақтасатын, қандай да бір шыққан шыңын еш қызғанбай, тайталаспай мәртебе көретін жалғыз жан – ана екенін жақсы білді. Оның болмыс-бітімінен тарихта өткен барлық белгілі тұлғалардың өміріндегі секілді Ана мен Бала махаббатына тән шынайы сыйластық пен қимастықтың белгісін сезгендей боламыз. Әсіресе, ұлының өскен кездегі қызығын анасының көрмегендігіне біз де өкініш білдіреміз.
Мәлік ағай да анасын ерекше мейірлене, аялай, еркелей отырып, «Әя» деп иемденеді, еміренеді, тебіренеді. Оны 1943 жылғы 8 мамырдағы майданнан жазған бір хатында байқатады:
«Біреу енесін, біреу анасын жақсы көреді ғой. Не әкеңе, не анаңа балалық мейірімің, махаббатың түсіп тұрады. Шынын айтайын, мен анамды жақсы көрем. Анамды ойлағанда екі көзімнен жас мөлтілдейді…
Шіркін, ананың алар орны да, жолы да бөлек қой. Анасына құрмет көрсетпеген бала – адам емес. Мен анамды қанша жақсы көрсем де, оған құрмет көрсетіп, қызмет ете алмағаныма өкінемін, өзімді өзім кінәлай-мын. Неге?
Менің анам Әлия деген кісі еді. Ұзын бойлы, әдемі, ақсұр адам еді. Одан жеті ұл, үш қыз тудық. Мен олардың ішіндегі екінші ересегі болатынмын.
Анам ауырып өліп кетті. Мен анамның алдында екі үлкен нәрсеге борыштармын. Ол борыштарымды өтей алмағаныма армандамын.
Оның біріншісі мынау. 1929 жылдың тамыз айы. Біздің ауыл жазғы жайлауы Қоскөлден көшіп, қыстауға жақын Көкше деген жерге келіп қонды. Бір күні түс ауа қатты дауыл болды, көп үйлер, соның ішінде біздің үй де жығылды. Дауылдың желіне қосыла жылаған дауыстар шығып жатты. Менің анам да жылап отыр екен. Мен оның қасына келіп жұбата бастадым:
– Әя, сен неге жылайсың? Жылама! Мен тірі болсам, төрт түлігің түгел болады. Жығылған біздің үй ғана емес қой, –дедім.
Әям көз жасын сүртті де:
– Ой, құлыным, ақылыңнан айналайын! –деп мені құшақтап, бетімнен сүйіп, бауырына басты.
Қыркүйек айы болатын. Мен Көкшетау қаласына оқуға бардым. Қысы-жазы қалада оқумен болдым. Содан 1931 жылы көктем уағында Алматыға ауыл шаруашылық институтының рабфагына оқуға жүріп кеттім. Оқуға кете-рімде ауылдан әкем ғана келді. Ал, анаммен сол жолы көрісіп-амандаса алмай кеткен едім…
Екінші. Алматыда оқып жүрген кезім. 1932 жылдың мамыр айында үйден хат алдым. Онда Әямның ауырып қайтыс болғанын хабарлапты. Осы хабар менің жас жүрегіме жалын салғандай болды. Мен күнде жылаумен жүдеп жүрдім. Анамды өз қолыммен көме алмадым…Міне, досым, менің анама борыштымын дейтінім осы. Анам марқұм маған өкпелеп кетті ме – ол арасын айта алмаймын. Анамды есіме алсам, осы күнде де жылағым келеді. Анаға берген сөзімді орындай алмадым, ол менің қызығымды көре алмай кетті. Кейде, «Әя, алдыңда борышым көп еді, өзің барда оларды өтей алмадым, кешірім ет…» деп қоям іштей күбірлеп…»
Бұл жолдарды жаның толқымай, жүрегің «тебіренбей» оқу мүмкін емес. Иә, әрбір адамның, оның ішінде ер-азаматтың бәріне ауыр жан жарасы – перзент ретінде туған анаға бір уыс топырақ сала алмау. Ал ұл баланы мұсылман не үшін Алладан жалбарынып тілейтіні, артында қалып, бір уыс топырағы бұйырса дейтіні бекер емес.
Тіршілік жағдайымен қарбаласта қапияда анасынан айрылып қалған аса сезімтал жүректің түкпіріндегі өшірілмей қалған өкініш табы өзектеніп, тамырланып өзімен бірге о дүниеге кететінін екінің бірі ұғына бермес…Бір кем дүние деген сол…
Кез келген тірі пенде ана алдындағы парызы мен қарызын ойлап, дәл осылай «жүрекке жүк» арта алар ма еді?! «Жүрекке сызат» түсірген, санаға салмақ салған дәл осындай Анаға деген ұлы махаббатты кез-келген перзент сезіне алар ма?! Әй, қайдам…
Бұл – тек Мәлік аға секілді ерекше тұлғалар ғана түйсінуге жазған тағдырдың ащы тартуы, сирек сезімі секілді.
Ағай өте мәдениетті, кішіпейіл, қарапайым еді. Студенттерімен сөйлескенде баласы қатарлы болсақ та, бізге Біздің Бақаң, Бөке (Болатжан Абылқасымов), Омеке (Омархан Құлахметов), Тәке (Тәңірберген Аймұратов), Мұха (Мұхтар Пернеқұлов), курс старостасы Мәкен Әлібаевты кейде «болыс-бөлкей», «ауылнай» деп ерекше ілтипатпен, көтермелеп сөйлейтін. Онысы тағы өзіне жарасып та тұратын.
Ұстаз студенттердің сабаққа қатысуын түгендегенде олардың атыжөнін журнал бойынша атап, уақыт оздырып жатпай:
– Ал, ауылнай айтшы, мал-жаның аман ба? Өрістен кетіп ит-құсқа жем болғандары, аяғына жем түсіп жатар тұрағына жете алмай қалғандары, бұта арасында қалып қойғандары жоқ па, ішінде? – деп шәкірттердің сабаққа қатысуын ұлттық үлгімен, халықтық нақышпен, қазақи салтпен тұтас бір-ақ түгендейтін. Сөйтіп курс жетекшісіне де сенім артатын.
Және бірде ағай жастық шақ, бозбала кезең, жігіттік дәурен туралы балалардың сұрағына орай әңгіме айтып тұрып: «…Ой, айналайындар, ағаларың да сендер секілді жас болған, сендердің жастарыңда ғашық боп көрген… Енді ол заман келмеске кеткен. Кезінде «күндіз ойдан кетпейді, түнде – түстен», деп талай қызбен қымыз ішкен» 25 бізден де қалды ғой…
Несін айтасыңдар…», – деп ойға кететін.
Бірде:
– Жүректі емдейтін кардиолог дейтін дәрігердің түрі бар. Менің сондай дәрігерім маған «қызықты әңгіме, әзіл-қалжың айтып, көңілді жүріңіз. Сонда сіздің жүрегіңізге аса көп салмақ түспейді. Қан қысымыңыз да көтеріліп, көп мазаңызды алмайды» дейді. Дұрыс сөз екен… Оны мен де байқап жүрмін… Содан ғой, атамыз қазақтың «Күлкі – денсаулықтың мүлкі» дейтіні. Сондық-тан, сендер, менің кейде айтатын қалжыңдарымды көңілдеріңе алмаңдар, түсіністікпен қабылдаңдар.., – деп ағынан жарылды даңқты батыр.
Қандай сыпайылық десеңізші! Біз болсақ, кардиолог түгілі жүректің қай жақта екеніне мән бере бермейтін кезіміз. Осы әңгімеден Екінші дүниежүзілік соғыстың әйгілі қаһарманы, баһадүр ұстазымыздың үлкен жүрегі оны жиі мазалайтынын аңғардық. Кейін жүрек ауруының қандай болатынын, қан қысымының көтерілуінің не нәрсе екенін өз басымызға түскенде ғана барып білдік қой.
Сол кезде Мәлік ағаның жасы небәрі елу үште ғана екен жарықтық. Ал бізге, әрине, аса үлкен көрінетін. Оның әкеміздей қамқорлық таныта «айналайындар», «қарақтарым» деген жан жылытар жақсы сөздеріне қарап біз шынында да ересек-егде кісі екен деп ойлайтынбыз.
Кейде ағай сабақтан соң кешке қарай бізбен бірге жатақханамызға барып Мұхтар, Мәкен секілді курстың атақты «гроссмейстерлерімен» шахмат ойнайтын. Арасында бөлмедегі студенттердің кереуетіне керіліп жатып:
– Ой-хой, шіркін, бойдақтардың төсегі қандай рахат! Қиялыңа қанат бітіреді ғой, – деп қоятын.
Өз басым ол кісінің менімен аттас Бақтияр Меңдіғазин деген ержүрек майдандас досы болғанын, оның бір қырғын ұрыста ерлікпен қаза тапқанын, соғысқа дейін ол «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газетінде, Жазушылар одағы мен Көркем әдебиет баспасында қызмет еткенін, Мәкең досы туралы, оның қаһармандық істері жөнінде баяндайтын «Өзіміздің Бақаң ғой» атты әңгіме жазғанын, сол шығармасын оқығанда бір-ақ білдім. Мәлік ағайдың маған жиі қалжыңдайтынының себеп-мәнісі мен баяғы сабаққа кешіккенімдегі ағай сұрағанда атымды айтқан кезде ол кісінің үнсіз тұрып қалғанының да терең сыры сонда – шынайы достық сағынышта жатыр екен-ау деп ойладым.
Әңгімесінде: «…Бақтияр өте турашыл, әділ адам еді. Алдау, өтірік айту сияқты жаман қылықтарға жаны қас болатын. Біреудің терістігін көрсе, соған күйіп кететін және оны бақырайтып отырып бетке айтатын. Ол мақтану дегенді, біреудің табысына ортақтаса кетуді мейлінше жек көретін.
Ол – интернационалист еді. Өзімен бірге жүрген жігіттерді ұлтқа бөлмей, бір семьяның мүшесі деп қарайтын.
Бақтияр білімі көп адам еді. Ол, әсіресе, әдебиет тарихын жақсы білетін. Қорғаныс шебінде жатқан жігіттерге өзінің әдеби кітаптардан оқып, есіне сақтаған нелер қызық әңгімелерді айтып беретін. Бұларды ол орыс, қазақ тілдерінде бірдей әңгімелейтін.
Жоғарыда айтылғандардың бәрі Бақтиярдың бойына біткен жақсы қасиеттер еді. Сондықтан оны үлкен де, кіші де, командирлер мен қатардағы жауынгерлер де қатты құрметтеп отыратын. Оны олар басқаша емес, «өзіміздің Бақаң» деп атайтын. Жауынгерлердің Бақтиярға деген сүйіспеншілігі де, құрметі мен сыйлауы да «өзіміздің Бақаң» деген осы бір сөзінен сезіліп тұратын…
Бақтияр майданнан елге қайтпаса да, ерлігімен өзіне ескерткіш орнатқан адам. Біз оның Отан үшін жасаған бұл ерліктерін әр уақытта еске алып, ерлік иесіне мәңгі бас иеміз», – деп жазыпты жазушы-жауынгер, батыр Мәкең майдандас досы Бақтияр Меңдіғазин туралы. Қайран Мәлік ағай! Өзі айтқандай, жүректің ауруынан біз университет бітіретін 1973 жылғы 2 қаңтарда, 58 жасында өмірден өтті. Атақты батырдың алып жүрегі оны тал түс – алпысқа да жеткізбеді.
Биыл ол кісінің өмірден озғанына 42 жылдан асыпты. Бүгінде асыл ағамыздың 100 жылдық мерейтойы да атап өтілуде. Оған біз қызмет ететін Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті де ректорымыз академик Серік Жайлауұлы Пірәлиевтің басшылығымен үлкен дайындықпен келді. Мұнда Мәкең он екі жылдан астам уақыт ректорлық қызмет атқарған. Ол кісінің есімін есте қалдыру мақсатында биыл мамыр айында университетке мемориалдық тақта қойылды, оқу орнындағы «Тұлғатану» орталығына Кеңестер Одағының Батыры, академик Мәлік Ғабдуллиннің атын беру жөнінде Үлкен Ғылыми Кеңестің арнайы шешімі шығарылды. Қазіргі күнде орталық талай-талай игілікті істерді, мәденирухани шараларды атқарып келеді. Мерейтойға әзірлік барысында батыржазушы, ғалым-ұстаздың өмірі мен шығармашылығы жөнінде он шақты мақала, «Мәлік Ғабдуллин мұралары» атты екі томдық кітап шығарылды. Осы жылдың 4-6 мамырында Мәкеңнің 100 жылдығына арналған «Поэтика және өлеңтану мәселелері» атты халықаралық ғылымитеориялық конференция өткізілді. Оған АҚШ, Швеция, Швейцария, Польша, Болгария, Израиль, Эстония, Латвия, Ресей, Өзбекстан секілді оннан астам шет ел ғалымдары қатысып, терең мазмұнды баяндамалар жасады.