КӘСІБИ БІЛІМ БЕРУДІҢ ҚАЗІРГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ

КӘСІБИ БІЛІМ БЕРУДІҢ ҚАЗІРГІ МӘСЕЛЕЛЕРІ ЖӘНЕ ЖЕТІЛДІРУ ЖОЛДАРЫ

Аманжолов Сейітқали Әбдіқадырұлы
Москва педагогикалық мемлекеттік университетінің профессоры, Ресей Федерациясы және Қазақстан Республикасы педагогика ғылымдарының докторы. Москва қаласы

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған
«Қазақстан-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында, XXI ғасырдағы дамыған ел дегенімізге — «белсенді», «білімді» және «денсаулығы мықты азаматтар» деп сипаттама береді.
Бұл үшін не істеуіміз керек деген сұрақ қояды? [1]. Бұл сұраққа терең мән беріп, түсінуіміз қажет. Қазіргі жер бетіндегі елдердің жаңа өмірдің талаптарына байланысты дамуы, уақыт күттірмейтін жаңа информациялық технологиялар тасқыны, озық ғылымның маңыздылығы мен шапшаңдығы, болашағын ойлаған елдердің алдына өте маңызды және күрделі проблемалар қойып отыр.
Бүгінгі жаhандану заманында елдердің өзара даму бәсекесінің күшейгені соншалықты, тіпті кейбір елдердің тәуелсіздігіне де қауіп төндіріле бастағанын көріп отырмыз және де бұл неліктен болып жатырғандығыда әрбір азаматты ойландыруы қажет.
Бізге де егемен ел ретінде жан жақты және үйлесімді дамуымызға мол мүмкіндіктер ашылып отыр, осы мүмкіндікті тиімді пайдалану арқылы ғана біз дамыған отыз елдің қатарына жетеріміз сөзсіз, бұл әрине бір мақсатты, бір мүддені және бір болашақты терең түсіне білгенде ғана орындалары сөзсіз.
Елбасымыз жылдағы халыққа арнаған Жолдауларында үнемі осы заманда бәсекеге қабілетті елдердің қатарына жетуде білім мен ғылымның маңызды орын алатынын баса айтып келеді.
Дамыған бәсекеге қабілетті елдердің қатарына жетуде атқарылып жатырған жұмыстар да жетерлік, еліміздің барлық салалары әлемдік стандарттар талабына қарай сәйкестендірілуде. Орта білім мен жоғары кәсіби білім беру салаларын дамытуға келетін болсақ, Болон жүйесіне толығымен ауысып алдық. Ұттық па, ұтылдық па ол жағын уақыт көрсетері анық. Солардың ең негізгісі, кеңес одағы кезіндегі білім беру жүйесін кредиттік технология жүйесімен алмастырдық, оқыту сапасын жетілдіруге жаңа педагогикалық, компьютерлік технологияларды енгіздік, оқытушының ғылыми ізденіс жұмысын арттыру мақсатында жоғары деңгейлі шет елдік импакт фактор журналдарына жаппай мақала шығаруда да алғы қатардан көрінудеміз, професор оқытушылардың қағаз бастылыққа деген бейімділігі де ерекше байқалады, сапа менеджмент жүйесінде толық меңгеріп алғандығымыздан оқытушылар мен студенттердің өз міндеттеріне деген жауапкершіліктері күшейді, жоғары оқу орындарының материалдық базалары да өмір талабына қарай жетілдірілуде, халықаралық деңгейде студенттер мен оқытушылар алмасу, шет елден дәріс оқуға профессорлар шақыру жұмыстары да ойдағыдай жүргізіліп жатыр. Профессор оқытушылардың кәсіби шеберліктері мен ғылыми деңгейлерін жетілдіру мақсатында да үкімет тарапынан жасалып жатырған қолдаулар бүкіл ТМД елдердің бірінде жоқ екенін баса айтуымыз керек және соларды болашақта тиімді қолдануымыз қажет. Жылда 200 үздік оқытушыларға грант тағайындау, «Болашақ» бағдарламасы арқылы шет елге бір жылға дейін ғылыми тағылымдамаға жіберу т.б.
Еліміздегі білікті педагог маман дайындайтын жоғары оқу орындарына қойылып отырған талаптарға сәйкес, біздің Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша қазiргi таңда қоғам бәсекелестiгiне төтеп беретiн жан-жақты өнерлi, мәдениеттi, жоғары бiлiмдi суретші-ұстаз маманын дайындауда дамаңызды мәселер туындап отыр.
Кеңес одағы кезінде елімізде 13-ке жуық көркем сурет және графика факультеттері, сурет және сызудан білікті мамандар дайындаған болса. 90 жылдардағы құлдырау кезінен бастап күні бүгінге дейін, Республикада көркем педагогикалық білім беру мәселесі тек Бейнелеу өнері кафедрасы деңгейінде ғана жүргізіп келеді.
Бұл мамандық алғаш рет Абай атындағы Қазақтың ұлттық педагогикалық университетiнде бастау алған болатын.
Өткен ғасырдың 90 жылдарының басына дейiн, бiздiң Республика Кеңес одағы бойынша көркем сурет және графика факультетінің саны жағынан бiрiншi орында тұрды.
1988 жылы Мәскеу мемлекеттік педагогикалық университетінің көркем сурет және графика факультетінің Кеңесінде педагогика ғылымдарының докторы, профессор Георгий Васильевич Беда «мен Қазақстанға барып келдім, таңқалғаным, қаншама көркем сурет және графика факультеті бар, не деген өнерді жақсы көретін халық дегенін мен өз құлағыммен естіген болатынмын.
Ол кезде әрбір облыс орталығында өнер факультетін ашуға зор қолдау жасалып, кәсіби деңгейі жоғары маман дайындауға жауапкершілік қатаң болды. Кәсіби деңгейдің жоғары болуына негізгі себеп, біріншіден, сабақ беретін оқытушылар құрамының ғылыми, оқу әдістемелік және кәсіби деңгейлерінің өте жоғары болғандығы, оқу жоспарында практикалық сабақтарға аудиториялық сағаттың көп берілуі және студенттердің тапсырманы орындаудағы жауапкершіліктерін терең сезінуі.
Қазіргі таңда Бейнелеу өнері және сызу мамандығының болашағы жайлы ойлайтын болсақ, жастарға алғашқы өнер жайлы білім беретін пән болсада, қажетсіз мамандық ретінде қарап, жылдан жылға бөлінетін грантты азайту арқылы оны жабуға деген себепсіз пікірлердің қоғамда қалыптаса бастауы өте өкінішті. Әдеміні, сылулықты, жақсы мен жаманды айыра білуге үйрететін ілімге деген көзқарас ерекше болуы керектігін дәлелдей тән тарихи деректер жеткілікті.
Білім министрлігі бұл мамандыққа мемелекет тарапынан бөлінетін грант мөлшерін жыл сайын қысқартуда бұл әрине мамандықтың бәсекеге қабілетті маман дайындауына және дұрыс дамуына, өзiнiң керi әсерiн тигiзері анық.
Тағы бір ерекше айта кететін мәселе, ол қоғамда мұғалiмдер мамандығының қажеттілігіне деген терiс көзқарастың осы уақытқа дейін қалыптасуы, бұл да оқуға түсуге келетiн жастардың санының күрт төмендеуіне себеп болуда. Бұрын суретші болсаң, өз наныңды тауып жейсің дейтін қағиданы ұстаған қоғам, кейіннен сенің салған суретің кімге керек, одан да қаржыгер не заңгер болу керек деп келсе, қазір дизайнер, сәулетші бол, мұғалімдіктен не табасың деп жүрген ата-аналардың пікірін естуге болады. Бейнелеу өнері және сызу мамандығын бітіріп шығып атақты суретші, дизайнер болып қызмет істеп жүрген түлектеріміз жеткілікті.
Елiмiздегі жоғары оқу орындары Бейнелеу өнерi және сызу мамандығымен бірге қазiргi өмiр талабына байланысты және мамандықты сақтап қалу мақсатында, Графикалық, Киiм және Сәулет дизайны мамандықтарын ашып, қоғамға білікті мамандар дайындауда.
Бейнелеу өнері мамандығынан бұл мамандықтардың негізгі сабақтарында айтарлықтай айырмашылықтары жоқ, сурет, живопись, композиция, түстану сабақтарында орындалатын тапсырмалары бiр-бiрiне ұқсас және мақсаты, орындалу жолдары, тапсырмалардың жүйелiлiгi бiрiмен бiрi тығыз байланысты.
Тағы бір себебі, Дизайн мамандығы бойынша кәсіби сабақтарын жүргізетін біздің елімізде білікті кадрлар аз, қоғамға кәсіпқой дизайнерлердің өзі жетіспейді, сондықтан дизайн мамандықтарындағы кәсіби сабақтарды бейнелеу өнерін бітірген мамандар жүргізіп келеді.
Ал қазіргі жоғары оқу орындарына қойып отырған Білім министрлігінің талаптарын ескеретін болсақ, сапалы маман дайындау үшін, мамандық бойынша 40 пайызға дейін ғылыми дәрежесі бар оқытушы жұмыс істеуі керек, сондықтан елімізде бұл мамандықтағы ғылыми кадрлардың құрамын педагогика ғылымы бойынша қорғаған кандидаттар мен докторлар сақтап келгендіктен, соңғы кездері бұл мамандықтар тек магистрлермен ғана толықтырылуда.
Ресейдің Сібір өңіріне маман дайындайтын Омбы университеті өнер институтының директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Леонид Медведєв Дизайн мамандығына арнайы Мәскеудің Строганов атындағы көркем өндірістік академиядан дизайнер оқытушыларды ең қажетті деген пәндерді жүргізуге шақыртып, өзінің оқытушыларын сол оқу орнына білімін жетілдіруге жіберіп, өздерін осындай жолмен дизайнер мамандарымен қамтамасыз етуде.
Елбасымыздың қойып отырған талабына сәйкес бәсекеге қабілетті маман дайындауда жоғары оқу орындарының алатын орны өте ерекше. Білім беру сапасының жоғары болуына сол мамандықтың ғылыми кадрлармен қамтамасыз етілу жағдайы шешуші роль атқаратынын ескерсек, Бейнелеу өнері және сызу мамандығының қазіргі уақыттағы ғылыми кадрлармен қамтамасыз етілу деңгейі де толық шешімін таппай отырған мәселе болып табылады.
Қазіргі кезде елімізде Бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша жоғары деңгейлі ғалым, тек магистратура деңгейінде ғана дайындалумен шектеліп отыр. М.Әуезов атындағы Оңтүстік мемлекеттік университетінде жұмыс істеген еліміздегі жалғыз диссертациялық Кеңес аз уақыт жұмыс істесе де ғылым докторлары мен кандидаттарын дайындап еліміздің жоғары оқу орындарын қамтамасыз етуге айтарлықтай үлесін қосты.
Кеңесте екі педагогика ғылымдарының докторлары
М.Танирбергенов, С.Бейсенбаев, төрт-бес кандидаттар сәтті қорғап шықты. Кеңес одағы кезінде әрбір 5 жыл сайын факультет арасында Республикалық конкурс жарыс өткізіліп тұратын. Жалпы ондай жарыстардың Республика бойынша жалпы мамандықтың дамуына көп әсері болды, себебі оны мамандықтар арасындағы бәсекелестіктің бір түрі депте санауға болатын, қазір бұл мамандықтар тек өз беттерімен ғана дамуда. Бейнелеу өнері және сызу мамандығына қажетті жаңа талаптарға байланысты ана тілімізде жазылған қомақты монография, оқулықтар да әлі күнге дейін жеткіліксіз болып келеді. Орта мектепке арналған оқулықтардың сапасы да сын көтермейді.
Бейнелеу өнері және сызу мамандығына қажетті ғылыми кітаптардың, қорғалған кандидаттық, докторлық диссертация жұмыстарына еліміздің белді жоғары оқу орындарының кітапханаларында болмауы да білім сапасын жетілдіруге кері әсерін беруде.
Сондықтан ғылыми деректермен, ғылыми диссертациялармен терең танысуға ғылыммен айналысқысы келетін ізденушілердің, жастардың, магистранттардың мүмкіншіліктері жоқ. Біз қазіргі таңда, «Болашақ» бағдарламасы аясында, немесе Ресейдің белді жоғары оқу орындарымен келісіп шартпен аспирантура арқылы ғылым кандидаттары мен докторларын дайындауға оның ішінде, ұлттық ғалымдарымызды дайындауды қолға алғанымыз жөн.
Қазіргі көп мамандықтардың ғылыми деңгейлерін тек магистратурамен ғана шешу біздің болашағымызға кері әсерін берері анық. Мысалы, қазіргі батыс елінің талабы бойынша философия докторларының қорғап жатырған кейбір диссертация тақырыптары мен диссертацияның жазылу жүйесі сол бұрынғы Кеңес одағы кезіндегі ғылыми тақырыптар мен жүйе төңірегінен аспай жатырғанын байқауға болады. Диссертацияның ғылыми ізденіс тәжірибелері мен ғылыми әдебиеттермен кітапханаларда жұмыс істеуге де уақыттың жетіспеуі ғылыми жұмыстың сапасына да өз әсерін берері анық, ал бізде қазір жаңа заман талабына байланысты тек ұлттық қажетіліктен туындаған тақырыптарға арналған диссертациялар көбірек қорғалуы қажет.
Қандайда болсын мамандықтың дамуына және білікті маман дайындауды жетілдіру үшін Еуропадан ғалымдар шықырып бір жеті дәріс оқытып, қыруар ақша жұмсап, атағы үшін шақырылған профессорлардан мамандыққа келетін пайда шамалы, қазіргі таңда біздің белді жоғары оқу орындары осындай жолды білім сапасын көтерудің ең тиімдісі деп кең пайдалануда.
Елбасымыздың айтқаны бар; «ешқандай ел, еш уақытта өздерінің жаңа педагогикалық әдістерін, ғылыми жетістіктерін ақтарып бере бермейді» деп, ендеше біз осы айтылған сөзді есімізден шығармауымыз керек. Бәсекеге қабілетті маман дайындау үшін, менің ойымша, үлгерімі өте жақсы, ғылымға бейімді студенттерді сол мамандық бойынша алдыңғы қатардағы жақын, алыс шет елдердің жоғары оқу орындарына жарты жылға дейін оқуға жіберіп отыру керек, тек сонда ғана білімнің озық тәжірибелерін тез игеріп және оны елге алып келуге мүмкіндік болады.
Профессор оқытушылардың біліктілігін көтеруде, тек конференциялар мен семинарларға, көрмеге қатысып сертификаттар алып келетін оқытушыларды емес, ғылыми, оқу әдістемелік және шығармашылық деңгейі жоғары, үнемі ізденісте, заманның жаңа оқыту жүйесінен хабардар, білім саласына қойып отырған өмірдің талаптарын терең түсінетін, оқыту әдістемесі бойынша оқулық, оқу әдістемелік нұсқауларды дайындаған професор оқытушыларды білімін жетілдіруге немесе тағылымдамаға жібергеннен еліміздің ғылымы мен білімі жоғары деңгейге көтерілетініне күмән болмайды.
Университеттердегі профессор оқытушыларды қағаз бастылықтан босату керек, себебі соңғы кездері біздің оқытушылар жоғары оқу орындарындағы кәсіби білім беру міндеттерін орындаудан гөрі, қағаз жазуға бейімделіп кеткендей, бұл аудиториядағы практикалық сабақты өз деңгейінде өткізуіне кері әсерін тигізері анық.
Білім беру сапасын халықаралық деңгейге жеткізуде жоғары оқу орындарының ғылыми кадрлармен қамтамасыз етілуі маңызды рөль атқаратындықтан, қазіргі міндет мамандықтың ғылыми жағына ерекше көңіл аударылуы қажет.
Мемлекеттік грантты жоғары оқу орындарына бөлуде, әрбір жоғары оқу орындарының аймақтарда орналасуы, ғылыми кадрлармен қамтамасыз етілу деңгейлері, оқытушылар мен студенттердің жетістіктері ескерілуі қажет. Республикадағы мамандықтар арасында озық ғылыми, оқу әдістемелік, шығармашылық және тәрбиелік жұмыстарынан бәсекелестікті қалыптастыру арқылы ғана әлемдік стандарттар деңгейінде білім беруге жол ашылары сөзсіз.

Әдебиеттер:

1.Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан -2050: Бір мақсат,бір мүдде, бір болашақ атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы, 18 қаңтар,2014 Ж.
2.Ломов С.П Аманжолов С.А. Методология художественного образования. М; Прометей, 2011. 188 с.
3. Хабаршы № 5, Алматы ұлттык педагогикалық университетi. 2004. 42-46 б.



Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *