БЕЙІМДЕЛГЕН КӨРКЕМ МӘТІН: МӘТІНДІ ИНТЕРПРЕТАЦИЯЛАУ
ТӘСІЛДЕРІ

Г.Ж. Искакова1, А.М. Жиеналина2
1 Қазақстан Республикасы, Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, п.п.ғ.м., аға оқытушы, е-mail: g.ristina@mail.ru
2 Қазақстан Республикасы, Көкшетау қ., Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, п.ғ.м.,е-mail: zhienalina_am@mail.ru

БЕЙІМДЕЛГЕН КӨРКЕМ МӘТІН: МӘТІНДІ ИНТЕРПРЕТАЦИЯЛАУ
ТӘСІЛДЕРІ

Мақалада тілді үйренуде әдебиеттің алатын орны, көркем әдебиет тілі, тілдік дағдылары төмен оқырмандардың көркем мәтінді түсіну қиындықтары, мәтінді түсінудің бір жолы ретінде бейімделген мәтін ұсынылатыны, көркем мәтінді бейімдеу түрлері жайлы айтылады. Бейімделген көркем мәтін – түпнұсқа мәтінінен алынған нұсқа, оның түпнұсқа мәтіннен бірнеше ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар. Бейімделген көркем мәтін және түпнұсқалық көркем мәтіннің ұқсастығы, негізінен тақырыптың, сюжеттік негіздің, мазмұнның бірлігімен анықталады, ал айырмашылықтары мәтін көлемі мен тілдік ресімдеу тәсілдеріне қатысты болады. Көркем мәтінді бейімдеу тәсілдерін зерттеу тіл үйренушілердің көркем әдебиетті түсініп оқуға септігін тигізері хақ.

Кілт сөздер: көркем әдебиет, көркем әдебиет тілі, тіл үйренуші, бейімделген мәтін, екінші мәтін, интертекстуалдылық, тілдік дағды.

КІРІСПЕ
Еліміздің егемендік алуымен байланысты әлеуметтік–экономикалық салаларымыздың барлық жақтарында жаппай өзгерістер, жаңа бастамалар, серпінді қадамдар жасалып жатыр. Білімнің мазмұны ғылымдардың өзара байланысы, өндіріс пен қоғамдық дамудың жаңару барысына тікелей ықпал жасайды.
Біздің біліміміз әлемдік қауымдастықта бәсекеге қабілеттілікті қамтамасыз етуі керек. Білім беру жүйесін дамытудың негізгі стратегиялық бағыты ретінде оқытуға инновациялық модельдер мен технологияларды енгізуді қарастыру, әрине, маңызды. Алайда білім беруді реформалау дегеніміз – тек техникалық үдерісті игеруден ғана тұрмайды, ол білім мазмұнының тереңдетілуінен, оны білім алушыға оқытуда тиімді әдістерді қолданудан, ұсынып отырған оқу құралдарыңыз бен материалдарыңыздың мазмұнынан тұрады. Сол себепті ұсынылып отырған зерттеу жұмысы қазіргі білім сапасын арттыру мәселесінен туып отырған қажеттілікке негізделеді.
Еліміздің өз тәуелділігіне қол жеткізіп, саяси-әлеуметтік және экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басқан уақытта терең білім, сауатты ұрпақ тәрбиелеу – негізгі міндеттердің бірі. Әлемдік саяси аренада Қазақстан Республикасының өзіндік салмағын пайымдау оның ұлттық білім жүйесінің жоғары дәрежеде дамуымен байланысты. Егемендіктің тұғыры тұрақталып, мемлекеттің іргесін нығайту және қазіргі уақыттағы жаһандану жағдайында ұлттық бірегейлікті, тұтастықты сақтау, ұлттық сананың сарқылмауы, тіл мен ділдің баянды болуы үшін мектеп қабырғасында елжандылық тәрбие идеяларының санасына дарытуда әдебиеттің алатын орны ерекше.
Әдебиетті оқыту – ғылым саласымен тығыз байланысқан. Себебі, ғылымның қай саласын алсаңыз да, теориялық және қолданбалы практикасы мәндес болады деп білсек, әдебиетті оқыту арқылы оқушыға көркем шығарманы оқытуды қалыптастыру әрі теориялық, әрі қолданбалы жүйесін бірлікте қарастырып, әрі оның өнер екендігін де ескерген жөн. Өйткені игерілуге тиісті ұғым, сөздің мәні, айтылмақ ой-түсінік оқырманға әсер етерліктей болса, ол тиісті деңгейде көңіл толқытып, тереңірек ойланады. Сондай-ақ, әсер санаға ерекше ықпал етеді. Әсердің нәтижесі бір жағынан тұлғаны әрекетке итермелесе, екінші жағынан пәнге деген қызығушылықты арттырып, көркем шығарманы оқуға талпындырады.
Әдебиет – сөз өнері. Барлық сөзді тізе берсең әңгіме, жыр шықпайды. Адам жүрегі тербетіп, ақыл таразылап, тіл кестелеп айтқан сөз орнында тұрса ғана әдебиет деген өнер пайда болады. Ғылыми тұжырымда әдебиет «адамтану құралы», ал әдебиет пәні «адам тәрбиелеу құралы», – делінген [1]. Өйткені, ғылыми педагогикалық ұстаным бойынша әдебиет пәні философиялық, педагогикалық, негізінен ұлттық ізгілікті, психологиялық, тұғырламалық мәдени-рухани көзқарастарға құрылса, құндылықтарға құрылған. Әдебиетті оқу арқылы оқырман бойына ұлттық таным, ұлттық рухани гуманистік сананы қалыптастырады. Сонымен қатар, қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, қазақ тілінің қатысымдық, эстетикалық және этикалық қызметін меңгеруін қамтамасыз ету, оқыту үрдісі арқылы ауызша және жазбаша сөйлеу тілін дамыту, қазақ әдебиеті шығармаларын аудармасыз қазақ тілінде оқу, түсіну, баяндап айту деңгейіне жету, Қазақстандық патриотизм идеяларын болашақ қоғам иелерінің санасына дарыту да әдебиеттің еншісіне кіреді.
Орыс мектептеріндегі «Қазақ әдебиеті» пәнін оқыту – айрықша көңіл бөлуді қажет ететіндігі еліміздің ертеңгі болашағына деген үлкен міндеттен туындап отырғаны бәрімізге мәлім. Оқушыларға әдебиеттің құдіретін, оның адам баласы жаратылғаннан бері бірге жасасып келе жатқандығын, мәңгілік жаңарып, жасарып отыратын үрдіс екенін айтып, түсіндіре отырып, сол әдебиетті жасаушылар, ақын-жазушылар туралы, олардың көркем шығармалары жайында айтуымыз керек. «Көркем шығарма — әдебиеттің құндылығы.

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Көркем шығарманы оқыту – оқушының сөз қадірін түсінерлік ойлау әрекетін дамыту, рухани дүниесін байыту, эстетикалық талғамын жетілдіру, адамгершілік қасиетін қалыптастыру» — деген болатын әдебиет зерттеуші – ғалым, белгілі жазушы, ұлағатты ұстаз Қажым Жұмалиев[2]. Оқушы әдебиет сабағында көркем шығарманы қабылдау керек. Бұл – оңай үрдіс емес. Қабылдау деген сіз бере салғанды ол ала қоятын зат емес. Ол – оқушының өзінің жан қалауымен, жүрек сезімімен, рухани әрекетімен жүзеге асатын дүние. Қандай жақсы көркем шығарма болмасын оқушы қабылдау үшін әрекет жасамаса, автордың жай күйзелісін, шалқар шабытын бойынан өткізіп, көркем суретті көз алдына елестетіп, келтіре алмаса бәрі бос сөз. Оқушыдағы осы сезімді ояту – мұғалімнің қолында, яғни, оқушыға әдеби білім беру, әдеби, эстетикалық, адамгершілік қасиеттерін дамыту үшін мұғалім әдебиетті оқыту барысында әдіс-тәсілдерді орнымен қолдану қажет.
Әдебиет сабағындағы ең басты жұмыстардың біріне оқушылардың көркем шығарманы қабылдауы, одан әсер алуы, көркем туындыны бүкіл бітім-болмысымен түсіне білулері жатады. Яғни мұғалім осы мақсатпен ізденуі керек, осы мақсатта оны жүзеге асырудың ең тиімді деген әдіс-тәсілдерін сұрыптай отырып пайдалануы керек. Оқушының көркем шығарманы қабылдау белсенділігін, әсерлі сезімін дамытудың жолдарын қарастыруы керек.
«Қазақ әдебиеті» пәні бойынша орыс сыныптарында қандай шығарма оқыту қажет екені оқулықтарда, бағдарламаларда айқын берілген. Алайда оларды қалай оқыту керек, оны мұғалімнің еншісіне қалдырған.
Бұл мәселенің мектеп оқушыларына ғана қатысты деп айта алмаймыз. Кез келген тіл үйренуші өзінің тілдік білімін жетілдіру үшін міндетті түрде көркем әдебиет, газетжурналдар оқып, ондағы материалды өз бетінше түсіне алу керек.
Әр шығарманың авторы болады, ал автордың өзіндік тілі, оқиғаны баяндау тәсілі, суреттеуде қолданылатын көркемдік әдістері бар, яғни әр жазушының өзінің жазу стилі болады.
Әдетте, «жазушы тілі» дегенде, ең алдымен, ойға оралатыны да, іздейтініміз де – оның суреттеу шеберлігі, көркемдік әдістері. Бұл – заңды да. Өйткені көркем әдебиет – сөз өнері. Ал өнер шеберлікті қалайды. Бұл – баршаға аян ақиқат. М.Әуезов осы заңдылықты: «Күндегі құлаққа сіңген тозыңқы сөзден жазушының қаша сөйлейтіні болады. Әдейі өзінің тілін тақтұқ қана тіл етпей, шеберлік көрік іздегісі келеді. Кенеулі ойды да көрікті, әсерлі етіп айтпаққа талпынады… Жазушының көркем әдебиеттегі тілі тек жабайы, жұпыны ұғымның тілі болып қоя алмайды. Ұғым, түсінікпен қатар, ой мен сезімге де бірдей әсер етерлік айшықты тілмен әсем сөйлеу шарт», – деп анықтап береді. Өзіне де, өзгеге де осындай шарт қойған жазушының 20-жылдардағы повесть-әңгімелерінен бастап, «Абай жолы» эпопеясының тілі – шын мәнінде «ой мен сезімге бірдей әсер етерлік» айшықты да әсем тіл екендігі зерттеуші түгіл, қарапайым жай оқырманға да жақсы сезіледі. Әсіресе төлтума тіліндегі «Абай жолының» ғажайып тартымдылығы, сүйсіндірер қасиеті – тілінің поэтикалық феноменінде [3, 8].
Әрине, әр жазушы өз шығармасын қазақ тілінің бар байлығын қолданып, қазақ оқырманына арнап жазады. Ендеше, қазақ халқының сүйіп оқыған жазушыларының туындыларын қазіргі ұрпаққа, көпұлтты еліміздің мемлекеттік тілді жетік үйренгісі келетін өзге ұлт өкілдеріне қалай оқытамыз деген сауал туады.
Осы тұста бейімделген мәтін жайлы айтқымыз келеді. Бейімделген мәтін (адаптированный текст) – (лат. adaptare бейімделу) болжамдағы оқырмандардың жасын, мамандығын және тілдік дайындық деңгейін ескере отырып, жеңілдетілген баспа мәтіні – деп Шет тілдерінің жаңа сөздігі анықтама береді [4, 58].
Бейімделген көркем мәтін – түпнұсқа мәтінінен алынған нұсқа, оның түпнұсқа мәтіннен бірнеше ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар. Бейімделген көркем мәтін және түпнұсқалық көркем мәтіннің ұқсастығы, негізінен тақырыптың, сюжеттік негіздің, мазмұнның бірлігімен анықталады, ал айырмашылықтары мәтін көлемі мен тілдік ресімдеу тәсілдеріне қатысты болады. Бейімделген көркем мәтін оқу процесінде ғана емес, басқа да әр түрлі мақсаттарға арналуы мүмкін. Бейімделген көркем мәтін театр сценарийінің, киносценарийдің, теле- және радиоверсияның нұсқасы ретінде де пайдаланыла алады.
Көркем әдебиет – халықтың рухани мәдениетінің көрінісі, құндылығын уақыт өткен сайын жоғалтпайтын білімнің эмоциялық және интеллектуалдық көзі. Сондықтан көркем әдебиет мәтіндері әр түрлі мамандықтағы, әр түрлі ұлт, әр түрлі жастағы адамдардың қызығушылығын арттырады және көркем шығармалардың мәтіні ұлтаралық қарымқатынастың әмбебап құралдарының бірі болып табылады.
Бейімделген коммуникативтік сәтті мәтінді жасау – күрделі, кешенді міндет және оның сәтті болуы үшін оқырманның жасын, әлеуметтік, ұлттық сипаттамаларын, оның тілдік құзыреттілік деңгейін және т. б. ескеру қажет.
Бір аудиторияға арналған мәтіндер басқа аудиторияға өзекті болмауы мүмкін. Егер шетелдік тіл үйренушілерге көркем шығарманы оқу қажеттілігі туындаған жағдайда, бастапқы мәтін-түпнұсқа осы адресаттың коммуникативтік мүмкіндіктерін ескере отырып, өзгертілуі тиіс, яғни мәтін лингвистикалық бейімделуі тиіс.
Біздің ойымызша, мәтіндерді әдістемелік өңдеудің ең тиімді тәсілдерінің бірі бейімдеу болып табылады. Мәтінді түсініп оқу мәселесін дәстүрлі түрде хабар жіберуші, тілдік код, хабар және хабар алушыны қамтитын коммуникативтік жағдай (жазбаша қарым-қатынас ) тұрғысынан талдауға болады. Егер хабарлама қабылдау үшін тым қиын болса, хабарламаны алушы интерпретатордың көмегіне жүгіне алады және бұл жағдайда коммуникативтік схема басқа түрге ие болады: хабарламаны жіберуші – 1 – мәтін – интерпретатор – 2-мәтін – хабарламаны алушы.
Мұндай кесте бойынша вербалды да, вербалды емес те хабарламаларды түсіндіруді жүзеге асыруға болады.
Интерпретатордың алдында оқырман тұлғасының кейбір ерекшеліктерін ескере отырып, көркем мәтінді бейімдеу міндеті тұрады: кейде оның жасын (балаларға арналған кітаптарды бейімдеу кезінде), мүдделерін (мамандандырылған әдебиетті бейімдеу кезінде) және т. б. назарға алу қажет.
Көркем мәтіндерді бейімдеу мәселесі шет тілдерін оқытуда қолданылып келеді, алайда қазір бұл мәселеге лингвистер ерекше көңіл бөлген жөн деп есептейміз. Барлық зерттеушілер мәтінді бейімдеу терминіне бірдей анықтама бергенімен, бейімдеудің түрлерін ажыратуға келгенде пікірлері тоғыса бермейді. Негізінен, ғалымдар бейімделудің мына түрлерін атап көрсетеді: лингвистикалық, лингвистикалық емес, прагматикалық, мәдени және т. б.
Лингвистикалық бейімделу деп лексикалық алмастыру немесе грамматикалық трансформация арқылы мәтінді жеңілдету түсініледі.
Лингвистикалық емес бейімделу мәтін көлемінің өзгеруіне, тақырыптық сызықтардың қысқаруына, мазмұнның жеңілдетілуіне байланысты. Прагматикалық бейімделу түпнұсқа мәтін мен аударманың прагматикалық әсерін теңестіруге ұмтылады.
Мәдени бейімделу лингвомәдениеттану ақпаратының экспликациясына бағытталған, ол әлеуетті оқырманға беймәлім болуы мүмкін.
Түсіндіру барысында интерпретатор күрделі мәселені шешеді: бір жағынан ол мәтінді бейімдеу қажет, ал екінші жағынан ол бастапқы мәтіннің мағынасын барынша сақтау керек. Ғалымдардың пікірінше, шет тіліндегі мәтінді бейімдеуде мәтіннің көлемін, синтаксистік құрылымдарды, лексика мен белгілі бір елдің мәдени ақпаратын дұрыс бере алу қиынға соғады. Сол себепті, интерпретатор мәтінді бейімдеу амалдарын жетік білуі тиіс.
Мәтінді бейімдеу барысында интерпретатор оқырмандардың тілдік дағдыларын ескере отырып, мәтіндегі синтаксистік құрылымды түсіндіру мақсатында күрделі сөйлемдердің орнына жай сөйлемдерді пайдаланады. Бұл жедел жады көлемі туралы ғылыми деректерге негізделеді. Жекелеген сөз тіркестері оқырманның жадында сақталуы үшін сөйлемдер 9 сөзден аспауы керек [5, 98].
Мысалы, мектеп бағдарламасынан Бейімбет Майлин «Шұғаның белгісі» хикаятын алалық, Б.Майлиннің шығармашылығына шолу жасауға және «Шұғаның белгісі» хикаятына 1 сағат беріледі. Берілген шығарманың төмендегі үзіндісін оқу барысында В1В2 деңгейін игерген тіл үйренуші Шұға деген қыз бар екенін ғана түсінгенін айтты.
Шығармадан үзінді:
Бала күнімізде анау көрінген төбенің басында талай асық ойнап едік… ол да бір дәурен… ия… бұл ауылдың күзге қарай қонатын жері, жазғытұрғы авгусқа дейін отыратын жайлауымыз, бұл кел де Шұғаның белгісі атанды, бұрын «Тарғыл өгіз сойған» деуші едік. Үлкен көл, маңайы толған шорқынды су…ол уақытта жердің берекесі қандай. Өзіміздің ел қаншама… оның үстіне ту Сырдан келіп жаппастар да қонады… кейінгі кезде ғана жаппас келуін қойды ғой. Біздің Беркімбай дейтін жақын ағаларымыз болады. Бұрын бай еді,
болыстыққа таласамын деумен-ақ малын құртып алды. Осы күні кедей. Сол Беркімбайдың
әкесінің нағашысы — жаппас Есімбек дейтін болды. Өзі бай еді, жаппастың алды деуге
боларлық. Беркімбайға арқа сүйеп, Есімбек сол «Өгіз сойғанның» ең шұрайлы жеріне қонушы еді.Өзі де жомарт, қонақпаз еді. Елге жағымды болып тұрды. Мал мен басы бірдей, құдай тілегін берген бір адам: ортан қолдай төрт ұлы болды — шетінен қасқыр. Сол төрт ұлдың ортасында бұландап ескен Шұға дейтін кызы болды. Шұға десе Шұға. Шұға, өй, шіркіннің өзі де келбетті-ақ еді… ақ құба, талдырмаш, көзі қап-қара, осы, үріп ауызға салғандай еді. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Жеңілдік дегеннің не екенін білген бала емес. Сөйлеген сөзі, жүрген жүрісі қандай, бір түрлі паң еді-ау, шіркін… Бұл күнде ондай қыз қайда. Ажары тәуірлеу біреу болса, соны көтере алмайтынын да білмейсің, ешкіге құсап шошандап жүргені. Заман бұзылған ғой… иә…
Ұсынылатын бейімделген мәтін:
Кішкентай кезімізде анау төбеде асық ойнайтынбыз. Ол бір қызық кез еді. Ауылымыз август айына дейін жайлауға қонатын. Қазір бұл жердің атауы – «Шұғаның белгісі», бұрын «Тарғыл өгіз сойған» деп аталған. Жайлауда үлкен көл, маңайы толған су, жері құнарлы болатын. Біздің Беркімбай деген жақын ағамыз болады. Бұрын бай еді, қазір болыстыққа таласып, малын жоғалтты. Қазір кедей. Сол Беркімбайдың әкесінің нағашысы – Есімбек, руы – жаппас. Есімбек бай ауқатты болды. Есімбектің қолдауымен Беркімбай жайлаудың ең жақсы жеріне көшетін. Өзі де жомарт, қонаққа барғанды ұнататын. Еліне беделді болды. Төрт өжет, батыл ұлы бар Беркімбай әрқашан жолы болатын, әрқашан құдай қолдайтын адам еді. Сол төрт ұлдың арасында ерке өскен Шұға дейтін қыз болды. Ажары қандай болса, ақылы да сондай. Сөзлеген сөзі, жүрісі ерекше қыз. Қазір ондай қыздар азайды. Заманның өзгергені ғой…
Берілген үзіндіде бейімделудің мәдени, лингистикалық, лингвистикалық емес түрлері қолданылды. Яғни лексикалық алмастыру, грамматикалық трансформация арқылы мәтін тіл үйренушінің деңгейіне қарай жеңілдетілді, соған сәйкес мәтін көлемі өзгерді. Оқырманға беймәлім ру атауына түсінік беріліп кетті. Аталған тілдік деңгейдегі білім алушы, яғни В1В2 деңгейін игерген білім алушы көркем мәтінді толық түсінгенін айтты. Бейімделген мәтінде көптеген сөздер жиі қолданылатын сөздермен алмастырылды, сөйлемнің құрылысы өзге аудиторияға сай етіп құрылды.

ҚОРЫТЫНДЫ
Бейімделген мәтін адам қызметінің көптеген коммуникативтік салаларымен байланысты. Біріншіден, екінші тілді оқыту үшін міндетті түрде білім алушылардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін ескере отырып жасалуы керек. Бейімделген әдеби мәтіндерді оқитын тіл үйренуші жаңа кітаптармен және шет тіл мәдениетімен танысып қана қоймай, сонымен қатар білім беру функциясын да орындайды. Мұндай мәтіндер белгілі грамматикалық құрылымдар мен лексикалық бірліктерді дұрыс қолдану, қажетті білім беру материалдарын есте сақтауға көмектеседі. Яғни, бейімделген мәтінді оқыған кезде табиғи білім беру ортасы құрылады.
Екіншіден, бейімделген ғылыми және оқу мәтіндері адресатқа, оның мүмкіндіктеріне, қажеттіліктеріне және мүдделеріне нақты назар аударады. Тіл үйренушілердің, мектеп оқушыларының тиісті түрде қабылдай алатын ақпараттың көлемін түзеді. Бұл мәтіндердің әдіснамалық құндылығы оларды білім беру ортасының ажырамас бөлігі ретінде қолдануға болады.Үшіншіден, ақпараттық компонент нысанындағы деңгейде де, мазмұн деңгейінде де түсіністік күрделілігін жою үшін бейімделіп, жастар арасында танымал бола алады.

ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1. http://ifreestore.net/1332/
2. Білімдегі жаңалықтар. Республикалық ақпаратты-әдістемелік журнал. №1 (53), 2016 3. Сыздықова Рәбиға Сөз құдіреті. Көптомдық шығармалар жинағы. – Алматы: «Елшежіре», 2014, 285 б.
4. Захаренко Е. Н., Комарова Л. Н., Нечаева И.В. Новый словарь иностранных слов:
свыше 25 000 слов и словосочетаний. – М.:ООО ИФ «Азбуковник», 2008. – 1040 с. – 3-е изд., испр. и доп.
5. Первухина С.В. Виды адаптации текста//Вестник Южно-Уральского государственного университета. Серия: Лингвистика. – 2014. – 178 с.

Г.Ж. Искакова1, А.М. Жиеналина2
Адаптированный художественный текст: способы интерпретации текста
1,2 Кокшетауский государственный университет им. Ш. Уалиханова,
г. Кокшетау, Республика Казахстан
В данной статье проводится сопоставление языка художественных текстов и их адаптированных версий с целью выявления способов преодоления барьеров понимания художественного текста. Были показаны способы упрощения художественного текста и методы сохранения авторского стиля и художественного замысла.

G.Iskakova1, A.Zhenalina2
Adapted literary text: ways of text interpretation
1,2 Sh. Ualikhanov Kokshetau State University
Kokshetau, Kazakhstan
This article compares the language of literary texts and their adapted versions in order to identify ways to overcome the barriers of understanding the literary text. The ways of simplification of the literary text and methods of preservation of author’s style and artistic intention were shown.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *