Г.С. Каримова
PhD доктор, Абай атындағы ҚазҰПУ, Алматы қ., Қазақстан Республикасы, karimova_g77@mail.ru
Р. ОТАРБАЕВ ДРАМАЛАРЫНЫҢ КӨРКЕМДІК ӘЛЕМІ
Мақалада көркемдік шарты қатал, қиын әрі тартысты жанрда қалам тербеген драматург Р.Отарбаевтың «Бейбарыс сұлтан», «Жәңгір хан» атты тарихи драмалары тақырыптық-идеялық тұрғыдан талдана отырып, ондағы образдар әлеміне кеңінен шолу жасалады. Өзекті тақырыпты сөз еткен автор сомдаған образдарының мінез ерекшелігі мен характерлік сипатын ашу үшін әртүрлі көркемдік құралдарды, түрлі тәсілдерді қолданып отырады. Автордың өткен тарихқа жаңа көзқарас тұрғысынан қарау, жазу тенденциясы назарға алынады. Аталған драмалардың патриоттық рухының жоғарылығына ерекше мән беріледі. Берілген тарихи детальдары қисынды драмалар жанрлық талаптарға сай жазылып, тартыс, диалог, монолог сынды драмалық компоненттерді молынан пайдаланғандығы сөз болады. Драматургтің образды сомдау, оқырманға ұсыну тәсілінің әртүрлі екендігі нақтылы образдар арқылы талданады.
Кілт сөздер:драма, поэтика, көркемдік кеңістік, тарихи драма, тенденция, характер, тартыс.
КІРІСПЕ
Әдеби туындының ішкі әлемі, оның құрамы мен құрылымы өте күрделі. Автордың көркемдік әлемі мен әдеби кеңістікті тұтастықта зерделеу – оның поэтикасын талдау. Демек, поэтика – осыған дейін әдебиет теориясы ұғымымен бара-бар деп түсінілсе, қазіргі таңда әдебиет теориясының бір бөлімі, әдеби шығарманың теориясы, әдеби туындының көркемдік құралдары, тілдік, композициялық, типтік құрылымы, түрі, жанры туралы ғылым деген анықтама беріліп отыр. Дәуірдің көркемдік санасы оның өзіндік поэтикасынан көрініс табатыны белгілі. Қазіргі әлемдік әдебиеттану ғылымында поэтика мәселесі айтарлықтай қарқынды зерттелгенімен, әлі күнге дейін бұл ұғымның нақты анықтамасы жоқ. Брокгауз бен Ефронның энциклопедиялық сөздігінде поэтикаға «поэтикалық қызметті, оның көрінісін, формасы мен түрлерін зерттейтін ғылым» [1] ретінде анықтама береді. Ал «Қысқаша әдебиеттану энциклопедиясында» поэтика – «әдебиеттің құрылымын, жанрлар мен түрлерді, ағымдар мен бағыттарды, стиль мен әдістерді, көркемдік тұтастықтың түрлі дәрежедегі қатынастары мен ішкі байланысының заңдарын зерттейді» делінген [2]. Орыс әдебиеттанушысы М.Поляков «шығарманың көркемдік мәнін құрайтын заңдылықтар, ережелер мен нормалар поэтиканың негізі» [3] десе, Я.Мукаржовский поэтика «тек шығарманың поэтикалық техникасы туралы нормативтік ғылым ғана емес, сондай-ақ поэтика – поэтикалық өнердің эстетикасы мен теориясы» [4] деген пікір айтады. Сонымен қатар әдебиеттанушы ғалымдар поэтика деген мәселені қозғағанда жекелеген шығармалардың, автордың, көркемдік жүйенің, жанрдың, сюжеттің, стильдің және т.б. поэтикасы туралы айтады. Бұған дәлел ретінде О.Фрейденбергтің «Поэтика сюжета и жанра», Я. Пропптың «Морфология сказки», М.Бахтиннің «Проблемы поэтики
Достоевского», Н. Рымарьдің «Поэтика романа» сияқты еңбектерін атауға болады.
Қазақ әдебиетінде көркем туындылардың поэтикасына, соның ішінде драма жанрын жан-жақты әрі терең зерттеу жүргізген З.Ахметов, З.Қабдолов, С.Қирабаев, Р.Нұрғалиев, Б.Майтанов, Т.Есембеков, М.Ысқақов, С.Құлбарақов, Ә.Шапауов, Ж.Әбіловтер – ұлттық әдебиеттануда көркем шығарманы поэтикалық тұрғыдан зерттеудің әдіснамалық үлгісін ұсынған ғалымдар.
Жалпы поэтиканың негізгі категориясы – жанр, себебі кез келген туынды белгілі бір жанр формасында ғана көрінеді. Қазіргі таңда әлемдік әдебиетте, соның ішінде қазақ әдебиетінде драматургия жанрларының поэтикасына қатысты зерттеулердің өзектілігі байқалады. Драматургиялық жанрларға қатысты мәселелердің шешімін табуда ең алдымен Аристотельдің «Поэтикасы» өз үлесін қоса отырып, драма теориясын, оның әрбір элементінің функционалдық сипатын тұжырымдады. Бұл тұрғыда Аристотель поэтиканы поэзия туралы ғылым деп санай келе, көркем туынды «тұтас», «әсер қалдыратын», «пропорцияға» және «үндестікке ие» болуы керек деді. Аристотельден кейін жанрлық поэтика туралы пікірлер С.Д.Балухатыйға тиесілі. Ол поэтиканы «жанр техникасы», яғни мінездердің, композицияның құрылымы, диалог жүргізудің ұстанымдары дей келе, осы аталған ерекшеліктердің барлығы жанрға байланысты түрленіп, жаңарып отырады дейді [5].
Қазіргі қазақ драматургиясының шеңберіне тәуелсіздіктің тұсынан бүгінгі күнге дейінгі жазылған туындыларды қарастырамыз. Ал дәл осы кезең – ғасырлардың тоғысына сәйкес келетін, дәстүрдің жаңашылдықпен үндескен кезеңі. Кейіпкер болмысын танытудағы психологизмнің қызметі, көркем шығармадағы баяндаудың жолдары, суреттеудің жүйесі, көркем мәтіннің семантикалық, стилистикалық құрылымы жайындағы ізденістер – қазіргі қазақ драматургиясының жанрлық сипатын айқындайтын параметрлер.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазіргі қазақ драмасында қалам тербеп жүрген драматургтердің драма жанрындағы көркемдік кеңістігі, шығармаларының тақырыптық ауқымы, қаламгерлік әдіс-тәсілдері әр қырынан зерделеніп, зерттелуі қажет. Бүгінгі драмалар легі тақырыбы жағынан алғанда дәуір шындығын көрсетуге арналғандығы байқалады. Олардың ішінде қазақ халқының әр дәуірдегі өмірінің қайғылы жағдайы мен азаттық жолындағы күресін, жаңа дәуірдің әр алуан тіршілігін бейнелейтін туындылар да бар. Жазушы, драматург Ғ.Мүсірепов: «Шығарма деген белгілі оқиғалардың тізбегі емес. Шығарма жазушы жүрегінде, ойында қайнап-пісіп, кітап оқушылары зейін қоюға тұратын, жігер-қайрат, адам қоғамының өсе беруіне, еселей беруіне үн қоса алатын жанр» [6, 7] дейді. Қай жанрдағы туынды болсын ең алдымен көркемдікшығармашылық болмысымен құнды. Өйткені қаламгердің тұлғасы оның шығармашылығымен, суреткерлік болмысымен бағамдалады. Драматургтердің шығармашылық үдерісінде сәтті, жемісті қолданылған тілдік өрнектер жиі кездеседі. Сол үшін біз олардың сөздік қорын нақты мәтіндік талдау негізінде сараптауды мақсат еттік. Мәселен, образ жасаушы амал-тәсілдер кез келген жазушының стиліне қарай әртүрлі қолданылады. Осы орайда академик З.Қабдолов: «Адам тағдыры суреткер үшін шығарма арқауы ғана емес, өмірді танудың өзгеше тәсілі де: өмірде көрген тірі адамдар туралы олардың хал-күй, кескін-кейпі туралы тебірене, толғана ойланудан көбіне суреткердің сол адамдар өмір сүрген қоғамы туралы көзқарасы қалыптасады, нәтижесінде сол қоғамдық шындықты көркем жинақтау мақсатындағы творчестволық әрекеті басталып кетеді» [7, 456] деген тұжырымын келтірген орынды.
Драматург Р.Отарбаев өткенді жаңа көзқарас тұрғысынан жазу тенденциясын қолға алды. Сол арқылы, яғни тарихи драмалары арқылы оқырманға, кейінгі ұрпаққа таза тарихты ұсынды. Бір ғана «Бейбарыс сұлтан» драмасында киіз үйден шығып, күллі әлемге танымал болған, Жайық бойын жайлаған Жамақ ханның кешегі қараторғайдай баласы Бейбарыстың бүкіл Мысыр еліне әмірші болған тарихы баяндалады. Драматург Ғабит Мүсірепов: «Көркем шығарманы тарихи шығармамен алмастыруға болмайды. Бірақ одан тарихилықтың принципті мәнін сақтауды талап ету керек» деген. Р.Отарбаевтың аталған драмасында барлық талаптар сақталғандықтан, қуаты күшті туындыға айналған. Қазіргі таңда оқырман жүрегіне жол тауып, жаулап ала алған туындылардың қатарына жатқызуға әбден болады. Олай дейтініміз, драмада Р.Отарбаевтың ақынға тән сөйлеу мәнері, шабытты тебіреністері ашық көрінген, Бейбарыстың толғау, тіпті көсем монологтарының өзі кесек дүние.
Екі актілі, төрт көріністі тарихи драманың кейіпкерлері туралы ремаркада 18 кейіпкер, оған қоса шапқыншылар, мәмлүктер, елшілер, тұтқындар, шабармандар, періштелер, шаһар әкімі, дауыстар, қарауыл, жаршы, саудагер деп көрсетіледі. Алғашында мұнша көп адамдар шағын туындыға көптік етпей ме деген күдік ұялайды. Бірақ, драма мазмұнымен толық танысып, авторлық идеяны ажыратқан соң, бұл күмән сейіледі. Әрқайсысының өз орны бар екендігі, басы артық жүрген бірде-бір кейіпкер жоқ екендігі білінеді. Дауыстар Ніл өзенін бөгеудің қиындығын, Бейбарыстың жәй мәмлүк емес, қайтпас ер, жаужүрек екенін білдірсе, қарауыл соғыс жайын білдіріп отырады. Жаршы, шабармандардың өзі ел салтынан, дәстүрінен хабар береді. Олар арқылы біз арабтар соғыста жеңіске жеткенде баспанасызға үй тиіп, бойдақтар қыз сүйіп, отбасылы болатынынан хабардар болсақ, ел әміршісі о дүниелік болғанда халқы күңіренумен қоса, шашын жұлып, бетін жыртатынын білеміз. Қара киімділер болса тепсінген талай жауды тентіреткен сұлтанның сыртынан тәж бен бақтың саудасын қыздырып жүрген бақталастардың көптігінен хабар береді. Демек, бұл көптеген кейіпкерлерді автор «әлеуметтік орта, дәуір тынысын сездіруге, көпшілік сценаларын ашуға» [8] пайдаланғанын ұғамыз.
Драма оқиғасы Сиуас қаласының құл базарындағы құл саудасын суреттеуден басталады. Асқан жауынгер халық санатынан деп есептелетін, қазақ даласынан әкелінген қыпшақтардың күштілігі, қымбат бағаланатындығы итальяндық саудагердің сөздерінен білінсе, дайын құлдықтан гөрі өлімді артық көретін намысшыл екендігі, көздерінде от, кеудесінде шоғы бар қыпшақ ұлдары қара зәңгіден де артық бағаланады.
Бірінші актінің бірінші көрінісінің өзінде Бейбарыстың ширыққан бейнесі танылады. Әп дегенде тұтқын бала ешкімнен қаймықпай, көзінің оты жарқ етіп, жусанды алу үшін лапылдап жанып жатқан отқа қолын салса; сахна ауысқанда «Крест жорығына» шыққан француз жасағының соғыс ашып, ел-жұрт уайым шегіп, жылап-сықтап жатқанда Бейбарыс сөзімен де, ісімен де халық жағында, жаны найза ұшында. Ширығып басталған драманың бірінші актісінен-ақ біз өзін дүниенің тірегі сезінгендей, өзгеге де сездіргендей ойлы да мұңды, қаһарлы Бейбарысты танып үлгереміз. Бейбарыс бейнесі сан алуан әрекет арқылы: дұшандармен арпалыста, соғыс даласында, сарайда, отбасында біртіндеп, сатылап барып, кеңінен ашылады. Бірде оны қайсар, өжет бозбала, патриот; бірде мықты стратег әскербасы; бірде аяулы жар, мейірбан әке; бірде жауына аш бөрідей тиетін, ел шетіне жау келгенде аянып қалмайтын көзсіз батыр ретінде әр қырынан танимыз. Осылайша сұлтан бейнесі түрлі драмалық тәсілдер арқылы сомдалып шығады. Яғни Бейбарыс бейнесі диалектикалық бірлікте, қайшылық-қасиеті сом тұтастықта берілген.
Көркемдік қасиеті тұрғысынан «Бейбарыс сұлтан» драмасының полифониялық сипаты күрделі емес. Бас-аяғы 40 беттік туындыда Бейбарыс сұлтанның бүкіл өмірі көз алдыңыздан өтіп, оған қоса қаһарманның ішкі жан-дүниесіне тереңінен үңіліп, онымен бірге қамығып, бірге жаныңыз жүдеп қалады. Сұлтан өмірінің қуанышты сәттері тек ұлдарымен байланысты. Тәж пен баққа таласқандардың арасында ұстараның жүзінде жүргендей қиын өмірінде жанына ұлдары келгенде ғана жаны жадырап, Еділ-Жайықты жайлап отырған қыпшақ жұртын көргендей шаттанып қалады. Бірақ олардың қаны қыпшақ болғанымен, өз ортасы өгейсіткендігін балаларының жылқының етінен Нілдің суын артық санайтындығы, киіз үйдің не екендігін білмейтіндігінен аңғарып жаны құлазып, жүдеп қалады. Бірақ халқадірінше балаларына ата-баба дәстүрін сіңіргісі келеді. Шаңырақ деген өзім деп өзі көтеріп, уық – балаларым, кереге – шешелерің деп тату-тәтті бірлігі жарасқан шаңырағының ырысты болғанын қалайды.
Бейбарыс бейбітшілік заманда өзіне құлдық қамытын кигізген моңғолдарды ешуақытта ұмытпайды, тіпті сәлемін де алмайды, Құтіз әмірші соғыста қаза тапқан соң, Бейбарыс сұлтан таққа отырады. Билік басына келген соң арық жүргізіп, су жіберіп, халықты молшылыққа кенелтеді. Еркектердің бұзақылығын, әйелдердің сайқалдығын тыйып, құпия үйлер мен долықты моншаларды жабады. Иен даланы гүлзар баққа бөлеп, шаһарда тәртіп орнатып, кесірлерді тыйып, ел-жұртына етегі мен есін жиғызған ерен еңбегін бағалап берілген: «Абул-футух Рукнуддин уа дүние Бейбарыс бин Абдулла ая-Бундукдари ас-салиха ан-Наджани ал-Аюби ан Ханафи ат-турки…» есімінің өзін бір-бірін бұйдамен жетелеген керуендегі түйе сынды екен. Көтеріп жүру де оңай болмас. Осының бәрі анам байғұстың «Барысым» деген жалғыз ауыз сөзіне тати ма? Уай, дүние-ай!» [9, 27] деп көкірегі қарс айрыла күрсінеді. Патша тағына отырса да бір сәтке де есінен туған елін, жерін шығармайды. Тіпті бұл үнемі жүрегін жарып шығатын күрсінісі мен қайғысы сағыныш болып шығарманың лейтмотивін құрайды. Сағыныш Бейбарыс үшін ғұмыр бойы ұмтылса да жеткізбеген Жайығы мен жусанды даласын есіне салып отырады. Шығарманың өн бойынан байқалып отыратын лейтмотив – Бейбарыстың туған елге, жерге деген сағынышы, сағынышқа толы сөздері: «Тұшынып бір иіскесең көкірегіңді шайдай ашқан қайран Жайық бойының жусаны. Жас сәбидің қарын шашындай бүр жарғанын көрер ме еді» [9, 8], «киіз үйдің іргесін түріп тастап, қымызға қанып, қазы жеп сәскеге дейін ұйқтар ма еді» [9, 20]. Лейтмотив сағыныштың шөбі – жусанмен тығыз байланыста беріліп отырады. Жусанның ерекшелігі сағынған жан иіскесе ғана жұпар шашатындығын да автор елін сағынған сұлтанның анасының өсиеті, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеген сөзі арқылы өрбітеді.
Драманың намысқа жанылған патриоттық рухының күштілігі сұлтанның қандай жағдайда да қыпшақ жұртшылығының салт-дәстүрін дәріптеп отыратындығынан да байқалып отырады. Бұл жайдақ атқа секіріп мінетін жүз жастағы қариялары бар қуатты жұрт – қыпшақтардың баһи кешкен адамның зиратына жарты Ай белгісі бар құлпытас қоятын салтын айтуы. Зират басындағы белгі – кері туған айдың белгісі. Көрер жарығы, туар айы, дәмі таусылды деген сөз. Ал ең өнегелілігі – құлпытасқа өлген жанның есімі, ата-тегі, руымен қоса, қанша күн өмір сүргендігін өрнектеп жазуында. Яғни неше жақсылық жасаса, сонша жыл жасадым деп есептеуі, егер үш жақсылық жасаса – үш күндік өмір, он жақсылық – он күн. Ал егер жүзге келсе де ас ішіп, аяқ босатқан күндерін ғұмыр санамайтын мәрттігі мен даналығына тәнті боласыз.
Сұлтанның жанын жегідей жеген нәрсе – тек сағыныш десек қателескен болар едік. Оны күйзелткен негізгі мәселе – исі түрік басшыларының ауызбіршілігі болмай, халқының тоз-тоз болуы. Қанжар тістеп туған қанатты қырандардың тұтқын болып сорлауына қатты налиды. Тіпті халифатқа әділдік орнатқан әміршіге айналған шағында құл базарында саудаға түскен түрік өрендерін көргенде: «Міскіндерім-ай менің. Сендер де бұғауға түстіңдер ме? Менің кебімді құштыңдар ма? Аяқ-қолдарыңды кісен қиып зарықтыңдар ма? Исі түріктің иелері бірікпесе, небір замандар бойы көрер күндерің, шегер азаптарың осы ғой. Кемталап емес едіңдер ғой» [9, 32] деп іші қан жылап, барлығын бір-ақ сатып алып, бастарына бостандық береді. Саудагерге «айтқан бағаңды ал» деп мәрттік танытқанымен, оның мақсаты да, түпкі ойы да «әйтпесе бұлардың әрқайсысы бәсжетпес қой» деген сөзінен байқалады.
Сарай ішіндегі интрига, қызғаныш, сатқындық, жағымпаздық секілді қитұрқылықтар шығармада кеңінен беріліп отырады. Хуан тілімен айтқанда «жалпақтаған жағымпаздар, жәреуке жандайшаптар, аңысын күткен аярлар, қысқа күнге қырық құбылған қитұрқылар, шапан жамылған көркеуделер, жітікөз ұрылар, мықынын бұлдаған мекерлердің Бейбарыстың да айналысында өріп жүргендігі, олар әміршісін сыртынан сатып, күнде өлтіріп жүргендігі білінеді. Сарай өмірі ешбір бүркемесіз, ащы шындығымен ашылады. Драматургтың қоғам туралы ойы да айқын. Ол қоғамның жегі құрттары секілденген билікқұмар жандар туралы сөздерінен аңғарылады. Тақтың төрт бұрышына үймелеп, әміршінің балағынан кіріп басында, қойнынан кіріп қонышында жүретін, тақ шайқалса алдымен иесін тапайтын снобтарды ешуақытта тамырымен жою мүмкін еместігін ашық айтады. «Жер жарылып су аққалы солай болып, топан су қаптағанша аясын кеңейтіп өрістей беретіндігі» ащы да болса шындық.
Драманың басынан аяғына дейін үзілмей тартылып отыратын желі – Бейбарыстың өмірі. Бейбарыс әділ. Сатқындық жасады деп естіген сәтінде туған баласын «азып туған ит» деп танып, садақаға сұраусыз шалуға да дайын. Кешірім бермей, тек өлім жазасына кеседі. Тартыс ширыға түседі. «Көркем туындыдан (ол қай жанрдағы шығарма болмасын) ең алдымен іздейтініміз – адам, оның қилы тағдыры, қуанышы мен мұңы десек, ол осындай адамдық тұлғасымен ерекшеленуі үшін әуелі белгілі бір мінезбен көрініп танылуы қажет қой. Өйткені мінезсіз характер жоқ. Мұның бәрі «сюжет негізіне арқау болған тартыстың өрбуі, дамуы мен шиеленістері, шарықтау шегі мен шешімі арқылы ғана танылмақшы» [10, 52] деген ғалым С.Мақпырұлының пікірі тартыс табиғатын тануда маңызды мәнге ие. Бейбарыстың сатқындық жасаса өз балаларын да аямайтын әділдігі айқын көрінеді. Тірлікте жасаған жария жаманаты, аяр опасыздығы үшін моңғол елшісін де, Хуанды да аяп қалмайды. Айналасын қызғаныш боп шарпыған, қолтығына ғұмыр бойы у тыққан, күллі әлемге қара тырнақтай жақсылық сыйлауға әлі келмейтін Хуанның да бар әрекеті әшкере болғанда да әділ жазасын береді. Елін шексіз сүйген патриот ұл қыпшақ салты бойынша Хуанның құлпытасына «туды да өлді» деп жаздыруды ұйғарады. Мұның тәрбиелік мәні – Хуан секілді аярлардың жетер жерінің қандай болатындығы – кейінгі ұрпақ үшін ащы сабақ болатындығында. Оған қоса, автор дала адамының иілмей, морт сынатын болмысын, тәкаппар қалпын нанымды бере білген.
Бейбарыс – мықты стратег. Алдына қойған мақсатына жету үшін, жауының бетін қайтару үшін, ешкімді тыңдамай, ешкіммен ақылдаспай батыл әрекеттер жасайды. Көзсіз ерліктерге барып, ешкімнің сөзіне құлақ аспайды, тіпті, әміршінің бұйрығын да жүре тыңдап, ал шылбырына жармасқан Хуанның өзін «кәпірдің жалғызы» деп қағып тастайды. Драма жанрының теориясын зерттеуші Р.Нұрғалидың ашып көрсеткен трагедия табиғатына Р.Отарбаев сомдаған Бейбарыс бейнесі толық сәйкес келеді: Бейбарыс та сұм заманның қатыгез әдеттерімен шайқаста опат болады (таққа таласқан шаһ берген уланған қымызды ішіп о дүниелік болады); асқақ рухты қайсар жан Бейбарыстың дұшпандарымен алапат күресі кеңінен суреттеледі (Ніл өзенін бөгеп, француздарды қыруы, дандайсыған моңғол елшілерін сабасына түсіруі т.б.); басқа да трагедия қаһармандары секілді сұрапыл, ол өз ішіне терең бойлайды (жиі кездесетін монологтары), қайғылы, азапты хал кешеді, кедергі, қарсылықтармен қаймықпай күреседі.
Автордың аталған тарихи драмасы шынайы, ақиқаттан алыстау кеткен тұстары жоқтың қасы. Берілген тарихи детальдары қисынды. Шығармада мәмлүктер – мемлекеттің айбары ретінде суреттелген. Шынында да араб елі мәмлүктерден еш залал шекпеген. Мәмлүктер «найзаға тұщы етін, қылышқа талша мойнын, дойырға жон арқасын төсегені» анық. Шығармада санаулы ғана қыпшақтар бар. Олардың өзі сұлтанның айналасында суреттеледі: Құтіз – парасаты мен пошымы Бейбарыстан кем соқпайтын, заманында құлдық қамытын киген, кейін ерлігімен белгілі болып, Айбектен кейін таққа отырған әмірші; Қалауын – он екі жасынан Бейбарыспен бірге құлдыққа түскен беріш руының баласы; тарихшы әрі жылнамашы, Бейбарыс үшін орны бөлек Тәңірберді; Бейбарыс сұлтанның әйелі – ТәжіБақыт. Тәңірберді мен Бейбарыс бір-біріне адал дос бола білді; Бейбарыс өзінің уыздай көңілін оңашада келіп, тек Тәңірбердіге ғана ақтарса, ол да өз кезегінде сұлтан сеніміне тәнті болып, оның сырын ешкімге жария қылмауға өз-өзіне серт береді. Автор артық сөзге, сипаттау, баяндауларға сараң. Әр кейіпкердің қыпшақ екендігін сөз арасында ғана танып қаламыз. Мәселен сұлтанның жары Тәжі-Бақыт ерінің көңілін көтеріп, сағыныш басу үшін киіз үй жасауларын әкеліп, құруға кіріскен сәтте Бейбарыстың асқан ризашылықпен әрі көңілдене айтқан: «Қыпшақтан қатын алғанның бір ісі артық» деседі ақ сәлдесіне оранған арабтар» деген сөзі арқылы ғана біліп қаламыз.
Автордың келесі бір тарихи драмасы – «Жәңгір хан». Драмаға тоқталмас бұрын кеңестік кезеңдегі Жәңгір хан туралы тарихи әдебиеттегі тұжырымдардың қазіргі заманғы көзқарас бойынша басқаша арнаға түскендігін айта кету ләзім. Өйткені кеңестік идеология бойынша Жәңгір үстем тап өкілі, хан болғандықтан тар шеңбер аясында танылып, халықты қанаушы, зорлықшы деп біржақты стереотипті түрде бағаланды. Оған қоса,
Ә.Кекілбайұлының тарихи деректерге сүйене отырып жазылған «Наркескен» атты еңбегінде ауылдағы ақсақалдық-рулық биліктің ыдырап, отаршылардың барлық билікті шонжарлардың қолына, яғни Жәңгірдің билікті атасы Қарауылқожаға бергендігін жазады. Демек, Жәңгір хан жүргізген биліктің қара халыққа жайсыз болған тұстарын да жоққа шығара алмаймыз.
Бүгінге дейін азулы ақын Махамбет арқылы қалың қазаққа хан емес қасқыр, айыр құйрық шаян болып танылған Жәңгір бейнесі бұл драмада мүлде басқа қырынан ашылып көрсетілген. Мұнда Жәңгір дұшпаны келіп табалап, достары келіп басқа ұратын ылаң емес, патсайы сусыма шапан, басына тақия киген, кітап оқу ісі өз алдына, қазақ жұртшылығына шахмат, бильярд ойнауды үйретсе, резиденция салып, банк, базар, аптека ашып, дәрігер ұстады; әйелі Фатима тоташ би үйірмесін ұйымдастырып, қазақ қыздарына вальс билеуді, хор орындауды үйретеді. «Жәңгір мектебін» ашып, оған Ольдекон Сергей Константинович атты сауатты ұстазды алып, қазақ балаларына математика, орыс тілі, діни сабақ, физика пәндері бойынша дәріс береді. «Жәңгір мектебін» бітірген түлектерді Омбыдағы Неплюев кадет корпусына оқуға жібереді. Сол арқылы жанына тыншу бермеген көп арманының бірінің ұшығына жеткендей болады. Қараңғылықта отырған елін жалпы әлемдік өркениетке ілестіріп, заң мен өмір талабына сай өмір сүргісі келді.
Батыстан келген ғалым, жиһанкездердің сөзі арқылы біз Жәңгірдің жастық шағы Астраханьда, генерал-губернатор Андреевскийдің үйінде өткенін, орыс, француз, араб тілдерін жетік меңгергенін, қазақтың батыс өлкесінің шежіресін, ел мен жердің тарихы, табиғи байлығы, халықтың салт-дәстүрі мен қолөнері жөнінде жазып, Еділ-Жайық арасының топонимикалық картасын жасатқанын, шәкірт тәрбиелеу секілді ұлы іспен айналысып жүрген сайын даланың ұлы реформаторы ретінде танимыз. Қала берді Санкт-Петербург ботаника бағының бөлімшесін ашып, қарағай, қайың, түрлі бұталы өсімдік ектірген. Малмен жатағы бірге, малмен қоса өріп-тұрған надан халық деп естігендерінің жалған екендігіне көздерін жеткізеді. Жәңгірдің тым орысшыл еместігі, орыстардың да ішінде тек білімді, көзі ашық, көкірегі ояу жандарын ғана құрметтеп, Иванов сынды шетелдік жиһанкездерге жолбасшы боп жүрген, ұйқы мен арақ-шарапты жақсы көретіндерді жаратпайдығы мына біз үзіндіден білінеді: «Әлде цивилизация әкелем деп бұ даланы мезгілсіз мазаладым ба? Бір ізбен кіріп-шығып, ін аузын баққан кесірткедей тыныш жатқаныңмен төбеңнен төнген төрт бірдей жат қамал жаныңды жай таптыра ма? Әбілқайыр бабам бас боп басқан бодандықтың бармақ таңбасы алдымды кес-кестей берді-ау. Әйтпесе, жерімді жайлаған самогоншыл казак сарайыма сұраусыз кірер ме еді?» [9, 108]. Автор шығармасын ханның шахмат ойнауынан бастау арқылы, оның күңіренген сөздері арқылы орыс патшасының қазақ даласын билеуді ойын алаңына айналдырғанын, оның халқын да, билеушісін де шахмат пешкілеріне санайтындығын аңғартады. Орыстар Степан Разин мен Пугачевтің баскесерлерін құрықтаған империялық күшке ешкім қарсы тұра алмайды деп ойлайды. Қарсы шыққан қазақтарды жабайы қарақшы деп танып, Жәңгірге оларды ешбір аяусыз, қан жоса етіп басуды бұйырады. Тіпті сарайда жүрген Гегель, Бергман, Раевский сынды патша өкіметіне қарсы шыққаны үшін жер аударылған жандардың Жәңгір ханнан пана тапқандығын да біліп, сол үшін жауапқа тартады.
Драманың алғашқы сөздерінен-ақ, Жәңгірдің халқының қамын ойлап күрсініп, күңіреніп жүргендігі «билеуші келіспесе қарашасы да даладан-далаға безіп» деген сөздерінен білінеді. Өзіне-өзі қатал сыншы. Өзін орыс патшасының еңсесін езіп, қол-аяғын бір жіппен матап тастағанын жақсы түсінеді. Айналасындағы халқын лай судың ортасында жүріп көрінбей кеп қабатын ашқарақ шортанға теңейді, орыс орманы, қараша қорғаны бола алмағанына шерленіп, пұшайман халде отырады. Жәңгір орыстың саясатын анық түсінгенмен қолдан келер шарасы жоқ. Жағындағы сары жүнін үрпиткен орысқа қазақтың баласы бірін-бірі көкпардың серкесіндей өңгеріп беріп жатқандығына, кеше – Исатай, бүгін – Махамбет болса, ертеңгі күні кезек – өзіне келетінін, қыл тұзақтың тарылып жатқандығын жақсы түсінеді. Атасы Қарауылқожаның өзі қазақты: «би үстінде бір нұқат, астында екі нұқаттан аса алмай жүретін қара қазақтың боғын қурайға шаншып өскен қарасирағы» деп кемсітеді. Исатай өлгенде де қатты қуанып, енді қазақтар «шілдің боғындай басы ауған жаққа пышырар» деп масайрап, масаттанады. Сол уақыттағы қазақтың жайын автор: «аузымен алысып, құлағымен күн көрген қазақ», «қуанса да, ренжісе де айызын ат пен әйелден қандыратын ежелгі әдеті», «сөзінің байламы жоқ, ісінің бәтуасы жоқ» деп береді. Шығармада беті ашылатын тағы бір шындық – казактардың даланың бағытсыз құйыны сынды құтырынып, момын қазақтың берекесін алып, мазасын кетіріп жүргендігі. Жәңгір олардың салатын ылаңынан да айласын асырып, қазағына қорғаныш боп отыратыны Жақсыбай батырға берген тапсырмасы арқылы білінеді. Екеуінің диалогына назар аударсақ:
ЖӘҢГІР:Араға үш күн салып, үш жүз жігіт алып казак әскеріне ілес.
ЖАҚСЫБАЙ:Соғысты бастаушымыз ба, қостаушымыз ба, хан ием?
ЖӘҢГІР:Шайқаста – қостаушы, қашқанда – бастаушы.
ЖАҚСЫБАЙ:Жан ауыртпай теп десеңізші, хан ием.
ЖӘҢГІР:Қолға түскенінің обал-сауабына, жазықты-жазықсызына қарар емес.
ЖАҚСЫБАЙ:Киізге орап сабайық.
ЖӘҢГІР:Түн қараңғысымен төрт тарапқа ат шаптыр. Жазалаушы отряд келеді, сақ отырсын де. Он екі биге хабар жетсін. Сөз сапырғанға құр мәз болмасын. Қарауындағы елді талауға салып алмасын [9, 110].
Осы диалогтың жанды көрінісіндей, көп ұзамай есірген казактар қауқарсыз шалды байлап, араша түскен он бес жастағы бозбаланы керегеге таңып байлап, жалаңаш кеудесін өртеп азаптайды. Ол аз болғандай қарттың ызалана айтқан «ұят сендермен қоса туған, бірақ бұрын өлген» деген сөзіне казактар шамданып бесіктегі сәбиді қылышпен шауып өлтіріп кетеді. Казактардың дандайсып, қазақ жеріне салған ылаңы жөнінде қазақ әдебиетінің алыбы С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешу», Қ.Мұханбетқалиұлы «Тар кезең» романында келістіре жазғаны белгілі. Казактардың Екатерина екінші патшайымның бұйрығымен казачество құрып, қару ұстап, қазақ жерінде жан бағып отырғаны – олардың шебер тактикамен қазақ жерінде саяси ойын жүргізіп отырғандығында екені де ащы шындық. Осы шындық Р.Отарбаев шығармасында сәтті көрсетілген. Олардың бір ұтқаны қазақ жеріне Жәңгір ханның сойылын соғып, Исатайды өлтіріп, Махамбетті ұзын арқанда ұстау. Махамбет олар үшін қауіпті емес. Өйткені ол таққа зәру жан емес. Шындығында Жәңгір ханның өздеріне кіріптар болуын қолдан ұйымдастырды. Өйткені кіріптарлық жүрген жерде ноқта мен кісенге орын қашан да табылатындығын жақсы білді. Қазақтардың арасына алауыздық орнатып, өзара ши жүгірту арқылы күн көрудің қамына кірісті. Махамбетті ұстап алып түрмеге салу, қалған қолын талқандауға тіпті де асыққан жоқ. Олай еткенде Бөкей ордасында жым-жырт тыныштық орнайтынын білген соң, ұзын арқан, кең тұсауға салып қойды. Оны Покатилов сөзінде: «Махамбет ұстасса сенімен, не менімен ұстасқан жоқ, өзінің ханына, биіне жауығып жүр. Бір-бірін жағадан ала түссін, арпалыссын, азу тістерін ақситыссын, ақыры екеуі де құрып бітеді. Бір-бірінің тоз-тозын шығарады. Бізге де керегі осы емес пе?» деген сөздері растайды. Драматург Жәңгір мен Махамбеттің қақтығысқа толы қатынасы, оны ушықтыруға отаршылардың қосқан үлесін әсерлі жеткізген.
Жәңгір өз кезегінде Махамбетке өзінің жау еместігін түсіндіруге тырысады. Бір жағы өрт, бір жағы құлама жар екенін біліп, ел ішінен шыққан байыптысын баптауға, дарақысын таптауға тырысады. «Екі даушы бір келсе, амалыңның кеткені, екі ауру бір келсе, ажалыңның жеткені» деп, бір өңірге екеуі тебіссе сиятынын, өзге келіп тепсе өрісінен шығарып жіберетіндігін айтады. Махамбетті райынан қайтару үшін ақтарылып, егер өзі Махамбетті құртса халықтың азасына, ал Жәңгірді құртса патшаның назасына қалатындығын байыптайды. Екеуі бір ортақ шешімге келіп, татуласпаса, жолдың бәрі соқпақ болып, мойны – қазық, басына тоқпақ қонарын сездіруге тырысады. Бірақ өр ақын Жәңгірдің шырқыраған жанын түсінбейді. Түсінбейтіні – ортаға түскен әзәзілдердің барлығын ластап, бүлдіргені, салған ылаңының орындалғаны.
«Ұлтарақтай жерді ұлардай шулатып біттік. Мылтық асынып қоқаңдаған казагы, құрық ұстап қалбаңдаған қазағы, қымызға қызған биі, қыздырмаға қызған батыры, шығар-шықпас жаны бар, бір қолында тізгіні, бір қолында дауы, қажып біткен ханы бар, неткен жұртпыз? Сеніп сыр айтпайтын, кесіп іс істемейтін, шапса балтаң өтпейтін, сабасаң шын жаламайтын, жүрегі емес, аузы қуанатын бұ не заман? Балақтан кірген дұшпан бастан шығатын, бергені – алдамшы, алғаны – алаяқ, жаңалыққа іңкәрлікті зор намыс көрген, бес-алты тоқтышақты қорғаныш көрген бұ неткен дәуір? Баяғының төресі – билігіне, қожасы – баланың шопайшүметегіне, биі – руына, батыры – сауытына, қариясы – азанына, кемпірі – қазанына, келіні – ошағына, ұлы – босағасына ие боп түтінін түзу ұшырып отыратын кез қайда? Бәрі де астаңкестең» [9, 108]. Жәңгірдің бұл монологынан азған заманына деген зары сезіледі. Драмалық шығармаларда адамның рухани жан-дүниесі, ішкі сыры прозалық немесе поэзиялық туындылардағыдай ұзақ баяндаулармен емес, кейіпкерлердің қат-қабат психологиялық ерекшеліктерінің иірімдері арқылы көрініс табады. Яғни кейіпкердің ішкі жан толғанысы, өзегін жарып шыққан ішкі сырлары монологтар арқылы беріледі.
Бірақ бір өкінішті жері – Махамбеттің бір өзі үлкен оппозиция, үлкен күш иесі екендігі шығармада ашылмай қалған. Бүгінгі күнге дейін жеткен батыр ақынның шынайы бейнесі, оның қалың қазақ үшін жасаған әрекеті Жәңгірдің: «Қуықтай екі өзеннің арасын ереуілдеткенде қайда барып пана табам деп жүр бұлар?» деген сөздері арқылы әлсіреп, солғын тартып қалған.
ҚОРЫТЫНДЫ. Драматург Р.Отарбаевтың екі тарихи драмасына ортақ нәрсе – драманың бүкіл бітімінде негізгі екі қаһарманның (Бейбарыс сұлтан мен Жәңгір хан) сырын ашуда екі тартыс арнасын қатар өрбітуі: бірі – олардың арпалысы, әрекеті болса; екіншісі – өзімен-өзі іштей айтысып, толғануы.
Тарихи драмаларда өмірлік деректі игеру және көркемдік қиял арқылы бейнелеу драматургтан асқан шеберлікті қажет етеді. Нақтылы деректі өзгертіп алу, сюжет логикасына, характер табиғатына сәйкес келуі керек. Драмада автор идеясы мен көркемдік шешім арасында алшақтық бар секілді. Автордың реформатор Жәңгір бейнесін жаңа қырынан танытып, шынайы бейнесін танытқысы келгені түсінікті. Яғни, біз Махамбет жырлары арқылы білетін «айыр құйрық шаян емес», халқына деген зор сүйіспеншілікпен өмір сүрген жан екенін, перзенттік сезімін, елге деген сезімін қазақ балаларын оқытып, ғылымға итермелеуі, түрлі өнер түрлерін меңгертуі арқылы көрсеткен. Бірақ, Жәңгірдің позициясы, бейнесі толық ашылмағандай әсер қалдырады. Шығарманың басында ақ шаңқан киіз үйінің ішінде ойға бөгіп, қайын атасы Қарауылқожаның да келгенін жақтырмаған Жәңгірді, императордың тәж кию тойына барып келгеннен кейін де ауыл ақсақалдары мен билерін қабылдағысы келмей, қабылдаса да екіұшты, түсініксіз жауап берген Жәңгір бейнесі де кездесіп отырады. Оның өз мақсатын іске асыру жолында қандай батыл әрекеттерге барғандығы айтылмай, солғындау беріледі. Тіпті тартыс, әрекеттен гөрі монологқа көбірек орын беретін секілді. Мүмкін бұған жоғарыда айтып өткеніміздей, Жәңгір хан бейнесін тек қисық айнадан көру принципі де әсер еткен болар деп топшылаймыз.
ПАЙДАЛАНҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ
1 Энциклопедический словарь Брокгауза и Ефрона. – Спб, 1886. – Т. 24. – 837 с.
2 Виноградов В. Стилистика. Теория поэтической речи. Поэтика. – М.,1963. – С.184.
3 Поляков М. Вопросы поэтики и художественной семантики. – Москва, 1986. – С. 8.
4 Мукаржовский Я. Структуральная поэтика. – М.,1996. – С.31.
5 Балухатый С.Д. Вопросы поэтики. – Л., 1990. – С. 11.
6 Ғабдуллин Н. Ғабит Мүсрепов – драматург. – Алматы: Өнер, 1982.
7 Қабдолов З. Сөз өнері. –Алматы: Жазушы, 1992. -356 б.
8 Нұрғалиев Р. Арқау. –Алматы: Жазушы, 1991.
9 Отарбаев Р. Шер. – Алматы, 2006. – 432 б. 10 Мақпырұлы С. Қазына. –Алматы: Арыс, 2004. -320б.
В статье предпринят идейно-тематический анализ таких исторических драм, как «Бейбарыс султан», «Жангир хан» драматурга Р.Отарбаева, который пишет в жанре строгих, сложных и конфликтных произведений, дан всесторонний обзор мира образов. Автор, затронувший столь актуальную тему, применяет различные художественные средства и различные способы для раскрытия особенностей характера и характерных свойств персонажей. Принимается во внимание тенденция автора смотреть и писать о прошлом с точки зрения настоящего. Особое значение уделяется высоте патриотического духа в названных драматических произведениях. Также в статье говорится о том, что исторические детали в произведениях соответствуют логическим драматическим жанровым требованиям, повсеместно используются такие драматические компоненты, как конфликт, диалог, монолог. Наличие у драматурга разнообразия способов создания образов, представления их читателю анализируются посредством конкретных образов.
The article takes an ideological and thematic analysis of such historical dramas as “Beibaris Sultan”, “Zhangir Khan” by playwright R.Otarbaeva, who writes in the genre of strict, complex and conflict works, gives a comprehensive overview of the world of images. The author, who has touched such a relevant topic, uses various artistic means and various ways to reveal the characteristics of the character and the characteristic properties of the characters. The tendency of the author to look and write about the past from the point of view of the present is taken into account. Special attention is paid to the height of the patriotic spirit in these dramatic works. The article also states that historical details in the works correspond to logical dramatic genre requirements, such dramatic components as conflict, dialogue, and monologue are commonly used. The playwright has a variety of ways to create images and present them to the reader by means of specific images.