АСТЫҚ ҚОЙМАСЫ — астық сақтауға арналған ғимарат. Ол астықты жауын-шашыннан, зиянды кеміргіштер мен құстардан қорғауға, астықты тиеп түсіруге ыңғайлы және бақылауға қолайлы болуы қажет. А. қ-ның еденді, қамбалы және сүрлемді түрлері бар. Еденді А. қ. астық қабылдайтын, астық өндірілетін шаруашылықтарда салынады, астық еденде сақталады. Қамбалы А. қ-нда мол астықты қамбаларға бөліп құйып сақтайды. Қамбалар едені астық өздігінен ағып шығу үшін көлбеу немесе конус тәрізді болып келеді. Сүрлемді А. қ. биік етіліп, көлденең қимасы дөңгелек, төрт немесе көп бұрышты болып темірбетоннан немесе металдан салынады. Едені конус тәрізді немесе шұңқыр болады. А. қ-ның жетілдірілген түрі — элеватор да сүрлемді түрге жатады. Ол өңдеу орындарына (диірмен, зауыттар, астық қабылдайтын орындар, теңіз, өзен порттары, теміржол торабтары) таяу жерден салынады. қ. Элеватор.