«ЖЕР» ЖӘНЕ «СУ» АРХЕТИПТЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖАСАЛҒАН ҚОС СӨЗДЕРДІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ТҮЙІНДЕМЕ

Б.М. Сүйерқұл1, А.Д. Омарова2
1 ф.ғ.д., А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты, Алматы қаласы, Қазақстан Республикасы, akbotakoz@mail.ru
2магистрант, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті, Алматы қаласы,
Қазақстан Республикасы, awonai_jany@mail.ru

«ЖЕР» ЖӘНЕ «СУ» АРХЕТИПТЕРІНІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ЖАСАЛҒАН ҚОС СӨЗДЕРДІҢ СЕМАНТИКАЛЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ ТҮЙІНДЕМЕ

Тіл мен танымның сабақтастығына ерекше мән беріліп отырған қазіргі ғылымда тілдің дәстүрлі қызметтерінен (қарымқатынас, хабарлау және әсер ету) бөлек, кумулятивтік қызметіне айрықша назар аударылуда. Мұнда халқымыздың сан ғасырлық тарихында үлкен, маңызды орын алған ұғымдардың, алуан түрлі тілдік бірліктердің қалыптасуына негіз болып, тұрақты сипат алып, сөздік қорымызда нық орнығу сияқты мәселелерді зерделеу айрықша маңызға ие. Осымен байланысты, мақалада жер, су архетиптерінің қатысуымен жасалған қос сөздердің семантикалық ерекшеліктері қарастырылады.

Тірек сөздер: кумулятивтік қызмет, архетиптер, қос сөздер, семантикалық ерекшеліктер.

Қос сөздер – туыстас тілдердің бәрінде бар тілдік құбылыс. Қос сөздер ең көне Орхон жазба ескерткіштердің тілінде де болған. Содан бері қос сөздер түркі тілдердің бәрінің сөздік қорынан мол орын алып, тілде жиі қолданылатын лексикалық бірліктер қатарында келе жатыр. Сондықтан олар ғылымда әбден танылған,сөздіктерде өзіндік орны бар тілдік құбылысқа жатады. Қос сөздер тілдің аналитикалық тәсілінің қосарлама тәсілі арқылы жасалады. Қос сөздер көптеген ғалымдардың назарын аударып, зерттеу еңбектерінің нысаны болды.
Мәселен, А.Есенғұлов көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қос сөздердің табиғатын көрсетіп, «Көне түркі жазба ескерткіштерінде қос сөздердің қосарлама түрі қолданылады да, қайталама қос сөздер кездеспейді» деп көрсетеді [1, 19-25].
Қос сөздердің морфологиясына қатысты мәселелер А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, Т.Қалабаева еңбектерінде сөз болды. Олар қос сөздердің негізгі белгілерін, жасалу жолдарын, дұрыс жазылу жайын анықтап берді.
А.Байтұрсынов еңбегінде: «Қос сөз дегеніміз – қосарынан айталатын бір өңкей есімді сөздер.Қос сөз екі түрлі болады. Біреуі нәрсенің көбін айтады, екіншілері айыра атайды. Алдыңғысы жалпылағыш қос сөз деп, соңғысы жалқылағыш қос сөз деп айтылады» дейді [2, 182].
А.Байтұрсынов қос сөздерді жалпы екіге бөліп қарастырса, белгілі тіл маманы
Ж.Сауранбаев қазақ тіліндегі қос сөздерді бес топқа бөліп көрсетеді.
1. Мәндес қос сөздер
2. Қайшы мәндес қос сөздер
3.Сыңар мәндес қос сөздер
4. Қайталама қос сөздер
5. Қоспа буынды қос сөздер [3, 64].
Ә.Қайдаров Н.Сауранбаевтың қос сөздерге қатысты классификациясын қостай келе, қос сөздердің осы бес түрі барлық сөз таптарына да ортақ екенін, бірақ қос сөздердің қай- қайсысы да кемінде екі сөзден құралатындығын, оның әрбір сыңарының кейде толық мағыналы, кейде мағынасы жоқ сөз болатынын айтады.
Профессор Қ. Жұбанов «Түбір сөзден туынды сөз жасаудың жалғыз амалы түбірге қосымша жалғау ғана емес, түбір сөздің я туынды сөздің өзді-өзін қосақтап та сөзге үстеме мағына беруге болады. Мұндай, қосарынан айтылатын сөздерді қосар сөздер дейміз» дей келе, қос сөздерді мынадай бес топқа бөледі:
8 теңдес қосар
9 сөздес қосар
10 матаулы қосар
11 тіркеулі қосар
12 қосақты қосар [4, 173-176].
Т.Қалабаева «Қайталама қос сөздердің кейбір мәселелері» деген еңбегінде тілімізде қайталама қос сөздерге жатқызылып жүрген кейбір сөз тіркестері жөнінде профессор А.Ысқақовтың «Жалпы түсіну, талдау мәселелерін жеңілдету үшін, қос сөздерді ең әуелі қайталама қос сөздер және қосарлама қос сөздер деген үлкен екі топқа бөліп алғаны дұрыс» деп түйіндеген, ол бұл екі топқа қысқаша ғана мәлімет беріп өтеді дейді [9, 70-76].
Сонымен қатар, А. Ысқақов қосарлама қос сөздерді үш түрге бөледі. Біріншісі, екі компоненті де бірдей мағыналы қос сөздер, екінші түрі бір компоненті мағыналы, бір компоненті мағынасыз қос сөздер, ал үшінші түріне екі компоненті де мағынасыз қос сөздерді жатқызады [5, 115-117].
Морфемалық құрамы жағынан қос сөз сыңарлары аса күрделі болады. Мәселен, қосарлама қос сөз компоненттері сөздердің қосымшасыз қосарлануынан, қосымшалы қосымшасыз сөздердің қосарлануынан, күрделі сөз бен жалаң сөздердің қосарлануынан жасалады.
«Қазақ грамматикасында» қос сөздер мынандай заңдылықтарға сай жасалатыны көрсетілген:
1. Қос сөздер сыңарлары кез келген сөздерден бола бермей, екі сыңары да бір сөз табынан болады.
2. Қос сөз сыңарлары мағыналас, синоним, антоним сөздерден жасалады.
3. Сыңарлары буын саны жағынан үндесіп келеді, яғни сингармонизм заңы сақталады
[6, 256]. Қосарлама қос сөздер мағыналық ерекшеліктеріне қарай екі салаға бөлінеді: А) Мағыналы компоненттерден құралған қосарлама қос сөздер.
Ә) Мағынасыз компоненттерден құралған қосарлама қос сөздер.
Компоненттері мағыналы қосарлама қос сөздердің құрамындағы компоненттердің екеуінде де өзді-өзіне лайықты дербес мағыналар болады. Бірақ олар іштей мағыналары бірбіріне ұштас сыңарлардан құралған үш топқа бөлінеді.
Қарама-қарсы (антонимдес) сыңарлардан құралған қосарлама сөз жинақтау, топтау ұғымын білдіреді. Ондай компоненттер біріне-бірі жетекші я көмекші бола алмайды.
Мәндес сыңарлардан (синониммдес) қосарланған қос сөздер мағыналары бір-біріне жақын сыңарлардан құралады да, топтау, жинақтау ұғымын білдіреді.
Бірақ қосарлама сөздердің бәрі де топтау, жинақтау ұғымын білдіргенімен, олардың әрқайсысының мағынасында компоненттердің ерекшеліктеріне қарай, өзіне тән әр алуан олардың ішінде бірінші сыңарлары түсініксіз қосарлама сөздер де (көр-жер), екі сыңары да бірдей түсініксіз сөздер де бар. Бұл топқа тән түсініксіз сыңарлардың кейбіреулерінде тіпті ешқандай да мағына жоқ болса, кейбіреуінде әлдеқайда күңгірт, я кейде азды-көпті аңғарарлықтай мағына бары сезіліп тұрады. Олардың сыңарларының бірде-бірінде жеке тұрғанда ешқандай мағына болмайды.
Ұштас мәнді сыңарлардан қосарланған сөздер бір-біріне өзара құрамдас, ұқсас ұғымдарды білдіретін дара сөздерден құралады. Бұл сөздер де тым жалпыланған аса жинақталғыш ұғымдарды білдіреді. Мысалы, ыдыс-аяқ. Қос сөздердің бұл түрінде де әр қилы стилистикалық реңк, эмоциялық әсер жасайтын қабілеттер болады.
Компоненттері мағынасыз қосарлама қос сөздер сыңарларының не біреуі, не екеуі де жеке дара қолданылмайтын, мағынасы түсініксіз немесе некен-саяқтап қана қолданылатын құрамдарынан жасалатын қосарлама сөздер екі түрлі болады: бірінші түрі бір сыңарлы ғана түсініксіз сөздер, екіншісі екі сыңары да түсініксіз сөздер.
Зат есімдердің қосарлануы өте ерте заманнан басталғандықтан, тілдің дамуы барысында сыңарлары әртүрлі дыбыстық өзгерістерге ұшырайды.Жалпы, қосарлы зат есімдердің, көбінесе, екінші сыңарының мағынасы күңгірттенген, себебі, бірінші мағынасы басым, тілде көп қолданылатын сөздер айтылады, екінші болып қазақ тілінің төл сөздік қорындағы, алғашқысынан гөрі мағынасы тарлау, сирегірек қолданылатын немесе басқа тілдерден енген синонимдес сөздер тұрады. Екінші сыңарының мағынасы күңгірттенген қосарлама зат есімдердің көпшілігі, ассонанс, аллитерацияға, буын саны мен түрінің үйлесуіне негізделген және бір сыңарының немесе екі сыңарының да мағынасы күңгірттенген қосарлама зат есімдердің орындары өте тұрақты. Олардың орнын ауыстырып айтуға болмайды.
Қос сөздердің бірінші болып мағынасы басым немесе үлкен көлемді, бүтінді білдіретін сыңарларының айтылуы оларды күрделі сөздерден ажырататын белгісі болып табылады. Қос сөздерді тіліміздің ежелгі күй қалпынан хабар беретін категория деп санауға болады. Оның мағыналық топтары әр алуан. Сондықтан олардың ана тіліміздің сөздік қорынан алатын орны да ерекше. Ол ерекшелікті қос сөздердің сандық та, сапалық та сипатынан байқауға болады [7, 118-119],
Академик Ә. Қайдардың «Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік» еңбегінде қазақ тілінен жиналған 2205 қосарлама қос сөз бен 1998 қайталама қос сөз енгізілген[8]. Олардың басым бөлігінің мағынасы ашылып көрсетілген. Біз қазақ тіліндегі бір сыңары жер, су архетиптерімен жасалған қос сөздердің семантикалық ерекшеліктеріне тоқталмақпыз.
Архетип – әрбір заттың, болмыстың алғашқы үлгісі, түпнегізінің көрінісі. «Лингвистикалық түсіндірме сөздікте» оған: «Архетип (грек. Archetypton — көне тұлға, прототип ) – тарихи-салыстырмалы тіл білімінде туысқан тілдердегі заңдылықтарға сәйкес қайта құрылатын, кейінгі дамыған сөздердің бастапқы түбірі болатын тіл тұлғасы», ал «Философиялық сөздікте»: «Архетип (гректің arche – бастау және typos – пішін, үлгі) – бертінгі антикалық философиядағы түпкі бейне, идея» деген анықтама берілген.
Тіл білімінде бұл бірегей құбылысқа назар аударылып, әртүрлі деңгейде зерттеулер жүргізген ғалымдар көп емес. Мәселен, К. Юнг архетипті аналитикалық психологияда «ұжымдық бейсаналық» ретінде қарастырады. К.Юнг архетиптердің өзіне ғана тән айрықша қозғаушы энергиясы барын, архетиптер тұтас халық пен тарихи дәуірге әсер ететін мифтер, діндер және философияны тудыратынын айтады [9, 95].
Ал Н. С. Южалина әмбебап және этникалық архетиптерді атап көрсеткен. Оның пікірінше, архетиптің бұл түрлері этникалық топтың дүниетанымын, ұлттық мінез-құлқын, тарихын, шығармашылығын т.б. ерекшеліктерін көрсетеді[10, 59-60].
Қазақ тілінен жиналған қос сөздердің ішінде топырақ архетипінің қатысуымен жасалған қос сөздер ерекше маңызға ие. Себебі, аталмыш архетиптің ең мазмұны бай, мағынасы алуан түрлі бір көрінісі – жер. Бір байқағанымыз, архетиптермен келген қос сөздердің көбісі – екі сыңары да мағыналы болып келетін қос сөздер.
Жер – 1. Күн жүйесінің Күннен бастап санағандағы үшінші ғаламшары; 2. Сол ғаламшардың үстіңгі қабаты, сыртқы қыртысы, құрлық; 3. Бір елдің, облыстың, ауданның, ұжымшардың пайдаланатын меншікті жері, территориясы; 4.Қоғамдық байлықтың аса маңызды бөлігі, мемлекет тәуелсіздігінің негізі; 5. Мекен-жай, орын.
Жер-ана зат. тіршілік көзі, өмір негізі. Жаралғалы жер-ана зыр айналып ғаламды. Арқасына қондырып, аялаған адамды (А.Асылбеков, Көкорай). Мағыналы компоненттерден құралған қосарлама қос сөз. Ұштас мәнді сыңарлардан қосарланған.
Адам (с.а.с.) жаратылған топырақ жердің беткі қабатынан алынғандықтан «Ә′дәм»
(жер қабығынан алынған) деп аталған. Бұл сөз тіліміздің өзіндік заңдылығына сай өзгеріп, «Адам» түрінде қолданысқа енген. Нұх сүресінің 17-18 аяттарында: «Алла сендерді жерден жаратты. Сосын сендерді (қайтыс болғандарыңда) оған (Жерге) қайтарады, (сөйтіп, қиямет күні) сендерді қайта шығарады» делінген. Осылайша, адамзаттың бүкіл өмірі осы Жер мен оның топырағына байланысты екен.
Қазақ танымындағы «Жер – Ана» тіркесінің түпкі мәні осы адамзаттың жаратылысымен байланысты, яғни адам Жерден алынған топырақтан жаралды, кейін де ол бүкіл тұрмыс-тіршілігін топырақтан нәр алу арқылы жалғастырады, ал уақыты келіп, көз жұмғанда қара жердің қойнына беріледі. Мұны тіліміздегі «тал бесіктен жер бесікке дейінгі» кезең ретінде таңбаланған өмір мағынасынан көреміз.
Қазақ ұғымында «тал бесікті» (нәрестені ұйықтату//бөлеу үшін талдан иіп жасалған ағаш төсек) бір қолымен тербететін Ана екінші қолымен «бүкіл әлемді тербететіні» белгілі. Ал қайтыс болып, «жер бесікке бөленген» кісіні де Жер Ана «мәңгі тербететіні» (Жер ғаламшарының үнемі айналып тұруы, қозғалыста болуы) аян. Бұл жердегі сабақтас, өзара ұқсас ұғымдар «тал бесік//жер бесік», «уақытша ұйқы (көзін демалу үшін жұму//көз шырымын алу, көз ілу)//мәңгі ұйқыға кету», «тербелу, тербету, бірқалыпты, айналу, қозғалу» және «Әйел Ана» мен «Жер Ана»!
Түркі халықтары «құрсағында нәрестесі бар» әйелді «жүкті /йүклі/ әйел» десе, Құран кәрімде «сол кезде Жер өзінің ауыр жүгінен құтылады, (қойнауындағының) бәрін сыртқа шығаратындығы» айтылған. Яғни заман ақыр болғанда әлімсақтан бері жер қойнына берілген бүкіл тіршілік иелері (Адамзат баласы!) есеп беру үшін жер бетіне шығарылмақ!
Жер-әлем зат. Бүкіл дүниежүзі. Биікке шықсаң жер-әлем осылай көрінеді екен ғой,- деді ол (Ш.Мұртаза, Мылтықсыз). Әлем немесе Ғалам – алуан түрлі формада болатын әрі ұдайы өзгеріп отыратын, кеңістік пен уақыт бойынша шеті де, шегі де жоқ бүкіл дүние.
Мағыналы компоненттерден құралған, жер деген сөзді әлем деген сөз толықтырып, жалпылық мағынасын, кең мағынаны үстеп тұр.
Жер-әлемге сыймады. Байыз таппады, мазасызданды. Яғни, бүкіл дүние жүзіне сыймады, соншалықты қатты мазасы қашты деген мағынада.
Жер-әмір зат. Жер-әлем. Сол екі аралықтағы үнмен шырқағанда күштілігі мына күркенің ішіне сыймай, жер-әмірге жетіп жатқан сияқты (С.Мұқанов, Өмір өзегі).
Әмір сөзінің бірнеше мағынасы бар:
Әмір – Қосдәулет құмының солт.-шығысындағы қыстау. Атырау облысы Исатай ауданында. Маңайында Үшкемпір, Сұлтанбек, Тілеп құдықтары орналасқан. Құмдақты қоңыр топырағында жусан, әр түрлі жұлдызшөптер өседі.
Әмір (атақ) — шығыс елдеріндегі әскербасылық атақ. Араб тілінен енген бүл әскери дәреже түркі тіліндегі «бек» дәрежесімен сәйкес.[1]
Әмір Темір — тарихи тұлға Әмір, қолбасшы әмір-Әль-бахр — теңiз әмірiшici (адмирал).
Екі компонентінің де мағынасы түсінікті. Яғни, жер жүзіне әмірлік ету деген сөздің ауыспалы мағынасында бүкіл дүние жүзі деген мағынада қолданылады.
Жер-дүние зат. Жер бетін, жер жүзін түгел қамтитын барша әлем (аспан, ғарыш, жер су, тау дала т.т). Күн батар алдында жаяу борасын үдеп, жер-дүние қарауытып түнере бастады (Ә. Нұрпейісов «Қан мен тер»).
Дүние — өмір, тіршілік. Жер мен дүние лексемаларының қосылуы арқылы «барша тіршілік» деген мағына пайда болған.
Жер-жаһан бүкіл әлем, жержүзі. Жер-жаһанды түгел сатырлатып келе жатқан жойқын дүлей (Ә.Кекілбаев «Үркер»).
Жаһан — бүкіл әлем, жержүзі.
Жер- жебір жер-жебіріне жетті: а)сөзбен сөкті, қатты тілдеді, ұрысты. Ә)әбден қажытты, титығына жетті.
Жер-жебіріне жетіп, тәубеге адам жоқ болған соң, күпір ойға бара береді де (О.Бөкей «Атау Кере»).
Жебір – 1. Мал азығында ас тұзы, витаминдер жетіспеуінен болатын ауру, індет. Жебірге шалдыққан малдың ішек қарны, ұлтабары қабынуы, қышыма ауруына шалдығуы мүмкін (ҚСЭ).
2. Не болса соны талғамай жейтін, жемқор; жұтқыш. Жебір түйе жабуын жер (мақал).
3. Ауыс. Парақор, дүниеқор, озбыр. Жебір сұлтан, сен білмейсің, Мен бір аққау туған бөрімін, Көп екен деп саған иек сүйемен, Несібемді бір тәңірден көрермін (Ер Тарғын).
«Жебір» сөзінің өзі көріп отырғанымыздай, жағымсыз, теріс, ұнамсыз мағынада ғана жұмсалатын сөз екен. «Індет», «жемқор», «парақор» сөздерінің баламасы ретінде қолданылуы соның дәлелі. Жер деген сөзге жебір сөзін қосу арқылы қос сөздің тууы жебір сөзінің жерге негативті реңк үстеп тұрғанын көрсетеді. Сол арқылы біреуге қатты ұрысу, сөгу мағыналары пайда болған.
Жер- жерге үст. Әр жаққа, жан-жаққа. Басылып шыққан оқу кітаптары болсын, ойын, өлең кітаптары болсын, жер-жерге әлі тарап үлгірген жоқ (С.Сейфуллин, Шығ.).
Жер- жерде үст. Әр жерде, жан-жақта. Жер-жерде, жекен суда дегендейін Біздің ел мал бақтырды жығақ қылдай. Ау, қазиым, қияметтен Құдай білер, Сираттан айдағанда жалғыз Құдай (Кердері Әбубәкір, Қазағым).
Жер- жерден үст. Әр жерден, жан-жақтан. Шведагонға осындай бұйымтаймен жержерден келетіндер көп болатын көрінеді (Қ. Сатыбалдин, Қараторғай).
Аталмыш үш қос сөз қайталама қос сөздің екінші сыңарына қосымша жалғану арқылы жасалған. Барыс, жатыс, шығыс септіктерінде тұру арқылы әр жер, әр жақ мағынасын түрлендіріп тұр.
Жер-жиһан зат. Жержүзі, бар әлем, жер-жаһан. Жер-жиһанды жайпап келе жатқан қалың қол қалт тұра қалды (ҚТТС).
Жиһан — бүкіл дүниежүзі, әлем.
Жер-көк — жер де, көк те бәрі, бүкіл әлем. Оңнан, солдан жиналған кісілердің алдында Ебейсін Құдаймендені жер-көкке сығызбай мақтады (Ә. Нұрпейісов «Қан мен тер»). Мағыналы, антонимдес компоненттерден құралған қос сөз. Екі компонент бір-бірін толықтырып тұр.
Әртүрлі екі лексемадан жасалған, яғни қосарлама зат есімдерге қосымша тек екінші сыңарына ғана жалғанады. Мысалы, Жер- көкке сыйғызбады – тым асыра мақтады, шектен тыс мадақтау. Кеше ғана жер-көкке сыйғызбай шалқытқан қуанышын ертесі алдамшы болып шықса, онда, тегі қуаныш не керек? (Б. Нұржекеев, Бір өкініш.).
Жер- көкте жоқ жұрттан бөлек, еш жерде кездеспейтін. Бұл үйді бәйбішесі жер-көкте жоқ сараң еді, етті қонақтан өлердей қызғанып қалды (І. Жансүгіров, Шығ.).
Жер- көкті басына көтерді қатты дүрліктірді. Сағила екеуің қосылып жер-көкті бастарыңа көтеретіндерің қайда? (М. Дулатов, Шығ.).
Жер- көкті шарлады көп жерді аралады. Қарғалар жер-көкті қоймай шарлап, ақыры өлдім талдым дегенде бір жерден адам тірілетін шөпті тауып алып, қасқырға алып кеп береді (Қаз. Ертег.).
Жер-су жер,өзен,көл бәрі. Сонда жас қойшылар көнекөз қариялардан көш жолында кездесетін жер-су аттарын сұрайды (А. Сейдімбеков «Күңгір күңгір күмбездер»).
Аталмыш қос сөздің тамыры тым тереңде жатыр. Мұның айқын дәлелі Орхон-Енисей ескерткіштер тіліндегі жер-су қос сөзінің көптеп кездесуі.Ескерткіштер тілінде көрініс тапқан көне түркілер дүниетанымының ерекше қырларының бірі – жер-суды қадірлеу: «Көкте түркі Тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: «Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін». Ескерткіштер тіліндегі жер-су тіркесі мәнмәтінде, сөйлемде, негізінен, Тәңірі, Көк лексемаларымен бірге қолданылады. Бұл жер-су ұғымының сакральді мәнін қоюлата түседі және діни-мифологиялық концептінің үш бірдей тірек репрезентанттарының қолданылуы түркілік дүниетанымынның сипатын айшықтай түседі. Көне түркілер танымында адамзаттың саналы тіршілік иесі ретінде пайда болуына Көктен Тәңірі жіберген жан негіз болса, оның тәнінің қалыптасуына Жер ықпал етіп, өсіпөркендеуіне Су жағдай жасайды деген сенім қалыптасқан. Сондықтан жер мен суды қос сөз түрінде қатар қолданып «түркілердің қасиетті атамекені» ретінде қастарлеген. Адамзат жер ғаламшарында тіршілік ететіндіктен, жерсіз өмір жоқ, жер сілкінісі сияқты табиғи апаттар жердің жарылып, опырылып түсуі адам баласына қауіп төндіреді. Күлтегін ескерткішіндегі «Үстіңнен Тәңірі баспаса, астыңда жер тілінбесе /айрылмаса/, түркі халқының ел-жұртын кім құртады?!» мәнмәтініндегі «жер тілінбесе» тіркесінен түркілер танымындағы шынайылықты көреміз. Зерттеушілер ескерткіштер тілінде жиі қолданылатын «ыдуқ//қасиетті» лексемасының қазақ тіліндегі «ұйық» сөзімен төркіндес екенін айтады. Көне түркілердің дүниетанымындағы «Ыдуқ йер-суб (Қасиетті жер-су)» ұғымы қазақ тіліндегі Туған жер, Отан және белгілі бір шекарасы бар мемлекеттік территория ұғымдарының баламасы ретінде танылғанын ескерткіштер тіліндегі деректер толық дәйектейді. Көне түркілердің Жер туралы аялық білімі – тылсым құбылыстардың құпиясын білуге ұмтылу, қатал табиғи құбылыстарға бейімделу, жер бетіндегі адам өмірін мүмкіндігінше жеңілдету позицияларымен қатар отаншылдық, елдік, туған жердің қадірқасиетін бағалау, туған халқын сүю, түркілердің мүддесіне сай әрекет ету, түркілердің ұрпағы болып жаратылғанын мақтаныш ету сияқты түркілік патриотизм идеяларымен сабақтаса отырып жинақталғанын аңғаруға болады [11,24-28].
Топырақ-сопырақ зат.сөйл. топырақ және сол сияқты заттар. Негізінде, бұл жердегі «топырақ» сыңар жұмсалуға тиіс сөз . Алайда тіл ұстанушы ауызекі сөйлеу нормасына сәйкес негізгі зат немесе ұғым атауының алғашқы дыбысын басқа дыбыспен алмастыру арқылы місіркеу, жалпылау, топтау мәнді үстеген.
Жер- жерінде, жекен суында — айтылмай жасырынып тұрған ой: жердің де жері бар, сол жерде ғана өсіп өнуге болады; «жекен шөбі суда ғана өсіп өнеді». Әр нәрсенің өз жерінде ғана қадірі бар деген мағынада.
Жекен — зат. өс. сазды, батпақты жерде өсетін көпжылдық өсімдік. Жел түбі азық, жекен түбі қазық (Мақал).
Су архетипімен келген мынадай қос сөздерге талдау жасадық:
Ас-су — ішіп жейтін қоюлы, сұйықты тамақ, дәм. Ас-суда жұмысы болмасын! Бар, ісіңді қыл! Деп бетін қайырып тастады (Ж. Аймауытов, Шығ.).
Көл — айналасы табиғи не жасанды түрде тұйықталған, дөңгелек не сопақша біткен су айдыны.
Көл-көсір — сын. өте көп, ағыл тегіл, мол. Бәрі де таныс маған жер бетінің, Бәрімен бір бесікте тербетілдім. Көрдім мен ақ аспанда мамық ұшып, Көл-көсір ақ жауынның селдетуін (М.Мақатаев, Шығ.).
Арық-арна — суы мол өлкелерде суды дұрыс пайдалану үшін егістік арналарын өзара жалғастыру үшін жасалған арналар мен қазылған канал, арықтар жүйесі. Осылайша тағы да бірнеше арық-арна, шұқанақтардан ырғытып өтті ол (Б. Соқпақпаев, Алыс.ауыл).
Арық — суландыру жүйесіндегі өзен арнасынан не бөгеннен тартылған су жолы.
Арна — өзен аңғарының су ағып жататын терең өзегі.
Су-сөл диал. Лай, батпақ, жауын- шашынды.
Сөл — өсімдікте болатын шырын. Сөл де судың бір көрінісі. Жауын-шашынды, батпақты деген мағынаға су лексемасына басқа емес, дәл осы сөл сөзінің қосарлануы өте қызық секілді.
Ассыз-сусыз — ішіп жейтіні жоқ, азық- түліктен мақұрым. «Әлден жаурап бара жатқан түрі мынау… ассыз- сусыз әміреген кісілер қиян қашыққа қалай жетеді (Ә.Нұрпейісов «Қан мен тер»).
Балдыр-батпақ а)түбінде балдыры мен батпағы араласып, қоймалжың болып жатқан шалшық су; ә)ауыс. Адам түсінігіне сыймайтын, жаңылыстыратын былық. сын. Жүйесіз, ретсіз, жеңіл-желпі, түсініксіз (сөз, ой). Мұқаш бүктеулі қамшысын сермеп, балдыр -батпақ тілмен Балташтың қызмет бермегенін сөйледі (Ж.Аймауытов,Шығ).
Балдыр – төменгі сатыдағы өсімдіктер қатарына жататын су астындағы топырақтың беткі қабатында өсетін жұмсақ шөп.
Балдыр – Былдырлаған, түсініксіз. Кішкентай Зиядашының балдыр бал тілі де онша еліктірмейтін боп жүр өзін (Ш.Құмарова, Қос шынар).
Балдыр лексемасының өзі жеке тұрып та ауыспалы мағынада, яғни «түсініксіз» мағынасында жұмсалады, ал батпақ сөзімен қосарлану арқылы «түсініксіз» деген сөздің мағынасына экспрессивті реңк беріп тұр.
Дария-көл — жер бетіндегі су бұлақтардың жинақталып келіп, бір арнаға құйылған, бір сайға тоғысқан, яғни дария, көл болып ағып, толастаған көрінісі. Өзен бөгелген жерде шалқыған дария-көл пайда болған (І. Есенберлин «алтын құс»).
Дария — суы мол, көлемі кең өзен, көл, теңіз.
Су-су — жүректің бір нәрседен қорқып, суылдай беруін бейнелейтін еліктеуіш: қайтақайта суылдап зуылдап тез өтіп жатқан заттың дыбысын бейнелеу. Желмен толқып су-су етпейді, қар сызып, жүрісін одан сайын тежейтін сүйреткіге айналды (М.Мағауин. Таңд.шығ.).
Кейде «өте қатты суланған» мағынасында да жұмсалады.Тізесінен асыра қайырып қойған балағы су-су (Ә.Кекілбаев «Бір уыс топырақ»).
Зат есімнен сын есім тудырушы -лы,-лі,-ды,-ді,-ты,-ті жұрнақтары қосарлама сын есімдердің жасалуында белсенді қызмет атқарады. Мысалы, Органогендік пайдалы қазбалар таяз теңіздердің жағалаулық бөліктерінде және құрлықтың көлді-батпақты жағдайында жинақталған өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарынан пайда болған [5, 104].
Ұшан- дария сын. көз жеткісіз, ұшы қиыры жоқ, орасан көп. Солтүстік ұлы мұхитым, Ұшан-дария шегімсің (Жамбыл, Таңд.Шығ).
Ұшан-теңіз сын. ұлан қайыр, шексіз шетсіз. Жайлау болып отырған ұшан-теңіз құба жонда соқа суыратын жер жоқ(Ғ.Мұстафин, Дауыл).
Ұшан — сын. Ұшы-қиыры жоқ.
Ұшан лексемасы дария, теңіз сөздерімен қосарлану арқылы шексіз, шетсіз мағыналарын әсірелеп, толықтырып, мағынасын күшейтіп тұр.
Архетиптердің қатысуымен жассалған қос сөздердің ішінен терминдерді де кездестіреміз. Бірақ олардың аса көп емес екенін байқадық.
Мәселен, топырақ- климат топырақ және ауа райы.
Әскери- әуе сын.әск. Әуедегі қарулы күштерге қатысты, әуе операцияларын орындайтын.
Мұхиттың платформалар мұхиттық-орталық жоталар мұхиттық тип құрылымына жатады [5,86].
Жерге түсетін Күн радиациясы мен оның бетінен шығатын сәулеленудің арасындағы өзара арақатынасты Жер-атмосфера жүйесінің жылулық балансы деп аталады [16, 141].
Арал теңіз-көлінің су көлемі азайып, тұлдылық деңгейі артады [16, 216].
Зат есімнен сын есім тудырушы -дық,-дік,-тық,-тік,-лық-лік жұрнақтары қосарлы сын есімдердің жасалуына негіз болады. Мысалы, Жер қыртысының осьтік бөлігінде, платформада, қатпарлы аймақтарда мұхиттық-орталық жота және рифт зоналары бар жылжымалы белдеу түзе отырып, бағытталған дамуы [16, 20].
Топырақтық-мелиорациялық топырақтық -мелиорациялық аудандау. Табиғи және мелиорациялық жағдайына байланысты топырақтың жер бетіндегі таралуына қарай бөлінуі.
Қорыта келгенде, кез келген елдің егемендігін көрсететін басты белгілері – тілі, мемлекеттік рәміздері және жер аумағының болуы, осындағы жер ұғымының ауқымына қасиетті туған жердің топырағы мен ауасы, суы мен таутасы, орманы мен даласы кіреді. Қазақы тілдік санада ерекше орын алатын осындай қасиетті ұғым жерсуқос сөзінің семантикалық аясына шоғырланған. Оған қазақ тілінің түрлі лексикографиялық дереккөздерінен жиналған мысалдарға талдау жасау нәтижесінде көз жеткізіледі. Сонау көне түркі заманында қалыптасқан «ыдуқ йерсуб» (қасиетті жерсу) тіркесінің тұрақты қолданылуы аталмыш ұғымның тамыры өте тереңде екенін көрсетеді және бұл келешекте арнайы зерттеуді қажет ететін тақырып.

Пайдаланылған әдебиеттер
1 Есенғұлов А. «Көне түркі жазба ескерткіштеріндегі қос сөздер және олардың қазақ әдеби тіліне қатысы жайында». – Алматы, 1981
2 Байтұрсынов А. «Тіл тағлымы». – Алматы, 1992
3 Сауранбаев Н. «Қазақ тіліндегі құрмалас сөйлемдер жүйесі». – Алматы: «Мектеп», 1984.
4 Жұбанов Қ. «Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер». – Алматы: «Мемлекеттік тілді дамыту институты», 2010.
5 Қалабаева Т. «Қайталама қос сөздердің кейбір мәселелері» Қазақстан мектебі. –
Алматы, 1980
6 «Қазақ грамматикасы». Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. –Астана, 2002.
– 784 бет.
7 Ысқақов А. «Қазіргі қазақ тілі». – Алматы: «Ана тілі», 1918.
8 Қайдар Ә. «Қазақ тіліндегі қос сөздер: зерттеу және сөздік» 2013, «Сардар» баспа үйі.
9 Юнг К. Проблемы души нашего времени. – М. : Издательская группа «Прогресс», «Универс», 1994.
10 Южалина Н.С. Менталитет как социокультурная целостность : дис. … канд.
культур.наук. – М. : РГБ, 2003.
11 Шаймердинова Н.Г. Когнитивная семантика языка древнетюркских письменных памятников. АДД. – Астана, 2008.
12 Қайдаров Ә. «Парные слова в современном уйгурском языке». – Алматы, 1956. –
160 бет
13 Кеңесбаев І. «Қазақ тіліндегі фразалық қос сөздер»
14 «Қазақ әдеби тілінің сөздігі». Он бес томдық. – Алматы, 2011
15 Қайдар Ә. «Қазақтар ана тілі әлемінде: этнолингвистикалық сөздік», 2013 16. «География» 8-сынып. – А.: Алматыкітап, 2018.

Б.М. Сүйерқұл1, А.Д. Омарова2
1 Институт языкознания им. А.Байтурсынова, г. Алматы, Казахстан
2Казахский Национальный университет имени аль-Фараби, г. Алматы, Казахстан

Известно, что взаимосвязь между языком и познанием является самой основной проблемой науки на сегодняшний день, в связи с этим традиционные функций языка не имеют такой успех как кумулятивные функций. Здесь очень важно осмысливать такие вопросы как, влияние на формирование и твердое обоснование в словарном запасе языка понятий и разных языковых единиц, игравших важную и основную роль в многовековой историй народа. В связи с этим, в статье рассматриваются семантические особенности парных слов с архетипами «жер» и «су».

B. Suіyerkul1, A. Omarova2
1 A.Baitursynov Institute of Linguistics, Almaty, Kazakhstan
2 Al-Farabi Kazakh National University, Almaty, Kazakhstan
It is known that the relationship between language and knowledge is the most basic problem of science to date, therefore traditional functions of language do not have such success as cumulative functions. It is very important to understand such issues as the influence on the formation and solid foundation in the vocabulary of the language of concepts and different linguistic units that played an important and fundamental role in the centuries-old stories of the people. In this connection, the article deals with semantic features of pair words with archetypes «zher» and «su».


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *