ТІЛ ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫҢ ОЙБЕЙНЕСІ

А.Б. Әмірбекова филология ғылымдарының кандидаты, лексикология бөлімінің меңгерушісі, А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, marghan01@mail.ru

ТІЛ ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫҢ ОЙБЕЙНЕСІ

Мақалада тілдің ойтанымдық қызметі қарастырылады. Тіл мәдениеттің бір құрамдас бөлшегі ретінде анықталады. Тіл мен мәдениет қоғамдық сананы қалыптастырушы форма ретінде халықтың ойбейнесінде терең сақталатынын ұлттық құндылықтардың бірі ретінде дәлелденеді. Этностың даму үдерісінде түрлі өзгерістер болуы мүмкін, бірақ санадан тыс халық жадында сақталған этникалық ескіліктер (константалар) ұжымдық санамен қалыптасып қоғамдық санада көрініс табатыны, кейін қолданыс аясы тарылған сайын ұмытылу үдерістері талданады. Демек, тілдік сананы заманауи зерттеу тәсілдері арқылы, лингвокогнитивтік зерттеу арқылы әр кезеңдегі мәдениет тұтынушыларының санасындағы ақиқат дүние бейнесін айқындауға мүмкіндік туады. Мақалада тіл арқылы сақталған ұлттық құндылықтардың қоғамдық санада сақтау мүмкіндігін қолданыс контентінің кеңдігі мен тарлығы шететіні баяндалады.

Кілт сөздер: тіл, ой, таным, қоғамдық сана, философиялық пайым

КІРІСПЕ
Адамның ойлауы тілмен ажырамас байланыста. Біріншіден, тіл арқылы бір-біріміздің ойымызды білеміз. Екіншіден, сол жеткізілген тіл арқылы ойлау әрекеті әрі қарай қызметін атқара береді. Сондықтан тіл — ойлау құралы деп бекер айтылмаған. Егер адамдардан «қай тілде ойлайсыз?» деп сұрасақ, олар өздеріне ең жақын қолданыс тілін (көпшілігі ана тілін) атайды. Екі немесе үш тілде еркін сөйлейтін адамдар сол тілдердің барлығында да ойлай алады. Демек біз сөйленістің ықпалымен ойланамыз.
Тіл ойлау жүйесіндегі барлық жұмыстардың нәтижесін сөздердің мағынасы арқылы сөйлем құрамында үйлестіріп отырып жеткізеді. Демек тіл ойымыздың мәнін сөздердің бойында тіркеп, бекітеді.
Тіл — бұл сыртқы болмысы бар, яғни сөйлегенде даусы бар, тыңдағанға естілетін, ырғағы, тембрі, түрлі тондары бар дыбыстық құрылымы бар құбылыс. Осындай болмысымен ғана тіл қарым-қатынас құралы қызметін атқара алады. Ал ойлау үдерісінен өтіп, санада тіл күйінде жинақталып айтылуға дайын тұрған тіл — ішкі сөйленіс деп аталады.
Тіл — екінші сигналдық жүйе. Егер тіл осы қалпында қада берсе үздіксіз дамып отыратын санадағы таным әрекеттерінің нәтижесін толықтай жеткізе алмайды. Мәселен, сөз (екінші сигналдық жүйе) ақиқат дүниелердің атауы. Егер кез келген сөз қолданыста өзі білдіретін зат не құбылыстың шынайы бейнесіне сәйкес келмейтін болса, яғни форма мен мазмұн арасындағы байланыс үзілсе, онда танымдық мәнін де жояды. Демек, құр сөздің өзін оқып шығуға болады. Бірақ сол сөздердің бойындағы танымдық мағынаны, сөздік білімді түсінбесек, тіл екінші сигналдық қызметті атқара алмады деген сөз [1].
Саналы ойлау бірінші және екінші сигналдық жүйелердің үздіксіз қатар қызмет етуінің арқасында жүзеге асырылады. Сондықтан тіл — ойлаудың аса қажетті құралы деп аталады. Ой мен оның сөздік көрінісінде тек бір ғана айырмашылық болады. Ойды бірнеше тілде, яғни неше түрлі тілдердің сөзінде жеткізуге болады. Бұндай жағдайда әрбір тілдегі сол ойды жеткізуші сөздердің мағыналары бірдей болады. Демек бір ойды бірнеше тілдік формада жеткізуге болады.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Тіл мен ой арасындағы сәйкессіздік жағдайлары болуы мүмкін емес. Сөздік формада түсініксіз жазылған мәтін берілсе, демек, ойдың дұрыс құрылмағанын білдіреді. Егер адамның ойы нақты, тиянақты, шешімді болса, оны жеткізуге тілдің құдіреті толық жетеді. Егер сіздің айтпақ ойыңыз жазылғанда немесе айтылғанда, яғни тілдік формада дұрыс болмай, ойыңыздан шықпай жатса, ең алдымен досыңызға ішкі ойыңызды ауызша ақтарып айтып алыңыз. Себебі ойдың басталуы, баяндалуы, аяқталуы болады. Осындай нақты баяндалған ойдың вербалдық көрінісі де түсінікті жазылады.
Кейде адам «сөзбен жеткізу мүмкін емес» деп, сол сәтте эмоционалды күйде болғандықтан ішкі ойын тез арада жеткізе алмай жатады. Осындай жағдайлардан басқа уақытта адамның ойындағы ақиқат дүниені тілмен жеткізу мүмкіндігі шексіз екенін тағы да ескереміз. Тіл арқылы сыртқа жарқ еткен біздің ойымыз үнемі жетіледі, дамиды, анықтала түседі.
Демек, тіл — адамдардың қарым-қатынас құралы және ойлау әрекетіндегі басты қаруы. Сөйленіс әрекетін қалыптастыратын тіл мен ой құбылыстары өзара ажырамас байланыста. Қарым-қатынас құралы ретінде қызмет ететін ой дамыған сайын ауқымы кеңейе түседі, соған орай оның сыртқы көрінісі — тілдің де өрісі ұлғая бастайды. Ұғымның концептілік өрісі тереңдей түседі (вертикальді түрде), мағыналық өрісі қабаттала түседі (горизонтальді түрде). Мағыналар өз ішінде жіңішкеріп, нәзіктене бастайды.
Ойлау — бұл адам санасындағы ақиқат дүниенің жалпылама, жанама көрінісі. Егер тіл ұлттық ойбейненің көрінісі дейтін болсақ, онда әрбір тілде сезімдік бейненің суреттемесі жатыр деген сөз. Себебі әрбір ұлттың ойындағы «дүние бейнесін» , әсіресе сезімдік бейнесін жеткізу тілдің сапасын арттыра түседі, яғни тілді тек таңбалық жүйе ретінде ғана емес, ұлттық ойбейненің көрінісі деп қабылдауға негіз болады. Әрбір ұлттың ойбейнесін жеткізу сол ұлттың тілінің сапасына тікелей қатысты. Демек, тіл халықтың тұрмысын, халықтың мінез-құлқын, сезімін, халықтың ішкі ойын жеткізуші құрал. Қазақ халқы үшін бақыттың кілті — балада. Ал өзге ұлттар үшін бақыт құндылығының негізі жайлы үй, адал жар, туған жер, т.б болуы мүмкін. Тілімізде қазақ үшін «бақыт — балада» екенін дәлелдейтін дәйекті қолданыстар өте көп. Мәселен, қазақ халқы «Байлық қолға ұстаған мұз емес пе, бақыт тойға келген қыз емес пе, бала артыңда қалған із емес пе» деп баланың ұрпақ жалғастығы болатынына, балалы болу бақыттың басты нышаны екеніне баса мән берген. Демек, қазақ халқы «балалы үй базар» деп өздерінің бақытын балаға теңеген. Баланы бақытқа балайтын қазақ олардың рухани өсіп-жетілуіне де ерекше мән береді. Бойына салтдәстүр мен әдет-ғұрыпты сіңіріп өсіреді. Қонақ болып келген баланы қомсынбай қабылдап, бала табақ тартып ас, дәм сыйлайды. Тіпті баланың шілдеханасын, қырқынан шыққанын, бесікке салғанын, сүндетке отырғанын тойлайтыны да ұрпағы үшін қуанышы деп түсініледі. Мысалы, сүндет тойының алдында ұл балаға арнап тай немесе құлын атап қою рәсімін — бәсіре дейді. Яғни балаға арнап -бәсіре мал атау. Негізінен ат аталады. «Бәсіре малдың басына түскен ауыртпалығы (ауруы, ақсауы, тау-тастан құлауы) арқылы баланың ілгеріде бақытты, бақытсыз боларын жорамалдаған, ырым еткен. Наным бойынша баланың болашағы оның бәсіре тайымен тығыз байланысты. Сондықтан оны мiнбейдi, жекпейдi, соймайды, сатпайды. Қайта баламен бiрге бұла етiп өсiредi. Өзiнiң атаулы малымен бiрге өскен бала еркiн болып, кiшкентайынан мал қадiрiн бiлiп, шаруаға икемдi келедi» [2].
Ата-ана баласын «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірдім» деп марқаяды. Қалағанын істетіп еркін өскен азамат ел үмітін түбінде ақтайды, алған бетінен қайтпайтын өр болады, «басына ноқта кимеген, көзіне қамшы тимеген» азамат, айбарлы да өжет тұлға боп өседі деп санаған. Қазақ ұғымында бетке ұрған шапалақ баланың бақытын ұшырып, жасқаншақ етеді деп есептеген.
Демек, тіл органикалық құрылымы жағынан рухани әлеммен, ұлттық мәдениетпен, психологиямен тығыз байланысты. Ал тілдің тек тіл білімі мәселелерімен ғана шектелмей, философияның шеңберіне еніп кеткенін айтып та жүрміз. Себебі тіл адамды танытады, адам ойлау жүйесі арқылы тілді жетілдіреді. Белгілі жазушы С.Довлатов «адам тұлғасы 90 % тілден тұрады» [3] деген пайымы шындыққа жанасатын секілді. Өйткені — тіл — адамның, яғни халықтың менталитетін бейнелеуші құрылғы. Сөз мағыналары ұғымды танытуға қызмет етеді, ұғым адамның ойлау әрекетінің жемісі. Сондықтан тілде ойдың мазмұны сақталады. Тілде сақталған ой мазмұны жасырын болуы мүмкін. Бұл — сөздің ішкі мағынасы. Сөздің ішкі мағынасына сұхбаттасушы ерекше мән бермеуі мүмкін. Тілді автоматты қолдану барысында кейбір жасырын мағыналардың мәні бұрмалануы мүмкін. Ондай жағдайда ішкі мағынамен келген ойдың мазмұнына жойылуы қаупі туындайды. Тіліміздегі тұрақты тіркестер мен мақал-мәтелдер жасырын мазмұнда жеткізілетін тілдік бірліктер. Мысалы, қазақ тілінде «Жігіттің жақсысы ортамда сыналады, аттың жақсысы арбада сыналады», – деген мақал бар. Бұл мақал күнделікті қолданыста жұмсала бермейді. Жігіттің мінін сынау үшін айтылады. Осы мақалдағы ортам сөзі қазіргі қолданыстан мүлде шығып қалды. Ортам — жерден терең етіп ор қазылып, жан-жағы айналдырыла қоршалған, яғни арнайы тұрғызылған тамға ұқсас абақтының бір түрі. Кезінде қылмыскердің аяқ-қолын байлап, ортам салып ұстаған. Ортамды тереңдеу қазса, зындан болады. Аталмыш мақалдағы ортамды түсінбегендіктен бүкіл мақалдың да жойылу қаупі туады. Сондай-ақ «Айдауылдың алдына түспе, аламанның талауына түспе» деген мақалдың да қолданысы сиреп барады. Айдауыл — сотталған адамдарды бір жерден екінші жерге айдап жүруші арнайы әскер. Мақалдың мәні солардың қаталдығына түспейден сақтауды тұспалдайды.
«Төс айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, Ағайынның қадірін жақыны білмес, жат білер» дейтін мақалдың мәні көп ретте болмыстағы ауыртпалықтарды меңзегенмен, табиғи тұрғыдан дұрыс салынбаған айылдың атқа өте ауыр тиетіндігінен бастау алады. Өмілдірік пен құйысқанның қызметімен қатар, қазақ өрге, тауға шыққан кезде аттың төс айылын қаттылау етіп тартса, керісінше, еңіске түсерде, шап айылын тартыңқырайды. Осылай берік тартса ат шаршамайды, әрі аттың арқасы «кетпейді». Осындай жасырын мағыналы деректер тілде ғана сақталады. Мақалдың философиялық мәні қолданысқа қалғанымен, онтологиялық мәні жойылуы мүмкін. Оны тек тілде ғана сақтап қалу мүмкін болады. Сондықтан тіліміздегі ұлттық рухани құндылықтардың қолданыс жилігін жетілдіріп, философиялық мәнімен қатар, бастау алатын түпкі этимологиялық мағынасын да жаңғыртып отыру үшін лингвофилософия, лингвомәдениеттану ғылымдарының әдістемелік мүмкіндігін жетілдіру керек.
Мағынасы терең ұлттық философиялық пайымды білдіретін мақалдардың мәнін ашу үшін жіті ойлану қажет, мұқият талдау қажет. Мысалы, «Дастарқан оң болмай, істе жол болмайды» деген мақалдағы дастарқанның оң болуы оң жайылу дегенді білдіретініне көпшілігіміз мән бере бермейміз. Ал қазақтың ұлттық дүниетанымында «дастарқан оң жағынан жайылады», «қос қабатты дастарқан болса, бүктелген тұйық жағын қонаққа қаратып, оң жағымен жаяды» деген ырымдар бар. Аталмыш мақал осы ырымдарды сақтауға тұспалдайтын белгі іспетті.
Рухани құндылықтардың жиі қолданылатын түрі — мақал-мәтелдер жаңа қоладынстағы сөзді таныту қызметін де қоса атқарады. Қазақтың дүниетанымында асар ұғымын жергілікті ерекшеліктер бойынша әртүрлі айтылады. Батыста үме десе, кей жерде мердігер дейді. «Үмеге келген үндемей қалмайды» деген мақалдың құрамындағы үме сөзін көпшілігі түсінбеуі де мүмкін. Үме — асардың жергілікті қолданыстағы нұсқасы. Үмеге шақырушы адам оларға жақсы ас әзірлеп, дастарқан жаяды. Ұжымдасып жұмыс істеудің үлкен бір көрінісі деп қарауға болады. Үме әсіресе шөп шабу кезінде жасалады. Оған қыз-бозбаланың және әншi-жыршының жиналатынына байланысты осы мақал туындаған.
Қазақта жеті атаға дейін аталас туысқа саналып, отбасы құруға рұқсат етілмеген. Бұның түйіні «адамның ана сүйегін, әке қанын, Тәңірі жанын береді» деген өзіндік философиядан туған. Солай дей тұра «қыздан туғанның қиығы жоқ» деген мақал жиенді де өзіне икемдеген дәстүрлердің де болғанын айғақтайды. Оған қарама-қарсы «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деген мақалдың астарында «тегі бір емес, қанша бауырға тартсаң да, қысылшанда өз аталасының сойылын соғады» деген мән жатыр.
Уақыт өте келе, қоғамның дамуына байланысты қазақ тіліндегі мақалдардың бірбіріне қарама-қарсы, кері айтылатын жағдайлары да кездесіп жатады. Ертеректе ауыл аталас, туыстық жақындығына қарай құрылған. Яғни бір ауылды бір рудан тараған туғантуыстар тұратын болған. Осыған орай «ат алсаң ауылыңмен» дейтін мәтел туындағаны белгілі. Ауылдың түп негізі Етжақын туыстық жұрағаттан құралғанмен, шаруашылық кәсіптің дамуына байланысты ауылға басқа да әлеуметтік топтар біріктіріле бастады. Сөйтіп бұрынғы қандас туыстық мүдде ынтымағы жарасқан әлеуметтік құрылымның мүддесіне ауысты. Ауылда жаңа әлеуметтік байланыс орнады. Осы жағдаятты бейнелейтін жаңа мақалдар да қалыптасты. Мысалы, «Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақал алдыңғы мақалға қарама-қарсы жаңа ауылдың әлеуметтік болмысын сипаттап тұрғандай көрінеді.
Мақалдың философиялық мәнінде тұспалдап сақтық білдіру, жамандықтың алдын алу мүдделері көзделеді. Мысалы, «Тұзды көп сақтама су бұзар, қызды көп сақтама сөз бұзар» деген мақал қазіргі таңда ел арасында кең тарағалмаған. Себебі бұл мақалды қолданудың орны мен жағдаяты жоқ. Өйткені қыздарға бұрынғы дәстүріміз бойынша 16-17 жаста тұрмысқа беру әдеті қоғамның даму ағымына қарай өзгертілген. Ал ертеректе қыз белгіленген жастан асып, оң жақ босағада отырып қалса, қыздың артынан жағымсыз әңгімелер өрбитін болған.
Кейбір мақалдардың бойында заңдық күші бар философиялық тұжырым болады. Мәселен, қазақ дүниетанымында жесір әйел ерінің елін тастап кетуге, балаларын жетімсіретуге құқығы жоқ. Жесір қалған әйелдің әрі қарайғы тағдырын сол елдің ақсақалдары біріге отырып, әмеңгерлікпен отбасылы етуін ойластырған. Жесір әйел панасыз қалмайды, ал жесірдің баласы шетқақпай көрмей, өз ағайын-туыстарының ортасында өседі, яғни, туысқандарына жат болмайды. Осы дала заңын айғақтайтын мақалдың бірі — «Балалы үйрек көлден кетпес, балалы әйел елден кетпес» немесе «Әйел ерден кетсе де, елден кетпейді».
Қазақы түсінікте байлықтың негізі отбасының ынтымағында, мал-дүниені табатын ер адам болса, оны жарастыратын, құрастыратыны да әйел деген ойды – мал таппайтын еркек болмайды, құрарын айт, бала таппайтын әйел болмайды, тұрарын айт, – деген мақалдан аңғаруға болады.
Рухани құндылықтың тілдік көрінісі — мақал-мәтелдердің өзіндік ерекшелігі ұқсатылмайтын дүниелердің үйлесімді нәзік белгілерінің өзара шебер жымбасуында. Әрбір мақалдың мәнінде философиялық ой жатады. Ондағы философиялық ой қазақтың дүниетанымынан туындаған ғұмырлық өнегесін көрсетеді. Мақалдың әсерлі метафоралануын дәлел болатын сөз орамына тоқталайық. Қазақы ортада «Құданың құдасы – балықтың сорпасы» деген сөз орамы жиі айтылады және ол балық сорпасының зәрушілікте емдік қасиеті болғанымен, мал етінің сорпасынан кенеуі кемшін, қуаты аз екендігін меңзейді. Ал бұл жердегі құданың құдасы дегені оның алыс туыс екендігін көрсеткені. Сонда аталмыш мақал құданың құдасы қаншалықты алыс туыс болса, балықтың сорпасы да қазақ дастарқаны үшін соншалықты зәру тамақ емес дегенді білдіреді [4].
Мақал қолданысы сиреген сайын, онымен берілетін когнитивтік білім де ұлттық санадан өшіріле бастайды. Себебі мақал бойында сақталған ұлттық мәдени коды жойылады. Қазіргі таңда тілімізде белгілі абстрактілі ұғымдарға қатысты мақалдар қолданыс шеңберінде жүр. Ал кейбір жағдаяттарға қатысты айтылатын тұрақты сөз орамдары мүлде қолданылмайды. Мысалы, «Адам қартайса ағарады, құс қартайса қараяды» деген қолданысының аясы тіпті тар. Осы мақалдың бойындағы когнитивтік білім, яғни құстың ана жасынан өткенде бойындағы ақ қауырсындары қарая бастайтыны туралы ақпарат та ұмытылады. Әдетте бұл құбылыс бүркітке байланысты айтылады. Бүркіттің балапан, тірнек, тастүлек кезінен ана жасына дейін құйрық пен қанатының асты ақ болады. Тек ана деп аталатын жасынан өткеннен кейін ақ қауырсыны қараяды.
«Іздеген Мықан ағашын табады» деген мақалдағы Мықан ағаш көпшілікке таныс емес болуы да мүмкін. Қазақ фольклорындағы Жер мен Көкті жалғастырушы Бәйтерек ағашы — Мықан ағашы деп те аталады екен.
В.Гумбольд: «Тіл — ұлттың шынайы ойлауы мен қабылдау үдерістерінің басты мүшесі» деген болатын [5]. Демек, ақиқат дүниені құраушы заттар мен құбылыстар ойлаудың нысаны ретінде ойға тікелей ене алмайды, олар тіл арқылы санада қабылданады, содан кейін ой күшімен заттар мен құбылыстар өздігінше түсініле бастайды. Ойдың негізгі тетіктері қабылдау мен түсіну заттардың тілдегі белгіленген мағыналары арқылы ойлау үдерісін іске қоса алады.
ҚОРЫТЫНДЫ
Тіл — әрқашан адам мен әлем арасын жалғастырушы дәнекер. Тіл адам санасында белгілі бір ақиқат дүниенің бейнесін суреттеп береді. Бірақ бұл пайымдаудың барлығы адамның ойы ұлттық тілге тәуелді деген теріс пікір тудырмауы керек. Себебі тілдік дүниетаным ұлттық дүниетанымға, қоғамдық дүниетанымға, әлеуметтік топтардың дүниетанымына, жеке тұлғаның индивидуалды дүниетанымына, т.б қарай өрістей береді. Соған орай дүниенің тілдік бейнесі мәдени, діни, философиялық, ғылыми бейнелермен толыға түседі [85]. Алайда, аталмыш дүние бейнелерін қалыптастыру үшін адамнан терең аялық білім, зияткерлік қабілет талап етіледі. «Ақиқат дүниені танудан ұғынуға, содан кейін тілмен жеткізуге әкелетін үдеріс жолдары әр халықта әртүрлі болады. Осы ойлау процесінің өтпелі сатылары сол халықтың тарихына, өмірлік тәжірибесіне, мекендеген аумағына, қоғамдық санасының қалыптасу дәрежесіне тікелей байланысты болады» [86]. Демек, тіл тікелей емес, екі кезеңгі өткеру арқылы бейнелей алады: шынайы ақиқат әлемнен ойлау жүйесіне және ойлау үдерісі арқылы тілге. Таным теориясына сүйенсек, ойлау әрқашан тілдің алдында қызмет еткенімен, тіл арқылы рәсімделіп, ықшамдалады (санадағы ой дәл сол қалпында сыртқа шықпауы да мүмкін). Сондықтан тіл қарым-қатынастың жеке бөлігі ретінде әрі ойлау жүйесін дамытушы ретінде мәртебелі қызметін атқара алады. Демек, тіл ойдың қалып-пішіні ғана емес, ойды толықтырып, бейнелейтін, ойдың әсерлі, мағыналы шығуын рәсімдейтін ажырамас құралы.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ДЕРЕКТЕР ТІЗІМІ:
1. Теплов Б. М. Избранные труды. — М.: Педагогика, 1985. -256б.
2. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi. Энциклопедия. 1-том. – Алматы: DPS, 2011. – 738б.
3. Довлатов. Жизнь и мнения. Избранная переписка. СПб.: Журнал «Звезда», 2011. — 384 стр.
4. Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлi жүйесi. Энциклопедия. 2-том. – Алматы: DPS, 2011. – 598б.
5. Гумбольдт В Избранные труды по языкознанию. – М.: Издательская группа
«Прогресс» 2000. — 400 с.

А.Б. Амирбекова
Язык и мыслительная картина народа
Институт языкознания имени А.Байтурсынова, Алматы, Казахстан

В статье рассматриваются центральные функции языка – коммуникативная и мыслеобразующая, язык представлен как составная часть культуры. Отмечается роль информации и коммуникации в трансформации казахской культуры и языка в частности. Язык и культура рассматриваются как формы существования общественного сознания, которое бытует как «образ себя» (образ мира своего этноса) и «образ другого». В процессе развития этноса образ мира может меняться, но неизменными остаются принадлежащие коллективному бессознательному структурообразующие элементы этнического бессознательного – этнические константы . Современный уровень исследований языкового сознания позволяет осуществлять не только описание особенностей образа мира носителей различных культур, но ставить и решать сложные методологические и теоретические проблемы в этой области лингвокогнитивной исследований.

A.B. Amirbekova
Language and mental image of the people
A. Baitursynov Institute of Linguistics. Almaty Kazakhstan The article discusses the central functions of the language — communicative and thoughtforming, the language is presented as an integral part of culture. The role of information and communication in the transformation of Kazakh culture and language in particular is noted. Language and culture are considered as forms of the existence of social consciousness, which exists as the “image of oneself” (the image of the world of one’s own ethnic group) and the “image of another”. In the process of the development of an ethnos, the image of the world may change, but the structure-forming elements of the ethnic unconscious — ethnic constants belonging to the collective unconscious remain unchanged. The modern level of studies of linguistic consciousness allows not only to describe the features of the image of the world of carriers of different cultures, but to pose and solve complex methodological and theoretical problems in this area of linguisticcognitive research.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *