Өлкетану принциптерін география сабақтарында іске асыру

Аты – жөні Алпысбайқызы Нұргүл

 (М.Қозыбаев атындағы СҚУ)

 

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласында:  – орта, техникалық және кәсіптік, жоғары оқу орындарында «Акмеология, жеке және әлеуметтік табыс негіздері», «Қазақстан құқығы», «Өлкетану» сияқты міндетті оқу курстарын енгізу жөнінде тапсырмалар берген болатын.  Бұл әдістемелік құрал жалпы білім беретін мектептің география сабақтарында қосымша түрде немесе факультативтік курс түрінде жүргізілетін «Өлкетану» пәнінің мазмұнына туған өлкенің тарихи, табиғи, әлеуметтік, экономикалық, экологиялық, мәдени ерекшеліктері жайлы деректерді енгізу арқылы, аймақтық компонентті жүзеге асыруға мүмкіндік тудыратын кеңестер береді. Туған өлке жайлы білім мазмұнының практикалық жақтарын күшейту жолдары қарастырылады, оның білім берудегі рөлі және оны қалыптастырудың әдістемелік тәсілдері ашып көрсетіледі[1].

Елбасының «Рухани жаңғыру» атты жолдауы туған өлкенің, жергілікті жердің тіпті, аймақтың өз ерекшеліктерін, табиғатын, тарихын, халқы мен тұрмысын сипаттайтын факторларды зерттеп, оны жас ұрпақ тәрбиесінде пайдалану өзінің маңыздылығын ешқашан жоймақ емес. Өлкетану жұмыстары тұлғаның дүниеге деген дұрыс көзқарасын қалыптыру мен сенімін нығайтуға негіз болады.

Өлкетанушылар – басқа тілмен айтсақ «жергілікті жердің күштері». Көбінесе осы  қызметін бастапқы жұмысымен қатар жүргізеді.

Өлкетану – белгілі бір жердің, қаланың, елді мекеннің бір бөлігін оқып білу. Мұндай жұмыспен жергілікті тұрғындар айналысады, себебі бұл аймақ оқушылар мен мамандар үшін (тарихшылар, биологтар, геологтар, архитекторлар, этнографтар, экологтар) туған өлке болып саналады. Мектептегі өлкетану пәні білім беру мен тәрбиелеуді өмірмен байланыстыратын маңызды құрал болып табылады. Өз өлкесінің бұрынғы және қазіргі өмірін білу, өлкенің жаңаруына тікелей ат салысуымыз үшін қажет, өйткені туған өлке – шегі жоқ әлемнің бір бөлігі. Өлкетану отансүйгіштік сезімді – Отанға деген терең махаббатты тудырады. Мектептегі өлкетану, жалпы өлкетанудың бір бағыты болғандықтан, оқушының адамгершілік, интеллектуалдық, эстетикалық, еңбексүйгіштік, тұлғалық дамуының маңызды факторы болып табылады. Туған өлкенің өткенімен, қазіргі кезімен және жорамалды болашағымен, табиғи, экономикалық, тарихи, мәдени және басқа да ерекшеліктерімен танысу оқушының дүниетанымын қалыптастыруға жағдай жасайды. Бұл оқушының өзінің бір нақты ұлт өкілінің қатарына жататындығын түсінуіне және ол үшін мақтаныш сезімінің туындануына көмектеседі.

Нормативтік-құқықтық құжаттарға, вариативтілік ұстанымына сай, жалпы білім беретін мектепте білім беру мазмұнының аймақтық компонентін жетілдірудің мақсаты өз өлкесін, елді мекенін, қаласын не ауылын жақсы білетін және сүйетін, оның әдет-ғұрыптарын сыйлайтын, табиғи, тарихи, мәдени ескерткіштерін қорғайтын, көпұлтты Қазақстанның отаншыл азаматын тәрбиелеу.

Әрбір күн өзгеріске толы қазіргі жауапты кезеңде заман көшінен қалмай, уақыт талабына сай болу, білімді өз бетінше үйрену, оны оқушыларға үйрету ұстаздықты мұрат еткен әрбір кәсіп иесінің ең қасиетті борышы, абзал парызы.

Оқушының білім алу көздеріне қарай оқыту әдістері былайша жіктеледі:

а) сөздік әдіс (білім негізінде ауызша сөйлесу немесе басылым сөзі жатады);

б) көрнекілік әдіс (көрнекіліктер, бақыланатын, зерттелетін нәрселер құбылыстар);

в) практикалық әдіс (оқушылар практикалық жұмыстарды орындай отырып білім алады, біліктілігін арттырады);

Оқушылардың таным әрекеттері сипатына қарай ажыратылатын географияны оқыту әдістері: түсіндірмелі көрнекілік, репродуктивті, проблемалық баяндау, ішінара іздену және зерттеу. Әрбір әдістің міндеті оқытушы мен оқушылардың іс әрекеттері, географияны оқыту процесінде қолдану мүмкіндігі[2].

Өлкетану материалдары арқылы отансүйгіштікке тәрбиелеу педагогикалық үдерістің: түсінік қалыптастыру – білім беру – біліктілік – практикалық іс-әрекетке баулу атты тізбегін құрастыруды көздейді.

1 кесте

Өлкетануды іске асырудың әдіс – тәсілдері

Тақырыбы

Сабақ түрі

Сынып

«Оңтүстік Қазақстан облысының қалалары»

Қалалар туралы мәлімет статистика, кесте, диаграмма, презентация

8-9

«Облысымыздағы өзен, көлдердің тарихы»

Өзен, көлдердің тарихын шығу тегі, реферат

7-9

«Өлкенің көрнекті жерлері»

Экскурссия

5-9

«Өлкеміздің ұлы адамдар өмірі, шығармашылығы»

Хронологиялық кесте

7-9

«Өлкеміздің экономикасы»

Диаграмма, кесте түрінде

9

«Аймақтың экологиялық жағдайы»

Презентация

7-9

 

Облысымыздың табиғаты туралы айтатын болсақ, Оңтүстік Қазақстан облысының аумағында қорықтар мен қорғалатын табиғи аумақтар туралы не айтуға болады? Мысалы, 8 – сыныптың Қазақстан физикалық географиясының Табиғат зоналары тақырыбында, қосымша түрінде Облысымыздың қорықтары немесе ұлттық саябақтар туралы айтып кетуге болады, яғни қорықтың аты, оған сипаттама, қай жылы құрылғаны оның табиғаты т.б

Өлкетану жұмысында өлкені зерттеудің барлық негізгі әдістері қолданылуы мүмкін, олар: әдеби, далада бақылаулар жүргізу, картографиялық, статистикалық, көзбен шолу (визуалды), әңгімелесу және сауалнама жүргізу, фотосуретке және бейнефильмге түсіру.  Әдеби тәсіл дегеніміз оқылатын аумақ туралы әр түрлі баспа материалдарын қолданумен байланысты. Әдебиетпен танысудың маңызы өлке туралы білімді алдын-ала алуға мүмкіндік туғызатындығында және ол өлкенің даму тарихы туралы сұрақтарды шешуге көмектеседі[3].

Далада бақылау жүргізу әдісі – негізінен табиғат жағдайларын зерттеу үшін қолданылады. Ол мектепте бар техникалық құралдарды қолдану арқылы дала жағдайында әр түрлі зерттеу жұмыстарын жүргізуге бағытталған. 

Зерттеудің картографиялық әдісі – өлке аумағындағы шаруашылық пен табиғаттың арасындағы кеңістіктік үйлесімділікті ашу мақсатында қолданылады. Өлкетанулық зерттеу жұмыстары картадан басталуы және нәтижелер картаға түсірілуі тиіс. Зерттеудің маңызды бөлігі – жергілікті жердің планын қағазқа түсіру және әр түрлі карталар құрастыру.

Статистикалық әдіс – әсіресе халықты, шаруашылықты, экономикалық байланыстарды оқу барысында жинақталған сандық көрсеткіштерді іріктеп алу және олардан қорытынды шығарумен анықталады. Бұл әдіс әр түрлі сандық мәліметтерді санау, орташа көрсеткіштерді шығару, кестелер құрастыру және олардың графикалық бейнесін сызудан тұрады[4]. 

Көзбен шолу (визуалды) әдісі – бұл оқылатын құбылыстар мен заттарды бақылауға бағытталған әдіс. Ол мектептегі өлкетанулық зерттеулерде, саяхаттарда, экскурсияларда өте жиі қолданылады. Бірақ ол басқа әдістермен үйлестірілмеген жағдайда, қажетті сапалық нәтиже бере алмайды.  Жергілікті тұрғындармен, өлкетанушылармен әңгімелесу және сауалнама жүргізу әдісі тарихи және тұрмыстық деректерді қалпына келтіруге, бұрыннан белгілі ақпаратты анықтауға мүмкіндік береді.  Фотосуретке және кинофильмге түсіру – өлкетану зерттеу жұмыстарын жүргізудегі маңызды құралдардың бірі.

Практикалық әдіс – сөз көрнекілік және практикалық жұмыстың бір-біріне әсерінен туады. Практикалық әдіске табиғат  объектілерін    тани   білу,   анықтау,  эксперимент жұмыстары жатады.   

Практикалық жұмыстың кезеңдері.

а). Тақырыбы, мақсаты.                                                

б). Нұсқау (инструктаж).

в). Жұмыстың орындалуы (тәжірибені жасау).

г). Қорытындысын жазу.

Табиғат объектілерін анықтау кезінде оқушылар үлестірілетін объектімен жұмыс істейді.

Мысалы: жергілікті жердің бейнесін көрсететін, тау жотасы, теңіз жағасы, орман, саванна т. б. географиялық объектілердің жинақтап көрсететін панораманың  макетін жасауға болады.

Табиғи объектіні тани білу экскурсия кезінде қолданылып, оқушыларды өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады.

Бақылау әдісі – табиғат құбылыстарын табиғи жағдайда ерекше сезіммен қабылдау қорғау, аялай  білу қабілеттерін дамытады. Түсіндіруді алдына мақсат етіп қояды, ол оқушылардың өзі жүргізуін, қорытынды шығаруын талап етеді.

Эксперимент  әдісі – жасанды жағдайда жасалынады И.П.Павлов:

«Бақылау табиғат не ұсынса соны жинайды, ал тәжірибе табиғаттан нені алғысы келсе соны алады» – деп жазды[3].

Жалпы шығатын қорытынды, мектепте өлкетану жұмыстарын жүргізу, жинаған материалдарды география сабақтарында пайдалану өте маңызды. Қазақстанның барлық өңірлерінің өлке тарихы жазылған дайын оқу әдебиетітерінің жоқ екенін ескере отырып, «Өлкетану» сабағы оқушылардың өзіндік ғылыми негізді ізденістері мен шығармашылығына негізделуі қажет. Өлкетанудың мақсаты –  сыныптан  тыс  немесе сабақта қосымша түрде жетілдіру, оқушылардың  дамуына,  ғылыми-қызығушылық көзқарасын, тарихи,   байлықтарын білуге  әлеуметтік-географиялық   сұрақтарды меңгеруге (мәдени,  ғылыми, білім, сауда  қатынасы,  халықтың  шаруашылық әрекеті)  жетелейді. 

 

 

 

 

 

 

Әдебиеттер тізімі

  1. Қазақ тілі термиңдерінің салалық ғылыми түсіндірме сөздігі: География және геодезия. — Алматы: «Мектеп» баспасы, 2007.
  2. Искандирова З.С., Мажитова Г.З. Географияны оқыту бойынша әдістемелік нұсқаулар: оқу-әдістемелік құрал. – Петропавл, 2013. – 100 б.
  3. Бірмағамбетов Ә.Б., Кәрібаева Ш.Ш., Мамырова К.Н. География: Негізгі орта білім беру деңгейінің 6-9 сыныптарына арналған оқу бағдарламасы. – Астана, 2013. – 30 б.

 

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *