АСТЫҚ БАСТЫРУ — дәнді-дақылдарды масағынан, собығынан, қауызынан ажырату. А. б. егіншіліктегі күрделі, ең жауапты да, кезек күттірмейтін жұмыстардың бірі болып саналады. Оның негізгі мақсаты — астықты төкпей-шашпай дер кезінде жинап, қамбаға құю. А. б. комбайндар (“Енисей”, “Дон”, СК-5 т. б.) арқылы жүзеге асырылады. Оның мезгілі егін орудың тәсіліне тікелей байланысты болады. Қазақстанда негізінен егін орудың екі тәсілі қолданылады. Егер өсімдік сирек, аласа, арамшөптер басым болса, астық дәнінің қамырланып пісу фазасында бөлектеп орылып дестеге түсіріледі. Бұл тәсіл еліміздің солт., орт. облыстарында қолданылады. Бітік, сабағы биік әрі дәні толық піскен кезде, арамшөптерден таза, күн жылы, ауа райы ашық болғанда егін тікелей орылады. Бұл жағдайда А. б. егін орумен бір мезгілде жүреді, яғни егін шабылып дән сабан мен топаннан ажыратылып, бірден бастырылады. Бұл тәсіл Қазақстанның оңт. облыстарына тән. Бастырылған астықтың сапасы дәннің жарылмауына, сабан-топан және дәннің қауызға араласып кетпеуіне қарай бағаланады. Ол үшін комбайндағы барабанның айналу жылдамдығын, оның декамен арасындағы саңылау мөлшерін дұрыс реттеу керек.