ТҮРЛЕНУ КАТЕГОРИЯСЫ КӨНЕ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕ

Ф.А. Какжанова1, З.Н. Жуынтаева2
1ф.ғ.к., профессор, ҚарМУ, fazira11@mail.ru
2ф.ғ.к., доцент, ҚарМУ, zamza_bota@mail.ru

ТҮРЛЕНУ КАТЕГОРИЯСЫ КӨНЕ ТҮРКІ ТІЛДЕРІНДЕ

Мақалада қазақ тілінің түрлену (аспект) категориясы және оның көне жазбаларда берілу мазмұндары кездесетіндігі туралы сөз болады. Субъективті түрде қазақ тілінде түрлену категориясы жоқ деп саналады. Бұл категория қазақ тілінің диахрониясында қаралып, ол көне түркі дәуірінде болды ма, әлде болған жоқ па деген сұраққа сауал ізделінді. Сонымен қатар түрлену категориясы не деген сұраққа жауап беріледі. Етістіктің аспектуалды семантикасын жасайтын негізгі тілдік құрылымдар көне түркі тілінен бастау алатындығы тілдік деректер арқылы дәлелденеді.

Тірек сөздер: етістік, көне түркі тілі, түрлену категориясы, процессуалдық түрлену, нәтижелі түрлену, ұзаққа созылған түрлену, деректі түрлену.

Аспект категориясы aspektus (латын) сөзінен қалыптасқан, орыс тілінде оны вид деп атайды, ал қазақ тілінде аспект категориясының тұрақталған аты жоқ, оны «сыпат», «амалдың өту сыпаты», «қимылдың өту сыпаты» немесе «келбет» деп айтылып жүр. Әр құбылыстың аты оны ішкі мазмұнына байланысты болу керек. Бұл категория осы күнге дейін қазақ тілінде өз шешімін таба алмай жүрген етістік категорияларының бірі. Бір тілдік құбылыста мынадай бірнеше ат болуы мүмкін емес. Тілдік құбылыстың берілген аты оның ішкі мағынасына байланысты, бұл категорияны «түрленуі» немесе ‘ істің түрленуі’ деп атадық, өйткені аспект категориясы өзінің мазмұндық жоспары бойынша істің ішкі түрленуі болса, ал тілдік берілу жоспары бойынша ол етістік семасының түрленуі арқылы беріледі [1,4]
Етістіктің жалпы лексика-семантикалық сипаты мен морфологиялық құрылысы өте күрделі. Етістік формаларының жүйесін айқындау үшін, сол жүйеге енетін формалардың негізгі грамматикалық сыр-сипаттарын ашып алу қажет. Етістіктер – күрделі де, қиын сөз табы, өйткені оның бірнеше категориясы бар. Бұл категориялар іс-әрекет, қимылдың қалай жүзеге асқандығын білдіреді. Соның бірі – істің түрлену категориясы
Дәстүрлі түрлену категориясының анықтамасы былай деп беріледі: «категории вида как действие «протекает во времени», или «распределяется по времени» [2,105]. Бұл пікірді М.С.Жолшаева да ұстайды: «Жалпы тілтанымда іс-әрекеттің уақыт бойындағы ішкі өту ағымын сипаттайтын категорияны деңгейлік грамматикада қимылдың өту сипаты, ал функционалды грамматикада аспектуалдылық (семантикалық категория) деп атау қалыптасқан. Аспектуалдық категориясының өзіндік категориялдық ерекшелігі оны басқа етістік категорияларымен, басқа тіл деңгейлерімен ашып көрсеткенде ғана айқындалмақ»
[3, 58].
Бұл берілген анықтамада ‘түрлену категориясы дербес категория емес ‘шақ категориясымен’ немесе басқа тіл денгейлерімен ашылмақ, бұл пікірлерден түрлену категориясы дербес емес тәуелді категория болып тұрғанын көреміз, бұл қағида’ етістік категорияланың дербес өзіндік дискретті мағыналары бар категориялар’[1,5] екеніне күмән туғызады.
Аталған категорияның қазақ тілінде әлі күнге дейін өз орнын таппауы біраз сұрақтар туғызады, соның бірі түрлену категориясы диахронияда түрік тілдерінде болды ма деген сұраққа жауап іздеу болып табылады.
Грамматикалық формаларының көптігі мен мазмұнының байлығы жағынан етістіктер тіліміздегі сөз таптарының жүйесінде ерекше орын алады. Етістік өте ертеде қалыптасқан сөз табы болып табылады. Түркі тілдеріндегі ең көне жазба ескерткіштердің тілінде етістіктің белгілі бір дәрежеде сөз жасау жүйесі, түрлі грамматикалық категориялары бар сөз табы болғандығы белгілі. Қазіргі тілімізде етістік – өте үлкен, күрделі сөз табы. Бұл оның лексика-семантикалық ерекшелігінен, түбір тұлғасы мен оған үстелетін грамматикалық формалардың ара қатысынан, грамматикалық категориялардың әртүрлілігінен байқалады. Басқа тілдердегі сияқты қазақ тіліндегі етістіктердің формасы көп, мағынасы сатылы болады. Адамның ой-өрісінің, білу зердесінің артуымен бірге етістіктер де өсіп, дамып отырады.
Етістіктің дамуы лексикалық құрамына және грамматикалық құрылысына байланысты. Лексикалық тұрғыда етістіктің түрлі салалы сөз жасау жүйесі қалыптасқан, соның нәтижесінде етістіктің лексикалық қоры үнемі өсіп отырған. Сондықтан қазір етістік – лексикалық бірліктерге өте бай сөз табы. Грамматикалық құрылысы жағынан етістіктің категориялары күрделенген, әр категорияның мағынасы айқындалып, формалары қалыптасқан. Сол себепті етістік категориялары объективті өмірдегі адам таныған қимыл-әрекеттің өте нәзік ерекшеліктеріне дейін білдіре алады. Ойды анық, дәл жеткізуде тіл орамдылығы жөнінен етістік ерекше қызмет атқарады /4, 3/.
Түрлену категориясы өз дамуын 16-ғасырдың соңынан бастаса, әрине мынадай атаудың көне түрік дәуірінде кезінде болмағаны түсінікті, бірақ сол кездегі грамматикада түрленудің берілу жолдарында қазіргі таңда кездесетін формалары берілді ме деген сұрақ алғашқылардың бірі болды. Жалпы бүл кезеңге шолу жасай отырып, түрлену категориясы туралы ешқандай ақпарат болған жоқ, бірақ бүл категорияның берілу жолдарымен кездестік.
Көне түрік тілі алфавит графикалық жүйелілігі жағынан аса бай және жетілген жазу болған. Алфавиттік жазудың пайда болу тарихы, шығу тегі өте күрделі де, шешілмеген жұмбақтарға толы. Өйткені алфавиттік жазу – дүние жүзі мәдениетінің қол жеткен табысы болса, бұл мәдени мұраға біздің ата-бабаларымыз да өзіндік үлес қосып, келер ұрпаққа мирас еткен. Алғашқы әріп жазуының бір тармағы руникалық көне түркі алфавиті болып табылады. Бұл алфавитпен жазылған ескерткіштер – көне түркі тайпаларының жоғары тіл мәдениеті мен білім өрісінің ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіші. Сондықтан бұл ескерткіштерден етістіктің барлық категориясын кездестіруге болады, соның ішінде түрлену категориясына мысалдарды кездестіруге болады.
Мысалы: Су тегіс інте иітінч еріг қылычлады – Аудармасы: Әскер ай қасында жетінші ерін қылыштады [5,85]. Інім Күлтегін бірле сөзлешдіміз – Аудармасы: Інім Күлтегінмен сөйлестік [5,176]. Мәтіндегі қылычлады (қылыштады), сөзлешдіміз (сөйлестік ) етістіктері іс-әрекеттің созылыңқылығын білдіріп тұр. — Ла (-ле, -да, -де, -та, -те) жұрнағы өзі жалғанған түбір етістіктің лексикалық мағынасына амалдың үсті-үстіне еселеніп, жиі орындалуын білдіретін реңк қосады.

Етістіктің жалпы лексика-семантикалық сипаты мен морфологиялық құрылысы өте күрделі. Етістік формаларының жүйесін айқындау үшін, сол жүйеге енетін формалардың негізгі грамматикалық сыр-сипаттарын ашып алу қажет. Етістіктер – күрделі де, қиын сөз табы, өйткені оның бірнеше категориясы бар. Бұл категориялар іс-әрекет, қимылдың қалай жүзеге асқандығын білдіреді. Соның бірі – істің түрлену (вид) категориясы.
Түрлену категориясымен айналысқан ірі ғалымдардың ішінде Н.Оралбаеваның еңбегін атап өту керек. Ғалымның пікірінше, түрлену (вид) – іс-әрекеттің басынан аяғына дейінгі дамуы. Егер іс-әрекеттің басы болса, міндетті түрде оның соңы болатындығы заңды. Егер басталған іс аяғына жетпесе, онда әрекет өтіп жатады. Әрекеттің дамуына байланысты ол үшке кезеңге бөлінеді Бірінші кезеңге іс-әрекеттің басталуы жатады. Мысалы: Дауыс шыға бастады (З.Ш.). Зәреміз енді қатты ұша бастады (С.М.). Дәмелінің жүрегі айни жөнелді (І.Е.). Екінші кезең – процессуалдық немесе қимылдың болып жатуы. Мысалы: Әне көзінің астынан қулана қарап қояды, сынап отыр (З.Ш.). Үшінші кезең – қимылдың аяқталуы. Мысалы: Анау кемпірдің өзіне де зекіп бітеді (Ә.С.). Сол түні кабинетінде түнеп шықты (К.И.). Ол жүдеп бітті (С.М.) [4, 65].
«Қимылдың өту сипаты категориясының мағынаға бай болатын себебі бар. Обьективті өмірде қимыл кенеттен жасалса, бірде созылыңқы түрде жасалады, бірде субъект іс-әрекетті бар ынтасымен жасаса, бірде немқұрайлы, жүрдім-бардым жасауы мүмкін. Қимылдың ойда жоқ жерден, күтпеген жерден жасалуы немесе оның қайталануы, не қимылдың әрі қарай жалғасуы, созылуы мүмкін. Кейде субъект қимылды жасауда ерекше күш жұмсамай, оны жеңіл жасауы да, бар күшімен, пәрменімен, ынтасымен жасауы да ықтимал. Ал өмірде қимылдың жасалуы ұзаққа созылуы бар, ондай жағдайда қимылдың хабарлау кезінде қандай сатыда екенін, яғни жаңа басталғанын, жасалу үстінде екенін немесе қимылдың аяқталуға жақындығын, жасалуының соңғы дәрежесінде, сатысында екенін білдіруге болады. Мұндай мағыналардың әр қимылдың жасалуына қатысты жалпылық қасиеті бар. Сөйтіп, категорияның жалпы мағынасы қимылдың жасалу тәсілдері, қимылдың өту сипаты категориясы қимылдың өту процесін суреттейді, ал қимылдың жасалуында ерекшелік мол болғандықтан, категорияның ішкі мағыналық тармағы көп» [4, 36-37].
Түрлену категориясы аты айтып түрғандай бір істің ішкі өзгеністерін көрсетеді.
Мына сөйлемдерде осы айтылған іс кезеңдері көрініс тапқан.
Анча қазғанып, бір-екі будунығ от-суб қылмадым – Аудармасы: Сонша құрап, біріккен халықты от-су қылмадым [5,177].
Ечүм қаған олурыпан, түрк будунығ йіче ітді ігіті, чығанығ бай қылды, азығ үкүс қылты. – Аудармасы: Ағам қаған отырып, түркі халқын қайта көркейтті, жарлыны бай қылды, азды көп қылды [5,174].
Берілген мысалдардағы (қазғанып, қылмадым, олурыпан, қылты) етістіктерден осы жайды аңғаруға болады, яғни қимылдың басталғандығын, болып жатқандығын, аяқталғандығын білдіреді.
Н. Оралбаева қимылдың өту сипаты категориясын етістік құрамында екінші орында тұратын формалар деп қарастырады. Қимылдың өту сипаты категориясының бай мағыналық ерекшелігі іштей екі топқа бөлінеді: 1) қимылдың тәсілі, 2) қимылдың даму сатысы /4, 37/. Ғалым қимылдың жасалу тәсілдерін былайша көрсетеді: тездік тәсілі, созылыңқылық тәсілі, жасандылық тәсілі, жетімсіздік тәсілі, бағыт-мақсат тәсілі, ынта тәсілі, немқұрайды тәсіл, бейімділік тәсілі [6, 260] деп, 8 түрлі тәсілді көрсетеді.
Осы берілген істің әртүрлі тәсілдерің көне түрік тілдерінің жазбаларынан ізделінді.
Қимылдың тездік тәсілі:
Неңнен сабым ерсер, беңгү ташқа уртым –
Аудармасы: Айтар сөзім болса, мәңгі тасқа жаздым.
Бу еріг ерсер, емтіке еріг йірте ерсер, анча еріг йірте беңгү таш тоқытдым, бітідім – Аудармасы: Бұл аялдама болса, енді ол аялдама болса жерге мәңгі тас тоқыттым, жаздым [7, 170]. Бұнда іс-әрекеттің тез өткенін білдіреді. Бұл тәсілдің көне түркі жазбаларында жиі қолданылғандығын байқауға болады.
Созылыңқылық қимыл тәсілі: Усун бунта аты йуртда үгүзке қалур ерті. – Аудармасы: Үйсін атты жұртта жатып қалып еді /7, 107/. Қимылдың жасалуына асығыссыз екенін білдіріп тұр.
Қимылдың жасандылық тәсілі мен жетімсіздік тәсілі көне түркі тілінде кездеспеді.
Бағыт-мақсат тәсілі: Түрк будун бірйе Чуғай йыш түгүл, Түн йазы қонайын тісер. – Аудармасы: Түрк халқы оң жақтағы Шығай тоғайында қонайын десті.
Йана йорып, соғдақ будун ітейін тійін, Йінчү үзүгіг кече, Темір қапығқа тегі сүледіміз – Аудармасы: Және жүгіріп соғдыны халық етейін деп, Сырдария өзенін кешіп өтіп, Темір қақпаға дейін соғыстық /7, 169/. Мысалдарда етістіктер қимылдың бағытын көрсетіп тұр.
Ынта тәсілі. Н.Оралбаева ынта тәсілі –п бақ аналитикалық форманты арқылы жасалатындығын айтады /7, 264/, бірақ көне түркі жазбаларынан бұндай тәсілді кездестірмедік. Бірақ қимылдың ынта-жігермен істелгендігін қалау райдың жұрнақтарымен -алым, -айық қосымшаларымен беру кездеседі:
Аны субуғ баралым – Аудармасы: Аны сумен барамын /7, 109/.
Иарыс йазыда тірілелім тіміс – Аудармасы: Иарыс жазығында жиналайық, – деді /7, 110/. Немқұрайды тәсіл: Бірійе Чуғай йыш түгіл, түн йазы қонайын тісер – Аудармасы: Түстікте Шұғай қойнауы түгіл, Түн жазығына қоныстансақ да боладың /5, 169/. Қимылды немқұрайды істеуді байқатады.
Бейімділік тәсілі: Бен йырдантайан тегейін – Аудармасы: Мен терістіктен тиісейін /5, 172/. Қимылдың жасалуға дайын екенін, субъектінің қимылды жасауға бейімделгенін білдіріп тұр.
А.Ысқақов «амалдың өту сипаты категориясының көрсеткіштері синтетикалық тәсіл арқылы да, аналитикалық тәсіл арқылы да жасалады» [8, 289] дейді. Оны басқа зерттеушілердің еңбектерінен де көруге болады. Бұндай тәсілдер арқылы жасалған амалдың өту сипаты категориясын көне түркі жазбаларынан көптеп кездестірдік:
Кейік йійү табысған йійү олурур ертіміз –
Аудармасы: Киік жеп, қоян жеп отыратын едік [7, 105].
Йійү олурур ертіміз (жеп отыратын едік) аналитикалық тәсіл арқылы жасалған күрделі етістігі қимылдың созылыңқы өткендігін білдіріп тұр. Аналитикалық тәсілмен берілетін мағына негізгі етістік пен көмекші етістіктің тіркесуінен жасалған мағынасы болып табылады, әрі олар қимылдың өту сипатын дәл көрсетуге мүмкіндік береді. Синтетикалық тәсіл арқылы жасалған етістіктерге көне жазбалар тілінде –ла, -ле жұрнағы мен –сыра, -сіре қосымшалары жиі ұшырайды:
Ілгерү-қурығару сүлеп, тірміш, қобартмыш – Аудармасы: Ілгері-кейін аттанып, жинапты, көтеріпті.
Түрк будун: «Өлүрейін, уруғсыратайын» – тір ерміс, йоқару барыр ерміс
– Аудармасы: Түркі халқы: «Өлейік, тұқымсырайық», – деп еді, жойыла бастаған еді
[5, 173].
Қазақ тілінде қимылдың өту сипатын білдіретін белсенді тілдік құралдардың бірі аналитикалық форманттар болып табылады. Етістіктің аналитикалық формасы негізгі мағынаға ие етістіктің көсемше тұлғасында келуі мен көмекші етістіктің тіркесі арқылы жасалады. Аналитикалық форманттар етістіктің барлық дерлік категорияларының құрамында қызмет етеді. Категориялардың мағынасын білдіретін көрсеткіш қызметін атқарып, етістіктерді түрлі грамматикалық категориялардың аналитикалық тұлғасына көшіреді [5, 253]. Осы пікірлердің түрлену категориясымен астасып жататындығын байқауға болады. Сондықтан көсемше тұлғасы мен көмекші етістіктердің аспектуалды семантика жасауына көне түркі тілінен мысал беріп кетейік:
Қаңым қаған анча ілліг, төрүг қазғанып, уча бармыс. –
Аудармасы: Әкем қаған осылай елдік пен билікті орнатып, ұша барды /7, 174/].
Етістіктің күрделенуі – көсемше арқылы жасалса (оқып отыр, оқығалы отыр), оның негізгі мағынасы көсемше формасында болады. Мұндай негізгі мағыналы көсемшенің жақтық белгісі оның өзінде болмай, оған көмекші болып тіркесетін етістікте болады. Көсемше формасы екі етістіктің арасын қиыстырушы грамматикалық амал-тәсілдердің бірінен саналады. Етістіктің түрлену категориясын қарастырғанда, аналитикалық форманттардың мағыналарына ғана емес, олар тіркесетін етістіктің лексикалық мағынасына, оның қандай лексика-семантикалық топқа жататындығына, оның тұлғасына көңіл аудару арқылы бірінші кезекте қимылдың жасалуындағы түрлі мағыналық реңктерді толық айқындауға болады. Орхон жазбаларында «е» көмекші етістігінің тіркесі арқылы жасалған күрделі етістіктері жиі қолданылған:
Қаңым Ілтеріс қағанығ, өгім Ібілге қатунығ теңрі төпесінде тутып, йегеру көтерміс ерінч – Аудармасы: Әкем Елтеріс қағанды, шешем Елбілге қатынды тәңірі төбесіне ұстап, жоғары көтерген екен.
Екін ара іді оқсыз көк түрк анча олурур ерміс
– Аудармасы: Екі арадағы қарусыз көк түркілерді осылай қоныстандырған екен [7, 173]. Қазақ тілінің түрлену категориясын диахронияда зерттейтін болсаңыз, бұл категория туралы естімейсіз, оның орнына шақ категориясы беріледі.
Көне түркі тілінде, оның ішінде қазақ тілінде де, етістіктің аспектуалды семантикасын жасайтын негізгі тілдік құрылымдарға етістіктің аналитикалық формалары жатады. Берілген мысалдар түрлену категориясының көне түркі тілінен бастау алатындығы байқалады. Егер етістік қимылды беретін болса, түрлену категориясы оның ішкі даму түрлерін береді.
Адам өз өмірінде қаншама қимылдың түрлерін жасайды, адам қимылсыз өмір сүре алмайды, яғни түрлену категориясының мазмұны кез келген адамның өмірінде бар.
Бірінде қимылдың басталғандығы немесе болып жатқандығы, болмаса аяқталғандығы көрсетсе, енді бірінде істеліп біткендігі және тағы басқалары беріледі. Қимылдың жасалуындағы ерекшеліктерді, оның даму кезеңін білдіретін қазақ тілінің грамматикалық құрылысында арнайы категориясы бар. Оны біз етістіктің түрлену (вид) категориясы деп атауды жөн көрдік. Бұл категорияның бастамасы тарихи ескерткіштерден көрініс табады.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1 Какжанова Ф.А. Категория вида в казахском языке и ее подвиды . Караганда. 2015.
Стр. 4, 70
2. Пешковкий А.М. Русский синтаксис в научном освещении. – М., УРСС, –2001. – C.
105
3.М.С. Жолшаева Қазақ тіліндегі етістіктер және аспектуалды семантикаю
Алматы.2011
4.Оралбаева Н. Қазақ тіліндегі етістіктің категориялары. – Алматы, 1980. – 60 б.
5. Айдаров Ғ. Күлтегін ескерткіші. – Алматы: Ана тілі, 1995. – 232 б.

6. Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілі морфологиясы. – Алматы: Інжу-Маржан, 2007. – 390 б. 7. Айдаров Ғ. Тоникүқ ескерткішінің (ҮІІІ ғасыр) тілі. – Алматы: Қазақстан, 2000. – 120 б. 8. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. – Алматы: Ана тілі, 1991. – 394 б.

В статье рассматривается категория вида в казахском языке в диахронии (древне тюркский период). Считают, что категория вида не существует в казахском языке. Данная категория расматривается в диахронии, чтобы найти ответ на вопросы существовала ли данная категория или нет в древне -тюркских языках. Лингвистические данные, составляющие семантику вида глагола, подтверждают, что она начинается с древнетюркского периода с точки зрения средства выражения данного явления. В целом в древне тюркском периоде в основнном писали о категории времени.

The article is dedicated to the aspect category of Kazakh language in diachrony ( in ancient Turkic period). The aspect category is considered not to exist in the Kazakh language. It is analyzed in the diachrony to answer the questions the aspect category existed or did not exist in the ancient the Turkic period. It is confirmed that the linguistic data, composing the aspect language means began from the ancient Turkic period. About tense category was written in the Turkic period.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *