КОГНИТИВТІ ЛИНГВИСТИКАНЫҢ ҒЫЛЫМИ ПАРАДИГМАСЫ

Ы.Б. Шақаман
филология ғылымының кандидаты, профессор, Павлодар мемлекеттік педагогикалық унииверситеті, Павлодар, Қазақстан, Raya-s7@mail.ru


КОГНИТИВТІ ЛИНГВИСТИКАНЫҢ ҒЫЛЫМИ ПАРАДИГМАСЫ

Мақалда когнитивті лингвистиканың ғылыми теориялық негіздері айтылып, ғылыми парадигмаға түсу жолы туралы мәлімет айтылады. Оның өзіне дейінгі ғылымдардан бастау алуы, ғылыми парадигмалық негіздері, тиісті ғылыми өлшемдік белгілері түсіндіріледі. Когнитивті лингвистиканың пайда болуы басқа ғылыми бағыттардың оған негіз болуымен байланысты екендігі кең түрде баяндалады. Когнитивті лингвистиканың шешімін беруде философиялық, философиялық-эпистемологиялық, психологиялық, медициналық, семиотикалық, семантикалық, этнолық, мәденитанымдық негіздерін ашу қажеттілігі туындайтыны нақтыланады. Когнитивті лингвистика когнитивті парадигманың бір көрсеткіші, бөлігі болып, өзі де жеке парадигма құрай алады
Мақаланың өзегі ғылыми зерттеулердегі пікірлерді жинақтап, жеке (дедукциялық) тұжырым беруімен ашылады.

Тірек сөздер: когнитивті лингвистика, ғылыми парадигма, таным, таңба, белгі, діл, мағына, психологиялық, философиялық, этнолық, мәдениеттанымдық ғылыми негіздер.

КІРІСПЕ
Таным ғылымы – адамның ішкі ділін, ойлауын зерттейтін, барлық ғалым басын біріктіретін ғылым. Ал танымды, адами жаратылыстық болмысты зерттейтін бағыт когнитология деп аталады. Ол психологиялық-философиялық ғылыми бағытта көрінеді. Бұл арада тіл білімі, тіл ғылымы басты теория болып табылмайды. Адамның жүріс-тұрысы, өмір сүру сипаты, қалпы оның танымына негізделеді.Адамзаттың танымдық, ділдік әрекеті философия, психология, тіл ғылымы, логика, математика, медицина, информатика, т.б. ғылым салаларының зерттеу көзі, нысаны болады.Таным, діл – әр ғылымның басты зерттеу нысаны мен зерттеу құралы. Таным, оны зерттейтін ғылым туралы білім-түсінік танымды зерттеудегі өлшемдерден, оған қатысты туындағын ғылыми бағыттар жиынтығындағы тұжырымнан қалыптасады. Осы арқылы танымдық парадигма да жинақталады. Танымдық парадигма (когнитивті парадигма) дегеніміз – таным туралы зерттеу жүргізген, оның концептілік мәнін, белгісін, қызметін, т.б. қырларын қарастырған ғылымдардың ішкі салалық бағыттарының негіздемелік тұжырымдар жүйесі. Танымдық парадигма құрайтын ғылыми саланың бірі – когнитивті лингвистика. Оның пайда болуы өзіне дейінгі ғылымға байланысты.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Мақаланың мақсаты – когнитивті лингвистиканың парадигмалық ғылыми негізін ашу. Мақаланың жаңашылдығы когнитивті лингвистиканың пайда болуында басқа ғылыми бағыттардың оған негіз болғандығынан көрінеді. Ал оның зерттеулік әдістемесі зерттеулердегі тұжырымдарды жинақтап, жеке (дедукциялық) тұжырым берумен танылады.
Когнитивті лингвистиканың философиялық негізі. Таным туралы ілімнің (гноселогия) негізін берген – көне грек философы Гераклит. Ол танымды сезімдік/жүйелі деп бөліп, таным сезінуден басталатынын, ақиқатқа ақыл-санамен жетуге болатынын, бұл орайда сезімталдық белгілер ақылға сай дамуы керектігін; Платон адамның санасында дүниеге келгенге дейін жан арқылы сіңіп келген, туа біткен ойлары болатынын, сезінушілікпен, өмірлік дағдымен жиналған білім қоры сол ойларды еске түсіруге итермелейтінін айтқан. Платонтуа біткен ойды еске түсіру, ақиқатқа жетудің негізгі құралы сөйлеу мен пікірлесу, сұрақ-жауап арқылы айту деп есептеді. Платонның туа бітті ойлар болатыны туралы пікірін шәкірті, формалды логиканы негіздеуші Аристотель жоққа шығарып,сынға алған.Кейін оның философиялық ойларын сарапқа салып, кез келген нәрсенің мәні сезінуден туындайтынын айтып, таным теориясын эмпиризмнен шығарды.Ол ұғымның зат-құбылыс, нәрсені салыстыру, дерексіздендіру арқылы пайда болатыны,тіл жалпылау,жинақтау қызметінде болатыны туралы теория шығарды.И.Канттың пікірінше, ұғым – ойлау ережесі. Ойлау ережесі арқылы ақыл-ес, сезіну дағды нәтижесін реттеп, байланыстырады. Сондықтан,философтың ойынша,ұғым дерексіздендіру мен жинақтау, жалпылау нәтижесі емес, ақылдың терең құрылымынан, яғни дағдыдан тыс алдына ала (априорилік) дәлелдеусіз, туа қалыптасқан білімдік қордан туындайды. Кант танымды анықтайтын негізгі фактор субъектінің ерекшелігі екенін, ол дағдылы (эмпирикалы) және дағдыдан тыс (трансцендентальды) түрдегі екі деңгейде келетінін айтады. 1-ге адамның жеке тұлғалық психологиялық ерекшелігі, 2-деңгейге адамда бастапқыда, алдын ала қалыптасатын ерекшелігін жатқызады. 1-деңгей бойынша, дүниенің, оның жекелеген белгілерінің адамға әсер етуінен туындаған түрлі сезінулер уақыт пен кеңістік байланысында адамда алдын ала болатын аңдау, байқау әрекетімен санада реттеліп, затқұбылысты қабылдау дағдысын қалыптастырады. Қабылдау дағдысы таным үдерісінің бастапқы белгісі болғандықтан, жеке тұлғалық сипатта болады, ал оның жалпы адамзаттық түсініктегі ортақ сипатқа түсуі басқа танымдық қабілет арқылы, яғни әуелдегі ұғым-түсінік, ақыл-ес арқылы реттеліп, жүзеге асады. Танымның 2-деңгейіңде (трансцендентальды) ақылес байқау, пайымдау әрекетімен түрлі сезінушілік белгілерін (бөліктерін) қабылдау дағдысы арқылы ұғымға әкеп жинақтайды. Канттың пікірімен айтсақ, ақыл-ес әрекетін танымның 3деңгейі ақыл-ой (сана) басқарады. Ақыл-ой, сана таным жолында ақыл-естің бағытын көрсетіп, жоғары реттеуші қызмет атқарады. Сонымен, Канттың ілімі бойынша, ұғым жүйесі әрекеттік мазмұнды қабылдаудан жинақталады.
Жалпы танымдық ғылымның бастау көзі адамның ақыл-ой әрекетін зерттейтін төрт бағытқа:
1) дәстүрлі (формальды) логикаға;
2) тіл ғылымына; 3) нейрофизиологияға; 4)психологияға негізделеді.
Сөйтіп таным теориясы алдымен философияда туындады. Адам ойлауын, танымын зерттеген сайын зерттеу өлшемдері де туындай береді, танымдық ғылым да өрістейді.
Когнитивті лингвистиканың философиялық-эпистемологиялық негізі. Тіл ғылымындағы түрлі зерттеулік бағытттың болуы тілдің, сөздің, сөйлеудің дамуын көрсетеді. Соған орай тілді зерттеу қажеттілігі тереңдейді.Жаңа тілдік бағыттар тіл ғылымы туралы білімді де жетілдіреді. Бұл – білім туралы білімнің бір қыры. Білім туралы білімнің жинақталып, өз алдына жеке, бөлек ілім болып тұжырымдалуы эпистемология деп аталады. Нақты бір нәрсе, мәселе туралы білім ақпаратты жинақтаудан, ол туралы пікірден емес, соған қатысты берілген негіздемеден, нақтыланған тұжырымнан тұруы тиіс. Таным-білімге берілетін негіздеменің қаншалықты жеткіліктігін шешу – эпистемология үшін маңызды міндет.
Когнитивті лингвистика туралы негізделген білім қалыптасты, бұған оның зерттеу нысанын, әдіснамалық негізін, зерттеу әдістері мен құралдарын, ұғымдық бірліктерін, мақсат-міндетін, зерттеу бағытын танытқан арнайы ғылыми-теориялық негіздерін, тұжырымдарын жеткізетін нормалық жиынтық – дәлел. Алайда оның парадигмалық сипатын ашатын өлшемдер әлі нақты емес. Когнитивті лингвистикаға негіз болатын тіл білімі, тіл ғылымы туралы білім эпистемологияның гуманитарлық бағытындағы бір саласы ғана. Эпистемология білім, таным теориясы болып табылатындықтан, ол «нысан мен білім» арасындағы мәселені қарастырып, сол нысанға қатысты білім жинақтап, ілім (теория) шығарады. Мәселен, тіл ғылымы туралы ілім, білім жинағы тілді зерттеуден туындап, тұжырым шығып,тіл заңдылығы,тіл теориясы туралы ілім шоғыры қалыптасады. Бұл эпистемологияға жеке тармақ болып енеді. Эпистемология бойынша белгілі бір нәрсе, мәселе бойынша білім негіздемесі жалпы адамзатқа түсінікті, күманды ой тудырмайтын негізден (фундаменттен), адамзатқа ортақ нормалық түсініктен шығарылады. Білім негізі эксперимент, өмірлік тәжірибе мен жалпыадамзаттық ойлау тұтастығымен жасалады.
Когнитивті лингвистика туралы білім негізін беруде философиялық бірліктер (эксперимент,өмірлік дағды,адамзаттық ойлау) зерттеу көзі, зерттеу белгі- құралдары болып алынады.Эпистемологияда ғылым туралы білім негізін жасауда субъектілі таным да ескеріледі.Өмірді сезіну,әлемді жеке танудан ортақты шығару,эмпиризм нәтижесі субъектілік танымнан шығып, ортақ білімдік түсінік қалыптасады. Бұл эпистемиологияда субъектілік таным деп аталады. Когнитивті лингвистика да субъектілік танымдыназарда ұстап, ортақ танымды білуге жол ашады.
Эпистемологиялық қағида жағынан алғанда, когнитивті лингвистикада объективті білім мен субъектілі білімнен бөлек ғылыми білім жүйесі керек. Белгілі бір бағыт бойынша ғылыми білім негіздеменің болуы ғылыми бағыттың адамзатқа ортақ түсінігі туралы тұжырымдама береді. Бұл ғылымдық таным (ғылыми өзектілік) болады. Когнитивті лингвистика дәстүрлі эпистемологияның осы міндеттік қағидаларын (негіздеме, өмірлік тәжірибе, субъектілік пен ортақ таным, ғылыми таным) үнемі ұстана бермейді. Бұл – жалпы ғылымдардың да іштей ұстанатын зерттеу әдістеріне, қаралатын мәселелеріне, т.б. байланысты. Қазіргі ғылымда кез келген мәселе туралы білім қалыптастыру және ол туралы адамзатқа ортақ түсінікті негіздеп беру зерттеу нәтижесінің мәніне байланысты шешіледі. Мұндай көзқарас дәстүрлі эпистемологияға қайшы, бірақ аталған қағидаларды ұстанбай-ақ, білім-ғылым негізі туралы сипат беру дәстүрлі емес эпистемология түрін тудырды.Когнитивті парадигмада ақиқат пен мән мәселесі, таным мәні, таным түрлері (салауатты ой, дін, ғылым,өнер,т.б.), танымның тәжірибелік (эмпиризм) және теориялық сипаты, таным қағидалары, ғылыми танымның өлшемдік белгілері негізгі зерттеу көздері болса, когнитивті лингвистика оларды зерттеу құралы ретінде пайдаланады. Тілдік танымды зерттеуде бұлар теориялық негіздеме болады.
Когнитивті лингвистика танымның гносеологиялық сипатын (әлемді тануға болатыны, танымның шексіздігі, оны тануға уақыт пен таным құралдарның керектігі туралы ілім); агностицизмдік сипатын да (әлемді тану мүмкін еместігі, адам әлемді тануға тырыспайтыны, бар болғаны өзінің сезімдік қабылдауымен жасанды әлем жасауы туралы ілім); скептицтік сипатты (нақты өмірді тану қиындығы, тек ерекше құбылыстық әлемді тануға болатыны туралы ілім); жекелік, өзімшілдік (солипсизм) сипатты («мен ғана өмір сүремін, басқаның бәрі менің қиялымдағы нәрсе, өзімді ғана тануым керек» деген түсінік туралы ілім) тілдік танымды зерттеу көздері етіп алады.
Когнитивті лингвистиканың психологиялық, медициналық негізі. Тіл ғылымында психологиялық бағыт тілдің алғашқы даму кезеңін зерттеуден бастап негізге алынып келе жатыр. Бұл бағыт бойынша тіл адамзаттың, жеке ұлттың жан дүниелік қалпын, жалпы болмыстық іс-әрекетін ашып көрсететін ерекше дерексіз, бірақ теңдесі жоқ тетікті құбылыс деп тануға негіз береді. Тіл арқылы адам жан дүниесін, ділін білуді зерттейтін тіл ғылымының бұл бағыты психолингвистика болып белгіленеді. Психолингвистика адам болмысын айқындайтын басты тетікті – тілді – сөзжасам (сөйлеу тілі), сөйлеу үдерісін, жалпы тілжасамды қабылдау мен қалыптастыруды қарастыратыратын белгілі бір жүйе деп тұжырым береді. Сондықтан сананың танылуының ерекше құбылысы ретінде жалпы тілді, сөзді, сөз мағынасын шынайы психологиялық көрсеткіш ретінде жүйелі құрылымға жинақтап беру осы бағыттың басты зерттеу мәні болып табылады. Ал негізгі мақсаты сөйлеудегі тіл қызметін құрылымдық түрге енгізу (үлгіге түсіру) болып келеді.Когнитивті лингвистикада тіл қызметінің негізі неден туындайтындығын тану басты міндет болғандықтан, ол, алдымен, адам санасын, ми қабатының, құрылысын жүйесі туралы медициналық, психологиялық теорияларды назарға алып, зерттеулік тәжірибесін тірек етеді. Нейропсихологиядан сөйлеудің басты кілтін ашатын нейро талшықтар қызметі туралы жазылған тұжырымды пайдаланады,адамның сөйлеуді қалай жүзеге асыратыны, затқа атауды қалай қоятыны, сөзді қалай айтатыны, жалпы өмірдегі құбылысты қалай танитыны туралы ділді зерттеу мәселесі когнитивті лингвистикада психологиямен тығыз байланыста шешімін тауып отырады. Медициналық жақтан адам тәнінің саулығы, ойлау жүйесінің дұрыстығы адам танымының тереңдігін ашады.
Когнитивті лингвистиканың семиотикалық, семантикалық негізі. Эпистемология, оның ішінде гуманитарлы ғылым туралы эпистемология толық зерттеу арнасына түскен жоқ. Бұл – адамзат білімі, оның ішінде тіл ғылымы туралы ілім де зерттеуде кешеңдеп жатыр деген сөз. Әлемде түрлі ілімнің жинақталған әдіснамалық негізі де жоқ деуге болады. Кез келген ғылым адамзат үшін жүргізіледі, сондықтан тіл ғылымын да адам туралы ғылым деп танытуға болады, өйткені тіл (сөз, сөйлеу) тек адамға қатысты екені ақиқат. Бірақ тіл ғылымында адам басқа ғылымдағыдай нақты түрде емес, нысанға «дерексіз» тұлғада алынады. Адам тілі (сөзі) дыбысталғаннан кейін тілде, сөзде жинақталған ұғым-мазмұнның мәні қаралады,оны анықтау үшін дыбысталған тілді таңбаға түсіру қажеттілігі туындайды, бұл тілдік таңбалар жүйесін (семиотиканы) құрайды. XIX ғасырда ғалымдар Ф.Бопп, В.Гумбольдт тілде таңбалық сипат барын атап көрсеткен. Философтар Гобсс, Локк, Лейбниц тілдің таңбалар жүйесі екенін айтқан. Тілдің таңбалық сипатына зерттеу жүргізген ғалым – Ф.де Соссюр.Ой мазмұнды жеткізетін жалпы таңба жүйесін зерттейтін ілім семиотика болса, ішіндегі тілге қатыстысын лингвасемиотика қарастырады.Семиотикадағысөйлеуге қатысты таңба басқа таңбадан мазмұндық, қолданыстық жағынан ерекшеленеді. Сөйлеу таңбасы туралы Аристотель де анықтама берген: «Дыбыстап айтылған сөздер – ой символы, ал жазу – сөздің символы».Таңба екі түрлі: тілдік таңба, шартты таңба. Олардың ұқсастықтары мен айырмашылықтары бар. Тілдік таңбаның ең негізгі қасиеті – дыбыстардың көмегімен кез келген сөздік белгіні жеткізу. Тілдік таңбалар – фонема, морфема, сөз тіркесі, сөйлем.Тілдік таңбаның белгілері: 1)еріктілік, 2) шарттылық.Семиотика когнитивті лингвистикадатілдік таңбаның мазмұндалуын зерттейді. Ол сөйлеуді жарыққа шығаруға мүмкіндік беретін таңбалардың қалыптасуын, оны ойластырған адамзаттың танымын анықтайды, адамның өмір сүру барысында санада бейнеленген әлем-дүниенің тілдік таңбаға түсірілгенін, керіқалайжарыққа шыққанын,таңбадағы әлемдізерттеп,«танымға» негіз береді.
Семиотика тұжырымдары мен нысандары, зерттеу әдістері когнитивті лингвистика үшін зерттеу құралы бола алады. Семиотикның әлеуметтік семиотика, лингвасемиотика, этносемиотика, киносемиотикатүрі когнитивті лингвистиканың бағыты, тармағы, зерттеу әдісі, әдіснамалық негізі болады (биосемиотика,зоосемиотика,киберсемиотикадеген түрі де бар). Семиотиканың (семиология) зерттеу мәні де осыдан көрінеді. Когнитивті лингвистикада семиотика таңба арқылы адамзат танымын бойлауда маңызды қызмет атқарады. Оның когнитивті парадигмалық мәні таңба арқылы танымды білу, таным арқылы таңба мазмұнын ашу, таңбадағы ұғым мазмұнын, дерексіз әлем бейнесін деректеп көрсетуінен аңғарылады. Мысалы: қарым-қатынас барысында жеткізілген ақпаратхабарлама үшін қолданылған таңбалар (ым-ишара, сөз, бидегі дене қозғалысы, сурет, ондағы түрлі көрініс пен бейне, сызба, кесте, сан, әріп, т.б.) адамның дәуірлік дамуымен, танымының кеңеюімен пайда болған. Таңбаның түрлілігі адам танымының тәжірибелік дағдысына,өмір сүру амалына,ақыл-ойының кеңдігіне,ұтқырлығының өлшеміне, болмыстық жаратылысына, өмір сүру салтына, уақыт пен кеңістік өлшеміне, жан дүниесі мен мәдениетіне, т.б. өмірлік мазмұнкөрсеткіштеріне байланысты.Тілдік қатынасты жеткізетін таңбалар (нысандар) семиотиканың негізгі мәні болады. Тіл табиғи (ұлттық) тіл, жасанды тіл («адам – машина» жүйесі бойынша), мета тіл (табиғи мен жасанды тілді сипаттауға қолданылатын ғылыми тілдер) ретінде танылады. Семиотикалық зерттеуде бірінші табиғи тіл назарға алынады. Тіл ғылымының эпистемологиясын беруде табиғи тіл негізінде жүргізілген зерттеулер нәтижесіндегі ілімдер мен тұжырымдар қоры есептеледі. Табиғи тіл адамның табиғи жаратылысын ашуға көмектесіп,психикалық жүйемен байланысын көрсетеді,бұл танымның негізгі белгісін анықтауға итермелейді. Бірақ тілші ғалымдартілдің психикалық ерекшелікпен байланысын көпке дейін назарға алмады, когнитивті лингвистика нақтыланған соң, бұл сөз бола бастады.
Когнитивті лингвистиканың бір міндеті – тіл арқылы адамның танымдық жетістігін білу; жетістік нәтижесін адамның танымдық қызметін, әрекетін шешуге пайдалану. Сөйлеудегі,қарым-қатынастағы дыбыстық таңбалар мен жазба тілдік таңбалар – адамның тәжірибелік, жеке зерттеулік таным нәтижесінің көрсеткіші. Кей таңбаның қоғамдық ортақтығы, ұлт арасында белгіленуі бір болғанмен, айтуда ерекшелік болады. Мәселен, ондық, жүздік мәндегі сандық таңбалар еуразиялық кеңістіктегі адамдар тарапынан екі санмен айтылса(77-88-99), ағылшын кеңістіктігіндегі адамдар сандарды жекелеп оқып, айтады (7-7, 8-8, 9-9 – жеті-жеті, сегіз-сегіз, тоғыз-тоғыз, т.б). Бұл екі кеңістіктегі адам танымында күрделі сандардың айтылуындағы (оқылуындағы) жеңіл-күрделілік сипатынан болса керек. Қалай болғанда да, әр ұлттың күнделікті мәдени өмірлік тәжірибесінен туындаған мазмұнды таңбалық атаулар – ұлттың өткенінен хабар беретін таңбалық белгілер.
Кез келген таңбаның мағынасы (қызметі) – белгі беру.
Когнитивті лингвистика тілдік танымның таңбаға, сөзге,тілге түсіру қызметін белгілеу, тану, мағынасын ашу үшін семиотиканың ғылыми-теориялық өлшемдерін негізге алады. Семиотика таңба арқылы адам танымының таңбаға айналуын, таңбаның дәуірлік белгісін, уақыт пен кеңістік өлшемін, адам ақыл-ойының дамуын, әр қоғамдық құрылымдағы адам танымының мазмұнын ашуға көмектесіп, когнитивті лингвистикаға ғылыми-теориялық тұжырым жасатады.
Когнитивті лингвистикада мазмұн-мағына (семантика) – негізгі бірлік, ол танымнан тысқары жүрмейді. Семантикасыз таным жоқ, өйткені таным мазмұн-мағына өрісінен жинақталады, бұдан концепт шығады. Когнитивті лингвистика үшін мағына тек сөз мазмұнымен танылмайды.Мұнда семантика когнитивті семантика, прототипті семантика деп беріледі. Прототипті семантика болу себебі, нысанды (нәрсені, затты, құбылыс-әрекетті) көрген адам өзінің қабылдауы бойынша оның сөздік таңбамен ғана прототипін береді. Нысанға таңылған тілдік таңба – оның тілдегі,сөздегі көшірмесі ғана (прототипі). Сондықтан оған таңылған мазмұндық белгі мағына сияқты еркін емес.
Когнитивті семантикада мағына екі жақты қызмет атқарады:
1) адамзат білімімен жинақталған қоғамдық сананы құрушы бірлік ретінде; 2) сананың мазмұндалып таңбаға түсуі.
Бұдан соң ол сөз түрінде жарыққа шығып, мағынаның таңбалық құрылымының негізделуі белгілі болады. Таным арқылы танылған әрбір әрекет нәтижесі деректі, дерексіз түрде таңбаланады. Әрекет мазмұндық болмысты қалыптастыратындықтан, санада әуелі уақытша дерексіз, кейінірек деректі, бірақ мағыналы таңба бейнеленеді. Сондықтан әрбір әрекеттің өзі – мағыналы, (деректі/дерексіз) таңба. Кез келген таңбаның негізгі мақсаты – байланысты (синтактика), мағынаны (ойды, семантиканы), мақсатты (прагматика) жеткізу болып табылады. Бұдан оның үш түрлі қызметін көреміз: синтактикалық қызмет, семантикалық қызмет, прагматикалық қызмет. Сонымен когитивті лингвистика үшін семиотика, семасиология жеке бағыт ретінде оның жүйелі мәнін ашатын парадигмалық көрсеткіш, тармақ болып табылады. Семиотикалық-семантика танымды ашуда қызмет ететін тілдік бірліктердің (сөздердің) мазмұндық құрылымын, онда шоғырланған әлемдік бейнені, ұлттық дүниетанымды мәдени, философиялық, тарихи, логикалық белгілердің таңбалануын шешеді.
Когнитивті лингвистиканың этнолық, мәденитанымдық негізі. Тіл қызметінің шексіздігі таным тереңдігін білдіреді. Тілдің дамуы адамның өмір сүру әрекетінің мазмұндылығын, қолдану аясының мәнін жеткізеді; тіл – адамзат дамуының өмір сүру құралы. Тіл арқылы адамның бүкіл болмысы, жаратылысы, мәдениеті, өмір сүру салты, қоғамдық тіршілігі мен айналысатын кәсіп-мамандығы ашылады. Сондықтан тіл осы белгілердің бәрі шоғырланатын реалий де, лакуна да, стереотип те, концепт те, категория да, метафора да болып, адам танымының ділі, өзегі қызметін атқарады. Осы көрсеткіштермен тілдің этнолық негізін танимыз. Когнитивті лингвистика осы бірліктермен тілдің этномәдениетке, этнопсихологияға қатысын шешеді.
Оның этномен байланысы «ұлттық әлем бейнесін» белгілеуде, ұлттық қоғам санасын, ұлттық ойлау жүйесін, дүниетанымын айқындауда көрініп, аталған ұғымдар әдістік құрал болады. Белгілі бір өмір сүру кезеңінде, дәуірде ұлттың, халықтың ойлау жүйесі қандай болғаны, кейін қандай өзгеріске түскені, «ұлттық әлем бейнесінің» бұрынғы, қазіргі қалпы этнолық негізден қарала отырып, когнитивті лингвистикаға негіз теория болады. Тілдің этнолық негізін тілдік таным, тілдік бірлік арқылы көрсету этнолингвистикамен шешіледі; этнолингвистика этнопсихологиямен ұштасады.
Этнопсихологияда адамның (этнолық топтың) жан дүниесі мен этнолық тектік жаратылысы, стереотипі негізгі зерттеу көзі болса, этнолингвистика да осы зерттеу көзін пайдаланып, этнопсихика мен тіл байланысы арқылы тілжасам үдерісін, оның мазмұндалу жүйесін тілдік бірліктермен жеке ұлттық негізден түсіндіреді. Когнитивті лингвистика ұлттық әлем бейнесі мен жалпы адамзаттың дүниені тану бейнесінің тілде шоғырлануын, негізінен, этнолингвистика, психолингвистика, когнитивті психология көмегімен түсіндіреді. Адамның мәдени, дәстүрлі тұрмыс-тіршілігі белгілі бір кезеңдегі мәдениет пен қоғамға тәуелді болса да, оның сөйлеуінде, тілінде, танымында, жүріс-тұрысында этнолық негіз сақталады. Алайда оның танылуы алдымен ана тілінде сөйлеуі, туған тілінде ойлауы болғанда ғана көрініс береді. Ұлт мәдениеті, оның ішінде рухани және материалдық мәдениет ұлт, халық тілінде, сөз қорынан (оның ішінде мақал-мәтел, жұмбақ-жаңылтпаш, шешендік сөздер мазмұны) сөз құрылымнан, сөйлеу белгісінен танылады. Тіпті әдеби тіл нормасының берілуі мен сөйлеу мәдениеті, синтаксиситік құрылым ерекшелігі, сөз әдебі, сәлемдесу мен қоштасу мәнері, жалпы сөз қолданысы ұлттық ерекшелікті аша алады.
Әрбір ұлт тілі – қоғамның мәдени, әлеуметтік құрылымының көрсеткіші. Тілдегі (сөзде) ұлт мәдениеті – халықтың өмірлік тұрмысының, даналығының, көзқарасының, өмірлік салтының сөздік қор(сөз тіркесі,идиома,фраза,мақал-мәтел,жұмбақ, жаңылтпаш) арқылы жеткізілуі. Яғни логоэпистема арқылы ұлттың білім-танымы көрінеді (логоэпистема – тілдік бірліктермен жеткізілетін білім жүйесі). Когнитивті лингвистика сол үшін, алдымен, ұлт тілін (этнотілді) этнолингвистика шарттарымен қарастырып, ұлт танымын, тілдегі өмір бояуын, тіршілік белгісін, дәстүр-мәдениетін тілдік көрсеткіштердегі мағынамен түсіндіріп, жеке ұлт болмысын адамзат танымымен салыстырып, тілдік жаратылысты, оның үлгі түрін жасайды. Тіл әлем мен мәдениетті бейнелеп, белгілі бір сөйлеушіні тұлға ретінде қалыптастырады. Адам тілді меңгеру арқылы қоғам, мәдениет, құндылық, өмірлік ісәрекетті, т.б. игереді. Сөздің пайда болуы қоршаған ортаға, ұстанатын мәдениетке, этнолық тұрмысқа байланысты. Сондықтан когнитивті лингвистикадағы этнолық дерек этнолингвистикамен шешіледі, этнолингвистиканың теориясы когнитивті лингвистикалық зерттеуде өзек болады. Екі бағыттың тоғысы тілдік мәденитанымды
(лингвомәдениеттануды) да ашады. Орыс ғалымы В.А.Маслова: “Лингвокультурология – это наука, возникшая на стыке лингвистики и культурологии исследующая проявления культуры народа, которые отразились и закрепились в языке” [4, 8] – деп түсіндіреді.
Ғалымның айтып отырғаны тілде шоғырланған («закрепились в языке») ұлт, халық мәдниетін когнитивті лингвистика сөз, атау, ұғым, реалий, метафора, концепт, фрейм, гештальт деген әдістік терминімен қарастырып, тіл арқылы танымды, ұлт болмысын,с мәдениетін, өмірлік бағытын көрсетіп береді. Лингвамәдениеттану ұлттың, халықтың әлеуметтік, әдеп, эстетикалық, саяси, адамгершілік, рухани, тұрмыстық қағидазаңдылықтарын тілмен жеткізілуін зерттейтін болғандықтан, когнитивті лингвистика соның негізінде ұлттық қағида-заңдылықтардың таныммен туындаған көрінісін белгілеу жолдарын түсіндіреді. Когнитивті лингвистика лингвамәдениттануда ғылыми бағыт болып алынса, лингвамәдениетану когнитивті лингвистикаға теориялық қор болады.


ҚОРЫТЫНДЫ
Когнитивті лингвистика когнитивті парадигманың бір көрсеткіші, бөлігі болып, өзі де жеке парадигма құрай алады. Бірақ когнитивті лингвистиканың негізі өзіне дейінгі ғылыми зерттеулерден шыққандықтан, оның ғылыми парадигмасы басқа ғылымдар тоғысында ашылады.Ол жеке дара туған жоқ, негізі барлық ғылым теориясынан жасалды.

Әдебиеттер:
Болдырев Н.Н. Когнитивная семантика. Уч.пособие. 4-изд. Москва-Берлин: «ДиректМедиа». 2016. – 163 с.
Гейвин Х.Когнитивная психология. СПб.: Питер. 2003.- 272 с.
Гумбольдт В. Фон Избранные труды по языказнанию. М., 1984.
Маслова. В.А. Лингвокультурология. -М., 2001. – 512 с.
Попова З.Д.,Стернин И.А. Семантико-когнитивный анализ языка. Монография. Воронеж: «Истоки», 2007. – 250 с.












Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *