О.А. Жумагулова1, И.С. Каирбекова2, Л.К. Мусин3
ф.ғ.к., доцент1, г.ғ.м., аға оқытушы2, г.ғ.м., аға оқытушы3, Ш.Уәлиханов атындағы
Кокшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қаласы, Қазақстан Республикасы
ФУНКЦИОНАЛДЫҚ САУАТТЫЛЫҚТЫ ҚАЛЫПТАСТЫРУДАҒЫ НЕГІЗГІ
ТАНЫМДЫҚ БІРЛІК – КОНЦЕПТ
Бұл мақалада концепт ұғымы және оның тіл білімінде зерттелуі қарастырылады. Концепт – лингвистикалық категория. Ол когнитивтік тіл білімінің негізгі категориясы ретінде танылуымен қатар, мағына мен ұғым, лингвомәдени бірлік терминдерімен ауыстыра қолдану жағдайы кездесе бастады. Зерттеушілер ең алдымен осы ұғымдардың ара-жігін ажыратып көрсеткенді жөн көреді. Концепт ұғымы қазіргі тіл білімінде ХХ ғасырдың орта кезеңінен бастап белсенді зерттеле бастады. Концепт – идея, оның ішінде абстракты, нағыз-ассоциативті және эмоционалды-бағалы белгілер болып табылады. Бұл мақалада сондай-ақ қазақ халқындағы түр-түс атауларының ерекшеліктері және ондағы символикалық белгілері жайында айтылады.
Түйін сөздер: концепт, лингвистика, зерттелу, когнитивтік сипат, концептуалды негіздер, антропологиялық белгілер.
КІРІСПЕ
Мақала – ғылыми және ғылыми-техникалық жоба бойынша гранттық қаржыландыру байқауында «ХХІ ғасырдағы білім берудің мәселелерін іргелі және қолданбалы зерттеулері» мамандандырылған ғылыми бағыттың, «Мәңгілік ел» ғылыми негіздері (ХХІ ғасырдағы білім беру гуманитарлық ғылым саласындағы іргелі және қолданбалы зерттеулер)» ғылымды дамытудың басым бағытты бойынша жеңіп алынған «Жаңа білім мазмұнына сай когнитивті-компенсаторлық (бейімдеушілік) стратегиялар негізінде функционалдық сауаттылықты қалыптастырудың методологиясы» (жеке тіркеу нөмірі АР05135711) тақырыбындағы ғылыми жоба аясындағы ізденістердің көрінісі.
Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім саласының жан-жақты қарастырылуы отандық білім беру жүйесінің мамандарына оқыту мәселесіне жаңа мазмұндық сипатта келуді талап етеді [1].
Бүгінгі таңда барлық ғылым салаларында терең өзгерістер мен жаңаша ғылыми көзқарастар қалыптасуда. Ол ең алдымен жалпы ғылым тарихында ХХ ғасырдың орта кезеңінен орын ала бастаған антропоөзекті методологияға байланысты. Аталған методологиялық ұстаным жалпы және жеке лингвистикалық зерттеулерге де негіз болды.
НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазіргі таңда тіл білімінің антропоөзекті парадигмасы тіл және адам бағытында психолингвистикалық, когнитивтік, әлеуметтік лингвистикалық ізденістерге аялық білім шеңберінде, тіл және мәдениет бағыты этнолингвистикалық, лингвоелтану, лингвомәдениеттану зерттеулерінде кумулятивтік қызмет түрінде көрініс тапқан.
Жаңа мазмұнда білім берудің негізгі мақсаты – ұлттық рухани құндылықтарымызды когнитивті-компенсаторлық стратегиялар негізінде таныта отырып, жеке тұлғаның жанжақты дамуын, функционалдық сауаттылығын қалыптастыру. Ал функционалды сауаттылық когнитивтік лингвистиканың негізгі категориясы концепт мәселесімен тығыз байланысты. Концепт ұғымы қазіргі қазақ тіл ғылымында көбірек зерттеліп, тіпті лингвистика саласында жаңаша мазмұнға ие болып, когнитивті тіл білімінің негізгі категорияларының біріне айналды. Екіншіден, «концепт» ұғымы бүгінгі таңдағы жаңа аталымдар қатарында тұрса да, ол туралы алғашқы пікірлер мен көзқарастар В.фон Гумбольдттің еңбектеріне бастау алады. Концептің антропологиялық лингвистикаға қатысы жөнінде В.фон Гумбольдтің «салыстырмалы антропология» жайындағы пікірлері салыстырмалы антропология бойынша әртүрлі ұлт өкілдерінің рухани тұтастығы мен ерекшеліктерін қатар ескере отырып, салыстыра зерттеу деген болатын [2,85]. Үшіншіден, әлемдік лингвистикада, яғни шетел ғалымдары мен орыс тілші-ғалымдарының зерттеулерінде когнитивтік талдаудың негізгі әдіс-тәсілдері, қазіргі бағыттары, жалпы алғанда, концепт дегеніміз не, оны қалай танып білуге болады деген жалпы бағыттар мен көзқарастар Н.Хомский, А.Вежбицкая, Н.Артюнова, ДЖ.Лакофф, Г.Филлмор, Ю.Апресян, В.Маслова, Ю.Караулов сынды ғалымдардың еңбектерінде аталған. Орыс тіл білімінде концепт жөнінде алғаш рет ғылыми пікір білдірген ғалым С.А.Аскольдов, бұл бағытта зерттеу жүргізген көптеген кейінгі буынның ізденушілері тілшінің ғылыми көзқарастарын басшылыққа алады. Ғалым С.Р.Воркачев: «концепт — бұл мәдени белгіленген вербальдық мағына, сөйлеушілердің өзіне тән тілдік қолданыстарын айту үшін жеке концептіні тілдік тұрғыдан түсіну үшін, соған сәйкес лексика-семантикалық парадигма жасалады», — деп көрсетсе [3,47], академик Д.С.Лихачев: «концепт қатарына кіретін лексемалардың (өмір, махаббат, ес, бақыт, іс-әрекет т.б) мағынасы ұлттық тілдік сана мен ұжым тілінің «қарапайым әлем бейнесін» жасайды. Бұндай концепттердің жиынтығынан тілде концептілік қабат құралады» — деп тұжырым жасайды [4,3]. Ал, А.В.Маслова концептінің бірнеше анықтамасын төмендегіше келтіреді: «… концепт — біздің санамызды ментальдік немесе психикалық ресурстарының бірліктерін және адамның білімі мен тәжірибесін бейнелейтін ақпаратты құрылымды түсіндіру қызметін атқаратын термин; концепт — сақтаудың, ментальдік лексиконның, концептуальдық жүйе мен тілдің, ақыл-ойдың, адам жүйкесінде бейнеленген дүниенің бүкіл бейнесінің мазмұндық бірлігі; концепт — өзінің іске асырылатын бүтін бір тілдік тобымен берілетін, тиісті лексика-семантикалық парадигма жасайтын, мәдениеттің таңбаланған вербалді мағынасы, сондай-ақ тіл арқылы айтылатын этномәдени ерекшелікте таңбаланған ұжымдық білім бірлігі» [5, 35].
Төртіншіден, қазақ тіл білімінде когнитивтік лингвистика, таным жайында өзіндік көзқарас қалыптастырып, тұшымды пікір білдірген зерттеушілер қатарында А.Байтұрсынов, Қ.Жұбанов, Ә.Қайдар, Е.Жанпейісов, М.Копыленко, Э.Сүлейменова, Ж.Манкеева А.Ислам, Қ.Жаманбаева сынды ғалымдар танылып, этнолингвистика шеңберіндегі концептілер туралы зерттеулер жүргізгендігі ғылыми жұмыстарынан анықталады. Қазіргі кезеңде когнитивтік лингвистиканы әр қырынан зерттеп, ұлттық танымның тілдік болмысын жан-жағынан зерделеп жүрген ғалымдар қатарында М.Күштаева, С.Жапақов, Г.Снасапова, Ш.Елемесова, Н.Аитова, А.Сыбанбаева,
Ж.Жампейісова, А.Смайлов, Э.Н.Оразалиева, А.С.Адилова, А.Әмірбекова, Б.Ақбердиева, Г.Т.Әбікенова, Б.И.Нұрдаулетова, Б.Тілеубердиев, Р.С.Амренова сынды зерттеушілерді атауға болады.
Қандай да халықтың дүниетанымында, болмысты ұлттық тілдік тануда концептінің болмауы мүмкін емес, бұл – барлық халықтарға тән фактор. Халықтар тіліндегі концепт тек әлемнің тілдік бейнесін танып, қабылдауда сандық және мазмұндық жағынан ерекшеленуі мүмкін. Бұны сипаттау үшін сол халықтың философиялық ой-толғамын, тарихын, психологиясын, менталитетін жетік білу қажет болады, содан кейін ғана осы аталғандардың тілде қалайша берілгендігін қарастыру туындайды. Қазір осы мәселеге, атап айтқанда, концепт түсінігін талдауға қазақ тіл ғылымында көп мән беріліп келеді. Бұл бағытта бірқатар ғылыми зерттеулер жүргізіліп, диссертациялар қорғалуда. Жарық көрген еңбектердегі концеп туралы мәселелерді екі топқа бөліп қарастыруға болады: 1. Қазақ тіліндегі концептілік ұғымдарға талдау жасау. 2. Концептіні салыстырмалы тіл білімі аясында қарастыру.
Соңғы ширек ғасырда қазақ тіліндегі концептілік ұғымдарға талдау жасалған бірқатар еңбектер жарық көрген. Мәселен, зерттеуші Ж.Саткенованың «Кейіпкер тілінің когнитивтік аспектісі» атты еңбегінде нақты бір көркем шығармаға концептуалдық талдау жасалып, жазушы шығармасындағы бала танымын бейнелейтін концептілердің семантикалық өрісі анықталған. Жұмыста арман, қиял, талант шабыт,тәртіптілік, тәртіпсіздік, қулық, өмір, тағдыр, дүние, тоқшылық, той,соғыс, аштық, қуаныш, өкініш, сезім, қызғаныш, ұят, қорқыныш, үрейлену, қобалжу, сезіктену, ашулану сияқты 24 сөз концепт ретінде талданған [6, 12]. Ізденуші өзінің концептуалдық талдауында ғалым В.А.Маслованың жеке тұлғалық концептілер; адамдардың жас ерекшеліктеріне байланысты концептілер; жалпыұлттық концептілер жіктемесін басшылыққа алады. Тілші концептілер бала танымында, жас ерекшеліктеріне қарай қалыптасады дей келе, жеке тұлғалық концептілер белгілі бір тұлғаның немесе автордың жеке қолтаңбасына тән тірек мағыналар екендігін, ал адамдардың жас ерекшеліктеріне тән концептілер тобы сол адам санасының жасына қарай дамуын, сол арқылы әлемді, қоршаған ортаны қабылдауын көрсететінін анықтайды..Ғалым зерттеу жұмысындағы талдау негізінде түсіндіру, концептуалдық мазмұнын айқындау, олардың тілдегі қызметін саралау сияқты жұмыс түрлеріне тоқталады. Тілтанушы Ж.Жампейісова аталған мәселе философия ғылымының аясында қарама-қарсылық ұғымдардың бір-бірінен ажырамас бірлікте болатындығы тұрғысынан қарайды. Зерттеу жұмысында ақ-қара қарама-қарсылықтары концептілер деп алынып, осы жұп «адам, қоғам, табиғат, уақыт және кеңістік» концептілерімен байланыста қарастырылған. Автор жұмыс барысында «ақ – қара» деген қолданысты тілдік бірліктер деп таниды. Тілші еңбегінде «ақ – қара» тілдік бірліктерінің қазақ халқының ұлттық дүниетанымдық жүйесінде алатын орны ерекше екендігі аталып өтіледі. Олардың символдық жүйесі халқымыздың дәстүрлі ұлттық дүниетанымының негізгі танымдық кодтарының бірі болып табылатындығы нақты деректер негізінде дәлелденеді [7, 22].
Салыстырмалы тіл білімі аясында концептілерді қарастырған маңызды еңбектердің бірі – Ш.Жарқынбекованың «Языковая концептуализация цвета в казахском и русском языках» атты еңбегі [8]. Бұл жұмысты да тіл білімінің когнитивистикалық ғылым саласына елеулі үлесін қосып отырған құнды зерттеудің бірі деп атауға болады. Себебі, әлемдік тіл ғылымы саласында зерттеу жүргізген ғалымдардың басым бөлігі концептілердің табиғатын танудың басты жолдарының бірі ретінде бірнеше тілдердің материалдарын салғастыра салыстыруды ерекше атап көрсетеді. Ал бұл ғылыми әрекет қазақ когнитологиясында Ш.Жарқынбекованың зерттеуінен көрініс табады. Ғалымның пайымдауынша түрлі мәдениеттердің концептік құрылымын салғастыра талдау бүгіннің өзінде адам санасының дамуындағы ұлттық ерекшеліктерін, яғни белгілі бір халықтың тілдік деңгейде көрініс тапқан ойлау қызметінің ерекшеліктері мен ұқсастықтарын, ментальді әлем мен ұлттық сипатын байқауға мүмкіндік береді. Бұған соңғы кездерде жарық көрген лингвистикалық зерттеулер айғақ болмақ: өмір, уақыт, кеңістіктің «батыс» және «шығыс» концептілері сипатталып, жалпыорыс ұлтының ұғымындағы кеңшілік, ерік, тағдыр, жер, су, нан концептілері талдануы, түрлі тілдердің концептік құрылымын салғастырмалы аспектіде зерделеудің гуманитарлық білім үшін теориялық-қолданбалы мәнділігімен және үлкен ғылыми әлеуетімен анықталатындығы өзекті болмақ [8]. Ғалым екі тілдегі түс атауларының концептуалдануы мен вербалдануын салғастырады. Автор қазақ және орыс мәдениетіндегі түс семиотикалық феномен болып табылатындығын, түс атауларының айқын көзге түсетін коннотациялық белгілері бар екендігін,. екі халықтың мәдениетіндегі түр-түс атаулары сол халықтың әлемнің тілдік бейнесін жасауда маңызды рөл атқаратындығын және бұл атаулар халықтың тілдік санасында толық орнығып, түс концептілерін құрайтындығын, түс концептілері халық санасында этникалық, мәдени, тарихи, күрделі менталдық құрылым ретінде орныққанын ерекше атап өтеді. Тілші-ғалым түс атауларын салғастырмалы тұрғыда талдап, әрбір халықтың тұрмыс-тіршілігіне сәйкес түс атауларының концептосфера құрауы бірдей бола бермейтіндігін ескертеді. Ғалым зерттеу жұмысында: «Для полного семантического осмысления цветоконцепта «көк» следует указать и на связь с такими понятиями как жизнь, обновление, счастье, смерть, время и высота, которые восходя к представлению о небе как о божественном начале, непосредственно поддерживаются и общей смысловой направленностью целого ряда этимологически связанных с нею лексем: например, көктеу – восход, көктем – весна, көк тіреу – высокий, көкке шақыру — парить высоко»,- деген сияқты талдаулар береді [8,42]. Автор «көк» концептісі қазақ халқының лингвомәдениетінде табиғатпен тығыз байланыста болып, адамның ішкі жан-дүниесін, оның әлеуметтік қызметін бейнелейтіндігін дәлелдесе, ал орыс халқының тілдік санасында «көк» концептісінің мәндік мазмұнының вербалдық репрезентациясы шектеулі фразеологиялық байлаулы мағына санымен анықталады деген тұжырымға келеді. Яғни қазақ тілінде «көк» сөзі жеке лексема түрінде жұмсалып та концептілік сипатта болатындығы, оның айналасында жасалған халықтың ұлттық саналық ойлауын жеткізетін тіркестер де мол екендігі анықталса, ал орыс тілінде бұл түс атауы бір топ фразалық тіркестерге ғана меншектелетіндігін ғылыми тұрғыдан дәлелдейді. Түс атауларының аудармада берілуіне алғаш назар аударған ғалым А.Алдашева түс атаулары лингвомәдени ерекшеліктерді айқын көрсететін топ деп санайды. Автор халықтардың ұлттық-этникалық айырмашылықтарының басты концептісі, антропологиялық негізі – адам дей отырып, «көз» ұғымына қатысты лексемалардың орыс тілінен қазақ тіліне аударылуын талдайды. «Екі тілді номинациялау әлеуетін қатар қойғанда, – деп жазады А.Алдашева, – түс атауларын білдіретін тілдік единицалардың нақпа-нақ баламалары қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамынан оңай табылады. Антропологиялық белгілерді көрсетуде көккөз, қоңыркөз, қаракөз номинациялары қолданылады; қазақ тілінің құрылымы үшін алайда ашықкөз, жасылкөз, сұркөз деген синтагмалық қатарларды түзу тән емес. Мысалы, көк сөзі заттың түр-түсін білдіру жағынан ұлттық ойлау стереотипіне тән белгілері бар лексема. Түркі тілдерінің бірқатарында, оның ішінде қазақ тілінде де айнала қоршаған ортадағы сан алуан обьектінің түсі, бояу көк сөзі арқылы беріледі: көк аспан, көк мұнар, көкжиек, көгал, көк тұман, көк шөп, көк шай, көкөніс, көк алма, көк базар, жер көгерді, көк шықты. Бірақ бұларды аударуда фондық ақпаратқа көңіл бөлуге тура келеді» [9, 145]. Бұның себептерін анықтауда іргелі зерттеуші В.фон Гумбольдттың еңбектеріне сүйенуге болады. Ғалым тілге материалдық және рухани мәдениет әсер ететіндігін, кез-келген мәдениетте ұлттық нышан орын алатындығын, бұл тіл жүйесінен айқын аңғарылатындығын, тіл – адам мен қоршаған ортаны жалғастырушы дәнекер, тілде сол халықтың рухы мен мәдениетінің белгісі – сөздің ішкі формасында жататындығын санамалап көрсеткен [2,32]. «Концепт» ұғымы, оның қамтитын аумағы жайында қазақ тіл білімінде қазір талданып жүр, бұл зерттеулер концепт – ұғым — семантика дегендерді кейде бір ұғым – түсінік деп таниды, кейде олардың арасында айырмашылықтар бар екендігін айтылады (Ж.Манкеева, Ж.Жампейсова, А.Смайлов, Н.Уәлиев); — бір қатар жұмыстарда көркем шығарманың сюжетіне негіз болған сөздер концепт деп аталынады (мыс., Ж.Саткенова басты кейіпкердің образын сомдайтын 24 сөздің барлығында «концепт» деп анықтайды); — «концепт» ұғымының нақты анықтамасы ұсынылады, мысалы: «концепт – адам санасында қалыптасатын, сөйтіп, сол адамның этникалық ортасы болып табылатын ортаның барлық мүшелері үшін белгілі бір түсінік, ұғым болып орнығатын идеалдық мән. Вербалды құралдар арқылы жеткізілгенде концепт кодталған мәтін түзеді деп санауға болады; ол – нақты бір этникалық орта мүшелерінің стандартталған мінез-құлқы; белгілі бір құбылыс туралы пайымдап, қабылдауларының ортақ болуы» [10,14]. Концепт – когнитивті лингвистиканың негізгі түсініктерінің бірі. Орыс тіл білімінде В.Маслова, В.Воробьев, Н.Арутюнова, А.Бабушкин, Н.Болдырев, Г.Берестенев, Г.Волохин, Е.Кубрякова, З.Телия, Ю.Степанов, И.Стернин осы бағыттың басты тұжырымдарын жасады. Олар өз еңбектерінде когнитивті лингвистиканың (когнитивизмнің) адамның (сонымен қатар осы адам өкілі болып саналатын ұлттың) қоршаған ортаны қалай қабылдап, оны менталды түрде өз ұлтына тән қалай репрезентациялайтынын (яғни өзінің ішкі жан-дүниесінде қандай түсінік туады, қандай үлгі, символ жасайды, коммуникативті актіге түскен кезде қандай стереотиптермен, модельдермен жеткізеді) зерттейтін сала екендігін дәлелдейді.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорытындылай келгенде, ұлттық дүниетаным тілдің терең құрылымдарынан, оның бай сөздік қорынан, көпқабатты, көп қатпарлы лексикасынан көрініс табуы заңды құбылыс. Олай болса, тілді тек тілдік тұрғыдан ғана зерттемей, оны таным тұрғысынан да зерделеу, талдау, когнитивтік лингвистика шеңберінде қарастыру бүгінгі қазақ тіл білімінің жаңа бағыттарының бірі болып табылады. Ал жаңа бағыттың зерттеу нәтижелерін отандық білім беру деңгейлерінде жаңа білім беру мазмұнына сай оқу үдерісіне, өскелең ұрпақтың функционалдық сауаттылығын қалыптастыруда педагогикалық әдіс-әрекет ретінде қарастырған, оқу бағдарламаларының мазмұнында көрініс тапқан теориялық материалдар мен практикалық тапсырмалар жүйесінде ұлттық концептілер жүйесін сауатты қолдансақ ұтарымыз мол болмақ.
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТ
1. Назарбаев Н.Ә. Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту — Қазақстан дамуының басты бағыты// «Ана тілі» газеті, №5.2012.-7-8 бб.
2. Гумбольдт В.Избранные труды по языкознанию.–М.: Прогресс,1984.–396с.
3. Воркачев С.Р. Концепт счастья понятийный и образный компоненты // Известия
А.Н. Серия литературы и языка. Том 60/6 ноябрь, 2001.-79с
4. Д.С.Лихачев Концептосфера руского языка //Известия А.Н. Серия литературы и языка, том 52. № 1, 1993. 79с
5. Маслова В.А. Лингвокультурология. М.,2001г
6. Саткенова Ж.Кейіпкер тілінің когнитивтік аспектісі (Б.Соқпақбаев шығармалары бойынша). – канд.дисс.авторефераты.–Алматы, 2005.–24б.
7. Жампейісова Ж. «Ақ-Қара» концепті: оппозициясы мен қызметі.- автореферат канд.дисс.–Алматы, 2007.–24б.
8. Жарқынбекова Ш.К. Языковая концептуализация цвета в казахском и русском языках:Автореферат.дисс..д-а филол.наук –Алматы,2004.
9.АлдашеваА. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер.– Алматы:Арыс,1998.–248б.
10. Алдашева А. Мәдениетаралық коммуникация және аударма мәселелері.// Жинақ: «Тіл және Жаһандану: бүгіні мен болашағы» атты халықаралық ғылыми теориялық конференция материалдары.–Алматы:Арыс,2008.–13-16б.
О.А. Жумагулова, И.С. Каирбекова, Л.К. Мусин
Концепт – основная когнитивная единица в формировании функциональной граммотности
Кокшетауский государственный университет им. Ш. Уалиханова г. Кокшетау, Республика Казахстан
В этой статье дается определение понятию концепт, его роль в лингвистических работах казахских ученых, а также проделан анализ различных концепций. Концепт – лингвистическая категория. И поэтому или могут быть, а могут и не быть, лингвистические термины. Концепт, как часть когнитивных знаний, схож с терминами в их смысле и понятии, что обусловливается лингвoкультурным единством терминов. И поэтому, многие исследователи предпочитают устранить различия между этими понятиями. Понятие «Концепт» в современной лингвистике начал бурное развитие в XX веке. Самые важные концепты отражены в языке. Концепт – идея, включающая абстрактные, конкретно-ассоциативные и эмоционально-оценочные признаки.
O.A.Zhumagulova, I.S.Kairbekova, L.K.Musin
Concept is the main cognitive unit in functional literacy
Kokshetau State University named after Sh. Ualikhanov
Kokshetau, Kazakhstan Republic
This article considers the concept and its study in linguistics. Concept is a linguistic category. Along with being recognized as the main category of cognitive linguistic knowledge, it is possible to replace the meaning and concept with terms of linguistic and cultural one. Researchers prefer to distinguish between these concepts. The notion of concept has been active in modern linguistics since the twentieth century. The most important are in the language. Concept is an idea including abstract, real-associative and emotional-valued features. This article also speaks about the peculiarities and symbolic features of the color names of the Kazakh people.