БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ БИБЛИОГРАФИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ӘДІСТЕРІ

Н.Ғ. Аниева
г.ғ.м., аға оқытушы, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау қ., Қазақстан Республикасы, anieva78@mail.ru

БІЛІМ АЛУШЫЛАРДЫҢ БИБЛИОГРАФИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТІН ҚАЛЫПТАСТЫРУ ӘДІСТЕРІ

Мақалада білім алушылардың библиографиялық мәдениетін қалыптастыру әдістері туралы баяндалған. Ақпарат ағымынан қажетті ресурстарды дұрыс іздей білу, керекті басылым мен тізімге сұранысты библиографиялық сауатты рәсімдей білу библиографиялық сауаттылықты, мәдениеттілікті талап етеді.Кітапханалық-ақпараттық мекемелердің білікті қызметкерлері библиографиялық іздеу әдістері жөнінде білім алушыларға кәсіби кеңес беріп, түрлі жұмыстар жүргізеді.Білім алушылардың библиографиялық мәдениетін қалыптастыру барысында оқу үдерісі кезінде алған білімдерін бекіту, тереңдету және кеңейту үдерістері жүзеге асады.Оларда ғылыми әдебиеттермен, анықтамалықтармен өздігінен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, негізгі кәсіби іскерліктермен қаруландыру, шығармашылық және ойлау қабілеттерін дамыту.
Түйін сөздер: ақпарат, библиографиялық мәдениет, білім алушы, кітапхана, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, анықтамалық-библографиялық аппарат, мәліметтер қоры

КІРІСПЕ
Тәуелсіз Қазақстанның жаһандану дәуіріндегі рухани кеңістігінің жаңа бастауыболып табылатын»Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы маңызды тарихи құжат. Біртұтас ұлт болу үшін көзделген қадамдар арқылы ұлтымыздың рухани тамырынан нәр алып, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, еліміздің игілігіне жарату нәтижесінде бәсекеге қабілетті, патриоттық рухты сіңірген, саналы ұрпақ тәрбиелеудің бірден-бір жолы екеніне көзіміз жетті.Осы мақаладағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағытының нәтижесіндегуманитарлық білімнің барлық салалары бойынша әлемдегі ең үздік жүз кітаптың он жетісі қазақ тіліне аударылып, еліміздегі жоғары оқу орындарының оқу бағдарламаларына енгізілді. Сонымен қатар латын әліпбиіне көшу туралы үдерістер жүзеге аса бастады. Бұл дәуірде жаңа экономика, жаңа саясат, жаңа қоғам пайда болды. Жаңа қоғамда еңбек түрі өзгеріп, өндірістің барлық саласында ой еңбегі күш жұмсалатын еңбек түрін ығыстырып шығарды. Жаңа қоғам – адамзат білімін өндірістің барлық саласында қолдануға негізделген ой еңбегінің қоғамы. Жаңа қоғам білім алудың жаңа — озық түрін талап етеді. Сондықтан қоғамның барлық мүшелерінің үнемі жаңа ақпарат ағымына бату, білімді жаңарту, біліктілікті жетілдіру, жаңа қызмет түрлерін меңгеру қажеттілігінің өсуі артады. Болашақтағы маманның біліктілік деңгейі тек оқу орнында алған біліміне ғана емес, сонымен қатар ақпарат ағымында өз бетінше жұмыс істей білуіне тікелей байланысты.Ақпараттық мәдениет білім алушылардың өзін-өзі ақпаратпен қамтамасыз ету аймағында білім мен іскерліктің тұтас жүйесін қалыптастыруға, өз бетінше ақпаратты табуға және үйретуге бағытталған. Берілген ақпарат ағымынан қажетті ресурстарды дұрыс іздей білу, керекті басылым мен тізімге сұранысты библиографиялық сауатты рәсімдей білу библиографиялық сауаттылықты, мәдениеттілікті талап етеді [1, 4].

НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Қазіргі таңда адамдардың әртүрлі талаптарын қанағаттандыру, рухани байлығы мен қабілетін дамыту және эстетикалық талғамын қалыптастыру міндеттерін іске асыруда кітапханалардың алатын орны ерекше екені баршамызға мәлім болып отыр. Кітапхана мәдениет саласы ретінде ақпараттық білім беру және мәдени-ағарту қызметінің негізі болып табылады. Сондықтан кез- келген тұтынушы библиографиялық мәдениетті болуы міндетті.
Библиографиялық мәдениет – адамдар меңгерген кітапханалық-библиографиялық білімнің жиынтығы және оларды меңгере білу.Қазіргі қоғамда ақпараттар ағымының көлемі толассыз ұлғаюда. Өзіне қажетті ақпараттық ресурстарды толық және тиімді пайдалану үшін кітапханалық-библиографиялық және ақпараттық мәдениетті кез келген қоғам мүшесі білуі тиіс.Кез-келген кітапхананың негізгі міндеті – ақпараттық ресурстарды қолжетімді ету. Кітапханалық-ақпараттық мекемелер ретінде кітапханалар ақпараттық ресурстарды әртүрлі бастапқы және екінші деңгейдегі құжаттар түрінде сақтап оқырмандарына ұсынады. Ақпаратты құжаттар қорынан оңай әрі жылдам табу үшін анықтамалық-ізденіс аппараты құрылады. Оған каталогтар мен картотекалар және библиографиялық құралдар жатады. Каталогтар мен картотекалар бірқилы ақпараттық-ізденістік жүйе ретінде қарастырылады. Бұл жүйе ақпаратты сақтауға және іздеуге арналған және ақпараттық-іздеу массивтерінің, ақпараттық ізденіс тілінің, құжаттарды сипаттау ережелерінің,құжатты іздеу ережелерінің жиынтығы. Білім алушылар ақпараттық-аналитикалық қызмет үдерісінде ізденістің міндетті әдістері ретінде құжаттарды /мәліметтерді іріктеу, жүйелеу және ықшамдауды жүзеге асырады.
Кітапхана қорының мазмұнын ашып көрсету және қажетті ақпаратты топтауға көмектесетін құрал кітапхананың анықтама-библиографиялық аппараты болып табылады. Анықтама-библиографиялық аппараты дәстүрлі каталогтар мен картотекаларды, сондай-ақ электронды мәліметтер базасын біріктіреді, ашық ақпараттық кеңістікке шығуды қамтамасыз етеді.
Кітапхананың анықтама-библиографиялық аппаратының құрамына мыналар кіреді:
• кітапхананың каталогтар мен картотекалар жүйесі, мәліметтер базасы ;
• анықтама-библиографиялық қор;
• орындалған библиографиялық анықтамалар қоры (архиві).
Каталог («katalogos» деген грек сөзінен алынған) белгілі біртәртіппен орналасқан тақырыптардың тізімі.Кітапхана каталогі — пайдаланушыны кітапхана қорында бағыттау үшін құрастырылған кітапхана басылымдарының көрсеткіші. Каталог — әрбір кітапхананың қажетті жабдықтарының бірі. Ол құжат пен кітапхана пайдаланушысы арасындағы делдал қызметін атқарып, оның кітапханамен және кітап қорымен танысуын жеңілдететін жол сілтеуші. Пайдаланушы каталогты қарай отырып, өзін қызықтырған мәселе бойынша кітапханада қандай құжаттар бар, оған керекті құжаттардың кітапханада бар екенін, бір автордың қандай басылымдары бар екенін біле алады. Сонымен қатар жақсы құрастырылған каталог тек пайдаланушының сұранысына жауап беріп қана қоймай, оның тақырыбымен (автормен) тереңірек, әрі толығырақ танысуға деген ын- тасын арттыруы, пайдаланушыда жаңа қызығушылықтың оянуына себепші болуы және оның оқу өрісінің кеңеюіне әсер етуі мүмкін.Тіпті кітап қорына еркін кіруге рұқсат болса да, пайдаланушы кітапханада бар кітаптардың бәрін сөрелерден ешқашан көре алмайды (бір бөлігі оқырман қолында, ал бір бөлігі оқу залына берілуіне, сондай-ақ жөндеу жұмыстары жүргізілуіне байланысты кітаптар орнында жоқ болуы мүмкін). Кітапхана қорының құрамы туралы толық ақпаратты тек каталог арқылы алуға болады. Бұдан басқа, егер басылымда бірнеше тақырыптар баяндалса, онда бұл басылымның сипаттамасы жазылған карточка жүйелік каталогтың бірнеше бөлімінен орын алады (яғни пайдаланушы тек жалпы өзін қызықтыратын сұрақтарға арналған басылымдарды ғана емес, сондай-ақ бұл сұрақпен қатар қарастырылатын басылымдарды таба алады), ал бұл басылым кітап қорының бір бөлімінде ғана тұрады.
Каталогтың бірнеше түрі бар:
• кімге арналғанына байланысты — оқырмандар және қызмет бабы каталогы;
• баспа шығармаларының түрлеріне байланысты — кітаптар, автореферат, мерзімді басылымдар және т.б.каталогы;
• формасынақарай — карточкалы, баспа (кітаптүрінде), электронды;
Дәстүрлі кітапханаларда каталог карточкаларының орналасу тәртібін бұзбастан, кітапханаға келіп түскен құжаттардың сипаттамасымен толықтыруға мүмкіндік беретін карточкалы форманы пайдаланады. Кітап түріндегі каталогтар қордың тұрақты бөлігін көрсетеді.Алфавиттік каталогта құжаттар сипатталған карточкалар басылым мазмұнына қарамастан, авторлар мен тақырып атауы ортақ алфавит бойынша орналасады. Көркем әдеби шығармалар әртүрлі білім саласы бойынша ғылыми басылымдармен, альбомдармен, картографиялық және т.б. басылымдармен қатар тұруы мүмкін.Алфавиттік каталог белгілі бір басылымдардың кітапханада бар екендігін көрсететіндіктен, тек қажетті басылым немесе автор жайлы нақты мәліметтер белгілі болған жағдайда ғана оған жүгінуге болады.
Жүйелік каталогта басылымға жазылған сипаттамалар білім салаларының мазмұнына сәйкес бір-бірінен кейін белгілі бір реттілікпен және бірізділікпен орналасады.Жүйелік каталогтың міндеті — басылымдарды жеке ғылым және білім салалары (биология, математика, техника, педагогика, әдебиет және т.б.), сонымен қатар осы ғылым және білім саласының жеке сұрақтары бойынша, яғни жүйелік каталог кітапхана қорын мазмұнына қарай ашып көрсету. Құжаттарды жүйелік каталогтан көп сатылы іздеу арқылы жүргізеді: алдымен қажетті саланы тауып алу қажет, сонан соң бөлгіштердің нүсқауымен нақты жеке сұрақты тауып алып, сол бөлгіштің артында орналасқан библиографиялық сипаттама жазылған карточкалар ағымын тұтастай қарап шығу арқылы ғана қажетті материалды тауып алуға болады. Жүйелік каталог бөлгіштерінің арасындағы карточкалар алфавит бойынша орналасады.Жүйелік каталог нақты жіктеу жүйелер негізінде құрастырылады. Әр білім саласының өзінің сандық белгісі болады. Жіктеу кестесінің бірнеше түрі бар. Олар: әмбебап ондық жіктеу , кітапхана- библиографиялық жіктеу , М.Дьюидің ондық жіктеуі .
Пәндік каталог — ақпаратты іздеуге арналған ақпараттық-іздеу жүйесінің бір түрі. Бұл пәндік айдардың алфавитінің тізбегі бойынша орналасқан библиографиялық жазбаларды қамтитын іздеу аппараты.Пәндік каталог ақпараттық-ізденіс және педагогикалық қызмет атқарады. Тақырыптық сұраныс бойынша ізденіс құралы ретінде құжаттардың мазмұнын ашып көрсететін каталог[2, 14].
Кітапханаларда ақпараттық технологиялардың қазіргі кездегі дамуының негізгі сипатының бірі — ақпаратқа еркін қол жеткізу. Кітапханалық-библиографиялық үдерістерге жаңа технологияларды енгізудің басты нәтижесі — электрондық каталог. Электрондық каталог баспа, жарияланған және жарияланбаған, аудиовизуальды және электронды басылымдардан тұратын кітапхана қорының құрамы мен мазмұнын ашып көрсетеді.
Білім алушылар оқу үдерісі барысында өзіне қажетті ақпаратты дұрыс іздеп тауып алу үшін библиографиялық мәдениетті насихаттайтын білікті мамандардың болуы шарт. Кітапханалық-ақпараттық мекемелердің білікті қызметкерлері – кітапханашы-
библиографтар.Олардың негізгі міндетінінің бірі – библиографиялық іздеу әдістері жөнінде білім алушыларға кәсіби кеңес беру. Білім беру мекемелерінде жиі жүргізілетін ғылыми жұмыстарды жазу барысында кез келген құжатты тереңірек зерттеу аса маңызды рөл атқарады.Кез келген зерттеуші әдебиеттерді жинақтаумен – библиографиялық жұмысты жүргізумен айналысады. Библиографиялық жұмыс мәліметтерді қойын дәптерге жазудан бастап, жүйеленген картотека жүргізу барысында көрініс табады. Сондықтан білім алушы кез- келген ақпаратты іздеу кезінде, ғылыммен айналысу барысындабиблиографиялық элементті пайдаланады. Түрлі библиографиялық әдістер ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүйелі жүргізудің зор мүмкіндігі екенін дәлелдеген.
Қазіргі кезде білім алушылардың библиографиялық мәдениетін жоғарылату мақсатында мектеп кітапханалары мен көпшілік кітапханаларда «Кітапханалықбиблиографиялық білім бағдарламалары» енгізіле бастады. Мақсаты: оқу үдерісінде ақпараттық технологияларды және ақпараттық ізденісті дұрыс пайдалануға үйрету. Білім алушыларды кітапханалық-библиографиялық біліммен қамтамасыз ету барысында түрлі кітапханалық сабақтар, іс-шаралар ұйымдастырылады.Кітапханадағы библиография күні бұл библиографиялық білімдерді ауызша және көрнекі насихаттаудың комплексті жинақты түрі. Библиография күнінің мақсаты белгілі бір тақырып бойынша кітапханада бар библиографиялық құралдармен оқырмандарды таныстыру, оларға анықтама- библиографиялық аппаратты пайдалану әдістерін көрсету.Библиография күнінің жоспарына көрме шолушылары, әңгімелер, консультациялар, викториналар, конференция тәрізді дәстүрлі көпшілік шараларын енгізуге болады. Оқырмандар сұранымен зерттеу арқылы оның тақырыбы анықталады. Мысалы, ғылыми қызметкерлер, жоғары оқу орындарының студенттері үшін «Ой еңбегін ұйымдастыру», «Ғылыми жұмысқа берілетін әдебиеттер тізімін жасау әдістемесі», «Баспасөз шығармаларына сипаттама беру әдістері» әр саланың мамандары үшін «Мамандық бойынша жаңа әдебиеттерді қалай қадағалау керек», жастар үшін «Сіз библиографияны білесіз бе?» тағы басқа тақырыптарды алуға болады.Библиография күндерін тоқсанына бір-екі рет өткізуге болады. Оған жақсы әзірлік қажет. Сондай-ақ бұл шара кітахананың анықтамалық библиографиялық аппаратын насихаттау жөніндегі күн сайын жүргізілетін жұмыстың қорытындысы болып табылады. Әр библиография күнін өткізер алдында үлкен дайындық жұмысы жүргізіледі. Мұның барлығы кітапханаға оқырмандарды тарту мен олардың библиографиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында жүргізіледі. Кітапханаларда «Библиография құралдар күндерін» өткізу тәжірибеге енгізілуде. Оның библиография күндерінен айырмашылығы ол оқырмандардың неғұрлым шағын тобына арналады және олардың назары библиографиялық аппаратқа аударылмайды, тек кітапхананың қорларында бар библиографиялық құралдарға ғана аударылады[3, 22].
Екінші мыңжылдықтан бастап республикамыздағы кітапханалық үдерістерге жаңа технологияларды енгізу жұмыстары қарқынды дамыды. Сонымен қатар ақпараттандырудың жаңа технологиялық құралдары: телекоммуникациялық желілер, қуатты компьютерлер, икемді өзін-өзі дамытушы бағдарламалық қамсыздандырулар, мықты коммуникация құрылғылары жылдам тарап жатыр. Дәстүрлі (әдетте, қағазға басылған) физикалық ақпарат тасымалдағыштарды электронды тасымалдағыштар – магнитті дискілер (дискеталар), оптикалық дискілер (CD-ROM), кассеталар және магниттік ленталы орамдар және т.б.алмастырды. Соның нәтижесінде «Электрондық ақпараттық ресурстар» түсінігі пайда болды. Бұл ақпараттық ресурстардың жаңа түріне ақпаратты берушілер мен қабылдаушылар ретінде түрлі электрондық құрылғылар жатады. Бұл ресурстар өздеріне электрондық қорларды, мәліметтер базасын, электрондық каталогтарды, мулыимедиалық мәліметтерді және тағы басқаларды қамтиды. Электрондық қор және электрондық коллекциялар белгілі бір формалды белгілері бойынша (тақырыптық, хронологиялық, түрлік және т.б.) біріктірілген электрондық құжаттардың ұйымдастырылған жиынтығы болып табылады. Электрондық ақпараттық ресурстар қарқынды өсуде. Бұған компьютерлік коммуникациялар таралымының жоғары қарқыны әсер етуде. Ғаламтордың техникалық құралдары ең ауқымды ақпаратқа санаулы минуттарда қол жеткізуге мүмкіндік береді. Қазіргі таңдағаламторда үлкен ақпараттық электрондық ресурстар қалыптасқан.
Электрондық ресурстардың нақты типін қарастыра отырып, тарихта алғаш рет библиографиялық, фактографиялық және реферативті мәліметтер базаларының пайда болғандығын және олар жалпы көпшілікке арналғандығын көруге болады. Қазіргі уақытта мәліметтер базаларын пайдалану ғылыми кітапханалардың жұмыстарының ең бір маңызды бөлігін құрайды.Мәліметтер базасына мемлекеттік стандарттарға сөйкес «қолданбалы бағдарламаға қатыссыз мәліметтерді сақтау, сипаттау және басқарудың жалпы принциптерін қарастыратын белгілі ережелер бойынша ұйымдастырылған мәліметтер жиынтығы» ретінде анықтама беріледі. Осы жерде мәліметтер банкі бір немесе бірнеше мәліметтер базасынан және сақтау, өңдеу, іздеу жүйесінен тұратын автоматтандырылған ақпараттық жүйе ретінде анықталады.

ҚОРЫТЫНДЫ
Бүгінгі заман талабына сай адамдардың мәлімет алмасуына, ғылымның дамуына, ғалымдардың қарым-қатынасына ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың кеңінен қолданысқа еніп, жылдам дамып келе жатқан кезеңінде ақпараттық қоғамды қалыптастыру міндеті қажетті, зәру шартқа айналып отыр. Болашақ қоғамымыздың мүшелері – жастардың бойында ақпараттық мәдениетті қалыптастыру қоғамның алдында тұрған ең басты талап. Біріккен ұлттар ұйымының шешімімен «ХХІ ғасыр – ақпараттандыру ғасыры» деп аталды. Қазақстан Республикасы да ғылыми-техникалық прогрестің негізгі белгісі – қоғамды ақпараттандыру болатын жаңа кезеңіне енді. Қоғамды ақпараттандыру – экономиканың, ғылымның, мәдениеттің дамуының негізгі шарттарының бірі.Осы орайда ғылымның ажырамас бөлігі болып саналатын библиография саласының да, осы мәселені шешудегі басты рөл кітапханалардың да мойнына жүктеледі.
Бұрынғы дәуірден кітапханалардың қызметінде кітаптарды құнттап ұстау, ақпараттық– кітапханалық мәдениетін (енді медиабілім беру пайда болуына байланысты медиамәдениетін де) қалыптастыру мақсаттары қойылады.Үздіксіз білім алу жүйесін қолдауда кітапханалар мен ақпараттық орталықтардың рөлі үкімет құжаттарында белгіленген және мойындалған. Білім беру саласы бойынша үкімет жоспарларының ауқымының кеңеюіне байланысты, онда ақпараттық орталықтар мен кітапханалар орталық орынды иеленуде. Білім алушылардың библиографиялық мәдениетін қалыптастыру барысында оқу үдерісі кезінде алған білімдерін бекіту, тереңдету және кеңейту үдерістері жүзеге асады.. Оларда ғылыми әдебиеттермен, анықтамалықтармен өздігінен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру, негізгі кәсіби іскерліктермен қаруландыру, шығармашылық және ойлау қабілеттерін дамыту. Білім алушылар библиографиялық мәдениетті меңгеру нәтижесінде кітапханалар және олардың анықтамалық аппараты, библиографияның негіздері туралы білімдерін тереңдету, ақпаратты іздеу әдістерін, ақпарат көздерімен өздігінен жұмыс істеу, анықтамалық-библиографиялық аппаратпен, электронды каталогтар мен картотекалармен жұмыс істей білу, зерттеу жұмыстарына библиографиялық сілтемелер, жазбалар құрастыруды жоғары деңгейде білуі тиіс.Тәуелсіз еліміздің болашағы – жастар сауатты, интеллектуалды көрсеткіштері жоғары, ой жүйесі терең,бәсекеге қабілетті, ұлттық құндылықтарын бойына сіңіргенжеке тұлға болып қалыптасуына зиялы қауым зор үлес қосуда.

ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:
1 Ақпараттық мәдениет негіздері. Оқу құралы / С.М.Бекова, Р.И.Якупова және т.б. –
Алматы: Бастау, 2011. – 220 б.
2 Зиновьева Н.Б. Основы современной библиографии : учебное пособие. – М. : Либерия-Бибинформ, 2007. – 104 с.
3 Основы информационно-библиографической культуры студентов: учеб.-метод. Пособие / авт.-сост. Е.А. Сюндюкова, С.Е. Романова; под общ ред. Э.Я. Мотехиной. – Тула: Изд-во ТГПУ им. Л.Н. Толстого, 2010. – 45 с.
Аниева Н.Г.
Методы формирования библиографической культуры у обучающихся
Кокшетауский государственный университет им. Ш. Уалиханова,
Кокшетау, Казахстан
В статье изложены методы формирования библиографической культуры у обучающихся. Правильный поиск нужных ресурсов из потока информации, библиографически грамотное оформление запроса на нужное издание требует библиографическую грамотность и культуру. Квалифицированные работники библиотечно-информационных учреждении профессионально консультируют обучающихся по методам библиографического поиска и ведут различные работы.
В ходе формирования библиографической культуры у обучающихся закрепляются и расширяются полученные знания. Формирование навыков самостоятельной работы с научной литературой и справочниками, профессиональных навыков, развитие способностей творческого мышления у обучающихся.



Anieva N.G.
Methods of forming bibliographic culture in students
Sh.UalikhanovKokshetau State University
Kokshetau, Kazakhstan
The article outlines the methods for the formation of bibliographic culture in students. The correct search for the necessary resources from the flow of information, bibliographic literacy of the request for the desired publication requires bibliographic literacy and culture. Qualified employees of library and information institutions professionally advise students on bibliographic search methods and carry out various works. In the course of forming a bibliographic culture in students, they consolidate and deepen the knowledge gained. Formation of skills of independent work with scientific literature, reference books, equip with professional skills, development of the ability of creative thinking in students.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *