Р.Ж. Қияқова
Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті
Көкшетау қаласы, Қазақстан
Raua5@mail.ru
АТАУЛАР СЫРЫ: ГИДРОНИМДЕР СУ НЫСАНДАРЫНЫҢ АТАУЫ
ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруының негізінде «Көкше өңірінің фольклоры» (1552\ГФ; 2012-2014) Ғылыми жобасы аясында іске асырылған (келісімшарт №1548; 20.09.2012). «Көкше өңірінің халық жауһарлары» атты хрестоматияда: «Бұл өңірінде небір поэтикалы, көркем жер-су атаулары кездеседі.Олардың әрқайсысы жайында ел арасында тараған ғажайып аңыз-әңгімелер бар. Мысалы, Бурабай өңіріндегі «Ақылбай асуы», «Ақбура» тауы, «Жеке батыр», «Оқжетпес», «Абылай» алаңы, «Шайтан ұршық» немесе … т.б.» деген мағлұматтар берілген [1, 1].
«Жер жәннаты – Көкшетау» деп танылған өлкенің суреткер табиғаты сомдаған жұмбақ та тылсым сырлары жетіп артылады.
Әлмисақтан, жер бетінде тіршілік ең алғаш сулы ортада пайда болды, су барлық тіршілік иелерінің негізгі құрамдас бөлігі дегенді жиі естіп жатамыз. Осы су әлеміне қатысты барлық мәселені топонимнің бір түрі гидроним деген сала қарастыратынын баршамыз білеміз.
Гидронимдер дегеніміз не? Гидронимдер сол өңірдің жер бедерінен, жануарлар мен өсімдіктер әлемінен, климатынан, жер қойнауындағы табиғи байлықтарынан хабардар ететін қосымша ақпарат көзі болып саналады. Гидронимдер – географиялық атаудың, өзен, көл, көлшік, теңіз, мұхит атауларының қызметін, маңызын, шығу тегін, өзгеруін, дамуын, таралу ареалын зерттейтін топонимдердің бір саласы. Топонимдердің бұдан басқа да мына сияқты салалары бар: олар – ойконим, фитоним, зооним. Ойконимдер ауыл, елді-мекендерді зерттейтін сала болса, зоонимдер жануарлар, хайуанаттарға байланысты жер -су атауларын, ал фитонимдер өсімдіктерге байланысты атауларды зерттейтін сала болып қалыптасқан.
С.Н. Басиктің мына пікірімен ойымызды сабақтай түссек: «Раздел языкознания, изучающий имена собственные называется ономастика (от греческого όνομαστική – «искусство давать имена»). Ономастика изучает различные 7 имена собственные, или онимы
– имена людей (антропонимы), клички и имена животных (зоонимы), имена небесных тел (астронимы), имена племен и народов (этнонимы), названия растительности (фитонимы), названия организаций и учреждений (эргонимы) и др.» [2, 4].
Бүгінгі таңда топонимнің аталмыш салалары тереңірек зерттеліп жатыр. Ендеше топонимдерді ұлттың тарихи шежіресі десек қателеспейміз.
Тарих тағылымынан ұлтымызды ұлықтайтын, тілімізді ардақтайтын, елдігімізді танымыл ететін тарихи атауларды ұлттық код ретінде жастардың жадында сақталатындай мүмкіндіктер жасау мақсатында талай жұмыстар жүргізіліп жатыр. Демек, Көкшетау өңіріндегі ғалымдардың да бұл мәселе төңірегінде айтары бар.
Олай болса, ұлан байтақ жері, айдын шалқар көлі бар, ұшы қиыры жоқ қазақ даласындағы жер-су атауларын сол этностың, танымы, тарихы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы деп бағамдай білуіміз керек.
Белгілі ғалымдар А. Әбдрахманов пен О.А. Сұлтаньяевтың «Көкшетау өңірінің жер-су атаулар сөздігінен» бір ғана томар лексемасы арқылы жасалған «Найзатомар», «Ниязтомар», «Қарсақтомар», «Қауғатомар», «Қостомар», «Сарытомар», «Сулытомар», «Талассай томары», «Тойтомар», «Томар», «Ұзынтомар» деген бірнеше гидроним атауларын сұрыптадық. Әрі осы сөздіктен томар лексемасы арқылы жасалған Айыртау ауданындағы «Томарағаш» деген шоқ ағаш атауы да қалтарыста қалмаған.
Енді осы гидронимдер туралы сөз қозғасақ:
Уәлихан (СҚО), Зеренді аудандарында Найзатомар деген көлшіктің бар екендігін көпті көрген көне көз қариялар, елінің, жерінің қиыршық тасына дейін назарынан тыс қалдырмайтын жергілікті тұрғындар өте жақсы біледі.
«Найзатомар гидронимі «Найза \зат есім + томар \зат есім\ сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Бұл жақта батпақты, көлшікті жерде дөңбектей болып біткен шым түбірді томар деп атайды. Сонымен қатар осындай томары бар көлшік, батпақты жер де томар деп аталады. Әдетте мұндай томарлы, батпақты жерлердің шөбі шүйгін болады». Екіншіден, атау томарлардың найзаға ұқсас болып келуіне байланысты Найзатомар деп атанса керек. [3,
86]
Ниязтомар (Ниязтомар) – Зеренді ауданындағы көлшік. Нияз және томар зат есімдерінің бірігуінен жасалған атау. Ағаштың түбірі томар деп аталады, томары бар көлшікті де солай атайды. Сонда атаудың мағынасы Нияз көлшігі дегенді білдіреді, – дейді А.Әбдрахманов пен О.А.Сұлтаньяев сияқты профессорлар [3, 87].
Тіл білімінің заңдылығына сүйенсек, алғаш рет Ниязда томары бар көлшік деп қолданылса керек, кейін Нияз томар көлшік, (бар лексемасы эллипсистенген), бүгінде «көлшік» деген лексема эллипсистеніп, тек қана томар лексемасы ғана қалған. Сол себепті гидроним атауы Ниязтомар қалпындағы қолданысқа ие болған.
Қазіргі жастардың көпшілігі томар сөзінің семантикасын біле бермейді. Ол заңды да, себебі екінің бірі зерттеуші емес. Олай болса, тіл ғылымының заңдылықтарын, сол сияқты ғалымдардың пікірлерін басшылыққа алсақ, көлшікке қойылған Ниязтомар атауы Нияз көлшігі дегенді білдіреді екен.
2015 жылы жарық көрген «Көкшетау өңірінің жер-су атаулар сөздігінде» тағы бір «Сулытомар» атты көлшік бар екендігі еңбекте көрсетілген. Сөздікте берілуіне тоқталсақ: «Сулытомар \ Сулытомар\ -көлшік,
Айыртау ауд., СҚО. Су (зат есім) + лы
(зат есімнен сын есім тудыратын жұрнақ) + томар (зат есім) сөздерінің бірігуінен жасалған атау. Мағынасы «томардың сулы жерде орналасқанын білдіреді», – деп жазылған [3, 111].
Сөздіктің 122-бетінде тағы бір гидроним атауын кездестірдік. Ол бір ғана Томар лексемасынан жасалған.
Сол сияқты Айыртау ауданындағы «Ұзынтомар» атты көлшікке берілген атауға назар аударсақ, бұл еңбекте мағыналары ұқсас, тек қосымша «көп жерді алып ұзарып жатқан көлшік» деп нақтылана түскен [3, 132].
«Қарсақтомар» – Айыртау ауданындағы жер, …кескен ағаштың томарындай болып, үстіне қияқ шөп өскен шым кесекті атайды.
… Сонда атаудың мағынасы бұл томардың (көлдің, көлшіктің) маңында бұрын қарсақ атаулының көп болғандығын білдіреді» деп жазылған [3, 67]. Келесі гидроним, ғалымдардың пікірінше, ағаштың түбіріндей болып, суда жататын кесек шымның қауғаға ұқсастығы ескеріліп, «Қауғатомар» атанған. Сөздікте: «…Қауға деп теріден жасалған шелекті атайды», – деп көрсетілген [3, 69]. Зеренді ауданында көлшік, батпақты көлшік бар. Сөздікке сай талап бойынша гидронимге грамматикалық сипаттама берілген. Содан соң тұтаса бірігу арқылы жасалған «Сарытомар» атауы туралы «топырағы сарғайып жатқан көлшік» деген айғақ келтірілген
[3, 104].
А. Әбдрахманов пен О.А. Сұлтаньяевтың сөздігінен томар лексемасы арқылы жасалған
гидроним ғана емес, осы сөздің шоқ ағаш атауының жасалуына да қатысы бар екенін байқадық.
«Томарағаш» бұл – Зеренді ауданындағы шоқ ағаштың атауы. Сөздікке сүйенсек, ғалымдар тарапынан «… ағаш кесіп алынғаннан кейін түбірдің көп қалғанын білдіреді», – деген түсініктеме берілген [3, 122].
Олай болса, кесілген ағаштан қалған түбір «томар» деп аталса керек.
«Суы ащы теңізден томар да болса, көл артық» демекші, сөйлеу тілінде кездесетін «томар» сөзіне қатысты бірнеше қолданыстарға назар аударсақ, олардың тілімізде жұмсалуы төмендегідей көрініс тапқан:
томардан томарға өту (пройти прыгая с кочки на кочку); кісі бойы томар (кочка в рост человека);
сексеуілдің томары ( кочки от саксаула, или засохшие пни);
томарға отыру (сидеть на пне); томардың түбінде (у основания пня) Гидронимдердің грамматикалық сипаттары:
Аналитикалық тәсіл арқылы екі зат есімнің тұтаса бірігуінен жасалған гидронимдер – «Найзатомар», «Ниязтомар», «Қарсақтомар», «Қауғатомар», «Тойтомар», ал бірінші компоненттері негізгі және туынды сын есім, екінші компоненттері зат есім арқылы жасалған гидронимдерге «Ұзынтомар», «Сарытомар», «Сулытомар», сол сияқты тек негізгі түбірлі зат есімнен жасалған гидронимге «Томар» атауы жатады. Ал Зеренді, Щучье аудандарындағы «Қостомар» гидронимі жайында «…Қос екі деген сан есіміне синонимдес сөз… атаудың мағынасы екі көлшік дегенді білдіреді» деп авторлар сөздіктің 73-бетінде грамматикалық сипаттама берген. «Талассай томарының» жасалуы мүлде басқа, атаудың бірінші компоненті талас етістігі, екінші компоненті сай зат есімі, әрі томар тұлғасы тәуелдіктің III жағында қолданылып күрделі атау жасалған.
Адам ағзасының ең басты мүшесінің бірі бас қуысында орналасқан ми лексемасының
Көкшетау өңіріндегі Қосми, Қауданми, Ұзынми, Үлкенми көл, көлшіктеріне қаншалықты қатысы бар деген сұрақ туындауы мүмкін?
Атаудың жасалуына мидың сапалық қасиетінің ұқсастығы ескерілген, сөйтіп «қатар жатқан екі саздақ көлшік» – Қосми [73], «қаудан өскен батпақ» – Қауданми [69], (қаудан диалект. 1.степная густая трава. Шөпшілер қауданды шауып жатыр – косари косят густую траву) [4] , «көп жерді алып жатқан батпақ, көлшік» – Ұзынми [131], «көлемді келген батпақты көлшік» – Үлкенми [136] деген гидроним атаулары қалыптасса керек.
2014 жылы шыққан сөздікте бір ғана ми лексемасына байланысты мидай батпақ; ми батпақ; ми қойырпақ (мидай араласып кету); миын атала қылу (миын жеу, миын ашыту); миын бықпыртты (сөйлеу. миын ашыту); миғұлалан (миғұла болу, ақылынан адасу); миқұрт (айналма, тентек аурулары); миқап (мидың қабы, сыртқы қорғанышы) деген сөздердің ана тілімізде қолданылатындығын аңғаруымызға болады. Осыншама сөздердің айналымда жүруімен қоса, кейде ми сөзі жөнінде «Ми миғұлалықтың ми батпағы ғана емес, сұңғылалықтың кең айдын шалқары» деп те жатамыз.
Томар туралы тағы да қосымша мағлұматтарға тоқталсақ.
Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Б.Қалиев «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» томар сөзіне байланысты Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз» шығармасынан төмендегідей мысалдарды дәлел етеді. «Томар: Томар оқ … – Аңшылық құрады екенсің ғой? – деді Қабанбай томар оқтың бірін ұстап көріп. Жебелері әр алуан: көбебұзар, қозыжауырын. Бірен-саран томар оқ, тіз оқтар ұшырасады».
Автор мұнымен шектелмейді, тілімізде сирек болса да, көркем шығармаларда қолданылатын көне сөздер бар. Ол садақ оғының бір түрі тіз оқ деп, 1982 жылдың 2 сәуірінде «Қазақ әдебиеті» газетінде жарық көрген мақалаға сүйеніп, автордың мына сияқты қолданыстарын келтіреді. Газеттен алынған материал: «…бұрын аз қолданып немесе тіпті қолданылмай келген: бұлғақ, түзем, күрен, тастеке, тізоқ, кезоқ, әндіген, томароқ, доғалоқ деген сөздері тарихи романның көркемдік әрін ашып тұр» [5, 610].
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінің» 253-бетінде кезоқты да көне сөз, зат есімнен жасалған садақ оғының бір түрі деп дәлелдей түседі, содан соң
«… шаншып ататын аламан оқ кезоқ деп аталады, – Көшек көп білетінін танытуға тырысқан мақтанышпен, – деген мысал берілген. (М.Мағауин, Аласапыран, 43)» [ 5, 253].
Тағы бір қызықты мәселе А.Әбдрахманов пен О.А.Сұлтаньяевтың сөздігінен өрбіген ойды жалғастырып, басқа сөздіктерді қарастырсақ, томар формасының бірде зоологиялық атау, бірде құрал атауы, бірде өсімдік атауы екендігі анықталды. Еңбекте зоологиялық атау саналатын тауық деген зат есім де томар сөзімен тұтаса бірігіп, құс атауы ретінде жұмсалған. Мысалы:
«… Томарлы, қопалы жерлерде тіршілік ететін тауық пішіндес ірірек құс. Ит мұрны өтпейтін шілікте томартауықтар, қамысшы, торғай тұқымдастардан сарышымшық, шырылдауық торғайлар тіршілік етеді (Қорғалжын, 23)» [ 5, 578].
Томарбалта зат. Ағаштың томарына жалғасқан сабымен қоса алынған балта пішініндегі сайман, қару. Мысалы: Сақтықта қорлық жоқ деп, томар балтаны өзім отырған диванның қуысына ыңғайластырып қойдым. (Қ.Шыңғысов. Бетпе-бет). [ 6, 254].
Томарбояу зат.өсімдік. Қырға, сортаң жерге шығатын, тамырынан тері бояйтын, күлгін сары бояу алынатын көпжылдық өсімдік. Мысалы: Томарбояумен боятқан жаңа сеңсең ішігі бар (М.Әуезов. Абай жолы) [ 6,254].
Томардәрі зат.өсімдік. Тамырынан алынатын дәрілермен зиянды жәндіктерді құртатын, көбіне ормандық және биік таудағы шабындықтарда өсіп-өнетін шөптесін, улы өсімдік; тамырдәрі. Көп тараған арам шөптер: қызғыл сары кекіре, құмай, мысыққұйрық, шырмауық, томардәрі, есекмияның бірнеше түрі, қурай және басқалары (Гербициттер) [6,255].
Демек, мақалаға негіз болған томар атаулы лексеманың уәжі біреу ғана, ол – форма яғни пішіннің ұқсастығы.
Кез келген жер-су әрі басқа да атаулар әр ұлттың өзіндік ерекшелігін танытуы тиіс. Егер ұлт өзінің кодын, генетикалық жадын сақтап қалмаса, тамырын құрт бойлаған бәйтерек сияқты салт-дәстүр, әдет-ғұрып, ел, жер тарихына сүйенбеген халық ұзаққа бармайды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Көкше өңірінің халық жауһарлары \Б.Б. Жахина, С.Н. Жәнбек, А.Ы. Есмағұлов, Р.Ж. Қияқова, О.А. Жұмағұлова, Л.К. Мусин, А.М. Бекмағамбетова. –– Көкшетау: « Мир печати» ЖК., 2014. – 272 б.
2 Басик С. Н. Общая топонимика: Учебное пособие для студентов географического факультета. — Мн.: БГУ, 2006. – 200 с.
3 Әбдірахманов А., О.А.Сұлтаньяев. Көкшетау өңірінің жер-су атаулар сөздігі. – Көкшетау, 2015. – 153б.
4 https: \\ sozdik. kz
5 Қалиев Б. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі /Б.Қалиев. – Алматы: Мемлекеттік тілді дамыту институты. 2014. – 728 б. 6 Қазақ әдеби тілінің сөздігі. 15 том. 2011 . – 800 б.