Ж.А. Есқалиева, Г.Б. Нәжікенова
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті Атырау, Қазақстан zhanargul1971@mail.ru
КӘСІБИ БІЛІКТІЛІК – МҰҒАЛІМГЕ ҚОЙЫЛАР БАСТЫ ТАЛАП
Қазақ елінің келешегі – ұрпақ тәрбиесінде мұғалімге қойылар талап ерекше. Өйткені, ұстаз – өскелең ұрпақ тәрбиесіне бірден-бір жауапты тұлға. Демек, мұғалім-педагог, яғни тәлімгер, оқытушының кәсіби білікті болуы – бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселелерінің бірі.
Педагогикалық шеберлік – кәсіби әрекетті жоғары деңгейге көтеретін мұғалімнің жеке қасиеттерінің, оның білімі мен білігінің жүйесі. Педагогикалық шеберлік – педагогикалық іс-әрекеттің жоғары деңгейде меңгерілуі; педагогтың оқушылардың оқу — танымдық іс-әрекетін тиімді басқарып, мақсатты түрде педагогикалық әсер мен өзара әрекеттестікті жүзеге асыруына мүмкіндік беретін арнаулы білімдерінің, біліктері мен машықтарының, тұлғалық кәсіптік маңызды қасиеттерінің кешені.
Олай болса, педагогикалық шеберлік іскерліктен, педагогикалық қабілеттен, кәсіби білімдер мен кәсіби сапалар жиынтығынан, педагогикалық техникадан және т.б. тұратындықтан осы педагогикалық шеберлікті жасаушылардың мазмұнына тоқталып көрелік.
Тірек сөздер: біліктілік, кәсіби ұстаным, тұлғалық даму, педагогикалық жауапкершілік, тілдік қарым-қатынас, педагогикалық шеберлік.
Кіріспе
Мемлекетіміздің өзіне және тәрбиеленушісіне тұлғалық-гумандық позицияны ұстауға қабілетті мұғалімге деген сұранысы оның кәсіби шеберлігін, кәсібилігін, құзіреттілігін көтеру мәселесінің өзектілігін байқатады. Демек, бүгінгі мұғалімнің, педагогтың, тәлімгердің, оқытушының кәсіби шеберлігін, құзіреттілігін жетілдіру бүгінгі педагогика және психология ғылымдарының ең өзекті мәселелерінің бірі болмақ [1].
Жалпы, педагогикалық шеберлік – кәсіби әрекетті жоғары деңгейге көтеретін мұғалімнің жеке қасиеттерінің, оның білімі мен білігінің жүйесі. Педагогикалық шеберлік – педагогикалық іс-әрекеттің жоғары деңгейде меңгерілуі; педагогтың оқушылардың оқу — танымдық іс-әрекетін тиімді басқарып, мақсатты түрде педагогикалық әсер мен өзара әрекеттестікті жүзеге асыруына мүмкіндік беретін арнаулы білімдерінің, біліктері мен машықтарының, тұлғалық кәсіптік маңызды қасиеттерінің кешені.
Олай болса, педагогикалық шеберлік іскерліктен, педагогикалық қабілеттен, кәсіби білімдер мен кәсіби сапалар жиынтығынан, педагогикалық техникадан және т.б. тұратындықтан осы педагогикалық шеберлікті жасаушылардың мазмұнына тоқталып көрелік.
Негізгі бөлім
Іскерлік — белгілі жағдайда белгілі іс-әрекетті орындауға мүмкіндік беретін білім мен икемді дағдының жиынтығы. Педагогикалық іскерлік – мұғалімнің түрлі әрекеттерінің жиынтығы, олар, ең алдымен, педагогикалық іс-әрекет функцияларымен теңестіріледі, елеулі мөлшерде мұғалімнің даралық-психологиялық ерекшеліктерін айқындап, оның пәндік-кәсіби құзырлығы жөнінде дәлел келтіреді.
Ғалым-зерттеуші А.К.Маркова педагогикалық іскерліктің 9 тобын сипаттаған.
1-топ. Педагогикалық міндетті анықтау кезінде өз мотивтері мен мақсаттарын, оқутәрбие беру процесінің белсенді даму үстіндегі қатысушы ретінде оқушыға бағыттау; педагогикалық ситуацияны зерттеу және қайта түрлендіру; педагогикалық міндеттерді сатылы және жедел түрде нақтылау, белгісіздік жағдайда оңтайлы педагогикалық шешім қабылдау, педагогикалық мақсаттар мен міндеттерді педагогикалық жағдаяттардың өзгеру шамасына қарай икемдеп бейімдеу; қиын педагогикалық жағдаяттардан абыроймен шығу; педагогикалық міндеттерді орындаудың жақын және алыс нәтижелерін болжай алу, т.б. іскерліктер.
2-топ: 3 топшадан тұрады.
І-ші топша: «Нені оқыту керек». Оқу материалымен жұмыс жасай білу іскерлігі (оқыту туралы жаңа концепциялар мен технологияларды меңгеру), оқу пәні бойынша негізгі қағидаларды бөліп алу, оқу пәнін жаңарту (ұғым, термин, дискуссияларды пайдалану арқылы), педагогикалық жаңалықтарды талдау қабілеттілігі, мектеп оқушыларында жалпы білімділік және арнайы ептілікті, дағдыны қалыптастыру, пәнаралық байланысты жүзеге асыру.
ІІ-топша: «Кімді оқыту керек». Оқушылардың жеке психологиялық процестерін зерттеу (ес, ойлау, зейін, сөйлеу т.б.), іс-әрекет түрлеріне сипаттама (оқу, еңбек); оқушылардың білімділігі мен тәрбиелілігін зерттеу, оқушының оқуға шынайы мүмкіндіктерін зерттеу; оқу үлгерімі және жеке бас сапаларын ажырату, жас ерекшеліктеріне байланысты бір кезеңнен ІІ-ші кезеңге өтуді зерттеу, үлгермеушілермен және дарынды оқушылармен жоспар бойынша жұмыс т.б.
ІІІ-топша: «Қалай оқыту керек». Оқыту және тәрбиелеу формаларын, әдістерін дұрыс таңдап алу іскерлігі, оқытушы мен оқушының жұмсалатын күшін, уақытын есепке алу; педагогикалық ситуацияны салыстыра алу, жалпылай алу, біріктіру; оқушының өзіндік оқу іс-әрекетін ұйымдастыру; педагогикалық міндетті шешудің бірнеше жолдарын іздестіру; қолайлы жол таңдау.
3-топ: Психологиялық-педагогикалық білімді қолдана білу іскерлігі, педагогикалық тәжірибелерді қолдану; өз еңбегінің қорытындысын тіркеу, еңбегінің күшті және әлсіз жақтарын көре білу, оқушылардың қиындықтарын өз жұмысындағы кемшіліктерімен байланыстырып отыру; өзінің жеке бас стилін бағалау, өз тәжірибесін саралау, басқа мұғалімдердің тәжірибесімен салыстыру, алмастыру; педагогикалық әрекетті дамыту барысында жоспар жасай білу іскерлігі.
4-топ: Кең спектрдегі коммуникативті міндеттерді шешу. Психологиялық қауіпті болдырмау, жою.
5-топ: Жоғары дәрежедегі қарым-қатынас тудыратын жолдарды іздестіру, қолдану. Оған мыналар жатады: қарым-қатынаста басқаның позициясын түсіну іскерлігі, оған деген қызығушылықты арттыру, оқушыны дамытуға бағыт, мінез-құлық бойынша оқушының ішкі жағдайын түсіну (мимика, жест), өзін оқушының орнына қоя білу («децентрация»); сенімді, жайлы атмосфера қалыптастыру, басқарудың демократикалық стилінің басымдығы; оқушыны мақтауға, кешірім сұрауға дайын болу, оқушының сөзін бөлмеу, оқушының қарымқатынастық әрекетінен қорықпау; көпшілік алдында сөз сөйлей білу.
6-топ: Кәсіби позициясын сақтай алу іскерлігі, яғни өз кәсібінің мәнділігін түсінетін, оның әлеуметтік және жалпы адамзаттық құндылығы жолында қиындықтарға төтеп бере алуға қабілеті; өзінің педагогикалық қабілеттерін, олардың перцептивтік (басқа адамды түсіну және зерттеу, оның көзқарасымен қарау) және басқару (оқушының тек мінез-құлқы мен қылықтарына ғана емес, сондай-ақ оның түрткілеріне, мақсаттарына әсер ету) компоненттерін қамти отырып жүзеге асыру және дамыту; өзінің эмоционалдық күйін басқару; өзінің және оқушылардың позитивті мүмкіндіктерін қабылдау және осылайша өзінің «Мен»-тұжырымдамасын нығайтуға ықпал ету; еңбек эталондарын меңгеру (педагогикалық шеберлік); шығармашылық ізденісті іске асыру.
7-топ: Кәсіби дамуды сезіне алу іскерлігі, өзінің жеке бас стилін анықтау, күшті жақтарын нығайту, әлсіз жақтарын ығыстыру, жаңалық енгізуге ізденіс, новаторлық деңгейге өте білу.
8-топ: Оқу жылының басы мен аяғында оқушының білім деңгейіне сипаттама бере алу; өзін-өзі тексеру, бағалау; дағдылану, оқыту көрсеткіштерін табу (оқушыға көмек көлемі, үлгермеушілік себептерін ашу, жеке және жалпылай әсер ету), кезеңдерге сай оқудың және оқытудың компоненттерін даярлау; өз бетімен білім алуға, үзіліссіз білім алуға дайындықты ынталандыру.
9-топ: Оқушының тәрбиелілігін мұғалімнің бағалау іскерлігі; мінез-құлық арқылы оқушының адамгершілік нормасы мен көзқарасын болжау. Әлсіз дамыған мінез көріністерін дамытуға жағдай жасау (мысалы, белсенділікті арттыру, алаңдаушылық коэффициентін төмендету, лидерлікке жетуге жағдай жасау) [2,69 б.].
Іскерлік өз қалыптасуында бірнеше кезеңдерден өте отырып, соңында шеберлік пен шығармашылыққа айналады.
1- кезең. Бастапқы іскерлік — іс-әрекет мақсатын ертеректе қамтылған білім мен дағдыға негіздей отырып сезіну және оған жету құралын іздестіру; іс-әрекет байқап көру – қателесу жолымен орындалады.
2 – кезең. Іскерліктің жеткіліксіздігі – іс-әрекетке қатыссыз ертеректе жинақталған білім мен оны іске асыру тәсілдерін қолдану.
3 – кезең. Жекеленген жалпы іскерлік — әртүрлі іс-әрекет түрлеріне қажетті, дамыған, бірақ ауқымы тар іскерлік қатары (өзінің іс-әрекетін жоспарлау іскерлігі, ұйымдастырушылық іскерлік).
4 – кезең. Жоғары деңгейдегі іскерлік – нақты іс-әрекетте білім мен дағдыны шығармашылықпен қолдану; мақсатын ғана емес, оған жету тәсілдерін таңдау мотивтерін сезіну.
5- кезең. Шеберлік — әртүрлі іскерлікті шығармашылықпен қолдану.
Қабілет – алған білімді белгілі бір іске нәтижелі етіп жұмсай білуінде және сол ісін белгілі бір дәрежеде дағдыға айналдыра білудегі адамның индивидуалдық психологиялық ерекшеліктері.
Талант – белгілі іс-әрекетті шығармашылықпен орындау мүмкіндігін қамтамасыз ететін қабілет.
Кемеңгерлік – шығармашылық қабілеттің ең жоғарғы деңгейдегі көрінісі.
Негізгі педагогикалық қабілеттілік сапалары:
— балаға білімді қысқа және қызықты формада жеткізу қабілеттілігі;
— баланы бақылай отырып түсіну қабілеттілігі;
— өз бетімен және творчестволық ойлай алу қабілеттілігі — тапқырлық немесе тез және нақты бағыт алу; — ұйымдастыру қабілеттілігі.
Педагогикалық қабілеттілікті зерттеген В.А. Крутецкий оның бірнеше түріне ажыратыды:
1. Дидактикалық қабілеттілік – оқу материалын оқушыға нақты, түсінікті етіп бере білу; пәнге қызығушылық тудыру; белсенді өзбетілік ой тудыру. Қиын материалды жеңіл, түсініксізді-түсінікті қылып бере білу қабілеттілігі. Оқушыны өзбетімен еңбек етуге үйрету, білім алуға жол сілтеп отыру.
2. Академиялық қабілеттілік – нақты ғылым бойынша (математика, физика, биология, әдебиет) қабілетті мұғалімнің өз пәнін, курсын көлемі бойынша ғана емес, терең де ауқымды түрде меңгеруі, ғылыми жаңалықтарды үнемі бақылап отыру, шағын болса да ғылыми жұмыс атқару;
3. Перцептивті қабілеттілік – оқушының ішкі жан дүниесіне үңіле білу қабілеттілігі; психологиялық байқағыштық, түсіну, талдау.
4. Сөйлей алу қабілеттілігі – ойды нақты, анық, түсінікті түрде жеткізе алу қабілеттілігі, мимика, пантомимиканы қолдану. Ұстаз сөзі үнемі оқушыларға арналуы керек.
5. Ұйымдастырушылық қабілеттілігі – оқушы ұжымын ұйымдастыру; өзінің ұйымдастыру жұмысын дұрыс жүргізу. Дұрыс жоспарлау, бақылау.
6. Беделділік қабілеттілігі. Оқушылар арасында беделге ие болу.
7. Коммуникативті қабілеттілік. Оқушылармен қарым-қатынастың жолдарын дұрыс табу.
8. Педагогикалық қиял немесе прогноздық қабілеттілік оқушының болашағын болжау.
9. Зейін бөлгіштік қабілет. Бір мезгілде ұстаздың бірнеше әрекетті атқара алуы [3, 89б.].
Педагогикалық іс-әрекеттің шыңына апаратын келесі баспалдақ – кәсібилік. Кәсібилік мәселесімен айналысқан белгілі ғалым А.К. Маркова мұғалімнің кәсіби деңгейге көтерілуінің төмендегідей психологиялық критерийлерін анықтаған:
1. Объективті критерийлер: мұғалімнің өз мамандығына қаншалықты сәйкес, әлеуметтік тәжірибеге қосар үлесі қандай екендігі. Жоғары еңбек көрсеткіші, әртүрлі мәселелерді шығармашылықпен шеше білу біліктері т.б.
2. Субъективті критерийлер: адамның мамандығының қаншалықты оның табиғатына, қабілеттері мен қызығушылықтарына сәйкестігі; өз ісіне қанағаттануы, сондай-ақ кәсібипедагогикалық бағыттылық, кәсіптің маңыздылығын, оның құндылығын түсіну, маман иесі ретінде өзіне позитивті көзқарасының болуы.
3. Нәтижелі критерийлер: мұғалім өз ісінде қоғам талап етіп отырған талаптарға қол жеткізіп отыр ма деген мәселе тұрғысынан қарастырылады.
4. Шығармашылық критерийлер: мұғалімнің өз кәсібінің шекарасынан шыға алуы, сол арқылы өз тәжірибесінің, еңбегін өзгерте алуы жатқызылады. Сондай-ақ, ғалым-зерттеуші кәсіби сапаларға келесі сапаларды жатқызады: педагогикалық эрудиция (білімдарлық); ғылым салаларын терең меңгеру; педагогикалық мақсат қоя білушілік; педагогикалық (практикалық және диагностикалық) ойлау; педагогикалық интуиция (сезімталдық); педагогикалық импровизиация (суырып салмалық, жанынан жедел шығару, шешім қабылдау); педагогикалық байқағыштық; педагогикалық көрегендік [2, 91б.] .
Л.М.Митина болса кәсіби сапаларға мыналарды жатқызады: әдептілік; сыпайылық; сезімталдық; тәрбиелілік; зейінділік; ізденімпаздық; шыдамдылық; адамгершілік; іскерлік; тәртіптілік; белсенділік; саяси сауаттылық; сыншылдық; патриоттық; болжағыштық; өзбеттілік; принципшілдік; батырлық; кешірімшілдік; кішіпейілдік; балаға деген сүйіспеншілік.
М.М.Мұқанов бойынша педагогқа лайықты сапалар: педагогтың идеялық сенімі; педагогтың қабілеті; педагогтың ұстамдылығы; әділеттілік және абырой. Осының ең ортасы, өзегі, яғни жеке бас сапасының ядросы – бағыттылығы, бейімделушілігі, өзін-өзі бағалау, «Мен» бейнесі.
П.Ф.Каптерев бойынша педагогтың субъективті қасиеттері объективті және субъективті мазмұндағы болып бөлінеді. Объективті мазмұндағы: мұғалімнің пәні туралы білімі (меңгеруі), ғылыми дайындығы, қосымша пәндер туралы білімі; пәннің методологиясымен, дидактикалық принциптерімен танысу, баланың ерекшеліктерін меңгеру.
Субъективті мазмұндағы: сабақ бере алу шеберлігі, таланты, өнері.
Роджерс бойынша педагогтың субъективті қасиеттерін анықтаушы бағыттар:
Гуманистік бағыт – ұстаздың оқушының мұқтаждығы мен қажеттілігіне көңіл аударуы;
Эгоцентрлік бағыт – ұстаздың тек өзіне, өз мүддесіне, қажеттілігіне назар аударуы;
Бюрократтық (төрешілдік) бағыт – ұстаздың әкімшіліктің нұсқауларын, жоғарыдан келген құжаттарды өзіне бағыт етуі.
Конформистік бағыт – ұстаз әрекетінің ұжым өмірімен, өзінің әріптестерімен қатынас жасауға негізделуі.
Авторитеттік бағыт – ұстаз оқушының ата-аналарына, олардың қоғамдағы орнына сүйенуі.
Когнитивтік бағыт – ұстаздың өзі беретін пәннің мазмұнына сүйенуі.
Мұғалімнің акме жағдайына жетудегі ерекше бір кезеңі – оның кәсіби құзіреттілігі . «Компетенттілік» (құзыреттілік) ұғымы әр түрлі түсіндіріледі. Шетел сөздері түсіндірмелі сөздігінде «компетентті» ұғымы қандай да бір мәселені жан-жақты меңгерген адам, француз тілінде (Сompetent) – компетентті, құқылы. Ағылшын тілінде қабілеттілік, латын тілінен аударғанда (Competentia) «дегеніме жетемін», «сәйкеспін», «лайықпын» деген, яғни белгілі бір саладағы толық игерілген білім мен жинақталған тәжірибені білдіреді. Құзіреттілік — адамдағы таным мен тәжірибесі бар аймақ сұрақтарының ауқымы. Белгілі бір аймақтағы құзіреттілік – осы аймақ көлеміндегі материалды білім мен қабілеттілікке сәйкес меңгеру және осы аймақтағы негіздемеге орай өзінің көзқарасын еркін білдіру мен әрекет ету
[4;5].
Олай болса, бүгінгі мұғалім заманауи талапқа сәйкес іскерлік пен қабілет түрлерін толықтай меңгеріп, педагог бойында болуға тиіс кәсіби және кәсіби жеке тұлғалық сапаларды дамытатын болса ғана педагогикалық іс-әрекетті ұйымдастыратын, өз ісіне толықтай жауап бере алатын, кәсіби құзіретті маман болып табылады.
Қорытынды
Қорыта келгенде, мұғалімдердің кәсіби құзіреттілігі тәжірибе, теориялық білім, практикалық іскерлік және мәнді жеке тұлғалық сапалардың негізінде пайда болатын өзекті педагогикалық іс-әрекетті орындауға мүмкіндік беретін күрделі индивидуалдық- психологиялық білім.
Байқасақ, акме жағдайға жеткен маман ұлттық білім беру жүйесін нығайтуға және оны әрі қарай дамытудың кепілі болады, оған әлемдік білім беру кеңістігінде өз орнын алуға, ал Қазақстандық ғылымға бәсекеге қабілетті экономикаға тірек болуға мүмкіндік береді.
Қолданылған әдебиеттер:
1 Қазақстан Республикасы жаңа формация педагогының үздіксіз педагогикалық білім беру тұжырымдамасы. Алматы, 2005.
2 Маркова М.М. Психология труда учителя. М.,1993.
3 Шолпанқұлова А. Кәсіби құзырлылықтың мәні // Қазақстан мектебі. №2, 2007, 4244 беттер.
4 Тұрғынбаева Б. Акмеология – кәсіби биіктерге жету жөніндегі ғылым. //Бастауыш мектеп. №8, 2005, 23-27беттер.
5 Лукьянова М. И. Психолого-педагогическая компетентность учителя: диагностика и
развитие .М., 2004.
Профессионализм учителя – главный фактор в системе преподавания, повышающий качество обучения и эффективность. То есть содержание образования в любом обществе основывается на профессионализме учителя. В статье личностные качества учителя и особенности педагогического мастерства классифицируются на 9 групп и анализируются. А также формулируются выводы о компетенции учителя.
The professionalism of the teacher is the main factor in the teaching system, which improves the quality of teaching and efficiency. That is, the content of education in any society is based on the professionalism of the teacher. In the article, the personal qualities of the teacher and the characteristics of pedagogical skill are classified into 9 groups and analyzed. And also conclusions about the competence of the teacher are formulated.