Т. ӘБДІКӘКІМОВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Г.Ә. Сағынаева, М.И. Оразханова
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты
Павлодар, Қазақстан
Gulzirasagnaeva@mail.ru

Т. ӘБДІКӘКІМОВ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

Мақалаға қазақтың көрнекті, дәстүр жаңғыртушы ақыны Т. Әбдікәкімовтың поэзиясы негіз болды. Өлең құрылысына қатысты ғалымдар еңбектері сараланады. Ақын поэзиясындағы түрлік ізденістер жан-жақты зерделенеді. Оның дәстүрлі өлең үлгісіне өзіндік өзгерістер енгізіп, іздене жырлайтын ерекшелігі әр қырынан қарастырылады. Ақынның көрікті ойды жеткізу шеберлігі, өлеңдерінің табиғаты, құрылымы, өзіндік болмысы, тіл оралымдылығы туындылары негізінде талданады.

Кілт сөздер: поэзия, дәстүр, түрлік ізденістер, құрылым, ырғақ, интонация.

Қазақ поэзиясында өлең өлшем-өрнектері турасында ғылыми еңбектердің, зерттеулердің жарық көргендігін білеміз. Поэзия да өмір заңдылығына бағынып бір орында тұрмай, үнемі даму, шарықтау үстінде болатын болғандықтан, оның да дәстүрді негізге ала отыра өз жаңашылдығы болатындығы белгілі. Ғалым С.Ержанова: «Біздің поэзиямызға рухани және формалды ағымдар жетіспейтіндей. Демек, қазақ поэзиясы үшін алдағы меже формалды ізденістерге бару және рухани кеңістігін кеңейту. Мұның өзі, ең бірінші, ақындық даралықты тудыруға мүмкіндік береді. Ақын шығармашылығының ерекшелігі оның тыңнан түрен сала білуінде. Тыңнан түре салу шын талантты, рухани кемеліне келген, кесімді пікір, шешімді ой айта білетін поэтикалық тұлғадан көрінсе керек» [1, 263].
Осы тұрғыдан алғанда қазіргі поэзияда дәстүрлі формадан тыс түрлік ізденістер жоқ емес. Олардың бойында прозалық сипаттағы элементтер мен графикалық формаларды құрайтын өлеңдік ізденістер мен жаңашылдық үлгілер де жоқ емес. Ақын ойының ішкі бұлқынысы мен сол кездегі толқынысын, сезімін сурет негізінде өлеңдік өлшемге салып құрап берушілік те бар. Мұнда синтаксистік шумақ құрамындағы тармақтардың өзара байланысу ерекшеліктері тікелей бір-бірімен сабақтас боп отырады. Енді оларды сындырып немесе шашу арқылы жаңа тармақтарға бөлу өлеңнің тыныс белгілік сипат алуына итермелейді. Тыныс белгінің қызметі ырғақты, әуезді сөйлем мен сөздің дұрыс оқылуына да әсер ету, яғни ішкі мазмұннан бөлек сыртқы түр-тұлғасының өзгеруіне де әсер ететіні белгілі. Сол себепті қазіргі ақындардың поэзиясында тыныс белгілер жүйесінің мән-маңызы жекелеген сөздерден кем емес мәнге ие боп отыр. Адам ойындағы сөздің сыртқа шыққандағы көрінісі бірнеше нұсқаға құрылған ерекшелігімен де ойландырады. Автор ойындағы ұғымды жеткізу үшін бірнеше нұсқалы сөздерді ойында жинақтап, соның ішінде ырғақ пен әуенге негізделген, шығуға ытқып тұрған, суырылып салар ойдың толқынына сәйкес бір нұсқаны ғана сыртқа шығаруы мүмкін.
Т. Әбдікәкімовтің бейнелі, образды тіл көркемдігін айтпағанда дәстүрлі өлең үлгісіне өзіндік өзгерістер енгізіп, сөз өнерінің арнасын бұрып отыратын ізденгіш ақын ретінде танытты. Ақын өлеңдерінің тақырыптық ауқымы өте кең. Қандай тақырыпты жазса да өлеңдерінен шындық жарқырап көрініп тұруға тиіс. Ол үшін ақындық талант, үлкен шеберлік және асқан суреткерлік, философиялық терең ойлылық керек. Т.Әбдікәкімов өз кезеңінің тағдыр өрнектерін шын бейнелей білгентақындардың қатарынан. Бұл да ақынның қазіргі поэзияның тақырыптық аясын кеңейту, мазмұнына жаңалық енгізу арқылы ерекшелеуге басты назар аударғанын байқатады. Ақын өлеңдерінің өзегіне біткен шындық пен шынайылық өмірдің өзекті мәселесін сөз етуде тың ойлар мен толғамдардың басын ашады. Суреткер ақын терең ойлы толғаныстарымен өмір, заман, тағдыр болмысын асқан шабытпен кең толғап, жұртшылықтың болашаққа деген сенімін арттырады.
Т. Әбдікәкімов өзі жете таныған, өзі көріп, жүрегімен сезінген жайларды ғана жазады. Өмірде ақынға тақырып болмайтын құбылыс жоқ. Әңгіме сол құбылыстың ішкі сырына үңіліп, нағыз ақындық қуатпен, шеберлікпен зерделей білуде. Ақынның жырлары өмір шындығын табиғи қалпында көшіретін көркем әлем деуге болады. Кез келген тақырыпты талғаусыз жаза бермейтін ақын өзі көрген, өзі жақсы білетін жайларды ғана тереңнен толғайды. Өзін толғандырған тақырыбының ішіне бойлай еніп, оны жаңа бейнелеулер арқылы әсерлі де ұтымды етіп беру – Т.Әбдікәкімовтің ақындық шебер қасиеттерінің бірі.
Қаламгер өлеңдерінің әр жолын халықтың мақсаты мен арманынан, мұңы мен сырынан бір сәт бөліп ала алмайсың. Бұрыннан да тақырыбы тың, образы оқшау, орындалу өрнегі өзгеше, айла-тәсілі тым бөлек өлеңдер жазып жүрген ақынның жинақтарынан бүгінгі күннің бітім-болмысы байқалып тұрады.
Т.Әбдікәкімов жалпы мәселелер, оның ішінде өмір мен өлім, ой, сезім, қоғам, табиғат туралы жырлады, осы тақырыптар төңірегін жеңіл емес, ойы терең, мән-мағынасы үлкен ізденістің нәтижесінде ұғынатын, ерекше философиялық ой елегінен өткізіп, астары терең әлем суретін ой өрнегімен әрлеген. Мәселен бір ғана уақыт ұғымын пенденің қалай жұмсайтынын немесе пендені уақыт қалай билеп алатыны туралы толғамды өлеңіне көз жүгіртейікші. Әрине уақыттың әр сәті қымбат, тіпті бір секунд пен минуттардың ішінде қаншама іс атқарылатынын ақын бір ғана бейнелі сөзбен, яғни дерексіз уақыт ұғымына «тіл» бітірген. Суреткер дерексіз уақыт ұғымды кемелдендіріп, ұлғайтуда да ізденіс өрісін кеңейткен:
Секунд, минут…
Өтеді сағат тағы.
Ал, көңілде – көз табы, қабақ табы… Қара Өлеңнен қаперге қанат тағып, Қара Аспанға кетердей Жан Аппағы!..

Дүйсенбі де сейсенбі…
Сенбі тағы!
Суылдайды парақтар!..
Ар Кітабы?
Көз етіңді суырып көркем дүние, Көрге дейін санаңды қаңғытады!

Қараша да желтоқсан…
Мамыр тағы! Сайтан сүйреп барады Көңіл Тағын!..

Қоян, Ұлу,.. Қой, Мешін…
Доңыз тағы!
Қорс-қорс ішіп-жеу-дағы…
Табыс табу! Әлде Адам бола алмай намыстану?!..

Түн.
Таңсәрі.
Түс!
Бесін…
Ақшам тағы!
Шапшаңдасаң, Уақыт, шапшаңдағын!
Кірпігімді енді бір қақсам тағы,
Шалға айналып кетермін, тоқсандағы… [4, 205].Уақыттың кешегі,
бүгінгі адамның сабасына түсірген ояну, сілкіну лебін қамтитын мұндай жолдардың, қарап отырсақ, формалық жағынан да өзгешелігі бар, сондықтан да бір сарындылықпен оқырманын жалықтырып алмайды. Қазіргі кездегі жаңашылдық үрдіспен жазылған өлеңдердің бір ерекшелігі қазақ өлеңіне оның буын жүйесіне әдемі сіңіп қазіргі өлең танудың ықпалына бейімделіп жаңа ырғақты жүйелерін жатырқамай енуі қуантарлық нәрсе. Бұндай дәстүрден тыс ырғақтық жүйелер диалогтық негіздегі әр тармақтың өзінше бір ой танытып, өзінше бір жаңа бастаманың негізі ретінде алынса да, түптеп келгенде бір ортақ идеяның ашылуымен мақсатына жетеді. Бұл ең бірінішіден, оқырманды әдемі ырғақ әуенмен ғана жай тербеп қоймайды, әр сөздің астарына кідіріс жасау арқылы мән беру, дыбыстық әуенге күш салу, ақиқатты тура көрсетпей, абстрактылы оймен астарлап беру, салмақты оқырманға салу сияқты жасырын оймен аяқталып отырады. Жоғарыдағы келтірілген өлеңге уақыт кеңістігіндегі әр кез, әр түрлі оқиғалар мен суреттерді көз алдыңызға келтіре отырып, жасырын сұлбаны әрқилы әрекетімен көз алдыңызға келтіреді. Бұрынғы поэзиядағыдай барды бар, жоқты жоқ деудің орнына түйінді мәселені жасырып қойып, соны таныту, көрсету мақсатында бірнеше детальдық, оқиғалық, ұғымдық әрекеттермен шиленістіру арқылы көрсетуге тырыскан. Сонда бұл жерде тек ой ғана көрінбейді сонымен бірге қимыләрекетке көшкен образ, образдылық тұлғасындағы жанды әрекеттерді де байқаймыз. Бүгінгі күннің өлеңінің ерекшелігі де сол – өлеңнің қозғалысқа түсуі, лириканың бойындағы қанның денедегі шапшып жылжуы ғана емес, содан көрінген эмоциясы «жаны» бар жанды поэзияға айналады. Мәселен, өлең алғашқыда уақыттың жылдамдығын айтумен басталса да есік пен төрдей аралықтағы адам өмірінің өмір сүру заңы жазылғандай. Сол өмірді қалай өмір сүру керек? Бір қарағанда өзімізге таныс бейнелерді көз алдымызға келтіреміз, төбедегі ұшақтан жерге қарап тұрған кісінің, сырттай бақылаушының, әрекеті сияқты көрінеді, екіншіден өткен өміріңді таспаға түсіріп алып, соны зуылдатып қарап отырып ойланатын, өз-өзіңе есеп беретін тұлғаны танимыз.
Осыған ұқсас ерекшелік келесі өлеңінен де көрінеді. Ақын мұнда да аз сөзге көп мән сыйғызып, әсерлі өлең туғыза алған:
Ойлар қандай, күндіз-түні мыйды ұрған?!
«ОРТАҚ?» «МЕНШІК?»..
Опа бермес бұлдыр мән?
Күллі дүниенің Қуанышы мен Қайғысын Құдайым-ай, екі-ақ Сөзге сыйдырған!
Қалай өзі?..
Қайғы-зарға жеңсік пе ел?
Қазына бар ма, көңілдерді көншіткен?
Сайқал сөйлеу, саудаласу, соғысу,
Қожа болу
Қозады-ай кеп МЕНШІКТЕН! [2]

Өлеңдегі лирикалық «мен» сезімін ақын өлеңнің өзіндік құрылысы арқылы шебер жеткізе білген. Дәстүрлі бірыңғай буынды тармақтарға құрылмай, іштегі ойды өңін бұзбай сыртқа шығаруа өлеңдегі тармақтарды «сындыра» қолдану да өз мәніне ие.
Ақынның «Өлең» атты шығармасының тек мазмұндық-мағыналық сипаты ғана емес сонымен бірге бейнелік сипаты да ерекше:

Ол жаңа ғана
Осы жаңа ғана,
Топырақ аңқулы жасыл сағым болатын…
Көшедегі электрлі күлкілердің өтінде,
Өрмекшінің көзіндей ғана аппақ Ой болып оянып, Жарық Дүниеге тіл шығарды Ол, жымиып.
Сен күрсіндің құбыланың түбінен [4, 120].
Бір оқып шыққан адамға ешқандай ырғақтың, буынның жүйесі сақталмаған, «жылуы жоқ» өлең сияқты. Мұны біз қазіргі кезде ақ өлеңдер, прозалық сипаттағы өлеңдер деп жүрміз. Ақынның бір сәттік көңіл күйін жеткізу мақсатында айналадағы, қоршаған ортаның әсері, ақынның соны қабылдауы, әр қабылдауда өзінше бір ой, ұғым тудыру. Ең біріншіден, айналадағы құбылыстардан өзіне жауап алу, олармен іштей «тіл табысу» әрқайсысынан өзінің тіршілігіне немесе жаратылысына сай сұрақ іздеу, тереңіне бару, түсіну, түйсіну деп білеміз. Ақынның нәзік сезімі, жүрегі үп еткен желді сезініп, жансыз дүниеге тіл бітіріп, өз жанына содан рухани азық алу сияқты әрекеттер көрінеді.
Өлең мәтінінің әсер ету сипаты да формалық өзгешелікті танытатын белгілермен, яғни, тыныс белгінің қызметімен іске асып отырады (сызықша, үтір, леп белгі, буынға бөлу).
Мәселен:
…Өледі Ақын! Өледі!..
Өлмейтін қуат бойыма
Береді досым?! Береді! –
Жарлауға біткен Жалбыздың
Жапырағын әкеп береді [4, 27].

Леп белгісі, сұрақ белгісі сияқты сыртқы пішіндік белгілерге құрылған өлеңдердің де мазмұны солай бір-бірімен жымдасып кетеді. Бұлардың негізгі қызметі – өлең жолының немесе мәтіннің әуезділік және интонациялық күшін үдету. Бұл жалпы өлең атаулыда көптеп кездеседі. Өлең әуезі мен күшін, қарқынын танытуда да әсері бар. Шешендікке құрылған өлеңдерде немесе сұрау сипатындағы өлеңдерде пайдаланады, қос леп белгісіне тең келеді, кейде интонациялық мағынаны бейнелеу түрінде де жүзеге асады.

«Дүниенің басы Түнекпен перделенген.
Соның бәрі білінбейтін бір Ағыс еді.
Ұлы Ышқыныс ұшқынынан Тұтастық туындады, Ғайыппен көмкерілген.
Кім осыны ең жоғарғы Аспанда көрген болса, Сол ақиқат біледі.
Ал, білмесе ше?..»
Судыр-судыр, судыр-судыр [4, 91].

Ақынның өз ойын ертеден келе жатқан дәстүрлі өлшемдермен беруі шығарманың әсерлілігін төмендетпейді. Халық құлағына сіңіп қалған ырғаққа салынған өлең оқырман жүрегіне тез жол табатыны белгілі. Мұның өзі өлеңнің таңбалық белгілеріне күш салу, өлеңнің қызметін арттыру мақсатында іске асқан. Дәстүрлі өлеңдерде бұл тек тілдік көркемдіктерге ғана емес, өлең пішінін қалыптастыру мақсатында да жүзеге асырылған. Демек тілдің ойлау ерекшелігіне сай поэтикалық мәтіннің образдылыққа орайласатыны көрінеді. Әрбір сөздің ішкі болмысы, қуаты көркемдікпен өлшенсе ғана, жақсы нәтиже бермек. Ол оқырманға жету үшін де бірнеше әрекеттерді басынан кешіріп өтуі мүмкін. Көбінесе бейнелілік үрдіске бейімделген өлеңдердің нышанын байқаймыз. Бұл жерде өлеңдік қуат мәселесінің бір шеті көрінеді. Ырғаққа құрылған сөздердің мағыналарының байланысуы олардың поэтикалық мәтін болып қалыптасуының негізі. Қазіргі қазақ поэзиясының тосын жаңа ырғақтық интонациялық сипаттарының орын алуы поэзиямызды одан әрі дамыта түсетіні анық. Ең бастысы өлеңнің эмоционалдық-экпрессивттік мазмұны талап ететін жіктердің көрінуі, тіпті тыныс белгілерінің қойылу сипаты да өлеңге ерекше мән беріп, жаңаша өріс алуына жол ашатынын көреміз. Сөздің ұғым, түсінік беретін мәнін, бейнелі мағынасын, оның өлеңдегі ырғағымен, әуезділігімен күшейетіні белгілі. Көбінесе адам өз-өзімен жалғыз қалғанда немесе іштей қайталап оқығанда сол тыныс белгілерінің өзі адам санасында жаңғырып, белгілі бір ұғымды қалыптастыруда, еске түсіруде жақсы қызмет атқарады. Мұның өзі оқып отырған оқырманға әсерін тигізбей қоймайды. Өлеңдік өлшемдері қазақ өлеңінің өлшемдік заңына сай келе бермейтін мұндай өлеңдердің саны көбейіп келетіні де рас. Көбінесе дәстүрлі өлшемдердің өзінен тасымал арқылы екі немесе бірнеше тармаққа таралу үлгілері кеңінен кездеседі. Әрине, бұл үрдістің сексенінші жылдардағы поэзиядан бері көрініс алып отырғанына куәміз. Бұл әрекет оның ішкі логикалық өрісімен байланысты болса керек. Логикалық немесе интонациялық екпіні мығым өлеңдердің ырғақтық күші де эмоционалдық мазмұнды болмақ. Бүгінде бүтін ырғақтық интонациялдық құрылымдарда екі не көп ырғақты тасымалдау әрекеті көрініп жүр. Кейде он бір буынды өлшемнің өзін ақындарымыз бірнеше бунақтарға бөліп, тармақ тіркесіне таратып, төрт, бес, алты буынды өлеңдерді құрайтыны бар. Яғни дәстүрлі өлеңдік өлшемдерді тармақтарға тасымалдап, «шашып» жіберетін құбылыс үрдіске айналып келеді. Тыныштықбек Әбдікәкімов кескінді өлеңде де өз шеберлігін сынайды:





ЕЛІКТЕР – ТӘҢІР
ГЕ ДЕГЕН
СЕНІМ Э лектр темірге д еген сенім т
үріне түпкілікті ау ысып. Уақыт жылдам дығы барған сайын үдей түсіп, түрлі үкіметтік төңкеріс тер мен табиғи жойқын апаттар ө рті бықси тұтанып, О ЖАЛҒАН: А+М. [2]
«Ақын пішіндік жағынан сөздермен құм сағаттың суретін салуы уақыттың өзгергіштішін, баянның жалғандығын сөз суретімен көрсетуді мақсат еткен. Егер кескінсіз, суретсіз жазғанда, мынадай мәтінді көресіз: «ЕЛІКТЕР– ТӘҢІРГЕ ДЕГЕН СЕНІМ электр темірге деген сенім түріне түпкілікті ауысып. Уақыт жылдамдығы барған сайын үдей түсіп, түрлі үкіметтік төңкерістер мен табиғи жойқын апаттар өрті бықси тұтанып, О ЖАЛҒАН: А+М.» Өлеңде өлшемдік негіздің ешқайсысы көрінбейді. Тек өлеңнің сыртқы суреті құм сағат пен оның мәнін ашатын уақыттың өткіншілігі туралы ой толғам бар»- [3, 91] деп ғалым Үсенова А. Өзінің «Қазіргі поэзиядағы дәстүрден тыс ырғақтар» мақаласында орынды пікір білдіреді.
Сөйлеу интонациясына күш түсіру Т.Әбдікәкімовтің өлеңдеріне тән сипат болса да, жоғарыдағы келтірілген өлеңінде дауыс кідірісі, екі сөз арасындағы үзіліс, ішкі ой ағымы кілт тоқтап, тоғысып келген ойды басқа арнаға бұрып жіберу, оқырманды терең мазмұнға тарту, жұмбақ шешімін таптырту соны әр оқырманның өз деңгейінде қабылдауына күш түсіреді. Тармақтардың синтаксистік қатынасының мұндай ерекшелігінің негізі – сөйлеу интонациясында жатқанын байқауға болады.
Шығарманың көркемдік қуатты болуы, бір жағынан, суреткердің интеллектуалдылығы мен эрудициясына, шеберлігіне байланысты болса, екінші жағынан, оқырман талап-тілегіне, оның эстетикалық тұщыну, қабылдау дәрежесіне тәуелді.
Мұндай жаңа түрлердің дүниеге келуі, тууы ерекше соны құбылыс болуымен бірге әлі де талай сүрлеулі, соқпақты шығармашылық үдерістен өтетін құбылыс екені белгілі. Мұндай түрдің жаппай белең алып кетуі болмаса да, ара-арасында өлеңнің формалық, кескіндемелік сипатын танытуға күш береді. Форманың түрленіп, жаңа формаға айналып келе жатқанын яғни жаңа түрдің туу процесі жүріп жатқанын бірден байқау оңай нәрсе емес. Ол жаңа түрдің бәрі айналып келгенде дәстүрлі форманың негізінде жатқанын соның нышан белгілерін танытып отыратыны заңдылық. Қазіргі қазақ поэзиясының жетістіктерінің негізіне оның тақырыптық идеялық жаңалықтары мен мазмұн байлығында жатса, сол мазмұнды ашуға жұмылдырылған форманың, яғни өлеңнің өрнектік ерекшеліктерінің маңызын кемітуге болмайды, қайта олардың пішіндік, түрлік ерекшеліктері мазмұнды шынайы жеткізер форма, оған қосымша көрік дарытып, түрлендіріп ерекше сипат беретіні рас. Демек өлеңнің айтылу қалпы, әсем үнділігі, құлаққа жағар тиімді үнділігі өлеңнің мазмұнымен, суреттілігімен, бейнелілігімен қатар жүрсе құба-құп. Осылардың бәрі өзара жымдасып, бірін-бірі толықтыра түскенде ғана өлеңнің әсер етуі, қабылдауы ерекше қуатқа ие болмақ.
Прозаның нышандары байқалатын өлеңдердің лирикалық шегіністер мен лирикалық толғаныстарға жүгінетінін білеміз. Сөйлеу тілінің синтаксистік нормасын бұзып, сөйлемнің баяндаушының белгілі бір топтағы формаларға құру – өзгешелеу ақынға тән ерекшелік. Өлең жолының бойында сөздердің тәртібі де сөйлемге ұласу үрдісі де өзгеше болып, өлеңнің заңдылығына бағынып тұруы көзделеді. Ақынның өлеңдерінде кездесетін цитаттық, аралық жол, өлеңнің жанрлық, тілдік, стильдік ерекшелігін байқатып қана қоймай, Тыныштықбекке тән қолтаңбалық ерекшелікті танытады. Оның құралына айшықты тіл де орамды ой да сонау өте ерте заманда жасалған дәстүрлі түсініктегі балбал тастар сияқты жаңаша сайрайды. Ақын жаңа үлгі жасап, тек ұқсастықты ғана тудырмай, белгілі бір сөз орамдағы ішкі мағына, ұлт ұғымындағы дәстүрлі түсініктің тамырына қарай тартып әкетеді.

Пайдаланған әдебиеттер
1. Ержанова С. Қазақ поэзиясы тәуелсіздік тұсында. – Алматы: Білім, 2010. — 320 б.
2. http://www.minber.kz/2
3. Үсенова А. Қазіргі поэзиядағы дәстүрден тыс ырғақтар.
4. Әбдікәкімов Т. Шығармалары. Ырауан. т.1. Өлеңдер, балладалар, толғаулар. – Астана: Фолиант, 2013. – 344 б.

В статье рассматриваются труды и разностороннее поэтическое творчество видного казахского просветителя – акына Т. Абдикаримова, который внес свое видение в традиционное восприятие песенного искусства посредствам поиска и исследования. Произведен анализ авторской идеи и мастерства структуры описания природных явлений в языке произведений.

The article examines the works and diverse poetic art of prominent Kazakh enlightener – akyn T. Abdykarimov by name, who has introduced his vision to the traditional perception of the singing art by searching and research. The analysis of the author’s ideas and the skill of structure description of natural phenomena in the language works have performed.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *