Н.М. Рахманова
Алматы университеті Алматы, Қазақстан
55rnm@mail.ru
БАҚТЫҚҰЛ ЖАНДҮНИЕСІНДЕГІ ДАЛА САЛТЫ МЕН НАМЫС
Мақалада “Қараш-Қараш оқиғасы” повесінің жазылуына себепші оқиғалар айтылып өтеді. Жазушының бас кейіпкер Бақтықұл бойына дала салты мен намыстың тоғысын бере білгені сөз болады. М.Әуезовтің кейіпкер табиғатын ашуда детальды,психологиялық параллелизмді шебер қолдана білгені айтылады.Кейіпкер жандүниесіндегі психологиялық арпалыстың себептері ашылады. Повесте автор баяндауы кейіпкердің ішкі монологіне ұласатыны парықталады. Кейіпкердің ішкі диалогындағы сана қақтығысын беруде уақыт пен кеңістік те ой қайшылықтарын ашуға қызмет істегені зерделенеді. Шығармадағы экзистенцализм сарынының себебі ашылады.
Мақалада табиғат, ландшафтардың символдық мәніне мысалдар келтіріледі. Жазушының жаратылыс болмысымен кейіпкер болмысынан үндестік іздегені зерделенеді.
Кілт сөздер: малды барымталау, романтикалық кейіпкер,жандүниесіндегі арпалыс, тұрмыстық деталь, сана қақтығысы, сезімдік-эмоционалдық табиғат, ландшафтар символы.
“Қараш-Қараш оқиғасы” повесін жазуда да М.Әуезов өзінің жазушылық дағдысы өмірдегі болған оқиғаларды көркем суреттеуден танбаған. Авторға повестегі оқиғалардың қаңқасын ұсынған Тұрар Рысқұлов. Тырнақалды туындысы “Қорғансыздың күнінен-ақ” оқырманын тәнті еткен Мұхтар қаламының қарымына Тұрар әкесі Рысқұл басынан өткізген мұңлы күйді сеніп тапсырса керек. Шығарма кейіпкерлері–тарихи адамдар, олардың қимыл әрекеттері шыншыл қалпында. Повестің басты кейіпкері Бақтығұлдың прототипі – Рысқұл Жылқайдарұлы, Жарасбай–Саймасай Үшкемпіров.
Мекеншақ та, уақыт та белгілі. Шығармаға сюжет болған Талғар тауының Қараш асуында 1904 жылғы қанды оқиға. Повесть 1927 жылы “Жаңа мектеп” журналында жарық көрді. М. Әуезов көптеген шығармалары сияқты “Қараш-Қараш оқиғасын” да 1936, 1959-60 жылдары да көркемдік електен өткізген.
Бақтығұлдың арманды сөзімен басталған шығарма сол үйдегі қабақ кірбіңінің төркініне жетелейді. Әке-шешесін сүзек жалмаған Бақтығұл мен Тектіғүл әкесі айтқан нағашы жұртқа итшілеп жетеді. “Нағашы дегенді іздеп барып, бұлар жиен боп жетіскен жоқ-ты”Өмірлерінің жиырма жылы Сәлмен байдың айдауында өтті. Жуан ауыл сұрауы жоқ жиендерді барымташылыққа да баулыды, болыстыққа талас тұсында қара күш ретінде пайдаланды. Бақтығұл да, Тектіғұл да өмірлерін таразыға тартып, теңсіздік әлеміне ой жүгіртпейді. Көшпелі ел малайы алатын кесікті жұрт ақысын да дәметпейді. Нағашымыз,туысымыз деген сезім Сәт, Сәлменге деген сенім “қос құлды” ұзақ жетеледі. Бақтығұлдың Қозыбақ ауылынан ажырап көшуіне жолашар болған інісі екеуінің Сәлменнің дүре жазасына бірдей ұшырауы. 1927, 1936 жылғы повестің нұсқаларында Тектіғұл басындағы трагедияны баян ететін, Бақтығұлды өзге мінезге итермелейтін тарау жоқ. Тектіғұл 1959-60 жылдары повесть өңдеуден өткенде қосылған кейіпкер. Бұл тарау қоңдыдан көрген қорлығынан оянған арнамыстың төркінін бағдарлайды.
Тектіғұл Бақтығұлдан да шерлі. Әке-шешеден 10 жасында жәудіреп қалды. Өмірінің ең бір аяулы 20 жылы кісі қабағын бағуда өтті, басынан қойғы арылмай 30 жасында күңіреніп мерт кетті. Автордың Тектіғұл өмірін межелеген 10,20,30 сандарының “0” ге бітуі кейіпкер әрекетінде болашақ жоғын меңзегендей.
Тектіғұлдың жаны үзілерде “Кегім, кегім кетті” деген ақтық сөзі– ағасына қамшы. Інісінің өлімінен кейін “Бақтығұл жұрттан бөлек басқа бір сыңайға мінді.”Ортасынан өгейсіген Бақтығұл ақ пен қараны өзінше тегістеудің жолын іздейді. Онысы–Қозыбақ ауылының, әсіресе, Сәлменнің малын барымталау. Бұл жолда ру деп руластарын да, тап деп қолы қысқаларды да іздемейді, өліспей бөліспейтін жақсылық пен жамандықтың, ізгілік пен жауыздықтың қиянкесіне өзі төреші. Жалғыз жүріп жағаласуға даяр. Осы тұстағы Бақтығұл әрекеттері романтикалық кейіпкерлермен тоқайласқандай болады. Бақтығұл семіз боз биені жайратып салып, кегін қайтарғандай күй кешеді. Ізімен қуып келген Сәлменге тілін безеп, “Тектімді тепкіңмен өлтірмеп пе едің” деп көкірек запыранын төге айтысуын байдан ыққан кедейдің сөзі дей алмаспыз. Осы тұстағы қайғы мен қасіреттің бетін ашатын трагедиялық диалог Бақтығұлдың да Сәлменнің де бір шеңбердің шегінде екенін ұқтырады. Ол Сәлменнің соққысына жауап беруден де тайсалмайды. “Жан-дәрмен қолына ұстап отырған қайың көсеуді жұлып ала, Сәлменнің қамшысын сол қолымен жұлқа тартып, көз жұмғандай шапшаңдықпен Сәлменді қақ бастан үш-төрт рет тарс-тұрс періп-періп жібереді” [1, 56].
Бақтығұлды жырынды жорыққа жетелеген аштық емес, ол “төрт-бес қара, он шақты ешкі-лақ” иесі. Қасірет үстінде жігерін қайғыға жанып ережесіз егесте жуандардың өздері баулыған ойынмен ойнамақшы. Ат үсті соғыста екі-үш кісімен соғыса алатын, аттың да, жердің де жайын білетін Бақтығұл әккі. “Қоралы қойға шапқалы келе жатқан қасқырдың құйрығын қысып, басын төмен салып, елеусізденіп сөлпеңдеп жүргені сияқты, жай ғана қалғып келе жатқан жылқышының кейпін көрсетпек болды” деген теңеу емеурінінде жылқышының да жылқының да жәйін білетін Бақтығұлдың ішкі дүниесіндегі беймазалық та қылаң береді [1, 44].
Сәлменнің қорқақ жылқышысы Қоқай кездескенде арқаланып кетіп, “Тарт қолыңды!” деп зекіп ақырып та жіберді. Танып қояр деген секемді кейіпкердің болмыс-бітіміндегі сезім тасқыны жеңді. Екі жылқышыны да кәнігілімен соққыға жығып боз биені бұғалыққа іліп кете барады.
Жалғыздық,қорғансыздық құсаландырған Бақтығұлдың жалғыз-ақ сескенетіні – Сәлмен шірітетін абақты. Автор Бақтығұлдың жандүниесіндегі арпалысты “Енді қайтті!” деген күбірмен беріп, кейіпкер ойын алдыға оздырып, ендігі ошағы абақты болатынын сездіріп, күңгірт өміріне үрейлендіреді. Бұл сөз–тығырыққа тірелген рухани күйзелген жанның сөзі. Автор табиғаты мен кейіпкер табиғатты өзектесіп кеткендей.
Бақтығұлдың өз жүрек әмірімен істеген әрекетінің ғұмыры ұзақ болмады. Дара шауып, дара қорғанып, Сәлмендерге дара жем болды. Жамағайыннан қол ұшын жалғар сүйеніш таба алмасы өзіне белгілі. Бірбет, қайратты Бақтығұлдың көкірек шерін әйеліне ақтаруы да жалғыздықтың еншісі. “Енді сүйенетін кісі таппай болмас. Қорған таппай, тірлік жоқ болды ғой. Барыңды беріп, құл болсанда, кешегі Сәлмен айтқан кеселден сақтап қалар біреудің қолтығына кірмеске лаж жоқ. Сондай жауыз жаумен ұстасар менде не дәрмен бар еді? Ойласам, бойымнан артық жұмыс екен!” [1, 60].
Қазақ ділінде ер адам сыртқы тірлігін, әсіресе,өзгеден пана іздер әлсіздігін әйеліне жайып сала бермес. Қатша “байқұс өліп қала ма, бүйтіп көрген жоқ еді, қалай айтқаны?” – деп, ішінен күдіктеніп, сескеніп отырды” [1, 60]. Осы бір тұрмыстық деталь кейіпкер табиғатын ашуға,болмысын тануға,қазақи шындықтың өмір логикасын мәлімдеуге қызмет атқарып тұр.
Автор сезім сергелдеңі үстіндегі Бақтығұл мен табиғат болмысын шебер жымдастырады. “Буылдар күңгірт күздің кәзіргі күні кірлегендей болып салбырап, кіржиіп тұр. Сұр тонды, сұр түсті жүдеу мерген сұр тас пен түнерген аспанның түсіне боялап, қалың жым-жартыққа қоса батқандай” [1, 61]. “Сұр тон”, “сұр түс”, “сұр тас” пен “түнерген аспан” біртұтас дүние. Дүние кейпі мен кейіпкер кейпі жымдасып тұр. Адамға тәуелсіз жаратылыс болмысының өзгермелілігі мен кейіпкер болмасындағы құбылыстардың үндестігін автор меңзейді. Бақтығұл қарабасындағы қайшылықты мінезін өзінің қазіргі күйімен үйлестіре біледі, оны ырықсыз, өз болмысына қайшылықты іс-әрекеттерге бастап тұрған санадағы үрей. “Барын берсе соған беріп, құлданамын десе де айтқанына көніп, қайтсе де Жарасбайға жағынып көрмек” [1, 62].
Бақтығұл Жарасбай аулына сыйымен барып, тыңдар құлаққа ақтарыла мұңын айтты. Сөйтіп, Жарасбайдың өзінен бойын ала қашпаған бейліне шүленсіп астындағы жалғыз жорғасын болыс баласына сыйлап та жібереді. Бұл да алдын-ала жоспарланбаған, сезімдікэмоционалдық құбылыстардың нәтежесі. Бақтығұл сөйтіп жүріп Жарасбай тобының Қозыбақ тобына қарсы уланған мығым оғына қалай айналғанын өзі де білмей қалады. Жарасбай аулынан Бақтығұл өзіне жұмыс, баласы Сейітке оқу тапты. Егін салды, ішіп — жемнен тарылмады.Бақтығұл жаны бір сәт сабыр тауып, сенімі қоздап, адам ішінен адам тапқандай күй кешеді.
Бұл күй ұзаққа бармады. Қырды дүрбелеңге салған болыстық партия тартысы тұсында Жарасбайға деген сенімі шайқалып,өзінің бейшаралық болмысына налып ой арпалысына түсті. “Болыстықпен ғана бедел, салмақ тапқан кісі емес. Әрі бай, ерте күннен ұлыққа беделді, саудасы да бар, “ер, мықты” деп көпке аты жайылған адам. Мұны айтса, қолынан жақсы-жаман бірдей келеді, келгенде де молынан келеді. Маңайдағы басқа болыс, хажы, бай, мырза дейтіндердің бәрінен де мұның атағы басымырақ” [1, 65] деп мінезделінетін Жарасбай күрделі тұлға. Сәлменге қарағанда айлалы да, аяр, сырдаң, сыр бермес, қалтарысы қатпарлы. Орысша оқыған адамды аулында ұстуы да жаңалық атаулыға ыңғайланғыштығынан хабардар етеді.
Жарасбай мен Бақтығұл арасындағы қарым қатынастан ауылдың әлеуметтік жағдайы, қанаушылық психология байқалады. Шығармадағы халық бейнесі де осы тұста көрінеді. Елді дүрбелеңге салған болыс сайлауы тұсына Жарасбайдың Бақтығұлға пана болу себебі, өз қамқорлығына алған дос пейілінің сыры аңғарыла бастайды. Болыстық үшін болатын тартыстың сұрқия, сұрапыл түрлері шығармада кеңінен баяндалады. Сайлау шығынына қажет қаражат табу жолында Жарасбай Бақтығұлды ежелгі дұшпаны Сәлмен, Сәт жылқысын барымталауға жұмсайды. Арғы әлемі таза Бақтығұл бұл үйреншікті ісі болса да желпінбейді. “Пана таптым, адал жолды еңбекке салындым, соған себеп болды деп сенген кісім бұл еді. Бұл мені қайда, қалай жұмсап отыр?” [1, 74] деп ойы сергелдеңге түседі. “Сен іркілетін қисын жоқ. Саған келген пәле–менікі. Тегі бойыңды тартар жерден тарт. Ал мұндай кезегі кеп тұрған дер кезінде жасқансаң, ол–жасық болғаның” [1, 75].
Жарасбайдың жан жарасын сыздатар қайрауы мен нық шешіміне Бақтығұл құлықсыз келіседі. Автор Бақтығұлдың жандүниесіндегі психологиялық арпалысты өткенін еске алу арқылы баяндайды. ”Дәл Қозыбақ аулында жылқышы боп жүргіп, барымтаға аттанатын күйлердің бірі. Талайды еске түсірді.Қозыбақ үшін алушы еді,Қозыбаққа әкеп беруші еді. Бүгін қайтіп отыр? Бұ да соның өзі ме? Апарып Жарасбайға бермекші.” Бірінен кетіп, біріне жетіп ең, не таптың? “ деп,көңіл суытқыш өкініш ойлап отырды да өзін-өзі қайта жұбатты. ”Жақсат-жаманат Жарасбайдың өзінде болатын болды.Суық, сұлу жорықтың мынадай шалқып жатқан қызығы болса, бұ да бір ғанибет емес пе?“- деп, біраз отырды да “ЖарасбайҚозыбақтың Сәлмені емес; бұл жолы өкінбеспін, өкіндірмес; cолай деп еңбек еттім ғой.Осы ойда тұрайын да қалайын”деп, өзінің табанды, тұрақты қалпына келді” [1, 77].
Автор баяндауы мен кейіпкер сөзі тоғысып кеткен, автор да кейіпкер секілді ойланады, бірақ автор монологінен кейіпкермен сана қақтығысын байқаймыз. Кейіпкердің ішкі диалогіндегі екі ұдай сезімнің мәжбүрлілік жағы басым түсіп, тәуекелге бастайды. Осы тұста уақыт та кеңістік те ой қайшылықтарын ашуға қызмет атқарады. Жарасбайдың мансап тартысындағы шығыны Бақтығұл бастатқан барымташылар әрекетімен толығып отырады. Жарасбайдың ішкі қыртысты ойы ”Бақтығұл түптің-түбінде от көсеген көсеудей күйе кететін болса, бұл малдардың құнарлы қалың топтары қайдан,қайда кеткенін білмегені дұрыс” [1, 79].
Болыстыққа қайта сайланған Жарасбай малы ұрланғандардың шағымынан іштартып Бақтығұлдан бойын аулақтайды. Болыстың бұл қылығын сырткөзге жорыған Бақтығұл әлі де Жарасбайға деген сенімін жоғалтқан жоқ. Бақтығұл мен Жарасбай арасындаңы ұзақ үнсіздік тіршілік динамикасына сызат түсіріп тұр. Жандаралдың партия жайлаған елдің болыс билеріне “тез бітім табыңдар”, “осыған көнбесе болыс атаулы орнынан түсіп, партия басылар елден кетіп, жер аударылады” деген әмірі ел жуандарын тез табыстырды. Қозыбақ әулетімен мәмлеге келген Жарасбай “ұры ұстайды” дегеннен безініп, Бақтығұлды “ұры” тізіміне тіздірді. Билер сотына шақырылған Бақтығұл ішкі диалогында “Желдің арты қай жақтан екенін білген шығарсың!”, “Неден болса да ақпын. Менде айып жоқ”, “Қара болсам, өзге қараласын. Нақ сендер қараласаңдар, көріп алармын, құдай-ақ та! Мен не болсам, сен де солсың” [1, 88] деп ішкі жандүниесінің арпалысын ашады.
Билер сотында Бақтығұл қоғамдағы сәйкессіздікке өзінше баға береді. Әділетсіздікті әлеуметтік көлемде көруге жақындайды. Әділетсіздікке тебіренген кейіпкер ойы өзгерді: “Өртеп жіберіңдер, бүйтіп итшілеп жүрген тіршіліктің бұдан былай маған көп тиынға керегі жоқ. Жалғыз үй Сарымен ешкімнің де тобы көбеймес. Келді-кетті бір жалғыз кедей. Не көрсем, де сенгенімнен көрген шығармын! Бірақ қоймаларыңды көрдім” [1, 90] деп өкіне ширығып, зұлымдық пен зымияндыққа қарсы атылған көкірек шерін төгеді.
Билердің ұрланған малды төлеуге ұйғарған кесігі мен үш жыл абақтыны кесуі Бақтығұлды жаңа сезім толғаныстарына батырып, басқа әлемге жетеледі. “Не қылса да ұстатпаймын, қолыңа тірі түспеймін, қашамын, қашамын, қашып жүріп өлемін… Егер тіпті бомай бара жатсаң, Жарасбай, көрермін!..”[1, 93] деген ой аяқ асты болған адамдық құқын қорғау үшін оның ашық айқасқа дайын екенінен хабардар етеді.
Бақтығұлға енді жолында не кездессе де, қайтуға жол жоқ. Түсіне ояуы, ояуына түсі араласқан қашқын өмірдегі ойы ылғи абақты жайы. Автор повесте диалогтан гөрі оқиғаны өзі көбірек баяндайды. Автордың баяндауы кейіпкер сөзіне, ішкі монологқа ұласып кетеді.
Бақтығұл рухани оянды,шырт оянды, оған күштілерді де күйретуге болады деген сана келді. Жауларына өліспей беріспеуге бекінді. Қашқын Бақытғұл бейнесі осы тұста тұлғаланып, романтикалық сипатқа ие болады. Бақтығұлдың ішкі психологиялық сезімкүйлері мен жандүниесіндегі толғанысының өзегі жалпыадамзаттық мәні бәр мәңгілік мәселелер жақсылық пен жамандық, мейірім мен қатыгездік, бақ пен сор төңірегіне тоқайласады. Өмір туралы толғамға шақырады. Алды-артын қамап алған қуғыншылардан дұшпанға жоқпын не өлу, не құтылу деген ниетпен Талғардың тасқынымен алысқан “Бақтығұл құла ат ағып жөнелген соң-ақ өмірден үмітін үзді. Әлдекімге “қош!” деді. Көзінен бір тамшы ыстық жас та ыршып кетті. Жалғыз жалынды арман сияқтанып: “әттең жалғанай!”[1, 99] деген бір ғана ащы күйік тілі шықты.
Бақтығұлды көпшіліктің қаумалап, қақпайлап табиғаттың өзіңе сіңдіруге ниеттенген сілтеме үкімге бейімделгіштігі өгейсітті, ортасын жатсындырды. “Қайда барса Қорқыттың көрі” болған мұнлық тағдырына нали, жалғыздықтың тозағына кіріптарланса да, өзін-өзі жұбата бұл фәниде бар екенін сезінді. Санасы түледі. Ортасы өгейсіткен Бақтығұл көңілін зерделеуде экзистенциализм сарыны аңғарылады.
Өліммен беттескен, тіршілікпен қоштасқан өліп-тірілген Бақтығұлға, өлім енді қорқыныш емес. “Қорыққаным сол ма? Ең қиын болғанда баратыным сол ғой, тәуекел, не де болса шыдадым!, “Мына сияқты итшілеп жүрген тіршіліктен біздей кісіге өлсек те түк етпейді екен” деген ішкі ой Бақтығұлды жаңа бір ниетке жетелейді. Автор оның қандай ниет екенін, “өлтірмей, жерге тықпай, тынбаймын” кімге арналған сөз екенін ашып айтпайды.
Бұл жайды А.Жақсылықов былайша сипаттайды: “Интересно осуществлен в повести и прем, так называемого,”скрытого“ или тайного психологизма. Автор прибегает к нему для изображения героя, готовящегося к мести. Его признаки – психологический процесс как бы свертывается, внутренная жизнь героя остается скрытой от глаз читателя. Непроизнесение героем имени врага, замена его иносказаниями выступают одним из средств этого приема”
[2, 11].
Автор кейіпкерінің кегі қанша қайнаса да өзі ұйғарған кесім-үкімге ауыр тебіреніспен келгенін баяндайды. Жас тоқалын ұзатып алып келе жатқан, Жарасбайдың жолын тосып, оны мерт қылуға шешімі бекем. Жүрегін қолына ұстап өз сынағынан өтті, ниетіне жетті. “Мен бүгін бір бұғы атып келемін” деп, мұрт астынан нығыз жымиуы адамнан гөрі аяуандығы басым Жарасбайдан кегін алған, біреудің қолшоқпарынсыз басымен ойлап, жанымен күйзеліп, атылатын мылтықты атқан Бақтығұлдың неге де болса тас-түйіндігінен хабардар етеді. Бақтығұл табиғаты қатпарлы, оқырманға бірде ұнайды, бірде ұнамайды. Ол жаратылысынан таза. Бірақ өмірдің шым-шытырық айрығында бірде жол таба алмай аңтарылып жабықса, бірде еңсесін тіктеп биіктеп кетеді.
М. Әуезов кейіпкеріне қалай өмір сүру қажеттігін нақтылай айтпайды, оның басындағы трагедия адам табиғатына жат емес дегендей ыңғай танытады. Бақтығұлдың айдалып кетуі – оның жеңілгені емес жеңгені. Өмір бойы өзі қашқан абақты баласына ұнап отыр. Сейіттің “Ауылдан абақты жақсысы” болмысты сезінген риясыз көңіл сөзі. Бұл даланың ережесіз егесін көзімен көріп көкірекке тоқыған зорлық, зомбылығынан шошынған сұнғыла баланың ішкі жандүниесінің бүкпесіз шындығы.
Повестегі табиғат, ландшафтар символдық мәнде де, кейіпкер психологиясын ашып, толықтыруға да қызмет атқарады. Бұл, әсіресе, повестің сегізінші тарауында ауқымды. Жарасбайды өлтіру шешіміне бекінген Бақтығұлдың ішкі жандүниесіндегі арпалыс тұсында сыртқы орта меңіреу қалмайды. “Күз аспаны кірлеп, мұнартып, алыстағы қарлы биіктердің басына сәлдедей бұлт оралып томсарып, сұрланып тұр” [1, 103]. “Кірлеп,, “томсарып”, “сұрланып” тұрған аспан реңі кейіпкер болмысымен байланыста.
Белгілі жауын тосып жатқан жолды кейіпкердің көзімен суреттейді. “Жаңа байқады: ол алыстан кең жол болып, өзге жерден ерекше жырылып айқындалып, қып-қызыл болып жатады екен. Аққан қан орны сияқты: “Ұқсасан-ұқса…” деді [1, 102]. Бірер сәттен кейін бұл жолдың қанды жол боларына кейіпкер сенімді. Бұл тұста автор бейтарап емес. Авторлық баяндауда автор–кейіпкер, автор ойының жалаңаштығы қылаң береді.
“Сарымсақтының жақын бетінде талай-талай замандар тіршілік еткен кәрі жуан қу қарағайлар жуан тамырлары адырайып, қопарылып, кәрі алыптың көп жылдар қуарып жатқан өлігіндей болып, бетке сұлай жығылып жатыр. Әр жерде де сондай қуарып тозып жатқан өлім белгісі көрінеді” [1, 103]. “Жуан” қарағай мен “жуан’ тамырдың сұлауы тағы бір “жуаның” солардың кебін киеріне бастап тұр. Айнала өлім белгісін аңсауда.“Қарағай Сарымсақтыдан әрі қарай белдеу таудың бәрін қара қошқылдандырып қаптай басып, жалпақ қара жыныс болып кеткен. Алыста Түрген суы жарып шыққан қара қойын қарағайлы, жартасты қара шат қарауытады” [1, 103].
“Қара” сөзінің үстемелей қайталануы алдағы болатын оқиғаны ғана тұспалдамайды, жалпы адамға қол көтерудің өзі сорақы қылмыс, адамның бірін-бірі құртуы жаратылыстың болмысына қиянат, қасірет қара ниеттің, қараңғылықтың үкімі дегендей леп бар.
Автордың баяндауында тау бейнесі кейіпкерге психологиялық тұрғыдан жақын, үндес, соған пара-пар түсініктермен табысып жатады. Ожардың қарлы биігі “бұл күнде ерекше жаттыққа, жайындыққа екілендіріп тартқандай болады. Бақтығұлдың нық бекінген ойына Ожардың қазіргі түрі аянышты білмейтін, қаталдықпен суынған, асау жаулық жайын сыбырлағандай болады. Бар көріністің ішінде көңіліне иек қағып дем берген айдаушы сол сияқты. Биік, суық, мұзды басынан күздің жүдеген сұр күнінің ортасында тіл келгендей. Тасты, мұзды суық табиғат бір ерекше жат жайын қимылды ыстық көріп, соны ашынып, жалынып тілегендей болады… Бұл арадан да Ожардың шошақ басы көрініп, мойын созып еліріп қарап тұр.” [1, 104].
Бұл кейіптеулер тіршілік болмысының мағыналық жүгін арқалап тұр. Тау кейіпкер ниетін құптағандай сезілсе, қарағай шошынуда.
“… Сарымсақтың қарағайлы шоқысы үрпиіп тұр”, “…Бір уақытта Бақтығұлға қарағай етектен тау басына қарай қашып бара жатқандай, бұл ойлаған ниеттен үркіп жосығандай көрінді”, қарағайдан “тау қара сеңсең бөстек жамылғандай” [1, 104].
Бұл тұста да автор жаратылыс болмысы мен Бақтығұл және Бақтығұл ниетіне куәлардың болмысынан үндестік қатынастар іздейді.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. – Т. 2. – Алматы, 1979.
2 Жаксылыков А. Проза М. Ауэзова 20-х и 30-х годов: психологизм, конфликт, повествовательные формы. Автореферат дисс. … на соиск. ученой степени канд. фил. наук. – Алматы, 1984.
В статье описываются истории, способствовавшие написанию произведения «Выстрел на перевале». Писатель в главном герое Бактыкул совместил традиции степей и честь. М. Ауэзов в раскрытии характера героя умело использует детальный, психологический параллелизм. Открываются причины психологической борьбы в душевном мире героя. В повести изложение автора развивается во внутреннем монологе героя. Во внутреннем диалоге героя в конфликте его сознание противоречит идеи пространства и времени. В произведении открываются причины мотива экзенцализма; приводятся примеры символического значения природы, ландшафтов. Он, изучая творческую индивидуальность писателя, ищет общее с личностью персонажа.
The article describes the stories that contributed to the writing of the work «A Shot at the Pass». The writer in the protagonist Bakytkul combined the traditions of the steppes and honor . M. Auezov in the disclosure of the character’s character skillfully uses a detailed, psychological parallelism. The causes of psychological struggle in the soul world of the hero are revealed. In the story, the author’s account develops into the inner monologue of the hero. In the inner dialogue of the hero in the conflict of his consciousness, the ideas of space and time contradict. The work reveals the reasons for the motive of exenzalism. The article gives examples of the symbolic meaning of nature, landscapes. He studying the creative individuality of the writer is looking for a general with the personality of the character.