М.Р. Балтымова
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Ақтөбе, Қазақстан mbr76@mail.ru
ТАРИХИ ПРОЗАДАҒЫ ЖЫРАУЛАР БЕЙНЕСІ
Мақала тарихи прозалық туындылардағы жыраулар бейнесі мен жыраулық дәстүр көрінісін зерделеуге арналған. Мұнда көрнекті жазушы Ілияс Есенберлиннің «Алтын Орда», «Көшпенділер» тарихи трилогияларындағы Асан Қайғы, Қодан тайшы, Қазтуған, Бұқар сынды белгілі қазақ жырауларының көркем бейнеленуі талданған. Жыраулардың ғибратты жырларының қазақ қоғамындағы тарихи оқиғалардың көрінісі болғандығы сараланады. Жыраулар мен ел билеушілер арасындағы тығыз байланыс тарихымыздағы жыраулар ролінің жоғары болғандығын көрсетеді. Автор жыраулардың шешендік сөздері ел тарихының тартысты беттерінің көркем куәгері болғандығын дәлелдейді.
Кілт сөздері: жырау, жыраулық поэзия, тарихи роман, фольклор, тарихи тұлға
Он томдық «Қазақ әдебиеті тарихының» фольклорлық кезеңге арналған І томында фольклорды синкретті, көпфункциялы руханият, ежелгі дүниетаным және көне мәдениет, әрі мұра, тұрмыстың бөлшегі, сөз өнері деп түсіндіреді. Фольклор үлгілерін зерттеудегі заңдылық – көшпелі-бақташылық салттағы мемлекеттерде міндетті түрде жыраулар институты болатындығы. Оны көне Түркілер қағанаты мен Алтын Орда кезеңіндегі, әсіресе Қазақ хандығы тұсындағы әдебиеттен аңғаруға болады. Фольклортанушы ғалымдардың пікірінше, «ауыз әдебиеті» деген ұғымға фольклор да, ақын-жыраулардың шығармалары да сыйғызылып, екеуінің ара-жігі толық ашылмады. Соңғы жылдарда сөз өнерінің осы екі түрін бөліп, бірін «фольклор», екіншісін «авторлық ауыз әдебиеті» деп тану қажеттігі дәлелденіп жүр. Ақын-жыраулар шығармашылығы туралы энциклопедиялық әдебиетте: «Жыраулық поэзия қазіргі Қазақстан жерін қоныстанған ежелгі тайпалар туғызған бай рухани қазынадан нәр алды, ежелгі дәстүрлерді дамыту, тың тақырыптар игеру, жаңа мазмұн қалыптастыру нәтижесінде кемелденді. Қоғам, дін, этика, адамгершілік, қарыз бен парыз, ерлік пен ездік, байлық пен кедейлік, о дүние мен бұ дүние жайлы сан-салалы ойлар тоғысқан философиялық туындылар жыраулық поэзияның терең дүниетанымдық сипатын аңғартады», — делінген [1, 238].
Көне дәуір оқиғалары мен тарихи адамдар өмірінің көркемдік ақиқатын айтуға ұмтылу тарихи прозаның идеялық жүгін көтеріп тұрады. Жалынды жазушы І. Есенберлин өзінің тарихи туындыларында сан ғасырлардың тарихын бейнелей отырып, сол уақыт ішіндегі белесті кезеңдерді сұрыптап, аты алты алашқа аты мәлім ел билеушілердің, ардақты билердің, атақты жыраулардың тарихи тұлғаларын көркем образға айналдыра білді. Жыраулық поэзияның көрнекті өкілдері жазушының «Көшпенділер», «Алтын Орда» тарихи трилогияларында ел тағдырын ойлаған абыз, ел билеушілердің кеңесшісі ретінде көркем бейнеленген.
Әдебиеттану терминдер сөздігінде: «Жырау – ауыз әдебиетінің ежелгі өкілдерінің бірі, ірі қоғамдық мәселелерді қозғайтын толғай-жырларды шығарып айтушы, жыршы болумен қатар ойшыл, ақылшы, көрген сәуегей. Жырау тұлғасы ерте дәуірде, тайпалық одақтар бірлестігі тұсында қалыптасып, ХҮ-ХҮІІІ ғасырларда үлкен өнер иесі және қоғам қайраткерлері ретінде танылған. Соғысқа кірер алдында батырларға бата беріп, толғау жырларымен жауынгерлердің рухын көтерген, саяси, әскери, дипломатиялық істерге кеңінен араласқан, мемлекет басшысының кеңесшісі қызметін де атқарған. Жырау сөзінің алғаш хатқа түсуі ХІ ғасырдан басталады. Жыраулар ауыз әдебиетін өркендетуге, халықтың өлеңжыр дәстүрлерін, сөз өнерін байытуға, суырып салма ақындық өнердің қалыптасуына зор үлес қосқан», — делінген [2, 159].
І.Есенберлиннің тарихи трилогияларында сипатталған жыраулардың бірі – Асан Қайғы. Абыз жырау шамамен 1370 жылы Еділ бойында дүниеге келіп, 1470 жылдары жүзге таяу жас жасап, өмірден өткен. Құрбанғали Халид өзінің «Тауарих хамса» атты еңбегінде Алтын Орда ханы Ұлығ-Мұхамедке сөзін өткізетін билердің бірі болған әйгілі Майқы биді Асан Қайғының арғы атасы еді дейді. Асан Қайғы ақылгөй, көреген ғана емес, сонымен бірге дәулескер күйші де болған. Оның «Ел айрылған», «Асанқайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты күйлері бізге жеткен. Асан Қайғы Әбілқайыр ұлысындағы шиеленіскен тартыстың ортасына түседі. Ол Керей, Жәнібек сұлтандар бастаған рулардың Әбілқайыр ұлысынан бөлініп шығуын қолдап, Ордадан бөлінген қазақ руларын Шу, Сарысу бойына, Ұлытау төңірегіне қоныстандыруға атсалысқан. Жыраудың осы қызметін жазушы «Алтын Орда» трилогиясында былай бейнелейді:
«Хан әңгіме бетін тағы бөтенге бұрды. Ол тағы ештеңе болмағандай күле сөйледі:
— Уа, Асан ата, көптен бері сұрамақ едім, — деді ол, — әлемнің тең жартысын алған Шыңғыс хан да дүние салды. Күн шыққанда көмескі тартқан ай тәрізді, дүниеге бөтен ұлы жиһангер келсе, біздің атамыздың да атағын тот басады. Әлемнің тең жартысын билеген ұлы Шыңғыс ханға да шын өлім осылай келеді. Ал байлық деген қолдың кірі, жусаң кетеді. Ал ханның артында ордасы қалады. Сол орда қайтсе өлмейді?
Құлаққа ұрған танадай тына қалған сарайда, енді шерлі үнге бөленген Асан Қайғының шаршағандай даусы шықты.
Ел бастаған билеріңнің, Жәнібек,
Ой өрісі теңіздей терең келсе,
Алыстағыны қырандай көре білсе,
Ханға дұрыс қатесіз ақыл берсе, Халқың тарығып күйзелмес-ті, Алтын Орда мәңгі-бақи күйремес-ті.
Төре алдындағы билердің басы төмен түсіп кеткен. Ханға да, Асан Қайғыға да қарай алмай, бір-біріне ақырын әлденелерді күбірлейді. Тек Төре би ғана жауын көрген күзендей ширығып Асан Қайғыны жеп қоярдай, тасырая түскен.
…Жанындағы ақылшы жыраудың сөзіне ден қоймаған хан дүниеден өтті. Азынаған жел ме екен, әлде сарнаған ел ме екен, жер мен көкті басып кеткен қайғылы үн. Бұл заманда даусы, тарих даусы. Алтын Орда ма, Ақ орда ма, Көк Орда ма, әлде көшпенділердің бөтен әлемге әйгілі бөтен патшалығы ма, бәрі бір олардың гүржідей ауыр салмағын халық көтерген. Алтын кеселі рашиян шарабы хандарға ғана тиген. Алтын тәжіні, кіреуке, торқа шапанды хандар киген. Маңдайы күнге күймеген, қас аруларды сол құшқан. Бақ құсы тек солардың басына ғана қонған. Ал халық болса, етегімен су ішкен, етігімен қан кешкен. Мықтылар үшін, мықтылардың әулеті үшін бірін-бірі қырған, жау санап өз бауырларына қарсы тұрған» [3, 110-113].
Жазушы Жәнібек ханның Асан Қайғымен кездесуін суреттей келіп, жыраудың күйзелісін былай бейнелейді: «Сол себептен де әлемнің жартысын алып жатқан Алтын Орданың аспанға шарықтаған айбарлы атағына қарамай, сонау өз заманын зар заман деп атаған ұлы жырау Асан қайғы:
Бүгінгі күн зарлы күн,
Бүгінгі күн кәрлі күн,
Буыршын мұзға құлаған,
Бәйтерек жерге сұлаған,
Аққу қанатынан қайырылған,
Жалғызынан ана айырылған, — десе керек-ті. Сол себептен де ол халқына қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған қиялы тудырған Жерұйығын іздеп, желмаясын еңкілдете желіп, сағым қуып кете барды» [3, 120-121].
Абыз Асан Қайғының көркемдік бейнесі «Көшпенділер» трилогиясының бірінші кітабы «Алмас қылыш» романында жалғасын тапқан: «Әбілқайыр ханның ұлы Шах-Будақ сұлтанның асында түйе жарыс, қатын күрес – бәрі аяқталып, астың ең қызығы, талай жан өкінер, талай бидің намысқа шауып қабырғасы сөгілер жыраулар айтысы басталған-ды. Айтыс төрешісі жүзден асқан ұлы жырау Асан Қайғы. Ол бұл жолы желмаясымен Көкше теңіз тұсын шолып келген-ді. Төреші боларында ол Әбілқайыр ханға:
– Атамыз Майқы биден бері бәйгі хан ордасын кім асыра мақтай алса соған беріліп келетін-ді. Бұл жолы ата жолын бұзбақпын. Егер соған көнсең төреші боламын, – деген.
Бүкіл ел-жұрты ардақтаған Асан өтінішіне хан да қарсы келе алмаған.
Асан айтыс тәртібін өзінше құрған. Бас бәйге кімде кім жауға қарсы елдің ерлігін дұрыс айтып бере алса соған беріледі. Орта бәйгі өз руының жер-суын қорғаудағы істерін дұрыс суреттеп берген адамға тапсырылады. Ал аяқ бәйгіге Дешті Қыпшақ елінің болашағын кім дұрыс болжай алса сол ие… Және жеңіс тәртібі де өзгеше. Бір жырау өз руының ерлігін паш етсе, қарсы жырау сол рудың айтылған ерлігінің кемшілігін, қатесін дат етеді. Қайсысының жыры жұрт көкейіне қонар болса, сол жеңді деп саналмақ. Шыңғыс ұрпақтарын мадақтайтын айтысқа да осы шарт. Бұл шарт үшінші айтыста да қолданылмақ: бір жыраудың болжауын екінші жырау сынауы керек. Егер сынай алмаса жеңілген болып саналады. Бас бәйгеге Қыпшақтың ұлы жырауы Қазтуған мен Арғынның ақиығы Сыпыра жыраудың ұрпағы Қотан тайшы түспек болды. Қазтуған Қыпшақ руының ерлігін мадақтап, байлығын мақтамақ, ал қарт Қотан Арғын руының атынан сөйлемекші» [4].
Бұл шығармада суреттеліп отырған жыраулар – тарихта болған адамдар. Мәселен, Қодан тайшы туралы Ш.Құдайбердіұлы: «біздің қазақта мақал болып жүрген «Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным» деген сөз Дайыр Қожаның сүйегін айналып жүріп жылаған әкесі Қодан тайшы деген кісінің сөзі, аты Қодан еді, тайшы дегені өлеңші, ақын дегені. Біздің қазақтың арғы аталы Қотан ақын дейтұғыны осы», – деп жазады [5, 22-23]. Қодан тайшы ақындығымен қоса, күйшілік өнер иесі, оның «Ақжелең» күйі кең таралған. Ал Сүйінішұлы Қазтуған өз заманында әрі батыр, әрі ақын, әрі күйші, әрі би, әрі шешен болған.
І. Есенберлиннің тарихи прозалық мұрасы халқымыз үшін бағасы кемімес ұлттық құндылықтарымыздың бірі болып қала береді. Өзінің тәуелсіз мемлекеттігінің іргесін көтеріп жатқан халқымызға еліміздің өткен кезеңдерде бастан кешірген оқиғаларын, соны жырлаушы ақын-жырау, шешендерін білу аса қажет. Жазушы өзінің «Көшпенділер» трилогиясында бес жүз жылдық қазақ тарихындағы белесті кезеңдерді сұрыптап, еліне еңбек сіңірген белгілі үлкен тұлғалардың маңайында Тәуке, Хақназар, Абылай сынды хандардың ақылшысына айналған Бұқар, Шалкиіз, Ақтамберді сияқты алты алашқа аты шыққан атақты жыраулардың жарқын тұлғаларын сомдаған.
Трилогиядағы шоқтықты бейнелердің бірі – көреген әулие Бұқар. Қазақ еліне әділдігімен, даналығымен мәлім жырау хандармен тең, иық тірестіре сөйлескен. Бұқар Қалқаманұлы – ХҮІІІ ғасырдағы жоңғар басқыншыларына қарсы қазақтың азаттық соғысын бастаушысы әрі ұйымдастырушысы атақты Абылай ханның ақылшысы. Заманындағы сыншылар оны «көмекей әулие» деген. Сөйлегенде көмейі бүлкілдеп, аузынан тек өлең төгіледі екен. Күміс көмей жыраудың өмір жолы, шығармашылығы туралы әдебиеттанушы ғалым Б.Кенжебаев: «Бұқар жырау – шығармаларының тақырыбы мен мазмұны жағынан болсын, жалпы сөзінің идеясы, ұстаған саяси жолы жөнінен де, Асан Қайғының үлгілі шәкірті. Ол – өз дәуірінің Асан Қайғысы, заманының бел баласы, қамқоршысы, ұраншысы. Оған мына жағдайлар дәлел бола алады. Бірінші – Бұқар жырау шығармаларының тақырыбы өз тұсындағы қазақ халқының жай-күйі, мұң-тілегі, болашақ тағдыры, жалпы тұрмыс, заман жайы. Екінші – Бұқар қазақ халқының бірлігін, ынтымағын көксейді. Үшінші – Бұқар жырау халық тыныштығын, бейбіт етіп, тұрмысын гүлдендіруін көксейді», – деп жазады [6, 74-75].
Жырауларды «халықтың көзі, құлағы» деп білген хандар олардың әр сөзіне мән беріп, арнайы шақыртып, оң жағына отырғызған. Жазушы «Жанталас» романында Бұқар жыраудың тегін жан емес екендігін, оның ой мен ақындықтың алтын кені, ақылгөй, кешегі мен бүгінгі еске түсіре отырып, ой түйгізетін ақылман екенін байқатады: «Бұдан шығатын түйін: «Қазақ халқы мұндай күйге қалай жетті? Осыдан екі ғасыр бұрынғы айбары қайда?» Бұл сұрақ осынау сұрапылда үлкен-кішінің көкірегіне үйелеген запыраннан кем болған жоқ. Кім бұған жауап берер? Міне, бүкіл қазақ даласына әйгілі, бұл күнде жасы қырықтарға келіп қалған шоқша сақалды, кең маңдайлы Бұқар жырау да осындай толғаныс үстінде еді. Ол есікке таяу отырған бала жігітке сезіктене көз тастады… Отырған отырысында, қимылқозғалысында бір паңдық, тәкаппарлық байқалады. Ақынның қырағы көзі алдамаса керек-ті» [4, 319]. Алыстағыны қиядан шолар, алдыға сәуегейлікпен болжам жасай білер Бұқарға мұндай қырағылық жат болмаса керек-ті. Әр нәрсеге талғампаздықпен, кірпияздықпен қарар Бұқар Абылайдың тумысы бөлек, текті жан екенін байқайды. Қазақ елінің болашағын келер күндегі жауларына қаталдығымен қыр көрсете аларын сезген Бұқар Абылайдың өзін құтқарған Ораз құлды өлтіруінің өзіне кешіріммен қарайды.
Романда Бұқар қандай жағдайда да халықтың қасынан табылады, елдің сөзін сөйлейді. Жау жан-жақтан андағайлап жатқанда да ол қарша жауған жебеден, оқтан қаймықпай, сөзбен жауынгерлерге рухани дем береді. Мысалы, жоңғарлар қоршаған Сауран қаласында халқының жанына табыла білген Бұқардың көргені мен көкейге түйгені көп екеніне тағы бір мәрте көз жеткіземіз: «… Мұсылманша хат таныған Бұқар жырау – қазақ тарихы қамтылған көне кітаптарды көп оқыған әйгілі шежіреші. Ұлы арманының бірі сол халқының ерлігін үлкен дастан ету еді. Ол қазақ халқының басынан өткен күндерін ғана емес, бүгінгі күресін де, ерлігін де жырламақ. Үш айдан бері Сауранның жауға берілмей тұрғанын естіп, кеше қара түнді жамылып, жау шебінен өткен. Содан бері қаласын жаудан қорғаған, аштыққа да, ажалға да көнген қара бұқара жұртын көріп, мұқалған көңілі бір жасарып қалған. Жыр шумағы бірінен соң бірі келіп, қиялында дастан да туа бастап еді … Халқы үшін жанын шүберекке түйіп, сөзімен сеп берер Бұқар олардың намысын қайрау мақсатында қорған үстінде тұрған Науан ұстаның арғы бабалары батырлар Қияқ пен Тұяқтың ерлігі жайында жыр толғайды» [4]. Осы эпизодтан қай жерде не айту керек екенін білетін кемеңгердің тағдыры қыл үстінде тұрған қала тұрғындарының қорқынышын дөп басып, жыр арқылы берілмейтін қамал, алынбас асу да болмайтыны көрінеді. Кейінгіге жетпеген «Тас қамал» жырынан рухтанған халық қаланы асқан шыдамдылықпен қорғайды, олардың мұншама қайсарлықтарына шыдас бермеген жоңғарлар күздің қара суығында кері қайтуға мәжбүр болады. Орынды жерде тоқтам салып отыратын Бұқар жырларының уытты ғибраты, отты ойы бар. Халық жадында есімі ханмен қатар аталар жырау Абылайдың ел билеу ісіне белсене араласып, ақыл-кеңесін ретті жерінде айта білген, жол сілтей білген:
«– Саған берер ақылым, – деген Абылайға, – замана түлкі жетекке түсіп, жауымен кең айқасудан тайсалса, сол бөктердегі өзі түстес бір қызғылт тастың қия бертінде құйрығын шаншып тұрып қалады. Қыран ондай түлкіні көруі керек. Ел билігі қолыңа тиген екен, көреген бол. Ақылың мен айлаң қатар жүрсін, – деген Бұқар тілегін ол еш уақытта аяқ асты етпей, жадында тұтты және ол сөздер оның өмір бойы темірқазық – мақсаты болып, жеңіске жетуіне, мерейі үстем болуына әркез септігін тигізді. Өзіне ақылшы бола білген, орынды жерде өз ойын жеріне жеткізе айта білетін оның сөздерін Абылай аса сақтықпен тыңдап, жатқан жыланның құйрығын баспауға тырысты [4].
Туындыда сөзімен, жырымен бітіспесті біріктірер Бұқардың Абылай түсін сәтті жорығанын байқаймыз және сол дуалы ауыздан шыққан сөздің айна-қатесіз шын шыққанын көреміз. Ол: «Қырыққа келмей табытта жатсаң – өмірің ұзақ болады екен. Басыңа жалау тігіліп, оған үш бірдей топ таласып жатса, үш жүзге хан болады екенсің, ал аяқ жағыңда тұрған үрім-бұтақтың ішінен бірі Құран оқып, бірі қанжар қайраса, Уәлидің ұрпағынан шыққан бір тұқымың атын қағазда, ал Қасымнан туған бір балаң атын майданда қалдырды екен», – деген-ді. Ел жағдайын, күйзелісін көзімен көріп жүрген Бұқар Абылайға әркез аяғын аңдап басып, сақ болу қажеттігін ескертіп, «көппен кеңесіп пішкен тон келте болмайтынын» айтып отырады [4]. Әділдігімен, терең даналығымен халық жадында мәңгі сақталған Бұқардың бейнесін жасауда автор шындықтан алыс кетпеген, бір сөзді жыраудың парасатты данышпандығын, кемеңгерлігін, бетің бар, жүзің бар демей айтып салар шыншылдығын, халық қамын үнемі есінде ұстаған ел қамқоршысы екенін тап басып суреттеген.
Тарихта болған әйгілі тұлғаларды көркем шығармада бейнелеудің бір қиындығы – олардың халқы үшін жасаған ерліктеріне әділ баға беріп, халық алдындағы шын бейнесін дұрыс жасау керек. Себебі оқырман қауым тарихи тұлғаның көркем шығармада суреттелген бейнесіне қарап, оның характеріне қанық болуды қалайды. Тарихи романшы тарихи адамдардың қатысуымен болған тарихи оқиғаны суреттеп қана қоймайды, тарихи адамдарды мұндай тарихи оқиғаны жасауға итермелеген себептерді, мотивтерді де көрсетеді. Тарихта болған жекелеген оқиғаларды халық өміріндегі маңызды күрделі басқа құбылыстармен тығыз байланыста, сабақтастықта бейнелейді. Себебі халықтың өткен өмірінде айтарлықтай үлкен маңыз-мәні жоқ шағын оқиға ірі құбылыстармен байланыста, сабақтастықта бейнеленсе, сол байланыс пен сабақтастықтың нәтижесінде өмір құбылыстарына тән ең басты, мәнді белгілерді айқындап, толықтырып ажарын аша түсуге қызмет етеді. І. Есенберлиннің тарихи трилогияларындағы жыраулар бейнесі шын мәнінде бізге жеткен аңыздар мен ауыз әдебиеті үлгілері негізінде жасалған.
Әдебиеттер тізімі 1 Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС,
2005. – 576 б.
2 Әдебиеттану. Терминдер сөздігі /Құрастырушылар З.Ахметов, Т.Шаңбаев. – Алматы: «Ана тілі», 1998. – 384 б.
3 Есенберлин І. Алтын Орда: Тарихи трилогия. 2-ші, 3-ші кітап. – Алматы: Жазушы, 1983. – 480 б.
4 Есенберлин І. Көшпенділер /Тарихи трилогия. – Алматы: «Көшпенділер», 2004. – 760 б.
5 Құдайбердіұлы Ш. Түрік, қырғыз-қазақ һәм хандар шежіресі. – Алматы: «Қазақстан және Сана», 1991. – 79 б.
6 Кенжебаев Б. Түрік қағанатынан бүгінге дейін… /Құрастырып, алғы сөзін жазған Қ.Ергөбек. – Алматы: «Ана тілі», 2004. – 344 б.
Статья посвящена исследованию вопроса изображения образов жырау и импровизаторской традиции в исторических прозаических произведениях. В ней анализировано художественное изображение известных казахских жырау Асана Кайгы, Кодан тайши, Казтугана, Бухара в исторических трилогиях «Золотая Орда» и «Кочевники» известного писателя Ильяса Есенберлина. Назидательные сказания жырау были изображением исторических событий. Тесная связь между правителями и жырау показывает, что в нашей истории роль жырау была высока. Автор доказывает, что ораторские речи жырау служат свидетельством трудной исторической судьбы нашего народа.
The article is devoted to the study of the images of zhyrau and the improvisatory tradition in historical prose works. It analyzes the art image of famous Kazakh zhyrau Asan Kaigy, Kodan taishy, Kaztugan, Bukhar in the historical trilogy «Golden Horde» and «Nomads» of the famous writer Ilyas Esenberlin. The edifying legends of zhyrau were a depiction of historical events. The close connection between the rulers and zhyrau shows that in our history the role of zhyrau was high. The author proves that oratorical speeches zhyrau serve as evidence of the difficult historical destiny of our people.