П.Т. Әуесбаева
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Алматы, Қазақстан Республикасы ksaryarka@inbox.ru
«БОЗҰҒЛАН. АХМЕТБЕК-ЖҮСІПБЕК» ЖЫРЫНЫҢ ЖИНАЛУ ТАРИХЫ
Қазақ халқының көп вариантты, эпикалық мұрасынан елеулі орын алатын, ел ішінде кең тараған батырлық жырлардың бірі «Бозұғлан, Ахметбек һәм Жүсіпбек» жыры алғаш ХІХ ғасырдың екінші жартысынан қағазға түсіп, жариялана бастады. Бұл жырдың он екі нұсқасы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының және Орталық ғылыми кітапхананың сирек басылымдар және қолжазба қорларында сақталған. Жырдың халық арасында тараған нұсқалары: «Бозұғлан» жыры, «Ахметбек-Жүсіпбек» қиссасы, «ЖүсіпАхмет» хикаясы, «Бозұғлан. Ахметбек һәм Жүсіпбек», «Бозұғлан ханның әңгімесі» т.б. атаулармен таралғанымен, олардың тақырыбы ерлік тақырыбында боп келеді. Жыр Исфаһан шаһарының патшасы Бозұғлан мен оның Ахметбек және Жүсіпбек деген екі жиені жайында жырланады.
Кілт сөздер: мотив, сюжет, эпизод, жыршы, жинаушы, нұсқа, жыр, басылым, батырлық жыр, тұпнұсқа
«Бозұғлан» жыры – түркі халықтарының ішіне кең таралған жыр. Эпостың қазақ, түркімен, өзбек, ұйғыр нұсқалары ХІХ ғасырдың аяғында Ташкент, Самарқанд, Қазан қалаларында басылды. Бұл жырдың хорезмдік нұсқасын ең алғаш рет венгр түркітанушысы Вамбери 1867 жылы жарияласа, кейін 1911 жылы тағы қайталап жарыққа шығарады [1]. Бұл жырды арнайы зерттеген ғалымдар: В.В. Радлов, В. Жирмунский, Ә. Қоңыратбаев, Ә. Марғұлан, Х. Зарифов, Х. Короглы, С. Қасқабасов болды.
Кейінгі зерттеушілердің ішінен С.Қосан өзінің ғылыми-зерттеу еңбегінде «ЖүсіпАхмет» жырының Базар жырау нұсқасына арнайы жан-жақты тоқталып, тың ой-пікірлер айтып, нақты дәлелдер келтіре отырып, өзіндік тұжырым-түйіндерін баяндаса [2], ал Гульбахрем Молотова мақаласында «Жүсіп-Ахмет» жырының түркі халықтарында жарияланған нұсқалары жайлы сөз болады [3, 56-61].
Жырдың қай елге тиесілі екендігі жөнінде қарама-қайшы пікірлер де болды. Ғалым Ә. Қоңыратбаев көптеген сюжеттердің Орта Азия, Қазақстан, Алтай халықтарына ортақ екенін айта келіп, былай дейді: «Өзбектің «Бозұғлан» жырында немесе Мұрын жырларында қазақ-өзбек батырлары дәстүрлес болып суреттелген. Олар бір-бірінен көмек табады [4, 52]. Жырды өзбек халқына теліген зерттеуші жыр кейіпкерлерін тарихпен байланыстырады. Ал зерттеуші С. Қосан: «Жүсіп-Ахмет» – Орта Азиялық сюжетке құрылған батырлық эпос. Дастанның тақырыбы түркімен халқының басынан кешкен әр түрлі тарихи оқиғаларын суреттеуге арналған» [5, 475], – деп жырды түркмен халқына тиесілі екендігін жеткізеді. Қалай дегенмен жырды бір халыққа телу мүмкін емес. Жеке халық болып ажырай қоймаған заманда халық әдебиеті де біртұтас күйде болатын.
Көршілес мемлекеттерге және елдің түкпір-түкпіріне жасалған экспедиция нәтижесінде «Бозұғлан» жырының бірнеше нұсқалары таралғандығы анықталды. Ресей Ғылым академиясының Азия халықтары қорында бұл жырдың қолжазбасы сақталынып тұр [6, 177]. Шығыстанушы С.Ф.Ольденбург жинағында жыр «Боз оғлан» деген атаумен берілген [6].
Ал енді «Бозұғлан, Ахметбек һәм Жүсіпбек» жырының қазақ тіліндегі нұсқасы тұңғыш рет 1890 жылы Қазан қаласында Ешбай Көзбергенұлы деген азаматтың қолдауымен жарыққа шыққан. Бұл жыр – осы тақырыпқа арналған эпостық жырлардың ішіндегі ең толық нұсқасы болуымен қатар, баспа бетінде толық жарияланған ең бірінші шығарма. Бұл жөнінде мынадай мәлімет бар: «Жырдың алғашқы нұсқаларының бірін Ешбай Көзбергенұлы деген (қай өңірден екендігі беймәлім) қазақ азаматы көне басылымдардың бірінен тәржімелеп, 1890 жылы Қазан қаласында кітап етіп бастырады. Шығарманың мәтінінде ескі түркі, шағатай, араб-парсы тілдері мол қолданыс тапқан. Сірә, аудармашы Ташкент қаласында немесе Қазанда шағатайша басылған түркімен дастанын оқыған қазақтар түсінерліктей сол кезде қалыптасқан “түркі” стиліне өңдеуге тырысқан. “Бозұғлан, Ахметбек һәм Жүсіпбек” жырының қазақ тіліндегі тұңғыш басылымы қара сөз көбірек араласқан өлең түрінде жазылғаны белгілі. Осы әуелгі нұсқаның сюжетіне қызыққан қазақ билеушілері эпостың мәтінін қарауындағы сауатты қызметшілеріне жолма-жол аудартып, кейін өзімен қадірлес, сөзін тыңдайтын дарынды жыршы-жырауларға өтініш етіп, өлеңмен, домбыра, қобыз сүйемелімен айтқызатын болған» [7, 6].
Бұл нұсқаның біз үшін қымбаттылығы – жырдың осы біз қарастырып, салыстырып талдағалы отырған түрлерінің ішіндегі бас-аяғы түгел, ең толық нұсқасы және оның баспа жүзін көрген бірден бір мәтін болуында.
Ешбай Көзбергенұлы осы нұсқаны кейін тағы 1894 және 1904 жылдары Қазанда жариялайды. Осыдан кейін бұл жырдың бағы тек «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көрген «Бабалар сөзі» жүз томдық сериясының жариялануымен жарқырап ашылады. 2008 жылы жеке жинақ болып «Бабалар сөзі» сериясының 47-томында «Жүсіп-Ахмет» жырының бес нұсқасы түгелдей, қолжазбадан еш өзгертусіз жарияланды [7].
«Бозұғлан» жыры жайында ғалым Ә.Марғұлан да біршама зерттеу жүргізіп, өз көзқарасын, топшылауларын еңбегінде атап өтеді. Ғалым «Бозұғлан» жыры «Қорқыт» сарынымен айтылған ескі жырдың бірі дей отырып «Бұл Қорқыт пен Омаят халифасының соңын ала шығып (Х-ХІ ғғ.), оғыз-қыпшақтар тұсында Шам өлкесіне барып, әкім болған елхандар тұрмысынан туған жыр сияқты… Бірақ асыл түбі «Бозұғлан» (Жүсіп хан) жыры ХХІ ғасырларда Арал теңізі, Маңғыстау, Үргеніш өлкелерінде туған ескі жыр болуға тиіс [8,235-236].
Бірақ осылай деп жорамалдаған ғалым еңбегінің тағы бір жерінде: «Қорқыт», «Бозұғлан» жырларының ерлік сарындары Оғыз ханның Сырдария, Үргеніш жерінен аттанып, Бағдат, Шам, Мысыр өлкелерімен жауласу оқиғаларынан туған. Бұл кез – Мысыр, Бағдат өлкелерін араб халифасын омаяттар (Жәзит) билеген VIII-IX ғасырлардың тұсы. «Бозұғлан» жыры көбінесе осы кездегі оқиғаны баяндайды [8], – деп тағы бір топшылап өтеді.
Ә.Марғұлан «Бозұғлан» жырын қазақтың танымал басқа батырлық жырларында кездесетін мотив, сюжеттерімен салыстырып, ұқсас жақтарын айқындаған. Ғалым зерттеуін былайша тұжырымдайды:
«Қорқыт», «Көрұғлы», «Алпамыс», «Бозұғлан» жырларының ерекшеліктері, яғни ұқсас жақтары – бұл жырлардың кейіпкерлері Бозұғлан, Көрұғлы Сырдария, Үргеніштен Мысырға аттанарда ол жақтың патшасы жаман түс көреді, елін жау шабатынын сезеді. Не болмаса, «Оғыз хан» (Қарахан), «Бозұғлан» жырларының адамдары Мысыр патшасының қолына түсіп, зынданға салынса, ұшатын құстан еліне сәлем айтып, әскер сұратады. Не қобыз тартып, жаудың мейірімін түсіреді. Мысыр, Бағдат патшаларының түс көретіні сияқты қалмақтың Ғайша ханы да түс көреді, «Қорқыт», «Қарахан», «Бозұғлан» жырларында зынданда жатып, құстан сәлем айту «Алпамыс» жырында да кездеседі. «Алпамыс» жырында зынданға тазша келіп тұрса, «Қорқыт», «Бозұғлан» жырларында зындандағы батырларға күн сайын Мысыр бегінің қыздары келіп тұрады. «Бозұғлан» жырындағы Жүсіп хан Көзел патшаның жұртын шабуға барып, зынданда отырған Баба Омар мен күң болып жүрген Бибі Ниязды босатып алып қайтады. Сөйтіп, «Бозұғлан» жыры «Қорқыт» жыры сияқты, ескі оғызқыпшақ жырының бір түрі болса да, кейінгі XIV-XV ғасырлардағы оқиға сарындары қосылып, жырда «қыпшақ», «қоңырат» деген сияқты сөздермен қатар, «он екі баулы өзбек» деген бергі кезде шыққан сөздер де ұшырайды» [8, 244-245].
Жырдың халық арасында тараған нұсқалары: «Бозұғлан» жыры, «Ахметбек-Жүсіпбек» қиссасы, «Жүсіп-Ахмет» хикаясы, «Бозұғлан. Ахметбек һәм Жүсіпбек», «Бозұғлан ханның әңгімесі» т.б. атаулармен таралғанымен, олардың тақырыбы ерлік тақырыбында боп келеді. Жыр Исфаһан шаһарының патшасы Бозұғлан мен оның Ахметбек және Жүсіпбек деген екі жиені жайында жырланады.
Қазіргі уақытта «Жүсіп-Ахмет» немесе «Бозұғлан» деп аталатын жырлардың 12 нұсқасы ҚР Білім және ғылым министрлігі Орталық ғылыми кітапханасы мен М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазбалар қорында сақтаулы.
Халық ақыны Мұзарап Жүсіпов жырлаған «Жүсіп-Ахмет» дастаны М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында (97- бумада) сақталған. Жырдың мәтіні араб әрпінде жазылған. Қолжазбада төте жазуымен қазақшалап түсірген Құрбанқожа Мырзақұлқожаұлы деген мәлімет бар. Ол қолжазбаны Қызылорда облысында 1957 жылдың 18-қыркүйегінде жазып бітірген. Көлемі 103 бет. 2200 жол. Жыр мәтіні үлкен канцелярия дәптеріне көк сиямен, тығыз жазылған. Өлең жолдары әр бетке бір қатардан орналасқан. Сақталуы орташа. Осы Мұзарап Жүсіпов жырлаған «Жүсіп-Ахмет» дастаны бұрын еш жерде жарияланбаған.
Шорман тапсырған «Бозұғлан» жырының келесі нұсқасы ӘӨИ-дің 193-бума 1дәптерінде сақталған. Қолжазбада «Ұшбу йазучы Чорман Білтебайұғлы. Лақап аты – Чорман дамолла» деген жазу бар. Қолжазбадағы қойылған қолға қарағанда қолжазба иесі де, оны көшіруші де Шорманның өзі. Қолжазба бірден-бірге ауысып, әрқайсысы ел аузынан естігендерін қосып жазып отырған. Қолжазба Шорманнан 1881 жылы баласы Шұбар Шорман ұғлына, одан кейін 1882 жылы Мұртаза Бөлекұғлына өткен. Қолжазба сары қатты қағазбен қапталған. Жыр қоңыр-сары қағазға қара сиямен жазылған. Беттерін қызыл қарындашпен, европалық беттеу тәртібімен белгілеген. Сақталуы орташа. Мәтін қара сөзбен және өлең жолдарымен аралас берілген. Өлең жолдары әр бетке екі, кейде бір қатардан орналасқан. 114 беттен, 4000 жолдан тұрады. Жырда Бозұғлан ханның жиендері Жүсіпбек, Ахметбектердің қызылбастармен болған соғыстары жайында баяндалады. Қолжазбаның бұл нұсқасын 1882 жылы Мұртаза Бөлекұлы хатқа түсірген екен. Көлемі – 111 бет. Қолдағы бар басқа нұсқалар секілді Шорман нұсқасы да толық жырланған. Шығарма қара өлеңмен де, жыр үлгісімен де жырланады. Қолжазба араб әрпімен және қара (бидай сиясы) сиямен сарғыш тартқан жолсыз қағазға түсірілген. Түс-формасына қарағанда қағазы Қазан төңкерісінен бұрын шыққан шығыс елдерінің қағаздарына ұқсайды. Шорман тапсырған «Бозұғлан» жыры бұрын еш жерде жарияланбаған.
Ал, «Бозұғлан ханның әңгімесі жайында» шығарма Орталық ғылыми кітапхананың «Сирек басылымдар және қолжазба қорында» (203-бума) сақталған. Қолжазбаны 1945 жылы ел арасынан жазып алып тапсырушы, өзінің ортасына белгілі халық ақыны – Жантөбетов Жақсыбай (1888-1958). Ж.Жантөбетов тапсырған қолжазба қатты қоңыр мұқабамен қапталып, ішінде бірнеше фольклорлық үлгілер сақталған. «Бозұғланның әңгімесі» араб әрпімен, көк сиямен, сарғыш үлкен жолсыз қағаздарға ұқыпты, түсінікті жазылған. Европа тәртібімен беттелген. Қара сөзбен баяндалған мәтіннің көлемі – барлығы алты бет. Шығарманың соңында басталуы мен аяқталуы – 22/ІІІ–1945 деп мезгілі жазылған. Бұл мәтін бұрын еш жерде жарияланбаған.
«Бозұғлан» жырының Бижанов Әзімбай жырлаған нұсқасы М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында (679-бума, 1-дәптер) сақталған. Қолжазба қалың қатты бумаға салынып, ұзын жолды мектеп оқушысының дәптеріне, қаракөк сиямен, араб әрпімен жазылған. Көлемі – 42 бет, сақталуы жақсы. Қолжазбада шығарманың атауы «Бұл қисса – Бозұғлан» деп жазылған. Ә.Бижанұлы жыр негізін Қазан басылымынан алғаны даусыз. Сонымен қатар ол жыр сюжеттерін қысқаша, қызықты ғып баяндаған. Бұл нұсқа тұңғыш рет «Бабалар сөзінің» 47-томында жарық көрді [7, 177-203].
Ал, «Ахметбек, Жүсіпбек қиссасы» Орталық Ғылыми кітапхананың Сирек басылымдар және қолжазба қорында (746-бума, 1-дәптер) сақталған. Айтушы – Өтешов Қали. Бұл жыр осы Өтешов Қалидың нұсқасы болып есептеледі. Қолжазбада жыршы туралы ешқандай мәлімет айтылмаған. Оны 1935 жылы қорға А.В.Васильев тапсырған. Қара сөз аралас өлең жолдары әр бетте екі, кейде үш қатардан аралас келіп отырады. Мәтін дәптердің көлеміндей жолсыз сарғыш қағазға қара сиямен, араб әрпімен жазылған. Беттері европалық тәртіппен нөмірленген. Жазуы нашар, оқылуы қиын. Барлығы – 19 бет. Қолжазба сарғыш қағазбен қапталған. Сақталуы нашар. Бұл жыр бұрын жарық көрмеген.
Осы 746-буманың 2-дәптерінде де (ОҒК) «Ахметбек, Жүсіпбек қиссасы – Бозұғлан» атты тағы бір жыр сақталған. Қолжазбаны 1935 жылы Қостанай облысына келген экспедиция мүшелері жазып алып, кейін институт қорына тапсырған. Экспедицияны кім ұйымдастырғаны белгісіз. «Бабалар сөзінің» 47-томында бұл жыр жөнінде «Жыршысы, айтушысы не тапсырушысы жөнінде еш мәлімет берілмеген» деп жазылған [7, 372]. Бұл – жаңсақ пікір. Қолжазбаны тапсырған экспедицияның мүшесі – А.В.Васильев. Жырды айтушы – Өтешов Қали. Жыр үлкен жолсыз, сарғыш қағазға машинкамен басылған. Сырты сарғыш қағазбен қапталып, жақсы сақталған. Түпнұсқасы латын не араб әрпінде болуы мүмкін. Бірақ түпнұсқасы жайында еш нәрсе жазылмаған. Қиссаны жырлаушы Қазан басылымының сюжетін сақтай отырып, өзінше көркем түрде жырлаған. Қисса жеті буынды жыр үлгісінде айтылып, кейбір тұстары он бір буынды өлшеумен жырланған. Нұсқаның тілі жатық, басқа тілден енген сөздер аз кездеседі. Қара сөз жоқтың қасы. Бірақ жыр аяқталмай қалған. Шығарма қанша көлемді болса да (3360 жол) толық емес. Оқиға желісі бітпей қалған. Жырдың көлемі – 56 бет.
Байеке Айдаболов нұсқасы деп есептелетін «Бозұғлан» жырының тағы бір нұсқасы 804-буманың 6-дәптерінде сақталған (ӘӨИ). Қолжазбаның тақырыбы «Бозғұлан» деп айтылуы бойынша жазылып және авторы Сегіз сері деп көрсетілген. Шығарма торкөз дәптерге, көк пасталы қаламсаппен кириллицада жазылған. Мәтіннің жалпы көлемі – 29 бет, жазуы түсінікті, қолжазбаның сақталуы жақсы. Соңғы беттің аяқ жағында «25.03.1975» деген жазу бар. Бұл жыр бұрын жарық көрмеген.
Жұрттың назарына соңғы кезге дейін ілінбей, беймәлім болып келген «Жүсіп-Ахмет хикаясы» атты қолжазба М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба қорында (917/7-бумада) сақталған. Ә.Қайнарбаев тапсырған ауыз әдебиеті мұраларының арасынан табылған «Жүсіп-Ахмет хикаясы» Базар жырау жырлаған нұсқаға жатады. Ол жөнінде қолжазбаның соңында мәлімет келтірілген: «1899 жылы наурыз айында Алдажардың баласы Қалқашқа аударттым. Балқының халыққа мәлім мен Базары» деген жазуы бар [9]. Базар жырау жырлаған жыр ұзын жолды канцелярия дәптеріне жазылған. Мәтін дәптердің 3-83 бет аралығында араб әрпімен әдемі, ұқыпты жазылған. Бұл нұсқа тұңғыш рет «Бабалар сөзінің» 47-томында жарық көрді [7].
1947 жылы қыркүйек айында, Қарақалпақ еліне ұйымдастырылған экспедиция кезінде жазылып алынған «Бозұғлан» жырының Мұратбай Дәуітбайұлының нұсқасы «Бозұғланның тарихы» деп аталып, Орталық Ғылыми кітапхананың сирек басылымдар және қолжазба қорында (841-бума, 4-дәптер) сақталған. Жыр Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының қолжазба қорына 1947 жылы 9 желтоқсанда түскен. Қолжазба көкшіл сұр түсті, қалың қатты мұқабамен қапталған. Шығарма үлкен, жолсыз, сарғыш түсті қағаздарға көк сиямен, бір қатарға кирилл әрпінде жазылған. Жазуы нашар, сиясы құсып жазған, сия тамған, сызып, жөнделген тұстары да кездеседі, сондықтан оқылуы қиын. Жырдың арасында қара сөзбен баяндайтын тұстары да кездеседі. Қолжазбаның көлемі – 35 бет, сақталуы жақсы. Бұл жыр бұрын жарық көрмеген.
«Бозұғланның» Әбдімұрат нұсқасы Әжінияз атындағы Нөкіс Мемлекеттік педагогикалық институты қазақ филологиясы кафедрасының меңгерушісі болған, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Қаржаубай Жұмажановтың (1936-2006) жеке мұрағатынан алынған. “Бозұғланды” айтушы Аймұраттың әкесі Әбдімұрат Қоңырбайұлы бұл шығарманы 30 жыл бойы жырлап, халық құрметіне бөленсе керек. Жырда кездесетін мотив, сюжеттері қазақтың басқа батырлық жырларындағы кейбір оқиғаларды қайталайды. Әбдімұрат нұсқасы толық, 7-8 буынды жыр үлгісіне құралған. Жолсыз ақ қағазға көк пасталы сиямен, кирилл әрпінде жазылған. Өлең жолдары әр бетке бір қатардан орналасқан. Көлемі – 84 бет, сақталуы жақсы. Бұл нұсқа тұңғыш рет «Бабалар сөзінің» 47-томында жарық көрді [7].
Бимырза Баймағамбетов («Ғылыми сипаттама» кітабында Биназар Бимағамбетов деп қате жазылған [9, 52]) жырлаған «Бозқұлан» жыры М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Қолжазба қорында (105-бума, 1-д.) сақталған. Балалар үйінің сиыршысы болып еңбек еткен Бимырза Баймағамбетов 1886 жылы Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында туып-өскен. Жырды жинаушы Әбдіхамит Бөрібаев Ғылым академиясы Тіл, әдебиет институтының кіші ғылыми қызметкері болып жұмыс істеген. Ол «Бозқұлан» жырын 1954 жылы Оңтүстік Қазақстанға барған экспедиция кезінде Қызылорда облысы, Жалағаш ауданында қисса, дастандарды жаттап, жиын-тойларда айтып жүретін 68 жастағы Биназар Бимағамбетовтен жазып алған. Қолжазба қалың ақ қағазбен қапталып, жолсыз үлкен ақ қағазға кирилл әрпінде, қарындашпен жазылған. Сақталуы жақсы. Жыр әр бетке бір қатардан орналасқан, арасында қара сөзбен баяндалған тұстары да кездеседі. Көлемі – 33 бет. Беттелуі европа тәртібімен берілген. Шығарманың соңғы бетінде «13 / VIII – 1954» деп жазылған. Бұл жыр бұрын жарық көрмеген.
Енді осы аталып өткен жырлардың арасынан ең негізгісін, әрі толыққанды нұсқасын ажыратып, жыр варианттарынөзара салыстырғанда қандай ерекшеліктері бар екендігін анықтап өтейік. Ескеретін бір жайт – бұл қолжазбалардың көбісі әлі жарыққа шықпаған дүниелер, сондықтан қысқаша болса да жыр мазмұнын баяндап өтеміз. «Ахметбек пен Жүсіпбек» жырының жоғарыда аталған варианттарын салыстырып зерттеу үшін, олардың өзара ұқсастықтары мен айырмашылықтарын анығырақ және толығырақ ашуға ыңғайлы болу үшін ең алдымен, Орталық ғылыми кітапхана қорында сақталған, осы нұсқалардың ішінде ең көнесі, әрі алғаш рет 1890 жылы Қазан қаласында Ешбай Көзбергенұлының тәржімелеп, ұсынуымен жарық көрген «Бозұғлан, Ахметбек һәм Жүсіпбек» жырын негізгі мәтін деп алып, онда жырланатын мотивтер мен эпизодтарды белгілеп тізіп алғанымыз қолайлы болады деп есептейміз. Жырдың басталуы әр вариантта әр түрлі болып келеді, яғни жырдың басталуын әр ақын өзінше жасайды, өзінше толықтырады.
«Ахметбек пен Жүсіпбек» эпосының сюжеттік желісін құрайтын негізгі тұрақты өзекті эпизодтар мыналар:
1. Бозұғлан хан өзінің екі қарындасын екі уәзіріне қосады. Олардан Ахметбек пен Жүсіпбек туады.
2. Ахметбек пен Жүсіпбек Бозұғлан ханның тәрбиесінде өседі. Олардың арасын уәзірі шағыстырады.
3. Сөзге ерген Бозұғлан екі бекке елден кетсін деп хат жазып, олар қоныстарын ауыстырып, бір көлдің жағасына келіп тоқтайды.
4. Ахметбек пен Жүсіпбек Ерғали хан мен Нәдірбек ханның қыздарына үйленіп, бірбір шаһардың билеушісі болады.
5. Мешел шаһарының патшасы Көзәлшаһ жаман түс көріп, оны Баба Ғұмарға жорытады.
6. Шаһ екі бекті ұстап әкелу үшін Мырза Мәметті жібереді.
7. Жансыз екі бектің сеніміне кіріп, нөкері болып алады. Кейін орайын тауып, екі бекті жауларына ұстап береді.
8. Зынданға түскен екі бек Баба Ғұмармен танысып, онымен бірге жеті жыл отырады.
9. Ахметбек пен Жүсіпбекке зынданның бастығы Хамза Мерсубтың Қаракөз атты қызы келіп тұрады.
10. Көзәлшаһ өзінің Көкше ақыны мен Жүсіпбекті айтыстырып, жеңіске жеткен Жүсіпбек пен Ахметбек елдеріне қайтады.
11. Еліне барған соң екі бек қалың қол жинап, қайтып келіп жауын жеңіп, зынданнан Баба Ғұмарды босатады. Екі бектің бірі Қаракөзайымға үйленеді.
М. Жүсіпов нұсқасын негізгі мәтінмен, Ешбай Көзбергенұлының жариялаған жырымен салыстырғанда біршама айырмашылықтардың бар екені де байқалды: мұнда Жүсіп-Ахметті Бозұғланға қарсы қойып, араларын ашатын уәзір жоқ. Жүсіп пен Ахметтің Бозұғланмен ренжісіп келіп тоқтайтын көлінің аты Һәуедек деп аталады. Жау патшасының аты – Көзәлша, екі батырды алдайтын жансыздың есімі – Көкше шайыр, ал түсті жоритын әулие Баба Қамбар деп аталады. Мұнда Көзәлша Көкшеге «Ақтұйғын» деген атын берсе, Ешбайда – Батпай деген жорғасын береді. Көкшенің екі батырға елінен қашып келу себебін айтатын әңгімесі басқаша, әрі бұл мұсылмандықты қабылдайды. Жүсіп пен Ахметті жауларына ұстап беру үшін алдап әкелетін тауының аты – Асқар тау. Сондай-ақ, 30 жыл бойы жат елде жүрген түркіменнің Бибінияз атты сұлу қызының барымта кезінде қызылбастардың қолына түскен оқиғасы, оның Жүсіп пен Ахметке көмегі, оларға базардан дутар сатып әкелуі, жаудан қашып шығу жолындағы зор көмегі сияқты оқиғалар Ешбай Көзбергенұлының нұсқасында кездеспейді. Жырдың аяқталуы да екі нұсқада екі түрлі.
Бұдан байқағанымыз, жыршы Қазан баспасынан шыққан «Жүсіп-Ахмет» жырын ертеден жақсы білген. Сол жырдың желісін сақтай отырып, өз тарапынан біраз өзгерістер енгізген, оқиға тартымды, қызықты әрі түсінікті болу үшін кейбір эпизод, детальдарды қосқан. Жыр толық аяқталған.
«Бозұғлан» жырының Шорман нұсқасы да негізгі мәтінмен жалпы сұлбасы ұқсас болып келгенмен өзіндік ерекшеліктері бар. Мәселен,
Ешбай Көзбергенұлы(Қазан,
1980), негізгі нұсқа Шорман нұсқасы
Қаланың аты – Исфаһан
Уәзірлері – Әжібек, Бабабек
Бозұғланға жиендерін
шағыстыратын уәзірі
Бозұғлан Жүсіпбекке хат жазып, шаһардан кетуін сұрайды.
Ахметбекке Бараржын шаһарын береді.
Мешел шаһары
Патшаның есімі – Көзәлшаһ
Түсін жорушы – Баба Ғұмар
Екі бекке келетін жансыз –
Мырза Мәмет
Жау Жүсіп, Ахметті ұйықтап жатқан жерінен бірден байлап алады.
Жүсіпбектен айтыста жеңілген Көкшеге 71 дүре соғып, қуып жібереді.
Достарының өтінішімен екі бек
Мешел шаһарын, Көзәлшаһты шаппайды, шаһ өзі мойынсұнып, екі жақ өзара түсінісіп, жыр жақсылықпен аяқталады. Асфаһан
Ағабек, Бабабек
Бозұғланның туысы шағыстырады
Бозұғлан екеуін шаһардан қуады.
Ахметбекке Арыс шаһарын береді.
Мысыр шаһары
Күзәлша
Жорушы – әлде кімдер
Көкше
Юсуф пен Ахмет тұтқиылдан қолға түссе де қырғын соғыс жасайды.
Айтыста жеңілген Көкшені өлімге бұйырады.
Еліне келіп, қол жинаған Юсүфбек пен Ахметбек Мысыр қызылбастарынан кек қайтарып, жеңіске жетеді.
Байқағанымыздай, екі жырдың мазмұнында ұқсастық өте көп. Жыршы негізгі нұсқаны Қазан қаласында жарыққа шықпай тұрған кездің өзінде-ақ жақсы білгенге ұқсайды. Сол жүйені толық сақтап, өзі аздаған өзгерістер енгізе отырып, қысқаша жырлап шыққан. Ал, негізгі нұсқада кездесетін көптеген оқиғалар кеңінен, нақты ашылып жырланады. Мәселен, Жүсіпбек пен Ахметбек екеуі алғаш рет Үргенішке келген кездерінде Ерғали ханның арнайы кісі жіберіп, қонаққа шақырып күтуі, Көзәлшаһтың кім екенін баяндайтын тұсы, жау екі бекті ұстап алып кеткен кезде олардың артында қалған 40 жігіт пен туыстарының ахуалының кеңінен жырлануы, екі бектің зындандағы жағдайы, онда Баба Ғұмармен танысуы, тырна арқылы хат жазысуы, зынданның бастығы Хамза Мерсубтың Қаракөз атты қызының екі бекке күнде тамақ әкеліп тұруы, сатқын Мырза Мәметті Жүсіпбектің өлтіруі, шаһтың босатуымен еліне қайтар жолда қыз, келіншек, жігіттің жолығуы, елдегі оқиға, Мешел қаласын шабуға келген бектерге шаһ елшілікке оның достарын жіберуі секілді эпизодтар Шорман нұсқасында кездеспейді. Екі нұсқаны салыстырғанда осындай өзгешеліктердің кездескеніне қарамастан Шорман нұсқасы Қазан баспасының негізінде жырланған эпостық шығарма деп есептейміз.
«Бозұғлан ханның әңгімесі жайында» деп аталатын Жантөбетов Жақсыбай нұсқасы – ертегі түрінде баяндалған шығарма. Қолжазбаның сюжеті толық аяқталған. Енді осы нұсқаны негізгі мәтінмен салыстырғанда мынадай өзгешеліктері бар екені анықталды: мұнда Ахметбек пен Жүсіпбек түркімен халқының ханы Бозұғланның балалары болып келеді. Бозұғланның жасы жүзге жеткенде патшалықты басқаруды балаларына береді; Қызылбас халқының ханы Көзәлшаның түсінде екі қыран бүркіт батыстан келіп соғысып, патшалығын талқандап, өзін зынданға салады; Көзәлшаның түсін 120 жасқа келген Қари баба шешіп береді; Қапияда қолға түскен екі бекті босату үшін 40 жігіті ұрыс салып, жаудың екі жүздей адамдарын өлтіреді; Зынданға екі бекті салған Көзәлша хан оларға алпыс күн өмір сүруге мұрсат береді; Көзәлша ханның сұлу қызы Парай зынданда жатқан Ахметбек пен Жүсіпбекке тамақ әкеліп тұрады, кейін одан босанып шығуларына да көмектеседі; Қызылбастың елінде екі бек тек өздері ғана жүріп, жауды жеңіп шығады. Көзәлшаға халқымен қосып дін үйретіп, мұсылман қылады; Жүсіпбек пен Ахметбек осы уақытқа дейін үйленбеген, екеуі де қызылбасты жеңгеннен кейін сол елдің қыздарына үйленіп, үлкен олжамен еліне қайтады. Жантөбетов Жақсыбай нұсқасы – негізгі мәтіннің сюжетін сақтай отырып, өзіндік ерекшеліктерімен баяндалған туынды. Қолжазба толық аяқталғанымен негізгі мәтінмен салыстырғанда қысқа ғана баяндалған.
«Бозұғлан» жырының Бижанов Әзімбай жырлаған нұсқасының жалпы мазмұны негізгі нұсқамен өте ұқсас. Дегенмен де Ә.Бижанов нұсқасында адам аттарында өзгешелік бар және негізгі мәтінде кездесетін кейбір эпизодтар мұнда кездеспейді. Жыр толық аяқталмаған. Соған қарамастан оқиғаның аяғы қалай бітетіні анық, түсінікті болып тұр. Осылардың барлығын топшылай келе ойымызды қорытындылайтын болсақ, Ә.Бижанов Қазан баспасында жарияланған жыр негін сақтай отырып, өзінше сәл өзгерістер, детальдар енгізе отырып жырлаған. Жыр аяғына дейін толыққанды аяқталмасада, бұл нұсқа сюжеттік жағынан толықтығымен әрі қызықтылығымен құнды.
Өтешов Қали жырлаған «Ахметбек, Жүсіпбек қиссасында» (ОҒК, 746-бума, 1-дәптер) негізгі мәтіндегі оқиға сақталғанымен, жырдың соңы аяқталмай қалған. Қара сөз аралас өлең жолдары әр бетте екі, кейде үш қатардан аралас келіп отырады. Жырды негізгі мәтінмен салыстырғанда мұндағы ерекшелік: ханның есімі – Бозайхан, екі бек пен ханды шағыстыратын ауыл адамы – Қаратай залым. Жау шаһарының аты – Мысыл. Ахметбек пен Жүсіпбекке келетін жансыздың есімі – Мамат. Әрі бұл жырда негізгі мәтінде айтылатын оқиғалардың, эпизодтардың көбі жоқ, қысқа жырланған және толық аяқталмаған. Дегенмен бұл жырдың негізгі Қазан баспасында шыққан жырдан алынғаны мәлім.
Осы Өтешов Қали жырлаған «Ахметбек, Жүсіпбек қиссасы – Бозұғлан» атты жыры (ОҒК, 746-бума, 2-дәптер) алдындағы нұсқасына жақын, ұқсас. Бірақ дегенмен жырдың әр нұсқасының жалпы мағынасы ұқсас болғанымен өзіндік ерекшеліктері де бар. Мәселен, Өтешов Қалидың 2-нұсқасын негізгі мәтінмен салыстыру барысында мынадай ерекшеліктер байқалды:
1. Бозұғланның Нақыл деген бас уәзірі мен Лағылхан деген қарындасынан Ахметбек, Жүсіпбек туады.
2. Бозұғлан уәзірлердің шағыстырған сөзіне сеніп, екі бекке шаһардан кетсін деп хат жазып, оған екі бек те өкпелеп хат жазады.
3. Қырық мың үймен Дарбұлақ деген жерге көшіп келген соң екі бек қырық жігітімен қайтып келіп, Бозұғланмен қырық алты күн соғысып, жетпіс екі шаһарын басып алады.
4. Мұнда түсті жорушы Баба Ғамбар түрікпен саудагері болады.
5. Мырза Мәмбет екі бектің сеніміне кіру үшін түс көргенін, онда төбесінде ай мен күн, соңынан ерген көп жұлдызы бар, бір екі аяқ баулы құстың аяқ-бауынан ұстап, онымен көкке өрлегенін, Қап тауына барып қонғанын айтады, түстің шешуін түрікпен саудагері Баба Ғамбардың айтқанын баяндап береді. «Көрген түсің өте жақсы. Ахметбек, Жүсіпбек – Үргеніштің палуандары. Ай мен күн – бастарына қонған бақтары. Көп жұлдыз – арттарынын ерген жарандары. Қап тауына барып қонса, әруақтары онан да жоғарылайды. Бектерді іздеп барып, нөкері болсаң, сонда көңілің жайланады» депті. Жүсіпбекке бұл сөздер ұнап, Мырза Мәмбетті нөкер қылып алады.
6. Екі бек қолға түсіп, әкетіп бара жатқанда Мырза Мәмбет ғаярға арыз айтып, қырық жігітпен қоштасып қалады.
7. Бұл жырда Ахметбек, Жүсіпбектің нәсілі өзбек болып шығады.
8. Екі бектің пірлері желеп-жебеп жүреді: дар ағашын құлатады.
9. Кездескенде Баба Ғамбар екі бекке жеті жыл зынданда жататындарын бірден айтады.
10. Мұнда бектерге көмектесетін Қаракөз – Көзәлшаның бас уәзірі Көкше Шағырдың қызы.
11. Жырдың негізгі нұсқасында кездесетін Бибінияз атты қыз мұнда Аспаһандық түрікпен, зынданның күзетшісі Бабанияз деп аталады.
12. Жүсіпбек пен жарының арасында хат таситын тырналарды жетпіс үйлі жөйт атып алады.
13. Екі бекке түстерінде пірлері келіп, үш гүл бергенін айтады.
14. Айтыста жеңіп, елдеріне қайтып бара жатқан екі бекке шаһ қырық қашар сый тарту етеді.
15. Жалпы шығарманың өнбойында: Ахметбек, Жүсіпбектің қолға түсіп, кетіп бара жатқанда айтқаны, Ғашірбектің жігіттеріне, екі бектің туғандарына айтатын зары, туғандарының зары, Жүсіпбектің пірлерінен көмек сұрауы, Көкше шағырмен айтысы, еліне оралып келе жатқан екі бектің сағыныш жыры, елге келгенде кездескен жігітпен, Ғашірбекпен сөздері, пірлерінің бата беріп, айтқан ақылдары, тойда отырған Нәдірбекке айтқаны, екі бектің туғандарымен көріскені – осының барлығы ұзақ, кеңейте, толықтырыла жырланған, кейіпкерлердің сезімдері ашық, айқын көрсетілген, сондықтан да жыр толық аяқталмаса да көлемді болып келуі осыған байланысты.
16. Месіл шаһарына соғысқа аттанарда Бозұғлан екі бекке қайтып келген соң туған мекендеріне, Аспаһанға қайтуларын сұрайды.
17. Ауғаннан келген батыр Шақанның екі бекке айтқан сөзі.
18. Сансыз көп қолмен келген Жүсіпбек пен Ахметбек Көзәлшаның дайындалуына үш ай уақыт беріп, сонымен бірге «бір түстен үш жүз үлкен нар, осындай әр түліктен мал әкелсін. Нардың жүні алтын ділдәдан болсын, он мың тұлпар бедеу қарадан болсын, он мың жорға ат, он мың алтын тақ керек» дейді.
19. Алдарынан қырық мың әскерімен соғысуға шыққан Мырза Мәмбет ғаярды қырық жігіт жеңіп, Мырза Мәмбетті өлтіреді.
20. Көзәлша жанымды сақта деп, Қаракөзге жалынып, екі бекке елшілікке жібереді.
Өкінішке орай, жырдың аяғы жоқ. Белгісіз себептермен аяқталмай қалған. Өтешов Қали жырлаған осы екі нұсқа да негізінен Қазан баспасы негізінде жырланған, шығарма толық аяқталмасада өзіндік ерекшеліктері бар, сюжеті толық, тілі шұрайлы, көркем жырланған эпос қатарына жатады.
«Бозұғлан» жырының Байеке Айдаболов нұсқасының мазмұны да тура Қазан баспасын қайталасада өзіндік ерекшелігі бар. Бұл жырда Бозұғлан – Хиуаның ханы. Қызы Башардан Жүсіп, Ахмет атты балалар туылады (қарындастары жоқ). Олардың әкелері ерте қайтыс болады; Қырық бес жігіттің басшысы – Әмір сардар; Баба Қамбар өзін Көзелша ханға: «Пайғамбарым – Мұхаммед, дінім – ислам, ұстазым – дүлдүл мінген хазірет Ғали, өзім – Шын-Машындық арабпын. Қазір жасым алты жүзден асты» деп таныстырады; Қамбарды отыз құлаш зынданға «Қалған өміріңде күн нұрын көрмей, шірі» деп тастайды; Жансыз Көкше Хиуа қаласына келіп, шеткері оңаша үйде тұратын отын сатқыштың үйіне мейман болып түседі де екі бек жайында сұрап алады; Көкше Жүсіп пен Ахметке: «Талабым – мұсылман болып, дінге кіру. Мысырда дарбазаның бастығы едім, өткен жанның ақшасын алып отырам. Бұл уақытта халық бұзылып, патшасы жаман болды. Біреу зорлық қылып, соны менен көрді. Мал-мүлкімді тартып алып, барлығын базарға сатты» дейді. Көкше бектерге әңгімесін айтқанда ол жерде Бозұғлан да болады; Бозұғлан Жүсіпке Көкшенің көзін құрт дегенде, Жүсіп «Ол менің құлым емес, мұсылман дінін қабылдаған соң туған інім Ахметімнен кем болмас. Құдай деп қолтығыма қорғалаған Көкшеге кім тисе, содан құн аламын» деп Көкшені қорғайды; Көкше екі бекті ұстау үшін жау әскерін әкелудегі іс-әрекеті де басқа жырлардан өзгеше; Жүсіп пен Ахметті ұстап әкелген Көкшені ғажайып алтыннан жасалған арбаға мінгізіп, жас пен кәрі Көкшеге қызмет қылады. Сонымен бірге, басқа жырларда кездесетіндей, мұнда Бозұғлан мен екі бектің арасын ешкім арандатпайды, екі бек өкпелеп, басқа жаққа көшіп кетпейді, Бозұғлан елінен екі бекті сағыныштан іздеп келмейді, Көкше жансыз сөйлегенде ол сол жерде отырып тыңдайды, жырда екі бектің үйленгені, олардың жары туралы ештеңе айтылмайды. Осы көрсетіліп отырған өзгешеліктер жырдың басқа нұсқаларында да кездеспейді. Бұл ерекшеліктер әр жырда әр түрлі болып, өзіндік өзгешеліктерімен жырланады немесе бұл эпизодтар бір жырда бар болса, екіншісінде кездеспейді. Бұл жыр бұрын жарық көрмеген.
Базар жырау жырлаған нұсқаға жататын «Жүсіп-Ахмет хикаясы» Қазан баспасында жарияланған жыр секілді ұзақ, кең жырланған нұсқаға жатады. Жырдағы оқиға негізгі мәтіндегі сюжет желісін қайталайды. Бұл нұсқаны басқа жырлардан ерекшелейтін тұсы ол – жырдың аяғына қарай жаңадан қосылған, тың эпизодтың кездесуі. Мысалы: «Тұтқынға түсіп, күң болып жүрген, түрікпен қызы Бибінияздың оқиғасы, Бибінияздың Жүсіп, Ахметпен танысып, оларға көмектесуі, базардан дутар әкеп беруі; Бибінияз бен күйеуі Қыртас екеуі патшаның барлық уәзірін қонаққа шақыруы; айтысып жатқан екі адамның сөздеріне қарап, халық пен уәзірлердің барлығы «Ахмет пен Жүсіптің кінәсі жоқ» деп жақтасып кетуі; Жүсіп түс көріп, оны Баба Қамбар жақсылыққа жоруы; Бибінияз бен Қаракөзайымның екі бектің босанып шығуына көмектесуі; Бибінияздың айтуымен Ахмет пен Жүсіптің ешкім білмейтін тау ішіндегі үңгірге тығылуы; Әшір сардар елге келіп, жанжақтан қол жинауы, бес мыңнан астам әскерге басшы болып Бозұғлан бастаған топтың Мысырдың бір тауына келуі, сол жерде екі бекпен кездесуі; екі жақтың соғысуы және Көзәлша жеңіліп, Бозұғлан оның басын алады. Қыртасты еліне хан қылып сайлап, Бибінияз ханым болады. Баяғы әділетті қырық уәзірге де билік береді. Қаракөзді Ахметке некелеп қосады. Жүсіп пен Ахмет Баба Қамбарды зынданнан босатып, Қыртасқа өле-өлгенше нәпақасын қазынадан беріп тұр деп тапсырады. Мысырда, хан ордасында үш ай жатып, батырлар еліне қайтпақшы болады. «Көкшеге қандай жаза қолданайық?» деп халықпен ақылдасқанда «өздеріңмен ала кетіңдер» дейді. Көштің соңына байлап қойған Көкше жаяу жүріп, көрешекті көріп, Қаразымның шетіне аяқ басқанда өледі. Өлігі ит-құсқа жем болады. Жанынан өткен адам тас атады екен, содан ол бірте-бірте биіктеп, тау атанған. Қаразымның жерінде «Көкшенің тауы» деп аталып кетіпті. Батырлар елге келген кезде бәрі қуаныштан көрісіп, арты үлкен тойға ұласқан. Елі екі бектің құзырына қарап, Қаразымның барлық шәрі халқымен Мамырстан аталып кетеді».
Жырды зерттеу барысында байқағанымыздай, Базар жырау жырлаған «Жүсіп-Ахмет хикаясының» сюжеті көркем тілмен, шебер баяндалған. Жырдың соңына қарай жыршы өз тарапынан эпосты жаңа сюжеттік оқиғалармен, тың мазмұнмен толықтырып, шығарманың қызықты, тартымды тұстарын көрсете отырып, әрқашан әділдік жеңетінін дәлелдеп, жақсылықпен аяқтаған.
Базар жырау мен Мұзарап Жүсіпов жырлаған «Жүсіп-Ахмет» жырларының мазмұны өзара өте ұқсас. Негізінен о баста Базар жырау жырлаған жырды жерлесі әрі бір елдің тумасы (Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы) Мұзарап Жүсіпов те естіп үйренген әрі жоғарыдағы эпизодты өзі жырлаған жырға қоса отырып, өзінше әр беріп, өзіндік ерекшелікпен баяндауға тырысқан. Базар жырау бұл оқиғаларды әдейі, орынды қосқан. Бұл орынды қосылған детальдар – жырдың негізгі мәтіндегі сюжет желісіне қосылып, жырды толықтырып, молықтырып отыратын қосалқы эпизодтар. Сондықтан Базар жырау мен Мұзарап Жүсіпов жырларында ғана кездесетін, өздеріне ғана тән ерекшелік дербес нұсқаның жасалу жолын көрсетеді.
Сонымен, «Жүсіп-Ахмет» жырының тоғыз нұсқасын негізгі мәтінмен салыстырып шыққанда байқағанымыз, жырдың барлық вариантында кездесетін «Бозұғлан хан мен оның қарындасынан туған жиендері Ахметбек пен Жүсіпбек, әкелерінен ерте айырылған балаларды Бозұғланның тәрбиелеп өсіруі, екі бектің қастарында 40 жігіттің болуы, Көзәлшаһтың түс көруі, екі бекті ұстау үшін жансыздың келуі, Ахметбек пен Жүсіпбектің зынданға түсуі, онда Баба Ғұмармен танысуы (тек Шорман нұсқасында жоқ), зынданға екеуіне қыздың келіп тұруы» жайындағы эпизод – жырдың көркем, ең тұрақты компоненттерінің бірі. Бұл эпизод мәтінінде бірлі-жарым сөз, немесе кейбір жолдардың ауысып келетіні, адам аттарында кездесетін өзгешелік болмаса, барлық варианттар бірдей, ұқсас.
Енді Бозұғланға қатысты келесі үш жырды қарастыралық. «Бозұғланның тарихы» деп аталатын жырдың Мұратбай Дәуітбайұлы нұсқасының басқа нұсқалардан айрықша ерекшелігі – мұнда тек Бозұғлан ханның жасөспірім кезінен бастап өмір тарихы жырланады. Жаменке ханның жеті жастағы Бозұғлан атты баласы ноғайлының қалмақтағы кегін аламын деп жолға шығуы, пірі Ғайып ерен қырық шілтеннің үнемі желеп, демеуші болуы, Қалқаман ханның қызы Айбаршамен танысуы, жауын жеңуі жайлы баяндалады. Осы жырға мазмұны жағынан ұқсас «Бозұғланның» Әбдімұрат нұсқасы бар. Бірақ бұл жыр көлемді әрі кең жырланған. Мұнда қысқаша түрде берілген баласыздық зары, қартайған кезінде тілегінің қабыл болуы, баланың жастайынан ерлік көрсетуі, жауынан кегін алу, болашақ жарын түсінде көріп, ғашық болуы, үйленуі. Жырда ерекше бір оқиғалар жоқ, қазақтың басқа эпостық жырларындағыдай бала өзіне ат таңдағанда тұлпар аттардың сыртқы бейнелері, олардың шабысы, соғыс кезінде иесіне оқты тигізбеу үшін жасайтын амалдары, тұлпардың иесімен сөйлесуі, жаумен жеке соғысы, жаны қысылғанда Бозұғланның, Қара дәудің зарлап жылағандары, сұлу қыздардың кескін-келбеті, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, батырдың пірлерін бір сәт ұмытқан кезіндегі әлсіздіктері, Ғайып ерен қырық шілтеннің, Ықылас ата Шашты Әзиздің көмектері ерекше сипатталып, шығармада бірнеше жыр жолдары арналған. Сонымен бірге мұнда басқа жырда кездеспейтін эпизод баланың есімі неліктен Бозұғлан деп қойылғаны баяндалады. Салыстырып талдаудың нәтижесінде, Бозұғлан жайындағы екі жырдың жалпы мазмұны ұқсас болғанымен, М.Дәуітбаев нұсқасы қысқаша жырланған, әрі жыр толық аяқталмай қалған. Ал Әбдімұрат нұсқасының мотив, сюжеттері толық, жырға қосымша эпизод, детальдар қосылып, кең жырланған. Шығарма оқиғасы қызықты, тартымды, жырлаушы қазақтың байырғы эпостық шығармаларында кездесетін жыр жолдарын ұтымды пайдалана білген.
Бимырза Баймағамбетов жырлаған «Бозқұлан» жыры алдындағы Мұратбай Дәуітбайұлы мен Әбдімұрат Қоңырбайұлы нұсқасына жақын, ұқсас болғанымен өзіндік ерекшелігі бар. Жоғарыда аталған үш жырды өзара салыстырғанда байқағанымыз, қалған екі нұсқаға қарағанда Бимырза Баймағамбетов нұсқасы қысқа, мұнда көп оқиғалар айтылмаған. Бірақ бұл нұсқада басқа нұсқаларда кездеспейтін ерекшеліктер бар: Бозқұланның батырларша ұйықтауы, жау келгенде боз тұлпардың иесін оятуы, жаумен жалғыз шайқасуы, Бозқұлан басқа жырларда Байбақты бимен дос болса, мұнда жау болып, оны өлтіріп тынады. Себебі басқа екі нұсқада да Байбақты би Бозұғланның ерлігін, батырлығын көріп, мойындап, алдына келіп кешірім сұрап, ақыреттік дос болып, үйіне шақырып, қонақ қылып, әбден жақсылап күтеді. Ал, Бимырза Баймағамбетов нұсқасында Байбақты би әскерін жинап, Бозқұланмен соғысу үшін көл жағасында күтіп тұрады. Сондай-ақ, бұл нұсқада Қарашаш сұлу жоқ, тек Айбарша ғана кездеседі. Айбарша Бозқұланның алдынан шығып, сауға сұрап, әкесі Өрімханды өлімнен алып қалады. Жырдағы басты кейіпкердің есімі – Бозқұлан. Дұрысында Бозұғлан болуы керек еді.
Қорытындылай келе айтарымыз, барлық айтушының нұсқасында дерлік жырдағы оқиға өзгеріссіз болып келеді. Жекелеген сөздер, жолдар, эпизодтар болмаса, оқиға мазмұны да, баяндау тәсілі де барлық варианттарда ұқсас. Тек кейбір нұсқада кейіпкерлердің сезімдеріне біршама тоқталып, кеңірек жырланса, ал басқа нұсқаларда тұлпардың, сұлу қыздың сырт келбеті, сөзі, жүріс-тұрысына айрықша тоқталып, ерекше суреттеледі. Әр жырдағы оқиғаны ашық, анық етіп әрлеп жырлау, кей детальдарды қысқа қайырмай кеңейте, түрлендіре жырлау әрбір жырдың айтушысына байланысты. Жырда көне мотивтер жиі кездеседі. Мысалы, батырды қолдап, қорғап жүретін Ғайып ерен қырық шілтен, Баба Түкті Шашты Әзіз, ақылды Бозұғланның, Айбаршаның алдағыны болжауы, Көзәлшаһтың түс көруі, Бозұғланның жас кезінде елі үшін жауына аттанғанда және екі бектің зынданда жатқанда пірлерінің аян беруі – бәрі де өте ертеден келе жатқан мотивтер. Ол мотивтер – жырға бір кезде бір ақынның қосқан қосындылары емес, ғасырлар бойы халық аузында өмір сүріп келген жырға әр ғасырдың, әр дәуірдің, әр ақын-жыршының қосқан қоспалары.
Біз қарастырған «Ахметбек-Жүсіпбек, Бозұғлан» жырын о баста өте дарынды, импровизатор ақын шығарған, кейін оны әрбір жыршы-жырау бір-бірінен үйреніп, әрқайсысы жырды өз тұрғысында жырлағанмен жырдың негізгі мазмұны, сюжеттік фабуласы, композициялық тұтастығы берік сақталған.
Пайдаланған әдебиеттер
1 Жирмунский В.М., Зарифов Х.Т. Узбекский народный героический эпос. – Москва, 1947. – 180 c.
2 Қосан С. Базар жырау Оңдасұлының әдеби мұрасы (ақындық дәстүр, жанр, поэтика). Филология ғыл. кандидаты дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация. – Алматы, 2005. – 145 б.
3 Молотова Г. Списки народных дастанов: к вопросу историзма фольклора // Известия национального центра археографии и источниковедения. – Астана, 2012. №3. – С.56-61.
4 Классикалық зерттеулер: Көп томдық. Т.16: Қоңыратбаев Ә., Бердібай Р. Фольклор және әдебиет туралы зерттеулер / Жалпы ред.басқ.: У.Қ.Қалижанов (төраға); Жауап.ред.: С.С.Қорабай, Құраст.: Д.Б.Мұхамадиев, Н.Биғараева; ҚР БҒМ «Ғылыми қазына» мақсатты бағдарламасы . – Алматы : Әдебиет әлемі, 2013. – 432 б.
5 Қосан С. «Жүсіп-Ахмет» дастаныныңқазақ-түркімен нұсқалары // Ұлысаралық түркологиялық конгресс. – Түркістан, 2013. (61-71 бб.)
6 Боз оглан. Ленинградское отделение ИНА АН СССР. в.346. – 321 с.
7 Бабалар сөзі: Жүз томдық. – Астана: Фолиант, 2008. Т.47: Батырлар жыры. – 2008. – 424.
8 Марғұлан Ә.Х. Шығармалары. – Алматы: Алатау баспасы, 2007. ІІІ том. – 488 б. 9 Қайнарбаев Ә.жинаған ауыз әдебиет үлгілері. ӘӨИ, ҚҚ: Ш. 917/ 7. – 83 б.
Шартты қысқарту
ӘӨИ – М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты
ОҒК – Орталық ғылыми кітапхана
Один из известных в казахском эпическом наследии богатырских эпосов «Бозуглан, Ахметбек и Юусуфбек» имеет многочисленные варианты и уже со второй половины ХІХ века стал записываться, а затем и издаваться в казанских типографиях. Двенадцать вариантов поэмы сохранились в фондах Центральной научной библиотеки МОН РК и в рукописном фонде Института литературы и искусства им. М.О. Ауэзова КН МОН РК. Распространенные среди народа под разными названиями – поэма «Бозуглан», кисса «Ахметбек-Юусуфбек», хикая «Юусуф-Ахмет», «Бозуглан. Ахметбек и Юусуфбек»,
«Рассказ о Бозуглан хане», варианты сочинения имеют схожее содержание, в жанровом отношении определяющееся как богатырский эпос. Основная сюжетная канва повествует о двух племянниках царя Бозуглана – Ахметбеке и Юусуфбеке.
One of the famous epic legends of heroic epic «Bozuglan, Akhmetbek and Yusufbek» has numerous variants and from the second half of the XIX century it began to be recorded and then published in Kazan printing houses. Twelve variants of the poem have been preserved in the funds of the Central Scientific Library of the Ministry of Education and Science of the Republic of Kazakhstan and in the manuscript fund of the M.O. Auezov Institute of Literature and Art of Committee of Sciences of MES of the RK. The poem «Bozuglan» which is popular among the people under different names as poem «Akhmetbek-Yusufbek», the poem «Yusuf-Akhmet», «Bozuglan. Akhmetbek and Yusufbek», «The story about Bozuglan Khan», the variants of the composition have a similar content, genre defined as a heroic epos. The main storyline narrates of two nephews of Tsar Bozuglan — Akhmetbek and Yuusufbek.