А.М. Төлеубаева
Л.Н. Г умилев атындағы ЕҰУ Астана, Қазақстан aknur.87@mail.ru
КӨРКЕМ АУДАРМА ЖӘНЕ МЕТАФОРАНЫҢ БЕРІЛУ МӘСЕЛЕСІ
Берілген мақалада көркем аудармадағы метафораның берілу мәселесі талқыланады. Метафораға анықтама беріліп, сонымен қатар көркем аудармада метафоралардың қолданылу және берілу ерекшеліктері сипатталады. Ә. Нұрпейісовтің «Қан мен тер» шығармасы мен Кэтрин Фитцпатриктің ағылшын тіліне жасаған аудармасы негізінде метафоралардың берілу ерекшеліктері сараланып, аударма барысындағы қиыншылықтарды шешу жолдары беріледі.
Кілт сөздер: метафора, деметафоризация, метафоралар классификацияы, метафораларды аудару, көркем шығармаларды аудару, аудару тәсілдері
Көркем аударма – аударматанудағы ең бір күрделі де күрмеулі сала. Көркем аудармада шығармашылық белгі-сипаттарының лингвистикалық және мәдениеттанушылық қырлары аударманың өзге түрлеріне қарағанда айрықша бедерленіп көрінеді. Ал көркем шығармаларды аударуда ерекше жауапкершілік жүктелетіндіктен, аудармашыдан лингвистика мен аударма теориясы саласында жеткілікті дайындықпен қатар, әдебиетшілік, мәдениеттанушылық, стилистік дарын да талап етіледі.
Қазақ тілінде жазылған көркем шығармаларды ағылшын тіліне аударуда шығарманы аудармашының оқырманға тұтастай жеткізуі мен автор мен аудармашының арасында тіл үндестігі мен рухани үндестігінің сәйкес болуы. Аударма барысында аудармашыға қиындық тудыратын себептердің бірі метафораларды аудару мәселесі. Метафораны аудару кезінде қиындық тудыратын себептің бірі, оның семантикалық құрылымының күрделілігі болып табылады. Сондықтан, бастапқы мәтіндегі метафора мен оның аударма мәтіндегі сәйкестігін оның семантикалық құрылымы анықталғаннан кейін салыстырған жөн.
Аудармадағы метафора аудармашының қалауынан ғана тумайды, ол түпнұсқаға сай пайда болады. Аудармашы түпнұсқада жоқ метафораны аудармаға алып келе алмайды, өз жанынан көркемдік бейнелеу құралдарын жасауға онын еркі жоқ. Алайда мұндай талапқа жауап беру оңай емес. Түпнұсқадағы метафора аудармада теңеуге айналып кетуі немесе теңеудің метафорға айналып кетуі тәжірибеде аз кездеспейді. Түпнұсқа мен аударманың сәйкес бірліктерін салыстырып қарастырғанда, мұндай жағдайлардың неше түрі кездеседі.
Аталған жайларды салыстырып қарастырғанда, бар сәйкестіктерді баламалық принципінің негізінде екі топқа бөлуге болады:
1. Құрылымдық баламалы сәйкестік;
2. Құрылымдық баламалы сәйкестік емес;
Құрылымдық баламалы сәйкестікке төмендегідей ерекшеліктер жатады:
— метафораларды метафорамен аудару;
— аудармадағы ақпараттың мазмұны түпнұсқадағы ақпараттың мазмұнымен бірдей болуы;
— аудармадағы метафораның түпнұсқадағы метафорамен салыстырғанда көлемді ақпаратты қамтуы;
Құрылымдық баламалы емес сәйкестіктің ерекшеліктері метафораны бейтарап тілдік құралдармен немесе образбен аударумен сипатталады. Мұндай жағдай түпнұсқадағы метафоралық құрылым мен прагматиканың жоғалуына, ал бұл өз кезегінде образдың жойылуына алып келеді.
И.Р. Гальперин метафорадан «екі түрлі түсініктің белгілерінің ұқсастықтарына негізделген заттық логикалық мағына мен контекстуалды мағынаның байланысын көреді»
[1, 74].
Әдетте, жай метафораны аудармада сақтауға болады, ал авторлық теңеулерді аудармада жеткізу үшін образды ауыстыруға тура келеді. Метафора мағына теориясы бойынша қарастырылады. Бір тілде айтылған нәрсені басқа тілде жеткізуге болады, бірақ айтылған нәрсенің реципиенттің тілінде мағынасы болуы керек [2, 210].
Ю. Найда аударма дегеніміз аударма тілінде түпнұсқаға жақын баламаны жасау деп түсінеді. Сондай-ақ ғалым баламалылықты формальды және динамикалық деп қарастырады [3, 163]. Метафораны аудару кезіндегі баламалалықты сақтау үшін келесі факторларды ескерген дұрыс: мәдениет, метафораны аудару ережесі, мәтін түрлері.
Н. Ньюмарктің пікірінше метафораның аударылуы алдыменен оның қандай мәтінде қолданылғанына байланысты. Мәтіннің екі түрі бар: ақпаратты мәтін, мұнда лексикаланған метафоралардың функционалды қуаты жоқ, сондықтан олар аударудың жоғары деңгейіне ие. Екіншісі экспрессивті мәтін, мұнда метафора үлкен ақпаратты қуатқа және аударудың төменгі деңгейіне ие болып контекстуалды, семантикалық, прагматикалық ақпараттарды жеткізеді [4, 94].
Мәдениет факторын метафораның мәніне әсер етуінен аудармада қиындықтар туындайды. Түпнұсқадағы метафораны аудару деңгейі төмендегідей жағдайларға байланысты: 1) метафораның құрамындағы белгілі бір мәдени тәжірибе мен семантикалық ассоциацияларға байланысты; 2) әрбір нақты жағдайда «сәйкес келу» деңгейіне тәуелді бола тұрып, рецепиенттің тіліне тән емес туындаудың болуы немесе болмауына байланысты.
Метафораны аудару барысында төмендегі ережелердің бірінің сақталуының ескерген жөн:
— Түпнұсқадағы метафоралық образдарды аудармада сақтау, бірақ аударма тіліндегі оқырмандар үшін шынайы метафоралық образ болуы қажет;
— Метафораны басқа метафорамен алмастыру;
— Метафораны теңеумен аудару;
— Метафора аударма тілінде түсінікті болу үшін қосымша түсініктеме мәлімет беріп, метафоралық образды сақтау;
— Метафораны аудармада өзгертіп беру [5, 85].
Көркем шығармаларда поэтикалық және стилистикалық көрініс өте маңызды болып келеді. Бұған себеп аудармашы аудару барысында сөздердің ауысып түсуі, метафоралардың астарлы мағынада қолданылуымен жиі кездеседі. Мұндай жағдайларда сөз пішінің жоғалту мәтіннің бөлігінің жоғалуына әкеледі. Сондықтан да метафоралық ұғымның сақталып қалуы аудармашы үшін өте маңызды.
Тілдік таңбалардың бір категориядан екінші категорияға ауысуы – тілдің барлық функционалдық деңгейінде жиі қызмет атқаратын әмбебап құбылыс. Сондықтан да төл әдебиетіміздің, тіліміз бен әлемдік әдебиет айнасындағы проза жанрының дамып жетілген көркем тілін жетік меңгерген жазушымыз Әбдіжәмил Кәрімұлы Нұрпейісовтің туындысындағы метафораның негізгі ойды, субъективтік көзқарас пен ұлттық танымды білдірудегі, айқындаудағы рөлін, белгілі жағдайға байланысты метафоралардың транспозициясы (өзгеруі, құбылуы), сонымен қатар аталмыш жазушының шығармасын екі тілде салыстыра зерттеу – бүгінгі күннің талабы. Негізгі қарастырылатын мәселелердің бірі – Ә. Нұрпейісовтің “Қан мен Тер” романын ағылшын тіліндегі аудармасын салғастыра талдау, көркемдік бейнелегіш тәсіл болып табылатын метафораларды аудару кезінде аудармашылардың кездестіретін қиыншылықтарын олардың себебін анықтау. Әрине, аудару кезінде оларды бейтарап сөздермен алмастырып қолдануға болады және автордың стиль ерекшелігін сақтау үшін орыс тілінің экспрессивтік құралдарын барынша шебер пайдалана білу керек. Осы негізде аударма мәселесін лингвистикалық аспектіде қарастыру өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Осыған орай А.Нұрпейісовтың “Қан мен Тер” романындағы метафоралардың берілу жолдары ерекше қызығушылыққа ие. Ньюмарк өзінің “A Textbook of translation” оқулығында аудармашының аударма барысында кезіктіретін екі басты мәселесі ол мәтін аударуда оңтайлы тәсіл таңдау және метафораларды аудару екеніне аса көңіл аударады. Бұл екі мәселе тіл білімінде ежелден келе жатқан ауқымды сұрақтардың бірі. Жоғарыда берілген классификациялар бойынша, метафораларды аударудың бірінші тәсілі, аудару кезінде алғашқы бейнесін сақтап аудару тәсілі арқылы келесі метафоралар жүзеге асқан:
Мысалы: “Осының бәрі күнде есіте бергесін еті өліп кеткен” [6, 6] сөйлемінде автор “еті өліп кеткен” дәстүрлі метафораны қолданған. “Еті өліп кеткен” ел аузында, дағдыланып, үйреніп кеткен деген мағынаға ие. Аудармашы ағылшын тілінде оны “He had long become accustomed to all this”, “Ол бұнын барлығына дағдыланып кеткен” [7, 4] яғни сөйлемдегі accustomed — әдеттену, дағдылану сөзін пайдаланып, “Ол бұрыннан осының бәріне үйреніп кеткен” деп аударма береді. Берілген сөйлемде біз аудармашының метафораның түсіріп, қарапайым сөзбен алмастырғанын байқаймыз. Бұл метафораларды аудару кезінде алғашқы бейнесін сақтап аудару тобына жатады. Д.Арутюнова классификациясына сүйенетін болсақ [8, 8], бұны образды метафоралар қатарына жатқызуға болады, себебі, берілген метафора астарлы мағына мен тілдің синонимдік тәсілінің дамуына қызмет етіп тұр.
“Сонан соң жеңінің аузына мұз қатқан су-су киімін босағада тұрып шешті де, етігімен төрге шықты”[6, 6] — cөйлемінде автор “жеңінің аузына” деген метафораны қолданған. Бұл метафора түрі дәстүрлі метафоралар қатарына жатады. Сөз тіркесінің негізгі мағынасы киімінің жеңі туралы айтқысы келгені белгілі. Алайда автор оны метафоралау жолымен әдеби түрде жеткізді. Аудармашы ағылшын тілінде метафоралау тәсілін қолданбай, тек қана “Then, standing at the threshold, he pulled off his wet clothes, with the sleeves still frozen, and threw those down as well,” [7, 4] -“Кейін босағада тұрып, жеңі әлі де мұз қатқан су-су киімін шешіп, төмен тастады” деп жеткізді. Көріп тұрғанымыздай, жеңінің аузына метафоралық тіркесі тек қана sleeves-жеңі деп аударылды. Cөйдемде біз аудармашының метафоралық бірлікті түсіріп, жай ғана бір сөзбен жеткізгенің байқаймыз. Оған қарамастан, аудармашы аударма барысында метафораның алғашқы бейнесін сақтап қалды. Д. Арутюнова классификациясы бойынша, номинативті метафоралар қатарына жатады, себебі сөйлемде жеңінің аузына тіркесінің аудармасы ағылшын тілінде бір дескриптивті ұғымның екіншісіне ауыстырылып және омонимнің көзі болып қызмет етіп түр.
“Жел ызғары қатая бастады” [6, 7] сөйлемінде автор дәстүрлі метафораны қолданған. Н.Д.Артюнова классфикациясына сүйенсек, бұл образды метафора. Аудармашы метафораны “The wind began to whistle” [7, 5] деп, яғни жел ызғыра бастады деп, П.Ньюмарктың метафораларды аудару тәсілдерінің алғашқысы, аударма барысында метафораның алғашқы бейнесін сақтап қалу тәсілі бойынша аударманы жүзеге асырған.
“Маған қойғызғанмен ел аузына қақпақ бола алмайсың” [6, 8] сөйлемінде автор поэтикалық метафораны қолданған. Ал аудармашы аудармасында “All the time, ‘shut up’ this and ‘shut up’ that” [7, 7] деп метафораны аударудың бірінші тобына сәйкес, аудару кезінде алғашқы бейнесін сақтап аударды. Дәлірек айтсақ, аузына қақпақ болу — аузын жабу, ағылшын тілінде ‘shut up’ деп аударылды. Н.Д.Арутюнова классификациясына сүйенетін болсақ, бұл метафора образды метафоралар қатарына жатады, ол астарлы мағына мен тілдің синонимдік тәсілінің дамуына қызмет етіп тұр.
“Осы опыр-топырдан сескеніп, қамап тұрған көздер жылысқандай болды, тіпті азырақ шегінді де, бірақ ит тынышталған кезде, көздер де ескі орнында тағы көрінді” [6, 8] сөйлемінде автор өз қолданысындағы поэтикалық метафораны қолданған. Н.Д.Арутюнова классификациясына сүйенсек, берілген метафоралар образды метафораларға жатады. Жұмыс барысында образды метафоралардың есебі көп екенін айтып кеткені жөн. Оның бір себебі, образ шындықты танып-білуде әдебиет пен өнерге тән ерекше эстетикалық категория. Образды метафоралар көркем шығармада сөзбен сомдалған кез келген құбылысты (көбінесе әдеби қаһарман бейнесін) сипаттауда үлкен қызмет атқарады. Аудармашы берілген сөйлемді “The commotion caused the circle of eyes to shift restlessly for a moment and even to withdraw a bit, but it settled down again as the dogs became quiet” [7, 7] деп аударады. Берілген аударма түпнұсқаға сай, бейнесі сақталып жасалынған.
“Еті қызып апты” [6, 9] метафорасы дәстүрлі метафоралар қатарын толықтырады. Бұл метафоралық бірлікті пайдалану барысында, автор кейіпкердің қатты ашуланғанын жеткізгісі келген. Н.Д.Арутюнова классификациясы бойынша, бұл образды метафора. Метафоралық бірлік ағылшын тіліне түпнұсқа бейнесі сақталып, “He was angry and overheated” [7, 8] деп аударылған. Яғни, ол қызу ашуда болды деп аударсақ болады. Алғашқы мағына сақталып, метафора аударудың бірінші тәсілі сәтті жүзеге асқан.
“Әлсіз жел түнде жауған ұлпа қарды боратып, көк тайғақ мұз бетін жалаңаштап, ырситып ашып тастапты” [6, 9] — әлсіз жел дәстүрлі метафорасы, Н.Д.Арутюнова классификациясы бойынша образды метафора. Еламан сырт киімін сыпырып тастап, жаңа қатқан мұзды талмай ойып, аудың арқалығын тиіп алды [6, 10]. Тұла бойы бусанып, еті қызып ентігіп тұрды да, кенет әйелі есіне түсіп асыға бастады [6, 10]. Ертен тағы балық керек екенін білсе де, ауын басқа жерге аударып салуға асықты [6, 11]. Берілген сөйлемдерде автордың метафораларды қолданғанын көреміз. Аудармашы бұл сөйлемдерді аудармай, тіпті тастап кеткен. Бұл жерде, ауқымды қалдырып кету әдісі қолданылған.
Шығармада байқайтынымыз, жазушы бір ғана лексикамен бірнеше метафоралық тіркестер жасаған. Келтірілген мысалдардағы метафоралар сырттай ұқсастығынан гөрі, логикалық-мағыналық қана ұқсастықтары сақталып түзілген. Дүниенің астаң-кестеңін, заманның өзгеруін, өмір көрінісін көзбен көріп отырғанымыздай, нанымды етіп, бірнеше бейнеде жасаған. Логикалық, бейнелік ұқсастықтан құрылған бұл секілді тіркестердің бойындағы көркемдеу мәні ерекше. Метафоралық тіркестер, ең алдымен, образды суреттеу тәсілі болып табылады. Бір сөзден құрылған метафоралар әр сөйлемде әр түрлі бейнелі құбылысты танытады. Яғни метафора транспозициясы автордың қолданысында өзіндік сипат алады. Мұнда автор бір ғана сөзді бейнелі образбен суреттесе болар еді. Бірақ суреткердің шеберлігінің арқасында бірнеше сөз тіркесіне, яғни метафора транспозициясына айналған тіркестер өте көп.
“Бір кіндіктен жалғыз” [6, 14] – дәстүрлі метафора, бұл үйдегі жалғыз ғана бала болғанын білдіреді. Образды метафоралар қатарына кіреді. Аударма барысында мұны “He was all alone” [7, 11]. “Ол жалғыз болды” деп аударады. Әрине, мағына ауыспай, түпнұсқаға сай келіп отыр, бұл жерде аудармашы алғашқы бейнені сақтап, жеңілдетіп аударғанын байқаймыз.
“Ақша оған сәуле төккендей”[6, 15] — дәстүрлі метафорасы. Мұнда автор ақшаның маңыздылығын көрсеткісі келген. Н.Д.Арутюнова классификациясына сүйенсек, образды метафоралар қатарын толықтырады. Аудармашы метафораны ағылшын тіліне
“Money was now his light” [7, 16] деп аударады. Мұнда аталым ретінде «light — жарық» зат есіммен берілген, «important — маңызды» ұғымын вербалдайды, «жарық» деген сөз мұнда «барлық маңызды нәрсе, жалғыз нәрсе» мағынасында берілген. Аудармада түпнұсқа мағынасы сақталып, П. Ньюмарктың аудару тәсілінің бірінші түріне сай, бейне сақталып аударылған.
“Үскірік жел суырған жусан түбінің топырағы әп-сәтте ақ жалаңаштанып ырсиып қалды” [6, 257] Сөйлемі метафоралық образды сомдап, дәстүрлі метафоралар қатарын толықтырады. Аудармашы ауыспалы мағынада берілген сөйлемді ағылшын тіліне “From that point forward, the wind would not cease, soon it sucked and squeezed all the juice out of the earth”
[7, 259] деп метафоралау процессі арқылы аударылған. Бұл аудармадағы squeezed all the juice out of the earth/сжать все соки из земли қазақ тіліне жерді жалаңаштады десек болады. Аударма “Осы сәттен бастап жел тоқтамай, жақын арада сорылып және жерді жалаңаштады” деп аударады. Аудармадағы метафора түпнұсқаға сай, бейнесі сақталып аударылған.
Енді П. Ньюмарктың метафораны аудару жолдарының екінші тәсілі, бейнені ауыстырып аудару тәсілімен жүзеге асқан метафоралар қатарына келетін болсақ, бұл аудару тәсілі іріктеудің ең аз пайызына ие. Бұнын бірде бір себебі, бейнені ауыстыру арқылы кейбір жағдайларда аударманың түпнұсқадан ауытқуы байқалады. Мұндай жағдайларда аударма
еркін аударма деп саналғанымен де, шынайы аударма қалайда түпнұсқаға сәйкес болуы шарт. Бұл аудармашының алдына қойылатын негізгі шарттың бірі. П.Ньюмарктың бұл тәсілімен аударылған келесі сөйлемге тоқталайық. Бұл сөйлемде дәстүрлі метафораның аудару жолының ерекше түрін байқауға болады. — “Бізді асыраймын деп-ақ жаныңды жалдап жүрсің” [6, 38] сөйлеміндегі жаныңды жалдау метафорасы –“He‘s completely tormented, poor thing” [7, 36] деп аударылған, бұл сөйлемде метафораларды аударудың екінші тобы — бейнені ауыстырып аудару тәсілі арқылы жүзеге асқан. “Жаныңды жалдап жүрсің” – tormented — азап шеккен сөзімен ауыстырылған. Н.Д.Арутюнованың классификациясы бойынша, образды метафоралар қатарына жатқызамыз. Себебі, сөз тіркесі бірыңғай сөзбен ауыстырылып, синонимдік қатар құрады.
“Аяғы аспаннан келіп отырды” [6, 33] – дәстүрлі метафора. Н.Д.Арутюнова классификациясы бойынша, образды метафора. Аудармашы метафораны “happen to be head over heels” [7, 32] – деп метафораны идиомамен аударады. Head over heels [ in love] идиомасы ағылшын тілінде “ғашық болу” деген мағынада. Бұл жерде бейне ауыстырылып, метафораларды аударудың екінші тәсілі жүзеге асты.
“Еламанның ашуы келгендей түсі суыды” [6, 46] сөйлемі авторлық метафорадан құралған. Метафораның бұл сөйлемдегі негізгі қызметі ауыспалы мағынада жұмсалуы. Н.Д.Арутюнова классификациясына сай, бұл образды метафоралар қатарын толықтырады. Ағылшын тіліне метафора П. Ньюмарктың оқу –әдістемесіне сай бейнесі ауыстырылап “A flush of angry blood pervaded Elaman’s face” [7, 45] деп аударылған. Аударылған сөйлем
“Ашуға булыққан Еламанның бетіне қан толды” деген мағынада берілген. Көріп тұрғанымыздай, аударма түпнұсқа бейнесінен ауытқып, ауыстырылып аударылған. Қазақ тілінде түсі суыды — бетінен қаны қашты тіркесіне пара пар. Ағылшын тілінде аудармашы керісінше blood pervaded — қанға толу деп аударма жасаған. Бұл жерде біз аудармашының бүтіннің бөлшегін бейнені ауыстыру арқылы аударғанын көруге болады.
Осы мысалдарға қарап, метафоралардың екі тілде де қолданылуы әр түрлі деуге болады. Тек қана орыс және ағылшын тілінде ауыспалы мағыналардың қолдануы сақталады да, қазақ тілінде тек қана аудармасы беріледі. Бұл тұжырым көптеген шығармаларды зерттеу барысында анықталған. Ньюмарктың аудару тәсілдерінің үшінші тобына, аудармашының түпнұсқаға еш сүйенбей, яғна деметафоризация әдісі арқылы метафораны аудару жатады. Бұл жағдайда метафора алғашқы мағынасын жоғалтып, басқа көрініс алады. Бұл тәсіл туралы П.Ньюмарк аз жазған жоқ. Кез келген аудармашы бұл тәсіл арқылы аудара алмайды. Себебі, бұл тәсіл көркем аударманың қасиетін арттырып, түп — нұсканың мағыналық байлығын, ой-толғамдары мен сезім иірімдерін, көркемдік өзгешеліктерін жаңғыртып, жарқырататын, қайта туғызатын суреткерлік шеберлік болып табылады. Осы тәсіл арқылы жүзеге асқан метафоралар: “Қарақатын көсеумен жерді салып қалды” [6, 14] түпнұсқадағы cөйлемінде біз ешқандай метафораны байқамаймыз. Бұл контекст бойынша, Қарақаттың өте ашулы, үміті үзілген деп баяндайды. Алайда аударма барысында аудармашы сөйлемді метафоралау тәсілін қолданып “The light died in Karakatyn’s eyes” [7, 13] яғни, “көзінің жарығы сөнді”, “үміті үзілді”. Сөйлемде light died деген аудармашының авторлық метафорасын байқауға болады. Көріп тұрғанымыздай, түпнұсқадан тыс, мүлде басқа мағынада аударылған. Мұнда біз метафораның үшінші тобын байқай аламыз, яғни бұл сөйлемде аудармашы түпнұсқаға еш сүйенбей, өз нұсқасын беріп, толықтырып отыр. Н.Д.Арутюнова классификациясына орай, бұл жалпылаушы метафоралар (когнитивті метафораның соңғы нәтижесі), яғни лексикалық мағынадағы шекара сөздерді логикалық тәртіп арасынан жоятын және логикалық полисемиянын пайда болуына себепші болатын метафоралар қатарына жатқызуға болады.
Адамның әлемді тануы оның тікелей қатысуымен жүзеге асады, сондықтан метафораны аудару үшін алдымен аудармашы аударатын тілінің қоршаған ортасын бақылауы, бағалауы, сезінуі, қабылдауы арқылы жүзеге асады. Себебі кеңінен қолданылатын метафора адам өміріндегі болып жатқан жағдайларға, әртүрлі ұқсастықтарға негізделетіні анықталды.
Нақты заттарды таңбалауына байланысты жасалған метафоралар заттар мен құбылыстардың сыртқы пішін, қасиеттердің ұқсастығына және қызметтерінің ұқсастығына байланысты түрлі тәсілдермен аударылды.
Көркем шығармадағы жеке қолданыстағы метафоралар тікелей автордың ішкі дүниесін, ойлау қабілетін, тұрмыстық жағдайын баяндайды.
Н.Д. Арутюнованың ұсынған классификацияға сүйенсек, А. Нұрпейісовтың “Қан мен тер” романында астарлы мағына мен тілдің синонимдік тәсілінің дамуына қызмет ететін образды метафоралар көп.
Метафора жайлы зерттеу жұмыстарын жүргізу қазіргі қоғам дамуындағы өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Әсіресе, соңғы жылдары осы тақырып жайлы талқылау қарқынды түрде дами отырып, ірі қоғамдық және өндіргіш күшке айналуда. Оның дамуы, рухани құндылықтардың артуы мен ой еңбегінің ауқымының кеңеюіне байланысты.
Қорытындылай келе, метафораның көркем шығармада алатын рөлі зор екенін айтып кетуіміз керек. Алайда метафораларды аудару оңай аударыла бермейтін стилистикалық әдістің бірі болып табылады. Себебі ол өз алдына жаңа ұғым әкелетін күрделі стилистикалық тәсіл. Метафоралық семантика бірнеше өзара байланысты бөлшектерден тұрады: Сөздің бастапқы мағынасы, салғастыру нәтижесінде туындайтын образ және метафораны пайымдау нәтижесінде пайда болатын образ жаңа ұғымдық мазмұн. Осыған байланысты метафораның семантикалық қосқырлылығы, екіұдайлығы туралы айта аламыз, демек метафора көп функционалды болып табылады, сондықтан оны аудару кезінде қиындыққа тап боламыз. Метафораны аударуда ең басты құрал ол алдымен түпнұсқадағы метафораның мағынасын толыққанды түсіну.
Әдебиеттер тізімі
1 Гальперин И.Р. Текст как объект лингвистического исследования. – М, 2007. – 291стр.
2 Lorher W.Translation Performance, Transaltion Process, and Transaltion Strategies:
Phsychological investigation. – Tubingen: Gunter NarrVerlag, 1991. – 307p.
3 Nida E. The theory and Practice of Translation –Leiden, 1969. – 336p.
4 Комиссаров В.Н. Общая теория перевода –М. ЧеРо, 2000. – 136стр
5 Кеңесбаев С., Мұсабаев Ұ., Қазіргі қазақ тілі, Лексика, фонетика. – А., 1972. 6 Нұрпейісов Ә. “Қан мен Тер” – Алматы, 1976. – 823б.
7 Nurpeisov А. “Blood and Sweat” Liberty, 2013. – 903
8 Арутюнова Н.Д. Образ, метафора, символ в контексте жизни и культуры // Res philolica. Филологические исследования. – М-Л.: Наука, 1990. – С. 8.
В данной работе рассматриваются сложности перевода с казахского на английский язык посредством русского языка такого лингвистического средства выразительности, как метафора. Дается его характеристика, также описываются разработанные методы перевода метафор в художественных произведениях. Рассмотрены и проанализированы примеры перевода метафор в романе Абдижамил Нурпейсова «Кровь и пот», а также в переводе Кэтрин Фитцпатрик «Blood and sweat». В результате исследования было выявлено, что 2/3 метафор были переданы путем сохранения оригинального смысла.
This article considers the complexity of translation from Kazakh into English through the Russian language of such a linguistic means of expressiveness as a metaphor. Its specific features are given; the developed methods of translation of metaphors in literary texts are also described. Examples of translation of metaphors in Abdi-Jamil Nurpeisov’s novel «Blood and sweat», translated by Catherine Fitzpatrick, are considered and analyzed. The research revealed that the use of metaphors in translation significantly depends on a translator and that in translation only about 2/3 of all metaphors of the original text are preserved. It was also revealed that one of the most common shortcomings in translation, which weakens the emotional-expressive force of a metaphor, is its replacement by a comparative construction.