ҮНДІ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ШЕШЕНДІГІ

А.А. Көшекова
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Алматы, Қазақстан koshekova71@mail.ru

ҮНДІ ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ШЕШЕНДІГІ

Мақалада қадым замандағы Шығыс шешендік өнері, ежелгі үнді шешендігі, көне қытай шешендігі, сонымен қатар ұлы философ,ұстаз Конфуции жайында сөз болады. Үнді және қытай елдерінің шешендік өнерінің ерекше тұстары салыстырмалы тұрғыда талданған. Конфуций ілімі көне дәуірдің шешендік сөзінің тамаша үлгісі екендігі мақалада дәлел табылады.

Түйін сөздер: Қытай шешендігі, үнді шешендігі, Конфуций ілімі, Мысыр елі, веда, дін, философия.

Қазақ өркениеті жалпы адамзат өркениетінің бір бөлігі екені белгілі. Бұл тұрғыдан қазақтың шешендік өнерін де бүкіл әлемдік көркем сөз дүниесінің контекстінде қарастырған дұрыс. Қазақ шешендігінің түп-тамыры болған түркі көркем сөз дүниесіне ең алдымен қытай, үнді, иран, араб тәріздес көршілес халықтардың әсер еткені сөзсіз. Бай мұраға ие ежелгі Үнді шешендігінің классикалық грек-рим шешендерімен салыстырғандағы бір ерекшелігі мұнда есімі әлемге жайылып кекткен атақты шешендерді атау қиын. Себебі, үнді философиясы жеке авторлық мәселесіне мән бермеген, көне мәтіндер дербес авторлардың емес, белгілі бір философиялық-діни мектептердің, ағымдардың атынан жарияланған.
Үндінің ең көне діни-философиялық мәтіндер жинағы Ведалар деп аталады. Олардың авторлары жоқ және «ғарыштық ақиқаттың дыбыстары» арқылы жазылып алынған құдайылық, қасиетті мәтіндер деп есептеледі.
Ведалардың негізгі бөлігі самхиттер, яғни, мантаралардың жинағы, оларға брахмандар, араньяктар, мен упанишадтар қосылады. Көп ғасырлар бойы Ведалар өлең түрінде ауызданауызға беріліп отырған, кейінірек жазып алынған.
Ведаларды айтушы әншілер құдайларды мадақтап, олардың ерлігін дәріптеп, өз жағына тартқан, содан соң құдайлардан адамдарға қажетті игіліктерді беруін өтінген. Мысалы, Ригведаның Индра құдайына арналған мәтіннің кейбір шумақтарын алып қарасақ, Ведаларға тән ерекшеліктерді көреміз:

2.Сен біз үшін, О Индра, біздің қолдаушымызсың – Өзіңе табынатын жандардың өте мықты қорғаушысысың. (Өзіңді) қадір тұтатындардың құдіретті қорғанысың, Ол адам сені ұлықтап, саған жақындаған кездері.

6. Бұл Индра деген атпен атағы шыққан құдай,
Бір таң қаларлығы адам үшін ол орнынан тұрды,
Ол жеңімпаз, басын кесіп тастады, Даса Аршасанның басын, (Индра) құдіретті құдай!

7. Бұл Индра Вритраны өлтірді, (бекіністі) жарып жіберді,
(Өз ішінде) қара (нәсілді) жасырған дасалардың бекінісін,
Ол бекіністерді жоюшы.Ол адам үшін жер мен суды жаратты, Ол әрдайым құрбандық берушінің (гимінін) айтуға үндеді.

9. Қазір сенің аса жомарт сыйлықтарың, о Индра,
Ән салушыға (оның) қалауы бойынша жауа берсін.
Өзіңді мадақтағандарға жақсылық жаса. Бізге ауыртпалықтар келмесін! Біз құрбандық таратуды жарияламақпыз, тамаша ерлердің (бар болуы үшін). Ригведа, ІІ, 20-43 өлеңдер [1, 20-43].

Веда мәтіндерін тайпалық өмірдің дәстүрлері мен іс-тәжрибелерін бір ұрпақтан екінші ұрпаққа шешендік сөздер арқылы тиімді түрде беріп отырудың көрінісі деуге болады. Олардың мәтіндерінде белгілі бір ырғақ, қайталаулар, тілдік құралдар мен әдістердің қалыптасқан жиынтықтары сақталады.
Веда мәтіндері жинақтарының негізінде үнді мәдениетінің маңызды бөлігіне айналған индуизм дінінің рухани-дүниетанымдық жүйесі жасалды. Үнді топырағында индуизм, буддизм тәрізді діни-философиялық ілімдердің пайда болуы түрлі ғылыми таластартыстарға, сөзжарыстарға кең жол ашты. Әрқилы ағымдардың өкілдері өз көзқарастарын қорғап, қарсыластарының піріклерін жоққа шығарған философиялық пікірталастар үнді жерінде логика ілімінің пайда болуына жол ашты. Сол себепті, Үндістанның логикалық ілімдерінің дамуының бастапқы кезеңдері шешендік өнерімен тығыз байланысты болды. Пікірталастарды табысты жүргізу туралы трактаттар да жазылды.
Ғалым А. Маковельский сөйлесім әрекеті, көпшіліктің алдында сөз сөйлеуге байланысты Буддалық логиканың қағидаларында «сөзді көркемдеу» мәселесі барынша жанжақты талқыланғанынан мәліметтер келтіреді.Сөйленетін сөздің көркем болуы оның мынындай қасиеттеріне байланысты делінген: 1) өзің қорғайтын ілім жүйесін егжей-тегжейлі білу, сондай-ақ, қарсыласыңның да ілім жүйесін барынша толық білу;2) сөйленетін сөздің сыртқы түрінің барынша жетіліскен түрде болуы; ол үшін бес нәрсе керек: а) дөрекі, сауатсыз, сөздер болмауы тиіс, ә) жеңіл, табиғи, қарапайым болуы тиіс, б) түсінікті болуы керек, в) ізбе-із байланысты болуы тиіс, г) мазмұны қызық болуы тиіс. Бұдан бөлек шешеннің беделінің жоғары болуы, адамдардың оған сенуі, оны тыңдауға, қабылдауға дайын болуы, оның өзіне сенімді болуы, келтірген дәлелдерін дұрыстап айта білуі, т.б. қасиеттері де үлкен рөл ойнайды [2, 20].
Бұдан бөлек Будда логикасында сөйленім бірнеше түрге бөлінеді: 1) жәй сөйлеу; 2) адамды рахатқа батыратын әдемі сөйлеу (көркем сөз); 3) пікірталастар, мұнда екі, немесе бірнеше адам бір тақырып, немесе тезис туралы әрқилы піріклер айтып, өзара пікірталас жүргізеді; 4) «жаман сөйлеу», бұл жалған ілім-білімді баяндайтын сөйлеу әреекттері. Бұлардың бәрінен ежелгі Үндістанда көркем сөйлеу өнері ғана емес, шешендікті зерттеу, жүйелеу ғылымының да дамығанын байқауға болады.
Қытай өркениеті әлемдегі ең көне өркениеттердің бірі. Зерттеушілер қытай өркениеті жер бетінде шамамен бұдан 5000 жылдай бұрын, Мысыр елімен қатарлас пайда болған деп есептейді. Бір қызығы фараондар патшалығы өзінің соңында алып пирамидаларды қалдырып, жойылып кетті. Ал, қытай өркениетінен ғаламат ескерткіштер де, ежелгі заңдары да, ұлғатты жазулар да қалды.
Қытай шешендігі туралы айтар болсақ, ең алдымен Конфуцандық ілімі ойға оралады. Конфуцандық ілімінің негізін б.д.д. 551-479 жж. өмір сүрген Кун-фу-цзы (Конфуций) қалаған. Конфуциандық каноны — Ши-саньцзиннің (Он үш кітап) құрамына он үш ежелгі қытай классикалық кітаптары енеді. Бұл ілім қытай этносының дүниетанымына, ұлттық санасына қатты әсер етіп, қытай мемлекетінің өмірінде ерекше рөл атқарды. Қытайдың жастарды тәрбилеу, білім беру жүйелері осыКонфуций ілімінің негінінде құрылды. Қытайдың мемлекеттік басқару аппратына қызметке тұрамын деген шенеунік Шисаньцзиннің мәтіндері бойынша емтихан тапсыруға міндетті болды.
Конфуций ілімінкөне дәуірдің шешендік сөзінің тамаша үлгісі деуге болады — ол ең алдымен өзінің көркем әдеби тілімен ерекшеленеді, оның мәтіні қысқа жазылған, басы артық сөз жоқ, өткір метафорлараға, теңеулерге толы. Мәтіндерінің көп бөлігі шәкірттердің ұстазына сұрақ қоюы, ұстазының оған жауабы, яғни қысқа диалог түрінде немесе ұстаздың шағын ой-толғамдары түрінде жазылған.Мәселен, мына мәтінді алып қарастырайық:
«Сыма Ню текті ер адам туралы сұрады.
Ұстаз оған жауап берді.
— Текті ер адам мұңаймайды және қорықпайды. [Сыма Ню] сұрады:
— Мұңаймайтын және қорықпайтын адамды текті ер адам деп атауға бола ма? Ұстаз былай деп жауап берді:
— Өзінің істеген әрекеттеріне қарап, ұялатындай ештеңе істемегенін байқаса, онда неге ол мұңаяды екен немесе қорқады екен?». [2, 95]
Конфуцийдің көптеген диалогтарында «текті ер адам» түсінігі, «төмен адам» түсінігіне қарама-қарсы қойылады. Мысалы:
«Ұстаз айтты:
— Текті ер адам сөзді баяу сөйлеуге, ал істі тез істеуге тырысады.»[3, 29].
«Ұстаз айтты:
— Текті ер адам тек өз борышын ғана біледі, төмен адам тек бас пайдасын ғана ойлайды»[3, 27].
Бұл қазақ мақал-мәтелдеріндегі «жақсы адам» мен «жаман адам» категорияларын бірбіріне қарсы қоюға ұқсайды:

Адам туа жаман болмайды, Жүре жаман болады.

Екі жаман ауыл болмас, Ауыл болса қауым болмас.

Арғымақ аттың құйрығы — әрі жібек, әрі қыл, Қас жақсының белгісі — әрі мырза, әрі құл.

Арық малды асырасаң аузы-мұрның май болар, Жаман адамды асырасаң аузы-мұрның қан болар.

Жақсы ай менен күндей, Жақсылығы жанның бәріне бірдей [4].

Мұндай адамдардың екі тобын бір-біріне қарама-қарсы қоюдың басты мақсаты — халықтың жақсы мен жаман туралы түсінігін айқындау және жастарды жақсы адам болуға тәрбиелеу, жаманнан жирендіру екені анық.
Конфуций ілімінің қазақтың ұғым-түсініктеріне тағы бір келетін тұсы жасы үлкен адамдарды сыйлау, әке-шешеңді құрметтеу, оларға қызмет ету, өлген адамды тиісті салтдәстүрге сай құрметтеп жерлеу, аруақтарды сыйлау.
«Ұстаз айтты:
— Жастар үйлерінде жүргенде ата-анасын құрметтеуі, ал сыртта жүргенде жасы үлкен адамдарды сыйлауы тиіс, өз істеріне байсалдылықпен, адалдықпен қарап, өз халқын жан-жүрегімен сүйіп, адамдарды жақсы көретін жандармен жақын болуы тиіс. Егер осы аталғандарды жасағаннан кейін де күш-қуаттары қалса, оны кітап оқуға жұмсауларына болады.» [3, 3]
«Цзэн-цзы айтты:
— Егер ата-анасын барынша құрметтеп жерлесе, бабаларының аруақтарын
қадірлесе, онда халықтың ізгіліктілік қасиеттері де барған сайын берік бола береді». [3, 4] «Ұстаз айтты:
Өз әке-шешеңе қызмет ет, қарсы сөйлесең, сыпайылап сөйле. Ата-анаң сенімен келіспесе, сен тағы да оларға құрмет көрсет. Олардың еркіне қарсы шықпа. Шаршасаң да, оларға ренжіме» [3, 28].
Конфуций ілімінің ең басты өзегі адамгершілік, ізгілік, тектілік, елдің басшысына, әкешешеңе, халқыңа адал қызмет ету. Сол себепті де ол Қытай, Жапония, Корея, Сингапур, Вьетнам сияқты елдерге тарап, сол аумақтағы халықтардың өміріне терең әсер етті.
Ерте замандарда қазіргі Қытай мемлекетінің территориясында көптеген ұсақ патшалықтардың болғаны белгілі. Олардың патшаларының министерлер мен кеңесшілерден тұратын кеңесші органдары болған. Мұндай кеңесші органдарда патшалықтың ең көкейкесті мәселелері талқыланған. Патшалар тиісті саяси-әкімшілік шешімдерді және биліктің беделін көтеретін соттық үкімдерді шығару үшін ақиқатты айтатын сөз керек болды. Соған орай Қытайда сөз сөйлеу, пікірталастар жүргізу теориясы дамыды.

Әдебиеттер тізімі
1 Веды – тексты Вед на русском: Ригведа, ІІ, 20-43. http://scriptures.ru/vedas/
2 Маковельский А.О. . История логики. М., 1967 г. 20с.
3 Конфуций. Лунь Юй. Восточная литература. 2001. – 4, 26, 27, 28, 29 с.
http://www.phantastike.com/link/philosophy/lunөyuy.zip) 4 Қазақша Мақал — Мәтел: Жақсы мен Жаман / ZHARAR / Мақал-мәтелдер.

Статья посвящена современному Восточному ораторскому искусству. Рассматривается ораторское мастерство древних индийцев и древних китайцев, а также наследие великого философа и педагога Конфуция. Анализируются и сопоставляются особенности индийского и китайского ораторского искусства.
The article is devoted to contemporary East oratory. Discusses the Oratory of the ancient Indians and ancient Chinese, as well as the legacy of the great philosopher and educator Confucius. Analyses and compares the features of Indian and Chinese oratory.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *