СТЕРЕОТИПТЕНГЕН ТІЛДІК ОБРАЗДАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ-МӘДЕНИ СИПАТЫ

А.О. Тымболова, А.С. Мурзинова
ҚазМҚПУ
Алматы, Қазақстан msai2013@mail.ru

СТЕРЕОТИПТЕНГЕН ТІЛДІК ОБРАЗДАРДЫҢ ҰЛТТЫҚ-МӘДЕНИ СИПАТЫ

Мақалада тіл білімінің когнитивті лингвистика және лингвомәдениеттану салаларында өзекті мәселеге айналған стереотиптер қарастырылады. Қазіргі тіл білімінде «стереотип» ұғымын зерттеп жүрген отандық және шетелдік ғалымдардың еңбектеріне шолу жасалады. Стереотиптердің тілдік жүйеде өзіндік мәні бар екені анықталады. Олардың ұлттық-мәдени құндылықтарды таныта алатындығы туралы және ұлттық діл, ұлттық мінезбен байланысы туралы сөз болады. Сондай-ақ, мәдениетаралық қатысымды дұрыс жүзеге асыруға мүмкіндік беретіні туралы деректер келтіріледі. Қазақ, орыс, ағылшын халықтарының тілдік санасында жүйеленген стереотиптер айқындалады. Үш халықтың ұлттық-мәдени ерекшеліктері көрсетіледі.

Түйін сөздер: стереотип, ұлттық мәдениет, лингвомәдениеттану, мәдени семантикалық код, ұлттық таным, ұлттық діл.

Қазіргі кезде тіл білімінің лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика, психолингвистика сияқты салалары адамның тілдік санасында таным процесі арқылы қалыптасатын образдарды тың ғылыми түсініктермен айқындауға бағытталған. Осындай түсініктердің бірі – «стереотип» феноменімен тікелей байланысты.
«Стереотип» (грек. stereos – тұрақты, typos – із) термині ғылыми кеңістікке 1922 жылы американдық әлеуметтанушы У. Липпманның «Public Opinion» деген еңбегі арқылы енді. Ғалым стереотипті «the pictures in our heads», яғни «біздің санамыздағы образдар» деп түсіндіреді [1, 81]. У.Липпманның осы идеясын қуаттай отырып, Р.Бинклей стереотипті «жалпыға ортақ нәрселердің ұлы бөлімі» деп атады [2, 393]. Д. Кац пен К. Брейли: «адамға тән қасиеттерден туындайтын тұрақты түсінік» деп қарастырды [3, 289].
«Стереотип» ұғымы алғашқы кезде әлеуметтану мектебінде қарастырылса, бертін келе психология, мәдениеттану, саясаттану, этнология, тарих, лингвистика сияқты гуманитарлық ғылымдардың зерттеу нысанына айналды. Осыған байланысты, әлеуметтік стереотип, мәдени стереотип, этникалық стереотип, ойлау стереотипі, сана стереотипі, саяси стереотип, тілдік стереотип, ділдік стереотип, тілдесім стереотипі т.б. деген түрлері қалыптасты.
Қазіргі тіл білімінде осы ұғымға арналған іргелі зерттеулерді И.С. Кон, Ж. Коллен,
Ю.Д. Апресян, Ю.А. Сорокин, В.А. Рыжков, Ю.Е. Прохоров, В.В. Красных, П.Н. Шихирев, С.М. Толстая, Е. Бартминский, А.К. Байбурин, Д.Б. Гудкова, И.Ю. Марковина, Н.В. Уфимцева, А.В. Павловская, О.Ю. Семендяев, В.А. Маслова, М.В. Пименова, Н. Уәли, Б. Хасанұлы, А.С. Әлметова, Г. Смағұлова, Ж. Манкеева, Г.И. Исина, А.Б. Әмірбекова, К.А. Құсманова, т.б. отандық және шетелдік лингвист ғалымдардың еңбектерінен кездестіруге болады.
Ғалымдардың пайымдауынша, ««белгілі әлеуметтік құбылыс пен объектіге берілген стандартты образдар» [4, 90], «стереотип – дүние туралы таным-түсініктің қайталануынан тұрақталған әрекеттер мен құндылықтар шаблоны»[5, 16], «стереотип – бір жағынан, сол мәдениеттің кейбір доминантты құрамаларын сақтауға және трансформациялауға, екінші жағынан, «өзімдікін» тануға мүмкіндік беретін тұрақтандырушы фактор, тіл мен сөз құбылысы» [6, 138], «обобщенное представление о каких-либо чертах, характеризующих какой-либо народ» является не просто стереотипом, а национально-культурным стереотипом, представляющим собой устойчивый образ о культуре, традициях, образе жизни, верованиях, убеждениях, характеризующих духовную жизнь определенной нации»
[7, 135].
Демек, стереотип дегеніміз – белгілі бір халықтың ұлттық мәдени көрсеткіші, әрі сол халықтың ұжымдық санасында ұлттық тілі арқылы зерделеніп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен тұрақты ұлттық-мәдени бейнесі.
Отбасы – тәрбиенің бастау көзі, қайнар бұлағы, қоғамның негізгі іргетасын қалайтын түп қазық. Ол – әр халықтың ұлттық бейнесін танытатын әмбебап атау болса да, оны әр мәдениет өкілі өзінше қабылдап, өзінше түсінеді. Осыған орай, қазақ, орыс, ағылшын халықтарының паремиялогиялық қорында сақталған стереотиптерге салғастырмалы талдау жүргізуге болады. Бұл дәстүрлі-ұлттық санада қатталып, тұрақталған стереотиптердің ұлттық-мәдени сипатын айқындауға мүмкіндік береді.
Қазақ тіліндегі «отбасы» сөзін «от, ошақ» ұғымдарымен тығыз байланысты деуге болады. Мұны тілші ғалымдардың пікірі де растайды. Мәселен, А.Салқынбай: «Отбасы сөзі – «От» тұлғасы арқылы жасалған. Бұл сөз «Ұд» тұлғасының фоно-сема варианты бола отырып, «Күн» ұғымымен тікелей байланысты болады, яғни Күн мен Оттың функциясы ұқсас: Күн – жылу береді, жарық береді; От – жылу береді, жарық береді»,- десе, [8, 135] Н.Атжанова: «Ошақ – үйдің негізгі элементі. Ол – жылулық пен берекенің символы. Қазақ халқы үшін ошақ ұғымы отбасы туралы түсінікпен тікелей байланысты», — дейді [9, 58]. Сондай-ақ, тілімізде кездесетін бірқатар «отау көтеру», «отаға», «отана», «ошағыңның отын өшірме», «ошағының оты маздап тұру», «отқа май құю», «қазаны оттан түспеу», «өзіне қарай қосағы, қосағына қарай ошағы» т.б. секілді лингвомәдени бірліктерден де байқауға болады. Бұл мысалдардан біріншіден, қазақ халқының отбасы ұғымына көзқарасы, ер азамат пен жұбайының міндеттері, екіншіден, тұрмыс-тіршілігі мен өмір сүру салты, үшіншіден, бір нәрсеге наным-сенімі туралы түсініктері көрініс береді. Басқаша айтқанда, мұның бәрі жинақталып келіп, халқымыздың ұлттық-мәдени стереотиптерін көрсетеді.
Қазақ тіліндегі «ошақ» сөзінің баламасы ретінде орыс тілінде кездесетін «семейный очаг» (отбасы ошағы) деген сөз тіркесін айтуға болады. Бірақ, қазақ тіліндегі «ошақ» сөзі – «отбасы, әулет» деген тұтас ұғымды білдірсе, орыс тіліндегі баламасы «отбасындағы махаббат пен сыйластық» деген мағынаны білдіреді. Осыған байланысты орыс халқының «зажжение семейного очага»(отбасы ошағын жағу) деп аталатын дәстүрін де атауға болады. Аталған дәстүр бойынша, күйеу жігіттің анасы той күні келініне өз қолымен жаққан шырағданды береді. Бұдан отбасылық дәстүр жалғастығы туралы мәдени ақпаратты түсінуге болады.
Ағылшын тілінде де отбасы ұғымын бейнелейтін «fire»(от) сөзі негіз болған фраземалар бар. Мысалы, «keep the home fires burning» (сөзбе-сөз аудармасы: үй ішінде отты сақтау; мағынасы: отбасын сақтау), «near the fire» (сөзбе-сөз аудармасы: оттың жаны; мағынасы: үй, үй іші) [10].
Демек, әр мәдениет өкілі қалыптастырған отбасы ұғымының от сөзімен тікелей сабақтастығын көруге болады.
Қазақ тіліндегі: «Отан – отбасынан басталады», «Отбасы – алтын бесік», «Өнегелі отаудың өрісі кең», «ата көрсеткен жолы бір, ана тіккен тоны бір» [11], «қара шаңырақ», «шаңырағы берік отбасы», «айрандай ұйыған отбасы», «қазаны бүтін», т.б. секілді мақалмәтелдер мен фраземаларда «отбасы» – тәрбиенің қайнар көзі, отанның ұйытқысы, татулық пен бірліктің символы ретінде бейнеленген. Мұндай образдың қалыптасуына халқымыздың рухани және материалдық құндылықтары негіз болған. Мысалы, бесік, отау, ата жолы, тон, шаңырақ, айран, қазан дегендер халық жадындағы мәдени дүниелер. Бұлар тек заттық атаулар ғана емес, сонымен бірге мәдени коннотацияға ие тілдік бірліктер. Мәселен, қазақ халқы үшін «бесік» – балалы отбасын, өнегелі отбасын бейнелесе (тал бесіктен, жер бесікке дейін), «отау» – шаңырақ көтеріп, өз алдына жеке үй болған отбасын білдіреді. «Шаңырақ»(қара шаңырақ, шаңырағы берік) – үлкен әулет пен ұрпақ жалғастығын, «қазан» (қазаны бүтін) – отбасы мен ағайын-туыстың татулығын, бірлігін бейнелейді. Сондай-ақ, тіліміздегі «айрандай ұйыған» деген фразема да тату отбасы туралы түсінікті білдіреді. Ал «ата көрсеткен жолы бір, ана тіккен тоны бір» деген фразема – бір отбасынан шыққан және ата-баба салған ізбен дәстүр жалғастырған өнегелі отбасы жайлы ақпарат береді.
Орыс тіліндегі: «Семья – опора счастья», «В семье и каша гуще», «Из одной каши», «Семья вместе – душа на месте», «душа в душу», «Семья в куче, не страшна и туча», «Согласную семью и горе не берет», «Где мир и лад, там и божья благодать», «Семья – печка: как холодно – все кней собираются», [12] т.б. секілді мақал-мәтелдер мен фраземаларда «семья» (отбасы) – бақыттың, тыныштықтың, татулықтың символы ретінде көрініс береді. Осы мысалдардағы: каша, душа, куча, мир, божья благодать, печка дегендерді орыс халқының ұлттық мәдениетін танытатын лексемалар деуге болады. Мысалы, «каша» – ұлттық тағамдарының бірі, «душа» – жан дүниесі, «куча» – ұлттық мөлшер атауы, «мир» – өмірге көзқарасы, «божья благодать» – діни түсінігі, «печка» – ұлттық мүлкі. Бұлар келтірілген мақал-мәтелдер мен фраземаларға қосымша мән жүктей отырып, «бір отбасынан шыққан», «өз отбасыңда бәрі жақсы», «бірлігі, ынтымағы жарасқан, тату отбасы» деген ұғымдарды көрсетеді. Әрі мифологиялық, діни, психологиялық көзқарасын, тұрмыс тіршілігін сипаттайды.
Ағылшын тілінде: «Family tree» (отбасы ағашы), «family Bible» (отбасы інжілі), «Home is where the heart is» (сөзбе-сөз ауд. жүрегің қайда болса, сол жер үйің), «Every bird likes its own nest best» (сөзбе-сөз ауд. әр құс өзінің ұясын жақсы көреді), «Birds in their little nests agree» (сөзбе-сөз ауд. құстар өздерінің ұясында тату) секілді фразема мен мақалмәтелдерде «family»(отбасы) ұғымы – ағылшын халқының ұлттық таным-түсінігімен сабақтасып жатыр. Мәселен, «family tree» – ағылшындардың «баланың өмірге келуі, мектепке баруы, үйлену тойы» сияқты айтулы күндерде бақшаға ағаш отырғызу салты мен отбасылық шежіре туралы түсінігінен хабар берсе, «family Bible» – діни сенімімен қатар, адамның таза параққа туылған, отбасын құрған және қайтыс болған күндері жазылатын отбасылық өмір дәптерін білдіреді. Ал «home» (үй) лексемасы – ағылшын танымында отбасы туралы ұғыммен астасып жатыр. Олар үшін «home» (үй) – отбасы тыныштығын сақтайтын берік қамалдың қызметін атқарады. Мұны жоғарыда берілген мысалдардан да байқауға болады.
«Отбасын құру», «жар таңдау» ісі – адам өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі. Осыған байланысты қазақ тілінде: «жалғыздық тек құдайға ғана жарасады», «бас екеу болмай, мал екеу болмайды», «шаңырақ көтеру», «отау үй, оңаша бас», «ақ босағаны аттау», «отау тігіп, түтін түтету», «үйлену оңай, үй болу қиын», «есік көргенді алма, бесік көргенді ал», «адам болар жігіттің, жары өзіне лайық» [11] т.б. паремияларды кездестіруге болады. Бұл паремияларда халқымыздың діни түсінігімен қатар, ұжымдық мәдениет жайлы түсінігі, тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі және өмірден түйген тәжірибесі туралы деректер берілген. Орыс тіліндегі: «замуж выйти не напасть, как бы замужем не пропасть», «женишься раз, а плачешь век», «выбирай жену не в хороводе, а в огороде», «выбирай жену не по наряду, а по уму», «равные обычаи – крепкая любовь» [12] деген мысалдарды алайық. Бұлардың мағыналарын интерпретациялайтын болсақ, «асығыстық танытамын деп, аяғыңды шалыс басып қалма», «еңбекқор жанға үйлен», «өзіңе лайық қалыңдық таңда» дегендерге саяды. Осы паремиялардағы «хоровод», «огород», «обычаи» лексемалары – орыс халқының салтдәстүрі, шаруашылығы, ұлттық ойыны туралы мәдени коннотацияларды құрайды. Ал ағылшын тілінде: «Marriages are made in heaven» (неке аспанда қиылады), «choose your wife on a Saturday rather than on Sunday» (сөзбе-сөз аудармасы: жарыңды жексенбіден гөрі сенбіде таңда), «choose a wife rather than by your ear than your eyes» (сөзбе-сөз аудармасы: жарыңды көзіңмен емес, құлағыңмен естіп таңда) [13] сияқты паремиялар кездеседі. Бұлардан ағылшын халқының ұлттық өзгешелігі байқалады. Мәселен, ағылшындардың «неке – құдайдың қалауымен аспанда қиылады» деген түсінігі діни танымымен байланысты болса, ал қалыңдық таңдау туралы түсінігі апта күндеріне байланысты қалыптасқан нанымсенімдерімен сабақтасып жатыр.
Отбасын құрған ер мен әйелдің өзіне лайық міндеттері болады. Бұған ата-баба аманатын жалғастыру, шаңырақты шайқалтпау, ынтымақ пен берекені нығайту секілді міндеттер жатады. Осыған сәйкес қазақ тілінде: «дәм-тұзы жарасу» – ер мен әйелдің сыйластығын, татулығын, «қазан-ошаққа иелік ету», «ас-су ұстау», «от басы, ошақ қасында жүру» – әйелдің үй шаруасындағы қызметін, «бесік жанында отыру» – әйел адамның бала тәрбиелеу ісін, «түз адамы» – ер адамды, «қабырғамен кеңесу» – бірлесіп ақылдасуын, «Үйді қырық еркек толтыра алмайды, бір әйел толтырады», «Әйел – үйдің көркі, еркек – түздің көркі» – әйелдің үйдегі, еркектің сырттағы шаруасын, «Жар қадірін білмесең, жалғыздық берер басыңды», «Жарың – жан жолдасың» – сыйластық, ауызбіршілігін, «Әйелдің қырық жаны бар» – әйел адамның шыдамдылығын білдіретін фраземалар мен мақал-мәтелдер бар. Осыларға ұқсас орыс тілінде де: «Жена за три угла избу держит, а муж за один» (әйелі үйдің үш бұрышын, ал күйеуі бір бұрышын ұстайды) – ер мен әйелдің үй шаруасындағы қызметтерін, «Муж и жена – одно дело»(ері мен әйелі – бір іс) – ер мен әйелдің ауызбіршілігін, «Жена не гусли, поиграв, на стенку не повесишь» (жарың гусли емес, шертіп болған соң қабырғаға іліп қоятын), «Жена – вторая душа» (жарың екінші жаның) – сыйластық, қамқорлығын, «Хозяйка в дому, что оладышек в меду» [12] – әйелдің үй шаруасындағы орнын, ағылшын тілінде де: «A women’s place is in the home»(сөзбе-сөз аудармасы: әйел адамның орны – үй) – әйелдің орны, «The wife is the key to the house» (сөзбе-сөз аудармасы: әйел – үйге кіретін кілт) «Men make houses, women make homes» (сөзбе-сөз аудармасы: ерлер үй жасаса, әйелдер ішін жасайды) – ер мен әйелдің үйдегі міндеттерін, «A woman has nine lives like a cat» (сөзбе-сөз аудармасы: мысықтың өміріндей, әйелдің де тоғыз өмірі бар) – әйел адамның шыдамдылығын, «The husband is the head at the house, but the wife is the neck moves the head»(сөзбе-сөз аудармасы:еркек – үйдің басы, әйел – басты бұратын мойын) [13] – үй шаруашылығын басқаруды білідіретін мақалмәтелдер бар. Үш тілде келтірілген мысалдардың мағыналары бір-біріне жуық болғанымен, олардың өздеріне тән ұлттық-мәдени сипаты бар. Мәселен, қазақтар үшін «дәм-тұз», «қазан-ошақ», «бесік», «қырық жан» лексемалары, орыстар үшін «угл», «изба», «гусли»(көне музыкалық аспап), «душа», «хозяйка», «олади», «мед» лексемалары, ағылшындар үшін «key», «house», «nine live» лексемалары – мәдени мазмұнға бай таным көрсеткіштерін құрайды.
Демек, мұның барлығы қазақ, орыс, ағылшын халықтарының дәстүрлі санасындағы «отбасын құру» туралы танымын бейнелейтін ұлттық-мәдени мазмұндағы стереотиптенген тілдік образдар болып саналады.

Әдебиеттер тізімі
1 Lippmann W. Public Opinion. – N-Y.: LLC,1992. – 383 p.
2 Binkley R. C. The Common Concept of Public Opinion in the Social Sciences / R.
Binkley // Social Forces. – 1928. – Vol. 6. – 393 p.
3 Katz D., Braly K.W. Racial stereotypes of one hundred college students // Jornal of Abnormal and Social Psychology. 1933. – Vol. 28. – 280-290 p.
4 Әлметова Ә.С. Лингвомәдениеттану негіздері.–А.:Полиграфкомбинат, 2016. – 320 б.
5 Кәріпжанова А.О. Фразеологиялық коннотацияның прагмастилистикасы: автореферат/ Кәріпжанова А.О. – Алматы, 2010. – 32 б.
6 Омарова Р.А., Кенжетаева Г.К., Демесінова Г.Х., Мағзұмов Х.Б. Мәдениетаралық коммуникация бойынша практикум. – Павлодар, 2007. – 158 б.
7 Кармин А.С. Основы культурологии: морфология культуры. – Санкт-Петербург,
1997. – 135 с.
8 Салқынбай А. Тарихи сөзжасам (семантикалық аспект). – А.:Қазақ университеті,1999. – 370 б.
9 Атжанова Н.Е. Вкрапления со значением «от», «ошақ» в межкультурной коммуникации // Lingua Mobilis. Научный журнал. – №2 (28) 2011.
10 Литвинов П.П. 3500 английских фразеологизмов и устойчивых словосочетаний. – М.:Астрель,2007. – 285 с.
11 Қазақ мақал-мәтелдерінің алтын кітабы. – А.: Арыс, 2010. – 310 б.
12 Мокиенко В.М., Никитина Т.Г., Николаева Е.К. Большой словарь русских пословиц. – М.: ОЛМА Медиа Групп, 2010. – 1024 с.
13 Mieder W. Proverbs: A Handbook. W, C.: Greenwood Press, 2004. – 304 p.

Статья посвящена некоторым аспектам изучения стереотипов в лингвистике. В настоящее время слово стереотип используется как в повседневной речи, так и в научной сфере, причем даже при его терминологической трактовке встречаются расхождения: «философский», «психологический», «социологический» и «лингвистический» стереотипы – каждый имеет свои особенности. Для современной лингвистики характерно изучение языка применительно к человеку, его сознанию, мышлению и практической деятельности. В этой связи возрастает научный интерес к национально-культурному аспекту исследования языка, к исследованию единиц языка и речи, отражающих явления, типичные для той или иной лингвокультуры.

The article is devoted to some aspects of the study of stereotypes in linguistics. At present, the word stereotype is used both in everyday speech and in the scientific sphere, and even with its terminological interpretation there are discrepancies: «philosophical», «psychological», «sociological» and «linguistic» stereotypes — each has its own characteristics. Modern linguistics is characterized by the study of language in relation to man, his consciousness, thinking and practical activity. In this regard, the scientific interest in the national and cultural aspect of the study of language, in the study of units of language and speech, reflecting the phenomena typical of a particular linguistic culture, is growing.


Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *