ОНЛАЙН СӨЗДІКТЕР: ЖАҢА СӨЗДЕРДІҢ ҚАЛЫПТАНУ ҮДЕРІСТЕРІ

А.С. Набидуллин1, К.С. Алдашева2
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті1
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті2 Алматы1, Орал2, Қазақстан kama_kz89@mail.ru

ОНЛАЙН СӨЗДІКТЕР: ЖАҢА СӨЗДЕРДІҢ ҚАЛЫПТАНУ ҮДЕРІСТЕРІ

Тілдің өмір сүруі қоғам өмірімен сабақтасып жатыр. Қоғамдағы барлық әлеуметтік, мәдени, тарихи өзгерістер тілдің лексикасында көрініс табады. Сөздік құрамда ең алдымен тілден тыс ақиқатта орын алып жатқан өзгерістер айқын байқалады. Жаңа құбылыстар мен түсініктердің тууы, жаңа нәрселердің пайда болуы жаңа атаулардың – неологизмдердің жасалуына алып келеді. Мақалада қазақ тіліндегі лексикалық инновациялар негізгі этнос өкілдерінің санасында орын алған өзгерістердің нәтижесі ретінде қарастырылады. Неологизмдердің тілде пайда болуы, орнығуының жалпы бейнесін көрсету мақсатында заманауи ақпараттық технология құралдарында орналастырылған www.sozdik.kz онлайн сөздігінің материалдары қарастырылады және талданады.

Кілт сөздер: тіл және қоғам, ақпараттық технология, тілді сақтау, қазақ тілі, неологизм, лексикалық инновациялар, жаңа сөздер, онлайн-сөздер, норма, кодификация, www.sozdik.kz.

Қазіргі кезде қоғам мүшелерінің кеңінен пайдаланып отырған қайнар көздің бірі – қазақша-орысша орысша-қазақша онлайн сөздік (sozdik.kz). Бұл сөздік – қазақ әдеби тілінің лексикалық құрамында соңғы 25 жыл көлемінде пайда болған жаңа сөздерді тіркеу, олардың пайда болуының мерзімін шамамен белгілеу, құрылымдық ерекшеліктерін танып-білу, қалыптана және нормалана бастаған тілдік бірліктерді ажырату, тұтастай алғанда жаңа сөздер туралы дер кезіндегі мағлұмат беру жағынан аса маңызды сала, лексикографиялық еңбектердің ауқымды түрі.
Қазіргі ақпараттық технология құралдарында «sozdik.kz» деген атпен орысша-қазақша және қазақша-орысша онлайн сөздік орналастырылған [1]. Мәліметтерді жинақтаудың, сақтаудың, басқару мен өңдеудің технологиясы болып саналатын, адамдардың еңбегін тиімді ұйымдастыруға, өзара қарым-қатынасты жеңілдетуге бағытталған бұл сала қазақ тілі мен мәдениетін таныту мен дамыту, қазақ тілін өз бетінше үйрену, аударма арқылы ісқағаздарының қазақ тілінде шапшаң жүзеге асырылуы үшін аса оңтайлы жол ретінде танылып келеді.
Онлайн сөздіктің лексикографиялық жүйе ретінде және пайдаланушыға ақпараттық материал бере алатын қайнаркөз ретінде, сондай-ақ қазақ тілін оқып-үйрену, сауатты аударма жасау бағытында да маңызды құрал екендігін атап өту қажет. Өйткені әлемдегі дамыған елдердің барлығында да дерлік электронды және онлайн жүйесіндегі аударма сөздік, біртілді түсіндірме сөздік үлкен сұранысқа ие. Мысалы, түркологияда, оның ішінде бір ғана татар тілінде, зерттеуші Г.Р. Чумаринаның көрсетуінше, «βerenche on-line tatarcharuscha su’zlek (http://www.suzlek.ru/), Татарско-русский онлайн словарь (www.tatar.com.ru/tatrus.php), Онлайн словарь татарского языка tatsoft (http://tatsoft.biz/vocabulary/translate) Татарско-русский словарь новых слов и новых значений (www.chelny.su/down/file_75/) деп аталатын құралдар бар [2].
Электронды сөздік түзудің практикалық жағына теориялық тұрғыдан баға беруге арналған ғылыми тұжырымдар да жетерлік. Олардың қатарында R. Blain, B. Bougaraev, P. Bouillon, E.J. Briscoe, R.J. Byrd, N. Calzolari, M. Chodorow, K.W. Church, A. Clas, L. Clause,
J. Clear, J. Dancette, Ch. Dupriez, D. Dutoit, J-L. Ferre, W.N. Francis, F. Gruhier,
R.K.K. Hartmann, G. Hatherall, P. Hanks, T. Heth, M. Kay, P. Longuet, W. Meijs, J-F. Mostert,
E. Picchi, J.A.H. Potet сияқты шетелдік авторлардың зерттеулерін атауға болады. Орыс тіл білімі мен түркологияда бұл мәселе төңірегінде ғылыми тұжырымдар жасап, практикалық және теориялық ұсыныстар айтқан ғалымдар еңбектері де бар (Л.Л. Нелюбин, Г.Р. Чумарина, И.Н. Ларченков, В.Д. Табанакова, М.А. Ковязина, В.В. Куканова, Е.В. Бембеев және т.б.).
Зерттеушілер электронды сөздіктердің негізгі артықшылықтары (әрине, оларды тасқа басылған «қағаз жүзіндегі» лексикографиялық еңбектермен салыстырады) мыналар деп есептейді: көп функциялы болуы – мысалы, сөздіктен жеке сөзбен қатар қосымшалардың қызметі, сөз таптары туралы мәлімет алуға болады; өзектілігі және динамикалығы – ақпаратты жаңартып, өзгертіп отыруға болады; мультимедиа құралдарының қолданылуы, яғни электронды сөздіктерде сөздердің айтылуын беруге болады, суреттер, анимация, бейнематериалдар, графикалық құралдар пайдаланылады; сөздік қордың ауқымды көлемде болуы – бұл артықшылықты көрсетушілер электронды сөздіктерде сөз «қағаз жүзіндегі» сөздіктермен салыстырғанда анағұрлым көп деген пікір білдіреді; әмбебаптығы – бірнеше электронды сөздіктерді қатар пайдаланып отыруға болады; сөзді іздеудің ыңғайлылығы – сөздің бастапқы әріптерінен-ақ қажетті мағлұматты тез алуға мүмкіндік бар [2; 3; 4]; сөздік қорды молайтуға мүмкіндіктердің болуы, яғни пайдаланушы жеке адам өз тарапынан сөз қоса алады, қателерді жөндейді, басқа да түзетулер енгізеді [2, 265].
Л.В. Щерба, Ю.Д. Апресян, В.В. Морковкин сияқты ғалымдар көрсететініндей, лексикографиялық еңбектердің, оның ішінде түсіндірме және екітілді сөздіктердің басты функцияларының бірі – бір тілдегі сөз глоссарийлерін жинақтаумен қатар нормативті сипатта болуы, қоғам мүшелерінің білім деңгейі мен сөйлеу мәдениетін жоғарылатуға үлес қосуы [5; 6; 7]. Бұл тұжырымдардың негізінде лексикографиялық еңбектің қай түрінде болса да кодификациялау міндеті – бір тілге қатысты нормалық талаптарды, заңдылықтарды жүйелей отырып, осыны басшылыққа алу деген қорытынды қалыптасады. Бұл әсіресе қазақ тіліндегі лексикалық инновациялардың кодификациялану және нормалану үдерісі жүріп жатқан қазіргі жағдайда аса маңызды.
Зерттеуші М. Малбақовтың пікірінше, «тіл дамып, өзгерген сайын оның нормалары да өзгереді. Оның үстіне тілдік ортада болатын алуан түрлі сапалық өзгерістер тілдік нормаларға өте қатты әсер етеді» [8].
Нормалану және кодификациялану үдерісі ең алдымен лексикографиялық еңбектерде берілетін жаңа сөздерге тікелей қатысты. Осы себепті «sozdik.kz» версиясы материалдарынан 2000-ға жуық жаңа сөз, оның ішінде зат, мамандық, кәсіп, ұғым, құбылыс атауларын білдіретін номинатив аталымдар, заң, экономика салаларына қатысты, мәдениет пен әлеуметтік мазмұндағы терминдер, сондай-ақ ішінара биология, жануартану, физикалық география, астрономия атаулары (жалпы орта білім беру жүйесінде жаңа сөздердің оқытылып-үйретілуі, меңгерілуі дәрежесін анықтау мақсатында), күнделікті тұрмыстық атаулар іріктеліп алынды. Оларды іріктеуге негіз болған факторлар – жоғарыда аталған салаларға қатысты атауларды қазақыландыру үдерісінің тіл саясатына байланысты жүзеге асырылып жатқандығы, қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында жекелеген тұрмыстық атаулар мен басқа да зат, ұғым атауларының қазақша баламасының қалыптаса бастағандығы және ұсынылатындығы. Осылардың электронды сөздікте қалайша берілгендігі және олардың нормалану мен кодификациялану үдерісіне үлесі мен әсері қарастыруды қажет етіп отыр, өйткені қалай болғанда да электронды сөздіктер нормаландыруды басшылыққа алатын лексикографиялық еңбектердің бір түрі болып саналады.
Онлайн сөздіктегі лексикалық инновацияларды жинақтау барысында мынадай жайттар анықталды:
– «sozdik.kz» версиясы материалдарына қазіргі қазақ әдеби тіліндегі орфографиялық, түсіндірме, екітілді сөздіктерге енгізілген, Мемтерминком тарапынан бекітілген терминдер тіркелген;
– электронды сөздіктерде «қағаз» түріндегі лексикографиялық еңбектерде берілмеген, яки орысша баламасы көрсетілген сөздердің қазақша вариантын ұсыну басым; мысалы, құлақтандырма (анонс), тапсырыскер (клиент); талдампаз (аналитик); тәлімбақ (питомник); әрлем / әрлендірме / әрленім (дизайн); кепілақы / кепілақша / кепілберіс / кепілдеме / қардар (задаток); кепілгер (гарант); телнұсқа (дубликат); бітеме / дайындама (задел); басқаша айтқанда, сөздіктің лұғатын қазақыландыру үдерісі басшылыққа алынған;
– бір аталым үшін екі немесе одан да көп варианттар ұсынылған; мысалы, егей / жақтаушы / жебеуші / жоқшы / ие / қамқор / қамқоршы / қолдаушы / қорғаушы / саруар / сүйреуші (покровитель); жазакешім / кеңшілік / кешірім / рақымшылық жасау (амнистия); уатқыш / ұнтақтағыш / ұнтағыш (дробилка), жаратылыстану / табиғаттану (естествознание); сілікпе / тоңба (желе); басытқы / дәмтатым / жеңіл тамақ / шайнама (закуска); баяндама хат / баяндау жазбахат / баяндау хат (докладная записка); жеңілгек / ілмек (запонка); бөгеліс / кептеліс / тоқталыс / іркіліс (затор); көзқалқан / көзқап / көз қалтқы (наглазник) және т.б.;
– сөздікті қазақ тілінің сөзжасам заңдылықтарының мүмкіндіктері толық ескерілген: мысалы, әрленім (дизайн), дәлелдеме (аргументация), безбендеме (баланс); тәртіптеме
(режим); ақшалай жабдықталым (денежное довольствие); бұрандама (заклепка); бетбелгі / белгі бау (закладка); орамахат (бандероль); жүгіргіш (бегунок); желекжол (бульвар); жаяужол (тротуар); бітеугүл (бутон); рұқсатнама (виза); жарқылдақ (вспышка); өндірім (выработка); мадақтама (грамота); емдәм (диета); темірқашау (зубило); деректеметану / деректану (источниковедение); мөлшерлеуіш (дозатор) және т.б.; яғни жаңа жасалым жасау үдерістерінде белсенді деп танылатын қосымшалардың барлығы да дерлік (-ым; -ма; -қыш, уыш; -нама; -тану; (варианттарымен бірге), сондай-ақ -хат, -жол, -жай, -бау, -гүл сияқты жаңа сөз тудыруда сөз-форма дәрежесінде қолданылатындар, сөз біріктіру мен сөз тіркестіру амалдары кеңінен жүзеге асырылған;
– жаңа сөздердің емлесіне қатысты бірізділік жоқ, бұл әсіресе біріккен сөздерді жазуда көбірек байқалады;
– басқа тілдердегі ұғым-түсініктер мен зат-бұйым атауларын беруде «қағаз» жүзіндегі нормативті лексикографиялық еңбектерге енгізілмеген, бірі сирек қолданыстағы, енді бірі жергілікті тіл ерекшеліктері болуы мүмкін сөздер берілген; мысалы, дәргей (прерогатива), идара (ведомство), ептеш, қарсап (анфас), кеуіт (бюст), кеуіт сомдау (лепка бюста); кәжең (дождевик); епелек (заклепка); қиып (квитанция); жолжүк қиыбы (багажная квитанция); үймерет (коттедж); епелек (заклепка); сүлбі (модель); модель машины → машинаның сүлбісі; ағлақ / ағлақиман (мораль); түпқойма; тығырық; үйкек (подставка); мәнзара (панорама); тоғанақ (упаковка);
– ғылыми терминдердің қазақша баламасы берілгенімен, сөз тіркесі құрамында ғылыми ұғым ретінде өзге тілдік атау алынған: Мысалы, сәулет өнері, сәулет академиясы, бірақ «строгая архитектура многоэтажных зданий» деген құрылым «ғимараттардың архитектурасы»; саяжол / серуенкөше, бірақ «акациялы кең аллея»; шипажай, бірақ «жалпы түрдегі санаторий»; құлтемір, бірақ «өнеркәсіптік роботтар».
Лексикалық норма мағынасы немесе формасы өзара жақын сөздердің қатарынан нақты бір лексеманы дұрыс таңдауды, сөздің әдеби тілдегі мағынасын дұрыс қолдануды, белгілі бір коммуникативтік жағдаятта сөзді тіркес құрамында дұрыс пайдалануды білдіретіні белгілі. Бұл туралы академик Р. Сыздық былай деп жазады: «Сөздердің жаңа лексикалық бірліктер ретінде тілге енуі үшін әдеби норманың өлшем-межелеріне (критерийлеріне) сай келуін күту керек болады, яғни бұларды көпшіліктің дұрыс деп тануы, нормативтік сөздіктерге тіркелуі, жарыспалылықтан арылуы қажет» [9, 117-118].
Ал осындай белгілер түсіндірме, орфографиялық, терминологиялық сөздіктер мен басқа да анықтамалықтарда нақты көрініс табуы тиіс, сонда ғана лексикографиялық еңбектер өзінің басты міндеттерін – бір тілдің сөздік қорын жинақтап көрсетумен қатар білім беру, сауаттылыққа, сөйлеу мәдениетіне үйрету, сөйлеу барысында белгілі бір дағдыларды қалыптастыру, аударма жасау ісін жетілдіру міндеттерін толық атқара алады.
Лексикалық құрамның әлеуметтік өмірмен тығыз байланыста болуы, ұлттық тілдің сөздік құрамының қарқынды өзгеріп отыруы нәтижесінде лексикалық норма тілдің басқа нормаларымен (орфоэпиялық, грамматикалық, акцентологиялық) салыстыра қарағанда, соншалықты императивті емес, басқаша айтқанда, қолданыс барысында соншалықты міндеттілікті жүктемейді. Сөз коммуникативтік жағдаятқа, стильдер ерекшеліктеріне, жеке тұлғаның авторлық қолданысына қарай әрқилы пайдаланылады, бұл әсіресе тіркестер құрамында анық көрінеді. Лексика тілден тысқары тұрған ақиқат шындықты бейнелейді, ол қоғамдағы, қоғамдық және еңбек қарым-қатынастарындағы, қоғамдық-саяси, мәдениәлеуметтік оқиғалардағы даму сипаттарына қарай тез өзгеріп отырады. Жаңа сөздердің пайда болуы осыларға тікелей тәуелді. Осындай ерекшеліктер сөздіктердің қай түрінде болса да қамтылуы тиіс.
Электронды сөздіктердің «sozdik.kz» версиясында лексикалық параметрлер мен функционалды вариативтілік еркін қолданылған; бұл, әрине, сөздіктің осы түрінің өзіндік ерекшеліктеріне байланысты. «Sozdik.kz» версиясының авторы әрбір пайдаланушы бола алады. Ал әрбір жеке адам – субъективті тұлға; оның ойлауы-қабылдауы, білім дәрежесі, жас мөлшері, әлеуметтік деңгейі екінші жеке тұлғадан әр басқа. Оның үстіне қазақ әдеби тілінде номинатив атаулар мен ғылыми-әлеуметтік, мәдени-экономикалық терминдерді, заңға, шаруашылыққа қатысты, сондай-ақ тұрмыстық атауларды қазақыландыру ісіне қатысты қазақ тілді қоғам өкілдерінің көзқарастары мен пікірлері әртүрлі. Нақты бір жеке адам өзіне ұнаған (өзі ойлап тапқан, қайсыбір жазба басылымдардан кездестірген, өзі дұрыс деп есептейтін) сөзді «sozdik.kz» версиясына енгізе бергендігі байқалады. Бұған ағлақ / ағлақиман (мораль); астатым / дәм-татымдық / дәмдеуіш / дәмқосар / тұздық (приправа); көлбегей / көлегей / қалқа / қорған / пана / таса (прикрытие); айрықша құқық / айрықша құқықтық / артықшылық / биік дәрежелілік / жеңілдік / пұрсат (привилегия); баға анықтамалығы / баға көрсеткіші / бағанама / бағатізбе / баға тізімі / нарық көрсеткіші (прейскурант) сияқты дәлелдер бар. «Sozdik.kz» версиясына енгізілген бір ғана балама берілген лұғаттық қатар өте сирек кездеседі; барлық лұғатта дерлік кем дегенде екі балама бар. Зерттеуші Г. Чумарина бұндай жайтты «электронды сөздіктердің артықшылығы» деп есептейді [2, 268].
«Sozdik.kz» версиясындағы кемінде екі балама берілген қатарларды нормалық талаптар тұрғысынан қарастырғанда, мынадай мәселелер пайда болады: көптеген зерттеулерде лексикалық норма негізінен варианттылық құбылысымен байланыстырылады.
Варианттылық – тілдің одан әрі дамуын көрсететін белгілердің бірі, варианттылықтың болуы – тілдің табиғи жағдайы, бұл әсіресе жаңа сөздер мен жаңа терминдерді қалыптастыру үдерісі жүріп жатқан қазақ әдеби тіліне тән сипаттардың бірі. Демек қазақыландыру үдерістері атқарылып жатқан қазіргі кезеңде абсолютті инварианттылық бола бермейді.
Онлайн сөздікте кем дегенде екі және одан да көп балама болуының себебі тілдегі синонимия құбылысына қатысты. Өйткені бір ұғым, зат атауы үшін берілген қатарларды синонимдік парадигмалар деп есептеуге болады, олар «sozdik.kz» версиясында функционалды қызмет атқарады, яғни сөз тіркестеріне байланысты әр басқа синоним қолданылады. Мысалы, «покровитель» сөзі үшін егей / жақтаушы / жебеуші / жоқшы / ие / қамқор / қамқоршы / қолдаушы / қорғаушы / саруар / сүйеуші сөздері алынған болса, олардың тіркестер құрамындағы қолданысы төмендегіше берілген: покровитель влюбленных – ғашықтардың саруары; покровитель науки – ғылым қамқоры; сильный покровитель – мықты қамқоршы; у него много покровителей – оның жебеушісі көп [1].
Ал мәселеге норма тұрғысынан қарайтын болсақ, сөздіктің қай түрінде де болмасын, оның ішінде электронды сөздіктерде де синонимдердің орналасу тәртібіне қойылатын талаптар – доминант сыңарының бірінші орналасуы, яғни әдеби тілде функционалды жағынан бекітілген доминант сөздің алдыңғы қатарда тұруы, сақталуы шарт болып есептеледі. «Sozdik.kz» версиясында жаңа сөздерді беруде бұл жайт сақталмаған. Бұның бірнеше объективті себептері бар: «Sozdik.kz» версиясы «қағаз жүзіндегі» лексикографиялық еңбектерді және бекітілген терминдерді басшылыққа алғанын жоғарыда атап өткен болатынбыз; бірақ кейінгі жылдары жарық көрген «қағаз жүзіндегі» лексикографиялық еңбектерде жаңа сөздер толықтай қамтылмаған; екіншіден, әрбір пайдаланушы өз бетінше толықтырып отыратын болғандықтан, электронды сөздіктерде синонимдерді беру талаптарының сақталмауы заңды; үшіншіден, бірақ бұл жайт пайдаланушы, айталық, аударма жасайтын адам өзіне ұнаған сөзді немесе синоним парадигмалардың біріншісі болып тұрған лексеманы пайдалана береді дегенді білдіреді. Бұған мына мысалдар дәлел бола алады: «Арқақоржыныңды ал да, сапарға шық!» (телеарнадан); «При заказе особых закусок вы получите 3 литра янтарной напитки бесплатно – Ерекше тіскебасарларға тапсырыс кезінде кәріптас сусынның 3 литрін тегін аласыз» (жарнамадан). Өйткені орысша-қазақша электронды сөздікте арқақоржын (рюкзак), тіскебасар (закуска) сөздері бірінші қатарда тұр; ал кәріптас «янтарь» деген сөздің қазақша атауы болып берілген. Ал пайдаланушы өзіне ұнаған, өзі қолайлы деп тапқан, яки болмаса алдыңғы қатарда тұрған сөзді ресми-іскери мәтіндерде, аударма жасау ісінде қолданатын болса, бұл нақты бір заттың, ұғымның ақпараттық, семантикалық көлемін дәл бере алмауы мүмкін, осының нәтижесінде қазақ сөйлеу мәдениетіне кедергі келтіретін жарнамалық мәтіндер, мазмұны түсініксіз аударма мәтіндер пайда болады. Осы себепті орысша-қазақша электронды сөздікте орыс тіліндегі немесе интернационалдық терминдерді бірнеше қазақша баламамен көрсеткенімен, тіркес құрамында көбінесе орыс тіліндегі баламасы пайдаланылады: Мысалы, «подставка» сөзі үшін астына қойылатын сүйемел / түпқойма / тығырық / үйкек қатарлары көрсетілген; бірақ жарнама жасаушы немесе «подставка» сөзі қатыстырылған мәтінді қазақ тіліне аударушы осы аталғандардың бірін таңдауда қиындықтарға тап болады; бірінші балама – түсіндірме мазмұнында; екінші балама – түпнұсқа тілдегі сөздің семантикасына сәйкес келмейді; үшінші баламаның негізгі мағынасы – «тупик»; соңғы балама – «қағаз жүзіндегі» лексикографиялық еңбектерде, оның ішінде түсіндірме сөздікте мағынасы анықталмаған; «зат / нысан / объект» қатарлары болғанымен, тіркестер құрамында орыс тіліндегі сөз қолданылған: инвентарный объект – түгендемелік объект; комплектный объект – жиынтықты объект; материально-технический объект – материалдық-техникалық объект; неинвентарный объект – бейтүгендемелік объект.
Бір ұғым үшін бірнеше баламаларды ұсыну Мемтерминком тарапынан бекітілген терминдер қатарында да кездесетінін атап өтеміз; мысалы, кешен / жиынтық (комплекс); бірлескен автор / авторлас / серіктес автор (соавтор); комментарий / түсіндірме (комментарий), алайда бұлар типтестерде бірінші тұрған сөз функционалды жағынан басым балама ретінде ұсынылған.
Осы аталғандар қазақ әдеби тілінде жаңа сөздердің кодификациялану үдерістерінің бастапқы сатыда тұрғандығын көрсетеді.
Орысша-қазақша және қазақша-орысша электронды сөздіктің «sozdik.kz» версиясы лексикалық ақпаратты іздеу, мағынасын ажырату бойынша өз бетінше жұмыс істей алатын, мәнмәтіндік бағыттағы, стильдік және семантикалық айырмашылықтарды көлемді мәтіндерді аударуға қажетті түрде таңдауға, функционалды жағынан бекітілген сөзді іріктей білуге мүмкіндік беретін құрал болып табылады. Сөздіктің мақсаты – пайдаланушылар тарапынан ұдайы толықтырып отыруға мүмкіндік жасау, сөздерге түсіндірме беру, тіркес құрамындағы қолданылу ерекшеліктерін көрсету арқылы пайдаланушының аударма жасауына, өз бетінше тіл үйренуіне көмектесу.
Демек орысша-қазақша және қазақша-орысша электронды сөздіктің «sozdik.kz» версиясы: а) жаңа сөздердің жинақталуын, тілде пайда болған терминдік мазмұндағы, окказионалды қолданыстағы, кей реттерде әлеуетті сөздер болып табылатын лексикалық инновациялардың қамтылуын, жаңа сөздердің кодификациялану үдерісінің жүріп жатқандығын танытатын; ә) пайдаланушылар, әсіресе орыс тілінен қазақ тіліне аударма жасаушылар үшін, қазақ тілін өз бетінше үйренушілер үшін қолайлы; б) ресми-іскери тілдегі мәтіндерді сауатты аударуға белгілі бір дәрежеде көмек бере алатын; в) ақпараттық технологияның мүмкіндіктері біршама деңгейде жүзеге асырылған, жетілдіруді қажет ететін; г) нормативті емес лексикографиялық еңбек болып табылады.



Пайдаланылған әдебиеттер:
1 www.sozdik.kz
2 Чумарин Г.Р. Сравнительная характеристика электронных и бумажных словарей в функциональном аспекте // Вестник Чувашского университета, Гуманитарные науки. – Чебоксары,2009. – №4. – С. 265-270.
3 Табанакова В.Д., Ковязина М.А. Новая модель двуязычного экологического словарятезауруса. – Урал.гос. пед. ун-т, 2007. – С. 29-32.
4 Кашеварова И.С. Электронный словарь как новый этап в развитии лексикографии // «Молодой ученый», 2010. – № 10 (21). – С. 145-147.
5 Щерба Л.В. Опыт общей теории лексикографии //Языковая система и речевая деятельность. – Л., 1974. – С. 265-304.
6 Апресян Ю.Д. Избранные труды. – М.: Школа «Языки русской культуры», 1995. – b. – Т II. Интегральное описание языка и системная лексикография. – 767 с.
7 Морковкин В.В. Основы теории учебной лексикографии: дис. … док. филол. наук. – М., 1990. – 72 с.
8 Малбақов М. Бір тілді түсіндірме сөздіктің құрылымдық негіздері. – Алматы: «Ғылым» ғылыми баспа орталығы, 2002. – 368 б.
9 Сыздық Р. Тілдік норма және оның қалыптануы (кодификациясы). – Астана: Елорда, 2001. – 230 б.

Жизнь языка обусловлена с жизнью общества. Все социальные, культурные, исторические изменения в обществе проявляются в лексике языка. В лексике прежде всего отражаются все изменения, происходящие во внеязыковой действительности. Возникновение новых явлений и понятий, появление новых предметов влечет за собой создание новых наименований – неологизмов. Рассматриваются лексические инновации в казахском языке как результат происходящих изменений в самосознании у большинства представителей коренного этноса. В целях демонстрации общей картины появления, закрепления в языке неологизмов рассматриваются и анализируются фактические материалы онлайн-словаря www.sozdik.kz расположенный в современных инструментах информационной технологии.

The life of language is determined by the life in society. All social, cultural, and historical changes in society are manifested in the lexicon of the language. In the lexicon primarily reflects all the changes in the extralinguistic reality. The emergence of new phenomena and concepts, the emergence of new objects entails the creation of new names – neologisms. Deals with lexical innovations in the Kazakh language as a result of changes in the consciousness of the majority indigenous ethnic group. The factual materials online dictionary www.sozdik.kz located in modern information technology tools is examined and analyzed in order to demonstrate the overall picture of the emergence, consolidation in the language of the neologisms.



Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *