Ж.Т. Мамырханова, Т.В. Шим
М.Х. Дулати атындағы мемлекеттік университеті Тараз, Қазақстан zhamila-4@mail.ru
ҚЫТАЙ ҚАЗАҚТАРЫНЫҢ ТІЛІНДЕГІ ЕРЕКШЕЛІКТЕРДІҢ ТАРИХИӘЛЕУМЕТТІК, ҚОҒАМДЫҚ-МӘДЕНИ СЕБЕПТЕРІ МЕН СИПАТЫ
Қазақтар Қытайға қоныстанғаннан бергі ұзақ уақыт аралығында алты-жеті ұрпақ ауысып үлгерсе де, әлі күнге дейін Қытай жеріндегі қазақ диаспорасы өзінің ұлттық қасиетінің басты элементі ‒ ана тілін сақтап келеді. Олардың сөйлеу тілі фонетикалық, лексикалық, морфологиялық жағынан біршама өзгешеленгенімен, қазақтың біртұтас халықтық тілінен оншалық алыстап кеткен жоқ. Бұған себеп болып отырған жағдаяттардың бірі – Қытай қазақтарының ұлттық мәдениетті ұмыт қылмай, қастерлеп қадір тұтатыны. Бұл мақалада Қытай қазақтары тілінің қазіргі жағдайы және ерекшеліктері қарастырылған.
Түйін сөздер: көшпенділер, билингвизм, территориялық диалект, әдеби тіл, сөйленіс, тілсаясаты.
Қазақ халқы ықылым замандардан бері өзінің ана тіліне өте жауапкершілікпен қараған. «Ана тілі халық болып жасалғаннан бері жан дүниесінің айнасы, өсіп-өніп, түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі»,-деп Жүсіпбек Аймауытұлы айтып кеткендей, қазақ үшін ана тілі мәңгі жасайтын тірек іспетті. Тарихтан белгілі қазақтар Қытайға қоныстанғаннан бергі ұзақ уақыт аралығында алты-жеті ұрпақ ауысып үлгерсе де, әлі күнге дейін Қытай жеріндегі қазақ диаспорасы өзінің ұлттық қасиетінің басты элементі ана тілін сақтап келеді. Олардың сөйлеу тілі фонетикалық, лексикалық, морфологиялық жағынан біршама өзгешеленгенімен, қазақтың біртұтас халықтық тілінен оншалық алыстап кеткен жоқ. Бұған себеп болып отырған жағдаяттардың бірі – Қытай қазақтарының ұлттық мәдениетті ұмыт қылмай, қастерлеп қадір тұтатыны. Мәдениет – ұлттың жаны, оның тірегі және бірлігі. Қазақ қашан да мәдениетке, әдебиетке аса мән беріп отырған. Көшпелі өмір салтын ұстанған бабаларымыз тіл мәйегін сақтау мақсатында ауыз әдебиетінің үлгілерін сол қалпында ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп отырған.
Өмірдің түрлі ережелерін, салт-дәстүрлер мен рәсімдерді сақтау адамның этникалық ерекшелігін айқындап, өзін белгілі бір қауымның бөлшегі ретінде қарастыру үшін маңызды. Қытайда ШҰАА әлеуметтік кеңістігінде көптеген өмір салттары, мәдениеттер мен діндер араласып кеткеніне қарамастан, қазақтар өздерінің ата-бабасының мұраларын сақтауға және одан әрі дамытуға аса көңіл бөліп келеді.
Қазақтар Қытайға қоныстанғаннан бергі ұзақ уақыт аралығында алты-жеті ұрпақ ауысып үлгерсе де, әлі күнге дейін Қытай жеріндегі қазақ диаспорасы өзінің ұлттық қасиетінің басты элементі ‒ ана тілін сақтап келеді. Олардың сөйлеу тілі фонетикалық, лексикалық, морфологиялық жағынан біршама өзгешеленгенімен, қазақтың біртұтас халықтық тілінен оншалық алыстап кеткен жоқ. Бұған себеп болып отырған жағдаяттардың бірі – Қытай қазақтарының ұлттық мәдениетті ұмыт қылмай, қастерлеп қадір тұтатыны. Мәдениет – ұлттың жаны, оның тірегі және бірлігі. Өмірдің түрлі ережелерін, салт-дәстүрлер мен рәсімдерді сақтау адамның этникалық ерекшелігін айқындап, өзін белгілі бір қауымның бөлшегі ретінде қарастыру үшін маңызды. Қытайда ШҰАА әлеуметтік кеңістігінде көптеген өмір салттары, мәдениеттер мен діндер араласып кеткеніне қарамастан, қазақтар өздерінің ата-бабасының мұраларын сақтауға және одан әрі дамытуға аса көңіл бөліп келеді.
Қазақтың киіз үйін құрып, оның ұлттық нақышта безендірілуіне мән берген шеттегі ағайын өскелең ұрпақтың санасына бабаларымыздан келе жатқан құнды қазынамызды дәріптеп отыр. Ел аузында «Қазақ кестесінің мекені» атанған Қытайдың Санжы облысына қарасты Мори қазақ автономиялы ауданында әлемдегі ең үлкен киіз үй жасалып, алып сырмақ тігілді. Қытай журналистері жарыса жазған жаңалықтарға сүйенсек, Шыңжаңның Мори ауданында тігілген киіз үйдің жалпы диаметр көлемі ‒ 1175 шаршы метр, биіктігі 18,5 метр болып, күлдіреуіштен басқұрға дейін 13,5 метрді құраған. Керегесінің биіктігі ‒ 5 метр, уықтың ұзындығы 6 метр болған алып ақ орда шаңырағының диаметрі 8,5 метр екен. Ал киіз үйдің төріне салынған сырмақтың диаметрі ‒ 32 метр, айналма ұзындығы 101 метр ұзындықта болып, жалпы көлемі 803,8 метрді құраған. Оған 2000 адам малдас құрып отыруға болады. Мори аудандық үкіметінің қолдауымен сондағы «Меруерт» кестешілік кооперативі шеберлерінің қолынан шыққан киіз үй мен сырмақты дайындауға 5 млн. юаннан (шамамен 850 мың АҚШ доллары) аса қаражат жұмсалған. «Меруерт» кестешілік кооперативінің басшысы Азат Әбейұлының айтуынша, тек сырмақты тігуге 32 адам 3 ай уақыт жұмсаған. Ұзындығы – 3,37 метр, етегінің кеңдігі – 12,30 метр, елу қатпарлы үлкен қазақ көйлегі «Гиннес» рекордтар кітабына енгізілді.
«Ата салтым – асыл қазынам» демекші, ата мекеннен алыста жүрсе де, қазақтың салтымен құда күтіп, келін түсіріп, беташар жасап, дәстүрімізді жалғастырып келеді. Ұрпаққа үлгі-өнеге болар жөн-жоралғыны көбіне қазақтың көпті көрген қарияларының аузынан естуге болады. Қазақ халқының даласындай дархан пейілі мен қонақжайлық қасиеті туралы XIX ғасырдың аяқ кезінде Ресей зерттеушілері: «Қазақтар осы уақытқа дейін жылы жүзділігімен, қайырымды ақкөңілділігімен және қонақжайлылық қасиетімен таңғалдырады. Мұның өзі олардың сүйегіне ежелден сіңіп кеткен керемет асыл қасиет», – деп жазған екен. Алыстан келген қонақты құдасындай күтетін қазақ мың жылдық құдаларына құшағын ашып, төс қағыстырып, ерекше құрмет көрсеткен. Бұрынғыдан келе жатқан дәстүр бойынша ауыл ақсақалдары қадірлі меймандарға аса үлкен ықыласпен төр ұсынған. Бұл – халқымызда атадан балаға мирас болып келе жеткен ежелгі әдет-ғұрпымыздың бірі. Қытайда соңғы жылдары аз ұлттардың мәдениеті мен тарихын тереңірек насихаттау мақсатында арнайы бағдарлама қабылданған. Осы арқылы мемлекет аз халықтардың салт-дәстүрі мен әдетғұрпын сақтауына ерекше мән беріп отырған көрінеді. Мәселен, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын дәріптеу тұрғысында Алтай қалалық әкімшілік мекемесінің қолдауымен тұңғыш рет төрт бөлімнен тұратын «Көш жолында» және «Ағажай» атты көлемді шығармалар сахналанған. Сондай-ақ қазақтардың тарихынан тереңінен сыр шертетін Алтай қазағының саз-сырнай мұражайы ашылып, сырттағы қандастарымыздың рухани көкжиегін кеңейтіп жатыр.
Зерттеу жұмысымыздың нысаны ‒ Қытай қазақтарының тілдік ерекшелігі. Бір байқағанымыз ‒ қытай қазақтарының тіліндегі қолданып жүрген сөздердің басым көпшілігі қазақ әдеби тілімен бірдей. Сондықтан өзгешеліктерді сөздік құрамдағы кейбір элементтерден ғана іздеуге тура келеді. Мысалы: бүліншілік салу – әдеби тілде бүлік салу; шеке қарау ‒ әдеби тілде шекеден қарау; езіп малтау ‒ әдеби тілде малтасын езу; көзайдан болу ‒ әдеби тілде көзайым болу т.б. [1, 232].
Қытай қазақтары тілінің саф күйінде сақталуының басты бір себебі олардың Қытайға қоныс аудару үдерісінің әдеби тіліміздің әбден кемелденген кезімен тұспа-тұс келуімен байланысты. Өйткені осындағы қазақтардың тілінде жергілікті ерекшеліктермен қатар қазіргі халықтық тілімізде ескі болып қолданыстан шыққан сол кездердегі байырғы сөздердің біразы әлі де сақталып қалып отыр. Бұған қоса тілдің ішкі даму заңдылығының өріс алуы, соңғы сексен жылдан бері мектеп, баспасөз, радио, театр т.б. рухани мәдениет саласының құралдары арқылы Қазақстанның игі ықпалы болуы сияқты факторлар да тілдің таза қалпында қалуына септігін тигізді. Аталған себептердің әсерімен мұндағы қазақ тілі қаншалықты сақталғанымен де, оның өзі ұзаққа бармай өзгерістерге ұшырайтынын жоққа шығаруға болмайды. Тіл – тірі ағза сияқты динамикалық құбылыс, үздіксіз дамып отыратын үдеріс. Лексикалық құрамның өзгеруі – сөз мағынасының өзгеруімен орайлас қозғалыс. Сөз мағынасының өзгеруі тілдің сапалық деңгейін арттырады. Ғалымдардың пайымдауынша, заман ағымына қарай сөз мағынасы мүлде жаңарады, оның бірде аясы кеңейе түседі, бірде тарылады. Дәуір өзгерген сайын адам баласының ұғым-түсінігі де дамып, өзгеріске ұшырайды. Басқа тілден сөз алу сөз жасау және сол сөздің мағынасын, қызметін кеңейту арқылы жаңа ұғымды көрсету деген сөз. Қытай қазақтары тілінің ерекшеліктерін сөз еткенде олардың басынан кешкен сан алуан тарихи, саяси және әлеуметтік-экономикалық жағдайларды ескерген жөн. Санамалап айтар болсақ: біріншіден, Кеңес Үкіметі тұсындағы саяси-әлеуметтік қарама-қайшылықтардың салдарынан ата жұртпен қарым-қатынастың шектелуі; екіншіден, қазақ тіліндегі мектептер мен балабақшалардың, мәдени орындардың, баспасөз, теледидар құралдарының болмауы; үшіншіден, жазу графикасының араб, латынша болып, орыс кириллицасын түсіндіру қиынға түсуі; төртіншіден, қазақ тілінің тек отбасында ғана қолданылатын ауызекі қарым-қатынас құралы ретінде ғана қызмет атқаруы; бесіншіден, өздері мекен еткен тілдік ортаның әсері, яғни солармен тығыз қарым-қатынаста болуы т.б. Дегенмен осындай қайшылықтар мен әрекеттер бола тұра, қандастарымыз ана тілде сөйлеудің қатаң тәртібін сақтаған. Қытай қазақтары тілін қазақ әдеби тілі мен оның өзге говорларынан оқшауландырып тұратын басты лексикалық ерекшеліктердің бірі – өзге тілдерден енген сөздердің молдығы.
Тілдің дамуында ішкі факторлармен қатар сыртқы ықпал да шешуші рөл атқарады. Сыртқы фактор дегеніміз – көрші тілдің әсері, басқаша айтқанда, географиялық ортаның ықпалы. Ішкі фактор болса, ол ‒ сол тілдің ішкі даму заңдылығынан туған, оның табиғатына, жаратылысына тән өз бойындағы төлтума ерекшелігі.
Осы тұрғыдан алсақ, Қытайдағы қазақтардың қалай сөйлейтінін және олардың тіліне түрлі сыртқы фактордың әсері қандай екенін әрі ондағы қалыптасқан тілдік жағдаятты да қысқаша сипаттап өткеніміз жөн. Кез келген этностың өз ортасынан тыс жерде, өзге тілдік ортада өз тілін қалай сақтап, дамытатындығын анықтау ‒ әлеуметтік тіл біліміндегі маңызды мәселелердің бірі. «Шет ел, шет жерді мекендейтін қазақтардың тілдік жағдайын зерттеуді дәстүрлі лингвистика, атап айтқанда, диалектологиялық тұрғыдан жүргізу жеткіліксіз. Оны әлеуметтік лингвистикаға тән әдіс-тәсілдерді пайдалану арқылы жүзеге асыру ләзім» [2, 51] – дейді Б. Хасанұлы.
Қытай қазақтарының тілін зерттеуде және ондағы қалыптасқан тілдік жағдаятты көрсету үшін мұндағы қазақы тілдік ортаның өмір сүру формасын анықтау қажет. Тілдің өмір сүру формасын, оның түрлерін анықтауға келгенде зерттеушілердің көзқарастары бір арнаға тоғыса бермейді. Мәселен, әлеуметтік тіл білімі саласын зерттеген В.А. Аврорин тілдің өмір сүру формасын былай түсіндіреді: «Это самостоятельные языковые структуры, естественно объединяющиеся в группы с различной иерархией по признаку общности материала и потому в принципе доступные пониманию в пределах одного народа, но различающиеся по уровню совершенства, универсальности и по преимущественным сферам использования» [3, 58].
Синхрондық тұрғыдан Қытайдағы қазақтар тілінің өмір сүру формасын территориялық диалект деп қарастырамыз. Орыс ғалымы В.Д. Бондалетовтың пайымдаунша, «территориялық диалект» кеңінен таралған тілдің өмір сүру формасы болып келген [4, 153]. Көптеген зерттеушілер территориялық диалектіні және әдеби тілді біршама тұрақты құрылымдық форма және ұлттық тілдің әртүрлілігі деп санайды.
Қазақ тілінің диалектілері қазіргі кезде сөйленіс түрінде қалыптасқан. Сөйленістер қазіргі ұлттық тіліміздің варианты есебінде соны қолданушылардың қатынас құралы болып табылады. Қытай қазақтарының тілі шығыс сөйленістер тобында қаралады. Олардың тілі қытай халқының ортасында өз халқынан және оның басқа диалектілік топтарынан ұзақ уақыт оқшауланып қалған тіл ретінде өмір сүріп отыр. Диалектолог Ш. Сарыбаев бір халықтың территориясында орналасқан елдің сөйленісін ауыспалы сөйленістер, оның ішінде тіларалық ауыспалы сөйленістер деп бөледі. Ғалымның түсіндіруінше, қазақ тілінің диалектілері (сөйленістері) таза территориялық емес, территориялық-рулық сипатта. Территориялық диалект көбінесе рулық, тайпалық диалектілерді негізге алады, соған сүйенеді. Өйткені сол территорияда тілді қолданатын әр түрлі ру-тайпалар тұрады. Осының негізінде шығыс сөйленісі қазақтарды құрайтын рулар тілі ретінде зерттеле алады.
Қазақ тілі талай қиын-қыстау тарихи кезеңдерді басынан өткізді. Қазақ тілінің кейбір элементтері әрідегі ру-тайпалық қоғамға барып ұласады, шешімін содан табады. Сондықтан әрбір сөйленіс, диалект келесі бір сөйленіс, диалектіден және олардың өмір сүру формаларынан ерекшеленіп тұрады. Алайда сөйленістер тілдік ерекшеліктерімен қатар аймақтық жақындығы бойынша тіліміздің батыс, шығыс, оңтүстік сөйленістері болып топ құрайтыны белгілі. Бірақ бұндай жағдайда, яғни сөйленістер тобы күйінде олар тілдің өмір сүру формасы деп қаралмайды. «Халықтық ауызекі сөйлеу тілінде территориялық диалект немесе жартылай диалектілердің (полудиалект) формалары, облыстық койне кең қолданылса да, бұлардың ешқайсысы жалпыхалықтық қасиетке ие емес» [5, 93].
Диалектілік аймақтарда тілдің өмір сүру формасын, яғни Қытайдағы қазақтар тілінің қолданылу ортасын да анықтап кеткен жөн. Себебі жергілікті қазақтар бір-бірімен тайпалықрулық жағынан да, территориялық жағынан да тығыз байланыста.
Келесі қарастырылатын мәселе – Қытайдағы қазақ тілінің тілдік жағдаяты. Мұндағы қазақ халқының тілдік жағдаяты көп тілді қоғамдағы әр түрлі факторлардың әсерімен тығыз байланысты. Бір тілді және көп тілді қоғамдағы тілдік жағдаят туралы, көп ұлтты мемлекеттегі әрбір тілдің жұмсалуы туралы зерттеу жүргізу – қазіргі кездегі лингвистикадағы маңызды мәселелердің бірі. Тілдік жағдаят жайында зерттеушілердің берген анықтамасы біркелкі емес. Әлеуметтік тіл білімі саласындағы В.В. Аврорин, В.Д. Бондалетов, А. Швейцер, Г.П. Степанов, А.Б. Никольский т.б. ғалымдар бұл ұғымды әр қырынан түсіндіреді. Қалыптасқан жалпы түсінік бойынша, тілдік жағдаятты анықтауда тілдік ұжымда қаралатын тілдік жүйе мен жүйеішілік жиынтық негізге алынады [6, 126]. Басқаша айтқанда, тілдік жағдаят дегенде белгілі тарихи кезеңдегі бір этностық бірлестіктердің қолданылатын тілдердің (тілдің өмір сүру формалары: территориялық, әлеуметтік диалектілер, койне, жаргондар) жиынтығындағы басқа тілдердің жұмсалуын түсінеміз [7, 131]. Қытай қазақтарының тілдік жағдайатын біз екі тілді немесе қос тілді сипатта деп білеміз. Себебі қазақтар тұратын аймақта негізгі тілдер ‒ қазақ және қытай тілдері.
Қостілділік (билингвизм) ‒ қоғамда қалыптасқан тілдік жағдаяттың көрінісі. Билингвизм терминін ғылымға У. Вайнрайх тілдердің түйісуі (контакт) негізінде 1953 жылы енгізді. Б. Хасановтың пайымдаунша, қостілділік ‒ белгілі бір территория көлеміндегі ұлтаралық қарым-қатынасқа түсетін белгілі бір этникалық қауымдастық өкілдерінің, бүкіл қоғамның әр түрлі жағдайда екі тілді алма-кезек немесе қатар қолдануы [8, 96]. Билингвизм жағдаятында генетикалық жағынан туыс, типологиялық жағынан жақын не болмаса генетикалық жағынан туыс емес, типологиялық жағынан алыс тілдер қатар келе береді. Бұрын жарияланған бір зерттеуде билингвизм жағдаятында қатар қолданылатын тілдердің бір-біріне өзара әсерлестігінің төмендегідей негізгі типтері көрсетілген: 1) туыс емес тілдердің әсерлестігі; 2) туыстығы алыс тілдердің әсерлестігі; 3) туыстығы жақын тілдердің әсерлестігі.
Бұл туыстығы алыс, жақын тілдердің немесе туыс емес тілдердің өзара әсерлестігі дегенде, М.А. Бородинаның пікірінше, көршілес туыс тілдердің бір-біріне әсері туыстығы жоқ көршілес тілдердің әсерінен әлдеқайда аз болмақ. Оны автор былай түсіндіреді: «Взаимодействия двух разносистемных языков связано в конечном счете с потребностью общения, лучшего взаимопонимания: легче ввести некоторые свои слова, звуки формы в чужой, очень трудный для понимания язык и тем самым сделать его для себя более доступным, чем изучить его таким, как он есть. Два низкородственных языка настолько друг на друга похожи и понятны на деле, в очень небольшой практике общения, что в этих случаях, естественно, отпадает потребность такого взаимопроникновения» [9, 29].
Біз қарастырып отырған билингвизм жағдаятының ерекшелігі ‒ қолданылатын қос тілдің туыстығының алыстығында. Себебі қазақ тілі Алтай тілдері құрамына кіреді, ал қытай тілі Тибет тілдері тобына кіреді. Салыстырар болсақ, басқа түркі халықтарының арасында отырған немесе іргелес отырған қазақтар сол көршілес халықтың тілін тез игеріп алатынын білеміз. Мысалы, Қырғызстандағы, Өзбекстандағы т.б. тілі жақын елдердегі қазақтар.
Қытай қазақтарының көпшілігі ханзу тілін жақсы біледі. Қазақтар ана тілінде сөйлей отырып, қытай сөздерін, қытай тілі арқылы енген кірме сөздерді көп қолданады. Дегенмен оларда билингвизм жалпылық қасиетке ие емес. Қытай тілін білетіндердің көпшілігі ‒ жоғары білімділер, ғылым, әкімшілік саласыныдағы қызметкерлер, мұғалімдер т.с.с. Мектепте қытай тілі оқылатындықтан, мектеп оқушылары да осы тілде түсінісіп, сөйлесе алады. Дей тұрғанмен, тұрғылықты қазақтар тұтастанып, қоныстас отырған халықтың тілін толық игеріп алмаған. Сондықтан Қытай қазақтары тіліндегі билингвизм құбылысын топтық билингвизм түріне жатқызамыз. Ал жергілікті қазақтардың қытай тілін толық игермеуінің басты себебі – қытай қазақ тіліне туыстығы жоқ болғандығы. Тілдердің топтастырылуы, олардағы жүйенің алуандығы, айырмашылығы туралы А. Байтұрсынұлы келесідей пікір айтқан: «Қазақтың тілі – түрік тілінің бір тарауы. Дүниедегі жұрттың тілі негізінде үшке бөлінеді: 1) түбіршік тіл, 2) жалғамалы тіл, 3) қопармалы тіл. Түбіршік тіл түпкі қалпынан өзгерілмей жұмсалады, мәселен, қытай, жапон тілдері. Жалғамалы тіл – сөздің аяғына жалғау қосылып өзгерілетін тіл, мәселен түрік, фин тілдері. Қопармалы тіл – сөз түбірімен қопарылып, өзгерілетін тіл, мәселен, орыс тілі, араб тілі. Біздің қазақ тілі түрік тілінің бір тарауы болғандықтан, жалғамалы тіл. Қазақ сөзінің түбірі өзгерілмей, аяғына жалғау қосылып өзгеріледі».
Тіл саясаты, сондай-ақ білім беру саясаты – көп ұлтты мемлекеттің ұлттық саясатының ең басты бөлігі. Ол тілдің қолданылуына, даму барысына мүдделі түрде мемлекет тарапынан қоғамдық топтар арқылы ықпал етеді. Қазақтар тығыз тұратын ШҰАА елді мекендерінде қазақ тілінде дәріс беретін мектептер бар. Дегенменен соңғы жылдары «қостілді оқыту» дейтін жаңа бағдарламаға сәйкес қазақ мектептерінде сабақтар қытайша өтіле бастады. Тек қана қазақ тілі мен әдебиет пәнін қазақша өтеді, бұның жақын арада ондағы қазақ тіліне деген ханзу тілінің ықпалын күшейтетіні түсінікті дүние.
Ұлт өкілдерінің тіл қатынасы ұлттардың тұрмысының, мәдениетінің өзара әсері ‒ сол халықтардың тіліне жаңа атаулар, кірме сөздер алып келетіні анық әрі ол заңдылық болып табылады. Өйткені лексика ‒ тілдің ауысуға және өзгеріске бейім тұратын қабаты. Өзге тілдік элементтердің ену үдерісін сөз қылғанда Э. Хауген: «Кейбір тілдік бірліктер басқаларымен салыстырғанда оңай игерілетіні бұрыннан белгілі. Тіпті сөз таптарының өзі ішінде еркін игерілетіні зат есімдер болса, одан кейінгілері суффикстер, жалғаулар және ең соңында фонетикалық бірліктер игеріледі», – деп ескертеді [10, 372]. Жергілікті халықпен қарым-қатынас нәтижесінде Шыңжаң қазақтарының тіліне де қытай тілінен кірме сөздер көптеп енді. Мұндағы қазақтардың тіліндегі кірме сөздердің пайда болу кезеңін дәл анықтау қиындық тудырады.
Қытай қазақтарының тілі қазіргі кезде диглоссиялық жағдайда. Олардың тілі ұлттық тілдің нұсқасы ретінде диглоссияның кең тараған функционалды типіне сәйкеседі: ол – территориялық диалект және әдеби тіл. Қазіргі кезде әдеби тіл дегенді Еуропа ғалымдары «стандартты тіл» деп қарастырады.
Шыңжаң қазақтарының тіліне әдеби тілдің әсері бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, Қазақстаннан шығатын мерзімді баспасөз, әр түрлі әдебиетпен таныс болу арқылы және жергілікті басылымдар арқылы жүріп отырады. Кейбір жастардың Қазақстанда жоғары білім алуы, тіпті аймақ көлеміндегі мектептерде білім алудың өзі белгілі деңгейде әдеби тілдің таралуына ықпал етеді.
Белгілі бір әдебиеттерде диалектіде сөйлейтін ортаға әдеби тілдің әсері телерадио, ақпараттық құралдар арқылы жүзеге асады деген көзқарас кеңінен қалыптасқан. Алайда аталмыш жайыттың өзі де шартты деуге тура келеді. Мәселен, орыс тілінің диалектісінде сөйлеуші үшін тілдің әдеби формада берілген телерадио тілін толық түсініп, қабылдау оңай емес. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдарының тілі әдеби формада болса да, тыңдаушының қатысуынсыз диалог жүрмейтінін ескеру керек. Берілетін хабар-ақпаратты тыңдаушы монолог (тыңдаушы тарапынан жауап қайтарылмайтын, тыңдауға арналған сөз) формасында қабылдайды. Ал тыңдаушыға монолог формасында айтылған мағлұматты толығымен түсіне қою қиын. Мұндай жағдайда қабылдаушы реципиент берілген хабар-ақпарат мәтінін үлгі ретінде алып, оның сөйлеу мәнеріне еліктей алмайды.
Сөйлеу тілінде жергілікті ерекшеліктер көп байқалатын егде жастағы адамдар күнделікті телерадио хабарларды көп тыңдап, мерзімді басылымдарды көп оқыса да, диалектілік ерекшеліктерді көп қолданады. Өйткені әдеби тіл бұқаралық ақпарат құралдары бойынша жасанды сипатта монолог түрінде сөйленіс иелерінің тіліне соншалықты әсер ете алмайды.
Қорыта айтқанда, белгілі бір тарихи себептерге байланысты елден бөлініп, жырақтап қалған осы бір саны бүгінгі күнде милионнан асқан қандастарымыздың тілі қандай дәрежеде, қандай сипатта екенін зерттеу, оны жалпы халықтық мемлекеттік қазақ тілі деңгейінің аясында қарастыру — бүгінгі таңдағы басты мақсаттарының бірі екені ақиқат.
Тілді зерттеуші белгілі ғалым Б.Хасанов шетелдерде шоғырланған қазақтардың тілін, өмірін зерттеу қазақ тіл білімі үшін ғана емес, дүниежүзі әлеуметтік лингвистикасы үшін мәні зор екенін атай келе, былай дейді: «Жер жаһанның 40 елінде қоныс тепкен қазақтың «қазақ» болып қалуынын бірден-бір куәсі — оның сақталған тілі. Бұған дәлел сол — оның ана тілінің көптеген елдерде қазақ өмірінің төрт негізгі саласында, атап айтқанда, тұрмыста, қоғамдық өмір мен көркем шығармашылық, ауыз әдебиеті саласында тиянақты қолданылуы». Қытай қазақтарының тіліміздің, дініміздің, діліміздің таза сақталуына зор мән беріп отыруы көңіл қуантады.
Пайдаланған әдебиеттер
1 Бафин Б.А. Китайские элементы в языке казахов Синьцзяня. Автореферат диссер.филол. канд.наук. – Алма-Ата, 1973. – 33 с.
2 Хасанұлы Б. Ана тілі ‒ ата мұра. – Алматы: Жазушы, 1992. ‒ 272 б.
3 Аврорин В.А. Синтаксические исследования по нанайскому языку. – Л., 1981.
4 Бондалетов В.Д. Диалекты территориальные. Пензенская энциклопедия. – М.:
Научное издательство «Большая Российская энциклопедия», 2001. – 155 с.
5 Сарыбаев Ш. Қазақ тіл білімі мәселелері. ‒ Алматы: Арыс, 2000. ‒ 624 б.
6 Сулейменов О. Пересекающиеся параллели (введение в тюркославистику). ‒ Алматы: 2001. ‒ 109 с.
7 Құмарұлы Я. Алыстағы атамұра. – Пекин: Ұлттар баспасы, 2003. ‒110 б.
8 Хасанұлы Б. Ана тілі ‒ ата мұра. – Алматы: Жазушы, 1992. ‒ 272 б.
9 Бородина М.А. Диалекты и региональные языки // Вопросы языкознания. ‒ 1982. ‒ №5, 29-38с. 10 Хаугэн Э. Диалект. Язык. Нация. ‒ М.: 1966. ‒ 670 с.
В данной статье рассмотрена проблема и особенности языка казахов Китая в настоящее время. В разных языках в связи с экономическими, политическими, культурными взаимоотношениями, общественным развитием, научно-техническими изменениями появляются новые слова и словосочетания, так, постоянно пополняется словарный состав языка. Если рассматривать язык с точки зрения современной лексической нормы, то следует отметить, что устаревшие древние слова, архаизмы, обозначающие вышедшие из употребления вещи, явления и понятия, оказываются в «архиве» истории слов. Таким образом, в словарном составе языка постоянно, бесперебойно происходят изменения. Поэтому в мире не существует языков, в лексическом составе которых нет элементов заимствования из других языков, абсолютно «чистого» языка нет в природе.
This article is devoted to the problem and peculiarities of the language of the Kazakhs of China at the present time.In different languages, in connection with economic, political, cultural relations, social development, scientific and technical changes, new words and phrases appear. The vocabulary of the language is constantly replenished. If we look at the language from the point of view of the modern lexical norm it should be noted that obsolete ancient words, archaisms, denoting things that have disappeared from use, phenomena and concepts, turn out to be in the «archive» of the history of words. Thus, the vocabulary of the language is constantly changing. Therefore, in the world there are no languages, in the lexical composition of which there are no elements of borrowing from other languages, so there is absolutely no «pure» language in the world.