ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘДЕНИ КОДЫ: АСПАЗДЫҚ ЛЕКСИКА НЕГІЗІНДЕ МӘДЕНИЕТТАНУ СӨЗДІГІН ЖАСАУ ТӘЖІРИБЕСІ

О.А. Жумагулова, И.С. Қаирбекова, Г.Т. Тлеубердина
Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті Көкшетау, Қазақстан
J_Omirgul_A@mail.ru

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘДЕНИ КОДЫ: АСПАЗДЫҚ ЛЕКСИКА НЕГІЗІНДЕ МӘДЕНИЕТТАНУ СӨЗДІГІН ЖАСАУ ТӘЖІРИБЕСІ

Мақалада тіл бірліктерінің семантикалық өрісінде этностың мәдени құндылықтарына негізделген мәдени коды көрініс табады. Мәдени кодты сол тілде сөйлейтін халықтың мәдениетімен бірлікте қарастыру зерттеу жұмысының маңыздылығын арттыра, мазмұнын тереңдете түседі. Қазіргі қазақ тілінің бейнелі жүйесіндегі аспаздық метафораларды қарастырып, оған лигвомәдени тұрғыдан сипаттама беру арқылы қазақ тілінің мәдени құндылықтарына негізделген коды зерделенеді. Қазақ тілінің бейнелі жүйесіндегі аспаздық метафораның көлемі мен семантикалық өрісі сараланады. Соның негізінде жасалған сөздік ұстанымдары мен сөздік мақала құрылымы ұсынылады.

Негіз сөздер: мәдени код, аспаздық лексика, метафора, лингвомәдени, лингвомәдени сөздік.

Тіл бірліктерін этностың тұрмыс-тіршілігі мен мәдениеті негізінде зерттеу үрдісі тіл білімінің этнолингвистика, тіл арқылы ел тану, лингвомәдениеттану, когнитивтік лингвистика сияқты жаңа бағыттарына жол ашты. Аталған бағыттардың негізінде этностың тілі мен мәдениетінің өзара байланысы мәселесі жатыр. Тіл мен халықтың, оның мәдениетінің арасындағы байланыс халықтың рухынан, тілінен көрініс табады. Олай болса, тілді зерттегенде оны сол халықтың рухани құндылықтарымен, мәдениетімен байланыстыра зерттеу қажет.
Қазақстан егемендігін алып, өзгелермен терезесі тең тәуелсіз елге айналған уақытта ұлттың бірегейлігі мен өміршеңдігін қалыптастыратын басты белгі – оның тілі екендігін негіздеу, тілді сол тілде сөйлейтін халықтың мәдениетімен бірлікте қарастыру зерттеу жұмысының маңыздылығын арттыра, мазмұнын тереңдете түседі. Сол себепті қазіргі қазақ тілінің бейнелі жүйесіндегі аспаздық метафораларды қарастыру, оған лигвомәдени тұрғыдан сипаттама беру бүгінгі тіл білімінің өзекті мәселелерінің бірі болып отыр. Сондықтан да аспаздық метафораларды тілдің бейнелілік жүйесімен сабақтастыра қарастыру арқылы сөздік жасау тәжірибесі – қазақ тіл білімінің лексикография саласындағы алғашқы қадамы.
Сөздік ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруы негізінде «Тіларалық және мәдениетаралық байланыстары аспектісіндегі қазақ этносының ұлттықмәдени доминанттары» (2012-2014жж..) ғылыми жобасы аясында іске асырылды (келісімшарт №1097,25.09.2012ж.). Жұмыс барысында бұған дейінгі жинақталған фразеологиялық және мақал-мәтелдер сөздіктерін жасау тәжірибесі сараланды [1], [2], [3]. Осы бағытта бір қатар лингвомәдениеттану сөздіктері де зерттеушілердің назарынан тыс қалмады [4]. Қазақ халқының тағамдық дәстүрі негізінде туған бейнелі сөздерді лексикографиялық түрде зерделеу қазіргі қазақ тілінің сөздік құрамындағы лексикафразеологиялық бірліктерді саралап, лингвомәдени және лингвокогнитивтік зерттеу аспектісінде белгілі бір нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді [5].
«Тілдік бейнелер аясындағы қазақ халқының тағамдық дәстүрі» сөздігін жасау тұжырымдамасы ф.ғ.д., профессор Е.А. Юринаның басшылығымен анықталып, тілдік бірліктерді жинақтауда сөздің лексикалық бейнелігі мен тілдің бейнелілік жүйесі теориясы негізге алынды [6, 71-72]. Бұл теория бойынша лексикалық және фразеологиялық бірліктердің семантикалық құрылымындағы метафоралану, ұқсату бейнесі метафоралық уәжділік және сөздің ішкі формасындағы метафоралану нәтижесіндегі семантикалық екі жақтылыққа сүйенеді. Тілдік бірліктерді жинақтау, ассоциативтік-бейнелі мазмұнын ашу барысында аспаздық лексиканың метафоралық үлгілеріне көңіл бөлініп, бейнелі лексиканың функционалдық-семантикалық қасиеттері ұлттық таным ерекшеліктері негізінде антропоцентристік және лингвомәдени тұрғыдан қарастырылды.
Сөздікте қазіргі қазақ тіліндегі тағам атауларының метафораланып, түрлі ұқсастықтары негізінде болмыстың сан алуан құбылыстарын бейнелі жеткізу әлеуеті көрініс табады. Сөздікте сипатталған бейнелі лексика екі түрлі семантикалық құрылымда анықталады. Бірінші семантикалық құрылымда бейнелі сөз негізгі лексикалық мағынаның дамуы барысында туындағын тілдік метафора түрінде (ТМ) қарастырылады: бауырсақ «томпақ», «домалақ», уыз «балғын», ұйытқы «бір істі ұйымдастырушы, жетекші», май «құнарлы, табысты». Екінші семантикалық құрылымда бейнелі лексика ішкі формасының метафоралануы негізінде пайда болған нақты бейнелі (НБ) мағынасы тұрғысынан зерделенеді: ұйытқыдай «жылдам», тату-тәтті, сүттей «аппақ, кіршіксіз», «жарық», «адал», күріштей «тізілген», «аппақ», тарыдай «уақ», «мол», бауырсақтай «толық», «семіз», ыстық бауырсақтай «сұранысқа ие», «көңілге қонымды».
Зерттеу нысаны болып отырған бейнелі сөздер қатарына сөздікте ассоциациялық ойлаумен байланысты болатын ұқсату нәтижесінде туындайтын метафоралық аталымдарға түрлі құрылымдағы және түрлі фразеологиялық байлаулы мағынадағы тұрақты тіркестер де алынды: май шелпек «оңай олжа, арзан дүние», сүр бойдақ «көп уақытқа дейін үйленбеген ер адам», қуырдақтай қуыру «күйдіру», «сөгу, ұрысу», «асықтыру, дүрліктіру». Когнитивтік теорияға сәйкес атау жасаушылар қоршаған нысандардың сыр-сипатын ұқсастық ұстанымына қарай әр қырынан ашып, олар туралы білім қорын толықтырады. Мәселен, май шелпек фразеологизмінің байлаулы фразеологиялық мағынасына тағамды дайындау үдерісі негіз болып, майға салып, тез қайта алуына негізделген ассоциация «оңай олжа, арзан дүние» деген бейнелі мағынаны тудырады. Ал сүр бойдақ фразеологизміне қазақ халқының негізгі тағамдарының бірі етті ұзақ сақтау мақсатынан туған үдерістің заттық нәтижесі негіз болып, «көп уақытқа дейін» деген мағыналық компонентке негіз болады да метафоралану арқылы фразеологиялық байлаулы мағынаны тудырады, ал бойдақ «үйленбеген ер адам» тура мағынасында жұмсалып тұрғаны белгілі. Осы аналогия бойынша қуырдақтай қуыру фразеологизмі қалыптасып, танылған болмыс құбылысын бейнелі жеткізуге мүмкіндік береді де «күйдіру», «сөгу, ұрысу», «асықтыру, дүрліктіру» деген бірнеше мағынаны жеткізуімен сипатталатын әмбебаптық сипаты да көрініс табады. Бұл адамның таным тәжірибесіндегі болмыс нысандары қасиеттерінің өзге заттар арқылы ашылып, танылуы олардың тіл тұтынушының бай тәжірибесімен жинақталған ақпараттарды қайта жаңғыртуға негіз болады. Бейнелі сөздердің бұл ерекшелігі сөздік жасауда антропоцентристік және когнитивтік аспектілерге сүйенуімізге, қоршаған әлемдегі нысандардың байланысын антропоөлшемділік тұрғысынан қарастыруға негіз болып, соның нәтижесінде адамның болмыс шындығын таңбалау ерекшелігінде бұрынғы жинақталған білім қоры жұмсалып, оның ақпараттық мазмұнының бейнелі сөздердің семантикалық құралымында көрініс табуын ашуға мүмкіндік берді. Бұның өзі сөздікте сипатталатын нысанды анықтауда зерттеу аспектісі тұрғысынан метафоралық айырушы, ассоциативтік ұқсату мазмұнына қарай аспаздық тақырыптағы бейнелі сөздер деп қарастыруға жағдай жасайды. Шындық болмысты тану барысында қазақ халқы түрлі нысандарды өзіне етене таныс, үйреншікті бейнелер негізінде қабылдайды. Лексикографиялау нысанына алынған бірліктердің бейнелі семантикасы ассоциативтік ұқсату мазмұнында ашылады да, ұқсату ретінде:
1) тағамның өзі: жал-жая «қадірлі, қасиетті». – Баласы Қожағұлдың Біржан салмын, Болғанда Қыздар қарта, жая-жалмын. Сұлудың ақ торғындай тамағынан Нәр алып, салдық құрып өскен жанмын (Қаз. әндері).
2) тағам өнімі: ет «пісірілген ет, кәделі тағам аты, бесбармақ». – Жаңыл ақ құманға шай салып отқа қойды да, дастарқан жайды. Қаламүштің алдына ет әкелді (Т.Ахтанов, Боран).
3) дайындау үдерісі: сүр шөп «сүрленген мал азығы». –Жоспар бойынша барлығы 129 мың тонна жем, 7 мың тонна пішендеме, 29,5 мың тонна сүр шөп жинау көзделген
(http://baq.kz/news/33875).
4) дайындау немесе пайдалану субъектісі: арамтамақ «біреудің есебінен күн көретін адам, жалқау». – Бойкүйез, арамтамақ жатып ішер, Жаман дерт осы бастан сақтаныңдар (К. Әзірбаев).
5) аспаздық әрекет етуші субъектілерінің физиологиялық және эмоциялық жағдайы: көже «былық, былапыт, былжыр». – Әділбек ана екеуінің аузынан шыққан сөзді қағыс жібермей, бір нәрсе түсінуге тырысады. Әрі-беріден соң миы көже болып кеткендей (З.Шүкіров, Қиын түйін).
6) аспаздық құралдар, ыдыс-аяқ, орын: саяси асхана «саясаткерлер, қоғам қайраткерлерінің ішетін асы», «саяси орта»: “Саяси асхана”. Президент таңертең ботқа, жемiс-жидек, жаңғақ жейдi. Түскi асқа көкөнiс немесе балық сорпасын iшедi. (zhasalash.kz/print/10034.html?type=news). Сөздік нысаны ретінде алынған бейнелі сөздер, метафораланған лексика заттар немесе құбылыстардың адам санасында сақталған қасиеттерін ұқсату арқылы өзге нысандарға телу әрекеті жүзеге асырылатынын, ұқсастық белгілері уәждемелік белгі ретінде жұмсалып, бейнелі аталымның ішкі формасын, уәждемелену үдерісін айқындауға мүмкіндік береді.
Бейнелі сөздердің семантикалық құрылымында адам бұрын жинақтаған білім қоры сақталады. Демек, негіз сөздің түрлі белгілері белгілі бір ұқсастыққа негізделіп, уәждемелік белгі уәждеуші сөз арқылы лексеманың ішкі мағыналық құрылымына енеді. Уәждеуші сөздің ауыспалы мағынасы оның негізгі лексикалық мағынасы негізінде дамып, метафоралану арқылы аталым жасауға қатысады, кейде бейнелі мағына сол бірліктің беретін кең пайымдаулармен айқындалып жатады. Бұл сөздік жасау кезінде шығармашылық топтың назарында болды.
Сөздік авторлары қазақ халқының метафоралық әлем бейнесіндегі аспаздық лексиканы қарастыра отырып, бұл когнитивтік жүйені тақырыптық топтастыруда тиісті фреймдер мен сценарий құрылымдарындағы слоттар бойынша зерделеуді де көздейді.
Типтік сценарий екі стереотиптік жағдайды қамтиды:
1) субъектінің тағамды белгілі бір азық-түлік түрлерінен дайындауы (Мысалы, қамырсуға, сүтке илеген ұн, шикі нан қамырша. НБ. Үст. Миы шыққан).
2) дайын тағамды жеу үдерісі (қымыздай сіміру «бергенді қағып алу, айтқансыз түгел ұғып алу»). Сөздікте бейнелі сөздерді саралау барысында тағам атауларының бейне тудыруда уәждік белгі ретінде танылатын тағамның өзіне тән басты белгілері, оның сыртқы тұрпаты, өлшемі, дәмі, иісі, дайындалу үдерісі ескеріліп, ол лингвомәдениетанымдық түсініктемеде ашылады.
Сөздікте әрбір негіз сөзге берілген түсініктемеде бейнелі мағынаға негіз болатын тағам атауына қатысты этномәдени тұрғыдан жан-жақты мәлімет беріледі. Мұнда бейнелі мағына тудыратын сөз қандай тағам екендігі, дайындалу үдерісі, түрлері баяндалады. Сөздіктің авторлары қазіргі қазақ тілінде бейнелі мағынада жұмсалатын аспаздық лексиканы барынша қамтуға тырысты.
Жинақталған тілдік деректерді саралау барысында сөздік материалдары төмендегідей тақырыпта жүйеленді:
1. Ет өнімдері мен тағамдары;
2. Сүт және сүт өнімдері;
3. Бидай өнімдері;
4. Нан-тоқаш өнімдері;
5.Тәттілер;
6. Жемістер;
7. Жидектер;
8. Жұмыртқа;
9. Ыдыс-аяқ [5, 170].
Лексикалық бірліктер сөздікте идеографиялық (тақырыптық), сөзжасамдық ұя және әліпбилік ұстанымдары бойынша түзілді. Әр тақырыптық топта лексика-фразеологиялық бірліктер уәждемелік-бейнелі парадигмада әліпби тәртібінде берілді.
Уәждемелік-бейнелі парадигманың лексикографиялық құрылымы да сөздік мақсатымен астасып жатады:
1) парадигманың негіз сөзі – сөзжасамдық ұяның негізі болатын лексема, реестр сөз; Мұнда әрбір негіз сөздің негізігі лексикалық мағынасы анықталады.
2) негіз сөздің грамматикалық сипаты көрсетіледі (мысалы, зат.);
3) негізгі уәждемелік мағынаның түсіндірілуі және оның бейнелілік мәнінің лингвистикалық интерпретациясы; Метафораланған сөздің лингвистикалық интерпретациясы реестр сөздің тілдік мағынасы негізінде анықталды.
4) негізгі уәждемелік мағынаның иллюстрациясы; Уәждемелік мағынаның иллюстрациясы ретінде көркем шығармалардан, газет-журналдардан, ғаламтордан алынған тілдік материалдар пайдаланылды.
5) парадигма құрамындағы тілдік бейнелі құралдар – лексикографияланатын бейнелі бірліктердің сөздік мақалалары; тілдік бейнелі құралдар тілдік метафоралар, нақты бейнелі мағыналар, ұлттың тарихынан, мәдениетінен, таным болмысынан, тұрмыс-тіршілігінен хабардар ететін фразеологиялық бірліктер арқылы көрініс тапты, себебі бұл тілдік бірліктер белгілі бір ұлттың өзге ұлттардан менталдық айырмашылығын көрсететін, салт-дәстүр ерекшеліктерін білдіретін ұлттық өмір көріністерінің айнасы болып табылады.
6) лингвокогнитивтік түсініктеме – парадигма бірліктерінің бейнелі мағынасындағы типтік бейнелер мен метафоралық үлгілердің түсіндірілуі; Мұнда когнитивтік бейнелер стереотиптер мен этоландар түрінде берілсе, метафоралану үлгілері ассоциациялар негізінде анықталады.
7) лингвомәдениеттанымдық түсініктеме. Түсініктеме мазмұны сценарий түрінде беріледі.
Сөздік мақалада сөзжасамдық ұя тілдік метафора, нақты бейнелі сөз, тұрақты тіркестер түрінде әліпби тәртібінде беріледі.
Сөздік мақала құрылымы: 1) негізгі сөз – бейнелі лексикаға негіз болған лексема. 2) семантикалық құрылымдық сипатын көрсететін белгі – ТМ (тілдік метафора); НБ (нақты бейнелі сөз); 3) бейнелі мағынаның түсіндірілуі; 4) семантикалық нақтылауыш – денатоттық қатысым саласының көрсетілуі; 5) эмоциялық-бағалауыштық және стилистикалық белгілері; 6) иллюстрациясы – бейнелі бірліктің көркем әдебиет, публицистика және басқа да дискурстарда қолданылу иллюстрациясы, мәнмәтіндер.
Үлгі ретінде бір сөздік мақаласын ұсынайық: БАУЫРСАҚ, зат.
I. Негізгі мағынасы.
Ескен немесе қалыңдау етіп жайған қамырдан бірөңкей домалақ, яки төрт бұрышты етіп кесіп, майға пісірген нан; тағам. – Астау-астау бауырсақ пісіріп, қой үйтіп, құрт ездіріп, астарын да ықшамдады (М.Әуезов, Шығ.).
II. Бейнелі мағынасы.
БАУЫРСАҚ. ТМ. Домалақ мұрын. – Бауырсақ мұрын, бүйрек бет,
Қаймақ қабақ, қара қыз (М.Жұмабаев).
БАУЫРСАҚТАЙ. НБ. сын. 1. Бауырсақ тәрізді, Бауырсаққа ұқсас.
– Ол аумаған Жұбай:бойы әлі күнге келіден екі-ақ елі биік, беті де шешесінің бетіндей дөп-дөңгелек және күйіп піскен бауырсақтай, қып-қызыл ( Х.Есенжанов, Ақ Жайық).
2. Толық, семіз. – Бір үйде бәйбішелер бауырсақтай, Ауызы еттен, майдан дамыл таппай, Сүртініп сорпа терін жеңіменен, Ұзын күн істеп отыр қарнын қаптай
(І.Жансүгіров, Өлеңд.).
3. Томпақ. – Домалақ бауырсақтай томпайған екі беті қарақатқа шық тұрып тамып кетердей үлбіреген ашық қалың қасты қос жанарына сәжде қылған екі әлемге ұқсайды (http://massaget.kz/debiet/proza/10237).
4. Ірі, үлкен. – Біздің осы жұмысты аяқтауымызды күтіп тұрғандай, әлгінде ғана тас төбеге ілінген қара бұлттан бауырсақтай-бауырсақтай бұршақ төпелей жөнелді
(http://wap.pushkinlibrary.kz/library/index.php?id=12&page=2).
5. Кішкене. –Шайды сол бауырсақтай ғана қантпен ішті (Ғ.Мұстафин).
6. Ыстық, жанға жылы. – Бауырсақтай тауымның Бүлдірген мен шиесі (Айтыс).
БАУЫРСАҚТАЙ. НБ. үст. 1. Көп, мол. – Отбасыңыз амандықта, немере, шөбере, неменелеріңіз көп болып, маңайыңызда бауырсақтай шашылып ойнап жүрсін!
(ult.kz/adebiet-2/2246-қазақтың-ұлы-ақыны-60-жаста.html).
2. Сұранысқа ие, көңілге қонымды. – Астана күніне арналған мерекелік шараларды ұйымдастырушылар, әлемдік жұлдыздардың концерттерін тамашалағысы келетін азаматтарға билеттерді сатып алуға асығуға кеңес берді, себебі, олардың сөздеріне қарағанда, кіру билеттері «ыстық бауырсақтай» жылдам сатылу үстінде
(http://www.inform.kz/rus/article/2387529). 3. Жылдам. – Фильмдер майға қуырылған бауырсақтай бірінен соң бірі шығып жатты (qaznews.kz/mitxun-chakraborti-kim.html).
БАУЫРСАҚША. НБ. үст. 1.Шашырату, ыдырату. – Қыс бойы көрінбеген, енді бой жазып, айдынды аспанға жүзе шыққан ұлпа бұлттардың өзін қызғана ма, теріскейден соққан ескек жел оларды жаңа жазылған ақ, таза дастарқанға шашылған түйе бауырсақша ту-талақайын шығарып ыдыратып жіберген
(tonykok.kz/uploads/files/kolshatyr.pdf)..
2. Лезде, жылдам. – Ылпылдаған өткір балта ағашты бауырсақша турайды (Ж.Жұмақанов).
ДАСТАРҚАНҒА ТӨГІЛГЕН БАУЫРСАҚТАЙ ЖАЙЫЛУ. ФБ. Басы бірікпейтін. Бытыраңқы. – Дастарқанға төгілген бауырсақтай жайылып, жапан түзде біресе солтүстікке, біресе оңтүстікке бытырап көшіп жүрген қазақты ел етіп біріктіру үшін қаншама тәсіл, қаншама күш қолданылмады! (http://www.litmir.net/br/?b=110490&p=57).
III. Лингвомәдениетанымдық түсініктеме.
Бауырсақ – қазақтың ұлттық тағамы. Бауырсақты бидай ұнын ашытып, әртүрлі үлгіде жасап, майға пісіреді. Дәмді бауырсақ пісіру үшін сұйық май, қаймақ, ұн, құрғақ ашытқы, жылы су/сүт, қант және тұз қажет. Қаймақты ашыған айран немесе майонезбен алмастыруға болады. Негізінен бауырсақтың әр өңірде дайындалу тәсілі әр түрлі болғандықтан, оның бірнеше түрі қалыптасқан.
Ши бауырсақ еленген ұнға жұмыртқаны жарып құйып, сүтке немесе сорпаға иленеді, ашымаған қамырды жіңішкелеп есіп, ұсақтап кесіп қайнап жатқан майға қуырады. Оның қуырылғаннан кейінгі пішіні жастықша кәмпит секілді болады.
Ақ бауырсақ ақ ұнға еріткен сары май құйып илеп, құйрық майға қуырады. Көлемі өріктің үлкендігіндей болады.
Май бауырсақ қамыры сүт пен майлы сорпаға иленеді. Содан соң майды аса қайнатпай, сәл қыздырып қана қуырады.
Шай бауырсақ деп айран мен сүттің біріне илеп майға тоғытып қуырған ши бауырсақтан сәл ірілеу ақ ұнның бауырсағын айтады.
Тұш бауырсақ сүт, май, қант езген су үшеуін тең құйып илеп, жұмыртқа жарып, ши бауырсақша ұсақтап кесіп қуырылады. Қуырып болған соң ішіне сары май жаққан қалыпқа салынады, үстіне бал құйып, көкнәр себіледі, мейіз, мәмпәси салып қатырады.
Ашыған бауырсақ еленген ұнға жұмыртқа жарып илеп, ашытқан қамырдан үлкендеу етіп кесіп, майға жүздіріп қуырады.
Бармақ бауырсақ ши бауырсақ секілді дайындалады. Бар айырмашылығы – одан ұзыншалау болады.
Жалпақ бауырсақ шай бауырсақ сияқты дайындалады. Айырмашылығы – қамыр ұзыншалап жайылып, содан кейін 2х3 см. етіп жалпақ кесіледі.
Жол бауырсақ атынан көрініп тұрғандай, жолда яғни, асығыста иленген қамырды алақанымен жұқартып алып, ұзыншалап үзіп майға қуырылады.
Бадана бауырсақ сүт немесе суға ашытқыны езіп, қамыр көтерілген соң, қатты қайнап жатқан майға қуырылады. Көлемін 4-5 см. етіп кессе, піскенде кішігірім жұдырықтай боп, томпиып шығады.
Қазақтың той, мереке дастарханында міндетті түрде бауырсақ болуға тиісті. Ыстық бауырсаққа сары май жағып жесең, өте дәмді. Бауырсақ қырғыз, татар, башқұрт, ноғайларда да кездеседі.
IV.Типтік бейнелі көріністер.
1. Бауырсақ табиғат құбылысын, заттардың өлшем-пішінін, толық адамдарды, олардың бет әлпетін, мұрнын сипаттаудың этоланы болып табылады.
2. Жылдамдық, қажеттілікпен ассоциацияланады.
3. Бауырсақ күн бейнесімен астасып, сүйіспеншілік, мейірімділік, тіршілік, байлықпен ассоциацияланады.
Сөздік мақаларында бейнелі аталымдар үрдісіндегі тағам атауларының метафоралануы кезінде нысандардың әртүрлі белгілерін ұқсастықтар мен абстакциялар негізінде жасалатыны ашылады. Тілдік бірліктердің жасалуында, уәждемесінде уәждемелік белгілер ұқсату арқылы жиі таңдалып, когнитивтік тұрғыда атауға зәру нысанды таңбалауда кеңінен қолданылатын тағам атауларының метафоралануының әртүрлі ұқсастықтарға негізделетіні нақты тілдік деректер арқылы анықталды, сөздік мақаладан тиісті орнын алды. Тілдік бірліктің тілден тыс факторы болып саналатын заттар мен құбылыстардың ұқсастығы метафораланудың негізгі белгісі болып, тілде бейнелілік тудырады, бұл үдерістің нәтижесі аспаздық лексиканың бейнелі сөздер тудыруынан анық көрінеді және әрбір тағам атауының сөзжасамдық әлеуеті сөздіктегі сөздік мақалалардан анық көрінеді.
Сөздік жасау барысында иллюстрациялық материалдар тілдің бейнелі жүйесінің жасалуындағы семантикалық құралдардың (метафора) және бейнелі ассоциациялардың маңызы анықталды. Мәнмәтіндік материалдар ретінде қазақ ақын-жазушыларының шығармалары, ғаламтор материалдары қолданылды.
Қай ғылымда да жаңа еңбектер белгілі бір ғылыми тұжырымдар негізінде жасалады және ол еңбек бұрынғы тәжірибені ескере отырып жасалады. Тіл білімі ғылымындағы лексикография саласында пайда болған «Тілдік бейнелер аясындағы қазақ халқының тағамдық дәстүрі» сөздігі бейнелі сөздерді түсіндіру және сипаттау ұстанымына және лексикографиялық мақсаты негізінде жасалған лингомәдениеттану әрі түсіндірме сөздік болып табылады. Сөздікте бір жағынан қазақ тілінің мәдени аспаздық коды арқылы қазақ халқының болмысты бейнелі қабылдау ерекшелігі көрсетілсе, екінші жағынан қазақ тілінің бейнелі жүйесіндегі аспаздық сала нысандарының тілдік таңбалану сипаты мен метафоралану әлеуетін, семантикалық құрылымын анықтайды. Бұл сөздік тілдің бейнелі жүйесін, метафора мен метафоралану үдерісін, аспаздық лексиканы когнитивті-дискурстық зерттеуде практикалық тұрғыдан маңызды болып табылады. Мұндай еңбектер тіл тарихын зерттеушілер, жалпы ұлт тілін оқытушылар үшін өте құнды болмақ. Аталмыш еңбектің әсіресе қазақ тілінің бейнелі сөздерінің сөздігін жасауда қосар үлесі мол.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1-10 том. – Алматы: «Ғылым», 1974-1986 жж.
2 І.Кеңесбаев. Фразеологиялық сөздік. – Алматы: «Арыс», 2007. –559 б.
3 Қайдар Ә. Халық даналығы. – Алматы: «Тоғанай Т.», 2004. – 605 б.
4 Қайдар Ә. Қазақтар ана тілі әлемінде. – Алматы: «Сардар» баспа үйі, 1-3 том. 2013.
5 Тілдік бейнелер аясындағы қазақ халқының тағамдық дәстүрі. Линвгомәдениеттану сөздігі / Ф.ғ.д., проф. Е.А.Юринаның редакциялауымен. Ө.А.Жұмағұлова (қосалқы редактор), А.Д. Жақыпова, И.С. Қаирбекова, А.О. Мұқашева, Ж.О. Сағындықова, Г.Т. Тлеубердина.- Көкшетау: Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті баспаханасы, 2014. – 171 б.
6 Юрина Е.А. «Словарь русской кулинарной метафоры»: принципы отбора материала и структура словарной статьи // Вестник Томского государственного университета. Филология. — № 3 (15). – Томск, 2011. – С. 70 – 78.

В статье рассматривается культурный код языковых единиц, основанный на культурных ценностях этноса. Культурный код рассматривается в тандеме с культурой носителя данного языка, что дает возможность обозначить значимость и содержание научного исследования. . Изучая кулинарную метафору в образной системе современного казахскогно языка, исследутся культурный код, основанный на культурных ценностях, путем лингвокультурологического анализа. Определяется семантическое поле кулинарной метафоры в образной системе казахского языка. Предлагаются принципы создания лингвокультурологического словаря и структура словарной статьи.

The article in the current kazakh food metaphors of birth on the basis of visual dictionary of words and phrases describing the lexicographical linguistics to describe a form of collective experience that the author is being considered. Dictionary research will be comprehensive and objective lexicography. Language materials collection and sorting criteria based on the goal, the dictionary describes the structure and content of the article.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *