ПОЭТИКАЛЫҚ ТІЛДЕГІ «МӨЛШЕР» ҰҒЫМЫНЫҢ КӨРІНІСІ

Е. Маралбек
А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Алматы, Қазақстан elahau@mail.ru

ПОЭТИКАЛЫҚ ТІЛДЕГІ «МӨЛШЕР» ҰҒЫМЫНЫҢ КӨРІНІСІ

Бұл мақалада «мөлшер» ұғымы поэтикалық мәтіндер аясында қарастырылады. Қарай қарапайым сөйлеу тіліндегі «мөлшер» ұғымының берілуі мен поэтикалық тілдегі «мөлшер» ұғымының берілуінде елеулі өзгешеліктер көзге түседі. Осы ерекшеліктерді анықтау үшін XV-XVIII ғасырлардағы жыраулар поэзиясы зерттеу нысаны етіле отырып, ондағы тіл ирімдері қарастырылды. Бұл ретте жыраулар поэзиясында қолданылған көркемдік тәсілдердің ішінде эпитет арнайы қарастырылып, «мөлшер» ұғымының аталған тәсіл арқылы берілу жолдары мысалдар арқылы кеңінен сөз болады. Әрі мөлшерлік эпитеттердің есімді мөлшер эпитет, етісті мөлшер эпитет деген мағыналық топтары айқындалып, олардың жасалуына қарай даралауыш мөлшерлік айқындауыш, қайталауыш мөлшерлік айқындауыш, еселеуіш мөлшерлік айқындауыш деген түрлері анықталады. Сонымен қатар, бұлардың ұқсас және айрым белгілері нақты ажыратылады.

Кілтті сөздер: «Мөлшер» ұғымы, поэтикалық мөлшерлік, мөлшер эпитеттер, есімді мөлшер эпитеттер, етісті мөлшер эпитеттер, даралауыш мөлшерлік айқындауыштар, қайталауыш мөлшерлік айқындауыштар, еселеуіш мөлшерлік айқындауыштар, баяндаулы мөлшерлік айқындауыштар.

Тілдің шынайы құдыреті мен әсемдігі, «өткірдің жүзі мен кестенің бізінен» де ұшқырлығы көркем тіл майданында танылады. Ал оның басты құралы – кез келген тілдің ішкі қасиетінен туатын көріктеу құралдары мен айшықтау тәсілдері. Сол тәсілдердің бірі – эпитет. «Эпитет (айқындау) дегенге «заттың, құбылыстың айрықша сипатын, сапасын анықтайтын суретті сөз» (З.Қабдолов) немесе «адамның не заттың, не табиғат құбылыстарының өзгеше белгілерін көрсету, олардың бейнесін оқушылардың көз алдына елестету, ой-қиялына әсер ету үшін қолданылатын сөз» (Қ.Жұмалиев) жататын болса, етістік заттың белгісін, сипатын, сапасын емес, қимыл, ісәрекетті атайды. Демек, жоғарғы анықтамалардың дұрыс берілгеніндей, эпитет дегеніміз заттың бір белгісін, сынын, қасиетін, сын есімдердің немесе оның орнына жұмсалатын сөздердің бейнелеп сипаттауы екен», -дейді[1, 34 б.]. Жоғарыда айтылғандай, эпитет– заттар мен құбылыстардың ішкі-сыртқы қасиетін, сипатын, сапасын анықтап, барынша нақтылап көрсететін көркем тілдің айрықша тәсілі. «Бір сөз бір сөзге жарығын да, көлеңкесін де түсіреді» (Ғ.Мүсірепов) деген аксиоматикалық аффоризмнің мәні осы эпитеттерден де анық көрінеді. Поэтикалық тілдің аталған тәсілі заттар мен құбылыстардың мөлшерлік қасиетін де анықтап көрсетуде кеңінен қолданылады. Жыраулар поэзиясында көптеген мөлшерлік ұғымдармөлшерлік айқындауыштар (эпитет) арқылы беріледі. Мөлшер ұғымды мұндай тіркестердің бәрін де жалпылама мөлшер эпитет деп танығанымызбен, олар да өз ішінен түрлі синтаксистік тәсілдер, грамматикалық формалар арқылы көрініс табады. Біз төменде бұларды кеңінен талдап көрсетуге тырысамыз.
Жыраулар поэзиясындағы (XV-XVIII ғ.) мөлшерлік эпитеттердің берілу жолдарын түрлі тарихи кезеңдерге, жеке авторлық ізденістерге бөліп талдамаймыз. Себебі, біріншіден, нақты грамматикалық формаларды және сол формалар арқылы берілген грамматикалық мағыналарды көбірек көрсету көзделді. Екіншіден, жыраулар поэзиясы ауыз әдебиетінің авторлы үлгісі саналғанымен, белгілі кезеңге және нақты авторға тән деген поэтикалық мәтіндер бірден-бірге көшіп, ауысып отырады. Бұл сол поэтикалық мәтіндер мен оның туған тарихи кезеңінің дұрыстығына күмән тудырады. Үшіншіден, эпитет деп танылған жүзге тарта мөлшерлік тіркестердің әрбірін қажетті мәтінімен кеңейте талдауды ғылыми жұмыстың мазмұны мен көлемі көтермейді. Сондықтан мақалада мөлшерлік эпитеттерді ұқсас белгілері бойынша топтастырып, бәріне ортақ синтаксистік тұлғалары мен грамматикалық мағыналарын айқындау көзделді.
Заттар мен құбылыстардың, іс-әрекеттің айрықша белгілерін, сапасын, мөлшерін айқындау ерекшелігіне қарай жыраулар поэзиясындағы мөлшерэпитетер шоғырын екі үлкен топқа бөлуге болады. Оның бірі, есімді мөлшерлік эпитет (айқындауыштар), екіншісі,етісті мөлшерлікэпитеттер(айқындауыштар). Бұл екі топ айқындалушы мүшеніңесім не етіс сөздері болып келуіне қарай анықталады. Көпшілік ғалымдар эпитеттер тек есімдерден жасалады деген тұжырым жасайды. Бұл – әрине, дұрыс. Алайда кейде тілдік қажетке қарай етістер де көркем мәтіндердегі айқындауышты тіркестерге қатысып отыратындығы байқалады. Олай болса, мөлшерлік эпитеттердің ішкі топтамасын төмендегі сызбадан анық көруге болады:

(Сызба: Мөлшерлік эпитеттердің ішкі жіктемесі)

Есімді мөлшерлік эпитеттер– заттардың ішкі сапалық белгісін, деңгейін, мөлшерін білдіреді. Бұл топтағы эпитеттердің жасалуына сын есімнен басқа да есім сөздері (зат есім, сан есім), есім тұлғалы етістер және үстеулердің мағыналық топтары қатысады. Дегенмен, эпитет түзуде ең жиі жұмсалатын сөздер тобы – сын есімдер.Сын есімдердің өзі сапалық сын есім және қатыстық сын есім деп екіге бөлінетіні белгіл. Соған қарай мөлшерлік айқындауыштарды да сапалық айқындауыштар, қатыстық айқындауыштардеп екіге бөлуге болады. Жыраулар поэзиясында қатыстық айқындауыштардың өзі үш түрлі құрамда келеді. Біріншісі, даралауыш мөлшерлік айқындауыш, екіншісі, қайталауыш мөлшерлік айқындауыш, үшіншісі, еселеуіш мөлшерлік айқындауыш. Жыраулар толғауларында төмендегідей даралауыш мөлшерлік эпитеттер кездеседі:тар құрсақ,ұзын жол, биік тау, терең сай, асқар тау, уақ тамыр, қалың қазақ, қалың ел, тас емшек,жез қанат, алтын тақ, сом алтын, тоқал терек, тоқал торы, тіз оқ, ақала орда, ару ұлы, қас игі, шаршы топ, қом су(лар)т.б.
Байқап отырғанымыздай, жоғардағы эпитеттер екі құрамды және олар қандай да бір заттың сапасын, мөлшерін білдіреді. Көркем мәтін ішінде белгілі экспрессивтік бояуы, эстетикалық әсері болумен қатар, белгілі деңгейде шынайы мөлшерлік ұғымдарды да білдіреді. Айталық, тар құрсақ – сыйымдылықты, ұзын жол – қашықтықты, биік тау, терең сай, асқар тау – вертикал қашықтықты, уақ тамыр – көлемді, қалың қазақ, қалың ел – көптік ұғымды, тас емшек, жез қанат –беріктікті, алтын тақ, сом алтын – құн өлшемін, тоқал терек, тоқал торы – кемдікті, толымсыздықты, тіз оқ – жылдамдықты, ақала орда – айбынды, ару ұл, қас игі – жоғары сапаны, деңгейді, шаршы топ – кеңдікті, қом су –молдықты, екпінді, толқынды ағысты білдіреді.Эпитет құрамындағы зат есім сөздерінде мөлшерлік ұғым ежелден бар, ал мөлшерлік айқынадуыштар тіркесіп келу арқылы ондағы мөлшерлік ұғымдардыңайтылмақ ойға қажеттісі ғана айтылып отыр.Бұл тіркестердің бұдан басқа да мағыналары бары белгілі. Бірақ бізге керегі мөлшерлік мағына болған соң, көп алысқа ұзамағанымыз абзал. Мұндағы айқындауыш мүшелердің көпшілігі сын есім сөздер, ал тас, жез, алтын сияқты зат есім сөздерінде канататтық мағына (сезімдік) бар, яғни осы заттарға тән ең басты қасиет сындық ұғымы ретінде сөздің бойында сақталған. Сондықтан бұл сөздер зат есім болса да келесі бір заттардың сапалық белгісін айқындап, белгілі мөлшерлік ұғымды білдіреді.
Жыраулар поэзиясында мөлшерлік эпитеттер сан есім айқындауыштар арқылы да жасалады. Мысалы, он отау, қырық шатыр, отыз екі омыртқа, он түйме, он кісі, он сан алаш, он сан ноғай, қырық сан қара қалмақ, екі қары бөз, он екі құрсау жез айырт.б. Бұлардың бәрі де өзінен кейін тұрған зат есімдерді сандық мөлшер тұрғысынан айқындайды. Сонымен қатар, кейбіреулері көп, мықты деген жанама мөлшерлік ұғымдарды да білдіреді. Мұндағы сан есім айқындауыштар жай кездейсоқ сандар емес, халықтың танымында терең орныққан, менталды мәні бар сандар. Қазақ халқы киелі ұғымдарды қашан да осындай киелі сандармен қатар қою арқылы өз танымындағы ұлы ұғымдарды метафораландырып, жарыққа шығарып отырады.Он, қырық, отыз екі, он екісияқты дара және күрделі сандар – дәстүрлі қазақ танымында айрықша маңызы бар сандар. Мұндай киелі сандар киелі ұғымдармен ұзақ уақыт қатар қолданылу нәтижесінде тұрақты тілдік құрылымға (фразеологияға) айналады. Мұндай тұрақты құрылымдарда жылдар, ғасырлар бойы көптеген құнды ұғымдар жинақталады. Сол ұғымдардың бірі – мөлшерлік ұғым.
Жыраулар поэзиясында есімдіктердің мағыналық топтары да аз да болса мөлшерлік айқындауыш қызметінде жұмсалады. Мысалы, түгел іс, барша әлем, жімле ғалам т.б. Бұл жалпылау есімдіктері өзінен кейін тұрған жалпы есімдерді айқындаудан гөрі жалпылау, топтау қызметінде жұмсалады. Сондықтан мұндай эпитеттер жалпылау мәнді болып келеді. Жалпылау есімдіктердің саны шекті болғандықтан тілдік ізденістерге өрісі тар, тың тіркестер тудырып, тіл өрнегін айшықтай түсугеикемсіз келеді. Сол себепті бұлар мейлінше тұрақты, дағдылы қалыпта кездеседі.Бір қарағанда тың тіркес секілді көрінетін түгел іс эпитеті де «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» деген мәтелде келетінтүгел сөз ұғымымен бір қалыптағы, тілдік қолданыста ежелден бар формалар. Сондықтан есімдіктерден түзілген эпитеттер константты (тұрақты) тіркестер болып келеді.
Үстеулер де мөлшер айқындауыш қызметінде жұмсалады. Жыраулар поэзиясында мегзіл үстеулердің мөлшерлік айқындауыш қызметінде жұмсалған түрлері кездеседі. Мысалы, ежелгі дос, ежелгі дұшпан, талай іс т.б.Бұл тіркестерде ежелгі сөзі зет есім сөздерін уақыт мөлшері тұрғысынан айқындайды. Әрі бұлар да саны шекті болғандықтан көбіне дағдылы, константты (тұрақты) тіркестер болып келеді.
Жыраулар толғауларында кездестеін мөлшерлік эпитеттердің ендігі бір тобы айқындауыштардың қайталанып келуі арқылы жасалады. Мұндабір ғана айқындауыш мүше екі рет, кейде үш рет қайталанады. Осы ерекшелігіне қарай бұларды қайталауыш мөлшерлік эпитетдеп атауға болады. Бұған мынадай эпитеттер жатады: арту, арту бел;батпан, батпан мін;алаң, алаң, алаң жұрт; асқар, асқар, ақар тау; сере, сере, сере қар; тоғай, тоғай, тоғай су;қос-қос орда, қос орда т.б.
Даралауыш мөлшерлік эпитеттер сияқты бұлар да белгілі бір заттардың ішкі қасиетін, сапасын, мөлшерік тұрғыдан еселеп айқындап көрсетеді. Айталық, арту, арту бел – ауыр, ауыр жүкті де, сол жүкті көтеруге шыдас беретін атан түйенің қайыспас қуатты белін де білдіреді. Осы тіркестің толық мәтініндегі «атан» сөзінің символикалық мәні бар. Яғни ол – ел жүгін арқалайтын атандай ерлердің күш-құдыретін тілге тиек ету. Ал осы символикаға түп негіз болып тұрған – бел сөзі арқылы берілетін мөлшерлік ұғым. Оған арту сөзі екі рет қайталану арқылы оның физикалық мүмкіндігін одан сайын арттыра түскен. Әрі есімшелермен қатар, қимыл атауы,тұйық етістердің де айқындауыш мүше болып, эпитет түзе алатынын көрсетеді. Батпан, батпан мін эпитеті адам бойындағы кемшіліктердің, айыптың аса көптігін білдіерді. Батпан сөзінің өзі қазақтың дәстүрлі салмақ ұғымында ең ауыр салмақты білдіреді. Ал оның айқындауыш мүшеде екі рет қайталануы сол заттық ұғымның мөлшерін әлденеше есе арттыра түседі.Батпан сөзі салмақ өлшемінің атауы болса да, тіркесте ауыр деген сындық мөлшер ұғымын білдіреді.
Жыраулар поэзиясында айқындауыштардың үш рет қайталанып келуі де кездеседі. Мұның мәні екі рет қайталанудан сал өзгешелеу. Оны сәл кейінге қалдыра тұрып, әуелі бұлардың семантикасына тоқталар болсақ,алаң, алаң, алаң жұрт–кең аумақты, көптікті,асқар, асқар, ақар тау –биіктікті,сере, сере, сере қар–қалыңдық, сірескен қаттылықты, тоғай, тоғай, тоғай су –кең таралуды, молдықты білдіреді. Сонымен қатар, бұл қайталаулы айқындауыштар бірнеше тауларды, әлденеше жұртты, сан тарау суды сандық жағынан да сипаттайтын тәрізді.
Қайталауыш мөлшерлік эпитеттерде айқындауыштар екі рет қайталанғанда акцент мөлшерлік ұғымға түседі де, үш рет қайталанғанда зат есім басыңқыға түсітін тәрізді. Яғни алғашқысында мөлшер айқындауыштық мән басым болса, соңғысында қаратпа мәнді болып, эпитетті атауландыратын тәрізді. Мұндай эпитеттерде айқындауыштардың екі немесе үш рет қайталануы жай кездейсоқтық емес, белгілі тілдік қажеттілік пен заңдылықтан туған мақсатты қолданыс. Тілдің қасаң емес, қатаң қағидасы.Ал айқындауыштарды үш реттен артық қайталанғанда немесе екі қайталауды үш қайталауға, үш қайталауды екі қайталауға ауыстырғанда мөлшерлік эпитеттер барлық әсемдік ажарынан айрылып, тіпті, өлең ағысы, ырғағы арнадан тайып, өлең синтаксисі бұзылады.
Нәтижесінде мағынасыз, ажарсыз сөздер тізбегіне айналады. Бұл мысалда көрсетілген қос-қос орда, қос орда эпитетінен де көрінеді. Мұны екі қайталаулы тұлғаға да, үш қайталаулы тұлғаға да ауыстыруға келмейді, айтпегенде өзінің бастапқы мөлшерлік мағынасынан да, эстетикалық ажарынан да айрылады. Тұтас өлең ырғағынан шығып, қалыбы бөтен сөздер жұмағына айналады. Мөлшерлік ұғымдардың осындай көркемдік өреде, айрықша тәсілдер, сұлу синтаксистік құрылымдар арқылы берілуі қазақы ойлау жүйесінің өресін, тіл айшықтарының ғаламат кескінін білдірсе керек.
Жыраулар поэзиясында мөлшерлік айқындауыштар шоғыры одан сайын түрлене, айшықтала түседі. Өлең ырғағы мен ой ағынының сұранысына сәйкес синтаксистік құрылымдар құбыла, күрделене түседі. Эпитеттердің ендігі бір шоғыры – еселеуіш мөлшерлік эпитет. Бұл топқа алты құлаш ақ найза, қаудыр құлақ шал қоян, (белгілі)биік көк сеңгір,(тарылды) байтақ кең жер, жасыл да байтақ ну т.б.ұлғайған эпитеттерді жатқызуға болады. Мұнда зат есімдерге бірнеше айқындауыштар үстіне-үстіне қабатталып, еселеніп келеді. Яғни, тіркес құрамындағы алты құлаш, қаудыр құлақ, биік, байтақ, жасыл сөздері ақ, шал, көк, кең, байтақ мөлшерлік айқындауыштарға еселеніп тұр. Мұнда алты құлаш– ұзын әрі өткірлікті, қаудыр құлақ– әлсіз әрі кәрілікті, биік – қашықтықты, байтақ – кеңдікті білдіретін мөлшерлік ұғымдар. Мұнымен қатар, бұл еселеуіш айқындауыштар экспрессивтік те қызмет атқарады. Академик Р.Сыздық: «Біздің байқауымызша, авторы мәлім, ауызша тараған қазақ поэзиясы тілінде – ХV-XVIII ғасырлардағы ақын жырауларда обыразға алынған сөздерді тұрақты эпитеттермен беру көркемдеудің нормаға айналған ең бір ұтымды тәсілі болған», — дейді[1, 27 б.]. Мысалда берілген ұлғайған эпитеттердегінайза, қоян, сеңгір, жер, ну сөздері обыразға алынған сөздер де, ал оның осы обыраздық мәнін үстемелене тіркескен мөлшерлік эпитеттер айқындап, арттыра түскен.
Жыраулар поэзиясындағы есімді мөлшер эпитеттердің ендігі бір үлкен тобы қатыстық сын есімдер арқылы жасалады. Бұларды қатыстықмөлшер эпитеттер деп атауға болады. Бұл топтағы мөлшерлік айқындауыштар есімдерге сын есім тудырушы жұрнақтардың, етістерге есімшенің -ған, ген, -қан, -кен жұрнақтары жалғану арқылы жасалады. Осы топтағы эпитеттердің өзі құрамына қарай екі, үш, төрт құрамды болып келеді. Екі құрамды қатыстық мөлшер эпитеттерді даралауыш мөлшер эпитеттер деп аталатынын жоғарыда айтқанбыз. Олардың қатарына қарағайлы көдік, қоғалы көл(дер), салуалы орда, бағаналы орда, бетегелі бел, бетегелі Сарыарқа, қорғанды шаһар, қымбатты гауһар, әкелі бала, әкесіз бала, өлшеусіз мал, өлшеусіз бас т.б.мөлшерлік эпитеттер жатады. Мұнда айқындауыштар сын есім тудырушылы (-лі), -ды (-ді), -ты (-ті) және -сыз (сіз)жұрнақтары жалғануы арқылы жасалған. Бұлар – функционалды жұрнақтар, яғни зат есім сөздерінен бірнеше түрлі мағына тудырады. Әрі -лы (-лі), -ды (-ді), -ты (-ті)//-сыз (-сіз) жұрнақтарын антоним жұрнақтар деп атауға да болса керек. -лы (-лі), -ды (-ді), -ты (-ті) зат есімдерге жалғанып заттар сол түрлі қасиеттің барлығын, молдығын білдірсе, сыз (-сіз) сол түрлі сапа мен қасиеттің жоқтығын, аздығын білдіреді. Бұл жұрнақтардың мағынасы туралы ең алғаш пікір білдірген
А.Байтұрсынұлы: «-Лы» (-ды, -ты) жұрнақ зат есіміне жалғанады, сол заттың екінші затта барлығын, хаттә молдығын да көрсету үшін. Мәселен, «бала» деген сөзге «-лы» жұрнағын жалғап, «балалы» деп баласы көптігін көрсетеміз. «Мал» деген сөзге «-ды» жұрнағын жалғап, «малды» деп малы барлығын, һәм молдығын көрсетеміз»;«-Сыз» жұрнақ зат есіміне жалғанады сол заттың екінші затта жоқтығын көрсету үшін. Мәселен, «бала» деген сөзге «-сыз» жұрнағын жалғап, «баласыз» деп баласы жоқтығын көрсетеміз» — дейді[2, 30 б.]. Демек бұл жұрнақтардың тағы бір функциясы – мөлшер ұғымын тудыру.
Бұл тіркестердегі мөлшерлік мағынаны нақтырақ таратып айтар болсақ, қарағайлы көдік, қоғалы көл(дер), бетегелі бел, бетегелі Сарыарқаэпитеттері қарағай, қоға, бетеге сынды өсімдіктері мол мекенді, қорғанды шаһар – қорғандары көп әрі берік қаланы,салуалы орда, бағаналы орда – сәнсалтанат пен салиқалықтыңмолдығын, қымбатты гауһар – құн мөлшерін,әкелі бала, әкесіз бала – әке мен әке тәрбиесінің бар жоғын, өлшеусіз мал, өлшеусіз бас – мал мен адамның көптігінбілдіреді. Қысқасынан айтқанда, бұлардың бәрі де заттарда сандық, сапалық сынды мөлшерлік ұғымдардың бар-жоғы мен мол-аздығы білдіерді. Бұл эпитеттер бір қарағанда эпитет емес, анықтауышты тіркес сияқтанып та көрінеді. Бірақ олай емес, бұлар – құрылымы константты сипатқа ие болып, мөлшерлік айқындауыштармен жымдасып, атауланып бара жатқан эпитеттер.
Толғауларда қатыстық сын есімдерден түзілген эпитеттердің қысқарған, жасырын түрі де кездеседі. Мысалы, атасыз(дан би қойсаң), аталы(дан би қойсаң),рулы(ның оғы қалса табылар) т.б. Бұлар, бір қарағанда, ауыспалы мағынада жұмсалатын туынды сөздер сияқтанып көрінеді. Алайда, біздіңше, ол – эпитеттің жасырын түрі. Мұны тіркесті қалпына келтіргенде көруге болады. Мысалы, атасыз (адамнан//жігіттен//ерден)+би қойсаң, аталы (адамнан//жігіттен//ерден)+дан би қойсаң), рулы(адамның//жігіттің //ердің)+ оғы қалса табылар). Мұнда-лы, -лі, -сыз, -сіз функционалды жұрнақтар жалғанған сын есім тұлғалы сөздер затсымақтанып (А.Байтұрсынұлы), өзінен кейін тұрған зат есімдердің септік жалғауларын қабылдаған. Сөйтіп, затсымақтық, атаулық, айқындауыштық, жалпылауыштық мағыналардың бәрін бір өзінің бойына сыйдырып тұр. Сонымен қатар, тектілік қасиеттердің молдығы мен жоқтығы, ата жолымен келетін рухани тәрбиенің молдығы мен адалығы, оз қандас, руластарының көптігі мен жоқтығы деген салыстырмалы мөлшерлік ұғымдарды да білдіріп тұр. Демек бұлар – жасырын тұлғалы эпитеттер.
Жыраулар шығармашылығында қайталауыш мөлшерлік эпитеттер кездеспейді. Мұның себебі жыраулар поэзиясын тудырған өрлік рухтағы төкпе өлең ағыны қайталау сәтінде туынды сөздерді сүймеуінен болса керек. Есесіне үстеуіш мөлшерлік эпитеттер біршама мол кездеседі. Олар құрамына қарай үш және төрт құрамды болып келеді. Мысалы, толғамалы ала балта, тегеурінді болат темір, жабағылы жас тайлақ, қу таяқты кедей;алпыс басты ақ орда, жез қарғылы құба арлан,еңсегей бойлы ер Есімт.б.
Бұл эпитеттердің бәрінде де айқындауыштар күрделі құрамды болып және олар заттарды үстіүстіне мөлшер ұғымымен айқындайды. Айталық, толғамалы ала балта –өткірлік пен батылдықты, тегеурінді болат темір – батылдық пенберіктікті, жабағылы жас тайлақ – әлсіздік (арықтық) пен кішілікті, қу таяқты кедей – қаңғыбастық пен жоқшылықты, алпыс басты ақ орда – асқақтық пен кеңдікті, жез қарғылы құба арлан – алымдылық пен айбатты, еңсегей бойлы ер Есім – асқақтық (биіктік) пен батырлықты білдіреді. Бұлардың бәрі де түрлі деңгейлерден құралатын мөлшерлік ұғымдар. Ал үстемелі айқындауыштар заттардың түрлі деңгейден құралатын сын, саплық мөлшерін айқындап, мөлшерік экспрессиясын одан сайын арттырып тұр.
Жыраулар поэзиясында кездесетін мөлшерлік эпитеттердің ендігі бір тобы кері синтаксистік қатынаста болады. Тұтас тіркестің синтаксистік құрылысы қарапайым тілдің синтаксисінен өзгеше, өлең тілінің синтаксисіне жақын. Яғни мұнда айқындауыштардың құрамы күрделеніп, күрделі баяндауыш сияқтанып келеді. Мысалы, жотасы биік Дендерім, қатынасы биік көл(дер), тобыршығы биік жай, құрсағы құшақ бай(лар), құрсағы жуан боз бие, төсі аршынды сұлу, еңсесі биік боз орда, еңсесі биік кең сарай т.б.
Бұл мөлшерлік эпиеттер үш-төрт мүшеден құралған. Тіркестің бәрінде де бірінші мүше тәуелдік жалғауының үшінші жағында келген зат есім де, одан кейінгі екінші мүше мөлшерлік ұғымды білдіретін сын есім сөздері. Осы екі мүше тіркесе келіп, бір күрделі айқындауыш түзеді. Әрі зат есімнің өзін тіке айқындайды не айқындаулы зат есімді үстемелей айқындайды. Мұны баяндаулы айқындауыштар деп атауға негіз бар. Олай болса, баяндаулы айқындауыштар дегеніміз –екінші сыңары сын есім баяндауыш сияқтанып келетін күрделі айқындауыштар.Бұл күрделі құрамды эпитеттерді біріктіріп тұрған бір-ақ нәрсе, ол – өлең ырғағы, екпін. Осының нәтижесінде бұл тіркестер жұмағы күрделі мөлшерлік ұғымды білдіретін эпитеттерге айналған.Мұндай күрделі құрамды эпиеттер өлең ағынын толықтыратын синтаксистік амалдардың бірі сияқтанады. Сонымен қатар, тұтас толғауға айрықша экспрессивтік мән үстейтін көркемдік тәсіл болса керек.Бұл туралы жыраулар поэзиясының тілін зерттеген белгілі ғалым Қ.Өмірәлиев былай дейді: «Ырғақтың қатысу қатыспауына қарай қазақ поэзия тілінің синтаксис (әрі тіркес) жүйесі ғана әр алуан болып келмейді, тіпті қазақ поэзиясы осы ырғақтың қатысу-қатыспауы жағынан дәуірге де әрі түрге де бөлінеді. Яғни қ а з а қ п о э з и я с ы н д а белгілі бір жанр үшін ырғақ т а р и х и к а т е г о р и я»[4, 13 б.]. Ғалым атағандай, осындай айрықша синтаксистік тәсілдерді тудырып, бір арнаға сыйдырып отырған – тарихтың мінезімен астасып отырған ырғақ.
Айқындауыш қызметінде есім сөздер, соның ішінде сын есімдер көбірек жұмсалатыны белгілі. Алайда кейде тілдік қажетілікке қарай затсымақтанған етістер де айқындауыш қызметінде жұмсалатыны байқалады. Бұлтілдік құбылыс мөлшерлік эпитеттерге де тән. Яғни есімше тұлғалы дара немесе күрделі сөздер мөлшерлік эпитеттерге мөлшерлік айқындауыш бола алады. Мысалы, әлем асқан жан, артық туған Абылай, туғаны жоқ жалғыз, қоңқалаған көп жаман, арасы толған көп қалмақ, аңдып жүрген көп дұспан, атаңнан қалған көп халық, етектеп жиған көп халқ т.б.Затсымақтанған етістердің, есімшелердің айқындауыш қызметінде, яғни эпитет бола алатыны туралыакадемик Р.Сыздықтың пікірін жоғарыда келтіргенбіз. Ғалымның айтуынша, етістік тұлғалардың эпитет деп танылуында ең бастысы белгілі –тіркестердің экспрессиялы болуы, яғни экспрессоид (әсерсөз) болуы шарт. Жоғарыдағы тіркестердің қай-қайсынан да мұндай белгіні таба аламыз. Есімше тұлғалы дара, күрделі сөздер қимыл-әрекет арқылы анықталатынын зат есімдердің экспрессиялы сынын, сипатын, мөлшерінбілдіріп, эпитет болып тұр.Аталған мөлшерлік эпитеттерде әлем асқан жан – теңдесі жоқ мықтылықты, артық туған Абылай –артықша біткен дара қасиет пен, кемеңгерлікті,туғаны жоқ жалғыз – тұлдырлықты,жалғызбастылықты қоңқалаған көп жаман — көптікті, арасы толған көп қалмақ — көптікті, аңдып жүрген көп дұспан – айналажамандықтың көптігін, атаңнан қалған көп халық — көптікті, көп мұраны, етектеп жиған көп халқ –тер төгіп басын қосқан көп халықты білдіреді.Бұлардың бәрі де түрлі сандық, сапалық деңгейлерден құралатын мөлшер ұғымдар. Олар зат біртұтас құрылым ретінде мөлшерлік эпитет болып тұр.
Есімше тұлғалардың эпитет болуында айрықша бір назар аудартатыны – мөлшерлік эпитет құрамындағы есімше тұлғалы күрделі айқындауыштардың орны ауысып келуі. Жиембет жыраудың «Басы саудың түгел-дүр» деп басталатын өлеңінде басы саудың түгел-дүр, толған тоғай малы-дүр деп келетін жолдары бар. Мұнда толған тоғай мал эпитеті дұрысында тоғай толған мал боларға керек еді. Бірақ толған тоғай малы тіркесі де қате болып тұрған жоқ. Соған қарағанда бұны ХVXVIII ғасырдағы көркем поэзия тілінің айрықша бір синтаксистік құрылымы деп білеміз. Бұл қазіргі қарапайым сөйлеу тілісинтаксисі былай тұрсын, өлең тілінің синтаксисінде де тіпті кездеспейді. Мұнда айқындалушы мүше екеу, яғни тоғай мен мал. Тұтас тіркесті малға толған тоғай деп те, тоғай толы мал деп те түсінуге болады. Қалай түсінсек де, мұнда малдың көптігі образды түрде айтылып ұр. Сондықтан бұл да мөлшер ұғымды білдірудің айрықша эпитеттік тәсілі болмақ.
Етістік тұлғалардың эпитет болу-болмауы жайлы ғалымдар арасында бірізді пікір жоқ. Кейбір ғалымдар болады десе, ал кейбірі бұған үзілді-кесілді қарсы. Эпитет болатын көбіне есім сөздер екені дау тудырмайды. Десе де жыраулар поэзиясында кездесетін мөлшер ұғымды етісті тіркестер айрықша назар аудартады. Мысалы, қос-қосымен шаттанып, қатар-қатар нар тіркеп, (дәулеті) күніге артылып, ерең үйін тіктіріп,кілең бұздай кілшейтіп,күлдір-күлдіркісінетіп, төрткілдеп ошақ қаздырып,жаздың алты ай жорытсаң,әр тараптан құйылды т.б.
Мұнда көсемше тұлғалар өлең тармағы бойынша алғанда баяндауыш сияқтанса, тұтас мәтін тұрғысынан алғанда пысықтауышқа ұқсайды. Бірақ зер салып қарасақ, мұндағы тіркестердің алғашқы сыңарлары етістіктерге мөлшер пысықтауыш болып келетін сыңайлы. Шындығына келсек, пысықтауыш – етістіктің айқындауышы. Ол қимыл-әрекеттің мәнін, орындалу барысын, мөлшерін, түрлі белгілерін айқындайды. Бұл тұста мөлшер пысықтауыштарды арнайы зерттеген Ж.Көпбаеваның мына бір пікірімен санасуға тура келеді. Зерттеуші Р.Әмірдің пікірін келтіре отырып былай дейді: «Р.Әмір өз еңбегінде: « …Тағы де сан есімдер жеке немесе мөлшер мағыналы зат есімдермен бірігіп сын-қимыл пысықтауыш ретінде жұмсалады» -деп екі келді, үш рет келді, екі құшақ алды тіркестерін келтіреді. Бұлар да іс-әрекеттің қимыл-сапасынан гөрі сандық мөлшерді айқын береді», — дейді[4, 40 б.]. Демек, етістік тұлғалардың да мөлшерлік ұғымды білдіріп, сөздермен мөлшерлік қатынастатіркесім түзетіндігі айқын. Жоғарыдағы тіркестерде деқос-қосымен, қатарқатар, күніге, ерең, кілең, күлдір-күлдір,төрткіл, алты ай, әр тараптансөздерінде қандай да бір мөлшер ұғымы бар. Бұлар қимыл-әрекеттің түрлі деңгейдегі мөлшерін айқындайды. Ендеше көркем мәтін деңгейінде бұларды жалпылама айқындауыштар, мөлшер етістер деп атауға да болса керек. Көркем мәтіндердің мақсаты – баяндау емес, бейнелеу, ойды әсерлі (экспрессиялы), айшықты жеткізу. Мұндай образды-экспрессиялы тіркестер көбіне тұтас суретті ұғымға айналып, атаулы тіркестер сияқтанады.Сөйтеді де, күрделі ұғымды білдіреді. Сондықтан өлең тілі синтаксисін қарапайым сөйлеу тілінің синтаксисінен оқшау қараған да дұрыс. Бұл жағынан қарағанда, жоғарыдағы құрылымдарды эпитет деңгейіндегі құрылымдар деп қарау орынды сияқты. Жоғарыдағы тіркестер де іс-әрекеттердің сапалық мөлшерін білдіретін құрылымдар.
Қорыта келгенде, эпитеттерде анықтық, әсерлілік – басты өлшем. Эпитет көркемдік тәсілдердің бірі ретінде поэтикалық мәтіндерде «мөлшер» ұғымын беруге де кеңінен және аса ұтымды қолданылады. Бұл ретте ол заттар мен құбылыстардың, қимыл-әрекеттің салапық, мөлшерлік белгілерін анықтап, әйгілеп отыруға қызмет етеді. Сол арқылы тыңдаушыға мейлінше анық, түсінікті және бейнелі, әсерлі мөлшерлік ұғымдарды береді. Эпитет әрқашан тың, авторлық ізденістерді сүйеді, оның бұл қасиеті «мөлшер» ұғымының да мейлінше дәл және анық болуына мүмкіндкк тудырады. Бұл жағынан аталған тәсіл «мөлшер» ұғымына ең оңтайлы көркемдік тәсілдердің бірі саналады. Бұл мөлшерлік эпитеттердің қайталауыш мөлшерлік эпитет, еселеуіш мөлшерлік эпитет деген түрлерінен де айқын көрінеді. Поэтикалық тілдің айқындауыштарды сүйетін қасиетін және ойды айшықты жеткізудегі ойтайлылығын жыраулар өте жақсы сезініп, оны өз шығармашылығында жоғары деңгейде пайдалана білген. Соның нәтижесінде қазақ тілі дамуының тарихи кезеңдерінде жыраулар поэзиясына тән XV-XVIII ғасыр айрықша көркемдігімен көзге түсіп, бірегей тілдік бастамаларымен оқшауланып тұрады. Бұл тарихи кезеңде тілдің «мөлшер» ұғымы сынды категориялары бұрында болмаған айрықша мазмұндармен толығып, қазақ тіліның ауызша дамыған кассикалық үлгілерін тудырған.
Пайдаланған деректер тізімі
1 Сыздық Р. Абайдың сөз өрнегі. – Алматы: «Арыс» баспасы, 2004. -208 бет.
2 БайтұрсынұлыА.Тіл – құрал. Сөз жүйесі һәм түрлері. 2-тіл танытқыш кітап, ІV-басылуы. Қазақстан мемлекет баспаханасы: Орынбор, 1924ж. 128б.
3 Көпбаева Ж. Қазіргі қазақ тіліндегі мөлшер пысықтауыш. Фило.ғыл. кан…Дисс. –Алматы, 2002 4 Өмірәлиев Қ. Қазақ тіл білімінің мәселелері / Құраст.: ф.ғ.д. Ғ.Әнес және Ж.Қ. Ибраева. – Алматы: «Абзал-Ай» баспасы, 2014. – 640 бет.
5 Қазіргі қазақ тілі. ШҰАР тіл-жазу комитеті құрастырған. –Үрімжі: «Шинжиаң халық баспасы», 2002. –510 б.

Статья посвящена анализу реализации понятия «мөлшер» (мера) на материале языка поэзии жырау XV-XVIII веков. Особие внимание уделяется эпитетам, как наиболее популярному средству выражения пониятия меры. Эпитеты меры подразделяются на именные и глагольные, в зависимости от их структуры выделяем однословные эпитетные определения и повторяющиеся эпитетные определения. Одновременно с этим анализируются схожие и различительные признаки выделенных групп языковых единиц.

The article is devoted to the analysis of the implementation of the concept of «мөлшер» (measure) on the material of the poetry language of zhyraus of XV-XVIII centuries. Particular attention is paid to epithets, as the most popular means of expressing the concept of measure. Epithets of measures are subdivided into nominal and verbal, depending on their structure we single out one-word epithet definitions and repeated epithetical definitions. At the same time, similar and distinguishing groups of linguistic units are analyzed.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *