Г.Б. Мадиева, С.Б. Бектемирова
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Алматы, Қазақстан
КОМПАРАТИВ – ТАНЫМ ҚҰРАЛЫ ӘРІ ЭСТЕТИКАЛЫҚ КАТЕГОРИЯ
Бұл мақала өзінің өмірін ғылым қызметіне арнаған профессор Зауреш Қанашқызы Ахметжановаға арналған. З.К. Ахметжанованың көптеген шығармаларында қазақ және орыс тілдерінің салыстырмалы сипатындағы мәселелер көтеріліп, ғалым екі мәдениетті салыстыру үшін қазақ халқының мәдениеті мен тілінің ұлттық ерекшеліктерін анықтайды. Әрине, З.К. Ахметжанова «болашақ аудармашы лингвистикалық мәдениет құзыреттілігін қалыптастыруға байланысты» проблемаларға назар аудара алмады. Ол тиісті тілдерде көрініс тапқан қазақ, орыс және ағылшын мәдениетінің негізгі тұжырымдамалары, мәдени кодекстеріне салыстырмалы зерттеу жүргізді. Сонымен қатар, ең маңызды лингвистикалық мәдениеттерге тән аксиологиялық түйіндерге назар аударды. Мақалада біз қазақ мәдениетінің бір тұжырымдамасын зерттеудегі фрагменттерін ұсынамыз.
Кілт сөздер: фразеология, компаратив, тұрақты теңеу, категория, салыстыру
Бұл мақала өзінің өмірін ғылым қызметіне арнаған профессор Зауреш Қанашқызы Ахметжановаға арналған. З.К. Ахметжанованың көптеген шығармаларында қазақ және орыс тілдерінің салыстырмалы сипатындағы мәселелер көтеріліп, ғалым екі мәдениетті салыстыру үшін қазақ халқының мәдениеті мен тілінің ұлттық ерекшеліктерін анықтайды. Әрине, З.К. Ахметжанова «болашақ аудармашы лингвистикалық мәдениет құзыреттілігін қалыптастыруға байланысты» проблемаларға назар аудара алмады. Ол тиісті тілдерде көрініс тапқан қазақ, орыс және ағылшын мәдениетінің негізгі тұжырымдамалары, мәдени кодекстеріне салыстырмалы зерттеу жүргізді. Сонымен қатар, ең маңызды лингвистикалық мәдениеттерге тән аксиологиялық түйіндерге назар аударды.
Мақалада біз қазақ мәдениетінің бір тұжырымдамасын зерттеудегі фрагменттерін ұсынамыз.
Кез келген заттың, құбылыстың, ұғымның сапалық белгісін, сапалық мағынасын болмыстағы басқа бір заттың, құбылыстың, ұғымның сапалық белгісімен, сапалық мазмұнымен салыстыру арқылы айқындайтын тілдік құрылым ол – компаратив.
Компаративті құрылым – ақиқат шындықты танып білудің басты құралы. Бізді қоршаған ортадағы кез келген зат пен құбылыс басқа зат пен құбылыстан ерекшеленеді немесе олармен ұқсастық табады. Салыстыруларсыз ең қарапайым затты да, ең күрделі табиғатты да, қоғамдық құбылыстарды да тануға болмайды. Зат пен құбылыстардың сапасын өзі сияқты басқа зат пен құбылыстармен немесе оларды өзді-өзімен салыстыру арқылы сипаттағанда ғана тани аламыз. Компаратив төрт элементтен құралады:
1-сурет – Төрт элементтен құралған компаративті фразема
Мысалы, Бүркітбай кәндендей кішірейіп кеткен сияқтанды (С. Мұқанов). Бұл мысалда А – Бүркітбай деген сөз, Б – кәнден деген сөз, Д – -дей жұрнағы, С – сияқтанды деген сөз. Салыстыруға негіз болып тұрған белгі – сол заттардың сыртқы көрінісі, яғни сияқтанды деген. Ал салыстырудың көрсеткіші ол – -дай қосымшасы.
Л.И. Тимофеев: “фразеологиялық компаративтер деп бір затты немесе құбылысты алғашқы заттың ортақ белгілерінің негізінде салыстыру” – десе, [1: 150-151] И.И. Чернышева: “фразеологиялық құрылым дәстүрлі салыстыруға негізделген, тұрақты және даяр қалпында жұмсалатын сөз тіркестері”, – дейді [2: 37].
Салыстыру мағынасын тудыратын тілдік элементтердің пайда болуы компаративтік құрылымның дүниеге келуінің алғышарты болып табылады. Алғашында пайда болған мұндай элементтер келе-келе жетіліп, бейнелі ойлау әдісінің жан-жақты тәсіліне айналып кеткен.
Компаративті фразеологизмдерді көркемдеу құралы ретінде әдебиетте кеңінен қолдану – шығарманың идеялық мазмұнына, стильдік сырына, жазушының дүниетанымына, суреткердің шеберлігіне тікелей байланысты болады.
Кей кезде компаративті құрылымның бір немесе екі элементі түсіп қалуы мүмкін, ондайда, оларды ойша жобалауға болады. Мысалы, қара төбеттей сөз тіркесінде қара – А, төбеттей – БД. Бұл мысалда салыстырудың үшінші элементі түсіп қалған, яғни секілді, сияқты, сондай-ақ. Алайда, оны мәтіннен оңай тауып алуға болады. Түсіп қалған салыстырудың нәтижесі С – қабаған, дәу, үлкен деген сөздер. Онсыз да келтірілген мысалда компаративті фразеологизмнің мағынасы қазақ санасы ұшін түсінікті болып тұр.
Мұндай компаративтердің логика-семантикалық табиғаты туралы М.Б. Креп былай дейді: “Всякое сравнение в построении должно быть несомненно логично, то есть должно быть построено по законам логического мышления, другими словами, используя нашу терминологию, тема и рема должны иметь хотя бы одно логическое основание” [3: 98]. Мұнда салыстырудың нәтижесі компаративтік құрылымның құрамында үнемі болады. Бірақ олардың кейде анық, кейде жасырын түрде тұруы мүмкін дегенді айтады.
Компаративтік құрылымда тек қана С элементі түсірілмейді. Салыстыратын зат А элементі де кейде түсіріле беруі мүмкін. Бұл құбылыс компаративтік құрылымға тән және ол тілімізде өте жиі кездеседі.
Ескерте кететін жайт – біріншіден, салыстырудың нәтижесі С элементі түсірілгенде, ол ассоциация бойынша қалпына келтіріледі, ал салыстыратын зат А элементі тек сөйлем құрамында ғана анықталады. Екіншіден, түсірілген С элементінің орнына тек бір ғана белгілі сөз болуы мүмкін (мысалы, үлкен деген сөз). Ал түсірілген А элементінің орнына көбінесе нақты сөйлем құрамына қарай нақты зат талап етілгенімен, кез келген зат, яғни кез келген сөз А элементі болуы ғажап емес.
Біз жоғарыда компаративтердің семантикалық құрылымы А Б С Д элементтерінің бірлігіне негізделеді дедік. Аталған элементтердің әрқайсысының компаративтік құрылымда алатын орны ерекше.
Фразеологиялық компаративтердің мәні бір затпен екінші бір затты салыстыруға негізделеді. Бір затқа екінші бір затты салыстыру – осы заттардың екеуіне ортақ, ұқсас белгілерді табу нәтижесінде жүзеге асады. Демек, көркем әдебиеттегі фразеологиялық компаративтер көркем бейне жасайтын бейнелеу құралдарының бірі болып табылады.
Осы фразеологиялық компаративтердің зерттелу тарихына үңілсек, зерттеушілер фразеологиялық компаративтер мәселелеріне ерте кезден бастап-ақ көңіл аударып келеді. Көне грек, рим философтары бұл мәселелерге қатысты теориялық жағынан пайдалы пікірлер қалдырған. Көне грек, рим философтары Аристотель, Цицерон, Квинтилиан бейне теориясының негізін қалап, компаративтердің маңызды элементтерін анықтады. Олар бұл мәселеге логикалық тұрғыдан келген болатын.
Одан бергі замандардағы фразеологиялық компаративтерді зерттеудің өз тарихы бар. Ғылымның әрқалай даму үрдісіне қарай компаративтерді зерттеу ылғи өзгеріп отырған. Зерттеушілердің айтуларына қарағанда нақты бейнелердің негізі ретінде компаративтерге логиктер, философтар, психологтар, тіпті математиктерді” өзі қызығушылық танытыпты. Компаративтерді әдебиетшілерден Г.Л. Абрамович, Л.И. Тимофеев, Б.В. Тимошевский және т.б. зерттеген.
Н.И. Кондаков “Салыстыру – сыртқы дүние мен рухани байлықты танытатын зат пен ұғымды басқа зат пен ұғыммен салыстыру үшін қолданылады. Осындай салыстырудың нәтижесінде аталған затты немесе ұғымды біз жақсы тани аламыз”, – дейді [4: 567].
Фразеологиялық компаративтерді отандық тіл білімінде зерттеу ісі фразеологиялық компаративтер мәселелерін лингвистикалық тұрғыдан қарастыруға кең жол ашты.
Фразеологиялық компаратив терминін тіл білімінде алғаш қолданған – А.И. Ефимов. Бұл терминмен ол сөз тіркестерінің тұтастығын “баяндауыштық элементтердің салыстырулар мен күрделенуін” яғни еркін және тұрақты салыстырулардың жиынтығын белгілеген. [5: 227]. Фразеологиялық компаративтерді баяндаған Ю.Л. Лясотаның “О традиционном сравнении как особом виде фразеологизмов словарного состава языка” [1958] деген және М.Д. Городникованың “Устойчивые словосочетания, соотносительные с наречием, в современном немецком языке” [1959] деген еңбектері осы саладағы алғашқы зерттеулердің бірі болып саналады.
Фразеологиялық компаративтерге біршама тыңғылықты талдауды И.И. Чернышева жасаған. Ол фразеологиялық компаративтерге былайша анықтама береді: фразеологиялық компаратив дегеніміз – фразеологиялық құрылымы дәстүрлі салыстыруға негізделген, тұрақты және даяр қалпында жұмсалатын сөз тіркестері, – дейді [6: 247].
О.С. Ахманова “Лингвистикалық терминдер сөздігінде” компаративтерге: “Грамматикалық категориялардағы сан есімнің шырайлары және үстеулердің, лексика мен фразеологиядағы көп немесе аз мөлшердегі сапа дәрежесі, теңдік-теңсіздік ұғымының берілуі”, – деген анықтама береді [6: 606].
М.И. Черемишина компаративтер деп – бірнеше мүшеден тұратын, құрамында міндетті түрде салыстырудың көрсеткіші бар құрылымды санайды [7: 22].
Лингвистикалық әдебиеттерде фразеологиялық компаративтердің мәні туралы пікір бір ауызды емес. Алайда, көптеген тілші ғалымдар компаратив – заттарды атаудағы сөздің лексикалық мағынасына жататын ортақ белгілердің негізінде салыстыратын тілдік-стилистикалық тәсіл, – дейді. Бұлардың қатарына – Ю.Л. Лясота, Л.И. Тимофеев, И.Н. Венгров, Т.А. Смирнова және т.б. жатады.
Фразеология саласын көп жылдан бері зерттеп өз үлесін қосқан ғалымдардың қатарында М.М. Копыленко мен З.Д. Попованың есімдерін атап өтуімізге болады. Олардың “Очерки по общей фразеологии” деген еңбектерінде фразеологиялық компаративтер біршама тәуір қарастырылған.
Зерттеуші ғалым З.К. Ахметжанова өзінің “Принципы сопоставительного исследования казахского и русского языков” деген еңбегінде қазақ және орыс тілдері материалдарын салыстыра зерттеу негізінде компаратив категориясына функционалды-семантикалық тұрғыдан талдау жасайды. Осы екі тілде де салыстыру мағынасының шырай категориясы арқылы берілуін жан-жақты зерттеген
[8: 46].
Бұл мәселе түркі тілдеріндегі соңғы кездері ғана қолға алына бастаған зерттеу нысаны. Ал фразеологиялық компаративтердің жасалу жолдары туралы жалпы түсінік түркі тілдерінің грамматикаларында айтылған. Түркі тілдерінде кейбір грамматикалық формалардың салыстыру мағынасына кей уақыт көңіл аударылмағанымен, компаративтерді шындап зерттеу ісі шамамен 60жылдардан бері қарай ғана қолға алынды.
Компаративтерді грамматикалық категория ретінде ең алғаш Н.К. Дмитриевтің “Грамматика башкирского языка” атты еңбегінде қарастырылған [9: 276].
Бұлардың қатарына ең алғашқы еңбектердің бірі деп А.Т. Қайдардың “Грамматическая характеристика некоторых сравнительно-метафорических выражений в уйгурском языке” атты көлемді мақаласын айтуымызға болады. Бұдан кейінгі уақытта түрлі тілдердегі компаратив мәселелеріне арналған зерттеушілердің саны көбейе түсті. Бұл саладағы зерттеушілердің ішінен З.К. Ахметжанова, Ю.И. Васильев, Н. Зуфарова, С.М. Ибрагимов, Т. Қоңыров, М. Мукарамов және т. б.
еңбектерін ерекше атап өтуімізге болады.
Тұңғыш рет теңеу категориясына лингвостилистикалық талдау жасаған ғалым – Т. Қоңыров. Бұл жерде зерттеушінің осы салада жазған “Қазақ теңеулері” [1978], “Структурно-семантическая природа сравнения в казахском языке” [1985], “Қазақ тілінің тұрақты теңеулері” [1996] атты еңбектерін және “Компаративные конструкции в системе современного казахского языка” атты тақырыпта жазған докторлық диссертациясын атап өтуге болады.
Демек, тұрақты және дәстүрлі компаративтерді фразеологизмдердің ерекше тобы деп қарастыруға болады. Себебі, оған өзіндік құрылымдық сипат, мағыналық тұтастық тән. Компаративтерде салыстырудың жасалу тәсілдерінің морфологиялық, лексикалық, синтаксистік және т.б. қарым-қатынасы ұғынылады.
Фразеологизмдерге арналған көптеген лингвистикалық еңбектер мен зерттеулерге ден қойсақ, олардың қай-қайсысында болса да көбінесе фразеологиялық компаративтер туралы, олардың құрылымдық ерекшеліктері, тілдегі бейнелілік қызметі туралы тек белгілі бір жазушының шығармаларының тілін зерттегенде ғана сөз болады.
Жазушы шығармаларындағы фразеологиялық компаративтердің берілуі жайында айтсақ, жазушы шығармаларындағы фразеологиялық компаративтер шығарманың мазмұнына немесе шағын контекске байланысты емес, ол авторға тән әдеби бағытқа, белгілі мөлшерде жазушының шығармашылық даралығына, мінезіне байланысты болмақ. Кез келген талантты, тәжірибелі жазушы фразеологиялық компаративтер қандай қызмет атқармасын оны өзінің ойын жүзеге асыратын белсенді құрал ретінде пайдаланады.
Жазушы шығармасында қандай да бір уақиғаны жай ғана хабарлап қоймайды. Ол әрбір кейіпкерін барлық мінез-құлқымен, қуаныш-күйінішімен, күнделікті қарапайым іс-әрекетімен, кескін-кейпімен, басқа да толып жатқан адами болмысымен оқушының көз алдына елестетеді. Көркем әдебиет тілінің негізгі ерекшелігі жазушы алдындағы осы міндеттермен ұштасып жатады.
Фразеологиялық компаративтің басты қызметі – ойды бейнелі, көркем құруға негізделгендіктен, олар көркемдеу тәсілдерінің басқа түрлерімен сабақтаса келіп, жаңа бейне жасайды. Бұл жаңа бейнеге негізгі тірек болатын – компаративтік бейне. Осы компаративтік бейне бірде метафоралық қызмет, бірде метанимиялық, синекдохалық, енді бірде эпитеттік қызмет немесе гиперболалық, литоталық қызмет атқарады. Ендеше, фразеологиялық компаративтер басқа көркемдеу тәсілдерінің арқасында неғұрлым бейнелі сипатқа ие болып, салыстырудың нәтижесінде суреттелетін бейне нақтылана, неғұрлым айқындала, мәнерлене түседі.
Компаратив таным құралы болумен қатар‚ эстетикалық категориялардың да бірі болып табылады. Олай болуы заңды да. Өйткені адамның көркем ойлауының‚ соған орай көркемдік танымының аса қуатты құралдарының бірі көркем әдебиетті теңеулерсіз көз алдына елестету мүмкін емес. Компаратив барлық халықтың фольклорында да‚ жазба әдебиетінде де кеңінен орын алып‚ әдеби персонаждардың портретін жасауда‚ табиғат көріністерін суреттеуде‚ кейіпкерлердің мінезқұлқын‚ іс-әрекеттерін сипаттауда‚ басқа да толып жатқан жағдайларды баяндауда ұтымды стильдік тәсіл ретінде мейлінше мол қолданылады.
Ақын-жазушының қай-қайсысында болмасын мұндай тосын қолданыстар көп. Солардың пайда болу себептері‚ қолданылу тиімділігі‚ көркем сөз жүйесінде алатын орны жайлы талдау жасап‚ оларға баға беретін ғылым – әдебиет теориясы.
Т. Қоңыров: “Теңеу сондай-ақ тіл білімінің де объектісі болып табылады. Көпшілік ғалымдардың пікірі бойынша‚ теңеу атаулының бәрі бірдей тіл біліміне объект бола алмайды‚ тіл білімінің зерттейтіні – тек тұрақты теңеулер ғана‚ еркін теңеулер әдебиетшілердің еншісі болуға тиісті. Біз бұл қағиданы қате дей алмаймыз. Сонымен қатар оны дұрыс деп те айта алмаймыз. Қате дейтін себебіміз: тұрақты теңеулер‚ басқа тұрақты сөз тіркестері сияқты‚ тілдің фразеологиялық жүйесіне кіреді де‚ сол жүйенің ең аумақты‚ ең пәрменді құрамдас бөлшегін жасайды. Тіл-тілдің байлығында да‚ соның ішінде қазақ тілінде де тұрақты теңеулер көп. Сондықтан тұрақты теңеулерді басқа тұрақты тіркестерден бөліп алып‚ оларды өз алдына компаративтік фразеология деп атаған жөн сияқты”, – дейді [10: 68-75].
Сонымен қатар тұрақты теңеулер мен еркін теңеулерді бір-бірінен бөліп алып‚ екеуін екі түрлі қозғалыс деп қарастыруды қате пікір деп есептейміз. Өйткені‚ тұрақты теңеулер еркін теңеулермен‚ шырайлық теңеулермен‚ күрделі теңеулермен біріге отырып‚ тілдің компаративтік жүйесін құрайды.
Тұрақты теңеулердің де еркін теңеулердің де білдіретін негізгі мағынасы – компаративтік мағына. Бұл екеуінің арасында ешқандай семантикалық айырмашылық болмайды‚ яғни семантикалық құрылымы да айна-қатесіз бірдей болады. Тұрақты теңеулер мен еркін теңеулердің атқаратын стильдік қызметтерінде де айырмашылық болмайды. Бір ғана теңеу категориясының бұл екі түрі де әңгіменің затын эмоционалдық жағынан тиімді‚ экспрессивтік тұрғыдан әсерлі етіп суреттеуді мақсат етеді.
Тұрақты теңеулер мен еркін теңеулердің өзара мызғымас байланыстары болумен қатар‚ олардың бір-бірінен өзгешелігі де жоқ емес. Ол өзгешелік олардың қолданыстарында: тұрақты теңеулер тілдің фразеологиялық жүйесінде қаралатын‚ ал еркін теңеулер жеке ақын-жазушылардың шығармашылық лабораториясында‚ дүниеге келген жеке-авторлық сөз кестелері. Сондықтан да тұрақты теңеулер узуалдық‚ еркін теңеулер окказионалдық құбылыстар болып табылады.
Тұрақты теңеулер мен еркін теңеулерді екі түрлі көріністе өмір сүретін біртұтас тілдік категория дегенде‚ мынадай мәселелерді айтуға болады. Тұрақты теңеулер – тілдің фразеологиялық тіркестерінің құрамдас бөлшегі болумен қатар‚ басқа тұрақты тіркестерден түбегейлі ерекшеліктері бар нәрсе.
Қандай заттар мен құбылыстардың теңеу образы қызметін атқаратынын оп-оңай аңғаруға болады. Қазақ тілі теңеулеріне образ болып жұмсалатын заттар мен құбылыстар ұшан-теңіз. Олар: тұрмыстық заттар мен құбылыстар‚ жабайы аңдар‚ үй жануарлары‚ құстар‚ жәндіктер‚ өсімдіктер‚ табиғат құбылыстары‚ бізді қоршаған табиғи орта‚ адамдар‚ қияли персонаждар‚ қимыл-әрекет атаулары‚ қазіргі кезде қолданылудан шығып қалған реалийлер т.б. Бұл топтың әрқайсысына толып жатқан нақты заттар мен құбылыстар кіреді. Мысалы‚ үй жануарлары деп аталатын топ үй жануарларының барлығын (жылқы‚ сиыр‚ қой‚ ешкі‚ ит‚ мысық т.б) қамтиды. Бұлардың әрқайсысы нақты‚ белгілі бір ұғымдарды тану‚ білу‚ суреттеу үшін сипаттаушылық қызмет (теңеуге образ болу қызметін) атқарады. Мысалы‚ иттің қай қасиетінің‚ қай сапасының‚ қай белгісінің теңеуге негіз болуында. Қазақ тілі теңеулерінде иттің ондаған белгілері негіз болған да‚ соған орай итке байланысты бірнеше тұрақты теңеулер қалыптасып орныққан.
Демек‚ бізді қоршаған шындық өмірдегі заттар мен құбылыстар адамдардың барлығына ортақ болады да‚ олардың әрқайсысын әр адам шама-шарқынша пайдаланады. Олар адамдардың материалдық қажеттілігін өтеп қана қоймай‚ рухани өміріне де із қалдырады. Ол заттар мен құбылыстар адамдар санасында ұғымдар болып қалыптасқан‚ тілдік кейіпке еніп‚ сөздер болып орнығады. Ол сөздерден толып жатқан тілдік бірліктер жасалады. Сондай бірліктердің бірі – фразеологиялық тіркестер‚ соның ішінде тұратын тұрақты теңеулер.
Жалпы тілден‚ соның ішінде теңеулерден‚ халықтың саяси-әлеуметтік өмірі‚ рухани дүниесі‚ дүние танымы‚ әдет-ғұрпы‚ мекендеген ортасы‚ кәсібі‚ қала берді бүкіл тарихы көрініп тұрады. Сондықтан тіліміздегі ‘ит’ семасына байланысты теңеулерді айтқанда‚ халық иттің қасиеттерін анағұрлым көп білгендіктен‚ оларды өздерінің сөйлесу‚ пікір алысу‚ ойды жарыққа шығару машығында мол қолданады. Теңеу – белгілі бір халықтың материалдық және рухани өмірінде алатын орнына байланысты нәрсе.
Сондықтан тұрақты сөз тіркесі (фразеологизмдер) тілдің сан алуан қатпарлары мен деңгейлерінің ең негізгілерінің қатарынан орын алады. Ал тұрақты тіркестердің қомақты да салмақты салаларының бірі – тұрақты теңеулер. Бұлардың мазмұн-мәнінен халықтың арман-тілегін‚ көзқарастүсінігін‚ болмыс-тіршілігін біршама тануға болатын сияқты. Бұл – тіліміздің қыруар байлығының бір бөлшегі ғана.
Әдебиеттер:
1. Тимофеев Л.И. Основы теории литературы. – М.: Просвещение 1976. – 445 с.
2. Чернышева И.И. Компаративная фразеология при изучении инастранного языка // Как готовить интересный урок иностранного языка. – М., 1963. – С. 247-252.
3. Креп М.Б. Сравнения в “Кентерберийских рассказах” Чосера, Опыт классификации // Лексические основы стилистики. – Л.: Наука, 1973. – С. 211-216.
4. Кондаков Н.И. Логический словарь справочник. – М.: Наука, 1976. – 717 с.
5. Ефимов А.И. Язык сатиры Салтыкова-Щедрина. – М., 1953.– 493 с.
Ахманова О.С. Словарь лингвистических терминов. Советская энциклопедия. – М.: Изд-во, 1966. – 606 с.
6. Черемишина М.И. Некоторые вопросы синтаксиса // Сравнительные конструкции современного русского языка. Новосибирского ун-та. – Новосибирск: Изд-во, 1971. – С. 181-184.
7. Ахметжанова З.К. Принципы сопоставительного исследования казахского и русского языков: Автореф. …дис. канд. филол. наук. – Алматы, 1989. – 46 с.
8. Дмитриев Н.К. Грамматика башкирского языка– М.– Л.: Изд-во. АН СССР, 1948. – 276 с.
9. Қоңыров Т. Қазақ тілінің теңеулер сөздігі. – Алматы, 1990. –400 б.
10. Ахметжанова З.К., Мирзоева Л.Ю. К вопросу о лингвокультурологической компетенции
переводчика. – ж. Русский язык и культура в зеркале перевода
Издательство: Высшая школа перевода, Московский государственный университет им. М.В. Ломоносова.– № 1, 2014. – С. 547-557.
Данная статья о научной деятельности профессора Ахметжановой З.К. Профессор З.К. Ахметжанова. В своих работах рассматривает национальные особенности казахского и русского языка. Ахметжанова З.К. сравнивет основные гипотезы и культурные кодексы казахского, русского, английского языка. А так же обращает внимание на аксиологические категории, которые характерны лингвистической культуре.
The article deals with phraseological phrases, including the content and meaning of the constant equivalents, of the people’s dreams, attitudes and behaviors. Truths and phenomena in life are shared by all people, and each one uses the same amount of time. They do not only compensate for the material needs of people, but also leave their mark on their spiritual lives. It is a phenomenon that occurs in the minds of people and phenomena. Regular equations refer to such linguistic units. Phraseological phrases have a national outlook.