ҚАЗАҚ ТІЛІН ЛИНГВОМӘДЕНИЕТТАНЫМДЫҚ ТҰРҒЫДАН ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖАҢА ҰСТАНЫМДАР

О. Жұбаева
А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты
Алматы, Қазақстан

ҚАЗАҚ ТІЛІН ЛИНГВОМӘДЕНИЕТТАНЫМДЫҚ ТҰРҒЫДАН
ЗЕРТТЕУДЕГІ ЖАҢА ҰСТАНЫМДАР

Мақалада филология ғылымдарының докторы, профессор З.Ахметжанова еңбектеріндегі ұлттық діл көрініс табатын концептілер негізінде қазақ тіл біліміндегі лингвомәдентиеттанымдық бағыттағы зерттеулердің жаңа ұстанымдары көрсетіледі. Ғалым еңбектеріндегі ұлттық концептілердің берілуіндегі ұлттық ерекшеліктер көрсетіліп, концептілер тілдік категория ғана емес, мәдениеттің бір бөлшегі ретінде сипатталады.
Түйін сөздер: лингвомәдениеттаным, концепт, ғаламды сөзбен көрсету, концептосфера, ұлттық ерекшелік, діл, тіл, мәдениет.

Соңғы кезде тіл білімінде тіл мен мәдениеттің арақатынасын, сабақтастығын зерттеуге ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазіргі кезде тіл мен мәдениет мәселесін сөз етуші ғалымдар бұл мәселеге біржақты баға бермей, олардың өзара байланысын ескеру қажеттігін айтады. Бұл бағыттағы зерттеулер тіл мен мәдениеттің бір-біріне әсерін, ықпалын айқындауға бағытталған.
Өз алдына дербес, бөлек жүйе болғанмен, тіл мен мәдениеттің ұқсас жағы көп:
1) тіл мен мәдениет – сананың көрінісі, адамның дүниетанымын бейнелейді (В.фон Гумбольдт,
Е.М.Верещагин, В.Г.Костомаров, Е.Ф. Тарасов, Э.С. Маркарян, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, М.Балақаев, Р.Сыздық, Н.Уәли, З.Ахметжанова, Ж.Манкеева т.с.с.);
2) тіл де, мәдениет те – тарихи құбылыс (В. фон Гумбольдт, А.А.Потебня, Г.В.Колшанский,
А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Е.Жанпейісов т.б.);
3) мәдениеттің де, тілдің де иесі – жеке адам мен қоғам, социум (А.А.Потебня, В.З. Панфилов, А.Байтұрсынұлы, Қ.Жұбанов, Ә.Қайдар, Н.Уәли, З.Ахметжанова, А.Ислам, Қ.Рысберген т.б.).
Мақаламызда А.Байтұрсынұлының когнитивті лингвистика, лингвомәдениеттанымға қатысты ұстанымдарын, метатілін пайдалана отырып, филология ғылымдарының докторы, профессор З.Ахметжанованың лингвомәдентиеттанымдық зерттеулердің ұстанымдарды көрсету көзделеді.
А.Байтұрсынұлы өнерді тірнек өнері, көрнек өнері деп жіктеп, соған сәйкес адам ұғымының екі түрін көрсетеді: 1) ес ұғымы, яғни, еске керек ұғым; 2) іс ұғымы, яғни, іске керек ұғым. Ес ұғымының арқасында дүниедегі нәрселердің бәрін, затын, заңын, сырын, сипатын, мүддесін, мұратын танимыз. Іс ұғымының арқасында табиғат ісін, күшін, нәрселерін қалай пайдаланатын жолын білеміз. Сондықтан қара сөзді әңгімелер екі жақты болып келеді. Бір жағы ес ұғымымен болады, екінші жағы іс ұғымымен болады [1, 69]. Ғалым нәрсенің тиіс жағы (нәрсенің бойында бар сипаттар) және түйіс жағы (нәрсенің адам қосқан, танған сипаттары) болатынын ескерте келіп, сөз өнерін «1) нәрсенің жайын, күйін, түрін, түсін, ісін сөзбен келістіріп айту өнері (әдебиет); 2) бір нәрсе турасындағы пікірімізді, яки қиялымызды, яки көңіліміздің күйін сөз арқылы жақсылап айта білу», – деп сипаттайды.
А.Байтұрсынұлы көрнек өнерінің бес түрін (сәулет өнері, сымбат өнері, сүгіреттеп көрсету өнері, әуез өнері, сөз өнері) көрсетіп: «Өнердің ең алды сөз өнері деп саналады. «Өнер алды қызыл тіл» деген қазақ мақалы бар. Мұны қазақ сөз баққан, сөз күйттеген халық болып, сөз қадірін білгендіктен айтқан. Алдыңғы өнердің бәрінің қызметін шама қадарынша сөз өнері атқара алады. Қандай сәулетті сарайлар болсын, қандай сымбатты я кескінді сүгіреттер болсын, қандай әдемі әнкүй болсын сөзбен сөйлеп, сүгіреттеп көрсетуге, танытуға болады. Бұл өзге өнердің қолынан келмейді», – дейді [1, 78-б].
Яғни тілді лингвомәдениеттанымдық тұрғыдан зерттеуде көрнек өнерін (оның ішінде сөз өнерін) негізге ала отырып, ес ұғымы арқылы нәрсенің түйіс жағы сипатталады. Сол арқылы мәдениет дамып, жетіліп отырады. Мәдениеттегі өзгерістер тілде орын алады. ХХ ғасырдың басында қоғамда болып жатқан түрлі өзгерістер мен жаңалықтарға сәйкес көптеген жаңа ұғымдар мен түсініктер қалыптасып, ғылым, өнер-білім салаларында жаңа сөздердің көптеп пайда болғаны белгілі: аэроплан, акционерное общество, кинематограф, резолюция, инструкция, прогресс т.с.с. Мәдениет күрт өзгерсе, тіл де қарқынды дамиды. Бірақ түбегейлі өзгеріп кетпейді. Осыған байланысты
Қ.Жұбанов: «Қоғамдық мақсат – бір буынның (ұрпақтық) тілін екінші буынға түсіндіріп отыру… Егер тіл қазіргіден жылдам өзгерсе, бұдан 10 жыл бұрын жасаған ұрпақтың (буынның) тілін түсінбей қалар едік. Ал сирек те болса бұндай өзгерістер тілді дамытады, байытады», – деп жазады [2, 231].
Тіл мәдениет үшін қызмет етеді. Тіл – ұжымдық сана арқылы жинақталған ақпаратты атадан балаға жеткізіп, жинақтайтын, сақтайтын, жүйе болып табылады. Академик Ә.Қайдар: «Кез келген тілдің қоғамда өзара байланысты үш түрлі қызметі бар. Оның басты қызметі: коммуникативтік, яғни қоғам мүшелерінің өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірін түсінуі, пікір алысуы үшін қажетті қызметі. Оның екінші қызметі – көркем шығарма тіліне тән, адам баласына тән образ арқылы ерекше әсер ететін, ләззат сыйлайтын, эстетикалық қызметі. Тілдің бұл қызметі, әрине, қаламгердің шеберлігіне, сөз саптау мәдениетіне байланысты. Ал тілдің үшінші бір қызметі ғылыми терминмен айтқанда, аккумулятивтік қызметі деп аталады. Яғни ол – тілдің ғасырлар бойы дүниеге келіп, қалыптасқан барлық сөз байлығын өз бойына жиып, сақтап, оны келешек ұрпаққа асыл мұра ретінде түгел жеткізіп отыратын игілікті қасиеті. … Тіл фактілері мен деректері – тұла бойы тұнып тұрған тарих. Сондықтан этностың өткендегі тарихы мен этнографиялық байлығын біз ең алдымен, содан іздеуіміз керек [3, 19], – деп жазады.
Адам өзіне дейінгі жинақталған білім қорын қабылдау арқылы этномәдени қауымдастықтың өмір тәжірибелерін де қабылдайды. Адамның танымдық әрекеті – ақиқат болмысты тануға, қоршаған ортаны түйсініп, жинақталған білімдер негізінде әлемдегі орнын түсінуіне бағытталады. Тіл – сөйлеушінің дүниетаным ерекшеліктерін бейнелейтін құрал, ерекше ұлттық ділдің көрсеткіші, мәдениеттің негізі. Сол себепті М.Балақаев: «Кісі білімді, тәлім-тәрбиені тіл арқылы алады, мәдениетті, өнерді, ғылымды, техниканы тіл арқылы үйретеді. Тіл – ұлт ерекшеліктерінің бірі, ұлт мәдениеттің бір формасы. Сондықтан онда әрбір халықтың ұлттық сана-сезімінің, ойлау тәсілінің, мінез-құлқының нысаналары сақталады. Халықтың сондай ерекшеліктері, мәдениетті, әдет-ғұрпы, әдеби мұралары, оның психикалық қалпы тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа ауысып отырады», – деп жазады [4, 14.].
Тіл мәдениеттің дамуына ықпал етіп отырады. Белгілі бір этникалық және мәдени қауымдастықтың өкілі ретіндегі жеке адамның ойлауы тілге байланысты болады. Тіл – халықтың рухы, халық рухы тіл арқылы көрінеді. Сол себепті әр ұлттың тілі, мәдениеті ерекше болады. Оларды біріктіруге, байланыстыруға болмайды. Мәдениет пен тілдің дамуы белгілі бір этносқа тән ортақ заңдылықтарға байланысты болады. Тіл тағдыры мен этнос тағдыры өзара тығыз байланысты. Бұл орайда А. Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған халықтың өзі де жоғалады», – деуінің [1] терең астары бар. Тілдің табиғатын, өзіндік ерекшелігін түсіну үшін сөйлеушінің қандай ұлттың өкілі екеніне назар аудару қажет.
Соңғы кездері ғаламның сөзбен көрсетілуіне ерекше мән беріле бастады. Бұл бағыттағы зерттеулерде тілдік формалар арқылы берілген түсініктерді когнитивті құрылымдар арқылы айқындау мақсат етіледі. Нәрсенің тиіс жағы мен түйіс жағы адам санасында белгілі бір жүйе құрайды. Бұл бағыттағы зерттеулерде сананы назарда ұстау қажет. Бұл орайда А.Байтұрсынұлы қағидаттарын ұмытпауымыз керек. Ғалым: «Сөз өнері адам санасының үш негізіне тіреледі: 1) ақылға, 2) қиялға, 3) көңілге. Ақыл ісі – аңдау, яғни нәрселердің жайын ұғыну, тану, ақылға салып ойлау, қиял ісі – меңзеу, яғни ойдағы нәрселерді белгілі нәрселердің тұрпатына, бейнесіне ұқсату, бейнелеу, суреттеп ойлау; көңіл ісі – түю, талғау. Тілдің міндеті – ақылдың аңдауын аңдағанынша, қиялдың меңзеуін меңзегенінше, көңілдің түюін түйгенінше айтуға жарау. Мұның бәріне жұмсай білетін адамы табылса, тіл шама-қадарынша жарайды. Бірақ тілді жұмсай білетін адам табылуы қиын. Ойын ойлаған қалпында, қиялын меңзеген түрінде көңілдің түйгенін түйген күйінде тілмен айтып, басқаларға айтпай білдіруге көп шеберлік керек», – деп жазады [1, 343].
Тілдік сана – белгілі бір ұжымның қоғамдық өмірі мен мәдениетінде көрініс тапқан, психикалық сипаты мен тілінде айқындалатын ерекшелік болып табылады. Тілдік санада ұлттықсубъективті ғалам бейнесі қалыптасып, болмыс туралы жалпыхалықтық, стереотипті түсініктер көрініс табады. Яғни тілдік санада халықтың мәдени, тарихи, рухани тәжірибесі, ұлттық салт-дәстүрі көрініс тауып, тілдік ұжымның ұлттық ерекшелігі көрінеді. Күнделікті өмірде жинақталған, ұрпақтан ұрпаққа жеткізіліп отырған, білім қоры тілдік електен өтеді. Білімнің ең басты құрылымы тілде көрініс табады. Онда адамның танымы, қоршаған ортаның адамға әсері де көрініс табады. Тіл танымды бейнелеумен қатар ойды білдіру құралы болып табылады, сол себепті тілді зерттеу арқылы таным әрекетін де айқындауға болады.
Ақиқат болмысты танып-түсіну нәтижесінде жинақталған ақпарат тілде көрініс табады. Ғаламды сөзбен көрсету негізінен субъективті сипатта, себебі онда нақты бір адамның көзқарасы, дүниетанымы көрінеді. Ол атадан балаға берілетін категориялар жүйесі арқылы белгілі бір код құрап, дайын күйінде қабылданылып отырады. Когнитивті қызметінің нәтижесінде тіл адамның қоршаған орта туралы әсерін жинақтаумен қатар халықтың зерттеушілік ойларын да жеткізіп, халықтың ұжымдық, этномәдени санасында қалыптасқан ғалам бейнесін сақтайды. Мысал ретінде қабырға сөзінің семантикалық дамуын алуға болады. Қабырға сөзінің әу бастағы мағынасы – «адамның, жануарлардың омыртқа жүйесіне бекіген сүйектер». Яғни, өкпе-бауыр, жүрек, бүйрек т.с.с. ағзамыздың жұмсақ мүшелерін қоршап тұратын сүйектер. Халықтың ұғымындағы қабырға сөзінің «қоршау» мағынасы үйдің қабырғасы деген қолданыста да сақталған. Сол сияқты геометрия термині ретінде («геометриялық фигуралардың қыры») қалыптасуына да осы мағына негіз болған. Семантикалық даму барысында қабырға сөзі «қорғаныш» мағынасына негіз болған: «қабырғаммен кеңесейін» деген қолданыста адам өзіне жаны ашитын, өзінің тілеуін тілейтін адаммен ғана кеңеседі. Оны жақтырмайтын, ұнатпайтын, жаны ашымайтын адаммен ақылдаспайды. Ендеше, бұл жерде де қабырға сөзінің «қорғаныш» мағынасы сақталған.
Әр халық өзіндік ғалам бейнесін түзеді, яғни, әр халықтың ғаламды сөзбен көрсетуі түрліше болады. Ғаламды сөзбен көрсету (А.Байтұрсынұлы термині) әмбебап әрі ұлттық сипатта болады. Тілде халықтың ұлттық ерекшелігі, қоғамдық орны, тарихы көрініс тауып, түрленеді. Сол себепті мәдениет пен тіл халықтың ділімен, дүниетанымымен тығыз байланысты. Белгілі бір этнотілдік қауымдастықтың мәдениеті, білімі мен тәжірибесі тілде көрініп, ділін қалыптастырады. Білім қоры тіл семантикасында көрініс тауып, белгілі бір тілдік ұжымның ұлттық, мәдени мәдени тәжірибесін көрсетеді. Сол себепті ғаламды сөзбен көрсетуде дүниетанымның ұлттық ерекшеліктері көрінеді. Ғаламды сөзбен көрсетуде лексиканың орны ерекше, тілдің сөздік қорында ұлттық дүниетаным көрініс табады.
Әрбір тіл халықтың дүниетанымын айқындап, ғалам бейнесін қалыптастыратын өзіндік жүйе түзеді. Белгілі бір халықтың ғалам бейнесі тілдің мазмұн межесінде көрініс табады. Ол барша мәдени стереотиптерге негіз болады. Оған талдау жасау арқылы ұлттық мәдениеттер бір-бірінен ерекшеленеді. Қазақ тіл білімінде лингвомәдениеттанымдық зерттеулердің көшін бастап келе жатқан ғалым З.Ахметжанованың еңбектерінде қазақ үшін өте маңызды саналатын «Адам» (ақыл, жүрек, қайрат), «Намыс», «Қанағат», «Туыстық», «Ағайын», «Дастарқан», «Қонақжайлық», «Домбыра», «Тіл/сөз», «Көңіл», «Бесік», «Ұрпақ» т.с.с. концептілер талдауға алынып, қазақтың лингвомәдениеттанымдық концептосферасының өзіндік ерекшеліктері жан-жақты талданған. Қазақы концептілердің сөздіктегі берілуін, көркем әдебиеттегі, паремиологиялар мен тұрақты сөз тіркестерін түзудегі қолданысын сипаттап, сөйлеушілердің метатілдік санасындағы көрінісін, А.Байтұрсынұлының сөзімен айтқанда, ес ұғымындағы нәрсенің түйіс жағын жан-жақты талдай келе З.Ахметжанова қазақ үшін жоғарыда аталған концептілердің орны ерекше екенін ескертіп, оларды ұлттың рухани құндылығына жатқызады. Тілді халықтың ұлттық-мәдени құндылығы ретінде сипаттауға арналған ғалымның зерттеулерінде тілдің өзіне тән ерекшелігі, халықтың діліндегі, дүниетанымындағы ерекшеліктер айқындалған. Ұлттық рухани құндылықтарды өзге ұлт өкілдеріне түсіндіру мақсатымен ғалым талдауларын орыс тілінде жүргізіп, былай дейді: «Концепт намыс основывается на чувстве любви к родной земле, родному народу, это чувство не созерцательного, а активно – деятельностного характера. Человек своими действиями доказывает любовь к народу и земле. Концепт намыс основывается на понятиях любви и гордости, эти понятия, прививаемые с молоком матери, внушаемые ему с рождения и на протяжении всей жизни, постопенно переходят в разряд качества и начинает определять сущность человека, который ощущает себя прежде всего представителем нации, народа, социума. В рамках концепта намыс понятия народ, родина, соответствия критериям порядочности, уважения и т.д., наделяются высоким имиджем, любые вербальные либо невербальные действия, содержащие отрицательную оценку народа, родной земли, воспринимаются как личное оскорбление» [5]. Бұл орайда ғалымның «Намыс» концептіне қатысты тұжырымын ғана келтіріп отырмыз әрі оны түпнұсқа қалпында (орыс тілінде) беріп отырмыз. Ондағы мақсат – З.Ахметжанова еңбектерінде ұлттық концептілердің қалайша дәл, анық та айқын, дәлелді беріліп жүргенін көрсету.
Ғалым зерттеулері ғылыми дискурс ретінде арнайы зерттеуді қажет етеді. Себебі
З.Ахметжанованың басқа зерттеушілерге ұқсамайтын өзіндік ұстанымдары, қағидаттары бар.
Ж.Аймауытұлының прозалық шығармалары поэзиядай елітіп, оқырманын баурап әкететіні сияқты, З.Ахметжанованың күрделі де қиын, өзекті мәселелерге арналған зерттеулері терминдердің көптігімен немесе түсініксіздігімен адамды жалықтырып жібермейді. Әрине, ғылыми дискурс болғандықтан, күрделі мәселені зерттеу нысанына алғандықтан, көпшілік, әсіресе ғылымға жаңадан келіп жатқан жастар үшін, жалпы көпшілік үшін қиындық келтіретін, түсіне қоюға ауыр болатын атаулар, терминдер, әдіс-тәсілдер көп болатыны түсінікті. Алайда бұл орайда ғалым қолданып отырған атауларына түсініктеме беріп отырады. Мысалы: «Функция языка как общественного явления одна – коммуникативная, которая может выступать в трех формах: как узконаправленная коммуникация (непосредственный диалог один на один, устный или письменный), как широконаправленная коммуникация (непосредственное общение одного человека с большой группой людей – урок, лекция, митинг, собрание), как массовая коммуникация (опосредованное общение человека с невидимой аудиторией через СМИ). Такие функции, как называние явлений (номинативная), как функция выражения мысли, (экспрессивная), как функция накопления в словесной и текстовой форме знаний и опыте человека (аккумулятивная), как познавательная, позволяющая людям знакомиться с помощью языка с результатами познания мира другими людьми (когнитивная) – все они являются проявлением свойств языка как системы знаков. Такие функции, как эмотивная (выражение чувств и переживаний человека в процессе его речи), побудительная (выражение воли, желания говорящего), фатическая (контактная – для установления и поддержания контакта с собеседником), дейктическая (указательная) и другие относятся к частным функциям языка, проявляющимся в отдельных конкретных ситуациях общения [6].
Немесе: «Концептуализация действительности осуществляется через обазначение, выражение и описание. Когда определенный фрагмент действительности является актуальным для конкретной лингвокультуры, он получает соответствующее обозначение, номинацию. Значимость, важность, актуальность концепта эксплицируется через реализацию концепта совокупностью языковых и неязыковых средств, которые косвенно или прямо иллюстрируют, уточняют и развивают его содержание. Таков параметр выражение концепта» [6] т.с.с.
Жалпы тіл біліміндегі ғалымдардың (З.Д.Попова, И.А.Стернин, В. Карасик) тұжырымдарын талдау барысында да ғалым оқушы үшін қиындық келтіретін атауларды, ұстанымдарды түрлі тәсілмен (жақша, сипаттама, курсив т.с.с.) түсіндіріп отырады. Яғни, ғалым адресант/адресат факторын негізге ала отырып, оқушысының аялық білімін де жан-жақты ескереді. Сол себепті ғылыми дискурс, коммуникативті лингвистика бағытындағы зерттеулер үшін ғалымның еңбектерін (жекелеген мақалаларынан бастап ғылыми монографияларына дейін) арнайы зерттеу нысанына алу қажет.
Мәдениет өнімі ретінде тіл мәдениеттің маңызды бөлігі, мәдени кодтарды қалыптастырушы фактор болып табылады. Тіл қоршаған орта туралы әсерді білдірумен қатар халықтың зерттеушілік, ізденістік ойларын да сақтайды, яғни тілде халықтың этномәдени, ұжымдық санасында қалыптасқан ғалам бейнесі көрініс табады.
Н.Уәли тіл мен мәдениеттің төмендегідей ортақ белгілерін көрсетеді:
— мәдениет те тіл сияқты, адамның дүниетанымын бейнелейтін сананың формасы болып табылады;
— мәдениет пен тіл өзара қарым-қатынаста (диалогте) болады; тілсіз мәдениет жоқ, мәдениетсіз тіл жоқ;
— мәдениет пен тілдің субъектісі – индивид, социум, жеке тұлға, қоғам;
— мәдениетке де, тілге де нормалық тән;
— тарихилық – мәдениет пен тілдің мәнді қасиеттерінің бірі [7, 50].
Ұлттық мәдениеттің семантикалық жүйесі, негізгі коды – этникалық тіл болып табылады. Тілдік этномәдени кеңістікке енетін нәрсенің бәрінің де атауы бар. Сол арқылы білім тасымалданады. Тілді зерттеу арқылы белгілі бір мәдениет өкілінің этнотілдік санасының ішкі әлемін көріп, түсінуге болады. З.Ахметжанова қазақы таным-түсінікте әр санның өзіндік орны, мәні бар екенін айта келіп, тоғызды (9) былайша сипаттайды: «В казахском языке значение «верхний предел количества», «полноты» стало основой для множества обрядов, в которых предусмотрены подарки: родителям невесты во время сватовства, подарки особо дорогим приглашенным гостям, штраф, предусмотренный сводом степных законов, приз победителям конноспортивных соревнований, песенно-поэтических конкурсов и т.д. При этом подарки, штрафы, призы полагалось выплачивать, дарить, преподносить в количестве девяти единиц. Отсюда множество этнографических фразеосочетаний с компонентом тоғыз тоғыз беру, тоғыздың бас жақсысы, тоғыз айыбы, жанды тоғыз (сюда входили верблюд, кобыла, корова с теленком, овца с ягненком и др.), жансыз тоғыз (сюда входили слиток серебра, ковер, шуба и т.д.), тоғыз тарту (побежденный в особом виде айтыса (каюм-айтыс) преподносит победителю подарок в виде серебряного браслета либо серебряной монеты, завязанной в уголок шелкового платка).
В нескольких фразеологизмах число тоғыз привносит значение «много» и «несколько» тоғыз көзді кіреуке (доспехи, обшитые металлическими бляшками), тоғыз жолдың торабы (перекресток, где сходятся несколько дорог), тоғыз саққа жүгіртті (высказывать самые разные предположения), тоғыз қатынның толғағы қатар келді (одновременно заниматься решением нескольких проблем) [5,
87-88].
Қазақ тілін жаңадан үйреніп жүрген немесе қазақ тұрмысымен етене таныс емес тыңдарман не оқырман бұл сөздің мағынасын да, оның мәдени коннотациясын да түсіне алмайды. Оны түсінуі үшін атадан балаға жеткізілетін этномәдени ақпаратты білуі керек. Ол санада шифр, код түрінде көрініс табады. Сол арқылы этнотілдік санада тілдік мәндерде кодталған ғалам бейнесі көрінеді. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу», – деген болатын.
«Ғаламды сөзбен көрсету» дегеніміз – осы тілде сөйлейтін халықтың ұжымдық шығармашылығы. Әрбір жаңа ұрпақ (буын) ана тілін меңгерумен қатар ұлттық сипат, дүниетаным көрініс тапқан мәдениет кешенін де қабылдайды. Тіл – адамдардың қарым-қатынас құралы ғана емес, әр ұлттың ұлттық болмысын, дүниетанымын, ойлау жүйесін сипаттайтын жалпыадамзаттық құндылық. Ақиқат дүниені тану үдерісінде дүниетанымдық білімдер арқылы жалпыадамзатық сана қалыптасады. Бұл жалпыадамзаттық сана әлемдегі барлық халыққа ортақ болса, адамзаттың бірбірінен ұлт ретінде ерекшеленуі ұлттық сананы қалыптастырады. Демек, тілден жалпыадамзаттық құндылықтармен бірге ұлттық дүниетанымдық ерекшеліктер де көрініс тауып отырады. Тіл ғалам мен мәдениетті бейнелеумен қатар сөйлеушіні қалыптастырады, оның салт-дәстүрін, дүниетанымын, ділін, ұлттық сипатын, идеологиясын айқындайды. Әр халық мәдени, тарихи даму барысында қоршаған ортамен тығыз байланыста әлем туралы білімін жинақтап, сақтайды, вербалды сана, ерекше мәдени код түрінде тіл арқылы ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп отырады. Жастардың үлкендердің сөзін түсіне алмауы немесе ақын-жазушылардың шығармаларын түсіне алмауы этномәдени кодты игере алмау салдарынан туындайды. Осыған байланысты З.Қ.Ахметжанова: «Қазақ тілінің концептуалды жүйесін білмегендіктен, жастар қазақ халқының салт-дәстүрін ескіліктің сарқыншағы ретінде қабылдап, теріс бағалайды. Жалпыадамзаттық, әлемдік мәдениеттің бөлшегі болып табылатын ұлттық мәдениеттің терең, философиялық мәнін жас буын өкілдері түсіне алмай жүр», – деп жазады [31, 175].
Тілдік таңба – этнотілдік сананың көрсеткіші болып табылады, мәндер жүйесі этномәдениет жүйесін айқындайды. Тіл – мәдениет – этнос мәселесінде этномәдени сананың орны ерекше. Этномәдени сана – белгілі бір қоғам үшін әлеуметтік мәні ерекше болатын білімдер жиынтығы, ол тіл арқылы көрініс тауып, сақталып отырады. Себебі тіл, мәдениет, этнос өзара тығыз байланысты. Тіл – мәдениеттің құралы, құраушы бөліктерінің бірі болумен қатар белгілі бір тілдік ортада дамитын этникалық тұлғаның өзегін құрайды. Әрбір сөйлеуші мәдениетті жеткізуші болып табылады, тілдік таңбалар мәдениет таңбасы ретінде де қолданылып, ұлттық мәдениеттің ерекшелігін білдіреді. Мәселен, қазақта алыс жолға шыққан адамның қайда бара жатқанын сұрамайды: Жол болсын! Әлей болсын! деп амандасады.
Әр адам белгілі бір ұлттың өкілі болғандықтан, ұлттық дәстүр, тіл, тарихы, әдебиеті бөлек болады. Әр тіл дүниені өзінше бейнелейді. Адам болмысты тілі арқылы таниды. Ж.Манкеева тіл арқылы берілетін ойдың ар жағында сол тілде сөйлеушінің танымы, мәдениеті, психологиясы, өмір тәжірибесі т.б. рухани-прагматикалық жүйесі жататынын айта келіп: «…Тіл қызметін сол тілде сөйлеушінің жан-жақты қызметі мен болмысынан тыс қарау мүмкін емес. Ал ол қызмет тілдің ұжымдағы коммуникативтік қызметімен ғана шектелмейді. Себебі сол ұжымды ұйыстырушы, тұтастырушы, біріктіруші және жаңа ұрпаққа ұластырушы да – тіл қызметі. Яғни тілдік ұжымда тіл коммуникативті-прагматикалық қызметпен қатар танымдық, құжаттық (кумулятивтік) т.б. қызметтер де атқарады. Мемлекеттік мәртебеге ие тілде бұл қызметтер ерекше сипатта көрініс табуы тиіс. Олай болса, қазақ тілінің жан-жақты қоғамдық, әлеуметтік қызметін негіздейтін, дәлелдейтін, айқындайтын, жаңғыртатын, жандандыратын арқауын анықтауды мақсат ететін жаңаша сипаттағы антрополингвистикалық бағыт қазақ тіл білімінде де өріс алуы – қоғамдық қажеттілік», – дейді [9,
86].
Когнитивті қызметінің нәтижесінде тіл адамның қоршаған орта туралы әсерін жинақтаумен қатар халықтың зерттеушілік ойларын да жеткізіп, халықтың ұжымдық, этномәдени санасында қалыптасқан ғалам бейнесін сақтайды. Тілдік семантика – халықтың ғаламды танып-түйсіну тәсілі және болмыс туралы білімнің кодталу жолы болып табылады, сол арқылы ғалам сөзбен көрсетіледі.
Ғаламды сөзбен көрсетуде белгілі бір тілдік қауымдастыққа тән түсініктер мен білімдер кешені тілде көрініс тауып, сақталады. Ғаламды сөзбен көрсету бірқатар өзгерістерге түскенімен, тұрақты сипатта болады, яғни әлем туралы білім белгілі бір құрылымға ие болып, ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырады, сөйлеушілердің тілдік санасы, ойлау жүйесі дәстүрлі түрде қалыптасқан категориялармен беріліп, сақталып отырады. Ғаламды сөзбен көрсету – халықтың болмыс туралы, тілдік таңбалар мен мәндерде көрініс тапқан түсініктер жиынтығы, ғалам туралы ақпараттың, сөздердің жүйелі мәндерінде белгілі бір тәртіпке келтірілген көрінісі.
Сонымен, тіл мәдениет бөлшегі ретінде адамдардың тәжірибесіне негізделеді. Тілді меңгеру арқылы сөйлеуші сол тілде сөйлеп, сол мәдениетке тән дүниетанымды қабылдайды. Тіл мәдениет пен таным үшін белсенді қызмет атқарады. Тілдік таңба тілдік сананың берілу тәсілі болып табылады, сол арқылы халықтың тарихи, мәдениет тәжірибесі көрінеді. Адамның дүниені тануы арқылы жинақтаған білімі тілдік семантикада көрініс тауып, ғалам сөзбен көрсетіледі. Тілдік таңба семантикасын зерттеу тілдік (морфологиялық) репрезентацияны айқындауға мүмкіндік береді. Бұл халықтың рухын танып, этнос концептосферасына енуге, белгілі бір тарихи кезеңде халық үшін ненің маңызды, ал қай нәрсенің назардан тыс қалғанын анықтауға жол ашады. Белгілі бір кезеңде тілде көрініс тапқан болмыс туралы түсініктерді зерттеу халықтың ойлау жүйесін айқындап, ғалам бейнесін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
З.Ахметжанованың зерттеулері ғылыми дискурс ретінде арнайы зерттеуді қажет етеді. Ғалымның еңбектерінен лингвомәдениеттаным, когнитивті лингвистика, коммуникативті лингвистика, функционалды лингвистика, салғастырмалы тіл білімі т.с.с. көптеген салаларға қатысты ғылыми тұжырымдарды түсініп, пайымдаумен қатар зерттеуші ретінде тілді қолданудағы ұстанымдарын, қандай да бір ғылыми тұжырымды негіздеудегі әдіс-тәсілдерін, коммуникативті грамматика ұстанымдарын қаншалық шебер пайдалана білгенін, прессуппозиция, адресаттың аялық білімін ескеруін т.б. байқауға болады. Сол себепті З.Ахметжанова еңбектеріндегі пайымдаманың бастан-аяқ берілуі, зерттеу нысанына алынған концептілер т.с.с. жан-жақты зерттелуі қажет. Бұл бағыттағы ізденістер тіл білімінің даму деңгейі, ғылыми дискурстың өзіндік ерекшелігі, авторлық позиция, автор бейнесі (осы уақытқа дейін көбірек сөз болып келе жатқан көркем шығарманың авторы емес, ғылыми еңбектің авторы ретінде) туралы да жан-жақты мағлұмат берері анық. Ғалым еңбектері, ұстанымдары кейінгі буын зерттеушілер үшін де үлгі болар еді.

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Байтұрсынұлы А. Алты томдық шығармалар жинағы. – Алматы: Ел-шежіре, 2013. 2. Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы: Ғылым, 1999. – 581 б.
3. Қайдар Ә. Этнолингвистика // Білім және еңбек. – 1985. – №10. – Б.18-26.
4. Балақаев М. Қазақ тіл білімінің мәселелері. – Алматы: Арыс, 2008. – 592 б.
5. Ахметжанова З.К., Оналбаева А.Т., Умирзакова З.А. Культура в зеркале языка. Монография. – Алматы: Елтаным, 2014. — 480 с.
6. Ахметжанова З.К. Язык в социальном, культурном и коммуникативном аспекте. — Алматы: Елтаным, 2014. — 564 с.
7. Уәли Н. Қазақ сөз мәдениетінің теориялық негіздері: филол. ғыл. докт… дис.: 10.02.02. – Алматы, 2007. – 329 б.
8. Ахметжанова З.К. Ядерные концепты казахской культуры как основа казахской языковой картины мира // «Этнос және тіл» атты халықаралық конференция материалдары. — Алматы, 2009. – 175-179-с.
9. Манкеева Ж. Қазақ тіліндегі этномәдени атаулардың танымдық негіздері. – Алматы, 2010. – 382 б.
В статье рассматривается концепты, интегрирующие отдельные положения лингвокультурологии, в котором проявляются ментальные особенности нации на основе научных трудов доктора филологических наук, профессора З.К.Ахметжановой. Концепты рассматриваются не только как категория языка, но и как элемент культуры.

The article deals with concepts integrating separate provisions of linguoculturology, in which the mental features of a nation are manifested on the basis of scientific works of the Doctor of Philology, Professor ZK Akhmetzhanova. Concepts are considered not only as a category of language, but also as an element of culture

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *