ЕТІСТІКТІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАРЫНЫҢ КОГНИТИВТІ
МОДЕЛЬДЕРІ

З.Ш. Ерназарова
КИМЭП университеті Алматы, Қазақстан ezauresh@kimep.kz

ЕТІСТІКТІҢ ГРАММАТИКАЛЫҚ КАТЕГОРИЯЛАРЫНЫҢ КОГНИТИВТІ
МОДЕЛЬДЕРІ

Мақалада белгілі бір тілдік категорияны таным үдерісінің нәтижесі ретінде түсіну үшін оның когнитивті моделін құру керектігі туралы сөз болады. Әлемді концептуализациялау, когнитивті модельдер құру мәселесі таным мен тілдік категориялардың арақатынасы көрінетін сөйлеудің тууы және қабылдануы ретінде сипатталады. Грамматикалық категориялар адамның қарапайым таным әрекетінің қарапайым деңгейінен күрделенген абстрактілік деңгейлерінің көрінісі ретінде айқындалып, грамматикалық категориялардың когнитивті модельдерін реконструкциялау арқылы адам танымының даму деңгейлерінің тілдегі көрінісін сипаттауға болатыны көрсетіледі. Яғни, грамматикалық категориялар адам танымының даму деңгейлерінің көрінісі ретінде айқындалады. Мақалада етістік категориялары когнитивті лингвистиканың когнитивті модель теориясы, фрейм теориясы, прототип теориясы және пропозиционалды модель теориясы тұрғысынан қарастырылады.

Түйін сөздер: когнитивті модель, есімше, етістік, тұйық етістік, таным, фрейм, когнитивті модельдер, семантика-прагматикалық контекст.

Тіл – ұлт менталитетін, ұлттық ойлау моделін бейнеленейтін жүйе. Әлемнің тілдік бейнесі адам танымындағы когнитивті процестердің нәтижесінде қалыптасады. [1]. Бұл тану, талдау, ұқсату, салыстыру, анықтау, жинақтау,бағалау сияқты когнитивті процестер болып табылады. Әрине, бұл процесті толық сипаттау, көру мүмкін емес. Тілді адам ойының бейнесі дей отырып, біз таным процесін ойша тұспалдай аламыз. Таным процесінің нәтижесінде жинақталған білім қорының негізінде белгілі бір когнитивті модель жатады. Білім қорына таным әрекеттерінің негізінде сараланған, анықталған белгілер мен олардың өзара иерархиялық байланысына құрылған құрылымдық сипат тән болып келеді. Тіл мен адам танымы арасындағы байланысты осы тұрғыдан қарастыру грамматикалық категорияларды да адам танымында қалыптасқан білім қорының бір түрі, адам танымының нәтижесі, оның негізінде белгілі бір когнитивті модель жатыр деп болжам жасауға мүмкіндік береді. Бұл туралы Вильгельм фон Гумбольдт «Сөз саны ұлттың таным әлемінің байлығын көрсетсе, ал тілдің грамматикалық құрылысы ойлаудың ішкі құрылымы туралы ақпарат береді»,-деп жазады [1]. Ойлаудың ішкі құрылымы дегеніміз танымның когнитивті моделі болып табылады. Осы болжам негізінде етісттіктің көпфункционалды екі түрлі категориясын қарастырып көрелік.Ең алдымен грамматикалық категориялардың ның когнитивті модельдерін зерттеуде қандай ғылыми ұғымдары мен ұстанымдар басшылыққа алынуы керек?
Грамматкиалық категориялардың қалыптасуында жатқан таным әрекетін түсіндіру ғалымдар үшін қызықты және өзекті мәсле болып табылады. Өйткені егер тіл адам танымының құралы әрі нәтижесі болатын болcа, тілдік бірліктердің әрбірінің негізінде жатқан когнитивті модельдерді болжап анықтау үшін тірек ұстаным — өлшемдер керек. Бұндай өлшемдерді жалпылық сипатқа ие категориядан тауып, оның жекелеген көріністерін -инварианттарын саралау тілдің құрылымдық – жүйелілік сипатының когнитивті аспектісін түсінуге мүмкіндік береді деп есептейді когнитологлингвистер. Бұл мәселе Е.И.Кубрякова[2], Н.Н.Болдырев[3], Е.А.Жавотинскаялардың еңбектерінде [4] қарастырылады.
Аталған ғалымдардың пікірінше, сөз таптарына когнитивті тұрғыдан қарау, бағалау — адам интеллектісінде олардың алатын орнын, әлемнің концептуалды бейнесінде атқаратын қызметін анықтау болып табылады. Әлемді когнитивті тұрғыда бөлу сөз таптары жүйесінде қалай көрінеді? Сөз таптары адамның таным процесінде қандай концептуалды рөлге ие деген сұрақтар жауап беруді қажет етеді. Егер адам әлемді конптуализациялайтын болса, онда осы уақытқа дейін сөз таптары жүйесін құрастыруда басшылыққа алынатын сөздің лексикалық мағынасы шешуші даралаушы қызметке ие бола алмайды. Өйткені лексикалық мағынаны анықтап, абстракциялайтын адамның таным әрекеті, оған тән концептуализациялау, категоризациялау үдерістері. Керісінше, лексикалық мағынаға ие сөздер прототиптік, кластерлік сипатқа ие сөз таптары категориясының сүзгісінен өтетінін айтады С.А.Жаботинская [4].
Е.С.Кубрякованың пікірі бойынша, сөз таптары фреймінің пайда болуы адамның таным процесін қалыптастыратын тұрмыстық категориялармен байланыстырады. Бұл -барлық адамзатқа тән тұрмыстық категориялар. Олар таным нәтижесі тілдік бірлік ретінде формаға енгенге дейін тілдік емес деңгейде орын алады. Таным процесі барысында әлемді категоризациялау тілдік емес деңгейде іске асады да, олар сөз таптары фреймінің қалыптасуының алғашқы дикурсивті сатысы болып табылады. Сол себепті сөз таптары фреймінің қалыптасуында әлемді танудың концептуалды негізі жатыр. Олар: бір нәрсе (зат есім), осындай (сын есім) неше? не істеді?қайда? қалай? Бұндай ұғымдары сөз таптарының категориалды архитиптері болып табылады. Олар сөзге дейінгі ішкі ойлау деңгейінде көрінетін модельдер болып табылады[2].
Грамматикалық категориялардың орталығы ретінде сөз таптарының когнитивті үдерістің туындысы және құралы ретінде бағалайтын Н.Болдыревтің, Е.С.Кубрякованың еңбектеріне шолу жасай отырып, мына ұстанымдарды қорытындылауға болады:
— грамматикалық категориялар адам танымының жоғары деңгейі абстракциялау үдерісінің туындысы;
— грамматикалық категориялардың қалыптасуында таным әрекетінің категоризациялау қызметі жатыр. Категориязациялау адам танымының ұғымдар арасындағы обьективті тәуелді байланысты тануынан, оны сөздер арасындағы синтаксистік байланыс арқылы беруінен көрінеді.
— грамматикалық категориялардың қолданылуы адам танымында бар білім қоры мен сөйлеу жағдаятының шарттарымен байланысты.
Белгілі бір тілдік категорияны таным үдерісінің нәтижесі ретінде түсіну үшін оның когнитивті моделін құру керек. Когнитивті модельді дұрыс құру және түсіндіру білім деген ұғымды дұрыс түсінумен байланысты. осымен байланысты әлемді концептуализациялау, когнитивті модельдер құру мәселесі таным мен тілдік категориялардың арақатынасы көрінетін сөйлеудің тууы және қабылдануы үдерістер ретінде ғалымдар арасында қарама –қайшы пікірлерді қалыптастырды.
Концептуализация дегеніміз әлем туралы білімнің адам танымында белгілі бір құрылым түрін – когнитивті модель түрін құрып, сақталуы болып табылады. Білімнің осындай бір жиынтығы концепт деп аталады. Концепт түрінің қалыптасуы обьект туралы білімнің қорытылып, құрылымдық жүйе деңгейіне жетуімен байланысты. Бұл идея Ч.Филлмордың фреймдік семантикасы туралы теорясында[5], Дж.Лакофф пен М.Джонсонның метафоралар туралы теориясында көрініс тапқан[6].
Когнитивті модель теориясы ментальді кеңістік пен когнитивті модельдерден тұрады. Ментальды кеңістік дегеніміз ойлау әрекетімен, сөйлеу жағдаятымен байланысты анықталатын ойлау үдерісінің белгілі бір кезеңін сипаттау үшін керекті ұғым. Мысалы, «Қазір келемін» деп жауап беру үшін ментальді кеңістікте тыңдаушы адам, баратын орын, әрекет мақсаты, ортақ әрекет түрі, адамдар арасында қалыптасқан қарым-қатынас түрі керек. Бұл ақпараттар сөйлеуші адамның ойында ментальді кеңістік құрайды. Ал сол ментальды кеңістікті құрайтын, орын алатын когнитивті модельдер -концепт түрлері бар. Олар менталды кеңістікті құрылымдарға бөледі:жоғары –төмен, бүтін-бөлшек, әдіс -мақсат. Ментальді кеңістікте пропозиялардың сипатына қарай — сценарий, скрипт, белгілер жиынтығы, таксономия, радикальды категориялар , метафоралық, метонимиялық когнитивті модельдерді анықтауға болады. Жоғарыда келтірілген сөйлесімнің тууы мүмкін ментальді кеңістікте сценарий, таксонмия когнитивті модельдері бар.
Ментальді кеңістік, когнивті модельдер теориясын етістік категорияларына қатысты қолдану адам танымында әрекетпен байланысты орын алатын категориязациялау, концептуализация үдерістерін түсінуге көмектеседі. Өйткені етістік категорияларының нақты өмірде реалды көріністері жоқ. Оны анықтайтын — сөйлеушінің менталді кеңістігі.
Тілдің қазіргі даму деңгейніде қалыптасқан грамматикалық категориялар адамның қарапйым таным әрекетінің қарапайым деңгейінен күрделенген абстрактілік деңгейлерінің көрінісі болып табылады. Сондықтан грамматикалық категориялардың когнитивті модельдерін реконструкциялау арқылы адам танымының даму деңгейлерінің тілдегі көрінісін сипаттауға болады. Басқаша айтқанда, грамматикалық категориялар жүйесі адам танымының даму деңгейлерінің көрінісі болып табылады деп есептейміз.
Енді етістік категорияларының ішінде көпфунционалды есімше, тұйық етістік сияқты грамматкиалық категориялардың когнитивті модельдерін анықтап көрелік. Сол арқылы грамматикалық категориялардың когнтитивті табиғатына тән сатылы дамушы байланысты анықтай аламыз.
Етістік категориялары ішінде есімше категориясының когнитивті лингвистиканың бірнеше теориялары негізінде талдап көрелік. Бұлар — когнитивті модель теориясы, фрейм теориясы, прототип теориясы және пропозиционалды модель теориясы.
Тілдік категорияларды когнитивті аспектіде зерттеуде прототиптік көзқарас кең қолданылады. Бұл бағыттың сипаттамасы: прототиптік белгісі бір категорияның құрамына кіретін элементтердің бірдей белгілерге ие болмауымен байланысты. Бір элементтер негізгі категориялық белгілерді бойына жинақтайды. Оларды прототип деп атайды. Олар аталған категорияны анықтаушы негізгі белгі болып табылады. Ал бір элементтердің категориялық белгілері төмендеу болады. Прототип өзінің айналасына белгілері жағынан ұқсайтын екінші бір элементтерді жинақтайды. Содан категориялық жүйе қалыптасады. Прототиптік белгілер градициялық тұрғыда көрінеді. Бір категория құру үшін элементтердің бір белгісі ұқсас болуы керек[7].
Категориялардың түрі құбылыстардың немесе заттарға тән ортақ белгінің анықталуымен байланысты. Категориязация дегеніміз ортақ белгілердің сәйкестігіне қарай іріктеуден өткізу, талдау және қайта жинақтау
Есімше етістіктің бір түрі ретінде өз ерекшеліктерін қолданыс үстінде анықтайды.Функционалды қолданыс үстінде есімше шақтық, субьектілік, обьектілік қызмет түрлерінде ж ұмсалып, нақтылаушы, сипаттамалық, анықтауыштық мағынаны жеткізеді.
Есімшенің анықтауштық қызметі әрекет етістіктерімен байланысты қалыптасады. Есімшенің сөйлем ішіндегі қолданысын прототиптік семантика теория тұрғысынан қарастыруды функциональды-семиологиялық бағытпен байланыстыру маңызды болып табылады. Өйткені тілдік бірліктерді категоризациялау екі түрлі жолмен жүзеге асады: құрылымдық және функционалдық. Функционалды категоризация тілдік бірліктің қолданыстағы қызметін әрі лексикалық, әрі грамматикалық тұрғыдан түсіндіреді. Өйткені қолданыс үстінде тіл бірліктерінің әрі лексикалық, әрі грамматикалық мәндері көрінеді. Бұл ықпалдасу үш түрлі қағидалардың негізінде орнайды: актуалдену, негізгі грамматикалық мәннің акуалденуі; өзге категорияға ауысуы, бірнеше категорияның белгілерін жинақтауы.
Есімшенің септелуін, анықтауыштық қызметте жұмсалуын етістіктің лексика-семантикалық топтармен байланысты қарау керек. Онсыз есімшенің анықтауыштық, толықтаушытық қызметте жұмсалуын түсіндіру мүмкін емес: оқыған адам,оқығанына өкінді,оқығанына қуанды, оқығаны дұрыс, оқығаны жөн, оқығанына жаның ашиды, оқитын адам.
Есімше сөйлем ішінде екі түрлі семантикалық белгіні бойына жинақтайды. Әрекеттік және сапалық-анықтауыштық. Белгілі бір объектінің іс- әрекеті оның белгісі ретінде танылады. Бір сөздің бойында бірнеше категориялардың қабаттасып берілуін қалай түсіндіруге болады?Есімшенің екі түрлі сөз табының екі түрлі категорияның беліглерін бойына жинақтауының тарихи негіздемесі де бар. Есіше прототиптік белгісіне қарай шақтық, субьектілік етістік категориясына жатады
Есімше категория ретінде динамикадағы және процессуалды сипаттағы әрекеттерді бере алады. Сондықтан ол етістік категориясына жатады. Есімшенің анықтауыштық қызметте қолданылуы — адам танымы нәтижесі. Өйткені әрекеттік белгілер обьектілердің бойында болмайды. Оны танитын да, анықтайтын да, белгілейтін де адам, оның танымындағы объект туралы білім қоры. Әрекетті белгілейтін барлық етістіктер анықтауыш қызметінде жұмсалады.
Сонымен қатар есмішенің за есім сияқты септелуі оның анықтауыш қызметін атқаруымен байланысты: Ол барғанына қуанды. Ол барғанына риза емес.
Яғни таным процесі әрекеттердің арасындағы себеп -салдарлық байланысты орын алған әрекеттің екінші әрекетті туғызушы қызметін көрсету үшін септік жалғауын қолданған. Енді салыстырып көрелік: Менің сыйлығыма қатты қуанды/ Менің сөзіме ренжіді. Ренжі, қуан сезімдік естіктеріне оны ненің қалай туғызатыны маңызды емес, ол өзін туғызған обьектінің берілуіне тәуелді. Онсыз бұл етістіктердің коммуникацияда қолданылуын мүмкін емес. Онсыз ақпарат жеткілікті болмайды.Есімше әрекетті атайды, әрекет арқылы затты/объектіні сипаттайды.Есімше сөйлемдегі қызметіне функционалды семиотикалық тұрғыдан талдау жасау оның шақтык мағынасына обьектілік және анықтауыштық қызметтердің үстемелентінін көрсетіп отыр.
Сөйлесім мазмұнында бір қызмет түрінің актуалденуі екінші мағынаны көмескілейді.Ол сөйлеуші адамның сөйлеу барысында қандай білімді актуалденуіне байланысты. Бірақ бұл негізгі категориялық белгіні толық жоймайды. Есімшенің шақтық категориялық белгісі анықтауыштық мәнінде көмескіленеді, бірақ сақталады.
Тұйық етістіктің қызметін, танымдағы құрылымын модельдеу
Тұйық етістік немесе етістіктің инфинитив формасы етістік категориялары ішіндегі қызметі жағынан күрделі және маңызды түрі деп есептеуге болады. Бір жағынан тұйық етістік қимылды атап, оны субьект иесінен абстракциялайды да, зат есім сияқты түрленеді, екіншіден зат есім сияқты септеліп, көмекші етістіктермен тіркесу арқылы шынайы әрекеттің өзін атауға жақындайды. Олай дейтініміз тұйық етістік жақтық, шақтық категориялар бойынша түрленбейді. Тұйық етістік тілде жай құрылым түрінде де, күрделі құрылым түрінде де қолданылады. Оның көмекші етістіктермен тіркесіп қолдануы модальдік категориясын қалыптастырады. Мысалы, баруға болады, баруға тиіс, баруы керек, баруға тырысады, баруға ұмтылу, баруы мүмкін, баруына тура келу. Тұйық етістік сөйлемде түрленіп, аналитикалық құрылым түрінде баяндауыш қызметі атқарады. Сонымен қатар зат есім сияқты түрленуі арқылы сөйлемнің басқа мүшелерінің қызметін орындайды ( бастауыш: Менің ауылда жұмыс істеуім бес жылға созылды. Менің өз ісімді бастауыма әкем көмектесті (толықтауыш). Менің бұл кітапты оқуымда бір мақсат бар (толықтауыш). Менің оқуымды әрі қарай жалғастыруға итерді (толықтауыш). Менің шетелде білім алуыммен байланысты отбасында қаржылық қиындықтар туды.
1-кесте. Тұйық етістіктің сөйлемдегі қолданысы
Лексикалық-грамматикалық сипаты Сөйлемдегі қызметі
Ұғым атауы . Не? сұрағына жауап береді. Зат есім сияқты септеледі, тәуелденеді. сын есім, зат есімнен болған анықтуыш сөздермен тіркеседі.Сөйлемде толықтауыш қызметін атқарады.
Қимыл атауы. Не істеу?сұрағына жауап береді. Тәуелденеді, септеледі, модаль сөздермен байланысады. Үстеулермен тіркеседі. Сөйлемде аналитикалық құрылымдармен тұтастықта баяндауыш қызметін атқарады

Е.С. Кубрякова тұйық етістіктің әрекет түрлерін танығаннан кейін, етістік туралы түсінікті абстракциялау арқылы қалыптасатын категория екенін айтады [2]. Зерттеуші мақаласында «табиғи тілдің вербалды таңбаларды қолдана отырып, жаңа бірліктер қалыптастыратыны сияқты концептуалды жүйе концептілерінің негізінде жаңа концептілер дүниеге келіп, концептуалды жүйе жаңа фреймдермен дамитынын айтады. Ғалым абстрактілі мағыналы сөздер қатарының дүниеге келуі таным үдерісіндегі екінші деңгейде өтетін когницияның тілдегі көрінісі болып табылатынына назар аударады. Яғни тұйық етістік категориясының қалыптасуы адамның өзінде бар ақпараттарды қайта талқылауының, ой елегінен өткізу, интерпретациялауының, бағалауының нәтижесі болып табылады.Тұйық етістіктің қолдануында қандай когнитивті процестер орын алады? деген сұраққа жауап іздеп көрелік:
1. Менің мектепте жұмыс істеуіме тура келді. – әрекеттің өзін атау емес, оны екінші әрекет туғызған нәтиже ретінде көрсету.
2. Менің мектепке баруыма болады – процесті көрсету емес, екінші бір әрекетке байланысты нәтиже ретінде рұқсатты беру
3. Менің мектепке баруым мүмкін -әрекетті емес, нәтиже -мүмкіндікті білдіру
4. Менің мектепке баруым керек – әрекетті орындаудың нәтижесі — қажеттілігін көрсету.
5. Мектепке бару күнделікті жұмысым – әрекетті бағалау.
6. Мектепке бару оңай/баруға оңай – әрекетті бағалау
7. Ол кітап оқуды ұнатады (шешті,қолдады, құптады) –бір әрекеттің артықшылығын көрсету, әрекет обьектісін нақтылау).
8. Абай былай деп айтқан: «Оқуды үйрен де жирен». Оның бұлай айтуына не себеп болды? – әрекетті бағалау, олардың арасындағы себеп-салдарлық байланысты анықтау.
9. Менің атам ауылдан қалаға көшеді. Оны ауылдан көшуге не итерді? — әрекет арасындағы себеп-салдарлық байланыс.
Тұйық етістік адам танымындағы екінші деңгейлі таным әрекетері- әрекеттің өзін танудан кейін оны басқа әрекет қатарларымен салыстыру, ұқсастықтар мен ерекшеліктерін субьективті түрде немесе қоғамда қалыптасқан стереотиптер негізінде бағалау процесінде қолданылатыны көрінеді.Тұйық етістік категориясы салыстырудың, өзара тәуелді туындаушы байланысты анықтаудың нәтижесі түрінде қолданылады. Демек, тілді әрекеттерді бағалаудың, салыстырудың критерииілері құрылымдық сипатқа ие білім түрінде жинақталған. Бұл білім қоры фреймдік сипатқа ие бағалау концептісін құрайды. Бағалау логика семнатикалық категория. Ол сөйлеушінің пікірімен, әлемді қабылдауымн тығыз байланысты. Әрине, жеке қабылдаудың артында белгілі бір әлеуметтік топтың көзқарасы жатады. Бағалау адам танымында қалыптасқан нормаларға сай жақсы/жаман, әдемі/әдемі емес,дұрыс/дұрыс емес деп пайымдаудан туады. Бағалаудың аксиологиялық және рационалды түрлері бар.Тұйық етістік арқылы берілетін бағалау рационалды бағалау түрін құрайды.Өйткені тұйық етістіктің көмегімен сөйлеуші өзінің жеке байқаулары, қорытындылары негізінде пайымдау жасайды.
Тұйық етістіктің таным процесіндегі қызметі қимыл әрекетке қатысты сөйлеушінің беретін бағасымен, сөйлеуші ниеті, мақсатымен байланысты. Таным процесі көп әрекеттің ішінен бір әрекет түрін ерекшелейді. Оның субьектімен байланысын, нақтылауға көмектеседі. Бұл сөйлеушінің обьективті шындықта бар реалийлерді атау ғана емес, оның субьективті сипатын, сөйлеуші тарапынан жасалатын бағалау компонентімен байланысты әрекетті абстракциялау арқылы береді.Тұйық етістік адамның таным процесімен, пайымдау процесімен байланысты. Адам танымы өзіне келіп түскен ақпараттарды саралайды, талдайды, оны өзінде бар жеке не жалпы әлеуметтік топтың құндылықтары тұрғысынан бағалайды. Сөйтіп қорытынды-пайымдау жасайды. Астананы көру менің атамның арманы еді.
Сені көру бақытыны ие болдым. Жаңа орындарды көруді ұнатамын.
Бұл тұйық етістік тіркесетін модаль сөздер мен көмекші сөздердің сипатынан да көрінеді. Арман, бақыт, жақсы/жаман бағалаушы лексикалық бірліктер адамның ойлау процесінің нәтижесін көрсетеді. Бұл сөйлеушіде бар ақпараттарды салыстыру, ұқсату, артықшылықтарын бағалау ойлау процестерінің негізінде жасалады.Тұйық етістіктің бағалаушы қызметін контекстегі қолданысына жасалған семантикалық талдау да нақтылайды:
2-кесте. Тұйық етістіктің септелуі
1.Ілік септік:етістік+удың жөні бар, реті келді, қиыны, аясы,мақсаты
Табыс септік: етістік +уды/- уді

өтіну,сұрау,шешу,үйрену ұмыту, жалғастыру,тоқтату
Созу,ұнату,жек көру/жақсы көру,бастау,аяқтау,ойлау
Барыс септік:етістік++уға/+уге тырысу,ұмтылу,болады,оңай
Жатыс септік: етістік+уда/уде жатыр
Шығыс септік:етістік+удан /уден Шаршау,бас тарту,пайда бар/пайда жоқ
Көмектес септік:етістік+умен Айналысу,жүру,бастау, шектеу

3-кесте.Тұйық етістіктің тәуелденуі

Етістік:+уым/уім(+уың/уің,+уыңыз/уіңіз,+уы/уі Керек/ тиіс

Тұйық етістіктің тіркесімділік қабілетіне жасалған талдау оның бағалаушы лексикасемантикалық етістік топтарымен, семантикалық құрылымында бағалаушы семалық компоненті бар модаль сөздермен, есім сөздермен тіркесетінін көрсетті. Тұйық етістік адам танымында абстракцияланаған әрекеттің бейнесі болып табылады. Тұйық етістік концептісі қарым-қатынаста басқа концептілермен байланыста көрінеді.
Тұйық етістік концептісінің фреймдік құрылымын мына тұрғыда көрсетуге болады деп ойлаймыз:

4-кесте. Бағалау көрсеткіштері
Әрекеттің өту сипатын
бағалау жылдам Баяу қайталамалы
Салыстыру ерекшелігін
бағалау Жақсы жаман
Әрекеттік өті фазасын бағалау басталу жалғасу аяқталу
Әрекеттің дұрыс/дұрыс
еместігін бағалау себеп Салдар

Әрекетті құндылықтар
тұрғысынан бағалау керек Тиіс мүмкін Бар/ жоқ

Сондықтан тұйық етістіктің семантикасын когнитивті тұрғыда зерделеу оның адам танымындағы екінші деңгейлік процестерінің нәтижесі деген тұжырым жасауға мүмкіндік береді. Тұйық етістіктің қарым-қатынас үстіндегі қолданысын сөздердің лексика-семантикалық тіркесімділігі тарапынан талдау бұл ойдың дұрыстығын дәлеледейді. Талдау оның нақты әрекетті білдіретін етістіктермен емес, адамның психологиялық қалпы мен сезімдерін жеткізетін, ойлау етістіктерімен тіркесетінін көрсетеді.
Әдебиет:
1. Вильгельм фон Гумбольдт. Избранные труды по языкознанию. М.: Прогресс, 2000. 400 с.
2. Кубрякова Е.С. Части речи с когнитивной точки зрения. — Тамбов, 1997. — 328 с.
3. Болдырев Н.Н. Когнитивный подход к изучению глагола и глагольных категории// Традиционные проблемы языкознания в свете новых парадигм знания. — М., 2000. — С. 50-63.
4. Жаботинская Концептуальная модель частеречных систем: фрейм и скрипт //Когнитивные аспекты языковой категоризации.– Рязань, 2000. – С. 15- 21.
5. Филлмор Ч. Фреймы и семантика понимания // Новое в зарубежной лингвистике. — Вып. 23.- 1988. — 320 с.
6. Лакофф Д., Джонсон М. Метафоры, которыми мы живем. Когнитивные аспекты языка. // Новое в зарубежной лингвистике. — Вып. XXIII. – Москва, 1988.- 320 с.
7. Демьянков В. З., Кубрякова Е. С. Когнитивная модель // Краткий словарь когнитивных
терминов / Кубрякова Е.С., Демьянков В.З., Панкрац Ю.Г., Лузина Л.Г. – М., 1996. — С.56-57.

В статье рассматривается когнитивный аспект инфинитива и причастия. Пересмотр процесса формирования и функционирования инфинитива и причастия, как результат познавательной деятельности человека, дает возможность анализировать семантика- прагматические условия и классифицировать когнитивные модели данных категории. Результаты исследования помогут определить лингводидактические принципы обучения инфинитива и причастия в преподваний казахского языка.

The article deals with the cognitive aspect of thegrammatical category of the verb,, which remains uncertain in practical grammar of the Kazakh language. The revision process of the formation and functioning of the infinitive and adjective, as a result of human cognitive activity, makes it possible to analyze semantic- pragmatic conditions and classify cognitive models of the infinitive. Results of the study will help determine linguistic-didactic teaching principles of the infinitive in teaching Kazakh as a second language.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *