ФИЛОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ГЕРМЕНЕВТИКАДАҒЫ
СИНТАКСИСТІК СИНТАГМАНЫҢ МАҢЫЗЫ

Г.А. Еркегалиева
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті
Алматы, Қазақстан gulnafis_yerkegaliyeva@mail.ru

ФИЛОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ГЕРМЕНЕВТИКАДАҒЫ
СИНТАКСИСТІК СИНТАГМАНЫҢ МАҢЫЗЫ

Мақалада филологиялық және педагогикалық герменевтикадағы синтаксистік синтагманың маңызы қарастырылады, яғни, синтаксистік синтагма арқылы мәтінді талдап түсіну, оны интерпретациялау барысында ұлттық дәстүрді, жақсы мен жаманды, қазақтың таным-түсінігі туралы білімді, сонымен қатар, таза лингвистикалық білімді жинақтауға мүмкіндік жасалады. Осылайша пәннің ерекшелігі мен сабақтың мақсат-міндетіне байланысты синтаксистік синтагмаларды ғылыми-методикалық база етіп, қажетті білімді игертуге болады.

Тірек сөздер: мәтін, синтаксистік синтагма, филологиялық герменевтика, педагогикалық герменевтика, интерпретация

Филологиялық герменевтика – мәтінді зерттеп түсінуге арналған ғылыми пән,мәтін мен адамдардың әркеттесуі арқылы жүзеге асатын сала. Мәтінді жеке адам да зерттеп түсінуі мүмкін, ұжымдасып зерттеп түсінуге де болады. Филологиялық герменевтикада мәтінді зерттеп түсіну білім жинақтау үшін қажет деп түсіндіріледі[1]. Дәлірек айтқанда, филологиялық герменевтика мәтіннің өзін емес (тілі, құрылымы, сюжеті, жанры т.б.) ондағы әлем жайлы білім беретін ақпараттық қорды түсінуді, түйсінуді басшылыққа алады. Дәл осы жерде филологиялық герменевтика мен педагогикалық герменевтика үйлесім табады. Филологиялық герменевтикада адам-қоғам-табиғаткеңістік-уақыт т.б. білімдер жүйесі сараланса, педагогикалық герменевтика сол білімдердің құндылықтарын ұтымды түсіндіру, дұрыс түсіну функциясын басшылыққа алады. Мәтіндегі ақпаратты логикалық тұрғыдан дұрыс пайымдап, адамзат өміріне қажетті де құнды білімді жинақтап, оны ұрпақтың санасына сіңіру — педагогикалық герменевтиканың міндеті.
Филологиялық герменевтика мәтіндегі сөз мағыналарына және автордың ойы, ниеті, көзқарасына сүйене отырып, мәтіннің мәнін, мағынасын талдап, соның нәтижесінде алынған білімдер жиынтығын қарастырады. Мәселен, қазақ халқының мәдениеті туралы білім беру жоспарланса, оған халықтың мәдениетінен хабар беретін мәтіндер арқау болады. Қазақтың материалдық мәдениеті туралы білімді игеру керек болса, «Қыз Жібек» жырынан алынған мәтін үзіндісін алуға болады:
Сексен түйе қомға алған, Сексені де болмаған. Сексен түйе үстінде
Алтында жағдан орнаған. Асфаһани кілемдер –
Жібектен гүлін торлаған…
Асылдай болып есіліп,
Нұрдай болып шешіліп,
Ақ маңдайы жарқылдап,
Танадай көзі жалтырап,
Алтынды кебіс сартылдап, Көшті тартып барады, Жібекті тапқан шешесі. Берсе тәңірі жігітке – Ертесі мен кеші не?
Ертеңгі күн бесінде,
Зорға жеткен секілді, Қыз Жібектің көшіне.
Көш сәулетін қараса,
Асфаһанның жұпары,
Стамболдың гауһары,
Тамаша қылған адамның, Тояды көздің баһары. Есебі жоқ дүниені – Есептейік несіне?.. Базарбайдың Төлеген,
Енді біліп түйінді,
Асыл киім киінді,
Бағымды алла ашқын деп, Пірлеріне сиынды. Атқа салды сәндікке, Төгілдіріп кілемді.
Алмас қылыш сартылдап,
Алтын жүген жарқылдап, Көк жорға тұлпар кәрленді, Екі көзі жалтылдап.
Өмілірік сом алтын,
Омырауда алқылдап…
Өзі он төрт жасында-ай.
Кебісінің өкшесі
Бұхардың гауһар тасындай. Ақ маңдайы жалтылдап,
Танадай көзі жарқылдап, Алтын шашбау шашында.
Дүрі – гауһар сырғасын – Көтере алмай тұр құлағы.
Асып туған Төлеген
Жағалбайлы халқынан Жабддықтап атын мінеді, Гауһар, лағыл, алтыннан.
Осы мәтіндегі алтын жағдан, асфаһани кілем, жібек гүл, алтынды кебіс, Стамболдың гауһары, есебі жоқ дүние, асыл киім, алмас, қылыш, алтын жүген, сом алтын, Бұхардың гауһар тасы, алтын шашбау, гауһар сырға, гауһар жабдық, лағыл жабдық, алтын жабдық синтагмаларына талдау жасау арқылы қазақ халқының сонау ХІҮ-ХҮ ғасырлардағы материалдық мәдениеті қандай болғанына көз жеткізуге болады. Сонымен қатар, сөз әдебі, қарым-қатынас әдебі, таным-түсінігі, әлеуметтік жай-күйі, астрономиялық білімі, тарихы, салт-дәстүрі, т.б. сияқты өмір философиясымен тығыз байланысты білімдер жүйесін филологиялық герменевтика арқылы игеруге болады. Мақалмәтел, жұмбақ, өлең, жыр, әңгіме, повесть, роман т.б. мәтіндердегі сөз сырына үңіліп, білім жинақтау оңай шаруа емес. Сондықтан оны бір адамның емес, болашақ ұрпақтың еншісінде қалдыру үшін білім саласына енгізіп, мәтінді түсіну, талдау арқылы білім игерудің жолдарын саралауды әлемдік білім жүйесі алдына қойып отыр. Филологиялық герменевтика бойынша білім жинақтау логикалық пайымдау арқылы жүзеге асады. Интелектуалды ойлау қабілетіне ие кез келген адам мәтінді оқып түсіну барысында логикалық пайымдау арқылы өзіне қажетті білімді жинақтай алады. Ал оны білім саласына енгізу арнайы дидактикалық әдіс-тәсілдерді қажет етеді. Өйткені филологиялық герменевтиканың, оның ішінде, қазақ филологиясындағы герменевтиканың философиясы өте тереңде. Қазақтың филологиялық мәтіндері Әлем мен Адам деп аталатын екі дүниенің сырын ашуға негізделеді. Аспан денелерінің қозғалысынан бастап, аспан мен жердің арасындағы байланыстар, ауарайы құбылыстары, адам бойындағы небір тылсым күштер, табиғаттың тылсым сырлары туралы ақпараттар береді. Қазақ халқының әлеуметтік тыныс-тіршілігі, мәдениеті, рухани жан-дүниесі, табиғатқа деген көзқарасы, қоғамдық қарым-қатынасы, саясаты, ар-ұяты, күш-жігері, мүддесі, сөйлеген сөзі, көңілі, пейілі, этикасы т.б. -бәрі де қазақтың көне аңыздары мен жыр-дастандарынан, ертегілерінен бастау алып, бүгінгі күні ақын-жазушыларымыздың шығармаларында өз жалғасын табуда. Ондағы білімдерді жүйелеу, оларды білім саласына белгілі бір тәртіппен енгізу, қолданылатын дидактикалық әдіс-тәсілдерді саралау, жалпы айтқанда, білім саласына икемдеу бүгінгі күнгі өзекті мәселелер қатарына жатады. Мұнда теориялық және практикалық ғылымитанымдық іс-әрекетті ұйымдастыру мен құрастыру мақсат етіледі. Мәтіндегі білімдер жүйесін және оның мазмұндық негізін зерделеп (интерпретациялап), оны шынайы және практикалық түрде ұтымды түсіндірудің, жеткізудің тәсілдерін қарастырады. Бұл, әрине, педагогикалық герменевтикада қарастырылатын мәселе. Педагогикалық герменевтиканың негізін салушылардың бірі ресейлік ғалым А.Ф.Закированың түсіндіруі бойынша әртүрлі жазба мәтіндері арқылы педагогикалық шынайлықтың сәулесі көрініс табатын (адамды өзін-өзі шығармашылық дамуға жетелейтін суъект ретінде, мақсаттар, механизмдер, принциптер, мазмұндар, тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеу әдістері мен формалары) әлеуметтік-мәдени дәстүрлер мен адамзаттың эмоционалды-рухани тәжірибесін рефлексивті түрде түсіне алатын және субъектінің жеке рухани тәжірибесін түсінуімен қоса, толық ұғыну мен терең түсінікті қамтитын сала «педагогикалық герменевтика» деп аталады[2]. Бұл жерде педагог маманның көтерер жүгі ауыр. Филология немесе басқа да гумманитарлық салада болсын, кәсіби маман әуелі, білім беру жүйесінің талаптарына сай көкейкесті мәселелерге арналған білім мазмұнын анықтап, оны ғылыми-педагогикалық зерттеулердің жоспарланған немесе алынған белгілер тізіміне қосуы керек (Ғылыми білімді фиксациялау). Білім мазмұнының теориялық маңыздылығы, бұл мәселенің басқа да ғылым саласында, аялық білімде зерделену дәрежесі ескеріліп ғылыми білім, яғни зерделенетін шынайы болмысқа тән заңдылықтар мен мәнді байланыстар туралы түсінік беретін білім болуы керек. Дәлірек айтқанда, ғылыми білім субъектінің интерпретациялау мүмкіндігіне негізделуі керек. Ұсынылып, белгіленген білім тарихи және педагогикалық тәжірибелер интеграциясы негізінде түсіндірілуі керек. Педагог, ақпараттық жүйе, ақпараттық портал, электронды ресурстар көмегімен кез келген ғылыми білім игерілуі керек.
Филологиялық герменевтика мен педагогикалық герменевтиканың үйлесімділігі қазіргі замандағы өзекті мәселе болып отырған гумманистік мәселелерді шешуге мүмкіндік береді. Бүгінгі постиндустриалды қоғам капиталистік экономикаға бет бұрып, оның рационалдық ұстанымдарымен өмір сүруге машықтанып, гумманистік бағыттағы мәдениетті әлсіретуде. Гумманистік мәдениеттің әлсіреуі адамзат үшін өте қауіпті екені түсінікті. Сондықтан да әлеуметтанушы ғалымдар өндіріс пен ғылыми-техниканың дамуы, компьютерлік революция адамдардың жан-дүниесінің, қоғам идеологиясының өзгеруіне ықпал етіп отырғанын, бұл болашақта адамдарды өмірдің мәні мен мағынасын іздеуден, өмірде өз орнын табуға ұмтылудан, шығармашылыққа талпыныс жасаудан айыруы мүмкін екенін, жалпы адам мен қоғамның өмір сүру тәсіліне кедергі болатынын айтып дабыл қағуда. Гумманистік бағыттағы мәдениет игілікті істерді бір ұрпақтың келесі ұрпаққа таратуын, тұтынуын көрсететін өмір сүрудің қажетті тәсілдері болып табылады. Кез келген ұлттық мәдениеттің негізі мен ділін, ондағы адамгершілік қасиеттер мен дүниетанымды ұғыну арқылы адам баласы гумманистік мәдениетті игереді. Филологиялық герменевтика мен педагогикалық герменевтиканы сабақтастыра отырып, білім жүйесіне енгізу осы қажеттіліктерді өтеуге қызмет атқарады деп санаймыз. Себебі филологиялық герменевтика гуманитарлық ғылымдар саласындағы пәнаралық байланысқа ие. Мәдени мәтін, тарихи мәтін, саяси мәтін, ғылыми мәтін — бәрі де филологиялық герменевтиканың құрамдас бөлігі. Сондықтан филологиялық герменевтика мен педагогикалық герменевтиканы байланыстыра отырып, мәдениет, саясат, тарих, ғылым туралы білім беруге болады. Осы кезекте синтаксистік синтагманың алатын орны қандай деген заңды сауал туындайды. Синтаксистік синтагма — білім беру барысында талқыланатын проблеманы ұтымды түсіндіруге, мәтін арқылы ойлау, сөйлеу (речь), түсінуге негіз болатын мәтін ішіндегі элемент; бұл мәтін арқылы берілетін ғылыми білімнің тірегі болатын лингвистикалық айналым. «Текст, как правило, многоаспектен и может быть истолкован философски, исторически, богословски или эстетически, но так как текст не существует вне языка, то во всякое истолкование и вплетается, так сказать, лингвистическая составляющая. Целью лингвистической герменевтики является вычленение этой составляющей и ее самостоятельное рассмотрение, иными словами, лингвистической герменевтику делает не ее особый аспект изучения интерпретируемого текста, а именно языковой»,- деген А. М.Камчатновтың[3,3] тұжырымын басшылыққа ала отырып, синтаксистік синтагма мәтінмен бірге өрілген тіл құралы, мәтінді тіл арқылы зерделеудің таңбалықсимволы деп санаймыз.
Себебі мәтін арқылы білім жинақтауда ең бірінші, мәтіннің мағынасын ашатын синтаксистік синтагма (мәтіннің мағынасын ашуға қызмет атқаратын сөздер мен сөз тіркестері) назарға түседі. Олар белгілі бір мағынаны білдіретіндіктен ойға тірек болу қасиетіне ие. Сондықтан білім беру жүйесінде ой қозғауға, қызығушылықты оятуға, білімді құрастыруға, түсінікті дамытуға арқау болатын методологиялық негіз деп танимыз.
«Все носители языка… говорят только текстами, а не словами и не предложениями»,-деген [4,427] Х.Г.Гадамердің тұжырымына сүйене отырып, білім беру поцесінде білімалушылар мәтіннен нені түсінгенін, қандай білім алғанын мәтін арқылы жеткізеді деп есептейміз. Білімалушылардың нені білгенін, түсінгенін айту, жазу үшін яғни өз ойымен мәтін құрастыруына да синтаксистік синтагма тірек бола алады. Себебі синтаксистік синтагма лингвистикалық герменевтиканың нысанына жатады. Х.Г.Гадамердің тұжырымдарын басшылыққа ала отырып, Л.Г.Бузук: «Лингвистическая герменевтика также рассматривает взаимодействие языка и речи с точки зрения смысла, но ее предметной областью исследования выступает уже разработка и практическое внедрение преимущественно речевых технологий, способных передать более или менее точный смысл конкретного авторского текстового общения»,- деген қорытынды жасайды [5,89] Бұдан байқағанымыз, лингвистикалық герменевтика тіл мен сөйелеуді (речь) мағына тұрғысынан байланыстырады. Дәл осы қызметті коммуникативті грамматикада синтаксистік синтагма атқарады. Философ ғалым Л.Г.Бузуктың «Герменевтика больше связана с исследованием проблемы смысла средствами языка, лингвистическая герменевтика – средствами речи» деген тұжырымы да [6,60] синтаксистік синтагма заңдылықтарымен сәйкестенеді.
Синтаксистік синтагма автордың санасын, оқырманның немесе білімалушының түсінігін жете түсінуге, түсіндіруге арқау болатын болса, лингвистикалық герменевтиканың да қарастыратын мәселесі осы. Оны Н.Б.Головиннің «Первой такой зависимостью лингвистической герменевтики является, во-первых, отношение («социальная действительность» – «сознание автора»), когда осознаются необходимые знания об объекте текстового общения» деген пікірінен көруге болады
[7,30-32].
Синтаксистік синтагма – мәтін арқылы қарым-қатынас жасау методикасының теориялық мазмұнын құрайтын грамматикалық категория.
Синтаксистік синтагманы методиканың мазмұнын құрайтын дәлелдеме (аргументация) ретінде қарастыруға мынадай белгілер арқау болады:
1. Синтаксистік синагма мәтін арқылы берілетін білімнің мазмұнын, тақырыбын саралауға, көз жеткізуге дәлел болады;
2. Білімалушылардың (аудиторияның) сана-сезіміне, таным-түсінігіне әсер етіп, ителлектуалдысөйлеу әрекетіне ықпал етеді;
3. Білімалушылардың рационалды-логикалық идеялары мен бағалауларын аудиторияға жеткізуге себеп болады;
4. Аудиториядағы ақылға қонымды ой-пікірлерге арқау болады. Бұл аудиторияның назарын аударуға ықпал етеді;
5. Сөйлеу актісінде логикалық ұстанымдарды бақылаудың тірегі бола алады;
6. Герменевтикалық білім беруді бағдарлауға, аудиторияның сабырлы да шешен сөйлеу әрекетіне ықпал етеді.
Синтаксистік синтагманы мәтінді түсіну мен интерпретациялау арқылы білім берудің логикалық аргументі деп тануға болады.
Өйткені өмірдегі барлық заттар мен құбылыстардың арасындағы қатынастар мен байланыстардың мәні мен мағынасын білдіретін ғылыми аксиома болып табылады. Білім беруде көтерілген мәселе сендірерлік дәлелдер арқылы талқыланатын болса, білімалушылар мәселені жақсы шешуге қол жеткізеді. Синтаксистік синтагма ғылыми аксиома болғандықтан, білім беру ісіндегі сендірерлік дәлелдер қатарына жатады. Сонымен қатар, герменевтикалық айналым процесінің жүзеге асуына да қызмет атқара алады. Оған «Герменевтический круг – метод «движения по кругу», когда целое понимается через его части, а часть понимается из целого. Событие (фрагмент текста) соотносится с конкретно-исторической эпохой, содержание которой детализируется через частное событие. Таким образом, лингвистическая герменевтика – новая, формирующаяся научная дисциплина, которая обладает предметной самобытностью в исследовании смысла текстового общения конкретной речевой деятельности» деген тұжырым дәлел [8,62].
Интерпретация мәтін мамұнынының астарында жатқан көптеген жасырын мағыналарды, анық және анық емес мәнді түсіндіру әдісі екені белгілі. Осы тұрғыдан келгенде де, синтаксистік синтагманың қосар үлесі зор. Синтагма құрамындағы әрбір сөздің, әрбір жалғаудың, әрбір жұрнақтың мағына білдірудегі қызметі арқылы мәтіннің астарында жатқан мән-мағынаны ашуға болады. Мысалы, Жүсіпбек Аймауытовтың «Қартқожа» романынан алынған төмендегі мәтін үзіндісін синтаксистік синтагмалардың қызметі арқылы түсіндіріп көруге болады.
Үлкен ауыл жақтан үлкен екі атты кісі келе жатыр екен. Біреуінің сымпиған қара киімі бар, басындағысы — ноғай бөрік….Қасындағысы — үлкен ауылдағы Сәдуәлі. Құдықтың қасынан бүлкектетіп өте шығып барды да, Шідербайдікіне түсе қалды. «Бұл не қылған адам екен, білейінші» деп, сиырын суарып бола сала Қартқожа да келді… Уфада оқып қайтқан қазақ шәкірті екен, ылаулап үйіне кетіп бара жатқан… «Бұл кісі көп бөгелмейтін шығар, лауды қамдата отырғаныңыз дұрыс болар»-деді. Шідербай: «Е, қамдалады ғой»,-деді. Сәдуәлінің еріп келгенінен-ақ лау мінерін сезіп, шәкіртпен әңгімелескенде де, лау мәселесі бүйрегінің бір жағында отыр еді. Керек жылқы торы байтал еді, онымен түйе қарап кетті. Көк биені берсе, //орыс сияқты қоқақтаған шіркін// қатты жүріп, қинап тастайды-ау! Жоқ, әлде көкжалдың өзін бере ме? Оны суытып жеберіп еді, қара аттың арқасының шиі бар, шығып кете ме? Кім біледі? Бұған лайық қандай жеңіл қол жылқы болар екен?
Міне, Шідербайдың манадан ойлап отырғаны осы еді. Бір жақсы ой сап ете түсті. «Кідірмей-ақ, Қартқожа, сен құнаныңа мініп, бұ кісіге ер-дағы, Балдакең ауылына дұрыстап апарып сал»- деді. (Қалай дұрыстайтынын құдай біледі) Қартқажа ойланбай-ақ: «Жарайды ғой», — деді… Бір аяқ қымызды ішті де, Қартқажа жүген алып, қотанда үйездеп тұрған көк құнанын ұстап, үй қасына алып келді. Желқом ерді// шандырлап тұрып, мықтап ерттеді. Сөйтті де, үйге кіріп әжесіне лау апаратынын айтып, қамшы алып, белін буынып тысқа шықты… Түйешінің торы шолағына мініп, қоқайып шәкірт те шықты. Шідербайдың ойлап тапқан, «жеңіл қол» жылқысы түйешінің жалғыз торы шолағы болып шығыпты, Қартқожа торы шолақты көргенде: «Әй, // құдайдан қорықпайтын доңыз//-ай//»,- деді.
Одан басқа қолынан келері жоқ қой.(Ж.Аймауытов. «Қартқожа»)
Кез келген синтагма ақпарат береді, белгілі бір мағынаны ашуға қызмет атқарады. Бұл жерден тек, «лау» синтагмасын, «орыс сияқты қоқақтаған шіркін» синтагмасын, «желқом ерді ерттеді» синтагмасын, «Әй» синтагмасын, «құдайдан қорықпайтын доңыз» синтагмасын, «ай» синтагмасын басшылыққа алып, мәтінді интерпретациялау әдісін қолданамыз.
Тапсырма-сұрақ:
1. Мәтінде оқып шығып, «лау» синтагмасы арқылы қандай ақпарат алдыңыздар. «Лау» синтагмасы қазақтың салты, мәдениеті туралы ақпарат бере ала ма? «Лау» деген не екен? Тұжырым жасаңыздар.
2. «Орыс сияқты қоқақтаған шіркін» синтагмасының астарында қандай ақпарат жатыр? Эмоцияның қандай түрін байқадыңыздар? Кейіпкерлердің образын ашуға қызмет атқара ала ма? Ойпірлеріңізбен бөлісіңіздер.
3. «Желқом ерді ерттеді» синтагмасында басқа емес, дәл желқом ерді ерттеудің себебі неде деп ойлайсыңдар? Тағы қандай ақпаратты білдіреді?
4. «Әй» синтагмасы қандай ақпарат беріп тұр?
5. «Құдайдан қорықпайтын доңыз» синтагмасының астарында қандай ақпарат жатыр?
6. «ай» синтагмасы қандай ақпаратты береді?
Аталған тапсырма сұрақтардың барлығы да білімалушыларды ойландырады. Олар бірден жауап бере алмайды, өйткені дайын тұрған жауап жоқ. Тек мәтінді оқып, ойланып барып қана өздерінің сана-сезімі, интуициясы, интеллектісі арқылы жауап беруіне тура келеді.
Білімалушылар «лау» синтагмасы алыс жерден келе жатқан оқымысты қазақ баласын өз ауылынан екінші ауылға жеткізетін күш-көлік туралы ақпарат беріп тұрғанын түсінеді. Бұл қазақтың дәстүрлі мәдениеті, салт-дәстүрі екенін ұғынады.
«Орыс сияқты қоқақтаған шіркін» синтагмасының астарында қазақ баласының орыстануы, орыстарға деген көзқарас, яғни оларды отаршыл, дөрекі деп санайтыны туралы ақпарат жатыр. Сондықтан шәкірт баланы да жақтырмағаны жайында хабар беріліп тұр. Жақтырмау ақпаратын синтагма құрамындағы «шіркін» сөзінің, орыстануға қатысты ақпаратты «орыс сияқты» түйдекті тіркесінің, орыстарға қатысты көзқарасты «қоқақтаған» сөзінің астарындағы семантикалық үйлесім білдіреді.
«Желқом ерді ерттеді» синтагмасының ақпараттық мәні желқом ерді ұзақ жолға шыққанда ерттейтіні туралы ақпарат, себебі тоқым жабдығы қоса тігілген ер ұзақ жолға ыңғайлы болатыны түсіндіріледі. Ерттеу іс-әрекеті дағдылы әрекет екені туралы ақпаратты береді. Оны синтагма құрамындағы -е, көсемше жұрнағының семантикасы, ерттеу әрекетін орындаған сөйлеуші емес, тыңдаушы емес 3-жақтағы бөгде адам (кейіпкер) екені туралы ақпарат береді. Оны -ді, ІІІ жақ жіктік жалғаудың семаникасы білдіреді.
«Әй» синтагмасы Шідербайдың сараңдығына риза еместікті білдіреді. Бұл ақпарат одағайдың семантикасынан туындайды.
«Құдайдан қорықпайтын доңыз» синтагмасы имансыздық, ұятсыздық, тұрпайылық туралы ақпарат береді. «Ай» синтагмасы амалсыздықтан туындаған көңіл-күй туралы ақпаратты білдіреді. Оған шылаудың семантикасы арқау болады.
Жоғарыдағы синтаксистік синтагма арқылы мәтінді талдап түсіну, оны интерпретациялау барысында ұлттық дәстүрді, жақсы мен жаманды, қазақтың таным-түсінігі туралы білімді, сонымен қатар, таза лингвистикалық білімді жинақтауға мүмкіндік жасалды. Осылайша пәннің ерекшелігі мен сабақтың мақсат-міндетіне байланысты синтаксистік синтагмаларды ғылыми-методикалық база етіп, қажетті білімді игертуге болады.

Әдебиеттер тізімі
1 Богин Г.И. Филологическая герменевтика. Учебное пособие. Калинин.-1982.
2 Закирова А.Ф. Теоретические основы педагогической герменевтики. Монография. Тюмень: Изд — во ТюмГУ, 2001. 152 с.
3 Камчатнов А. М. Теоретические основы лингвистической герменевтики и опыт ее приложения к изучению языка славяно-русских переводов Библии: автореф. Дисс. д. филол. н. М.- МПГУ, 1996. 23 с.
4 Гадамер Х.Г. Истина и метод: основы философской герменевтики. М. — Прогресс, 1988. 704 с.
5 Бузук Л. Г.Герменевтико-лингвистическая модель текстового общения // Вестник Тверского государственного университета. Серия «Философия». 2015. № 4. 88-94 с.
6 Бузук Л. Г.Лингвистическая герменевтика: в поисках методологических оснований//
Филологические науки. Вопросы теории и практики Тамбов: Грамота, 2016. № 8(62): в 2-х ч. Ч. 2. 5962 с.
7 Головин Б. Н. Основы культуры речи. М.- Высшая школа, 1989. 320 с
8 Бузук Л. Г.Лингвистическая герменевтика: в поисках методологических оснований//
Филологические науки. Вопросы теории и практики Тамбов: Грамота, 2016. № 8(62): в 2-х ч. Ч. 2. 5962 с.

Работа посвящена исследованию важности синтаксической синтагмы в филологической и педагогической герменевтике, с помощью которого осуществляется понимание, усмотрение и освоение идеального, представленного материала в текстовых формах.

The article describes how to interpret and interpret texts through syntax synthesis. The necessity of linking linguistic knowledge with national traditions, kazakh cognition and understanding. Depending on the specificity of the course, the purpose of the lesson is the use of syntax syntheses as a scientific and methodological base.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *