АСТАНА — мемлекеттің саяси, әкімшілік, экономикалық, мәдени орталығы; елдікті, ұлттық бірлікті білдіретін бас қаласы. Астана ұғымы ұлыстар, тайпалар одағы, мемлекеттік бірлестіктер пайда болған кезеңде, перғауын, қаған, халифа, шаһ, әмір, король, патша, хан, сұлтан, т.б. елбасылар лауазымдарымен қатар өмірге келді. Түркі халықтары, оның ішінде қазақтар ел билеушілер тұрағын орда деп атаған. Астана орнын осы хан ордасы атқарды. Көшпелі тайпалардан құрылған мемлекеттерде хан ордасы да бір орында көп тұрақтамай, көшіп-қонып жүрді. Мысалы, Ақтабан шұбырындыдан кейін Түркістан қаласынан шегінген Әбілқайыр хан өз ордасын Ырғыз, Тамды, Сырдария өзендері бойына ауыстырып отырған. Абылай ханның астанасы Түркістан шаһары болғанымен, ұзаққа созылған жорықтарында ордасын қалмақтардан азат етілген жерлерге тігіп (Көкшетау, т.б.) біраз уақыт бойы елін сол жерден басқарып отырған. Әбілпейіз Сарыарқада, Уәли хан Көкшетаудағы Сырымбетке, Бөкей мен Жәңгір Жайық пен Еділ аралығындағы Ордаға, қазақтың соңғы ханы Кенесары Ұлытауға ордасын тіккен. Халық түсінігінде Ұлытау, Хантау, Ордабасы, Түркібасы, Күлтөбе, Мәртөбе сияқты хан ордасы қонған, ту тігілген, Үш жүз басын қосқан, құрылтай жиналған, мемлекеттің, ұлт тағдырының ең түйінді мәселелері шешілген жерлер аса қастерленіп, қасиеті астана ұғымына жақындастырылған. Алғашқы кезде астананың басты қызметі елді әкімшілік жағынан басқару болды. Кейін астаналық қалалар пайда болған соң олар сауда, қолөнер, мәдениет орталықтарына да айналды. Хан ордасы орналасқан, қазына сақталған, қамал салынған елді мекен ірі шаһарға айналып, оған керуен жолдары тартылды.
Қазақстан А-ларының тарихы өте бай. Үш мемл-тің: Батыс Түрік, Түргеш және Қарлұқ кағандықтарының А-сы Суяб қ-ның іргесі 5 ғ-да қаланды. Орталық Азиядағы аса ірі қалалардың бірі — Баласағүн (Ақтөбе) Батыс Түрік қағандығының, Қарахан және Қарақидан мемл-нің бас қаласы болды. Ең көне А-лардың бірі — Тараздың атағы 6 — 7 ғ-лардың өзінде Қытайдан Византияға дейін тарады. Тараз грек ғұламасы Птолемейдің картасына түсірілген. 10 ғ- дан бастап Тараз Қарахан әулеті өкілдерінің А-сы, көп уақыт бойы экон. орталық, Ұлы жібек жолындағы жетекші сауда орны болды. Жазба деректерде “Бірінші қала” атанған даңқты Испиджаб (Сайрам) 1 ғ-дан белгілі. Күлтегін, Білге қаған тас ескерткішінде Тарбанд деген атпен жазылған Отырарды (Фараб) араб ғалы-мы әл-Макдиси (10 ғ.) өте көне А. деп атайды. 9 — 11 ғ-ларда Сыр өңіріндегі Жанкент (Янгикент) Оғыздар мемл-нің, ал Ертіс бойындағы Имакия қ. Қимақ мемл-нің өркендеген А-сы болды. Дешті Қыпшақтың А-лары Орда Базар мен Жент, Ақ Орданың бас қалалары Сауран мен Сығанақ (Сунақата) әлденеше қиратылып, қайта жанданды. Әбу-л- Хайр Фазлаллаһ ибн Рузбехан жазбаларында (16 ғ.) Сығанақ саудасы өркендеген, бау-бақшасы жайқалған, қазақтың бай қаласы ретінде аталған. Қазақ хандары Тұрсынның, Жолбарыстың, Рүстемнің, Абдолланың, Әбілғазының А-лары Ташкент қ. болды. Қазақ хандығының А-сы Түркістан қ-ның тарихи орны ерекше. Түркістан Тәуке, Қайып, Әбілқайыр, Семеке (Тәукеұлы), Әбілмәмбет, Сейіт, Есім, Болат, Абылай, Тоғай хан тұсында қазақтардың айбынды А-сы болды. Шаһар жалпытүркілік мәнге ие болды. Қожа Ахмет Иасауидің есімі мен кесенесі оны Орталық Азияның рухани А-сы — 2 Мекке мәртебесіне жеткізді. 10 ғ-да Әбу Наср әл-Фараби А-ны “қайырымды қала” деп атады. Ол “Асқан игілік пен ең биік кемелділік дәрежесіне ең алдымен” жоғары дәрежелі дамыған қоғамның қайырымды қаласы — Астанасы жетеді деп санады. әл-Фараби қайырымды қаланы мін-ақауы аз, тұрғындары заңға ден қойған, адамдарының пендешіліктерінен гөрі рухани сипаты басым, әділеттілік пен парасаттылық жайлаған бейбіт қала етіп суреттейді (“Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат.” Кіт: Әл-Фараби. Философиялықтрактат- тар, А., 1973).
Қазақ хандығы жойылғаннан кейін бар билік Ресейдің Санкт-Петербург пен Мәскеу қ-ларына ауды. 20 ғ-дың басындағы қазақ зиялылары А- ны “кіндік қала” деп атады. 1917 — 19 ж. Алашорда автономиясының астанасы Алаш (Семейдің іргесіндегі) қ. болды. Кеңес дәуіріндегі Қазақстан А-лары Орынбор (1920 — 25), Қызылорда (1925 — 29), Алматы (1929 — 97) болды. 1994 ж. соңғы екі ғасыр тарихында қазақ халқы тұңғыш рет өз мемл-нің А-сы туралы дербес шешім қабылдады. 1997 ж. 19 қазанда ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев Ақмола қ-ның (1998 жылдың 6 мамырынан Астана қ.) Қазақстан Республикасының жаңа тұрпатты бас қаласы болғанын жариялады.