Қ.М. Байтанасова, Ж.Ә. Аймұхамбет
Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті
Астана, Қазақстан
k.baitanasova@mail.ru; a_zhanat@mail.ru
ФИЛОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ: ҒЫЛЫМИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІК ПЕН ЫҚПАЛДАСТЫҚ
Жаңа ғасырдағы өркениет негізі – гуманитарлық, оның ішінде филологиялық білімнен бастау алуға тиіс. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, білімнің сапасын көтеріп, халықаралық ғылым мен білім кеңістігіндегі әлеуетін жоғарылату үшін көптеген істер атқарылды. Енді үшінші жаңғырудың қазіргі кезеңінде қазақстандық мамандардың жаңа дайындық деңгейін, жаһандық бәсекеге бейімділігін дамыту қажет. Бүгінгі күні жастардың әлеуметтенуінде білім мен инновация, білім мен жаһандану деген ұғымдар қатар жүреді. Жастар білімді игеру арқылы әлеуметтік ортаға бейімделіп, өзінің қоғам үшін қажеттілігін сезіне алады. Бұл қажеттіліктің білім кеңістігіндегі орнының айырықша екені белгілі. Гуманитарлық білім берудің мақсаты — филология саласындағы инновациялық ізденіс пен тәжірибеге негізделген білімнің жаңаша бейнесін, жаңа ғасыр тоғысында филологиялық білім берудің жаңа моделін айқындап, басты ұстанымдары мен тұжырымдарын орнықтыру. Яғни филология ғылымы адамзаттың әлем бейнесін тануы мен ойлау кеңістігінің интеграциясын тұрақтандырды. Мақалада гуманитарлық білім ежелден этикалық, эстетикалық, адамгершілік құндылықтардың өлшемі екендігі, бүгінгі қоғамға гуманитарлық білімнің жаңа, оңтайлы, сапалы өзгерісінің қажеттігі дәйектеліп, қорытындылар жасалды.
Тірек сөздер: филология, инновация, ақпарат, жоғары білім, құзыреттілік, деңгей, модель.
Адамзаттың даму эволюциясында білімнің қоғамды ізгілендірудегі функциясы, мемлекеттің, ұлттың өркендеуіндегі бірегей рөлі дәлелденіп келеді. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы модернизациялау» бағдарламалық мақаласында ерік-жігері берік ұлт тұлғасын қалыптастыруды атап көрсетеді [1]. Қазіргі үшінші мыңжылдықта елімізде білім саласындағы инновациялық тенденциялар аса ықпалды болып отыр. Қазіргі кезде білімге құштар орта – жастар. Бүгінгі күні жастардың әлеуметтенуінде білім мен инновация, білім мен жаһандану деген ұғымдар қатар жүреді. Жастар білімді игеру арқылы әлеуметтік ортаға бейімделіп, өзінің қоғам үшін қажеттілігін сезінуі тиіс. Бұл қажеттіліктің білім кеңістігіндегі орны ерекше. Жоғары білім берудің қазіргі концепциясы кешенді оқу әрекеттерімен іргелес тұр. Осыған дейін білім беруде білім алушының білімі, білігі мен дағдысының жиынтығы алдыңғы кезекке қойылса, бүгінде білім алудағы мақсат білім алушыдағы жоғары тұлғалық болмыс, әлеуметтік, танымдық, коммуникативтік құзыреттіліктің бірлігі болып отыр. Қандай да білім алушының алға қойған мақсаты оқу әрекетіндегі әмбебаптық арқылы жүзеге асады. Сондықтан да білім алушы жастардың жаңа әлеуметтік тәжірибені игеруі, танымдық белсенділігі, өзін-өзі дамытуы аса маңызды. Бүгінгі жастардың отандық біліммен қатар, шетелдік оқу орындарын баламалық тұрғыда таңдау мүмкіндігі бар. Осы тұста білімнің бағдары, отандық білімнің бәсекеге қабілеттілігі адам капиталын өрістетіп, жаһандық экономикалық және мәдени тұрғыдағы қуатын тереңдетуі аса маңызды.
Әмбебап оқу әрекеті жас ұрпақтың өзіндік даму, жетілу жолдарын, дербес сана-түсінігін, әлеуметтік ортадағы белсенді әрекетін қамтиды. Қазіргі кезде оқу процесінде компьютерлік көру-қабылдау ақпараты басым. Бұл ақпарат негізінен оқып-үйренетін пәннің қолжетімді болуына, пәнішілік белгілі бір бөліктерге зерттеу жүргізуге, мәтіндік форматтан оқу ақпаратын мультимедиялық ақпаратқа көшіруге мүмкіндік береді. Оқу әрекетіне жүргізілген талдау мынадай сатылардың бар екендігін айқындады:
— Әлеуметтік-педагогикалық деңгей – бұл білім алушының ортасы мен алған білім құзыреттілігінің сәйкесуі. Яғни, білім алушы өз ортасында алған білім қорын, ақпарат жүйесін орынды, негізді үйлестіре алуы тиіс.
— Ғылыми-теориялық деңгей – бұл білім алушының игерген ақпаратының ғылымитеориялық сипатының терең болуы, өзінің игерген біліміне теориялық анықтамалардың, ғылыми еңбектерден алған сілтемелердің, концепциялардың тірек болуы.
— Ғылыми-әдістемелік деңгей – қандай да игерілген білім әрі қарай кең таралып, оңтайлы әдіс-тәсілдер арқылы игертілуі тиіс. Яғни теориялық білім қоры көрнекіліктер, басқа да дидактикалық материалдар арқылы мақсатты түрде жүзеге асырылып, кең түрде қолданыс табуы керек. Білім өркениет кеңістігі арқылы адамның таным-сенімін, ұлттық рухын қалыптастырады. Бұған дәлел — мемлекеттік маңызы бар «Мәдени мұра» бағдарламасы негізінде ұлттық әдеби жәдігерлеріміздің жарық көруі, ұлттық кодты айқындайтын «Мәңгілік ел» идеясының орнығуы. Ендеше, бүгінгі білім ұлт азаматтарынан білімі мен біліктілігі, адамгершілік-имандылық сапасы мен рухани болмысы бай елжанды азамат болуды талап етеді. Жаңа ғасырдағы өркениет негізі – гуманитарлық, оның ішінде филологиялық білімнен бастау алуға тиіс. Тәуелсіздік алған кезеңнен бастап, білімнің сапасын көтеріп, халықаралық ғылым мен білім кеңістігіндегі әлеуетін жоғарылату үшін көптеген істер атқарылды. Енді үшінші жаңғырудың қазіргі кезеңінде қазақстандық мамандардың жаңа дайындық деңгейін, жаһандық бәсекеге бейімділігін дамыту қажет. Осы ретте гуманитарлық білім берудің мақсаты — филология саласындағы инновациялық ізденіс пен тәжірибеге негізделген білімнің жаңаша бейнесін, жаңа ғасыр тоғысында филологиялық білім берудің жаңа моделін айқындап, басты ұстанымдары мен тұжырымдарын орнықтыру.
Жоғары немесе жоғары кәсіби білім деңгейі — жалпы орта және кәсіби білімнен кейінгі білімді айқындайды. Француз тілінен аударғанда «enseignement superieur» — жоғары білім деген ұғымды білдіреді. Жоғары білім – бұл кәсіби сала жағынан теориялық және практикалық міндеттерді ғылым, техника және мәдениет жетістіктерін пайдалана отырып шешуге мүмкіндік беретін жүйелі білім мен практикалық дағдының жиынтығы. «Жоғары білім» ұғымының астарында экономика, ғылым, техника мен мәдениет салалары үшін жоғары кәсіби білімді маманды даярлау жатады. Жоғары білім жоғары оқу орындарында – университет, академия, институт, жоғары училищелер мен кейбір колледждерде игертіледі. Кейбір мемлекеттерде өздерінің ерекше дәстүрлі аталымдары немесе жоғарыда аталған ұғымдардың балама мағыналары қолданылады. Әр мемлекетте жоғары білім жүйесінің бірден төртке дейінгі деңгейлері бар. Төрт деңгейлі білім жүйесінде жоғары білім алған маман бакалавр, магистр, философия докторына бөлінеді. Жоғары білімді күндізгі, сырттай, кешкі, еркін (дистанциялы) түрде алуға болады. Кейбір елдерде оқу формасына, пәндерді игеру, дайындық деңгейіне қарай білім алушылар «тұрақты», «шартты», «арнайы», «кездейсоқ», «еркін» түрлерге жіктеледі. Жоғары білім алу мерзімі оқу формасына, мемлекетіне, жүйесі мен бейінділігіне қарай 4 пен 9 жылдың арасын қамтиды. Жоғары сатылы білім беру жүйесі көнеден, Ежелгі Шығыста б.д.д. мың жылдан аса уақытта басталған. Ол кезде жастар алдымен философияны, поэзияны оқып үйренген. Білім алушылар сол кезеңде белгілі бола бастаған табиғат заңдарын игеріп, минералды ресурстарды, аспан денелерін, өсімдіктер мен жануарлар туралы мағлұматтарды меңгере бастаған.
Біздің дәуірімізге дейінгі V-III ғасырларда Александрияда эллинизм дәуірінде ғылымның теңгермелілігін ұстана отырып, философия, филология, медицина, математика пәндерін жеке оқыта бастаған жоғары типтегі мектептер пайда болды. Көне Грекияда жастардың білім алуына жеткілікті көңіл бөлінгендіктен, білімнің жоғары деңгейі қалыптаса бастады. Б.д.д. IV-III ғасырларда білімнің жоғары басқышын қолдаған идеологтардың бірі Платон болған. Ол бұл деңгейдегі білімге өздерінің білім-дағдыларын, ойлау қабілеттерін қолданбалы мағынадан гөрі философиялық-теориялық бағытта көрсете алған дарынды аристократ жастарды тартты. Мәселен, астрономия пәні – теңізде жүзуге қолдану үшін емес, жаратылыстың мәңгілік шексіздігін негіздеу үшін оқып-үйрену керек болды. Осы білім басқышын 30 жаста аяқтаған жас өзінің ерекше қабілетімен көзге түссе, мемлекет басқару мақсатында 35 жасқа дейін білімін әрі қарай жалғастыруы тиіс болды. Б.д.д. III ғасырда Аристотель де адамның дене, адамгершілік пен ақылын оның табиғи қабілетін дамытуға қолдану үшін үшінші, жоғары білім басқышы керек деген көзқараста болды. Ғылымды әрі қарай теңгермелі дамыту оның жоғарғы, үшінші басқышын қажет етті. Алайда, бұл тек орта ғасырда ғана мүмкін болды. Яғни қай дәуірде де білім мен ғылымға басымдық берілген.
Ақпараттық кеңістіктің ұлғайып, қай салада да жаңғыру үдерістері белең алып отырған кезеңде түбегейлі өзгерістердің жүретіні сөзсіз. Осы ретте, адамзат үшін ежелден рухани құндылықтарды дәріптеп, эстетикалық-танымдық құзіреттілігімен ерекшеленетін филологиялық білімнің маңызы ерекше. Ал, жаңа ғасыр бұл ғылым саласына аса мән үстеп отыр. Себебі, мәңгілік елдің рухани жаңғыруының басында әдеби білім тұр. Жас ұрпақтың бойына ұлтына, мәдениеті мен әдебиетіне деген сүйіспеншілік пен құрметті оятып, жандандыру – келешектегі жаңа білімнің негізі болмақ.
Филологиялық білім берудің инновациялық моделін жасау үшін теориялық тұрғыдан зерттеуді жолға қоюдың алғы шарттары жеткілікті. Ежелгі шығыс білімпаздары білімнің құндылығына, адамзат баласының сана-сезіміне, моральдық, этикалық сапасына ықпал етуін көздеген. Мәселен, ежелгі Үндінің «Артхашастра» трактатында «Байлық, құндылық адамзаттың өмір сүруін қамтамасыз етеді. Қаралып отырған жағдайда құндылық адамдардың жерге орналасуы болып табылады. Мұндай жерлерге ие болып қалу үшін және оны қорғау үшін ғылыми құндылық деп аталатын нағыз ғылым құралдары қызмет етеді. Ғылымды жүйелеудің отыз екі әдісі бар. Олар: мазмұндаудың тиянақтылығы, байланыс, деректерді дәлелдеу, ұстаздық, аксиома, өткендегіні назарға алу, салыстыру, сөздің шығу тегін түсіндіру, толықтыру, жиынтық (мүмкіндіктер), т.б.»,-делінген [2]. Бұл трактаттағы тұжырым одан кейінгі ойшылдарда да жалғасын тапты. Әл-Фараби, Ж.Баласағұн еңбектерінде адам баласының білімі, ой-танымы мен парасаты терең дәйектелген [3]. Көне шығыс жәдігерлері адам баласына ақыл, иман, ілгерілеу, отанына, ұлтына деген терең құрмет пен адалдық керек екенін айтып кеткен. Бұл әрі қарай елжандылыққа, ұлтын сүюге, ұлттық құндылықтарды қорғап, сақтауға жетелейді. Ендеше, болашаққа сеніммен қараудың бастауы түп-текті, атасалтын сақтап, ақыл-парасат пен білімді меңгеру екендігі дәлелденген. Бүгінгі өркениетті елдермен бәсекелесіп отырған мемлекетіміздің алға қойған міндет-бағдарының басты сипаты – ұлттың негізін сақтау, ұлттық құндылықтарды қастерлеу, болашаққа аманаттау болып отыр. Ал, оны жалғастырушы бүгінгі жас буын сергек, ой-танымы терең, білімге құштар болуы шарт. Өз кезінде әлемдік философияда мойындалған М.Монтень «Қайырымдылық пен ізгілікке негізделмеген ғылымның адамзатқа берері мардымсыз»,- екенін ескерткен [4]. Білімнің негізі – ізденісте. Қазақстан Президенті Жолдауында мемлекетті өркендетудің басым бағыттарын айқындау үстінде, отандық білім мен ғылымның потенциалын дамыту қажеттігін атайды [5]. Гуманитарлық, ізгілік сезімнің азаюы, ұлттық құндылықтар мен жәдігерлерге, мәдени-әдеби мұраларға деген салғырттық жалпы адам баласына, жас ұрпаққа қауіп тудырды. Бұл қоғамда адамзат баласында жат мінез, кері әдеттердің көбеюіне, зорлық-зомбылық пен жағымсыз әрекеттерге жол ашты. Жас ұрпақ тіліне, діліне, ұлтына самарқау қарай бастады. Осыған сәйкес бүгінде гуманитарлық ғылымдар өткір проблеманы бастан кешуде. Ал, гуманитарлық білім-этикалық, эстетикалық, адамгершілік құндылықтардың өлшемі. Сондықтан да бүгінгі қоғамға гуманитарлық білімнің жаңа, оңтайлы, сапалы өзгерісі аса қажет.
Қоғамдық сананы модернизациялаудың басты сипаты ретінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жасалды. Оның мақсаты — қоғамның интеллектуалдық прогресі мен халықаралық өзара түсінушілік, ынтымақтастық арасындағы еркін идея кеңістігін орнықтыру. Бұл алмасу білім мен ғылымға тікелей байланысты құндылық – кітап арқылы жүзеге асырылады. Қоғамдағы жаңа құбылыс – кітаптың көмегімен — әлеуметтік-мәдени қатынастырады орнықтыру көзделмек. Бұл ретте, әлемдік ғылыми әлеуметтік-гуманитарлық ойды қабылдап қана қоймай, қазақстандық гуманитария саласындағы үздік еңбектерді де шет тілдеріне аудару шарасы жоспарлануда. Осы аталған мемлекеттік ауқымдағы шаралар бүгінгі өркениеттің келбетін орнықтырмақ. Жалпы, филологиялық білім бүгінде көптеген сала мамандарына, атап айтқанда, саяси, әлеуметтік қызметкерлерге, психологтарға, менеджерлерге, жарнама қызметіне қажет. Сонымен бірге филолог ұғымының аясы аудармашы, баспасөз хатшысы, қоғаммен байланыс, референт, имиджмейкер, спичрайтер мамандығымен де үйлесімдік тапты. Ендеше, филологиялық білімнің бүгінгі жаһандану кезеңіндегі жаңа потенциялы қоғамға қажеттілігімен ерекшеленіп отыр [6].
Қазіргі қоғамның бір қайшылығы – тұтас адамзаттық құндылықтар мен қағидаттардың бейтараптанып, адам болмысында дербес тұлғалық үстемдіктің, жеке көзқарастырдың орнығуы, ұлттық құндылықтардан гөрі, жаһандық мәселелерге маңыз беру, осыдан келіп рухани дағдарыстың орын алуы болып отыр. Ал, адамзаттың гуманистік қасиетінің әлсіреуі қоғамда, саясатта, мәдениетте, тіпті жаратылыста да өзіндік дағдарысты, қайшылықты тудырады. Адам баласының ортасына, қоғамына, ұрпаққа, ұлттық мәдени құндылықтарға бейтарап болуы рухани құлдырауға әкеледі. Сондықтан да бүгінгі күні адам баласына, жас ұрпаққа гуманитарлық білімді орнықтыру, адами қасиетті сақтау, мәдени-рухани құндылықтарға сергек қарау, ұлттық мұраларды қастерлеп, танып-білуге деген құлшыныстың орнығуы аса маңызды [7]. Ендеше, гуманитарлық, оның ішінде филология саласындағы көркемдік-эстетикалық, интеллектуалдық, ақпараттық, әлеуметтік біліктіліктерді айқындап, әдебиеттің даму заңдылықтарына, ұлттық және әлемдік әдебиеттің тарихи кезеңдеріне, әдеби ағым-бағыттар мен көркемдік әдіс-тәсілдер жайындағы таным-білікке ықпал етіп, отандық филологиялық білім берудің зерттеу кеңістігін кеңейтіп, филология ғылымының дамуына өз басымдығын тигізуі мүмкін. Бүгінгі қоғамның әр саласында жедел жүріп жатқан өзгерістер, ақпараттар ағыны, жаһандық ортақ құбылыстар адамның санасына да терең ықпал етуде [8]. Заман талабына сай үштілділікті меңгеру, білім беру жүйесіндегі әр тарапты өзгерістер білім алушының алдына көптеген таңдау мүмкіндіктерін қоюда. Филология ғылыми пән ретінде өзінің функциясын кеңейте түсті [9]. Бүгінгі филология тек мәтінді оқып, талдаумен ғана емес, когнитивті лингвистика, тілтаным, мәтіннің ақпараттылығы, риторика, дербес стиль, тілдік белсенділік, тіл және мәтін теориясы ұғымдарын да қамтиды [10], [11]. Яғни филология ғылымы адамның әлем бейнесін тануы мен ойлау кеңістігінің интеграциясын орнықтырып отыр [12]. Осы ретте, отандық білім беру құзыреттілігін сақтап, ұлттық рухани болмысымыздың негізін нығайтып, жаңғырту үшін білім берудегі филологиялық бағыттың инновациялық моделін жасаудың өзіндік маңызы бар екені сөзсіз. Оны төмендегідей бірнеше тараптан байқауға болады:
— Филологиялық білімнің салааралық, орта және жоғары оқу орындарында берілуінің әдіс-тәсілдері айқындалып, олар қолданбалы сипаттағы кешенді материалдар арқылы негізделіп, ортақ моделі айқындалуы тиіс;
— Филологиялық ізденістер тек өз аясында ғана емес, ғылымаралық — әлеуметтану, мәдениеттану, лингвистика, риторика, тіл мәдениеті, психологияда ықпалдаса, кешенді дамуға бастау болуы қажет;
— Гуманитарлық саладағы көркемдік-эстетикалық, интеллектуалдық, ақпараттық, әлеуметтік біліктіліктерді айқындап, филологиялық ғылымның даму заңдылықтары, ұлттық және әлемдік әдебиеттің тарихи кезеңдерді, әдеби ағым-бағыттар мен көркемдік әдіс-тәсілдер жайындағы таным-білікке ықпал етіп, отандық әдебиеттанудың зерттеу кеңістігін, қолдану аясын кеңейтуі керек;
— Гуманитарлық білім ұлтты өркендетуге, зиялылықтың, парасаттың, мәдени құндылықтардың қастерленіп, жастардың ұлтжандылық қасиеттерін тереңдете түсуі керек. Гуманитарлық білімнің рөлі сонда, ол жас ұрпаққа ғылыми білім берумен қатар, адамгершілік тұрғыдағы құнды бағдарды да қалыптастырады.
Қоғам дамуының қазіргі жағдайы жоғары білімнің алдына үлкен міндеттер қойып отыр, яғни жоғары оқу орны бүгінгі талабы жоғары, өзгерісі мол қоғамның сұранысына жауап бере алатын маман дайындау. Осы ретте, гуманитарлық мамандыққа қарағанда қолданбалы сипаттағы мамандыққа деген сұраныстың мол екені белгілі. Бүгінгі жас маман кәсіби жағынан оңтайлы әрі әмбебап болуы тиіс. Бұл маманнан жоғары интеллектуалдық мәдениетті, жаңа әлеуметтік-экономикалық жағдай аясында және ғылыми-техникалық прогрестің жедел қарқынына ілесуді талап етеді. Яғни, бүгінгі жас маманның интеллектуалдық әлеуеті, ішкі мәдениет деңгейі, таным-қабілеті жоғары болуы керек. Қоғамның бүгінгі даму басқышында жас маманға өзінің кәсіби шеберлігін игеруі үшін терең гуманитарлық білім қажет. Себебі, мемлекеттің әрбір азаматы қандай мамандық пен қызмет саласында болсын, өз елінің мәдениеті мен тарихын, рухани болмысын терең игеруі тиіс. Осы ретте, әрбір кәсіби шеберлік тарихпен, саясатпен, экономикамен, әлеуметтанумен, педагогика, психологиямен ұштасады. Гуманитария жастарды идеалды танып-білуге, құндылық бағдарды айқындауға, тұлғалық қасиетінің орнығуына, кәсіби құзыреттілігін жетілдіре түсуіне ықпал етеді.
Гуманитарлық білім іргелі білімді қалыптастыруға негіз болып, тек тар шеңбердегі мамандық иесі ғана емес, әлемге, өмірге, адамзатқа терең қарайтын көзқарастағы тұлға ретінде орнығуына жәрдемдеседі. Ендеше, гуманитарлық білім базистік сипат иеленеді. Сондықтан да гуманитарлық білім жастарға ұлтжандылық, демократизм, ағарту саласындағы кең түрдегі бағдарды танып-білуге жол ашады. Білім алушыға бағытталған гуманитарлық білім жастардың білім, ғылым жолындағы ізденістерінің тереңдігін, жан-жақтылығын, әлеуметтікмәдени, рухани, адамгершілік құзыреттіліктің қайталанбас ерекшелігін біріктіреді.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Назарбаев Н. Ә. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» // Егемен Қазақстан. – № 70. – 12 сәуір 2017.
2 Тарих-адамзат ақыл-ойының қазынасы: Он томдық.Том 1. –Астана: Фолиант, 2005.– 472 б.
3 Әл-Фараби Таңдамалы трактаттары/ Құраст.: Ә.Нысанбаев, Ғ.Құрманғалиев, Ж.Сандыбев. – Алматы: Арыс, 2009. – 656 б.
4 Құтты білік/ Аударған А.Егеубаев. –Алматы: Жазушы, 1986.– 200 б.
5 Монтень М. Опыты. –М.: Альфа-книга, 2009. – 400 с.
6 Президент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауы. 2017 жылғы 31 қаңтар.
7 Новое в современной филологии. Россия. Электронная версия. 2017. Library.ru.
8 XXI ғасыр әдебиеттануы. Алматы: Ғылым, 2011. – 640 б.
9 Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік Бағдарламасы, 2010.
10 .Львов М.Р. Основы теории речи. – М.: Академия, 2002. – 248 с.
11 Бабенко Л.Г. Лингвистический анализ художественного текста. – Екатеринбург: издво Уральского гос. ун-та, 2005. – 496 с.
12 Есин А.Б. Литературоведение. Культурология. Избранные труды. М.: Наука, 2002.– 220 с. 13 Оразбаева Ф. Тіл әлемі. Мақалалар, зерттеулер. – Алматы: Ан Арыс, 2009. – 368 б.
К.М. Байтанасова, Ж.А. Аймухамбет.
ГУМАНИТАРНОЕ ОБРАЗОВАНИЕ:
НАУЧНАЯ КОМПЕТЕНЦИЯ И ИНТЕГРАЦИЯ
Основа цивилизации нового века должна брать начало с гуманитарной, в том числе филологической науки. С начала периода получения независимости осуществляется большая работа для повышения качества образования, расширения потенциала в сфере международной науки и образования. На современном этапе третьей модернизации необходимо развивать новый уровень подготовки казахстанских специалистов и тенденцию к глобальной конкурентоспособности. На сегодняшний день социализация молодежи сопровождается такими понятиями как образование и инновация, образование и глобализация. Молодежь путем освоения знаний, должна адаптироваться в социальной среде, почувствовать собственную необходимость для общества. Эта необходимость занимает особое место в образовательном пространстве. Цель гуманитарного образования — определить новый облик образования, новую модель филологического образования на рубеже нового века, основанные на инновационных поисках и опыте в сфере филологии, закрепить главные позиции и выводы. То есть филология как наука стабилизировала познание образа мира человечеством и интеграцию пространства мышления. В статье доказывается что гуманитарная наука с древних времен является мерой измерения этических, эстетических, нравственных ценностей, обосновывается необходимость для сегодняшнего общества новых, оптимальных, качественных изменений в гуманитарной науки, сделаны выводы.
K.M.Baitanasova, Zh. A.Aymukhambet
HUMANITIES EDUCATION: SCIENTIFIC COMPETENCIES AND INTEGRATION
The basis of the civilization of the new century should take its origin from the humanitarian, including philological science. Since the beginning of the independence period, much work has been done to improve the quality of education, expand the potential in international science and education. At the present stage of the third modernization, it is necessary to develop a new level of training of specialists of Kazakhstan and a tendency to global competitiveness. Nowadays socialization of young people are followed by such concepts as education, innovation, education and globalization. Young people, through the mastery of knowledge, must adapt in a social environment, feel their own need for society. This need holds a specific place in educational space. The purpose of humanitarian education — to define the new shape of education, new model of philological education at a turn of a new century based on innovative search and experience in the sphere of philology, to fix the main positions and conclusions. That is, the philology as science stabilized knowledge of an image of the world by mankind and integration of space of thinking. The article proves that humanitarian science has been a measure of ethical, aesthetic, moral values since ancient times, it justifies the necessity for today’s existence of new, optimal, qualitative changes in the humanities and conclusions are drawn.