Н.Қ. Тлебалдина, Ш.А. Доскеева
Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университеті
Семей, Қазақстан
nurgul6161@mail.ru, shaizaasanovna_68@mail.ru
HҰPЛАН ОРАЗАЛИН ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ТАҚЫРЫПТЫҚ ЖҮЙЕСІ
Мақала ақын Нұрлан Оразалиннің поэзиялық туындыларының тақырыптық жүйесін зерделеуге арналады. Мақалада ақын поэзиясындағы түрлі ізденістер жан-жақты зерделенеді. Ақын қаламынан туған жырларының тақырыбы мен ерекшелігі сараланып, әр қырынан қарастырылады. Өлеңдерінің табиғаты, құрылымы, өзіндік болмысы, тіл оралымдылығы туындылары негізінде талданады. Сондай-ақ, ақынның көрікті ойды жеткізу шеберлігі, өзіндік стилі айқындалады.
Кілт сөздер: поэзия, дәстүр, заман келбеті, поэтикалық бояу, тағдыр, ақындық жауапкершілік, ақындық мінез, адамдық болмыс.
Қазақ поэзиясы заман өткен сайын, дәуір ауысқан сайын уақыт тынысына орай түрленіп, жазылу әдіс-тәсілі өзгеріп, құбылып отырды.
Қазіргі қазақ поэзиясының, жалпы дәстүрлі, классикалық қазақ жырының әдебиетке 70жылдары келген талантты толқындарының ішінде өз үні, өзіндік поэтикалық бояуы, өзіне тән айту машығы мен жеткізу тәсілі бар дарынды ақындарымыздың бірі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік сыйлығының иегері Нұрлан Оразалин. Ақын:
Біздер, қалқам, өлең атты елденбіз, Жауыннанбыз…
Қайғыданбыз…
Желденбіз…
Мәңгіліктің үрлеп мәңгі майданын, Ғасырлардың қойнауынан келгенбіз. Кеудемiзде – аптап, шiлде, май, тамыз, Жырларымыз от бүркедi, байқаңыз!
Қара қылды қақ жаратын қай кезде, Әдiлеттi байрақ етер тайпамыз. Арманымыз адалдықтан бас алған, мiнезiмiз табиғаттан қашалған,
Отанымыз – ұлы Дала, асқар Тау, Ұранымыз – ұлы Шындық қашаннан.
Жүрегімен күндіз-түні от өрген, Кермекті артық көретұғын шекерден.
Қалқам, біздер өлең атты елденбіз,
Ақындықтың ауыр жүгін көтерген [1] -дейді.
Ақын қаламынан туған жырлары заманның келбетін, шындығын жырлаумен ерекшеленеді. Мысалы, «Таңдамалы туындылар» жинағының бірінші томындағы «Тәңірім нұрын төккенде», «Үнім менің алаңдарда адасты», «Түсін мен…», «Жолдан, шаңнан ізедім», «Ақындар», «Аслан туралы жыр», «Жерік түндер», «Жастық одасы», «Мазасыздық», «Республика жыры», «Жігер жыры», «Ынтымақ жыры», екінші томындагы «Күрес жыры», «Бетпе-бет», «Қозғалыс», «Жетінші құрлық», «Жаңа алаңда жарам бар жазылмаған», «Талбесік», «Ашық сөз», «Ақын болу хақтың ісі», «Қызуқандылық», «Тамыз оқиғасы», «Сенім», «Кетті қайда…», «Азаттық жыры», үшінші томындағы Шыңғыс Айтматов «Ғарыш мінезді жырлар»[2, 367]. Нұрлан Оразалиннің еліміздің үлкен ақыны екенін көрсететін туындылар.
Нұрлан Оразалиннің алғашқы жыр кітабына алғысөз жазған ақын Тұманбай Молдағалиев: «Арнасына сыймай алқынған бұлақ өзенге жетпей тоқтамас. Келе жатқан көктемді ешкім тоқтата алмайды. Сол секілді жас ақынның жанып келе жатқан талабы алау боларына сенгің келеді. Сондықтан да Нұрланды ертеңгі күннің жақсы ақындарының ішінен көргім келеді» деп жазса, өлеңнің кәнігі шебері жас толқынның аяқ алысын жаңылмай тап басып, таныған екен. «Өлең өлкесін өңкей бір маржан жырлармен толтырып кеткен, өлеңді Мағжан мен Ілияс биігінен де жоғары көтеріп кеткен Мұқағалидан кейін жыр есігін имене ашқан Нұрланның алғашқы екпінінен ағасына тән тынысты, ағасына тән жүрісті байқап ем мен» [3,36] деп жазады.
Нұрлан ағамыз өзінен бұрын ғұмыр кешкен ұлы тұлғаларды жырына қоса отырып, олар кешкен тағдыр мен тауқыметті жырымен бөліседі.
Апыр-ай,
Ұлылар қайтіп күн кешкен, Сырласқан, күлген, тілдескен? Қуанған,
Жанған…
Мұң кешкен?
Шықпайтын болды соңғы кез, Осы бір сұрақ күнде естен.
Таңда да, сұлу ақшамда
Сананы қауып, ақшаңдап,
Осы бір сұрақ санада,
Жүрсем де, Тұрсам,
Жатсам да.
Мұнартып таулар шоқтығы, Құрдымға кетті көп күнім. Түндерім қанша мазасыз, Жұлқиды, жанда жоқ тыным.
Жүректе жалын, ах ұрып,
Аспан мен жерді шақырып,
Тас — талқан болам сондайда
Ұлылар қалай күлген деп, Ұлылар қалай жүрген деп.
Махамбет…
Мұхтар…
Абайлар…
Өмірді қалай сүрген деп?! Шыға алмай шырқап сөремнен,
Көре алмай қызық өлеңнен.
Сананы санға бөлшектеп,
Сарсаңға түсіп келем мен…[4, 101] — деп жазды ақын.
«Түнгі ырғақтар» атты өлеңі сол кезде оқырман көңілінен шығып, құлағын елең еткізіп, өлең сүйер қауымның жүректерін баурап алды:
Оңымнан соққан жел ме екен,
Солымнан соққан жел ме екен, Салғырттау жүрген кезімде, Сабылып қайдан келді екен? Жалын боп жалап өтті мe, Өртеніп кетсем, не дермін?! Жасын боп түнде көк тіле, Жарқ ете түссе, не етермін?! Оңымнан соққан жел ме деп,
Солымнен соққан жел ме деп, Созылып жатқан белдермен, Қашар ма едім өрмелеп?!
Қуанып, толқып сол шақта,
Көзімнің жасы моншақтап,
Жығылар ма едім кеудеңе,
Тығылар ма едім кеудеңе,
Кеудеңе сенің жан сақтап?!
Оңымнан соққан жел ме деп?!
Солымнан соққан жел ме деп?! [4, 132]
Ақын өлеңдерінде тау мен даланың, теңіз бен өзендер, жайлау т.б қыр суреттерін көз алдымызға әкеліп, өмір сүріп отырған заманның кескін-келбетін, тыныс-тіршілігін өлеңімен өріп береді.
Ғалым Зейнолла Қабдолов: «Суреткер белгілі бір қоғамда өмір сүреді, белгілі бір қоғамдық коллективтің мүддесіне ортақтасады. Сондықтан оның творчествосында да белгілі қоғамдық мән және мазмұн болады» [5, 45] деп жазғандай, Нұрлан Оразалиннің поэзиясында қоғамдық мүдде мен адамдар арасындағы бірлік пен қайшылық иірімдері астасып көрініп жатады.
Нұрлан Оразалин ақындық жауапкершілікті терең сезініп, адам мұңдары мен сырларын
өз шығармашылығынан іздестіреді.
Бәрі болдым…
Абай болып ауырдым,
Махамбет боп кештім талай ауыр күн.
Ай астында енді Нұрлан болып бір,
Мына тамыз, қараша — күз, сәуірдің,
Сөзін айтсам жарар еді Дәуірдің?![1,36]
Нұрлан Оразалиннің «Талбесік» атты диалог – толғауында ол өз Анасы — Жер туралы былай толғанады:
Ақын: Жер — тіршілік,
Жер — махаббат.
Жер — ана…
Уақыт: Жер — Ананың кеңдігі —
Бойлығы мен ендігі…
Ақын: Түршігуде антенналар айдағы,
Күрсінуде мұхиттар,
Торығуда өзендер —
Теңселуде тыныштықтың қаймағы.
Көзге елестеп көзсіз күндер қайдағы, Құрлықтарға мұң құшағын, жайды, әні.
Уақыт: Қайғы бұлты торламаса егерде, Алты құрлық бірін — бірі сөгер ме? Азулылар азу тісін ақситып,
Азусыздар ойдан азап шегер ме?!
Ақын: Соны ойлаймын…
Ойлаймын да күрсінем, Көп арманың мүжілер ме, шөгер ме?!
Уақыт: Бұл сөзің…
Дұрыс кімге, естілер теріс кімге?!
Ақын: Қайшылықтар жетеді жер үстінде… Уақыт: Қасиетті кара Жер!
Миллион жылдар жасаған,
Сенен күлкі,
Айдан шаттық, қашады ән.
Енді мәңгі аңдыспайды адамдар,
Бір-біріне мылтық кезеп тасадан.
Ақын: Дүние — екі бөлек:
Санам — екі бөлек, Әнім — екі бөлек,
Шамам — екі бөлек… Жаным — екі бөлек…
Тағдыры Жер — Ананың Еске түссе,
Тығылады запыран өтіме кеп…[1, 65]
Жер бетіндегі тіршілік пен тұтастық, тыныштық пен бейбітшілік тағдыры Ақын мен Уақыттың сараптауына түседі.
Ақынның «Мінез» деген жырында ақындық мінез бен адамдық болмыс, ниет пен пиғыл, адамгершілік пен адамдық, тазалық пен ар — ұждан ұстанымдары өлеңмен өрнектеліп берілген.
Қиқарлығым жетеді бір басыма, Сөзім де айтар аз емес сырласыма.
Дос болып кеп есікті қақсаң егер,
Еңсе көтер, ағайын, Кір! Жасыма…
Құшақ жайып жаныммен, айқарамын,
(Дос жүрекке көл-көсір айтар әнім.) Жанарыңда жас болса, құрғатамын,
Шаттандырып, шалқытып қайтарамын.
Аластаймын қайғыңды, көктеп өтем,
Ақпаныңды ақ қарлы көктем етем;
Босағамды аттасаң бөтен оймен,
Байқа, ағайын, Мен қатты өкпелетем..[1, 82] — деп жазды.
Нұрлан Оразалин өлеңдері жайында белгілі жазушы Сайын Мұратбеков: «Нұрлан Оразалин өлеңдерін оқи отырып, өзіміз бастан кешірген жетпісінші, сексенінші жылдарды, одан бергі қазіргі тоқсаныншы жылдарды қаз — қалпымен көз алдымызға келтіреміз. Сол жылдардағы көңіл — күй, сезім оралымдары, туған жерге, елге, ағайын — туғанға деген кіршіксіз махаббат, бейбіт өмірге, бейқуат тірлікке деген қанағат әр өлеңінде жарасымын тауып, әдемі суреттелген, сонысымен көңілге ұялайды»[6 ], -деп жазды
Нұрлан Оразалиннің заман тақырыбын жырлаған өлеңдерінен мысал келтірейік: Өрім аман, төрім аман, жыр — қанда, Өзеуреме! Өзектеме! Ұрланба! Еркіндігім өзімменен мәңгілік, Елім аман…
Жерім аман тұрғанда[1], — деп туған елдің егемендігі мен өзінің еркіндігін астастырып, сыр толғайды. Енді бір жырында: Кім ұтылып, ұтар кім,
Құшағында құйынның?
Ғасыр, неден жұқардың, Заман, неден сұйылдың?
Ішіндемін құйынның…[4,58] — деп заманның кейбір келеңсіз тұстарын уайымдайтындығы көрінеді. Мұндай өлеңдердің қатарына: «Дәуір ұзап барады құйындаған», «Іле ме, Ертіс әлде, Жайық па екен», «Жанның даусы», «Жаға тозды, жыртылды», «Ғасыр жаңа», «Түн. Азаттық алаңы» т.б. өлеңдерін жатқызуға болады.
Ақын Нұрлан Оразалин – халықтық тұлғаға айналған, парасат биігіне көтерілген қайталанбас ақын.
Ақынның «Құралайдың салқыны» туралы жинағымен ашылатын үшінші томы мына өлеңнен басталады:
Ойым осы — өртеңердей алмасатын,
Сырым осы бұлақтай жалғасатын.
Сенем түбі жарайды бір кәдеге, Қалып қоймай архивте шаң басатын,
Әнім осы асқақтап айтылатын, Әуезімен аспанда ай тұнатын.
Алатауым сәуірде қайта оянып, Құралайдың салқыны қайта ұратын.
Мұңым осы — өртеген өзегімді, Бермеу үшін күрестім кезегімді. Біреу егер күндесе ту сыртымнан, Біреу үшін өмірім, сезем үлгі.
Ән-күйімді, сөзімнің асылдарын, Ой, сырымды Өзіңнен жасырмадым.
Бар болмысым, оқырман, осы менің,
Өрдім жырмен тулаған Ғасыр қанын![1] – дейді ақын.
Бұл өлең ақынды суреткерлік қырын танытып, жан сырын жайып салады.
Қорыта айтқанда, Н.Оразалин шығармалары адамгершілік, жақсылық, ізгілік, замана тынысы, адамның асыл қасиеттерін жырлауымен ерекшеленеді.
Пайдаланған әдебиеттер
1. Оразалин Н. Үш томдық таңдамалы туындылар. – Алматы: Жазушы, 2006.
2. Айтматов Ш. Ғарыш мінездес жырлар / Құралайдың салқыны жыр жинағына алғысөз. – Алматы: Атамұра, 1997 жыл. – 367 б.
3. Молдағалиев Т. Ақындық айдын, азаматтық биік. Мақала-алғысөз. – Алматы, 1997. – 36 б.
4. Оразалин Н. Қоздағы шоқ. — Алматы: Атамұра, 2008. – 132 б.
5. Қабдолов 3. Сөз өнері: монография. — Алматы: Жазушы, 1983. – 456 6. 6. Мұратбеков С. Өресі биік талант // Қазақ әдебиеті. – 1997. – 24 маусым.
Н.К. Тлебалдина, Ш.А. Доскеева
ТЕМАТИЧЕСКАЯ СИСТЕМА ПОЭЗИИ НУРЛАНА ОРАЗАЛИНА
Статья посвящена осмысливанию тематической системы поэтических произведении поэта Нурлана Оразалина. В статье всесторонне осмысливаются разные поиски в поэзии поэта. Анализируются темы и особенности и рассматриваются с разных сторон сказания, написанные поэтом. Природа, строение, собственное бытие, языковая поворотливость стихов разбирается на основе произведений. А также определяется мастерство донесения художественной мысли поэтом и его собственный стиль.
N.K.Tlebaldina, Sh.A.Doskeyeva
THEMATIC SYSTEM OF NURLAN ORAZALIN POETRY
The article is dedicated to the comprehension of the thematic system of poetic works of the poet Nurlan Orazalin. In the article comprehensively conceptualized different search in the poet’s poetry. The themes and features are analyzed and the stories written by the poet are examined from different sides. Nature, structure, own being, linguistic versatility of verses are analyzed on the basis of works. And also determined the poet’s mastery of the report of artistic thought and his own style.