ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ КӨРІНІСІ

Н.К. Смагулова, Г.К. Кажибаева
Ш.Уәлиханов атындағы КМУ, Көкшетау, Қазақстан Smaghulova13@mail.ru

ҚАЗІРГІ ҚАЗАҚ ӘҢГІМЕЛЕРІНДЕГІ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ КӨРІНІСІ

Мақалада қазіргі қазақ әңгімелеріндегі рухани құндылықтардың көру ерекшеліктері қарастырылған. Авторлар қазіргі қазақ прозасындағы әңгіме жанрының тақырыптықидеялық ерекшеліктеріне тоқталған. Қазіргі қазақ әңгімелеріндегі өнер адамдарының бейнесінің жасалу ерекшеліктерін автолық ұстанымды ғылыми тұрғыдан талдауға арналған.
Сондай-ақ мақалада Қуандық Түменбайдың «Ақындар заңы», Нұрғали Ораздың «Қайыршының жұлдызы» әңгімелеріндегі рухани құндылық және өнер адамдарының образын жасаудың көркемдік-эстетикалық сипаттарына талдау жасалған. Қаламгерлердің адам концепциясын даралап, суреттеуде авторлық ұстанымы мен дүниетанымы талданған.

Кілт сөздер: рухани құндылық, өнер, көркемдік-эстетикалық сипаттары, адам концепциясы, авторлық ұстаным.

Кейінгі жылдардағы қазақ прозасы адам руханилығы мәселесіне түрлі философиялық көзқарастар тұрғысынан келуге тырысты.
Адамдардың рухани мәдениетінің қалыптасуы — аумалы-төкпелі заманымыздың ең маңызды мәселесі. Өйткені қоғамның рухани- жадаулығы-қауіпті дерт. Ол адамдардың, саяси моральдық азып-тозуына елдің әлеуметтік-экономикалық құлдырауына әкеледі.
Руханият дегеніміз кең әрі терең ұғым. Ол әрине бір жылдың ғана жемісі емес, көптеген жылдардың мұрасы. Халық санасы бұл мұраны біртіндеп игеріп оны өзіне азық етеді, рухани жағынан байып молыға түседі. Сананың өсуі қоғамның мәдени – азаматтық парасатын биіктете түсіп, адамгершілік үрдістерінің құлаш жаюына қолайлы жағдай жасайды.
Құндылықтарды бағалаудағы қателіктер көбіне өтпелі кезеңдерге тап келеді. Бір қоғамдық жүйе екіншісімен ауысқанда мұндай асыра сілтеушіліктер жиі кездеседі. Қазіргі уақытта етек жайып, белең алып бара жатқан тағылыққа, жан жадаулығына қарсы қоятын бірден-бір әлеуметтік күш– руханилық болып табылады. Рухани мәдениет және өркениет бірбіріне сай бола бермеуі де мүмкін. Ғылыми-техникалық жетістіктердің адамға ізгілік әкелуімен қатар бақытсыздық әкелуі де өмірде орын алып отырған шындық. Бүгінгі тіршілік етіп отырған қоғамымыздағы халықтың әлеуметтік тұрмысы, күн көріс қамы, олардың ел болашағы, ұлттық мүдде, азаматтық парыз бен қарыз деген келелі ұғымдар жайлы ойлауға, оған өз үлесін қосуға, ниет біілдіруге, талап қылуға мүмкіндік беріп отырған жоқ. Адам баласы терең ойлап, кең пішетін санадан, адами және рухани құндылықтардан күннен-күнге жатсынып бара жатқаны ғасыр трагедиясы. Адамзат баласының әлеуметтік жағдайының қиындығы оның бойына көптеген өзгерістер әкеледі. Ішкі жан дүниесінен бастап, сыртқы бетбейнесі, іс-әрекеті, айналасындағы адамдар мен қарым-қатынасына дейін белгілі бір өзгерістерге, құбылуларға ұшырайды. Бұның бәрі оның дүниетанымына да әсер етеді.
Бүгінгі қаламгерлер қоғамның рухани бейнесін көрсету, ұлттың рухын көтеру идеясын өз әңгімелеріне өзек ете отырып, өз шешімін күтіп жатқан сұрақтардың бірі халық пен өнерді әлеуметтік қолдауды бірінші кезекке шығарды. Себебі өтпелі кезеңнің әлеуметтік қиындығы ең бірінші халық пен оның өнеріне қатты тиген еді. Өзінің өнері арқылы ұлт басқа елге танылады. Сол өнердің ыстық-суығына күйіп жүрген өнер адамдарының тағдыры бүгінгі күні не болып жатыр деген сауал жазушылар қауымын ойлантқан. Осындай азаматтық, адамзаттық мәселелер бүгінгі қазақ әңгімелерінің тартысының синкретті сипат алуына негіз болды. Әлеуметтік, ішкі психологиялық тартыс бірінен-біріне ауыса отырып, кезең бейнесін характер болмысы арқылы танытуды көркемдікпен игере бастады.
«Әдеби әдіс мәселесі ең басты дүниетанымдық, көркемдік құбылыс саналса, осы мәселелердің неғұрлым нақты, толымды шешімі, айқын ғылыми келбеті кейіпкер жан дүниесін бейнелеу мүмкіндіктері мен амал, жолдары, сол бағдардағы жемісті нәтижелер арқылы табылмақ» [1, 335].
Қуандық Түменбайдың «Ақындар заңы», Нұрғали Ораздың «Қайыршының жұлдызы» әңгімелерінде өнер адамдарының әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі мен ішкі психологиялық жағдайларының, сезімдерінің арпалысқа түсіп, қайсысының жеңіп, үстем тұруы асқан шыншылдықпен, сыншылдықпен бейнеленген.
Жазушы Қ.Түменбайдың «Ақындар заңы» әңгімесінің өзегінде ақын Саян тағдыры жатыр. Шығармада күрделі қат-қабат қалың оқиға жоқ. Автор кейіпкердің психологиясына, ішкі сезімдік арпалысына баса үңіліп, оларға талдау жасау арқылы шығарманың парасаттылық деңгейін ой мен идея тереңдігін жетілдіре түсуге күш салады. Әрине шағын әңгімеде оның бүкіл өмірі бейнеленген дей алмаймыз. Бірақ ақынның өмірлік мақсат мұраты көрінген.Қала өмірінен ішкі-жан дүниесі де сыртқы болмысы да шаршаған ақын туған ауыл төсінде дем алып жатыр. Ақын жаны дертті. Оның дертін емдейтін шипа тек қана өзінің ерік-жігері екенін ақын жақсы түсінеді. Сондықтан да ол Алматыдан шыққанда өз-өзіне серт берген: «Өмірден отызында қыршын кеткен Шоқанның атымен ант етемін, енді қайтіп осымен аузымды былғамаймын» [2, 12] Неге ақын аузына Шоқан есімі түсіп отыр.Тек қана «Шоқан және өнер» деген кітап шығарғандықтан ба? Кешегі Шоқан мен бүгінгі ақынның өмірі бір-біріне тіпті ұқсамайды, ал рухани жан дүниелері туыстас.
Бүгінгі ақын өз көңіліндегі толғаныс-тебіреністі, өз көңіліндегі мүддені кешегі Шоқанның мақсатымен байланыстырады. Ол өз басындағы бақыт пен қасіретті соған қарап таниды. Ол бүгінгінің жетістігі кешегінің көксеген жерінен қаншалықты шыға алғанымен өлшейді. Ақын ішкілікке салынса да көңіл түкпіріндегі туған елге, анаға, халыққа деген сезімін жоғалтпаған. Қаншама қаулаған сөзге қалып, кейбіреулер теріс айналып кетсе де, оның жан дүниесі таза табиғи қалпын сақтап қалған. Ол халқының рухани байлығының туын жоғары ұстайды. Сол үшін қызмет еткісі келеді. Бұл оның басты мақсаты. Кейіпкердің ұлт перзенті ретіндегі сәулелі мінезі осы тұста айқын. Ұлт мүддесін ортаның ісін, парызым өз ісім деп тануы, өзіне жүктелген аманатқа жанын салып оң көзімен қарауы, сол үшін қиналып, күйінуі осы сезімдердің арпалысы кейіпкерді оқырманымен табыстырады, таныстырады.
Қоғам дамуындағы өзгерістер адам санасының өмір сүру салтына, түсінік-нанымына қаншалықты әсер етсе де, ешуақытта өзгермейтін заң бар. Ол халықтың рухани байлығы, адамның рухани құндылықтарының өзіндік бітім-болмысы. Әрине ел басынан өткен әрбір кезең оның әдебиеті мен мәдениетіне әртүрлі сапалық өзгерістер әкелуі мүмкін. Бірақ оның ішкі мазмұны мен ұлттық ерекшелігін өзгерте алмайды. Ал адам бойындағы рухани құндылықтың өзгеру-өзгермеуі әр адамның өзінің ерік-жігеріне байланысты. Қоғаммен бірге келген әрбір тың жаңалық, өзгерістерді әрбір адам өзінше қабылдайтыны белгілі.
Дегенмен әрбір адам өзінің адами келбетін сақтап қалуы тиіс. Бұл тек өзі үшін емес, қоғам үшін, ел, халық үшін адамзат тағдыры үшін игілікті мүдде. Осындай адамзаттық мәні бар келелі іске бүгінгі ақын ауылдастары қай тұрғыдан келгенін көріп ақын шошынады.
Әңгімеге көз жүгіртсек: «Туған жердің тұз-дәмін тату үшін тәуелсіздік алған ауылыма келгенде шешемнен басқа қабағы ашық біреуді көрмедім.Адамдар да, тал терегі де жүдеп кетіпті.Шыққан кітабым түстіме екен деп кітапхана барып едім, бұрынғы клуб ішіндегі бай кітапхананың орнында машина-трактор шеберханасы тұр» [2, 12]. Кітапхана мен машинатрактор шеберханасы деген ұғымның арасы жер мен көктей алшақ. Рухани құндылықтың орнын материалдық игілік басқан.Бұл жағдай жалғыз ақын ауылында орын алып отырған жоқ, көптеген қазақ ауылдарының басындағы жағдай.
Небір жақсымен жайсаңды тудырған, өсіріп, тәрбиелеген халық перзенттерін берген ауыл тағдыры көкірегіне намысы барды ойлантары хақ. Бар кінәні қоғамға жаппай, сол қоғам үшін қызмет етіп жүрген өзіміз екенін ескерген дұрыс сияқты. Жалғыз Саян ақын ештеңе істей алмайтыны анық. Ол енді айналасынан өзін түсінетін адам іздейді. Көпшілікке көп дүниені ұғындырғысы келеді. Әсіресе жас жеткіншектер алдына шығып, Шоқан және оның өмірі мен өнері жайлы айтқысы келуі осының дәлелі. Бірақ ақынға қарайтын ауыл жоқ. Ақынын құдайындай сыйлайтын, қадірлеп төбесіне қоятын, оның бар еркелігін көтеретін, сөз өнерін құдіретім деп танитын ұлттың бүгінгі ұрпағына не болған?
Осындай қасіретті басынан өткеріп отырған бүгінгі қазақ ауылының бейнесі Думан Рамазанның «Түсіме кірген ақ боз ат» әңгімесінде көрінеді. Ауыл дегенде көркем табиғат, ақ шағаладай қатар түзелген үйлер, өрістен қайтқан мал, ақ жаулықты ана мен ақ сақалды қария, асау тай мінген бала, атпал азамат пен инабатты бойжеткен елесі көз алдымызға келетіні сөзсіз.
Адамдарының көңілі өзі сияқты жайылып жатқан ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігі көпті ойлантып жүрсе де, қоғамдағы түбегейлі өзгерістер, заман ағымы оның оңды-солды ықпалы ештеңеге де қарайлайтын емес. Әңгіменің басты кейіпкері Нұрман ат басын туған ауылына тірегеннен-ақ ауыл адамдарының басына түскен көптеген қиыншылықтардың куәсі болады. «Қазір таудың қасқырынан адамның қасқыры жаман болып кетті ғой», «Тегінде, маған мына нарық деген пәле жақпады. ….Несін жасырайық, келген қонаққа бұрынғыдай мал сойып, мәзірет жасайтын күй жоқ.», «Дүние не боп барады.Қос өкпеден қысып, қусырып жіберді ғой», «Әй, қайдам заманның сұтқынан қорқам!» деген сөздер қос қарияның аузынан шығады. Бұлар Нұрманның апа-жездесі Тұрымтай тәте мен Жүнісбек ақсақал еді.
Ел ішін жайлаған ұрлық, жұмыссыздық, арақ ішуден басқамен ісі жоқ жалқау жастар, алыпсатарлық саудамен үй-күйсіз сенделген әйелдер, бала бағып үйде отырған ер адамдар, тозығы жеткен үй-күй бәрі-бәрі халықты сандалтқан өтпелі кезең қиыншылығы. Осының бәрі жиналып келіп адам болмысына көптеген өзгерістер енгізгені аян. Әсіресе елдің намысын қолдан бермейтін арыстай азаматтар қазан-ошақ жағалап қалғаны ұлт болмысына жат тіршілік. «Әйелімнің сауда жасаймын деп қалаға кеткеніне ертең тура алты ай болады. Әйтеуір, баяғы соқыр үміт қой. Бір жерден арзанға алып, екінші жерге арқалап апарып, сәл үстеме ақша қосып сатады. Күндегі бар тірлігі осы. Одан түсіп жатқан пайда да шамалы көрінеді. Әйтеуір, аштан өліп, көштен қалмастың қамы. Мен отырмын екі баламен үйде омалып. Солардың тамағын дайындап, кірлерін жуумен-ақ күнім өтіп барады.» [3, 29] деп Жүнісбек ақсақалдың баласы Қанат өз тірлігін Нұрманға жайып салады.
Жазушы ауылдағы оның тұрғындарының болмысындағы өзгерісті сол адамдардың өздеріне бағалатқызады. «…ауылдың берекесі кеткен, базары тарқаған, ажары тозған, адамдары азған.Бірінің қатынына бірі үйленіп , бірінің байын бірі тартып алып жатқан заман!» [3, 31] деген ой Нұрман аузынан шыққан. Ал сол заманда өмір сүріп, оны өз қолдарымен жасап жатқан адам баласының өзінің дүниетанымы, ой-өрісі, санасы. Базарлы елдің берекесін алып, ажарын тоздырған өздері екенін түсінбейді емес, түсінеді. Бірақ барды жоғалтуға келген шамамыз, жоғалтқанды қайта табуға келмей жатыр. Кінәліні сырттан іздеп, қоғамға, заманға сілтеп үйренген әдет әлі де қалмай келеді.
Қазақ прозасында ауыл тақырыбына арнап көптеген әңгімелер жазған С.Мұратбеков, Т.Нұрмағанбетов туындыларындағы ауыл, оның ақ жарқын, кеңпейіл адамдарының бейнесі бүгінгі қазақ әңгімелерінде көріне қоймайды. Адам дүниетанымы өзгерген. Қазақ ауылы өзінің әр перзенті «ауылым—алтын бесігім» деп еске алатын сезімге лайықты орнын ала алмай қалатын қауіпті Думан Рамазан жоғарыдағы әңгімесіне танытып өтеді. «Ауылдан шыға бере күн суыта бастады.Көк жүзінде қара қошқыл бұлттар пайда болып, төңірек күңгірт тартты.Төбеде топ-тобымен тырналар ұшып барады.Ненің әсері екенін өзім де білмеймін, тыраулаған тырналарға қарап отырып, өзімді-өзім тоқтата алмай кемсеңдеп қоя бердім.Көзіме тағы да жас іркілді»[3, 36] деп әңгіменің аяқталуы осы ойға дәлел.
Екі жазушының әңгімелерінің идеялық жағынан тоқайласатын бір тұсы осы бүгінгі ауыл бейнесі. Саян мен Нұрман жанына бататын жайт біреу ол азып-тозған ауыл тағдыры. Саян жаны түңілген сәтте оған демеу болған облыс әкімі Атымтай Жомарт болады. Ол көмекшісін жіберіп ақынды өзінің қабылдауына алдыртады. Ауылдан жүрер алдындағы кейбір сөздер адам санасына тоталитарлық заманның салып кеткен дақты байқатады. Әкім көмекшісінің көзіндегі қобалжу, баусындағы бұйрық, күзетшідей тұруы, артық тіл қатпауы осының дәлелі. Өзін ел көзінен тасада не үшін машинаға салып әкетіп бара жатқанын біле алмай, білгісі келген сұрағына жауап ала алмағаны талай талант тағдырынан белгілі жайт.
Ақын Саянның жалғыз көйлегім бар, бірақ оның қара дақтары бар деген ойы көп сырды аңғартады. Ол халқына, оның өнеріне деген пәк сезім. Бірақ сол бір ақ көңілге түскен дақтар бар. Сонымен қатар әңгімеде ақын өзінің өміріндегі естен кетпес екі оқиғаның бірі осы әкім қабылдауы болса, екіншісі өзінің үйлену тойы күні неміс ұлтының өкілдері әйел мен ер адамның бұларды құттықтап ерекше қуанғандары еді. Адамдық, ұлттық рухы жоғары халық деп неміс ұлты туралы ақын бір сәт ойланып кетеді.
Халық бойындағы ұлттық рухтың сөнуі, көріне алмауы жақсылыққа апармайды.Сөнген рухты қайтадан маздата жаға білу тек қана әдебиеттің қолынан келетіні туралы қаламгер Д.Әшімханұлы мынадай пікір білдірген еді: «Ұзақ жылдар бойы ағылшындардың отарлауында болған үнді халқы тәуелсіздік алған кезде Джавахар Нерудің «Бәрін қалпына келтіреміз.Кедейшіліктен де құтыламыз, байлыққа да жетеміз, қираған мүлік-мүкәмалдың да орны толады.Ең жаманы отарлық езгінің әсерінен халқымыз рухын жоғалтып алды.Орны толмас өкінішіміз де осы.» деп мұңаятыны бар.Осыған ұқсас, көп жылғы отарлық пен бодандық қазақ халқының да рухын жасытып, сағын сындырып кетті.Ал енді халқымыздың жасыған рухын кім көтереді.Меніңше мұны тек әдебиет көтереді.Сондықтан да әдебиетіміздің қазіргі кездегі міндеті, парызы—халқымыздың рухын көтеруге бағытталуы керек» [4, 9].
Ездік елдікке жетелемейді. Автор ақынды әкімнің жылы қабылдауын, ерекше ілтипат көрсеткенін суреттей отыра, ақын жанын түсініп, оның дертінің емін іздеген ұлт перзентінің бейнесін ашады.«Ақындар заңы Джунгли ешкімге ішкі қақпасын шерткізбейді, Мүсіркегенді жек көреді» [2, 12] деген сәттен ақын жанының өрлігін байқаймыз.
Жазушы әртүрлі әлеуметтік топтар өкілінің ішкі дүниесін олардың сана сезіміне тән психологиялық детальдар шынайылығымен суреттеуге ұмтылады. Әкім Атымтай Жомарттың ақынды мүсіркемей, оның жан дүниесінің пернесін басып көріп, өзінің көңіліндегі биік мұратын іске асыруы адамдық рухының биіктігін көрсетеді. Ұлттың төл перзенттері ұлт мүддесі үшін оның өнері үшін бір-бірінен қолдау көруі, адам жанын жадыратады. Саянның өмірге құштарлығы өнермен тығыз байланысты. Оның ойынша адам баласы мәнді тіршілік кешу үшін өнерді жанындай түсініп, қадірлей білуі қажет.
Саянның ішкі жан дүниесіндегі игілікті ойлар сыртқа шыққанда үнемі кедергіге ұшырайды. Бұдан рухани дүниеден материалдық дүниенің бірінші кезекке шыққанын байқаймыз. Саянның идеалы ұлт өнері. Ол сол өнерді Шоқан өмірі арқылы кейінгі буынға жеткізбек.Бірақ осы бір асыл арманға жету Саян үшін қиын. Себебі тіршіліктің өз заңы бар. Ол әр адамы, оның сана-сезімін, ой-өрісін өзіне бағындыра алады. Күнделікті тұрмыс тілеуін ғана қанағаттандырып өмір сүру, тіршілік ету адам баласын алысқа апармасы сөзсіз.
Рухани қажеттілікті сезіне отыра, сезінгісі келмеу, материалдық игіліктің жетегінде кету Саян ауылдастарының басты трагедиясы.Барлық келеңсіз құбылыстарды Саян көре біледі.Себебі ол сырттан келді.Сондай-ақ оның дүниетанымы басқа.Саян дерті – бүгінгі заман дерті, дәуір дерті.Жазушы заман дертін, адамзатты аздыруға себепкер осал тұстарды тап басып, өмір шындығын көркемдік тәсілмен биік деңгейде шебер баяндайды.Жазушының әкім есімін Атымтай Жомарт деп алуында өзіндік сыр бар.Қазақ халқының ұғымында бұл есім дархандықтың, көпшілдіктің белгісі ретінде көрінетіні белгілі.Әңгімеде:« – Әкемнің аты Атымтай Отчеством жоқ.Қазақ баласы әкесінің атымен жазылады, – дегенде Саянның қолы қайта жүріп кетті де, нығыздап нүкте қойды» [2, 12] деп суреттелетін сәтте Саян өзіне бүкіл жан дүниесімен жақын адамын тапқандай әсер алады. Жазушы әкім образын шыншыл өрнектей отырып, азаматтық деген киелі ұғымның мәнін өз тұрғысынан ашуға тырысқан. «Өнерім менің өмірім» деген мақсатпен өмір сүрген Саян сияқты өнер адамдарының қандай қиындық болса да мойымай, айналасына қарап түңіліп кетпей, алдыңғы күнге сеніммен қарай білуі жаныңа қуат береді. Себебі әлеуметтік тұрмыс жеңіп, рухани қайыршыланып, жадапжүдеп, өз ортасынан жатсынып, азып-тозып кеткен өнер адамының өмірін бейнелейтін, тағдырын көрсететін әңгімелер бүгінгі прозамызда көптеп кездеседі.
Жатсыну сияқты философиялық категория – экзистенциализмнің күрделі концепцияларының бірі екені белгілі. Философияның ғылыми мәселесі ретінде жатсыну көп жылдар бойы маркстік-лениндік ілімге қарсы қойылып, тек біржақты түсініктердің ауқымында қалып қойды. Бүгінгі дәуірде әлемдік мәдениеттердің интеграциясы күшейген шақта, рухани ықпалдардың төркінін танып, өрісін барлау ғылым алдындағы маңызды істердің бірі екені анық. Жалпы жатсыну түрлері; адамдардың адамнан жатсынуы, адамның өз-өзінен жатсынуы, адамның қоғамнан жатсынуы.
Жазушы Нұрғали Ораздың «Қайыршының жұлдызы» әңгімесінде осыған дейін қазақ прозасында көрінген тенденцияның бірі адамның өз заманын рухани жатсынуы басты мәселе ретінде көрінген. Болашағынан айналасындағыларға мол үміт күттірген жас актер аяқ астынан қайыр сұрап қайыршы болып кетеді.
Әңгімеде актердің тоғызыншы сыныпта оқитын қызы мектепте курткасын жоғалтып алып, үйіне жалаңаш қайтқанда суық тиіп ауырып жатып қалуынан, оған уақытында қайтадан киім ала алмағандықтан, ол осындай жолға түсіп кеткен сияқты суреттейді. Бұл жерде характер мен жағдай мәселесіне көңіл аудару қажет. Расында да актер жігіт өзін тұрмыс әкеліп қамалаған шарбақтан шығу жолын іздеді. Өзінің жұртты тәнті еткен таланты бұл жерде дәрменсіз екенін сезінеді. Ол айналасындағылардан көмек сұрап қол жайды. Әңгімеде жас актердің осы кездегі жағдайын жазушы: «Сол бір күндері оның қандай жан азабына түскенін көрсеңіз ғой.Өнер адамдарының көбінің көңілі нәзік, боркемік болып келеді емес пе, қатты күйгелектеніп, ұйқыдан да, күлкіден де қалып, екі жағы пышақ жаныған қайрақтай қушиып, көзі шүңірейіп, бар-жоғы бес-алты күннің ішінде абақтыға түсіп шыққандай азып-тозып кетті.Оның үстіне әлгі жоғалған куртканың орнына бір жылы киім сатып ала қоятындай ақшалары да болмады» [5, 7].
Осындай сәтте іштей мүжіліп отырған адамға рухани дем берген ешкім болған жоқ, бірақ материалдық көмек бергендер болды. Ол кавказдық бай кісі. «Егер қажетім болып жатса, мына телефонға хабарласа салыңыз» деп өнер адамына өз қажеттілігін айқын сезінген кавказдық бай кісі актер жігіттің өміріне ақырындап енген еді. Басына қиын жағдай туғанда актер жігіт бірден оны есіне алды. Себебі оған өзінің жұмыс орнынан, мәдени басқару ұйымдарынан көмек сұрау бос әурешілік сияқты еді. Әрине кавказдық бай кісі бірден көмектесті, баласына сыртқы киім әперіп қуаныш сыйлады, бірақ мұның бәрі актер жігіт үшін қымбатқа түсті. Ол өзінің өнерін, бүкіл жан дүниесін саудаға салған еді. Енді өмірге басқа қырынан қарады. Оның осыған дейінгі өмір сүру дағдысы, қалыптасқан дүниетанымы толығымен өзгерді. Енді ол басқа адам.
Дегенмен актер жігіттің ішін жегідей жеген бір қиналыстың болғандығын мына сәттен аңғаруға болады: «Қашан көрсең де тұнжырап, ауыр ойға батып жүреді.Өзі жоқта хабарласқан дос-жарандарына, театрдағыларға да телефон шалмайды.Үйіне келгенде кешкі асын апылғұпыл асығыс ішіп, «Мені мазаламаңдар, шаршап келдім» деп ерте жатып қалады»[5, 6].
Қоғамдағы өзгерістермен бірге күрт өзгеріске ұшыраған тағдырлар көп. Ішкі жан дүние, сана сезім мен сыртқы орта, қалыптасқан жағдай бір-біріне кереғар болып келуі талайды тығырыққа тіреп отырғаны анық. Бойындағы таланты мен дарынын басқа мақсатқа пайдаланып жүрген актер жігіттің рухани азып-тозып кеткені кімді болса да ойлантпай қоймайды.
«Сол екі-үш жылда оның жаны мен тәні түгел қайыршыланып кеткен болатын.Көзқарасы, әсіресе көзқарасы тым аянышты еді. Үлкен –кіші, бала-шаға, кемпір-шал демей ол айналадағы адамдардың бәрінен қайыр-садақа дәметкендей жаутаңдап қарайтын. Онымен әңгімелесуге, көңіл көтеруге, қонаққа баруға, жай әншейін қатар отыруға мүмкін болмай қалған-ды» [5, 6] деген сәттен табиғат берген құндылықты жоғалтуға көп уақыт керек емес, ал оны қайтарып алу үшін адам қайтадан екінші рет өмір сүруі керек.
Ал ұлт өзінің өнеріне, өнер иесіне қолдау көрсетпесе, құрметтемесе онда өзінің рухани бейнесін біртіндеп өшіргені болып табылады. Өнердің, өнер адамының даңқын аспанға шығарудың, шығармашылық қиялдарына, ерік-жігерлеріне қолдау көрсетудің орнына кейде оларды жер етіп, базардағы саудагердің бір күнгі тапқанын бір ай жүріп таба алмайтын жағдайға жеткізген тұстар да бар екені анық. Әрине қанша дегенмен адам рухының аяқ астынан, тез арада, көпке шыдамай морт сынуы оның әлсіздігін танытады. Ендеше актер жігіт өзінің адами құндылықтарын бір күнде тәрік етіп, образ сомдау үшін қолданған тәсілдерін өзінің күнделікті өмірінде қолданып күн көрістің қамына түсіп кетті.Ол алды-артын ойлаған жоқ. Бала –жар, дос-жаран деген жақын адамдарының күні ертең бұл тірлігіне қалай қарайтыны туралы көп толғанған жоқ.
Әңгімеде тағы өзіне назар аудартқызатын мәселе – — адам жұлдызы. Жазушының да, жазушыға осы бір трагедиялық жағдайды айтқан келіншектің де, актер жігіттің де жұлдызы Бикеш болатын. Жұлдыз дегенде адам санасына аспан, биіктік деген ұғымдар келеді. Ендеше кез келген адам биіктікті аңсайды, соған қол жеткізуді мақсат етеді. Жұлдызды ешкім де жерден іздемейді, оны тек биіктен көреміз. Белгілі бір мақсатқа жеткен, бақытын тапқан адамның жұлдызы жарқырады деп ойлаймыз. Әңгімеде үш кейіпкерге де ортақ сипат үшеуінің де жұлдызы –Бикеш. Бірақ өмір жолдарында, өз жұлдыздарын табуда үшеуінің жолы әртүрлі. Бірі –жазушы, бірі – тағдыр талқысына түскен әйел, үшіншісі –қайыршы болып кеткен жас актер. Бұдан жазушы адам өз тағдырын өзі жасайды, әркімнің өмір жолында кездесетін қиыншылық оның тағдырындағы сын деген мәселе көтерген. Ал әңгімеде кавказдық кісі бейнесі тектен-текке көрінбеген. «-Саламатсыз ба, актер жігіт,-дейді артқы орындықта жалғыз отырған қошқар тұмсық кавказдық кісі тап-таза қазақ тілінде үн қатып, -Отырыңыз, үйіңізге жеткізіп салайық.Біз сіздің талантыңызға табынушылармыз!» [5, 7] –деген кавказдық кісі актер жігітке сөзбен болса да қолпаштау көрсетіп, оның ана тіліне деген құрметін де көрсетіп тастайды.
Өз қандастарымыз игере алмай жүрген қазақ тілін ол игерген. Өзіміз бағалай алмай жүрген театр өнерін ол бағалай біледі. Әңгімедегі :«Жол-жөнекей олар театр ,өнер жайында әңгіме қозғайды. Кавказдық кісі өзінің шет елдерге жиі баратынын Рим, Париж театрларында болғанын, бірақ қалай дегенде де өзі туып өскен өлкенің театрларының орны бөлек екенін тілге тиек етіп өтеді» [5,7]- деген сәт осыны көрсетеді.Ол әрине қолынан келгенше актер жігітке материалдық жағынан көмектесті. Ал актер жігіт өзіне-өзі көмек көрсете алмады. Өзінің рухани жан дүниесін сақтап қалу қолынан келмеді.
Айналасына жалынышпен қарап қол жаю, өзін мүсіркеген көзқарасты іздеу аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін жас жігіттің рухани жұтаңданғанын көрсетеді. Өзі өмір сүрген ортадан, айналасындағы адамдардан жатсынған актер жігіт тіпті өз-өзінен де жатсынып кеткен. Бұл әңгіменің түйіні жас жазушының адам болмысы мен жан дүниесінің түпсіз тұңғиық екендігін табиғи түйсікпен сезініп, сол сан түрлі қатпарды жазушы пайымы мен жазушы логикасы арқылы ашып көрсетуге тырысудан туған батыл топшылау. Қазір дүние өзгерді, адам өзгерді, оның өмірге көзқарасы, жақсы көру, жек көру сияқты қағидалардың ескі тұғыры шайқала бастады. Адам табиғатына терең үңілу, ой қорыту, жазушы парызы.

Әдебиеттер тізімі:
1 Майтанов Б. Қазақ романы және психологиялық талдау. – Алматы: Санат, 1996. – 336 б.
2 Оразалин Н. Әдебиет – ардың айнасы // Қазақ әдебиеті. – 2001. – № 48. – 8 б.
3 Рамазан Д. Көкжал. – Астана, 2001. – 136 б
4 Қазақ әдебиеті. – 2001. – № 9.
5 Аманжол Қ. Армансыз // Қазақ әдебиеті. – 2000. – № 45. – 9 б.

Н.К. Смагулова, Г.К. Кажибаева
ОТРАЖЕНИЕ МОРАЛЬНЫХ ЦЕННОСТЕЙ
В СОВРЕМЕННЫХ КАЗАХСКИХ РАССКАЗАХ
Данная статья посвящена современным казахским рассказам, где описывается особенности образа творческого человека и анализируется с научной точки зрения позиции и мнения автора
Также в статье рассматривается моральные ценности и образ человека творчество, художественные и эстетические свойство написание образа творческого человека, анализированы позиции и мироззрения автора в описании отдельных концепции человека в рассказах К.Туменбай «Закон поэтов», Нургали Ораз «Звезда попрошайки»

N.К. Smagulova, G.К. Kazhibaeva
REFLECTION OF MORAL VALUES IN CONTEMPORARY KAZAKH STORIES
Given article is dedicated to modern kazakh tale, where is described particularities of the image of the creative person and is analysed with scientific standpoint of the positions and opinions of the author.
Also in article is considered moral value and image of the person creative activity artistic and aesthetic characteristic writing the image of the inhabitant of the aul, that second chapter are analysed positions and fksoelrm author in description to separate concepts of the person in tale K.TUMENBAY «Law poet», Nurgali Oraz «Star of the beggar».

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *