Н.С. Қамарова
Ш. Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті Ақтау, Қазақстан nagbdu@mail.ru
МЕДЕТ ДҮЙСЕНОВ – БАЛЛАДА ЖАНРЫНЫҢ ШЕБЕРІ
Ақын Медет Дүйсенов поэзиясының тақырыбы сан алуан. Ақын қай тақырыпқа қалам тербесе де, сыршылдық, нәзік сезімталдық, көтеріңкі екпін сияқты өзіне тән тілден ауытқымайды.Ұлттық поэзиямыздағы баллада жанрының дамуында М.Дүйсеновтің өзіндік үлесі бар. Медет шығармашылығындағы баллада жанры да поэтикалық ерекшеліктерімен даралана көрінеді. Әр жылдары жазылған «Үш тораңғы», «Сәбиден қашқан сұлу», «Еленбей қалған есім», «Сынған шүйше», «Ел басқан», «Соққылар» және т.б. балладалары ақынның ізденісінің жемісі деуге болады. Балладаларының негізгі өзегіне айналған адамгершілік, қайсарлық, адалдық сияқты адами қасиеттер белгілі бір оқиғаның, белгілі бір уақыт шындығының аясында бой көрсетіп, ақындық ұстанымды танытады.
Тірек сөздер: Медет Дүйсенов, қазақ поэзиясы, жанр, баллада, жанр тақырыптары, шеберлік, ақындық ұстаным, ақындық ізденіс.
Баллада – қазақ поэзиясында даму үстіндегі жанр. Балладаның шығу тегіне келсек, ({lang-la|ballo, прованс. balada – билеймін; нем. allade, фр. ballade, итал. Ballata – эби әні) – өнер жанры, әдебиетте: поэзияның шағын сюжетті лирикалық жанры.
Алғашында, роман шоғырына жататын тілде сөйлейтін халықтардың би әнін, кейінірек Батыс Еуропа халықтарының сюжетті әндерін баллада деп атаған. Әдебиеттегі баллада ХІІ–ХІІІ ғасырлардағы трубадурлар мен труверлердің дәстүрлі халық өлеңдері мен әндеріне негізделген туындылардан қайнар бастауын алады. ХІІІ–ХV ғасырларда Францияда полифониялық рефренді әндер (Гильом де
Машо), Англияда эпикалық тынысты, лирикалық нәзік үнді халықтық балладалар (Робин Гуд туралы) бұл жанрдың қалыптасуына негіз болды. «Робин Гуд және монах», «Робин Гудтің Вилли мен Статлиді азат етуі», т.б. балладалар осыны айғақтайды. Балладаның классикалық үлгісі Францияда қалыптасты. Жиырма сегіз жолдан тұратын француз классикалық балладасы үш сегіз жолдық, бір төрт жолдық шумақтардан тұрады және сюжеті жеңіл немесе сюжетсіз лирикалық сазды өлең түрінде келеді. Франция әдебиетіндегі балладаның ірі өкілдері: Э.Дешан, К.Маро, Ф.Вийон, П.Ронсар, К.Орманский, Х.Пизанский және т.б. Италия әдебиетіндегі баллада француз балладасынан құрылымы жағынан еркіндеу, стилі жағынан да өзгешерек болады, италиялық балладаның классикалық үлгілері Данте мен Петрарке шығармаларында көрініс тапты.
Кейіннен, ағылшын және шотланд әдебиетінде баллада қарқынды дамыды. Және ол сюжетті лиро-эпикалық поэма түрінде жазылды. Англия балладасының ірі өкілдері: Р.Бернс, С.Коллидрж, У.Блейк, Р.Киплинг, Р.Соути, Р.Стивенсон. Германияда баллада алғашында хор әні түрінде қалыптасып, кейіннен антикалық миф пен аңыздарға негізделген лирикалық-эпикалық сюжетті өлең сипатындағы түрлері қалыптасты. Германияда балладаның өкілдері – И.Гете, Ф.Шиллер, Г.Гейне, Л.Уланд, А.Брентано және т.б. ХVІІІ–ХІХ ғасырларда орыс поэзиясында романтизм мен сентиментализм ағымдары айқын көріне бастаған кезеңде балладаның қалыптасуына В. Жуковский, А.Пушкин, М.Лермонтов, И.Козлов, А.К.Толстой, В.Брюсов, т.б. ақындар ерекше ықпал етті.
Қазақ әдебиетіне баллада жанрын С.Ерубаев («Үш шахтер туралы баллада», «Меруерт алқа», т.б.) окелсе, Қ.Жармағамбетов оны дамытып қалыптастырды («Бидай туралы баллада», «Мұғалима», «Күзетші», «Кекті бала», т.б.). Жармағамбетовтың балладалары «Адам туралы аңыз» (1951), «Мұғалима туралы баллада» (1957), «Балладалар» (1962), т.б. жинақ болып жарық көрді. Сондай-ақ, қазақ ақындары Ә.Тәжібаевтың, Ә.Сәрсенбаевтың, Ж.Нәжімеденовтің, М.Мақатаевтың, Қадыр Мырза Әлінің, М.Шахановтың жекелеген шығармалары баллада үлгісінде жазылған. Кеңес дәуіріндегі қазақ балладасы бойында қалыптасқан жанр белгілерін (сюжет, композиция) сақтап келді. Аталмыш жанрдың шарықтау шегі XX ғасырдың 30-60жылдарына сәйкес келеді. Оны қоғамдағы түрлі өзгерістермен байланысты деуге болады (төңкеріс, колхоздастыру, Ұлы Отан соғысы, тың игеру, т.б.). Балладаның ендігі бір көп жазылған кезеңі – Ұлы Отан соғысы жылдары. 1941-1945 жылдардағы алапат соғыс жалпы қазақ әдебиетінде кең өріс тапты. Жаудан қорғауға шақыратын, майдандағы от кешіп, кеуделерін оққа тосып жүрген батыр ұл-қыздарының жанкешті күрес қимылдарын насихаттайтын өлеңдер туды. Осы кезеңде жауынгерлік дәстүрді жырлау шыңдала түсті. Дүниежүзілік соғыс поэзияны дамыту, оған жаңа мазмұн, жаңа сапа беру бағытында ізденістерге мұрындық болды. Бұл тақырып 1970-2000 жж.ақындар шығармаларында жалғасын тапты. 70-90-жылдар аралығында замана ырқына, талабына бағынудан туған жасанды толғамдар, идеялық рупорды еске асалатын тұлғалар орын алған. Дегенмен уақыт алға тартып отырған көкейкесті әлеуметтік-моральдық, адамгершілік-этикалық мәселелерді көтеруге айрықша талпынды. Төл әдебиетіміздің поэзиясы 70-90 жылдар аралығында бірталай биіктеп, өрісі кеңейе көрінеді. Әлем әдебиетінің барлық озық үлгілерінен нәр алды. Поэзия жанрлары құбыла, жаңғыра түсті. Көркейе түскен балладаны да қаламгерлер әр тақырыпта түрлене толғады. Реализм мен романтизмнің өрілуінен көрінетін баллада бітімінен азаматтықжауынгерлік рух көріне түсті. Ерлік пен елдік, адалдық пен сұлулық, пәк махаббат пен биік парасат – балладаның батыл қимылдарына арқау болды.
1970-2010 жылдары қазақ балладасы жалпы әлемдік озық дәстүрлерін қабылдай отырып, дамып келеді. Оқиға күрделеніп, көркемдеу құралдары жаңара түсті. Баллада басқа жанрлармен қатар қай кезде де заманына сай, көкейкесті міндеттерді өз тұрғысынан шешіп, өмір өзгерістерін қалт жібермей, дәуір шындығын дәл бейнелеуге талпынған. Балладада тақырып аясы, суреттелетін кезең, сюжеттілік желісі әр түрлі. Суреткерлер өмір құбылысының ішінен ерекше қызықтырған, ой-қиялына түрткі салып, көңіліне әсер еткен жайларды поэзия тілімен жасап, сомдап, тақырып қылып белгілеп оқушы назарына ұсынады. Бір баллада сюжетіне өткен дәуір батырлары арқау болып, тарихи адам бейнесі жасалса, екіншісінде азғын фашизмнің зардабы, соның кесірінен адамдардың жүрегіне салынған жара, ауыр тұрмыс суреттеледі. Кейінгі кездегі жанр шығармаларында бейбіт заман адамдарының тұрмыстіршілігіндегі проблемалары, адамгершілік идея мәселелері, адам тағдыры т.с.с. сөз болады. Қаламгерлер қилы тағдырлар арасындағы тартыс әрекетін суреттей отырып, тарихта белгілі адамдардың, өнерпаз тұлғалардың характерін ашып, образын жасауға тырысқан. Өнер, өнерпаз тұлғасы – бұрыннан-ақ мол игеріліп, сан қырынан сомдалған, талай үздік жырларға арқау болған тақырып.
Баллада – жалпы әлеуметтік мәселелерді емес, көбінесе адамның жеке басының проблемаларына назар аудартатын жанр. Мұнда адамның басынан кешкен оқыс оқиға баяндалады. Балладаның өз бетінше жанр болып, оны нақтылай түсетін белгілері мынадай:
— Балладада бір ғана эпизодтық көрініс бар, оның өзі таң қалдырар оқшау сюжетке құрылған.
— Кейіпкер ретінде қарапайым адам бейнеленіп, оның бүкіл ғұмыры суреттелмей, бір оқиғаға ғана қатысты оқыс іс-әрекеті көрсетіледі. Кейіпкер саны бір-екі адамнан аспайды. Кейде баллада кейіпкері тархи тұлға да болады.
— Кейіпкер жалпымемлекеттік мәселелерді шеше алмайды. Мұнда тарихи деректерге көңіл қатты бөлінбейді, олар жалпылама түрде баяндалады, уақытқа шектеу қойылмайды.
— Кейіпкер – көбінесе отбасы, жеке басының мәселелерін шеше алмай жүрген жан.
— Өлеңнің өн бойын өзектеп, қатерлі қалпымен аяғына дейін ширыға беретін драматизм де күшті болады.
— Сюжет міндетті түрде күтпеген жерден аяқталады.
— Эпика мен лириканың белгілері араласа келіп, балладаны өзіне бөлек бір аралық лироэпикалық жанр болуына жеткізеді.
— Көлемі жағынан лирикалық өлеңдерден ұзақ, поэмадан қысқа болады. Неғұрлым аз жолдар арқылы баяндалса, соғұрлым сюжеті оқырманды қызықтыра түседі.
— Теңеу, эпитет, қайталаулар балладаның ерекшеліктерін арттыра түседі.
Балладаның қамтитын негізгі тақырыптары:
— Жауынгерлік рухтағы (ел қорғау, Отансүйгіштік, халық батырларының бейнесі); — Әйел тақырыбы (ана ерлігі, ана парызы, әйел борышы);
— Еңбекті дәріптеу;
— Махаббат;
— Табиғат, экология; — Өнер, салт-дәстүр;
— Қиялға құрылған балладалар (ақыл-ой дамыды, қиял жүзеге асты… Мысалы, ғарыш, ұялы телефон, интернет жүйесі, т.б.). бүркемелеп айту да дәстүр болған. Кейінгі кездегі балладаларда ойды тура ашық айту дәстүрге айналды.
— Аңызға негізделген балладалар.
Баллада соңында ақын түйін жасап, оқырманға ой тастайды. Түйін жасауда «бірақ» сөзі көп қолданыс табады. Мысалы: //Бірақ, соның оралмады сүйгені,// Дүние салды амалсыздан тигені.// Сөне берді жалынды оты жастық шақ, // Күзетші боп қалды отбасы үйдегі. // (Қ.Жармағамбетов.«Өксіген өмір»).
Баллада шығармаларынан шығатын тағы бір қорытынды: аталған туындылардың авторлары кейіпкерлерін «кенет» сюжеттік жағдайда суреттейді. «Кенет» жағдайы кейіпкердің шағын оқиғадағы оқыс қимыл-әрекетін шапшаң қозғалыста бейнелеуге тиісті.
Мысалы: // Кенеттен (солдат мұңы тұрған аңдап), // Көлеңке көтерілді бұлғалаңдап. // «Аһ!» деді. Талып түсті. Анадайдан // Жыланды көрді-дағы тұрған арбап. (И.Оразбаев. «Құпия ғашық»). Немесе // Кенет атыс тынып қалды // Қайта түсіп сабасына. // Жоқ болғандай сіңіп бәрі, //Тығылып түн арасына.// (С.Мәуленов. «Тартыс таңбасы»).
Қазақ балладасының даму кезеңдерін былайша бөлуге болады: І. Балладаның балаң кезеңі. ХІІ ғ. (М.Қашқари еңбектері). ІІ. Балладаның жанр болып қалыптасуы. ХІХ-ХХ ғ. басы (1880-1930 жж.). Абай, Сәкен, Мағжан, т.б. ІІІ. Жаңа баллада. ХХ ғ. (1940-2000 жж.).
Қ.Аманжолов, С.Мәуленов, Қ.Жармағамбетов, Ж.Нәжімеденов, М.Шаханов, т.б. 1970-1990 жылдар аралығы баллада жанрының биікке көтеріліп, арнасы кеңіген шағы. Қазір баллада жазатын ақындар тым аз. Бір шағын шығарманың бойына күрделі оқиға енгізіп, оқырманның көңілінен шыға беру әр ақынның қолынан келмейді. Балладашы ақындар шағын шумақтарға тұтас өмірді, адам тағдырын, рахат-күйінішті сыйғыза алады.
Медет Дүйсеновтің поэзияға келу, ақындық ғұмырды бастау, өзінен бұрынғы ғасырлар бойы қалыптасқан қазақ жырының қасиетті құнарынан қанып ішіп, сол өнерге өзіндік үн қосуы баллада жанрынан да байқалады. Ақынның баллада жанрындағы қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды. Нәзік лиризм балладаларының өн бойынан табылады. Ақынның поэзияда өз қолтаңбасын танытуы, өз даусын өзгеше үнмен басқаларға жеткізуі, өзінің ақындықазаматтық кредосы мен адамгершілік болмыс-бітімін жыр тілінде сомдауы, қазақ өлеңінің талантты толқындарының бірінің поэзия ауылынан тапқан олжасы мен сыбағасы, оның ақындық келбетінің ғылыми-талдамалық аспектіде саралануы тұрғысында біршама тоқталдық.
Балладаларының негізгі өзегіне айналған адамгершілік, қайсарлық, адалдық сияқты адами қасиеттер белгілі бір оқиғаның, белгілі бір уақыт шындығының аясында бой көрсетіп, ақындық ұстанымды танытады. М.Дүйсенов те өз балладаларында бірсыпыра ізденістерге талпыныс жасап, нәтижеге жеткен деп айтуға болады. Көркемдік қуаты, тіл өрнегі жағынан ақынның эпикалық құлашының қарымдылығын танытқан балладалары белгілі дәрежеде лирикалық сыршылдығы, азаматтық әуеннің анықтығы тұрғысынан багалауға тұрарлық дүниелер.
Ақынның балладалары классикалық үрдіске сәйкес жырланған. Ақынның «Сәбиден қашқан сұлу» балладасы қазіргі қоғамдағы түйткілді мәселені көтереді. Ақын өз баласынан өзі жеріген сұлуды балапанын қорғаштаған тауықпен салыстырып:
…Қиналмай ма қылмысыңнан жан арың, Балапандай құн жоқ па балаңның?!
Ұрпағы үшін басын тігіп ұмтылған, Тауық құрлы болмадың-ау, қарағым [1, 44], — деп қынжылады.
Өлең соңында:
Бабаларың бауыр еті санаған, Бекер, бекер қашасың-ау баладан.
Әлемде бұл, сұлулық жоқ асатын, Құшағына сәби құшқан анадан [1, 45], — деп ақын түйін жасайды.
«Еленбей қалған есім», «Үш тораңғы», «Сынған шүйше», «Ел басқан» атты балладаларының поэтикалық мазмұн мен пішіні жүйесінде қазақтың салт-дәстүрі көрініс табады. Бұл балладада аян беру сияқты ишараттың аяқ асты болмауын ескертеді. Ақынның анасы ұйықтап жатып, түс көріп, дүние салған әкесінің аян беруі суреттеледі: Танғандай бейне есінен, Кенет бір ұйқы меңдетті.
Жертөле терезесінен,
Әкесі қарап сөйлепті:
«Қолыңа қос ұл қонды шын, Төгеді салған нұрын бақ. Үлкенін – Сәдет, соңғысын – Медет қой» депті мығымдап.
«Өзгертпе бірақ аттарын, Өзгертсең гүлдей солады.
Жадыңда болсын айтқаным», –
Дейді де ғайып болады [1, 106].
Ақынның анасы түсіне әкесінің енгенін, аян бергенін енесіне айтады. Көп ұзамай егіз ұлды дүниеге әкеледі. Баллада оқиғасы одан әрі былай өрбиді: Қошқардай қос ұл келгенде, Ырым ғып жатса несі мін?! Өзіне билік бергенде,
Зәуре әжем айтты шешімін:
«Сәдет де мейлі, мәпеле, Ныспыны артық тоқтатың.
Тілекші болсын әкеге, Тілекбай қоям, – депті – атын».
«Өзгерді-ау, аты өзгерді…» – Деп, анам үнсіз қалыпты.
Шарасы қайсы өзге енді,
Егіліп іштей қамықты [1, 107].
Уақыт өте келе қуаныштары ұзаққа бармайды. Егіз ұл бірдей шетінеп, шаңырақ қара жамылады. Зарығып көрген ұл өзі екенін айта келіп, ақын шаңырақтың қайта шаттықа оранғанын суреттейді.
Нұр ойнап анам көзінде,
Атапты Медет мені әулет.
Осы бір есім кезінде,
Еленбей қалып еді-ау деп [1, 107].
Ақын бұл өлең арқылы ел мұраларының еленбей қалмауын айтып, ой түйеді.
«Ел басқан» балладасы болған оқиға ізімен жазады. Қапы аңғарын қуалап келе жатқан ақын мен ұлы Еділбек үйдей-үйдей сандықтастарды тамашалап келе жатады. Одан әрі баллада былай өрбиді:
Көргендей бір ғажайып кереметті, Еділбек қасымдағы елең етті.
«Ел басқан» дегенімде, сұрады ұлым: «Бұлайша аталған, – деп, – не себепті?»
Балама қарап қойып, құмарланған, Толғандым, түңілгендей бұл жалғаннан.
Қиялмен құстай ұшып кете бардым,
Елестеп ескі мекен, мұнарланған… [1, 162].
Баласы бұл жерді неге «Ел басқан» атанғанын қызығушылықпен сұрайды. Бір кезде ақын шешіліп баласына бұрын болған оқиғаны баяндап береді. Бұл жерге бір жылы жазда Табын ауылы көшіп келіп, қоныстанады. Шілденің аптап ыстығынан сақтап тұратын аңғарлар, таудың биік шыңдары көлеңке болып, халықтың паналайтын орны болған. Сол еңкейген ұшпа шыңның қабақтарына сызат түскендігі айтылады:
Биікке сызат түсіп, жарылыпты…
Көрген жан, бір қауіптің барын ұқты.
Айтқаны ағайынға аяқсыз ғап,
Көңілі байыз таппай, әлі күпті.
«Сан жылдар пана болған, саялы маң, Құласа, нағып тұр, – деп, – баяғыдан» Көпшілік құлаққа іліп, мән бермеді, Білдірмей бірте-бірте таяды ылаң.
Күні ертең тап боларын, таңда қайғы, Адамдаршаруа күйттеп, аңдамайды.
Ыстықта тұрар бұл жер ұядай боп,
Аймалап, қоңыр салқын жанға жайлы [1, 163].
Бұл табиғаттың кесапаты сол жерді қоныстанған елді қырып жібереді. Қазақтың малсыз күні жоқ екендігі айтылып, бір адам жылқы іздеп айдалаға кеткендігі айтылады.
Одан әрі өлең жолдары былай баяндалады:
Оралса… ауыл орны астан-кестен, Жылады, адасқандай сасқанда, естен.
Тұрағы тау астында тапталыпты,
Сұмдық-ай… Қандай азап бастан кешкен?!
Ит те жоқ айбат шегер, үріп алдан, Құдайым неге сонша қырына алған?!
Жаралы жалғыз ешкі маңырайды, Қуыста қыстырылып тірі қалған [1, 163].
Соқайып сорлы басы қалған жігіттің үмітінің солғаны, мол мұрасының жоғалғаны, өзегі өртеніп, есі ауысқандай халге түскені нәзік лирикамен суреттеледі. Өлгендердің өксігі үздіге соққан желдің уілінде жатқандай сезіледі.
…Баян ғып айтқаныммен, бүгінімде, Жүректің жеңілдер ме жүгі мүлде.
Өксігі естілердей өлгендердің, Үздіге соққан желдің уілінде.
Әне сол, оқиғаның болған жері, Тау түссе опырылып, оңған ба еді?!
Сақталып жұрт жадында, соққан мөрдей,
«Ел басқан» аталыпты содан бері [1, 163].
Міне, болған оқиғаның ізімен жазылған балладада ақын осылай ой тербейді. М.Дүйсеновтің баллада жанрындағы қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды.
Айтар ойды жалаң баяндамай екінші бір тосын сурет арқылы аңғарту – ақындар балладаларына тән негізгі көркемдік тәсіл. Нәзік сыршылдық, элегиялық сарын, жан тебірентерлік лиризм – балладалардың негізгі сипаты болып келеді. «Жазушының өзіндік стилі, ең алдымен, оның дүниетанымы мен идеясынан, жазу мәнері мен жанрынан, сондай-ақ жанды бейне жасау әдіс-тәсілдерінен, оқырманға үлгі етер идеалынан, тіл шеберлігінен, шығарманың бүтіндей пафосынан көрінеді» [2, 160], — деген зерттеуші Ф.Оразаев пікірінде балладада лирикалық сезім, толғаныс, автордың оқиғаға деген көзқарасының басым болатындығы, кейіпкер мінезінің кеңінен ашылып, сол арқылы ұлт мінезінің әсерлі танылатыны айтылады. Бұл айтылған пікір М.Дүйсенов балладаларының сипатын танытып тұр.
Балладаның көпшілігінде мораль, адамгершілік қасиеттері дәріптеледі. Оған тән сипаттар: оқиға, характер, драматизм мен лиризмнің қоса өріліп келуі (баяндау, ақынның бағасы). Атам заманнан оқиғалы жырға, хикая, хисса-дастанға құрылған қазақ поэзиясының бұл баллада түрі – әрі жазуға да, оқуға да ықшам, ой мен оқиғадан бос сөзге орын қалмайтын кісі қызығарлық және өзінің қарқынды дамуына ғылыми және теориялық талдау жасауды талап ететін елеулі жанр. Ақын М.Дүйсенов балладалары осы талап үдесінен шығады деуге негіз бар. Ақын баллада жанрында ерекше қолтаңбасымен танылды.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Дүйсенов М. Жанарда жанған жұлдыздар. Таңдамалы өлеңдер. – Алматы:
ҚАЗақпарат, 2013. – 245 б. 2 Оразаев Ф. Замана қаһарманы. Зерттеу. – Алматы: Жазушы, 1981. – 248 б.
Н.С. Камарова
МЕДЕТ ДУЙСЕНОВ – МАСТЕР ЖАНРА БАЛЛАДЫ
Тема поэзии поэта Медет Дуйсенов разнообразна. Поэт не отклоняется от своего языка, такого как смущение, нежная чувствительность и высокий акцент. М. Дуйсенов имеет собственный вклад в развитие жанра баллады в нашей национальной поэзии. Балладный жанр в творчестве Медета характеризуется его поэтическими особенностями. Он каждый год писал «Уш торангы», «Сабиден кашкан сулу», «Еленбей калган есим», «Сынган шуйше», «Елбаскан», «Сокырлар» и т.д. эти баллады – результат поиска поэта. Человеческие качества, такие как человечество, мужество и лояльность, которые являются основой баллады, отражают поэтическую позицию, отражающую определенное событие, определенную реальность.
N.S. Kamarova
MEDET DYISENOV IS A MASTER OF BALLAD GENRE
The theme of poet Medet Dyisenov’s poetry is diverse. The poet does not hesitate to write on the subject, but he does not deviate from his own language, such as embarrassment, gentle sensitivity, and high accent. M. Dyisenov has his own contribution to the development of the ballad genre in our national poetry. The ballad genre in Medet’s creative work is characterized by its poetic features. Every year wrote «Ysh torangy», «Sabiden kashkan sulu», «Elenbey kalgan esim», «Syngan shuishe»,
«Elbaskan», «Sokyrlar» and etc. the ballads are the result of a poet’s search. Human qualities, such as humanity, courage and loyalty, which are the core of the ballad, reflect the poetic stance, reflecting a certain event, a certain reality.