Л.Н. Дәуренбекова
Еуразия гуманитарлық институты Астана, Қазақстан daurenbekova.laura@mail.ru
М. ӘУЕЗОВТІҢ «ҚИЛЫ ЗАМАН» ПОВЕСІ ҰЙҒЫР ТІЛІНДЕ
Көркем аударма түркі халықтарын рухани, мәдени жағынан байланыстырып қана қоймай, мәдениаралық коммуникацияны жүзеге асыру үшін де қызмет ететінін ұмытпауымыз қажет. Сондықтан да кенжелеп қалған әдеби байланыс, аударматану мәселелері түркі әлемі зерттеулері аясында жаңа бағытта қарастыруды көздейді.
Тірек сөздер: тіл, ұлттық мәдениет, әдеби аударма, қазақ-ұйғыр, әдеби байланыс, образ, повесть.
Әдеби аударма арқылы түркі халықтарының классикалық шығармалары, жазушыақындарымен қатар, сол елдің әдебиетінің тарихымен жақынырақ танысуға болады. Біз қарастырғалы отырған жазушы М. Әуезов шығармалары түркі тілдес халықтарына аударма арқылы да танылған. Әрине, бір ұлттың рухани қазынасын өзге ұлттың игілігіне айналдыру кез келген қаламгердің қолынан келе бермейтіні анық. Десек те, қазақ елінде тұрып, қазақ тілін еркін меңгерген белгілі жазушы Ш.Шаваев М.Әуезовтің бірқатар шығармаларын ұйғыр тілінде сөйлетті. Сондай-ақ, С.Мұқанов, Ғ.Мүсірепов, С.Шәймерденов,Б. Момышұлы, И. Ғайыптың т.б. белгілі қаламгерлердің шығармаларын қазақ тілінен ұйғыр тіліне тікелей аударды.
Ш.Шаваев 1938 жылы 27 сәуірде Алматы облысы ұйғыр ауданы, Диірмен ауылында туған. 1965 жылы Құрманғазы атындағы мемлекеттік концерваториясының театр факультетін бітірген. Алғаш республикалық мемлекеттік ұйғыр театрында актер, кейін режиссер қызмет еткен.
1975 жылы Алматы өнер институтының режиссер даярлайтын бөлімін тамамдаған. 19781982 жылдары Қазақстан жазушылар одағына әдеби кеңесші болып, ұйғыр әдебиеті секциясын басқарған.
Ш.Шаваевтың шығармашылық жолы аудармадан басталған екен. Бір әңгімеміз де аудармашы: «Ең алғаш 7 сынып оқып жүргенде Ғ.Мүсіреповтың «Аналар» өлеңін ұйғыршаға аудардым. Сондай бір керемет өлең шумақтарын оқығанда көзіме жас алып, ұйғыр тіліне аударғым келді. Аудардым»- деп есіне алған еді. Тәржіма өнеріне бала кезден қызыққан Ш.Шаваев Құрманғазы атындағы өнер институтының актерлік бөлімінде оқып жүргенде-ақ, Шекспирдің «Ромео-Джулетта» драмасынан үзінді, Островскийдің «Найзағайын», Катеринаның монологын аударады.
1960 жылдың басында ұйғыр музыкалық театры М.Әуезовтың «Айман-Шолпан» драмасын сахнаға қоюға шешім қабылдады. Ұйғыр театр басшылары қазақ тілін жетік білетін, өзі театр маманы Ш.Шаваевқа «Айман-Шолпан» музыкалық драмасын қайта аударуға ұсыныс жасады. Ш.Шаваевтың аудармасымен аталған пьесса сахнаға жол тартады. Жалпы, аударма жұмысы оңай шаруа емес. Аударма саласындағы көптеген мәселелер нақтылы түрде, түпнұсқаның түрлі қасиеттерін толық беру үшін аудармашы қолданған құрал-тәсілдерді зерттеумен анықталады, ол қасиеттерге: интонация, ырғақ, образдылық (синонимдердің, идиомалардың, мақал-мәтелдердің, афоризмдердің түрліше астарларымен бірге) секілді элементтер жатады және бұған ұлттық форманың әрқилы өзгешіліктері, тарихи сипаттары да келіп қосылады» [1,125]-деп, М. Әуезов аударма теориясының ең күрделі проблемаларын нақтылап көрсетеді.
Біздің қарастыратынымыз 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісті сипаттайтын «Қилы заман» повесінің ұйғыр тіліндегі аудармасы.Мақсатымыз, М. Әуезовповесінің ұйғыр тіліндегі аудармасын қарастыра отырып, көркем аударма қазақ-ұйғыр әдебиетінің ішкі байланысын жақындастыра түсетін маңызды сала екендігіне назар аудару. Повесть «Қарам заман» деген атаумен 1997 жылы жарық көрді. «Аударма жасамас бұрын мен шығарманы бастан аяғына дейін толық оқып аламын да, сол болған оқиғаны көз алдыма елестетемін. Яғни, түсініп алып аударуға тырысамын. Қазақ тілін жетік білгендіктен, сөздікті пайдаланбаймын. Маған М.Әуезовтың «Қилы заман» романын аудару қиынның қиыны болды. Әуезов тілі керемет. Ол өз ісіне аса ұқыпты қарайтын, өзгелерден де соны талап ететін кісі болған екен. Сондықтан, Әуезов шығармасын аудару үшін үлкен дайындықпен келдім» — деуінен Ш.Шаваевтың аудармаға деген жауапкершілігін айқын аңғаруға болады.
Туынды 1916 жылғы «маусым жарлығына» деген қарапайым халықтың қарсылығынан туындаған тарихи оқиғаны шынайы көрсетуге арналған. Жазушы Жетісудағы Албан елінің өмірі мен тұрмысын баяндай отырып, тоғыз жолдың торабына түйіскен Қарқара жәрмеңкесінің қызған шақтағы көрінісінкөз алдымызға келтіреді.
«Жәрмеңке жыл он екі айда бір-ақ рет болады. Болғанда молынан болады. Үш-төрт ай бұл жәрмеңке бойы аспан атып дәурен сүреді. Сол кезде жылдық керегін Албан баласы осы жәрмеңкеден күреп алады»[2,103]- дейді де, жәрмеңке тауарлары: Бұхар, Қашқар, Құлжа, Тәшкен, Самарқан, Хиуадан әкелінетінінен де ақпараттар беріп отырады.
Көтеріліс, бүлікшілдік алдындағы Қарқараның жайма-шуақ кезін: «Киіздей қалың көк шалғынды Қарқара жазығы ерте күннен Албанның құт-берекелі жайлауы еді. Мыңдаған жылқы, сан қора қой, ала жаздай ірге аудармай жабысып, жалмап жатқанда, бұл жазықтың жібектей толқыған өскелең шалғыны сыр білдірмей шыдайтын, әрбір жауын екілендіріп, өршелендіріп түсіргендей құлпыртып, жетілтіп отыратын. Түн асса тыңайып, жетісіп қалатын құт даласы осы жәрмеңкедей мал кезіне әдейі арналып жаралғандай еді» [2,107]- деп, жер, ел тарихына баса назар аудартып отырады.
Қарқара жәрмеңкесінің көрінісі, көркем де сұлу – Үш Мерке, Дөңгелек саз, Үш Қарқара, Сырт, Лабасы, Асы жайлауларын келісті суреттей келе, Қарқара жеріндегі қақтығыстарға ойысады.
Қарқара көтерілісі – қазақ халқының ұлттық санасының, азаматтық-патриоттық рухының биіктігін дәлелдеген саяси-тарихи құбылыс. Бұл көтеріліс патша саясатының да қанды жоспарын айқындап берді. Ол жоспар бойынша, ең әуелі қазақты қазаққа қарсы қойып, іштей ыдырату, араларына от тастау арқылы бір-біріне жау ету, одан кейін онсыз да патшаға тісін қайрап жүрген намысшыл қазақтың шамына тиетін әрекеттер арқылы қақтығыстарға итермелеу, сол қақтығыстарды қарулы көтеріліске ұтымды ұластыру, содан кейін барып көтерілісті басу сылтауымен қырып-жою, қорқыту арқылы қазақтарды өз жерін тастап кетуге мәжбүрлеу, босаған жерді емін-еркін иемдену көзделді [3,125].
Маусым жарлығындағы: «Он тоғыз бен отыз екінің арасындағы азаматтарды қазақ елі әскер үшін жинап, өкімет қолына тапсыру керек» деген тұстары қарапайым халыққа ауыр тиді. Шығармадағы басты кейіпкерлер: Әбубәкір, Ұзақ, Шораяқ, Жәмеңкелер халықты ауызбірлікке шақырып, азаттық-бостандық жолындағы күрес мақсатын түсіндіреді. Халық пен ұлық арасындағы қарсылықтары қақтығыстарға ұласып,елдің дүрлігуі, Жәмеңкенің қоршауға алынуы, қозғалыс басшыларының тұтқындалуы яғни, халықтың ұлттық сана сезімінің оянуы көркемдік нақышпен бейнеленген.
Ленинград Университетінің студенті М.Әуезов қазақ фольклоры нұсқаларын жинау үшін Жетісуға әдейі келіп оның талай жерлерін, заңғар таулары мен жасыл жайлауларын аралап көреді. «Қилы заманға» арқау еткен материалдарды ол осы сапарларында алған [4,64].
Көтеріліске қатысқан тірі көздермен кездесіп, олардың бастан кешкен жәйттерін ауызбаауыз естісе керек. Өйткені, М.Әуезовтің іргелі шығарма жазу үшін қолданатын осындай принципі әсіресе «Абай жолы» эпопеясы мен «Өскен өркен» романының жоспарларынан жақсы мәлім. Алатаудың белгілі атақты Қарқара, Асы, Үшмерке, Дөңгелек саз, Сырт Лабас, Талғар сияқты жерлері әсем, сұлу қалпымен тамаша пейзаж болып қағазға түскен. Документті дәлдік, географиялық орта нақтылығы М.Әуезовтің тарихи шығармаға қойылатын талаптардың бірталайын сол кездің өзінде жақсы меңгере бастағанын айғақтайды.
Публицистикалық мақалаларында, әңгімелерінде, повестерінде, пьесаларында революциядан бұрынғы қазақ өмірінің сан алуан сферасын реалистікпен бейнелеп келген М.Әуезовтың тарихи әлеуметтік маңызы бар 1916 жылғы көтеріліс тақырыбына бой ұрып, оны күрделі шығармаға арқау етуі – жазушының творчестволық биографиясындағы жаңа саты еді.
Аудармашы аударатын тілінің ұлттық дәстүрін, мәдениетін, тұрмыс-салтын, рухани құндылықтарынан ақпараты мол болғандықтан, аударатын мәтінін де терең түсініп, түпнұсқаға сәйкес аударма жасай алған. Аудармада патша үкіметінің қарулы қақтығысына ұшыраған қарапайым халықтың тағдыры түпнұсқадағыдай әсерлі суреттелінеді. Аудармашы фразеологиялық тіркестерді, ұлтқа тән реалилерді, кейіпкер образдарын түрлі аударма тәсілдерін қолдана отырып, шұрайлы тілімен көркем бере білген.
Ш.Шаваев ұлы жазушының шығармасының жазылу тарихымен таныса отырып,
М.Әуезов суреттеген Қарқара өңіріне табан тіреп, ел мен жерді өз көзімен көруді мақсат етеді. Өз көзімен көргеннен кейін аудару жеңілірек болған сияқты. Себебі, аудармашы бұл туындыда Жетісу табиғатын ерекше бір ілтипатпен, зор махаббатпен суреттеген. Тәржіма түпнұсқадағыдай әсерлі, бейнелі берілгендіктен, ұйғыр оқырмандары жақсы қабылдады.
Повесть аударманың балама тәсілімен аударылған. Аудармашы адам, су, жер аттарын аудару кезінде өзгертпей, кей жерлерді түсіндірме арқылы беріп отырған. Жалпы алғанда түпнұсқа 158 бет, аударма 158 бет. Екеуінің көлемі бірдей, яғни бұл аудармашының түпнұсқаға жауапкершілікпен қарағанын байқатады.
Мысалы: Семіз қарынды пристав «Ақжелкені» аударғанда аудармашы өзінің қиналғанын айтады. «Желкені» ұйғырларда «Гәдән» дейді. «Ақгәдән» деп берсе ұйғыр оқырмандарына түсініксіз болғандықтан аудармашы түпнұсқаға жақынырақ «Ақйәлкә» деп тәржімалаған. «Жәрмекенің сүйегін бер» — деген түпнұсқаны «Йәрмәнкиниң җәсидини бәр»[5,52] — деп аударған. Бұнда аударма сапасына келетін болсақ аудармашы түпнұсқаның мағынасын, мазмұнын түгел сақтаған.
«Балдызыма еркелейінші – деп келіп, Әубәкірдің тізесіне басын салып жантая кетті» дегенді, «Инимға әркиләйчу» -деп, Авубәкиркинниң қешиға келип бешини тизиға қоюп олтарди». Түпнұсқадағы балдызымды «иним» деп аударған. Ұйғырларда балдызды «қейин иним» дейді. Демек, аудармашы аударма барысында аударылып отырған ұлт тіліне түсінікті, ұғынықты болу қажеттілігін ескерген.
Түпнұсқадағы:
«Бірақ көздің жөні бір басқа, бәрінен де айтылған сөз құбыжықтай шошытты. Әубәкірдің денесі ұйып талықсып кеткендей болды. Өңі де қуарып, қатты сескеніп, үркіп кеткеннің белгісін көрсетіп тұр еді» [2,16].
Аудармада:
«Бу һаләт камеридикиләрни әймәндүрүп, қандақту әҗәл қорқунуши пәйда болди. Авубәкирниң тени шүркүнип, пут-қоли көвүшүп кәтти. Чирайи там болуп, өзини бир түрлик аҗиз һис қилди» [5,81] — деп, Әубәкірдің бір сәттік көңіл-күйін дәл берген.
Түпнұсқадағы:
«Дәулетбақтан басқа Текестің сыртқы тауының тас-тасына ұры қойындарына тығылып жүрмек болып Түнғатар бай қалды. Жұртта қалған бұралқы иттей болып, ұлықтардың обозының артынан ере бермекке тілмаштар қалды. Оспан мен Жебірбаев қалды»[2, 23].
Аудармада: «Дәвлетбақтин өзгә Текәсниң Сиртниң тағ өңкүрлиригә, қоюн-қончиға йошурунуп яшашқа бәл бағлиған Түнғатар бай қалди. Көчүп кәткән авулниң тенәп қалған иштидәк әмәлдарларға әгишип тилмашлар: (здесь нет точки. Тогда до точки должно быть слово қалди) Оспан билән Жебирбаев қалди»[5,92].
Түпнұсқадағы «тас-тасына» дегенді аудармашы «өңкүрлиригә» деп берген. Байқап отырғанымыздай, жазушыға тән қарасөздің ішкі ырғағын сақтап аударған. Шығарманың ұлттық бояуын анық жеткізуге күш салады. М.Әуезовке тән өрнекті, образды көркем тілін барынша сайма-сай беруге тырысады. Автор диалогқа драмалық жүк артатын жазушы стилінің шеберлігін жақсы береді.
Аударма шығарманың деңгейі жоғары болғандықтан түпнұсқаның өзін оқып отырғандай әсер аласыз. Жалпы, аудармашы міндеті аудару барысында түпнұсқаның жазылған кезеңін, қабылдаушы оқырман деңгейін, екі елдің тілдік психологиялық категорияларын ескере отырып, ең бастысы мағыналары бір-бірімен сәйкес келетін туынды жасау. Бұл тұрғыдан келгенде,Ш. Шаваев түпнұсқаның рухын сезіне отырып, автордың бар стилін сақтап, оқуға жеңіл де, тартымды туынды жасап шыққан. Повесть жанрының ерекшеліктерін, құрылымын сақтау аудармашылардың міндеті. Түпнұсқаның әр сөйлемін, сөзін сөзбе-сөз аудармай барынша көркем аударма теориясындағы мағыналық сәйкестік әдісімен аудару Ш. Шаваевтың басты ұстанымы.
Жалпы, «Қилы заман» повесі қазақ әдебиеті тарихында үлкен орны бар, айтулы туынды. Сондықтан да, Ш.Шаваевты қазақ ұлтының рухани қазынасын ұйғыр халқының да игілігіне айналдырып, қазақ-ұйғыр әдеби байланысын дамытуға үлес қосқан қарымды қаламгер деуге болады.
Қазіргі өркениет заманында түркі тілдес халықтардың бай әдебиетін аударма арқылы, әлемдік деңгейге көтеру қажеттілігі барған сайын артып келеді. Сондықтан да, әдеби шығармалар қай тілге тәржімаланса да Ш.Шаваевтай кәсіби аудармашылардың тәжірибесі қашанда назарда болуы қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Әуезов М. Әр жылдар ойлары. – Алматы: Қазмем көркем әдебиет, 1984. – 54 б.
2 Әуезов М. Қилы заман . – Алматы: Жазушы, 1989. – 158 б.
3 Тұрысбек Р. «Қилы заман: тарихы мен тағдыры //қасым.kz, 2013.
4 Нұрғалиев Р. М.Әуезов тағлымы. – Алматы: Жазушы, 1987. – 165 б. 5 Шаваев Ш. М.Әуезов. Қарам заман. – Алматы: Жазушы, 1997. – 158 б.
Л.Н. Дауренбекова
ПОВЕСТЬ М.АУЕЗОВА «КИЛЫ ЗАМАН» НА УЙГУРСКОМ ЯЗЫКЕ
В статье «Килы заман» является одним из шедевров, которые занимают особое место в истории казахской литературы. Переводя повесть М. Ауэзова Ш. Шаваев сделала огромный вклад в межкультурную коммуникацию между литературами уйгурской и казахской. При рассмотрении вопроса о переводе рассказа М. Ауэзов уйгурского языке, наша цель состоит в том, чтобы выявить межкультурные коммуникативные моменты между литературами уйгурской и казахской.
L.N. Daurenbekova
TRANSLATION OF THE STORY «KILY ZAMAN»
OF M.AUEZOV INTO UIGUR LANGUAGE
The story of «Kily zaman» is one of the masterpieces which takes a special place in the history of the Kazakh literature. By translating M. Auezov’s work, Sh. Shavayev made a huge contribution to cross-cultural communication between the Uigur and Kazakh literatures. In considering the translation of the story of M. Auezov in to the uigur language, our purpose is to reveal cross-cultural communicative moments between the Uigur and Kazakh literatures.