Г.Е. Абылова
Еуразия гуманитарлық институты, Астана, Қазақстан gulfik.78@mail.ru
ДҮНИЕНІҢ ПОЭТИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ПРОЗАЛЫҚ БЕЙНЕСІ: ҰҚСАСТЫҒЫ ЖӘНЕ
АЙЫРМАШЫЛЫҒЫ
Берілген мақалада жалпы тіл біліміндегі және қазақ тілтанымда дүниенің поэтикалық бейнесі ұғымына берілген анықтамаларға талдау жасалған. Автордың тұжырымдауынша, ақын-жыраулар толғауларындағы дүниенің поэтикалық бейнесі ХҮ–ХҮІІІ ғасырлардағы тарихи, мәдени, саяси т.б. оқиғалардың әсерінен қазақ қоғамының басынан кешірген түрлі жағдайларға орай ақын-жыраулардың рухани-cезімдік тәжірибесі вербалдануынан қалыптасқан, алайда сол кезеңдерді бейнелейтін нақты фактілердің сенімділігі емес, оның адам тәжірибесіне орай сезімі, көңіл-күйі, түйген ойлары, шынайылығы маңызды орын алады.
ХҮ-ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулардың толғауларындағы көбінесе фактуалды және концептуалды мәліметтен гөрі эстетикалық мәлімет басты орынға ие болады. Эстетикалық мәлімет беру поэтикалық мәтіннің басты қызметі екені белгілі.
Автор алдымен, поэзия және прозаның айырмашылықтарына тоқтала келіп, дүниенің поэтикалық бейнесін дүниенің прозалық бейнесімен ортақ тұстарын, айырмашылықтарын айқындап, анықтама берген.
Зерттеуші поэзия мен прозаның арасындағы мәнді ерекшеліктерді және ғалымдардың пікірлерін есепке ала отырып, дүниенің поэтикалық бейнесін шындық болмыста ақын үшін өзекті болып табылатын құбылыстар жайында концептуалды және фактуалды мәліметтің эстетикалық мәнмен көмкеріліп, поэтикалық мәтінде семантикалық, құрылымдық, интонациялық тұтастық түрінде көркем бейнелер арқылы берілуі деп қарастырады. Ал дүниенің прозалық бейнесін шындық болмыста жазушы үшін өзекті болып табылатын құбылыстар жайында фактуалды және концептуалды мәліметтің эстетикалық мәнмен көмкеріліп, прозалық мәтінде семантикалық, құрылымдық тұтастық түрінде белгілі бір идеялық мақсатта бейнеленуі деген қорытындыға келеді.
Тірек сөздер: концепт, дүниенің поэтикалық бейнесі, дүниенің прозалық бейнесі, толғау, ақын-жыраулар, поэтикалық мәтін, эстетикалық қызмет.
Зерттеушілердің бірқатары «дүниенің поэтикалық бейнесі» терминін тар мағынада түсініп, оны шығарманың формасына ғана (өлең, поэзия) байланыстырады. Поэзиялық, прозалық шығармалар өнердің, әдебиеттің модельдеріне кіре отырып, ортақ белгілерге ие болып, ерекше көркемдік әлем жасайды, шындық өмірмен әр түрлі қатынаста болады, алайда әрдайым одан өзгешелеу болып келеді. Алайда көркемдік әлемді жасауда түрлі тілдік құралдар поэзияда және прозада ерекшеленетін қасиеттері бар көркемдік модельдерге алып келетінін көптеген зерттеушілер тарапынан ескертілген болатын (соның ішінде, М.М. Бахтин және Ю.М. Лотман). Дүниенің поэтикалық бейнесі шынайы адамның дүниетанымы емес. Бұл мәтін жасаушының эстетикалық түсініктерінің сүзгісі арқылы өткізілген дүниетаным, бұл жайында кезінде М.М. Бахтин былай деп жазған болатын: «Автор-суретшінің шығармашылық санасы ешқашан тілдік санамен сәйкес келмейді, тілдік сана тек қана таза көркемдік тапсырмамен жаппай тегіс, бүтіндей басқарылатын сәт, материал ғана» [1, 168]. Ю.М. Лотман ескертуінше, проза өнер түрі ретінде тарихи жағынан поэзиядан кейін пайда болған, себебі тіл өнер материалы ретінде алдымен кәдімгі сөйлеумен ұқсастығынан арылады (адресатта көркем мәтінді қабылдау презумпция жасау үшін) және тек өнердің ары қарай дамуы оны прозаға алып келеді [2, 107].
Л.Г. Панова дүниенің поэтикалық бейнесі дегеннен ақынға әлем жайында ойлау, әлемді бейнелеу үшін қажет иерархиялық жүйеленген категориялар жиынын ұғынады [3]. Ал Н.А. Кузьмина дүниенің поэтикалық бейнесі ұғымын «ақиқат, физикалық әлемге поэтикалық альтернатива ретінде, суреткердің санасы призмасының көлеңкесі арқылы моделі жасалған ғалам бейнесі, оның (суреткердің) рухани белсенділігінің нәтижесі секілді» қарастырады [4, 227].
Ю.В. Казарин дүниенің поэтикалық бейнесін «поэтикалық мәтіннің формалық, мазмұндық, функционалдық, мәдени, эстетикалық және рухани семантикасының бірліктері арқылы автор және оқырман санасында қалыптасқан мәндер, бейнелер және түсініктер жүйесі» [5, 65] деп түсінуді ұсынады.
Ал қазақ тіл білімінде Р. Сыздық дүниенің поэтикалық бейнесі жайында тікелей пікір айтпаса да, «поэтикалық» терминінің мәнін түсіндіріп өтеді: «Көркем шығарманы, айталық өлеңді, тұтас бір эстетикалық дүние деп қарастыратын болсақ, оның айтпағын (мазмұнын) білдіретін құрал – поэтикалық тілін білу қажет. Поэтикалық тілдің жақсы көрінетін жері – поэзия, өлең, жыр. Поэтикалық тіл дегеніміз, бір жағынан, сөзбен түскен әсем кестелер болса, екінші жағынан, сол кестелерді төгетін амалдардың көрінісі. «Поэтикалық тіл» мен «өлең тілі» деген ұғымдар бір-бірінен мүлтіксіз пара-пар емес. Поэтикалық тіл тек өлең текстінде емес, қара сөзде де, ауызекі сөйлеу барысында да орын ала алады. «Поэтикалық» деген анықтауыш тіл көркемді-гінің, дәлірек айтсақ, көркемдік үшін қолданыстың биігін, идеалын білдіреді» [6, 11].
М. Мақатаевтың поэзиялық шығармаларын когнитивті тұрғыдан зерттеген А. Әмірбекованың тұжырымдауынша, «дүниенің поэтикалық моделі автордың индивидуалды танымы мен оның санада бейнеленген бейнесі арқылы көрініс табады. Демек, автор танымындағы дүние туралы концептілік жүйе – оның ақиқат болмысқа деген субъективті көзқарасы мен объективтік қатынасын танытатын құндылықтар жүйесінен құралады. Дүниенің көркем бейнесінің (көркем концептілердің) бейнелену шеберлігі, «шарықтау шегі» дүниенің поэтикалық, лирикалық, эпикалық, фольклорлық бейнелері арқылы танылады. Көркем бейнелер концептілік жүйе шеңберінде реттеледі. Концептілік жүйенің құрылымы кеңейген сайын дүниенің концептілік бейнесі де кеңейе түседі» [7, 25]. А. Әмірбекова дүниенің поэтикалық моделін дүниенің көркемдік бейнесінің бір моделі ретінде арақатынаста қарастырады. Шындық болмыс жайында әрбір адамның субъективті көзқарасын танытатын қарапайым, белгілі бір деңгейде көркем түрде бейнеленетін дүние жайындағы тілдік бейнесінің жан-жақты танымдық тұрғыдан ең көрнекті үлгісін бейнелі ойлау жүйесіне ие ақын, жазушылардан табуға болады.
Дүниенің поэтикалық бейнесі термині Ресей әдебиеттануында кеңірек қолданысқа ие болған және индивидуалды-авторлық поэтика аспектілерін зерттеу барысында кең қолданылған. Соңғы кезеңдердегі он жылдықтарда белгілі бір әдеби стильге (мысалы, символисттер, Күміс ғасыр поэзиясы) тән дүниенің поэтикалық бейнесін не ақынның поэтикалық әлемін қайта жасауға арналған зерттеулер пайда болды. Ескере кететін жайт, Ресей лингвистикасында «ақынның поэтикалық әлемі» мен «дүниенің поэтикалық бейнесі» терминдері тең ұғымда қарастырылады.
Л.О. Бутакованың ескертуінше, дүниенің поэтикалық бейнесі ұғымы мен дүниенің көркемдік бейнесі ұғымы синонимдер ретінде қарастыруға болады. Себебі дүниенің көркем бейнесінің спецификасы оны білдіретін терминге тәуелсіз, оны «шығармашылық сана-сезім жалпыхалықтық сана-сезімнің бөлігінің қандай деңгейінде болса, сондай деңгейде жалпы тілдік сана-сезімнің бөлігі болып табылады. Сәйкес келу деңгейі әрбір жағдайда әртүрлі және автордың шығармашылық көркемдік тәсіліне байланысты болады» деп қарастырады [8, 94].
Э.Д. Сүлейменова дүниенің тілдік бейнесі мен дүниенің концептуалды бейнесі арасына теңдік белгісін қоймайды. Оның пікірінше, «дүниенің тілдік бейнесі» терминологиялық тіркес ретінде тілдің шындық болмыспен тікелей бір-бірімен әрекеттесуі (ойлаудан өтіп) арқасында пайда болған. Шындығында, тіл мен шындықтың арасында мұндай тікелей контакты жоқ [9,
125].
Б.И. Нұрдаулетова «поэтикалық тілдің көркем ойлау құрылымында анықталған дүниенің концептуалдық бейнесі мен дүниенің тілдік бейнесі қазіргі танымдық тіл білімі аясында бірбірін толықтыратын тілдік-танымдық категориялар» ретінде қарастырады 10, 22, 8. Сонымен қатар, ғалымның пайымдауынша: «жыраулар поэтикасындағы дүниенің концептуалды бейнесі жыраулардың діни-мифтік, адамзаттық танымына негізделген «дүниенің жаратылу концептісі», «шынайы адам концептісі», «қайғы, мұң, шер», «жалғыздық, жекелік», «өлім» концептілері, «атамекен» концептісі тәрізді басты-басты когнитивтік құрылымдардан тұратыны анықталды» 10, 7.
Енді бір көзқарастар жүйесі дүниенің поэтикалық бейнесі мен дүниенің прозалық бейнесінің айырмашылықтарын ажыратуға көп көңіл бөледі.
Ж.Н. Маслованың ескертуінше, ғалымдардың дүниенің поэтикалық бейнесі мен прозалық бейнесін ажыратуға ұмытылыстары және поэзияны шындық өмірдің ерекше проекциясы ретінде белгілеулері түсінікті құбылыс [11, 53]. Осыған байланысты, дүниенің поэтикалық бейнесінің когнитивті механизмін түсіну үшін оған қарама-қарсы дүниенің прозалық бейнесі ұғымы жайында да айтып кеткен жөн.
ХХ ғасыр зерттеушілерінің тікелей категоризация және концептуализация үрдістерімен байланысты дүниенің бейнесін қалыптастырудағы тілдің рөлі жайындағы мәселе басты назарында болды (Weisgerber, 1934). Дүниенің ара қатысы мәселесі, санадағы оның бейнесі, сонымен бірге, тілде орнықтырылған бейнесі дүниенің бейнесінің екі формасын айқындауға алып келеді (концептуалды және тілдік). Мұнда дүниенің тілдік бейнесі дүниенің концептуалды моделінің құрамдық бөлшегі ретінде айқындалады. Әдетте дүниенің ғылыми және қарапайым бейнесі қарама-қарсы қойылып салыстырылады (Бодуэн де Куртенэ, 1963; Щерба, 1974; Потебня, 1999; Апресян, 1995). Сол секілді дүниенің поэтикалық бейнесі және дүниенің прозалық бейнесі де қарама-қарсы қойылып қарастырылады деп айтуымызға болады.
Алдымен, поэзия және прозаның айырмашылықтарын анықтап алайық. Орыс тіл білімінде поэзия мен прозаны салыстыруда және бір-біріне қарама-қарсы қоюда бірнеше критерийлер ұсынылған. Соның бірі – өлең мен прозаның түрліше ритмикалық табиғатымен байланысты ритмикалық критерийі. Бұл көзқарастың өкілдері В.М. Жирмунский, Б.В.Томашевский, М.М. Гиршман, Ю.Б. Орлицкий және т.б. Ал А.П. Веселовский, Б.М. Эйхенбаум, А.В. Михайлов, М.Л. Гаспаров және т.б. ғалымдар тобы поэзия мен прозаны поэтика және риторикада ғылыми негіздемеге ие болған көркемдік стильдер ретінде қарастырады. Сонымен қатар, ХҮІІІ–ХІХ ғасырлардағы батыс-еуропалық және Ресей эстетикасында поэзия термині кең мағынада түсіндірілді. Ол «көркемдік» сөзіне синоним ретінде жұмсалып, өлеңмен де және прозамен де жазылған көркем шығармалар деп түсінілді. Ал проза функционалды әдебиетке қатысты айтылды (шешендік, ғылыми, публицистикалық, философиялық). Құрылымдық-семантикалық критерий поэзия мен прозаны бір мезгілде көркемдік ойлау типтері ретінде және сөйлеу, жанрлық-стильдік категориялар ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
З. Ахметов «поэзия өмір шындығын ойшылдықпен ерекше сезімталдықпен ашып көрсетеді, бейнелеп суреттейді… көркем ой жеткізудің құралы» [12, 11] деген сипаттама бере отырып, мұның (поэзияның) философиялық пен эмоциялық қырын айтып кетеді.
С.Г. Виноградова поэзияның ерекшелігін былайша түсіндіреді: «Лирикада, эпоста, драмада тілдік бірліктері мағынаны жеткізу тұрғыдан өздерін бірдей ұстамайтыны белгілі. Өлеңдегі сөз дыбыстық қайталамалар (рифма, аллитерация), ритм-метрикалық сурет қайталауларының, шығарманың композициялық құрылысының спецификасының әсерін байқап көреді. Себебі поэтикалық мәтін – бұл жабық жүйе, ар жағында автордың санасы, оның элементтері, шектестік (жүйелі тәуелдік арқылы) бойынша да, эквиваленттілік (ассоциативті тәуелділік арқылы) бойынша да бір-бірімен тығыз байланысқан сөздер тұрған бір микрокосм» [13, 161]. Зерттеуші поэзияны семантикалық және құрылымдық тұтастығының мықтылығына баса назар аударады.
В.А. Маслованың пікірінше, «Поэзия (грек. «істеу, жасау») ғаламды тану мен бейнелеудің спецификалық амалдарының бірі болып табылады» [14, 15]. Ғалым поэзияда эстетикалық мәннің басым болуын негізгі шарты ретінде ұсынады: «адам жай-күйі, басынан кешкендерді эстетикалық емес тура мағынамен білдіруге ұмтылса поэзия жоғалады» [14, 18] және «поэтикалық мәтін – бұл әлемді бейнелі түсіну» [14, 19] – деп қорытынды тұжырым ұсынады.
В.А. Маслова поэзия мен проза арасындағы айырмашылықтар жайында айтып кеткен Б.В. Томашевский, Е.Д. Поливанов, Е. Эткинд, Удар де Ла Мотт, Н. Гумилев т.б. пікірлерін саралай келе, тағы да мынадай тұжырымға келеді: поэзия прозадан биік емес, ол тек спецификалық мүмкіндіктер мен спецификалық белгілерге ие: проза – бұл ойды, идеяны білдіру, поэзия – сезім мен көңіл-күйді білдіру («құмарлық тілі») [14, 24], егер прозада оқиғалар бейнеленсе, ал поэзияда бұл оқиғаларға деген автордың реакциясы ретінде эмоция мен сезімдерінің динамикасы бейнеленеді [14, 31] дей келе, мұның мәнін былайша түсіндіріп кетеді: «Сөздің мағынасын екіге ажырату зор мәнге ие болады: концептуалды және эстетикалық. Эстетикалық мағына концептуалды мағынаға орай бейімделеді де, көбінесе оның мағынасын өзгертіп те жібереді» [14, 32-33].
Ал И.В. Вашунина «поэзия біршама төмен ақпараттылығымен және жоғары эмоционалдылығымен және экспрессивтілігімен ерекшеленеді. Поэтикалық мәтіндегі жоғары зорланушылық, шиеленушілік (олардағы вербалды емес мазмұндық-концептуалдық және мазмұндық-мәтінастарлық мәліметтің үлкен көлемінің берілуі) оларды қабылдауда болжамды қиындатады [15, 10] – деп поэзияның фактуалдыдан гөрі концептуалды мәліметті беруге қызмет ететін қырын алға тартады. Б.А. Ларин көркем мәтіндегі сөздің семантикалық күрделілігі жайында айтып, ғылыми айналымға мағыналық призма арқылы әлемге индивидуалды-авторлық көзқарасты білдіруші ретіндегі сөздің эстетикалық мағынасын енгізген болатын.
Негізі, толғауларда көбінесе фактуалды және концептуалды мәліметтен гөрі эстетикалық мәлімет басты орынға ие болады. Эстетикалық мәлімет беру поэтикалық мәтіннің басты қызметі екені белгілі. Бұл мәлімет бағаны, қарым-қатынас тәжірибесін беруге бағытталған, ал фактуалды фактілерді беруге ұмтылады. Көркем мәтінде ақын-жыраулардың ой-пікірлерінің түпкі ойы ерекше көркем тілдік формада семантикалық кеңістікте жүзеге асады да, мәтін концептуалды талдаудың нысанына айналып, мұның өзі мәтінде қандай дүние бейнесі бейнелегенін, қандай білім және бағалау фрагметтері онда баяндалғанын анықтауға мүмкіндік береді. Дегенмен әлеуметтік бағдарлы және коммуникативті қызметтің әлеуметтік шарттанған мәтіндер де жоқ емес. Ақын-жыраулар поэзиясының мәтіні жайында осылай деуге болады. Демек, көркемдік формада нақты тілдік құралдар жүйесі негізінде және олардың ерекше ұйымдасуымен поэтикалық мәтін мазмұны ақын-жыраулардың дүниенің поэтикалық бейнесінің фрагментерінің жүйелі жиынтығы ретінде берілген.
М.М. Бахтинның байымдауынша, поэзия мен проза архитектоникалық көркемдік формалар ретінде екі түрлі дүние бейнесін жасайды. Поэзияда өзіндік дүниенің автороцентрлік (мифоцентрлік) көркемдік моделі жасалады. Бұл модельдің қалыптасуында көркемдік бейненің құрылымына маңызды роль беріледі. Поэзияда көркемдік бейне авторлық интенция, затқа деген авторлық эмоциональды-мәндік бағыттылықпен максималды түрде берілген, сондықтан да, М.М. Бахтин бойынша, поэтикалық бейне – бұл автордың зат жайындағы пікірі арқылы және бұл заттың экспрессивті, құндылықты және мәндік сипаттамасы арқылы қалыптасатын интенционалды бейне 16, 34. «Дүниенің поэтикалық моделінде адам бейнесі өздік идентификация принципі бойынша, басқа біреуді, өзі секілді: басқа біреу мен секілді деп қабылдау принципі бойынша бейнеленеді. Дүниенің прозалық көркем моделі, ең алдымен, логоцентрлік модель ретінде қалыптасады. Оның негізінде екі дауыстық сөз, зат жайында бөтен сөзбен диалогқа түсетін автор сөзі жатыр. Прозадағы көркемдік бейненің өзіндік ерекшелігінің мәні оның диалогтылығында жатыр, прозалық көркем бейне, М.М. Бахтин көзқарасы бойынша, «диалогтанған» бейне. … Дүниенің прозалық моделінде адам оны басқа біреу секілді, мен басқа біреу секілді деген принцип бойынша әсерлену, қабылдау арқылы бейнеленеді 16, 34.
Л.О. Бутакова көркем мәтіндегі автор санасының мәнін қызметін зерттеу барысында поэзия мен прозадағы дүниенің моделінің ерекшеліктерін былайша түсіндіреді: «проза және поэзия эстетикалық қызметтің түрлі принциптерін бейнелейді. Бұл индивидуалды сананың айырмашылығымен ғана байланысты емес, сонымен бірге, мәтіндік презумпцияның сәйкес келуімен де байланысты болған ұқсас ғалам бейнесінің вербалды түрінің түрлі әдісін, жолын көруге мүмкіндік береді. Зерттелетін прозалық және поэтикалық мәтіндер біркелкі бір сарынды, көлемдік, тақырыптық және жанрлық ұқсастығымен сипатталады, бірақ когнитивті, семиотикалық, коммуникативті, ритмо-метро-мелодиялық доминантарымен ерекшеленеді [17, 4]. Ғалым дүниенің көркемдік бейнесін – белгілі бір жолмен ұйымдастырылған құрылымдық элементтер автордың санасында бар когнитивті модельдер мен концептуалды аумақтармен динамикалық түрде ара қатынасын белгіленген түрлі деңгейде күрделі құрылған, біршама шындық болмыстың стабильді эстетикалық бейнесі (когнитивті-ментальді, эмотивті, коммуникативті) [18, 6] дей келіп, дүниенің поэтикалық және прозалық бейнесінің анықтамасын былайша тұжырымдайды: «Дүниенің поэтикалық моделі – репрезентацияның арнайы формаларына ие, поэтикалық текстуальдылықтың презумпциясын біріктіре отырып мәтінде анықталатын когнитивті модельдер жиынтығы». «Дүниенің прозалық моделі – репрезентацияның арнайы формаларына ие, прозалық текстуальдылықтың презумпциясын біріктіре отырып мәтінде анықталатын когнитивті модельдер жиынтығы» [18, 6]. Л.О. Бутакова проза мен поэзия көркем әдебиеттің бір-біріне қарама-қарсы тектің түрлері болғанымен, дүниенің бейнесі ретінде бұл әдеби жанр түрлерінің мәтіндегі реализациясын ажыратып көрсетуде тек ойды білдіру тәсілі: өлең мен қара сөзді ғана айырмашылық етіп алып ұсынады.
Н.С. Болотнованың пікірінше, дүниенің поэтикалық бейнесін белгілі бір интенциялармен сәйкес бейнелі формада іске асырылған, оқырманның танымдық белсенділігінің нысаны болып табылатын автордың шығармашылық қиял, елесімен жасалған көркемдік әлем деп ұғынамыз 19, 21. Ғалым дүниенің поэтикалық бейнесінің мынадай ерекшеліктерін атап көрсетеді: «антропоцентризм, эстетикалық дүниені модельдеудің субъективті шығармашылық сипаты, автордың «тілдік ойлау» қызметі үрдісіндегі дүние жайындағы білімнің көркем образдарда екіншілік бейнелеуі, тұтастық, жүйелілік, шындық болмыспен жанама түрде байланысы, өзгермелілік» 19, 21.
Дүниенің поэтикалық бейнесінің реконструкциясы үшін материал ретінде автордың қабылдауының ерекшеліктеріне сай шындық өмірді бейнелейтін шығармаларының жиынтығы қызмет етеді. Осылайша, дүниенің поэтикалық бейнесі түсінігі көркемдік шындықтың ерекше жоғары статусын бейнелейді. Сонымен қатар, дүниенің поэтикалық бейнесін қалыптастыруда автордың индивидуалды бейнелі жүйесі маңызды рөл атқарады.
Сонымен, поэзия мен прозаның арасындағы мәнді ерекшеліктерді және ғалымдардың пікірлерін есепке ала отырып, «дүниенің поэтикалық бейнесі дегеніміз шындық болмыста ақын үшін өзекті болып табылатын құбылыстардың жүйелі түрдегі концептілерінің жиынтығы ретінде ұсынылып, олар жайында концептуалды және фактуалды мәліметтің эстетикалық мәнмен көмкеріліп, поэтикалық мәтінде семантикалық, құрылымдық, интонациялық тұтастық түрінде адамның жан дүниесіне әсер ететіндей түрде көркем бейнелер арқылы берілуі» болса, ал «дүниенің прозалық бейнесі дегеніміз шындық болмыста жазушы үшін өзекті болып табылатын құбылыстардың жүйелі түрдегі концептілердің жиынтығы ретінде ұсынылып, олар жайында фактуалды және концептуалды мәліметтің эстетикалық мәнмен көмкеріліп, прозалық мәтінде семантикалық, құрылымдық тұтастық түрінде белгілі бір идеялық мақсатта бейнеленуі» деген қорытындыға келеміз.
ХҮ–ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар поэтикасын тудырған сол кезеңдердегі тарихи, мәдени, саяси оқиғалар (фактуалды мәлімет) ішінен ақын-жырау үшін өзектірек мәнге ие зат, құбылыстар тіліне тиек болып, шығармашылық үрдісте көркем бейнеде ұсынылған туындылар болып табылады. Негізі, ақын-жыраулар поэтикасында бейнеленеген дүниенің поэтикалық бейнесі заман тудырған шындық болмыстың көркем бейнесі ретінде ұсынылады. Бұл жерде ескере кететін жайт, «когнитивті тұрғыдан қарағанда, поэзияны туынды индивидуалды сана ретінде және дамудың жалпы мәдени деңгейінің бейнесі ретінде қарастырған жөн, себебі ақын социум мен этностың өкілі болып табылады» [11, 54] дегенді де есепке алу қажет.
Поэтикалық мәтін бір жағынан, дүниені авторлық интерпретациясының ерекшеліктерін бере алады, екінші жағынан, авторлық сананың спецификалық мәндік (когнитивтік) құрылымдардың индивидуалдығын білдіреді.
Ж.Н. Маслова «Дүниенің поэтикалық бейнесі когнитивті аспектіде зерттелуі» деген мақаласында: «Дүниенің поэтикалық бейнесі дүниенің тілдік бейнесі болып табылады, поэтикалық мәтінді когнитивті аспектіде зерттеу – адам концептосферасын түсінудің тағы бір мүмкіндігі. Поэтикалық мәтіндердің жиынтығында дүниенің поэтикалық бейнесі бейнеленеді. Дүниенің поэтикалық бейнесі когнитивті аспектіде зерттеу, поэтикалық мәтінді когнитивті зерттеудің нысаны ретінде қарастыруға берілген лингвомәдени бірлестік шегінде іске асатын базалық мәдени модельдердің бар болуын және трансформациясын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Поэтикалық мәтіндегі мәннің қалыптасу механизмін зерттеу белгілі бір ұрпақтың когнитивті механизм жинағындағы, қоғамдық сана трансформациясындағы өзгерістерді айқындауға мүмкіндік береді» [11, 34] – деген пікіріне сүйенсек, ақын-жыраулар поэтикасындағы дүниенің поэтикалық бейнесінің когнитивті аспектіде қарастырудың өзектілігімен қатар, ХҮ–ХҮІІІ ғасырлардағы туындылардағы тілдік, танымдық, психологиялық, мәдени, әлеуметтік, тіпті тарихи тұрғыдан жаңаша қарастырудың тиімді жолын ұсынып, қазақ тіл біліміндегі поэтикалық көркемдік тілдегі базалық концептілер жүйесінің қалыптасу механизмінің интерпретациясын бере алады.
Демек, ХҮ–ХҮІІІ ғасырлардағы ақын-жыраулар толғауларында орын алған дүниенің поэтикалық бейнесі – индивидуальды поэтикалық тілдің құралдары арқылы айтылған және мәтінде объективтендірілген автордың дүниетанымы, көзқарасы.
Ақын-жыраулар поэтикасындағы дүниенің поэтикалық бейнесі ХҮ–ХҮІІІ ғасырлардағы тарихи, мәдени, саяси т.б. оқиғалардың әсерінен қазақ қоғамының басынан кешірген түрлі жағдайларға орай ақын-жыраулардың рухани-cезімдік тәжірибесі вербалдануынан қалыптасқан, алайда сол кезеңдерді бейнелейтін нақты фактілердің сенімділігі емес, оның адам тәжірибесіне орай сезімі, көңіл-күйі, түйген ойлары, шынайылығы маңызды орын алады.
Дүниенің поэтикалық бейнесін зерттеудегі бағыттардың жүйеленуіне арналған еңбектерге шолу жасау дүниенің поэтикалық бейнесі автордың ішкі жан дүниесімен байланысты бейнелеу арқылы анықталатын бұл салада қолданылатын ұғымдардың, түсініктердің санының көптігін және әр тектілігін көрсетеді. Дүниенің поэтикалық бейнесін жасауға қатысатын концептілер жүйесі, оның психологиялық, әлеуметтік мәні мен қасиеттері, концептінің субъективті семантикасы жайында түсініктерді, мәселелерді зерттеудің әдістемелік шешімі келтірілген.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Бахтин М.М. Эстетика словесного творчества. – М., 1979. – 320 с.
2 Лотман Ю. Об искусстве. – СПб.: Искусство, 1998. – С. 423-436.
3 Панова Л.Г. Пространство и время в поэтическом языке О. Мандельштама: автореф. дис. …канд. филол. наук. – М., 1998. – 22 с.
4 Кузьмина Н.А. Интертекст и его роль в процессах эволюции поэтического языка. – Екатеринбург: Изд-во урал. ун-та, 1999. – 268 с.
5 Казарин Ю.В. Поэтический текст как система / Ю.В.Казарин; Науч.ред. Л.Г.Бабенко. – Екатеринбург: Урал.гос.ун-т, 1999. – 259 с. 6 Сыздықова Р. Абай және қазақтың ұлттық әдеби тілі. – Алматы. «Арыс» баспасы, 2004. – 616 б.
7 Әмірбекова А.Б. Концептілік құрылымдардың поэтикалық мәтіндегі вербалдану ерекшелігі (М. Мақатаев поэзиясы бойынша): Филол.ғыл.канд. …дисс. – Алматы, 2006. – 122 б.
8 Бутакова Л.О. Человек – мир – речь: Индивидуально-авторская картина мира в творчестве омского поэта Тимофея Белозерова // Язык. Человек. Картина мира: Лингвоантропол.и филос.очерки. – Омск, 2000. – Ч. 1. – С. 94-118.
9 Сулейменова Э.Д. Понятие смысла в современной лингвистике. – Алма-Ата, 1989. – 160 с.
10 Нұрдаулетова Б.И. Жыраулар поэтикасындағы дүниенің концептуалдық бейнес:
филол. ғыл. докт… автореф. – Алматы, 2008. – 49 б.
11 Маслова Ж.Н. Жанр лирического стихотворения в контексте когнитивной поэтики // Весы – Балашов, 2008. – № 38.– С. 53-60.
12 Ахметов З. О языке казахский поэзии. – Алматы: Наука, 1975. – 210 с.
13 Виноградова С.Г. Текстовые факторы функциональной категоризации английских экзистенциальных глаголов в поэтическом тексте. // Методологические проблемы когнитивный лингвистики. – Воронеж, 2001. – С. 160-162.
14 Маслова В.А. Русская поэзия ХХ века. Лингвокультурологический взгляд: учеб. пособие. – М.: Высш. шк., 2006. – 256 с.
15 Вашунина И.В. Взаимовлияние вербальных и невербальных (иконических) составляющих при восприятии креолизованного текста: автореф. …доктора филол. наук. – М., 2009. – 42 с. 16 Бахтин М.М. Вопросы литературы и эстетики. – М., 1975. – 502 с.
17 Бутакова Л.О. Авторская сознание как базовая категория текста: когнитивный аспект:
автореф. …доктора. филол. наук. – Барнаул, 2001. – 26 с.
18 Болотнова Н.С. Ассоциативное поле художественного текста как отражение поэтической картины мира автора // Вестник ТГПУ. – Томск, 2004. –Вып.1 (38). – Сер.Гуманитарные науки, – С. 20-25.
19 Маслова Ж.Н. Поэтическая картина мира в когнитивном аспекте // Вопросы когнитивной лингвистики. – М., 2008. – №3. – С. 33-39.
Г.Е. Абылова
ПОЭТИЧЕСКАЯ И ПРОЗАИЧЕСКАЯ КАРТИНЫ МИРА:
СХОДСТВО И РАЗЛИЧИЯ
В данной статье представлен анализ толкований понятия «поэтическая картина мира» в общем языкознании и казахском языкознании. По мнению автора статьи, поэтическая картина мира в произведениях акынов-жырау сформировалась в процессе вербализации их духовно-чувственного опыта, сложившегося под влиянием исторических, культурных, политических событий в казахском обществе ХҮ-ХҮІІІ веков. Однако, важное место при этом занимает не столько достоверность исторических фактов, а связь жизненного опыта с чувствами, настроением, мыслями акына. В поэтике акынов-жырау ХҮХҮІІІ веков эстетические представления занимают основное место, в отличие от фактов и конкретики. Дать эстетические сведения – это главная функция поэтического текста.
В статье выявляются общие и различные особенности поэтической и прозаической картины мира, дается определение. Автор статьи, основываясь на трудах и взглядах ученых, рассматривает поэтическую картину мира как объективную действительность, которая представляется поэтом в виде совокупности концептов, содержащих наряду с эстетическим значением концептуальные и фактические сведения, и репрезентирующих особо значимые образы духовного мира человека посредством художественных образов. А прозаическая картина мира понимается как объективная действительность, которая представляется писателем в виде совокупности концептов, содержащих наряду с эстетическим значением концептуальные и фактические сведения, имеет семантическую и структурную целостность.
G.E. Abylova
POETIC AND PROSAIC PICTURES OF THE WORLD:
SIMILARITIES AND DIFFERENCES
This article presents an analysis of the interpretation of the concept «poetic picture of the world» in general linguistics and Kazakh linguistics. According to the author of the article, the poetic picture of the world in the works of akyns-zhyrau was formed in the process of verbalization of their spiritual and sensual experience, formed under the influence of historical, cultural and political events in the Kazakh society of the 15th-13th centuries. However, an important place here is not so much the reliability of historical facts, but the connection of life experience with the feelings, mood, and thoughts of the akyn. In the poetics of akyn-zhyrau of the 10th-10th centuries, aesthetic representations occupy the main place, in contrast to facts and specifics. To give aesthetic information is the main function of the poetic text.
The article reveals common and various features of the poetic and prosaic picture of the world, a definition is given. The author of the article, basing himself on the works and views of scientists, considers the poetic picture of the world as an objective reality, which is represented by the poet in the form of a set of concepts containing conceptual and factual information along with aesthetic significance, and representing particularly significant images of the spiritual world of man through artistic images. And the prosaic picture of the world is understood as an objective reality, which is represented by the writer in the form of a set of concepts containing conceptual and factual information along with aesthetic value, has a semantic and structural integrity.