Қ.С. Қалыбаева, Г.Қ. Абдирасилова, Н.С. Абдикаримова
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті
Алматы, Қазақстан
azkal2015@bk.ru,ab.gulmira@mail.ru, abdinargiz@mail.ru
ТҮРКІ ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРІНДЕГІ «ҚҰС» КОНЦЕПТІСІ
Мақалада когнитивтік құрылымның негізгі элементтерінің бірі – концепттің зерттелуін қарастырыла отырып, түркі тілдеріндегі фразеологизмдеріндегі құс атауларына қатысты фразеологизмдер айқындалды. Түркі тілдерінің ішінде қазақ, татар, қырғыз т.б. тілдерінде құс атауына қатысты фразеологизмдер көп кездеседі. Құс атауларының бірқатар фразеологизмдер жасауға негіз болғаны мысалдар арқылы қарастырылды.
Тірек сөздер: түркі фразеологизмі, түркі тілдері, фразеологиялық тіркес, когнитивтік лингвистика, құс концептісі, құс атаулары, үй құстары.
Тіл ғылымында тілді тұтынушы этносты алғашқы орынға қоятын лингвистикадағы антропоцентристік парадигма өз шеңберінде жаңа бағыттарға жол ашты. Осымен байланысты
М.Күштаева, Г.Снасапова, С.Жапақов, Б.Ақбердиева, Ш.Елемесова, Қ.Қайырбаева, С.Жиренов, Н.Аитова, А.Әмірбекова т.б. зерттеушілердің жұмыстарында когнитивтік лингвистика мәселелері лингвомәдениеттану, этнолингвистика, психолингвистикамен тығыз байланыста зерттелген.
Когнитивтік құрылымның негізгі элементтерінің бірі – концепт. Қазіргі тіл білімінде «концепт» терминіне зерттеушілер тарапынан берілген анықтамалар әртүрлі.
«Концепт» терминін тіл аясындағы мәселелерге қатысты пайдалануды тұңғыш рет орыс философы С.А.Аскольдов 1928 жылы «Концепт және сөз» мақаласында жариялады. С.А.Аскольдов концептінің қосымша қызметін көрсете отырып, оны былайша түсіндіреді: «…мысленное образование, которое замещает нам в процессе мысли неопределенное множество предметов одного и того же рода» [1].
Ал Ю.С.Степановтың көрсетуінше «Концепт – это «сгусток» культуры в сознании человека… Концепты не только мыслятся, но и переживаются. Они – предмет эмоций, симпатий и антипатий, а иногда и столкновений. Концепт – основания ячейка в ментальном мире человека… У концепта сложная структура. С одной стороны ей принадлежит все, что принадлежит строению понятия, с другой стороны, в структуру концепта входит все то, что делает его фактом культуру – сжатое до основных признаков содержания история; современные ассоциации; оценки; и т.д.» [2, 73].
«Концепт» терминіне анағұрлым сәтті анықтаманы А.Вежбицкая берді. Ғалымның пікірі қазіргі кезде көптеген зерттеушілер тарапынан қолдау тауып отыр. Ғалымның тұжырымы бойынша «концепт – бұл ақиқат әлемі туралы адамның тиянақталған мәдени түсінігін бейнелейтін ғаламның тілдік бейнесі» [3,85].
Түркі тілдерін тілдік (фонетикалық, морфологиялық, лексикологиялық) тұрғыдан топтастыру – классификациялау, сөйтіп әрбір тілдің түркі тілдері құрамындағы орнын айқындау Махмуд Қашқаридан басталады [4, 27].
Махмуд Қашқаридың айтуынша, «Сахара, қыр халықтарынан шыққан жомұлдардың тілдері өз алдына жеке тіл. Олар түрікшені жақсы біледі. Қай, ябақу, татар, басмыл тайпаларының да өз тілдері бар. Олар түркі тілдерін әлімсақтан бері біледі. Қырқыз, қыпшақ, оғыз, тохси, яғма, чігіл, оғрақ, жарұқ тайпалары тек түркі тілімен ғана сөйлейді. Иәмәк пен башқырт тілдері оларға жақын» [5, 11].
Фразеологизмдер – барлық тілдерге тән құбылыс. Сондықтан да осы бейнелі сөз орамдары барлық тілдерде кеңінен зерттеліп келеді. Фразеологизмдер сөйлеу тілінде де, жазу тілінде де көп қолданылатын тілдік материал. Фразеологиялық тіркестер қай-қайсысы болмасын бәрі де алғаш халықтың сөйлеу тілі негізінде қолданылған. Сондықтан олар өмірдің барлық саласын қамтып, ішкі мазмұны жағынан өте бай болады.
Түркі тілдес халықтар үшін қай кезде де өз ұлтының тілі арқылы түсінісу күні бүгінге дейін ешбір қиындықсыз жүзеге асырылып келеді. Тіпті олардың ортақ фразеологиялық тіркестері де осының айғағы.
Құсқа қатысты фразеологиялық тіркестердің сабақтастығы мен ортақтығы түркі тілдерінің синхронды дамуында аңғарылады. Бұл әртүрлі топтар мен аймақтардағы қазіргі түркі тілдерінде құс атауларына қатысты бір-біріне өте ұқсас немесе нұсқалас фразеологиялық тіркестердің көптеп кездесетінін көрсетеді.
«Зат есімдердің ішінде затты немесе заттық ұғымды әдеттегіше атаумен қатар, сол аталған заттың сын-сипат жағынан қандай екендігін қоса-қабат білдіре атайтын, олардың кейбір өзіндік сипатын нақтылай түсіп, әсірелеу не бейнелеу жолымен сезімді түрде эмоциялы-экспрессивті рең беретін тіркестер бар. Олар заттық мағынада жұмсалатын фразеологиялық тіркестер», – деп көресетеді Г.Смағұлова [6, 28].
Түркі тілдеріндегі фразеологизмдердің жасалуына сан түрлі құбылыстар, ұғымдар, түсініктер себеп болған. Солардың бірі – құс атауына қатысты фразеологизмдер.
Көптеген түркі (мысалы, якут, төлеу, алтай, түркімен, өзбек) халықтарының тотемдерінің бірі – бүркіт болған. Кейбір тайпалар өздерінің арғы тектерін бүркіттен шыққан деп есептеп, оны өздерінің қолдаушысы деп түсінді. Сібір халықтарында да бүркіт күннің әміршісі мен табиғаттың жаңартушысы, қырғыз, қазақтарда жаңа туған сәбилердің жебеушісі, бақытсыздықтан қорғаушысы саналған. Сондықтан жас балалардың киіміне көз тимеу үшін оның тырнағын қадап қоятын болған.
Осыған байланысты қырғыз тіліндегі құс атауына қатысты фразеологизмдердің біршама бөлігі бүркіт атауына қатысты фразеологизмдер құрайды. Мысалы, байлооч бүркүттей. «байлаулы бүркіттей», шодокондун бүркүтүндой болбо. Тым сараң болма мағынасында қолданылады, (Аңыз Шодоконның бүркіті аң аяғының астында бір түлкі, сол табанында бір, тұмсығымен бір түлкі ұстап тұрып, көзімен төртіншіге қадалыпты).
Қазақ тіліндегі «қарға» сөзімен келетіндердің біразынан жағымсыз мағынаны байқауға болады. Қарғадай барқылдау. Жоқ біз олай қылмадық, ұзақтай шулап, қарғадай барқылдап, ауылдағы боқтықтан ұзамадық (Абай). Сұм-сұрқия қу заман, Ел қарғадай шулаған (І.Ж). Қарғаша боқ шұқу. Кісімсіп қайда жүрсең олжаға тоқ. Шұқыма халық көзінше қарғаша боқ. (Абай). Қара құстай қалбаңдап, Қурбаң-қурбаң етеді. (Батырлар жыры). Жарбаңдап ұшқан қарғадай, Аяғы жерге тимеді. Бұл тіркестердің алғашқы мағынасы қарғаның өзіне байланысты болса, бүгінде жағымсыз адамды бейнелеуде қолданылады.
Ал, татар тілінде жалқау, іші пысқан адамды бейнелеуде карга санап йөру тіркесі қолданылса, карга куркыткычы ,карга чукырлык та ите калмаган тіркесі арық, құр сүйек мағынасында келеді.
Түркі фразеологиясында бірқатар фразеологизмдер қанат, құс атауына қатысты жасалған. Мысалы, қырғыз, қазақ тілдерінде Канаттууга кактырбай, тумшуктууга чектирбей, қанаттыға қақтырмау, тұмсықтыға шоқыттырмау, канат жаюу, қанат жаю тіркестері ортақ қолданылады.
Ұчарына канат, коноруна куйрук болуу. «арқа сүйер тірек болу», ала канат. «тұрақсыз, жеңілтек болу» мағынасында тек қырғыз тілінде қолданылады.
Енді бірқатар фразеологизмдер жалпы құс сөзімен байланыста жасалған. Ол фразеологизмдердің көпшілігі кішкентай, мардымсыз, аз деген ұғымда жұмсалады. Мысалы қырғыз, қазақ, тілдерінде куш тилиндей құс тіліндей, куш уйку құс ұйқы, куш учурбойот үстінен құс ұшырмау тіркестері ортақ қолданылады.
Түркі тілдерінің ішінде татар тілінде де құс атауына қатысты фразеологизмдер көп кездеседі. Мысалы дала құстарына қатысты фразеологизмдердің ішінде татар тілінде сандуғаш құсының көп қолданылатыны аңғарылады. Мысалы, аның сандугачы сайрый «жұмысы жақсы жүріп жатыр деген мағынада», сандугач йоқысы (қазақ тілінде құс ұйқы деген тіркеспен сай келеді). Сандугач теле кирәкме сиңа «барға қанағат қылу мағынасында», сандугачны каргага алыштырған, «сандуғашты қарғаға айырбастау», Син сандугач, мин карлигаш. «бір біріне сай», агачтан сандугач кана ясамый «бес саусағынан өнері тамған» мағынасымен сәйкес келеді.
Татар фразеологизмдердің қатарында тырна атауы да басымдылығымен көзге түседі. Мысалы, һавадагы торна ауадагы, аспандағы тырна, һавадан торна санау, «бос уақыт өткізу», торна вәли «ұзын адам жайлы» , торна мамыгы «жайлы жер», торна күзе (кебек) «көзі өткір, алыстағыны көретін», торнаның штаны юк. «өз кемшәләгән көрмей біреуге күлетін адам жайлы» т.б.
«Көгершін» құсы – достықтың, махаббаттың белгісі іспеттес. Осыған орай көгершін сөзімен жасалған фразеологизм де осы қасиетіне байланысты жасалған.
Пар кугәрчендәй – қос көгершіндей, пар кугәрченнәрдәй гөрләшип торалар — өз ара түсінушілікпен, сыйластықпен өмір сүріп жатыр, үугәрчән куу «бос уақыт өткізу, ерігу».
Құс атауы бар фразеологизмдердің жасалуы көбіне сол құстың жағымды не жағымсыз қасиетін екінші бір затқа балаудан немесе көлеміне, түсіне байланысты болып келеді. Сондай құстың бірі – шымшық. Ол көлемі жағынан кішкене құс. Сондықтан болар осы құсқа байланысты жасалған фразеологизмдердің көбі көлеміне қатысты жасалған.Мысалы, татар тілінде кішкентай ңана деген мағынада чыпчык оясы, Чыпчык чукырлык , ақылы аз, ақымақ деген мағынада чыпчык баш, чыпчык тезеннән секілді фразеологизмдер қолданылады. Сонымен қатар «түкке тұрғысыз» деген мағынада чыпчык чупләп бетермәс фразеологизмі қолданылады.
Татар тілінде «шымшық» сөзімен қатысты бірқатар мақал-мәтелдер де қалыптасқан. Мысалы, чыпчык пыр иткәнгә йөреге шыр итә, чыпчык күреп коты очкан «қорқақ», чыпчыкның да үз бизмәне «әркімнің өз мүмкіндігіне қарай», чыпчык биреп каз алмакчы «айласын асыруға тырысу» т.б.
Енді бірқатар фразеологизмдер үй құстарына қатысты жасалынған.
Қырғыз тілінің фразеологиясында үй құсына жататын балапан сөзі кездеседі. Балапан әлі жас, жетілмеген құс. Ауыспалы мағынада осы жас ерекшелік адамның жасымен салыстырылып беріледі. Балапан жүнү бата элек. «өте жас, жетілмеген», Балапан түгү түшө элек,Жумырткадан кыр чыгаруу. «Бәле іздеу, кемшілік табуға тырысу» т.б.
Тауық, үйрек, қаз, әтеш секілді үй құстарын адамдар еті, жұмыртқасы, қауырсыны үшін пайдаланады. Бұлардың барлығының қызметі бірдей.
«Тауық» сөзі жалпыхалықтық тілде эмоционалдық жағынан бейтарап, ал кейбір тұрақты сөз тіркестерінде жағымсыз мағынаны білдіреді.
Қазақ тілінде «тауық» сөзіне қатысты соқыр тауыққа бәрі бидай, судан шыққан тауықтай, кімнің тарысы піссе, соның тауығы болу секілді фразеологизмдер осындай жағымсыз ұғымда қолданылады. Мысалы, татар тілінде ақымақ, ұмытшақ деген мағынада тавык мие эчкен, тавык баш, тавык мие ашаган, тавык хәтере секілді фразеологизмдер кездеседі.
«Тауық» сөзімен қатысты тағы да тавык йөрек «қорқақ», тавык атлап чыгарлык «жақын жер», тавыклар көләрлек «күлкілі емес», тавык чупләп бетергесіз «өте көп», күкәй сала алмаган тавык ишкелле «абыржу»т.б.
Татар тілінде «әтеш» атауы да бірқатар фразеологиздер жасауға негіз болған. Әтәч азаң әйткәндә, әтәч күкей салганда фразеологизмдері бұл тілде қазақ тіліндегі өгіз бұзаулағанда яғни ешқашан орындалмайтын іс жайында қолданылады Сол секілді ерте тұру деген мағынада әтәч белән тору, әтәч белән ятып, сөгер белән тору тіркестері қолданылады.
Сол секілді бұл тілде қазақ тілінде мүлдем кездеспейтін ахыргі әтәч «сирек», әтәче кубыз уйный «өнерлі» , қызыл әтәш жибәру «біреуді біреуге айдап салу», әтәч буып кычкыра «орынсыз шу шығару» секілді фразеологизмдер актив қолданылады.
Түркі тілдерінің ішінде татар тілінде «үйрек» атауы фразеологизмдер жасауда ерекше молдығымен көзге түседі. Және де олардың барлығы дерлік тойымсыздық, сараңдық сияқты жағымсыз мағынада қолданылады.
Мысалы, үрдәк биреп каз алган «пайдакүнем, есепшілдеген мағынада қолданылса, дәл осы мағынада казын биреп кадалган тіркесі кездеседі. Сол секілді алдау, өтірік сөйлеу мағынасында үрдәк очыру, орынсыз көп сөйлеу мағынасында үрдәк телен ашаган, сүйкімсіз, ұсқынсыз деген ұғымда қолданылатын шыксыз үрдәк баласы фразеологизмдері қалыптасқан.
Қырғыз тілінде беш өрдөгөн очору тіркесі татар тіліне жақын өтірік айту ұғымында жұмсалады. «Қаз» сөзі кейбір фразеологизмдерде «ірілікті» көрсету үшін қолданылады. Ал осы іріні кішкентай нәрсеге айырбастау ақымақ адамдардың ісі. Осыған орай татар тілінде «каз биреп үрдәк алу» деген тіркесі қоллданылса, ерекше құрмет жасау мағынасында каз мамыгы оның башында деген секілді фразеологизмдері қалыптасқан.
Түркі тілдеріндегі құс атауларынан жасалған фразеологизмдер аз емес. Оларды өз алдына жинастырып, жеке зерттеу қажет деп ойлаймыз.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Аскольдов А. С.Концепт и слово // Русская словестность: Антология. –Москва, 1997.
271 с.
2 Степанов Ю.С. Константы. Словарь русской культуры . – М.,1997. – 401 с.
2 Вежбицкая А. Язык. Культура. Познание. – М., 1996. – 411 c.
3 Томанов М. Қазақ тілінің тарихи грамматикасы. — Алматы: «Мектеп», 1988.
4 Махмуд Қашқари. Түбі бір түркі тілі («Диуани луғат ит-турк»). – Алматы: «Ана тілі», 1993.
5 Смағұлова Г. Фразеологизмдердің варианттылығы. – Алматы: Санат, 1996. – 128 б.
6 Жамшитова Г.Ж. Кыргызско-русский,русско-кыргызский тематический фразеологический словарь. Бишкек, 2003.
7 Сафиуллина Ф.И. Татарско-русский фразеологический словарь. Казань, 2001.
8 К.С. Калыбаева, Г.К. Абдирасилова, Н.С. Абдикаримова
К.С. Калыбаева, Г.К. Абдирасилова, Н.С. Абдикаримова
КОНЦЕПТ ПТИЦА ВО ФРАЗЕОЛОГИИ ТЮРКСКИХ ЯЗЫКОВ
В статье одним из основных элементов когнитивной структуры является изучение концепции, связанной с именами птиц во фразеологии тюркских языков. Среди тюркских языков есть много фраз, связанных с названиями птиц на казахском, татарском и кыргызском языках.
K.S. Kalybaeva, G.K. Abdirasilova, N.S. Abdikarimova
THE CONCEPT OF THE BIRD IN THE PHRAZEOLOGY OF TURKISH LANGUAGES
In the article, one of the main elements of the cognitive structure is the study of the concept associated with the names of birds in the phraseology of Turkic languages. Among the Turkic languages there are many phrases related to the names of birds in the Kazakh, Tatar and Kyrgyz languages.