Ж.А. Жақыпов
Л.Н. Гумилев ат. Еуразия ұлттық университеті Астана қаласы, Қазақстан zhan.zhak58@gmail.com
ҚАЗАҚ ФОЛЬКЛОРЫН ТІЛДІК-ЖАНРЛЫҚ ТҰРҒЫДАН ЗЕРТТЕУДЕ
М. ӘУЕЗОВ ҮЛЕСІН БАҒАМДАУ
Мақала «Қазақ фольклорын тілдік-жанрлық зерттеу» ғылыми жобасына орай жазылды. Мұндай зерттеу рухани жаңғыру барысыныда ұлттық кодты айқындау үшін қажет.
Фольклорлық жанрлардың тілдік ерекшеліктерін айқындаудың деңгейі анықталады. Фольклорды зерттеген әдебиеттанушылардың еңбектері тілтану тұрғысынан бағаланады. Тілтанушылардың фольклорды зерттеуге қосқан үлесі көрсетіледі. Академик М. Әуезовтің осы бағытқа қосқан үлкен үлесі бағамдалады.
Мақала «Қазақ фольклорын тілдік-жанрлық зерттеу» ғылыми жобасына орай жазылды.
Кілт сөздер: фольклорды тілдік-жанрлық зерттеу, лингвофольклортану, фольклорлық мәтін, фольклор тілі, интертекстуалдылық.
Фольклор жанрларын әдебиеттанулық-фольклортанулық тұрғыдан зерттеу отандық филологияда да, шетелдік филологияда молынан зерттелген. Дегенмен қай ұлттың болсын фольклорлық жанрлары жіктеудің универсалды критерийлерінің орнықпағаны байқалады. Дүниежүзілік филологияда жанрды айқындау, негізінен, әдебиеттану тұрғысынан қаралады. Ал фольклорлық жанрлардың тілдік белгілері назардан тыс қалған. Соңғы 25 жыл көлеміндегі ағылшынтілді ғылыми әдебиеттерді шолғанда, фольклор тілін арнайы зерттеу нысанына ілікпегені байқалады. Ағылшын тілінде фольклорға арналған тоқсандық басылымнан байқалғаны фольклорды этнографиямен байланыстыру үрдісі байқалды, тіл мәселелеріне жанама назар аударылады, түркітілдес халықтардың салт-ғұрпын фольклорлық тұрғыдан қарайды [1; 2; 3; 4]. ХХІ ғасырдағы немістілді филологиялық әдебиеттерді шолғанда байқағанымыз да осы шамада. Немістілді әдебиеттерде фольклор ғылымының жалпы мәселелеріне байланысты еңбектерде [5; 6], халықтың салт-ғұрпымен фольклорды байланыстыра қарағанда [7], тіл, әдебиет, фольклорды жалпылай қамтыған әдебиеттерде [8] лингвистикалық аспектісіне назар аударады. Алайда бұлардың қай-қайсында болсын фольклорды тілдік-жанрлық тұрғыдан зерттеу дәстүрге енбегені айқын көрінеді. Еуропа фольклортануы контексінде қарағанда да, фольклорды тілдік-жанрлық тұрғыдан зерттеу әлемдік филология ғылымы үшін маңызды іс болмақ.
Орыстілді ғылыми әдебиеттерде фольклордың жанрлық мәселелері көркем әдебиеттегі тек пен түр санаттары тұрғысынан жіктеледі. Орыс фольклортануының жолбасшыларының бірі В.Я. Пропп көркем әдебиет пен фольклордың айырмашылығын ескеру керек екенін айта отырып жазған мына бір пікірі әлі де қолданыс үстінде: «Жанр – понятие чисто условное, и о его значении надо договориться. … Общеизвестно, что роды поэзии – это область эпоса (точнее – повествовательной поэзии и прозы), драмы и лирики. Роды распадаются на виды, и эти виды мы называем жанрами» [9, 35]. Орыс филологиясында жанрды әдеби тектің өмір сүру формасы [10, 26], болмысты бейнелу тәсілі [11, 33-34] ретінде қарау бар, Сондай-ақ, фольклордың да көркем туындылар жүйесі екенін ескерсек, «В литературоведении это понятие определяется совокупностью поэтической системы. Это можно применить и к области фольклора. В широком смысле этого слова жанр может быть определен как ряд или совокупность памятников, объединенных общностью своей поэтической системы. Так как фольклор состоит из произведений словесного искусства, прежде всего необходимо изучить особенности и закономерности этого вида творчества, его поэтику. … Под поэтикой понимается совокупность приемов для выражения художественных целей и эмоционального и мыслительно» [9, 36]. Мұнан фольклордың өмір сүру формасы, болмысты бейнелу тәсілі, поэтикасы тілдік таңба арқылы жүзеге асатындықтан, оны тілдік-жанрлық тұрғыдан зерттеудің мәні зор деген қорытындыға келуге болады.
Орыс филологиясында жеке ғылыми пән ретінде лингвофольклористика енгізіліп, оның құзыретіндегі мәселелер шеңбері мыналарды қамтиды: фольклор тілінің жалпыхалықтық тілдің басқа формаларымен салыстырғандағы табиғаты; поэтиканың генетикалық негіздері; фольклор деңгейіндегі поэтика мен тілдің байланысының сипаттары; тарихи стилистика проблемаларын қоса алғандағы фольклорлық стилистиканың маңызы; халық шығармашылығының психолингвистикалық аспектісі; фольклор тіліндегі ерекшелік мен жалпылықтар, варианттылық пен инварианттылық; ауызша поэтикалық шығармашылықтағы «көрінеу» және «көмес» деңгейлер [12]. Көрініп тұрғандай, мұндай фольклорды тілдікжанрлық тұрғыдан зерттеу мәселесі күн тәртібіне қойылмаған. Демек, қазақ фольклорын тілдік-жанрлық тұрғыдан зерттеу өзекті тақырып болмақ.
Фольклорлық жанрлар жүйесі қазақ филологиясында да елеулі шамада зерттелді. Бұл жерде қазақ әдебиет теориясындағы пайымдарға тоқталу артық болатындықтан, тек фольклортану аясындағы жанр мәселесінің түйінді-түйінді тұстарына тоқталған жөн.
Фольклорлық шығармаларды жанрларға жіктеу А. Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышынан» (1926) басталады. Ғалым ауыз әдебиетін жанрларға бөлгенде «жұмсалатын орнына» сүйенеді де сауықтама және сарындама деп екі салаға бөледі. Бұл екі саланы онан ары тарауларға, тарауларын тармаққа, бұтаққа бөледі [13, 232-261]. Х. Досмұхамедұлы ауыз әдебиетінің түрлерін жіктеуді мақсат еткен «Қазақ халық әдебиеті» (1928 жыл) очеркі қазақ фольклорының жанрларын біршама түгендеген еңбек болды. Кейінгі кезге дейін елеусіз қалып келе жатқан этнографиялық аядағы шағын жанрларды, тіпті, фразеологизмдерді Х. Досмұхамедұлы фольклор жанрларының жүйесіне енгізген [14].
Қазақстанда фольклор жанры дейтін ұғымға теориялық тұрғыдан келген ғалым Б. Уахатов болды. Оның анықтауынша: «Жанр – белгілі бір қоғамдық қызмет атқаратын және соған лайықты мазмұны бар, әбден қалыптасқан көркемдік форма» [15, 75]. Фольклор жанрларының теориясын қазақ филологиясында жүйелеген ғалым С.А. Қасқабасов болды. Ғалымның: «… фольклор жанрларын зеттегенде екі нәрсе қатар ескерілуі қажет. Ол: а) фольклордың сөз өнері ретінде әдебиетпен туыстығы, жақындығы; ә) фольклорды әдебиеттен алшақтататын ерекшеліктер» [16, 23] – деген тұжырымы оны тілдік-жанрлық тұрғыдан зерттеуге әдістанулық ыңғай болуға лайық. Өйткені «фольклордың поэтикасы мен әлеуметтіктұрмыстық функциясы оның жанрларын сипаттап, әдебиеттен ерекшелендіріп тұрады» [16, 25]. Сонда, С. Қасқабасовтың пікірінше: «Жанр дегеніміз – оқиғаны, сюжеттік материалды белгілі бір мақсатпен тұтас мазмұнды, идеялы шығармаға айналдырудың әдісі, жолы, құралы» [16, 28]. Ғалымның осы зерттеуінде жанрлардың мәтініндегі тілдік ерекшеліктерге аз да болса тоқталатын тұстары бар. Алайда, халық прозасын арнайы нысан еткендіктен болар, ол жанр санатына сюжетті тірек ететіні байқалады. Көріп отырғанымыздай жанрларды айқындауда тілдік факторларға тиісінше назар аударылмайды.
Қазақстандық тілтанушылардың осыған байланысты еңбектері де бар. Бұл мәселеге іргелі зерттеу жасаған – профессор Е.Қ. Жұбанов. Оның еңбектерінде эпос тілін зерттеудің интралингвистикалық аспектілері толық қамтылады: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының тілдік ерекшеліктері; эпикалық жырлардың тілдік-көркемдік ерешеліктері; ауыз әдебиетінің тілі мен қазақ әдеби тілінің қатынасы; ауызша сөздің диалектіден үстем формалары, «Ауызекі поэзия тілін зерттеудің лингвистикалық аспектілері» қарастырылады, ал паралингвистикалық, экстралингвистикалық аспектілерді қарастыруды, тіл мен жанрдың байланысын ашуды ғалым мақсат етпеген [17]. Г. Қосымова қазақ эпосындағы фразеологизмдердің лексика-семантикалық, лексика-грамматикалық сипаттары талданды [18], А.Ж.Мухатаева қазақ эпосын этнолингвистикалық тұрғыдан зерттеді [19]. Жекелеген фольклорлық шығармалардың тіліне арналған еңбектерде тілдік фактілер талдауға алынып, негізінен, сипаттамалық әдіспен ғана зерттелді [20] немесе мәтінде сөздерге және оның пішіні мен мағынасына қатысты кездескен жекелген фактілер талқыланды [21].
Ауыз әдебиетінің жанрларының (ертегі, лиро-эпос, айтыс) тіліне арналған зерттеулерде дәстүрлі құрылымдық әдістер [20], лингвомәдениеттанулық, оның ішінде этнотілтанулық, тұрғылар қолданылды. Тілдік бірліктердегі ұлттық колорит лингвистикалық тұрғыдан талданды [22].
Ж.А. Жақыповтың жетекшілігімен «Қазақ лингвофольклортануы (эпос материалындағы зерттеу)» тақырыбында ғылыми жоба іске асырылды. Осы Жобамен жұмыс істеу барысында фольклорды зерттеудің лингвистикалық ыңғайлары белгіленді. Қазақ лингвофольклортануы жеке ғылыми пән ретінде ғылыми айналымға енгізілді. Қазақ батырлық жырларының негізінде фольклорлық мәтіндердің интралингвистикалық, паралингвистикалық парадигмалары талданды, фольклорлық шығармалар мәтінтану тұрғысынан зерттелді [23]. Алайда бұл зерттеу эпос жанрына ғана негізделді.
Көріп отырғанымыздай, бұл еңбектерде фольклор жанрларының бір түрі тілдік айғақтар табылатын мәтін ретінде нысанға алынады да әр ғалым әр түрлі тұрғыда зерттейді.
Осы тұрғыдан келгенде, М.О. Әуезовтің лингвофольклортанудағы үлесін айқындау – қазақ лингвофольклортануының бір міндеті болмақ.
Қазақ фольклортану ғылымын дамытуға айрықша үлес қосқан М. Әуезовтің еңбектерінде лингвофольклортануға сүйеніш болатын пікір-пайымдар, талдаулар мол кездеседі. М.О. Әуезовтің мұндай еңбектерінің бірі де бірегейі – «Қазақ халқының эпосы мен фольклоры». Ғалым еңбегінің атауында «эпос» пен «фольклорды» екіге жіктейтін сияқты болып көрінеді, алайда бұлай деп атаудағы мақсат «эпостың» ауқымын айрықша көрсету болса керек.
Бұл еңбекте ғалым ең алдымен тұрмыс-салт фольклорына тоқталады, оның этнологиялық, әдеби сипаттарын ашады. «Басқа халықтар сияқты, қазақтардың үйлену салт жырлары ритаулдық-тұрмыстық мән-мағынасына қоса ойын-тойда айтылады да солардың ішінде, әсіресе «Жар-жар» мен «Бет ашар» сән-салтанат тұсында да, әзіл-қалжың ретінде де орындалады. Оларда жас жұбайларға деген тілек-бата айтылады, күлкілі теңеулер, тапқыр ишара емеуріндер мол ұшырасады,… [25, 36-37]». Осы пікірдегі «сән-салтанат тұсында, әзілқалжың ретінде» айтылатындығы жырдың тілдік-стилдік ерекшеліктерін бағамдауға нұсқаса, «күлкілі теңеулер, тапқыр ишара емеуріндер» тілдік айғақты талдауға нұсқап тұр.
Фольклорлық шығармалардың лексикалық құрамын зерттеу де лингвофольклортанудың негізгі міндеттерінің біріне жатады. Фольклорлық шығармалардың лексикалық құрамының өзгешелігі жанрлық ерекшеліктермен байланысты екендігі байқалады. Мәселен, М.О. Әуезов: «Нағыз халық өлеңдеріндей емес, «бата» мен «жарапазанда» құраннан алынған сөздер, арабизмдер көп ұшырасады [25, 48]», – деп көрсетеді.
Коммуникативтік тіл білімінде сөйлеудің стратегиясы мен тактикасы ерекше қаралады. М.О. Әуезовтің фольлортанулық зерттеулерінде белгілі бір жырды айтудағы стратегия мен тактиканы, троптарды пайдаланудың осыған қатысы бар екенін пайымдайтын тұстар бар. Мысалы: … «Естіртудің» образдық құрылысында пернелеу, тұспалдау басым. Мұнда поэтикалық образ үшін табиғат құбылыстары, жануарлар, тарихи тұспалдар алынады. Қайғылы хабар содан кейін барып естіртіледі [25, 46].
Когнитивтік тіл білімінің жетістіктерін пайдалану – лингвофольклортанудың бір міндеті. Фольклордағы әлем суреті, дүниетанымдық санаттарды лингвистикалық зерттеу жаңа да маңызды нәтижелер береді. Ал дүниетанымдық негіздерді М.О. Әуезов сияқты ғалымдардың пайымдауларынан молынан табуға болады. Мәселен: «Анимизм қалдықтары, яғни кез келген құбылыстың жаны бар деп түсінушілік қиял-ғажайып ертегілердің бәрінде де ұшырасады. Қиял-ғажайып ертегілерден ежелгі адамдардың космогониялық ұғым-нанымдарын ғана танып қоймаймыз, сонымен бірге мал баққан тайпа өмірінің экономикалық тұрмысын, тіпті көптеген ертегі кейіпкерлерінің әлеуметтік негізін аңдадатын ишараны да табамыз» [25, 50], – деген пікірден біз мифологиялық, жалпы дүниетанымдық жайттардың жөн-жобасын байқаймыз.
Мәтінді лингвофольклортанулық тұрғыдан зерттеуде интралингвистикалық бір аспектіге синтаксистік түзілістер жатады. «Жар-жар» мәтінінің синтаксистік түзілісі туралы: «Жар-жардың» әр шумағы образдық-синтаксистік параллелизмге құрылады және алғашқы екі жол тікелей жанастылығы жоқ жайларды баян етеді де, сондағы образбен терең мағыналы түрде астасып жатқан соңғы жолдарда ғана негізгі мән ашылады [25, 38]», – деген пікірі теориялық бір заңдылық болатынына сенім зор.
Фольклорлық шығармалардағы «образдық-поэтикалық желі» туралы идея М.О. Әуезовке тиесілі. Бұл желі таза, бірыңғай әдебиеттанулық ыңғайда айқын көріне алмайды. Лингвистикалық зерттеуге тартқанда ғана бұл толымды болып шығады. Мәселен, ғалымның: «Жоқтаудың» образдық-поэтикалық желісінде салыстырыла алынған бейнелер мен теңеулер көп ұшырасады, өлген адамды мадақтағанда бояуы қалың эпитеттер мен метафоралар қолданылуы шарт [25, 47]», – деген сияқты пікірлері көркем мәтінді лингвистикалық талдау пәнінің тұрғысынан кешенді зерттеуге жол көрсетіп тұр.
Лингвофольклортануда фольклорлық мәтін мәселесі ерекше орын алады. Фольклорлық мәтінтануда тұрмыс-салт жырларын зерттеуде М.О. Әуезов айтқан «тұрақты текст» мәселесі айрықша назар аударуды қажет етеді [25, 37].
Фольклорлық мәтіннің түзілімі жөнінде М.О. Әуезов нақты тоқтамдар жасады. Соның бірі – фольклорлық мәтіннің жанрлық тұрғыдан құрастырылуы туралы мәселе. Мәселен, ірі эпикалық туындылардың құрамында тұрмыс-салт жырларының келуі фольклор мәтіндерін тілдік-жанрлық тұрғыдан зерттеу міндетін алға тартады: «Эпостық дастандардың шығу тегі сөз болғанда олар тұрмыс-салт жырларының негізінде туды деп айтуға кәміл болады» [25, 64]. Ғалым келтірген мына сияқты айғақтар лингвофольклортанулық тұғырлауды қажет етеді: «Естірту» эпоста да ұшырасады. «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырындағы Тазшаның сұмдық түс көріп естіртуі. «Ер Сайын» жырында 40 жігіттің Сайын қаза тапқанын естірту үшін Аю Бикешке айтқан хикаясы [25, 46]»; «Дастан («Қозы Көрпеш-Баян сұлу». – Ж.Ж.) он бір буынды қара өлең ұйқасымен шығарылған. Бірақ эпикалық баяндау сарынына тұрмыс-салт жырларының үлгілері жиі араласып отырады. Қазақ фольклорының шағын формаларын өз бойына дәл осы дастандай мол жинаған көне шығарма жоқ болар. … Бұлардың бәрі-бәрі дастанның сюжеттік желісіне қабыса кірігумен бірге дербес көркем шығармаға тән қасиеттерді де танытады [25, 72].
Интертекстуалдылық құбылысы қазір көркем әдебиеттегі постмодернизм құбылысымен байланыстырылады. Бұл құбылыстың тілдік көріністері лингвистер тарапынан келтірінді құрылымдар ретінде қарастырылып келеді. Ал фольклорлық шығармалардағы интертекстуалдылық арнаулы зерттеу нысанына іліге қойған жоқ.
М.О. Әуезовтің еңбектерінен әр түрлі халықтардың фольклорларының арасында интертекстуалдылық байланыс бар екенін байқауға болады. Мұның тілдік репрезентацяисын зерттеу – лингвофольклортанушылардың алдында тұрған бір міндет.
М. Әуезовтің фольклордағы интертекстуалдылық құбылысын әлемдік фольклордың контексінде қарап, әр халықтың, соның ішінде қазақтардың, өз танымы мен болмысына орайластыруы ретінде қарайтыны байқалады. Ғалымның мына бір пікірлері осыны байқатады: «… басқа халықтардан алмасып алынған сюжеттік желілер өңделіп сұрыпталады, өзгереді, жаңа халықтық негіз табады, яғни сол ертегілердің қазақша айтылған нұсқалары туады. Сол нұсқаларға қазақ халқының тарихы мен мен тұрмысына хас ұғым-нанымдардың, әралуан әлеуметтік топтардың дүниетануы мен дүниеге көзқарасының экономикалық-әлеуметтік ерекшеліктерінің ықпалы тигендігі де даусыз» [25, 49].
М. Әуезов пайымдауынша, интертекстуалдық сюжеттік байланыстар мына жайттан байқалады: «Сюжеттің кейде үзік-үзік болып бөлінетіндігі де байқалады. Мұндай жағдайда алмасқан сюжет қазақ нұсқасына тұтас күйінде емес, жекелеген сарындар мен ситуациялар түрінде енеді. Сюжеттің осындай жекелеген элементтерінің тіпті қазақтың төл ертегілерінің желісіне еніп кететін кездері де болады. Мәселен, қиял-ғажайып ертегілерде жалмауызға қоса перілер мен диюлар (араб-парсы ертегілерінен ауысқан) да жүреді. Сол сияқты, орыс ертегілеріне мейлінше хас аю, түлкімен бірге үй хайуанаттары, қойшы қоса жүреді. Соңғылар – қазақ ертегілерінің кейіпкерлері. Олар алмасып алынған сюжетке қазақтық нәр-нақыш беріп тұр» [25, 49].
Фольклордағы интертекстуалдық құбылыстардың бірі әр халықтың ауыз әдебиетінде ортақ кейіпкерлердің болуы: «Бұл кейіпкерлермен қатар қазақ ертегілерінде арыстан, аю, жолбарыс, түлкі де жүреді. Бұл ертегілерді қазақтың төл ертегілері деп атауға болар еді. Бірақ онда бұл хайуанаттар орыс ертегілеріндегідей сипаттарымен бейнеленген. Сондықтан бұл жәйттер алмасып алынған деп түйін жасауға әбден болады. Хайуанаттар жайындағы ертегілер – бар халықтың фольклорындағы ең ежелгі әрі ортақ түр. Оны тіпті санскриттік Панчантрадан да табамыз. Сондықтан хайуанаттар жайындағы ертегілер араб-иран фольклорынан алмасып алынған деуге де болар еді. Бірақ оларда бұл ертегілердің тақырыбы онша дамып өрбімеген, айталық, орыс ертегілеріндегіден әлдеқайда аз. Аю, түлкі, жолбарыс жайындағы ертегілердің жалпы сипаты, олардың юмористік, кейде мысалдағыдай болып келетін өзгешелігі қазақ ертегілеріне орыс фольклоры әсер еткенін, тіпті кейде тікелей алмасып алу болғандығын дәлелдейді. Бұл ертегілерге қой, түйе сияқты және басқа да қазақ тұрмысына хас кейіпкерлердің кіргізілуі – қазақ фольклоры енгізген, өңдеген өзгерістер» [25, 52].
М.Әуезов еңбектерінің қазақ фольклорын жанрларға жіктеуде, олардың ерекшеліктерін сипаттауда орны бөлек. Фольклорлық жанрлардың тіл қолданыстағы ерекшеліктерін іздеуде оның мына сияқты пікірлерін тірек етуге болады. Мәселен, аңыздардың тілдік ерекшеліктерін зерттеуде «Қорқыт атын торығып түңілудің, өмірден безудің символы етіп көрсету» туралы [25, 56], «Қазақ халқы өзінің бүкіл тарихы жолында Асан есімін өктемдікке қарсылықтың символындай сезгені» [25, 57] туралы пікірлерін нақты айғақ ретінде пайдалануға болады.
Жұмбақтар мен мақал-мәтелдердің тілдік түзілісі жөнінде ғалымның пікірлері де әдістанулық тірек бола алады. «Қазақ мақал-мәтелдерінің, жұмбақтарының дені өлең түрінде келеді. Және сондағы сөздердің өзара үндесіп, үйлесіп, ассонанс, аллитерациялардың мол болатындығына қайран қаласың. Мағына-мәні де мейлінше терең болады: мәселен; «Сұлу – сұлу емес, сүйген — сұлу», «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ». Мұнда ішкі ұйқастар да күшті [25, 62].
«Жалпы жұмбақты – сөз образының кілті есебінде тануға болады» /294/; «Сөз мағынасын «топтап, жалпылап» «жалқылап, саралап, тармақ-тармағына бөліп» айтады, «әр алуан түрде суреттейді», «көрінісіне қарап сипаттайды», «дыбысына қарай бейнелейді» [25, 296], «қосарлап, парлап айтылатыны» /296/, «Осы жайлардың барлығын жұмбақ және де ақындық сөзбен, теңеу салыстырумен келтіреді» [25, 298] деген айғақтары – жұмбақ жанрын тілдік зерттеуде басшылыққа алуға болатын айғақтар.
Эопстық жырларда жиі кездесетін «Қазан» топонимінің этимологиясын да осы еңбектен табамыз [25, 66].
М.О. Әуезовтің фольклорлық шығармаларды бағалауда бірінші орынға оның тілін қоятыны байқалады. Мәселен, «Қыз Жібек» жырын ең үздік шығарма ретінде бағалауына тілдік айғақтар тірек болған: «Қазақтың өткеннен қалған эпостық мұрасының ішінде «Қыз Жібек» жыры асқан көркемдігімен ерекшеленіп, оқшау танылады. Дастанның мол да алуан түрлі формасы оның күрделі де шебер композициялық құрылысымен үйлесе үндесіп келген. Жырдың тілі де өте шебер. Тамаша бейнелі, өрнек-нақышқа бай. Жырдың бейнесі нағыз ұлттық образ болып кетуінің сыры да осында» [25, 74].
Пайдаланылған әдебиет:
1 Georges, Robert A., and Michael Owen Jones. Folkloristics, an Introduction. Bloomington:
Indiana University Press, 1995.
2 1964. Texture, Text, and Context. Southern Folklore Quarterly 28:251-65.
3 Georges, Robert. 1980. Toward a Resolution of the Text/Context Controversy. Western Folklore 39:34-40.
4 James Alexander Kapaló. Text, Context and Performance: Gagauz Folk Religion in Discourse and Practice. Brill. 2011
5 Anette Kabanov » Ol’ga Michajlovna Frejdenberg, 1890-1955: eine sowjetische Wissenschaftlerin …», Wiesbaden, 2002.
6 Hermann Bausinger: Zur Kritik der Folklorismuskritik. In: Hermann Bausinger (Hg.): Populus Revisus. Tübingen 1966, S. 61–75.
7 Die Türken von Vidin: Sprache, Folklore, Region, Gyula Nemeth, Budapest Akademiai Kiadó, 1965.
8 Sprache, Literatur, Folklore bei Vuk Stefanović Karadžić: Beiträge zu einem Internationalen Symposium, Göttingen, 8.-13. Februar 1987.
9 Пропп В.Я. Фольклор и действительность. – Москва: Издательство «Наука», 1976. – С.
35.
10 Утехин Н.П. Жанры эпической прозы. – Ленинград: Наука, 1982.
11 Кравцов Н.И., Лазутин С.Г. Русское устное народное творчество. – Москва: «Высшая школа», 1977.
12 15. «Язык фольклора: Хрестоматия / Сост. А,Т. Хроленко.»: Москва: Флинта, Наука, 2005.
13 Байтұрсынұлы А. Әдебиет танытқыш. // Байтұрсынов А. Шығармалары: өлеңдер, аудармалар, зерттеулер. – Алматы: Жазушы, 1989. – Б. 137-298.
14 Досмұхамедұлы Х. Аламан. – Алматы : Ана тілі, 1991.
15 Уахатов Б. Қазақтың халық өлеңдері. – Алматы: «Ғылым», 1974.
16 Қасқабасов С. Шығармалары. Т.1. Жаназық. Әр жылғы зерттеулер. – Астана: Фолиант, 2011.
17 Жұбанов Е. Қазақ ауыз әдебиеті және әдеби тіл» // Қазақ әдеби тілінің қалыптасу тарихы мен даму жолдары (Мақалалар жинағы). – Алматы, 1981. – Б. 145-157; Ауызекі поэзия тілін зерттеудің лингвистикалық аспектілері. // Қазақ ССР Ғылым академиясының Хабаршысы, 1977, № 4. – Б. 61-68; Эпос тілінің өрнектері. – Алматы,1978.
18 Кусимова Г. Қазақ эпосындағы фразеологизмдердің лексико-грамматикалық ерекшеліктері // Қазақ тіліндегі сөз тудыру проблемалары: Жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушыларының ғылыми мақалалар жинағы (Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы педагогика институты) Алматы, 1985. – Б. 58-66; Сонікі: Қазақ эпосындағы фразеологизмдердің семантикалық ерекшеліктері // Совет дәуірінде қазақ әдеби тілін нормаландыру мәселелері: Жоғары оқу орындарының профессорлары мен оқытушыларының ғылыми мақалалар жинағы (Қазақтың Еңбек Қызыл Ту орденді Абай атындағы педагогика институты) Алматы, 1985. – Б. 26-33.
19 Мухатаева А. Ж. Этнолингвистические изучение лексики казахского эпоса // Автореф. дис. … кад.фил. наук. Алма-Ата, 1989.– 32 с.
20 Құсманова К. «Біржан-Сара» айтысының тілдік ерекшеліктері. – Өскемен, 2004.
21 Ғұмарова М. «Қыз Жібек» лиро-эпосының ғылыми басылымын баспаға әзірлеу тәжірибесінен // Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі. Алматы, 1983. – Б. 128-149; Сонікі: Уәлиханов жинаған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» нұсқасының тексі жайлы // Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі. Алматы, 1983. –Б. 113-128; «Қамбар батыр» эпосының ғылыми басылымын баспаға әзірлеу тәжірибесінен // Қазақ фольклоры мен әдебиет шығармаларының текстологиялық зерттелуі. Алматы, 1983 –Б. 87-113.
22 Құсманова К. Айтыс өлеңдерінің лингвомәдениеттанымдық сипаты: мәдени кеңістіктегі ұлттық стереотиптер: филол. ғыл. д-ры … дис. автореф. – Алматы, 2010.
23 Қазақ лингвофольклортануы. Ұжымдық монография. – Астана: ЕҰУ, 2017.
24 Хайдеггер М. Время и бытие: Статьи и выступления: Пер. с нем. – М.: Республика, 1993. – 447 с.
25 Әуезов М. Уақыт және әдебиет. – Алматы: Қазақтың мемлекеттік көркем әдебиет баспасы, 1962.
Ж.А. Жакупов
ДЕФИНИЦИЯ ВКЛАДА М. АУЭЗОВА В ЯЗЫКОВО-ЖАНРОВОЕ
ИССЛЕДОВАНИЕ КАЗАХСКОГО ФОЛЬКЛОРА
Статья написана в рамках научного проекта «Языково-жанровое исследование казахского фольклора».
Языково-жанровое исследование казахского фольклора является наиболее актуальным вопросом выявления национального кода в процессе духовного обновления казахстанского общества, что указано в программной статье «Взгляд в будущее: модернизация общественного сознания».
В статье определяется уровень языково-жанрового исследования казахского фольклора. Оценивается вклад литературоведов и лингвистов в такие исследования. В объект изучения в трудах казахских ученых-филологов привлекаетя, в основном, один из видов фольклорных жанров. Жанр фольклора исследуется в качестве текста с характерными языковыми особенностями, и каждый ученый делает это по-своему. То есть, не ставится цель исследовать в комплексном плане жанры фольклорных текстов, следовательно, постановка новой цели и новых задач языково-жанрового исследования становится необходимостью. В решении таких задач неоценимый вклад внесет труды академика М.О. Ауэзова.
Zh.A. Zhakupov
DEFINITION OF THE CONTRIBUTION OF M. AUEZOV TO
LINGUISTIC-GENRE STUDY OF KAZAKH FOLKLORE
The article is written in the framework of the scientific project “Language and Genre Study of Kazakh Folklore”. It comes as no surprise that, linguistic-genre study of Kazakh folklore is regarded as the most urgent issue of identifying the national code in the process of spiritual renewal of Kazakhstan society, which indicated in the program article «Course towards the future:
modernization of Kazakhstan’s identity »
The level of linguistic-genre research of Kazakh folklore is determined in the given article. Moreover, the contribution of literary scholars and linguists to such studies is assessed. Basicaly, one of the types of folklore genres is considered as the object of the study in the works of Kazakh scholars, philologists. The genre of folklore is explored as a text with characteristic linguistic features, and each scientist does it his own way. That is, the goal is not to investigate the genres of folklore texts in a complex plan, therefore, setting a new goal and new tasks of linguistic-genre study becomes a necessity. The works of Academician M.O.Auezov are made an invaluable contribution in solving such problems.