З.Қ. Ахметжанова, Х.А. Ордабекова
Сулейман Демирел атындағы университет, Алматы, Қазақстан khafiza.ordabekova@sdu.edu.kz
ФРАЗЕОЛОГИЗМДЕРДІҢ АУДАРМА ҮДЕРІСІНДЕГІ КӨРІНІСІ
Мақалада фразеологизмдердің бір тілден екінші тілге аударылуының теориялық және практикалық мәселелері қарастырылады. Лексика-фразеологиялық аударма жасауда фразеологизмдердің құрылымдық және семантикалық тұрғыдан толық, жартылай, қатысты фразеологиялық эквивалент пен фразеологиялық аналогия түрінде берілетіндігі нақты талдаулар негізінде дәйектеледі. Жалпы лексика-фразеологиялық аударма түпнұсқа және аударма тілдегі семантикалық тұрғыдан бір-біріне сәйкес келетін фразеологиялық балама табу арқылы ерекшеленетіндігі айқындалады. Тілдік таңбалардың мағынасы адресант-сана мен адресат-санада бірдей ұғынылуы тиіс. Бұл – тілдік коммуникацияның ойдағыдай өтуінің алғышарттарының бірі. Яғни аудармашының тілдік біліммен қатар, аялық білім жүйесін меңгеру қажеттілігі айтылады.
Кілт сөздер: фразеологизмдер, аударматану, фразеологиялық аналогия, толық фразеологиялық эквивалент, жартылай фразеологиялық эквивалент, қатыстық фразеологиялық эквивалент.
Жалпы лингвистика мен аударма ісі өзара байланыста ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастап қарастырыла бастады. Аударма ісін байланысты Ә. Сатыбалдиев, С. Талжанов, З. Тұрарбеков, А. Алдашева, Ж. Жақыпов, Ж. Сәмитұлы сынды ғалым-зерттеушілердің еңбектері жарық көрді. Аударматану мәселесіне арналған бұл еңбектерде көркем аудармаға басымдық беріледі. Фразеологизмдерді бір тілден екінші тілге аудару қазақ аударматану саласындағы өзекті мәселелердің бірінен саналады. Өйткені әрбір тілдік жүйедегі фразеологизмдер семантикалық сипаты мен атқаратын стилистикалық қызметі жағынан әртүрлі болады. Белгілі бір фразеологизм құрамындағы сөздердің өзара тіркесімділігінің өзі әр тілде әртүрлі болып келеді. Мұны лексика-фразеологиялық аударма жасау барысында байқауға болады. Жалпы лексика-фразеологиялық аударма түпнұсқа және аударма тілдегі семантикалық тұрғыдан бір-біріне сәйкес келетін фразеологиялық балама табу арқылы ерекшеленеді. Бұл бағытта зерттеу жүргізген М. Қаратаев, І. Кеңесбаев, М. Балақаев, Ғ. Мұсабаев сынды ғалымдардың есімін айта аламыз. Сондай-ақ, М. Жанғалин, Қ. Сағындықов, Қ. Шәріпов, І. Жарылғапов, С. Талжанов, Ә. Сатыбалдиев сынды ғалымдардың ғылыми ойпікірлері қазақ аударма ғылымының қалыптасып, дамуына едәуір ықпалын тигізді (Ө. Айтбаев).
І. Кеңесбаев қазақ тіл біліміндегі фразеологизмдер жүйесін екінші тілге аудару үдерісі арнайы тілдік зерттеу нысанына айналуы тиіс деген пікір айтқан болатын. Қазіргі таңда көптеген тұрақты сөз тіркестерінің бір тілден екінші бір тілге сөзбе-сөз аударылатындығын байқаймыз. Мысалы: ни рыба, ни мясо – балық та емес, ет те емес; черепаший шаг – тасбақа аяң; the apple of one’s eye – «көзінің ағы мен қарасы»; kill two birds with one stone – екі қоянды бір таяқпен ұрып өлтіру (бір оқпен екі қоянды өлтіру); сat and dog life – ит пен мысықтай өмір (ит пен мысық сияқты өмір сүру).
Ө. Айтбаев фразеологиялық бірліктерді бір тілден екінші тілге аударудың күрделілігі туралы айта келіп, Қ. Сағындықовтың пайымдауларынан мынадай екі түрлі тұжырым жасауға болатындығын көрсетеді: «Идиомдардың, біріншіден, қазақ тіліндегі баламасын табуға болады екен. Екіншіден, орыс тіліндегі тұрақты фразеологиялық тіркестердің біразын қазақ тіліне аударғанда барлық жағынан дәлме-дәл, эквивалентті болып келеді. Бұларды кейде я аударма деп, я төл тіркес деп ашып айту қиынға соғады» (1, 72-73). Бұған дәйек ретінде Қ. Сағындықовтың келтірген мысалдарын береді: беречь как зеницу ока – «көздің қарашығындай сақтау»; в мутной воде рыбу ловить – «лай судан балық аулау»; в прятки играть – «жасырынбақ ойнау»; волк в овечьей шкуре – «қой терісін жамылған қасқыр»; волосы встают дымом – «төбе шашы тік тұру»; как небо от земли – «аспан мен жердей» немесе «көк пен жердей»; черепаший шаг – «тасбақа аяң».
Фразеологиялық бірліктерді бір тілден екінші тілге аударудың қаншалықты қиын процесс екендігі түсінікті, дегенмен фразеологиялық бірліктерді дұрыс аудару жазушының өзіндік стилі мен шеберлігіне, сол халықтың ұлттық дүниетанымы мен психологиясын, ұлттық мәдениеті мен ділін қаншалықты меңгергендігіне де тікелей байланысты болып келетіндігі сөзсіз. Фразеологизмдер жүйесінде, әсіресе, идиомалар сөзбе-сөз аударуға көнбейді, өйткені идиомалық тіркес құрамындағы сөздер о бастағы лексикалық мағынасынан айырылып, образды түрде астарлы мағынаны білдіреді. Олай болса идиомаларды бір тілден екінші тілге аударуда оның семантикалық баламасын іздеу өнімді тәсіл саналады. Мысалы: Ақ маңдай, аппақ жұмыр мойнына, қолаң жібек шашына бетінің үлбіреген қызылы соншалық жарасып тұр (М.Ә. Абай жолы). Аударма нұсқасы: Открытый лоб, мягкая линия белоснежной шеи, густые волосы, черные волнами падающие на спину, – все сливалось в один чудесный облик. Аударма мәтінде қолаң шаш, ақ маңдай тұрақты тіркестері аударма тілінде еркін тіркес (густые волосы, открытый лоб) түрінде аударылған. Түпнұсқа мәтінде берілген фразеологиялық тізбектер аударма мәтінде өзінің экспрессивтілігін жойғанмен, мягкая линия белоснежной шеи (аппақ жұмыр мойны) аударма нұсқасы мен түпнұсқадағы фразеологиялық бірлік мағынасының толық семантикалық эквивалент құрайтындығын айта кеткен жөн.
Кеңес тілші-ғалымдары С. Влахов пен С. Флорин фразеологиялық бірліктерді түпнұсқа мәтіннен екінші тілге аударудың мынадай жолдары бар екендігін көрсетеді:
— аударма тілдегі вариантын беру арқылы;
— аударма тілдегі эквивалентін беру арқылы аудару;
— аударма тілдегі өзге тілдік бірліктермен беру арқылы аудару.
Фразеологизмдерді бір тілден екінші тілге аударуда тілдік эквиваленттіліктің өзін С. Влахов пен С. Флорин толық фразеологиялық эквивалент, жартылай фразеологиялық эквивалент, қатыстық фразеологиялық эквивалент және фразеологиялық аналогия деп қарастырады. Енді осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталып өтейік:
1 Толық фразеологиялық эквивалент. Фразеологиялық бірлік контекстен тыс түпнұсқа мәтіндегі денотатты, коннотатты мағыналарды иеленуі тиіс. Мұндай фразеологиялық бірлік образдылығы толық сақталған, түпнұсқадағы тілдік бірлікпен дәлме-дәл келетін, мағыналық жағынан да, стильдік, метафоралық, эмоцияналды-экспрессивті реңкі жағынан толық сәйкес келетін, компонеттік құрамы мен лексика-грамматикалық көрсеткіштері бірдей болуы қажет. Демек түпнұсқа мәтіндегі фразеологиялық бірлік аударма тілдегі фразеологизммен абсолютті түрде толық эквиваленттілікке құрылуы тиіс. Мұнда тек ұлттық колорит болмауы керек.
2 Жартылай фразеологиялық эквивалент. Түпнүсқа тілден аударма тілге алмастырылатын фразеологиялық бірліктің бірнеше вариантының ұшырасуы, яғни түпнүсқа тілдегі фразеологизмдер құрамындағы сөз-компоненттері аз болса, аударма тіліндегі сөзкомпоненттерінің көп болуы немесе керісінше жағдай орын алады.
Жартылай фразеологиялық эквиваленттілікті фразеологизмдерге тән көпмағыналылық құбылысынан байқауға болады. Жалпы аударма процесінде аударманың жартылай фразеологиялық эквивалент тәсілі арқылы аудару жиі кезедеседі. Мәселен, the massacre of the innocents (известный библеизм), толығымен орыс тіліндегі «избиение младенцев» тұрақты тіркесіне сәйкес келеді, дегенмен орыс тіліндегі бірлік жартылай фразеологиялық эквивалент саналады.
3 Қатыстық фразеологиялық эквивалент. Семантикалық тұрғыдан сәйкес келгенімен, синтаксистік құрамы, синонимдік компоненттері, морфологиялық құрылысы жағынан өзгешелеу болып келеді. Мәселен, қандай да бір заттың дәлме-дәл ұқсастығын бейнелеп көрсетуде орыс, болгар және француз халқы «как две капли воды», неміс пен чех халқы «два яйца», ағылшын халқы «две горошины», ал қазақ халқы «аузынан түскендей», «егіз қозыдай» деген сияқты ұлттық колориті бар фразеологиялық бірліктерді, сонымен қатар қалька тәсілі арқылы жасалған «екі тамшы судай» фразеологиялық теңеу қолданылады. Берілген образдардың арасында ешқандай сәйкестік жоқ, дегенмен бұл образдар аударма үдерісінде семантикалық эквиваленттілікті дәл бере алады.
4 Фразеологиялық аналогия. Түпнұсқа мәтіндегі фразеологиялық бірліккеаударма тілінде дәлме-дәл келетін тұрақты тіркестер болмаған жағдайда автор өз нұсқасын ұсына алады. Бұл аударма процесінде окказионалды немесе индивидуалды фразеологизмдердің туындауына алып келеді. Егер оқырман аударма мәтінді оқи отырып аудармашының ұсынған тілдік бірлігін еш кедергісіз түсініп, қабылдай алса, онда автор аударылған тұрақты тіркестің фразеологиялық мағынасын оқырманға жеткізе алды деген сөз. Автордың қаламынан туған окказионалды фразеологизмдер тілдік жүйедегі фразеологиялық бірліктердің барлық табиғи көрсеткіштерін иеленеді, тек жалпыхалықтық қолданысқа түсе алмайды (2, 184-185).
Белгілі бір тілді тұтынушы тілдік бірліктердің мағынасын жақсы білуге, тілдік бірліктерді бір-бірімен байланыстырып, санадағы ұғымдық мазмұнды жеткізе алуы тиіс. Тілдік таңбалардың мағынасы адресант-сана мен адресат-санада бірдей ұғынылуы тиіс. Бұл – тілдік коммуникацияның ойдағыдай өтуінің алғышарттарының бірі. Яғни аудармашының тілдік біліммен қатар, аялық білім жүйесін меңгеру қажеттілігі туындайды. Демек тілдік қатынастың негізі саналатын адресат пен адресанттың ақиқат шындықты ортақ ұғымда, орайлас мағынада қабылдайтындығы негізге алынуы тиіс. Аударма процесінде аялық білім жүйесін ескеру қажеттілігі туралы А. Мейе: «Қандай да бір тілде сөйлеуші халықтың өмір сүру жағдаятын ескермей тұрып, тілдік жүйені түсіну мүмкін емес», – дегенді айтқан еді [3, 56]. Мәселен, «сау бол!» деген тілдік бірліктің қандай жағдайда, қандай ортада, қоштасудың қаншалықты уақытқа созылатындығы, қандай адамдарға қарата айтылатындығы, қандай ишарат түрімен сәйкесетіндігі туралы арнаулы ақпараттың болмауы салыстырмалы түрде алғанда пайдасыз екендігі айтылады.
Проспер Мерименің «Қиямет түні» (Хроника времен Карла ІХ) атты романын орыс тілінен қазақ тіліне аударған Ә. Жұмабаевтың аударма нұсқасына назар аударайық:
— Қаласаңыз, бал ашайын? – деді Мила Мержиге. (- Хотите, я вам погадаю? – спросила Мила у Мержи).
— Рақым етіңіз, – деді жігіт сол қолымен сыған әйелін қыпша белінен құшақтап, оң қолын оған қарай соза берді. (- Пожалуйста, – ответил Мержи, обняв левой рукой за талию цыганку, меж тем как ладонь правой подставил ей для гаданья).
Осы контекстегі «талия» сөзін аудармашы «қыпша бел» түрінде береді. Қыпша бел тұрақты тіркесі қазақ халқының тілдік санасында сұлулық символына айналған. Ал осы шығарманың орысша нұсқасында цыған қызының сұлулығы туралы ешнәрсе айтылмайды. Аудармашының образды түрде қолданылған нұсқасы деуге болады. Сондай-ақ, аудармашы орыс тіліндегі «пожалуйста» бірлігінің қазақша нұсқасын контекстке орай «рақым етіңіз» түрінде қолданғаны дұрыс деп санаймыз. Тілдік жүйеде жеке қолданыста «оқасы жоқ» түрінде қолданылатын болса, контекстке орай «рақым етіңіз» түрінде қолданылып тұрғаны оқырман қауымға түсінікті.
-Осыдан екі сағат тұрын аттанып кеткен. Біз оларды отқа үйітіп жібермей тұрғанда, со неменің күллі гугеноттарымен бірге тайып тұрғаны жөн болар еді. (- Два часа, как убрался. И пусть бы он убирался к черту со всеми гугенотами, пока мы их всех не сожжем).
Орыс тіліндегі пока всех не сожжем синтаксистік конструкциясы отқа үйіту сынды тілдік бірлікпен аударылып берілген. Семантикалық тұрғыдан алғанда сжечь – отқа жағу, обжечь – күйдіру, палить (гуся, шкуру) – қазды не теріні үйіту сияқты мағыналарды білдіреді. Жалпы алғанда үйіту процесі жүн, қылшық, мамық қалдықтарын күйдіру мақсатында жүргізіледі. Мәселен, бас-сирақ үйіту, құстың қауырсынын жұлғаннан кейін үйіту т.б. Демек аудармашы отқа үйтіу бірлігін адамдарды отқа жағып жіберу емес, отқа күйдіру мақсатында арнайы қолданған деуге болады.
Мержи жауап орнына, оның көзінің отын жарқ еткізіп жағынан тартып жіберді. (Здоровая оплеуха была единственным ответом, который в данную минуту нашелся у Мержи. Сила и неожиданность удара заставили трактирщика отступить на два шага).
Здоровая оплеуха тіркесі «көзінің отын жарқ еткізу» деп аударылған, тек бұл жердегі мәселе жағынан шапалақпен тартып жібергенде көзден оттың жарқ етпеу не етпеуінде болып тұр. Әдетте қатты ауыр соққы алғанда көзден от жарқ ете (вспышка секілді) қалады. Сол себепті шапалақпен тартып жібергенде қаншалықты дәрежеде көзден оттық жарқ ете қалуы сенімсіздік тудырады.
Сақалды басыммен ант етейін, мен оған қатты қуанып тұрмын! – деді шарапханашы беті былш етпейді. – Әзәзіл де ұрлықшы қатындармен шатыспауыңыз керек еді. -Бірақ, – деді ол даусын бәсеңдетіп, қуға қу қызыл іңірде жолығады. (- Я от души рад этому, провалиться мне на месте! – нагло воскликнул хозяин. – Это вас научит, каково якшаться с ведьмами и воровками. Впрочем, прибавил он, понижая голос, – рыбак рыбака видит издалека. Вся эта палачная пожива: еретики, колдуны и воры всегда вместе хороводятся). Контекстегі бүкіл ойдың мазмұнын толық семантикалық сәйкестікке құрылған «қуға қу қызыл іңірде жолығады» сияқты тілдік бірлікпен білдіреді. Яғни аудармашы өзінің тілдік білімімен қатар, түпнұсқа және аударма мәтіндегі мақал-мәтелдің функционалды қолданысын дұрыс айқындаған.
Өзге тілді мәтінмен жұмыс істеп отырған аудармашы алдында сол ұлтқа тән рухани және материалдық құндылықтарды бейнелейтін мәдени таңбаларды түсінбеу қиыншылығынан мәтін мазмұнын қабылдауда кедергілерге ұшырайды. Мәдениеттің ұлттық ерекшелігін танытатын мұндай тілдік бірліктер мәдени скрипт (А. Вежбицкая), лакуна (Ю. Сорокин, И. Марковина) түрінде танылады. Мұндай мәдени лакуналарды аудару үшін аудармашының тілдік құзыреттілігін, ұлттық мәдениет мен реалийлерін белгілі бір деңгейде меңгеру қажеттілігін көрсетеді, олай болмаған жағдайда мәтіндегі мәдени лакуналардың кездесуі ақпарат мазмұнын толық түсінуге кедергі жасайды. Осы себепті А. Алдашева аудармашының тәржімашылық қызметіне мынадай талаптар қояды:
— жалпы бағдарлы ақпаратты білу;
— екі тілдің лексика-грамматикалық құрылымын жетік меңгеру [4, 74].
Көркем шығармада қолданылатын көріктеу құралының бірі – синекдохалық тәсіл. Бүтіннің орнына бөлшекті, керісінше, жалқының орнына жалпыны қолдану арқылы көркем шығарма тілінде ойды көркемдеп, образды түрде жеткізудің құралы саналады. Құнанбай бүгін көпке дұшпан көзі болса да, бұндайлық азаматқа аяныш керектігін айтты (М.Ә. Абай жолы). Мұнда қолданылған синекдохалық тәсіл ретінде көп (халық, ел), дұшпан көзі (бүтіннің бөлшегі) ірліктерін көрсетуге болады. Енді аударма нұсқасына назар аударайық: Кунанбай сегодня для отвода глаз льет крокодиловы слезы об участи Базаралы. Түпнұсқа мәтіндегі мазмұнға сәйкес синекдохалық тәсіл арқылы жасалған тілдік бірлік аударма мәтінде «для отвода глаз» фразалық сипаттағы синекдоха тәсілін қолданып, мәтін мазмұнының экспрессивтілігін күшейте түскен, сөйлемнің екінші компонентіндегі негізгі ой «лить крокодиловы слезы» тұрақты тіркесі арқылы берілген. Аудармада қолданылған бұл фразалық тіркес ойды образды түрде Құнанбайдың ішкі эмоционалды жай-күйін толық жеткізіп тұр деуге болады. Қолтырауын өз жемтігін жеген кезде оның көзінен жас ағады екен. Грек, рим халқы мұны қолтырауынның өз жемтігіне деген аяушылық сезімінен пайда болған көз жасы деп есептеген. Дәл осы ерекшелікті соғыстағы жауынгердің қарсылас жақтың батырын аяусыз өлтіріп, артынан оған деген аяушылық сезімін білдіруі, бірақ іштей ол өз жеңісіне қуанышты. Грек халыныың санасында қанішер, жауыз саналатын қолтырауынның өз жемтігін жеу барысында оның көзінен жастың ағуы халықтың қиялын жандандырып, олардың тілдік санасында «лить крокодиловы слезы» деген фразеологизмді қалыптастырған. Көптеген халықтың наным-сенімі бойынша, қолтырауынның көз жасы өз жемтігіне деген аяушылық сезімінен пайда болады. Мұндай сенім, шын мәнінде, сол қолтырауынның өзінідік ерекшелігін байқаған халықтың танымынан туған. Ал ауыс мағынада адам баласының екінші бір адамға жасаған қастандығын, жауыздығын көпшіліктің алдында білдірмей, керісінше, оған аяушылық таныту қажеттілігін көрсетеді. Өзіштей өз жеңісіе өте қуанышты. Сондықтан қолтырауынның көз жасы — жлған жне алдамшы.
Ал ғалымдар қолтырауынның өз жемтігін жеу барысында оның көзінен ағатын сұйықтықтың бүйректің нашар жұмыс істеуімен байланыстырады. Қолтырауын өз ағзасынан артық тұз мөлшерін шығару үшін арнайы без қызмет атқарады. Сол без оның көзінің жанында орналасқан. Демек, қолтырауынның көз жасы өкініш пен аяушылық сезімінен пайда болған жас емес, оның ағзасынан артық тұз мөлшерін шығаруға арналған ағзаның өзінің ерекшелігі саналады.
Зат не құбылыс атауының екінші зат не құбылысқа өзара шектестігі, іргелестігі негізінде атау болып ауысуы тілдік жүйеде метонимия құбылысымен түсіндіріледі. Метонимия ойды көркем әрі бейнелі түрде жеткізудің құралы болып табылады. Мәселен, Бөжеймен бас қосып, табысатын осы үй, осы үйдің қара шаңырағы бопты (Әуезов М. Абай жолы). Орысша аудармасы: Сбор и окончательное примирение с Божеем будет у вас в большой юрте. Қазақ халқы үшін киелі, қасиетті саналатын қара шаңырақ мәден бірлігі орыс тіліне аударылғанда өз бойындағы бар мәдени ақпараттан айырылып, жай ғана тілдік бірлікпен бейнеленген. Шаңырақ сөзі қазақ-орыс тілдерінің салыстырмалы сөздіктерінде «верхний круглый остов юрты» деп түсіндіріледі. Ал қазақ халқының тілдік санасында шаңырақ сөзі бөлшектен бүтін бір ұғымға айналып, қара сөзімен тіркесіп қасиетті, киелі шаңырақ деген мәдени семаны иеленеді. Осы мәдени ақпарат аударма мәтінінде көрініс таппаған. Аудармашы қара шаңырақтың «дом предков, и их прямых потомков; уважаемый и почетаемый дом» сынды лингвомәдени түсіндірмесін беруі керек еді деп тұжырымдаймыз.
Аудармашы алдында кездесетін негізгі қиыншылықтардың бірі – әр халықтың не ұлттың өзіне тән ғаламның тілдік бейнесінің түзілуіне орай тіл бірліктері семантикасындағы өзгешеліктің туындауы. Мәселен, қазақ тіліндегі қол сөзі мен ағылшын тіліндегі arm сөздерінің контекстегі жұмсалымдық қызметіне назар аударайық. АҚШ-та бронетанкті әскер жарғыларының бірінде былай жазылған: «Armor is an arm of speed and violence» (сөзбе-сөз аудармасы: Қару-жарақ – рақымсыздық пен шапшаңдықтың құралы). Ал бұл фразаның нақты түсініктемесін және соған сәйкес аудармасын арнайы әскери білімі бар жеке тұлғалар ғана бере алады: «Бронетанкті әскер – жоғары тактикалық маневрлар мен батыл ұрыс амалдарын жүргізетін әскер түрі». Бұл жердегі мәселе сөйлеу үзіктерін қалыптастыратын нақты сөз мағыналарының, сөз-синтагмаларының контексте құбылуында, өзгеруінде жатыр. Берілген мысалда қол сөзі адамның дене мүшесінің бір бөлігі ретінде ғана емес, образдыассоциативті түрде ағылшын тілінде «құрал», «сала», «тармақ» деген қосымша мағыналарды да иелетіндігін байқаймыз. Ал «armor» тұлғасы «сауыт», «қорған» мағынасында «қару-жарақ» ретінде аударылған. «Аrmor» сөзі ағылшын тіліне латын тілінен енген, латын тілінде «armatura» түрінде дыбысталып «қол» және «жабдық» дегенді мағынаны білдіреді. Мұндағы arm түбірі «қол», armatura «аспап, құрал» деген мағыналарды білдіреді.
Жазушы Ә. Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романын орыс тіліне аударған Герольд Бельгер мен Анатолий Ким болатын. Ә. Нұрпейісовтың «Соңғы парыз» түпнұсқа мәтінін аударма мәтіннің құрылымдық-семантикалық жүйесімен салыстырғанда, аудармашылардың метафоралық құбылыстарды аудару процесінде кездестірген қиыншылықтарын аңғарамыз. Әрине, аударма жасау үдерісінде кезінде оларды бейтарап сөздермен алмастырып қолдануға болады, алайда жоғарғы стиль ерекшелігін сақтау үшін орыс тілінің экспрессивтік құралдарын барынша шебер пайдалана білген. Мысалы: Жаңа ғана аңыраған ашық теңіз үстінің айқай желі улап-шулап, толқындар гүрілдеп-сарылдап, көзге түртсе көрінбейтін тас қараңғы түн бүкіл бар дүниені буып тұрған-ды (Ә.Нұрпейісов, Соңғы парыз). Орыс тіліндегі аудармасы: Дико завывал и гудел приаральский шквальный ветер, ревели волны, глухой вселенский круг тьмы наложил тяжкие оковы на весь огромный бушующий мир; но когда внезапно, робко проблеснул лунный свет, и на миг из черного небытия призрачно выступила огромная льдина, унесенная штормом, налетевшим в ненастное предночье. «Түпнұсқа мәтінде берілген дүниені буып тұрған-ды метафоралық қолданыс аудармада наложил тяжкие оковы на весь огромный бушующий мир сынды бейнелі ойдың күрделі әрі әсерлі түрде берілген. Мұндағы транспозиция амалы екі мәтіннің коммуникативті-функционалдық тепе-теңдігіне қол жеткізу үшін сөздік ұсынатын тілдік параллельдерден мақсатты түрде ауытқып, басқа балама іздестіріп отыр, – дейді Ж.Өмірбекова [5, 72].
Аударма мәтінде көріктеу құралдарының дәлме-дәл баламасын беру оңай емес, сондықтан оны мағынасы жуық, түпнұсқадағы тілдік бірліктің стильдік қызметін нақтылайтын, эмоционалды-экспрессивті реңкін аша алатын өзге сөзбен (тіркеспен, фразамен) алмастыруға болады. Жоғарыда талданған мысалдар негізінде аудармашылардың аударма мәтінде транспозиция тәсілін қолданғандығын аңғарамыз. Транспозиция кең мағынада кез келген тілдік форманың ауысуын аңғартса, аударма жасауда тіл бірліктерінің семантикалық немесе функционалдық қызметін салыстыру арқылы жүргізіледі.
Пайдаланылған әдебиеттер
1 Айтбаев Ө. Қазақ фразеологизмдері мен перифраздары. – Алматы: «Абзал-ай», 2013. – 400 бет.
2 Влахов С., Флорин С. Непереводимое в переводе. – Москва: «Международное отношение». – 328 с.
3 Мейе А. Сравнительный метод в историческом языкознании. – М., 1954.
4 Алдашева А. Аударматану: лингвистикалық және лингвомәдени мәселелер. Фил.ғыл.докт. дисс. – Алматы, 2000. – 240 б.
5 Өмірбекова Ж. Метафора және тіларалық транспозиция (Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы бойынша). – Алматы, 2005. – 36 б.
З. К. Ахметжанова, Х. А. Ордабекова
РОЛЬ ФРАЗЕОЛОГИИ В ПРОЦЕССЕ ПЕРЕВОДА
При лексико-фразеологическом переводе с точки зрения структуры и семантики фразеологизмов на основе анализа определяются такие типы фразеологического эквивалента как полные, частичные, относительные и аналогичные. Раскрываются особенности аналогичных фразеологических эквивалентов в языке оригинала и перевода с точки зрения семантики. Адресант и адресат должны понимать значение языковых знаков одинаково. Это одно из условий успешной коммуникации. То есть, наряду со знанием языка, возникает необходимость овладения переводчиком фоновыми знаниями.
Z. K. Akhmetjanova, Kh. A. Ordabekova
ROLE PHRASEOLOGY IN TRANSLATION PROCESS
This article deals with the theoretical and practical issues of translating phraseological units. According to their structure and semantics such types of phraseological equivalents as complete, partial, relative and analogous are determined on the basis of analysis in lexical-phraseological translation. The peculiarities of similar phraseological equivalents in the original language and the translation are defined. The addresser and addressee should understand the meaning of the linguistic signs equally, which is considered one of the conditions for successful communication. That is, the translator should have background knowledge along with the knowledge of the language.